Дегерес жылқы зауыты Жамбылдың ауылынан 45 километрдей жер. Сол Суықтөбенің солтүстік бауырына таман, Қопа жазығына шығар шеткі биік адыр. Бұл жер ерте кезде (осы күнгі Үшбұлақ колхозы, отырған Жамбыл ауданы) Тайторы деген елдің жері екен. Бұл жерге жылқы зауыты 1931 жылы орнаған. Алматы қаласының байлары Маслов, тағы бір-екі бай қосылып хутор салып, кестіріп алған, артынан Племхоз ұйымдастырылған. Ол байлар колхоз ұйымдасқаннан кейін фермасы конфескеленіп, үкімет қарамағына алынып, зауытқа айналдырылған. Бұл жылқы зауытына Жамбыл жылда келіп өлең айтып, асыл айғырлар мен аттарды көріп аса қызығушы еді дейді.
Жамбылдың Дегерес жылқы зауытына көп келуіндегі бір себеп: Бұл зауыт болмай тұрғанда, Маслов оған тағы екі бай бірігіп, мал есірген жері. Байлар Алматының үлкен чиновнигі әрі байы. Бұлар 1900 жылдардың шамасында қазақтың жерін кестіріп алып, хутор салады. Бұл жері алынған Тайторы тұқымы Үшбұлақтың бас жағына Жамбыл ауылдарымен бөліктес бола келіп орнайды. Байлардан зорлық көріп, жерінен айырылған, ата қонысын зорлықпен тастаған елге Жамбыл талай келіп жыр айтып, әсіресе елге қоныс іздеген Өтеген батырды айтады екен.
Дегереске орнаған үш байдың малын сол Тайторының кедейлері бағады. Жамбылдың өте жақсы көретін кедейдің бірі, пысық ер жігіт Әйгелов Құрманғали, сол байлардың малын баққан. Ол осы күні жылқы зауытының басты жылқышысының бірі. Осы Құрманғали 1916 жылғы көтерілісте сол үшін байдың малын айдап қашып, көтеріліс басталғаннан кейін байлар оларды солдатпен барып малымен қайтарып алған. Көтерілістің артынан қорқып, байлар оларды аса жазаламаған.
Дегерес жайында болған бірнеше кезеңде әңгімелер Жамбылдың көп білген және сан рет өткен уақиғалары екен. Бірақ бұл жырлар кезінде айтылып, жиналмай қалып қойған.
Құрманғали айтады: «Жәкең 1937 жылы келіп жайлауда, біздің үйде болып жыр айтқанда, осы әңгімелерді айтып, сен бір кезде ата қонысыңнан айрылған, атасы жоқ құлдай, жер мен судан жұрдай болып едің. Енді желі тартып бие байлаған жайлау, өрістеп саз жайлаған бай болдың, мынау малдың бастығы сен болыпсың, өз малыңдай көріп бақ. Бұл мал киелі мал, биелі мал деп еді», — дейді.
Жамбылдың жаңа жырды осы секілді айтқан жылы 1937 жылы болған. Оның себебін жоғарыда айттық. Әсіресе халық құрметі, үкіметтің қадірлеуі ақынның асыл қазынасын ақтарылта тасытқандай болған.
Сонымен қатар Жамбылдың бұрыннан айтып келген өзекті жырлары — Сүйінбай айтуынан өзі өңдеп алған «Сұраншы» жыры. Өзі 1920 жылы Алматы қаласындағы Максим Горький көшесі мен Коммунардың арасында, Ыстықкөл көшесінде, Мыңсары Сүлеймен деген шала қазақтың үйінде жатып, айтып отырып жаздырып, артынан аса оңдап айтып кеткен «Өтеген батыр» жырын да сол жылы қайта айтып жаздырады.
Бұл жерде бір айта кететін ескерту: Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан өлкесіне қарап, Түрік республикасы атанып тұрған кезде, 1920 жылы қысты күні Жетісу облысынан сол кездегі үкімет басындағы жігіттері Жетісу ақындарын жинайды. Ол жиналысқа Жамбыл да, Үмбетәлі де, Бармақ та, Мақыш та, Кенен де, Садыбек те келеді. Оларға бірнеше күн өлең айтқызып, ішінен бірнеше ақынды іріктеп тапсырма береді.
Мысалы, Үмбетәліге, Саурықты жырла дейді. Мақышқа Тазабек батырды жырла дейді, Жамбылға Өтегенді жаңғыртып, үлкейтіп жырла дейді. Бармаққа Бәйсейітті жырла дейді. Садыбекке Сыпатайды жырла дейді.
Сонда Жамбыл осы Алматы қаласы, Ыстықкөл көшесі мен Торговый көшесінің түйіскен жеріндегі Мыңсары Сүлеймен деген қазақтың үйінде жатып Өтегенді жырлайды. Жамбылдың айтқанын Мәңке болыстың молдасы болған кісі жазып отырады. Мәңкенің молдасы домалаңдаған семізше, кішкене кісі екен. Жамбыл: «Су ішіп шыққан жер тана құсап таңқимай, тез жазсаңшы, сен қимылдағанша Жамбылдың өлеңі тұра ма?» — деген сөзі осы күнде елге мақал болды. Бұл жырды сол жаздырып алған жігіттердің қайда жібергені мәлімсіз. Мұны айтқан Омар және Ыбырай Бәйсімбет баласы. Миржи да айтады. Үмбетәлі де рас дейді. Үмбетәлі бұлардың қай-қайсысын болсын өз көзімен керген.
«Саурықты мен жырладым, өйткені онда қырғыз бен қазақ бір еді. Және бастауын бастасам да, осы Алматыда облыстық комитетте істеп Тұрған жігіті ұнатпай, аяқтамай тастадым. Өйткені Саурықтың соғысы ылғи қырғызбен екі арада болған еді. Және Саурықты қырғыз Көрпік батыр өлтірген. Өйткені Көрпік Кенесары өлтірген Жаманғараның інісі екен. Кенесары Жаманғараның інісін Саурықтың аулының қасында, ақ үйлі болып отырғанда өлтірген екен. Жаманғараның інісінің өлімі жөнінде Саурықпен аса өш екен. «Бұларды айтуға екі елдің өткендегі қателігі ел арасында әлі де ұсақ араздықты қайта туғызбасын деген ой болды», — дейді Үмбетәлі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі