Қазақ Республикасының астанасы Алматы қаласы Кеңес үкіметі орнаған аз жылда қандай жаңарып, гүлстан болғанын Жәкең өз жырларында әдемі көрсеткен еді. Жамбыл өмірін жасартып, жаңа бақыт берген заманы оның жасынан бірге жасасқан, сан әдемі жырын ағытқан қаласын да, халқын да бақытқа бөледі.
Май айының әдемі күні, бау-бақшасы гүл атқан Алматының, қарт бауыры Жамбылдың өте бір ерекше дәреніне әзірленді. Ол Жамбылдың ақындық қызметінің жетпес бес жылға толған асқар белесі еді. Бұл мереке бүкіл Кеңестер Одағы болып ұлы құрметпен қарсы алған думан болды.
Бұл думанға Кеңестер Одағының 170 миллион халқы тұтас қатынасты. Туысқан республикалардан арнаулы қонақтар келді. Кеңестер Одағының түкпір-түкпіріндегі Ұлты басқа, жүрегі бір бауырлас елдер қазақ елінің қарт бұлбұлы, аға ақынын өз туыстарындай қызықтады. Олар өздерінің ақынға деген махаббатын, шын сүйіспеншілігін жүрекпен айтты. Жер-жерден келген телеграмма, хаттар жаңбырдай жауды.
Мәскеу, Ленинград қалаларынан, Кавказ, Украина, Белорус, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен топ-тобымен ақын-жазушылар келді. Бұлардың бәрі де қазақтың жүз жасаған қарт ақынын өз көздерімен көріп, аузынан өлеңін тыңдады. Өздері арнап елінің туысқандық сәлемін әкелді. Солармен бірге Монголия сияқты достас көрші елден, шеткі елдегі дос жазушылардан телеграмма, хат деген құттықтаулар ағыл-тегіл құйылды.
Қазақ елінің үш жүзге бөлініп, үні әр жерден шыққан ақындық дабылы бір жерден қағылғандай болды. Осы той, осы жиынға Жамбылмен заманы бір, өмірі, өрісі қатарлас қазақ ақындары бас қосты. Сарыарқаның сарыбелінде тоқсан түлеп тұғыр қуартқан Доскейі келді. Жамбылмен қатар шыққан, өзен арнасындай, ақындық жүлгесі бір кезде қатар жосыған, сексенге серпіні қайтпай келіп, бел асқан Арқаның Шашубайы келді. Кіші жүздің кежімдеген тарландай, тарихи жырлардың шеңгелі Ақтөбеден Нұрпейіс келді. Талас пен Арыстың алып алыбын талмай жортқан шораяқ жүйрігі Орынбай келді.
Бұлар — Жәкеңді әз аға тұтқан қадірменді іні, замандастары. Осылардың артынан ерген үбірі - шүбіріндей, етегінен ұстай шыққан ақпа сөздің арындаған толқынындай, жыры бүктетіліп - жазылып Иса келді, айқаймен, өлеңмен қатар аңыратып Нұрлыбек келді. Сырнай мен үнін Сырдың суындай сылдыратып Нартай келді.
Жамбылдың жанында ескен шәкірттерінен өлеңнің ерен жүйрігінің бірі Үмбетәлі, кербез үнді Кенен, құдіретті сезді қомағымен төңкерілте Матайдың Қуаты келді. Қазақстан астанасы өлеңмен қанаттанып, әнмен аспанда қалықтағандай шаттыққа бөленді. Бұйыққан үн, күрмелген тіл шешілгеніне шеңберінен асып, ақындық салғанаты аспан асып, құлаш жайды. Ілгері - соңды болып көрмеген асқан құрмет, халықтық мереке, отандық ұлы сүйіспеншілік басын қосты.
«Құтты болсын айтамыз,
Ақын Жамбыл қария,
Аққалпақты отыр қырғыздан,
Халықтың жолдап сәлемін.
Келіп тұрмыз жаныңа
Үніміз үнге ұласқан,
Ағайын туған халықпыз», —
деп, қырғыздың халық ақыны Әлімқұл бастаған бір топ ақын келіп, өте тамаша туысқандық істеді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз елі Жәкеңді өздерінің тумасындай сүйіп, жырын өздеріне үлгі етеді. «Қағанағымыз қатар жарылған туысқанбыз» деген қырғыз елі ғана емес, алпыс Ұлтты Кеңестер Одағының барлық елінен осы сияқты өлеңдер елжіреген бауырлықты, достықты айтып келіп жатты.
Тойдың аяғы ақынның өз ауылына барып, барлық республикалардан келген ақын-жазушылар, ғалым - ғұламалар, замандастары болып сонда бас қосты. Жәкеңе осы мерекесінде Кеңестер Одағының ең үлкен наградасы Ленин ордені берілді.
Ақынға Кеңестер Одағы бүкіл жұртшылығынан айрықша бұл құрметі Жамбылды бұрынғыдан да жасаңғыратып, жанына жаңа қайрат берді. Ол:
Жүрегім — жыршы домбыра,
Бақытты қартың Жамбылмын.
Естіді Отан дауысымды,
Бөгелме, Жамбыл, сөйлеуден,
Оралдан асып даладан,
Еділден асып айқара,
Заулатты мені от арба,
Жорғадайын шайқала,
Мінгізген жүйрік керемет,
Күн Сталин, көп рақмет! —
деп, ол жыр қоймасын осылай ақтарды.
Бақытқа бақыт ұласқандай, жасарған Жәкеңе жаңа құрмет тағы оралды. Қазақстан еңбекшілері қарт ағасын өзінің өкіметіне мүше етіп сайлады. 1938 жылы өткізілген Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің сайлауында ол депутат болып сайланды. Бір кезде ел билеу, халық тағдырын қолға алу деген дана ойдың, даңғыл мидың ғана елшісі емес пе деп, өз аузынан өткір үкім айтқан Жамбыл енді өзі сол үкіметке сайланды. Ол шілде айының 14-і күні ашылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясын өзі ашты. Ұзақ, әдемі жырымен өркендеген елін, өрістеген халық бақытын тағы жырлады.
— Ел сайлады шын сәнді,
Елдің тұзын ақталық.
Жамбыл деп маған aт берді,
Сөнуге қалған қартты алып
Сессияны ашуға
Право берді көп халық, —
деп, өзін де, өзге депутатты да халық сеніміне сай қызмет істеуге шақырды. Жамбыл осыдан бастап Жоғарғы Кеңестің сессияларына үздіксіз қатысып отырды. Оның өміріндегі ерекше кезеңі еді, үкімет ісіне, халық билеу, Сталиндік Конституцияның қолдану ісінде өз қолымен араласты. 1938 жыл алуан түрлі жаңа белестермен Жәкеңнің өміріндегі өте бір ,елеулі жыл болды.
Жаздың жайнаған сұлу күндері, егін өсіп, шалғын пісіп, мал жетілген шақ. Жәкең жайлауға шықты. Өзінің құландай ойнаған бала шағын өткізген Желдібай, Құлансаз шалғындарына үй тіккізіп жатты. Жайлаудың жасыл бетегесінде жайылған сары қымызын, бағыланының бал құйрығына сонылап сейіл етті.
Жәкең жорғасын теңселтіп жайлаудан баяу - бақшалы мекеніне қайтты. Алыстан сәлем бере келген аяулы інісі ғұлама туысқан алдынан шықты. Қазақ даласының қарт ақыны, өзін аға тұтқан орыс ұлын көрді. Сталиндік Ұлттар достығының уәкілдері қарт ғалым ғылыммен ағартқан басып иіп, кішілік етті. Әрине, бұлар сөйлесіп шүйіркелескен жоқ. Бірақ ықыласпен, жүрекпен шүйіркелесті.
— Қош келдің ағаңды іздеп, Ғалым інім,
Жасарған Сталинмен жаңа өмірім,
Асауын табиғаттың бағындырған,
Тілегім өрістеген оқу-білім.
Ғалымдар біздің елде таудан биік,
Орны олардың жоғары халқы сүйіп,
Ғалымға бригадир ұлы Сталин,
Сондықтан құрмет етем басымды иіп.
Уа, інім, құрметіңе өлең айттым,
Таң қалып жүзге келген Жамбыл қарттың,
Бауырым ұлы Ресей отанымыз,
Қартынан Алатаудың сәлем айтқын...
деп академик Келлерді Мәскеу елінің, бүкіл халықтың сәлемшісіндей таныған. Солай етіп жырын да үлкен - үлкен аталы сөзбен безеп, бейнесін қандай әсем айтса, ол Жәкеңнің шын елжіреген достық жүрегінен шыққан сәлем. Келлер амандасып қайтар шағы болғанда, Жәкең бүкіл Мәскеу жұртшылығына сәлем тапсырды. Ол қазақ халқының бәрінің сәлемі тәрізді еді. Келлер басын иді, қабыл алды. Екі қарт, ғылым мен поэзия алыптары басын қосып, дос жүрекпен бал алысқандай, аса зор достықпен қош айтысты.
Жамбыл тағы сол жылы Мәскеуге өзі барып, саяхат етіп қайтты. Жәкеңді бұл барғанында Мәскеу халқы бұрынғыдан да зор құрмет етті. Орыс тіліне аударылған әдемі жырларына мейірлене сусынданған мәдениетті жұрт асқан ықыласпен Жәкеңнің алдынан шықты.
«Мәскеуге жеттік. Қазан вокзалында қаптаған жұртшылық. Адам сыймай кетті. «Қазақ халқының қарт бұлбұлы Жамбыл жасасын!», «Совет ақындарының ақсақалы жасасын!» деген ұрандар жер күңірентті.
Театр көркем өнерінің мемлекеттік институтындамыз. 32 Ұлттың кеңестік жас кадрлары. Жамбылды бәрі құшақ жайып қарсы алды. Жәкеңе арналған сауық кеші басталды. Бұл концертке ерекше орын алған Рот деген негр жігіті, негрдің әні болды. Ол біріншіден, Кеңестер Одағына келіп, құлдықтан құтылып, еркіндік алған негр адамы. Азат ән шырқайды. Және оның әні сонау құлдықта жатқан негр ұлтының барлық мұң-зарынан шомылып шыққандай өте зарлы, қоңыр еді. «Мен бұл әннің сөзіне түсінбеймін. Бірақ үндеріндегі сырына түсінем. Қазақтың кешегі бір мұңлы заманында аңырап ескен «Елім -ай» әні тәрізді зарлы екен. Неткен мұңлы ән», — деді Жамбыл әнді тыңдап.
Рот Жамбылдың қасына келді, оны Жамбыл күлімдеп қарсы алды. Негр тамаша қуанды.
Сталин атындағы автомобиль жасап шығаратын зауыттамыз. 40 мың жұмысшы бар зауыт коллективі Жамбылды асқан қуанышпен қарсы алды. Осы зауытта тәрбиеленіп ескен, торт орденді Кеңестер Одағының геройы, полковник Прокопьев жолдас Жамбылға келіп сәлемдесті. Ол зауыт коллективі атынан құрметтеп сөз айтып, Жәкеңе достық білдірді. Жәкең де оларға туысқандық сәлемін айтты.
Союздар үйінің колонна залындамыз. Толған халық, Мәскеу жұртшылығы лық толған. Ғылым, мәдениет орындарының өкілдері, академиктер, докторлар, профессор, геройлар, халық артистері,ақындар,жазушылар,сан жеткісіз жұрт. Жамбылдың шығармаларына арналған кеш, ақындар өздерінің Жамбылға арнап шығарған өлеңдерін оқыды. Әбілқасым Лахути Кеңес жазушылары Одағының атынан құттықтап оқалы шапан жапты. Жамбылға арнаған өзінің өлеңін оқыды.
Мәскеу жұртшылығының құрметіне асқан разылық білдіріп: «Даңқты Мәскеу жұртшылығына бауырлас қазақ халқынан туысқандық сәлем!» — деді Жамбыл. «Сіздердің маған көрсеткен құрметіңізге, бүкіл адам баласының күні Сталин туралы, бәрімізге сүйікті отанымыз туралы жаңа өлең жырлармен қызмет етемін», — деді Жәкең.
«С.Қ.» газетінен.
1938 жыл, 14желтоқсан
Жамбылды Мәскеу жұртшылығы осылай құрметпен қарсы алып, орасан зор ықылас көрсетіп, ұмытылмас достық жасаған. Осы үлкен саяхат сапарынан қайтып келген соң, Жамбыл бұрынғыдан да шабыттанып, шаттық жырларын толғады. Ол 1939 жылдың ішінде талай әдемі жыр айтты. Сол Мәскеуден келісімен жаңа жылды қарсы алып:
— Туған айға қарасам,
Теңеліп өсіп аласам,
Жаңға жайлы жанары
Жылжып бір келген жыл көрем,
деп толғады. Осы жолы өзі көріп, тауап етіп қайтқан ұлы дана Ленин мавзолейіне барып шыққанда, ойына түйін салған бір сырды Жамбыл әдемілеп жырлады. Сталиннің қайтыс болғандағы ұлы антын есіне алып, өзінің көкейіне терең ой салған сырды өлеңмен суреттеді. «Орындалған ант» деген өлеңі осы ойдан туып еді. Жәкең сол жылы жеңімпаз Қызыл Армияның батыр қолбасшылары мен батыр ер жауынгерлеріне арнап «Біздің дәуірдің батырлары» деген жақсы жырын жырлады. Ақтарған сайын астынан асыл қазына табылған қоймадай, Жәкен, жаңа жырды аузына алса, құлпырған жаңа бір тұлғалар шыға келеді.
Ырыс шығар мияттан,
Сөз атасы құлақтан.
Ер туады халықтан,
Нұр шығады жарықтан.,
Сер келеді икемнен,
Ақ болат шығады дүкеннен, —
деп, кестелі теңеулермен батырлық бейнені осылай келістіріп суреттеді. Жамбыл бұл жылы да көптеген өлеңдер айтып, Мәскеу жұртшылығына берген сертін орындады. Бұл жылы Жәкең жырының ішінде өркешіндей ерекше тамаша жыры Сталин жолдастың 60 жасқа толуына арнап айтқан «Сталин» деген жыры болды. Сол жылы Жәкеңе Кеңестер Одағының көп жазушыларымен бірге үшінші рет жоғарғы награда «Құрмет белгісі» ордені берілді.
Жаңадан салынып біткен он екі бөлмелі көк төбелі үйіне кірген, үкіметтің жоғарғы наградасын үшінші орденді алған Жәкең өскен көңіл, өрлеген шабытпен жоғарғы жырларын айтты. Жәкеңнің сол кездегі үнемі қасында болып, жаңа жырларын жазып отырған Ғали Орманов айтады: «Шіркін, өмірдің қызықтысы - ай. Үсті-үстіне1 бақыт дүниесі түйдектеліп келе берген сайын, Жәкең сергіп, ширай түскендей болды».
Қар кетіп, жер гүлдеген кезде, Жәкең мүлде үйде отырғысы келмей, жүрген - тұрған саяхатты аса ұнатты. «Биыл жайлауға ерте шығамыз. Малды ерте көшіріңдер», — дейді. Жәкең 1940 жылдың көктеміне осындай өте қунақ түрде келіп кіріп, серги жүріп тұрды.
«Құсы да иесіне қоразданар
Айлалы алпыс екі түлкі алғанда», —
деп, Абай айтқандай, еңбегімен ерекше жүлде алғанда кім мақтанбайды. Сталиндік сыйлықтың лауреаттары қатарында Жамбыл да осы жылы екінші сыйлық 50 ООО сом алды. Жәкеңнің бұл сыйлықты алуы тек өзі ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясын мақтандырды.
Жәкең 1940 жылы даңғыраған, ширақ күйінде келіп кірді. Сол жылдың бас кезінде «Болат тонды батыр» деген жырын, «Большевиктер тобына» деген, «Күні туған еліме» деген жырларын айтты. Бірақ сол жылдың ортасынан былай Жәкеңнің денсаулығы ауырлап, еңкейе берді. Әсіресе құлағы сараң естіп, көзі де тотыға бастады. Алайда Жамбыл үйренген жайлауына барудан, кей-кейде көңілі түскен жеріне, колхозға барудан қалмады. Ол жылы да Жәкең өзінің жайлауына шықты.
«Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп, міне, жаз келді,
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді», —
деп жаз сипатын елжірей, Сүйе жазған жаны құмар, жыл құсындай қанатты қиялы қия өрлеп, жайлау асты. Осы жайлауда Жамбыл тағы тамаша саяхат жасады. Ол жайлауда татыранға құлаш сермеген колхоз дәулетінің өрістеріне барды. Ақтылы қой, алалы жылқы, ұйытқылы малды аралап, ой құмарын, көңіл өрісін тоқсыратты.
Жамбыл мұндай көздерінде ақын үнін, әнші дауысын, әзілқой жастар қалжыңын, көрікті әйел көрінісін өте жақсы көреді. Отырған жері думан болғанын аса ұнатады. Өзі де көңілдене көсіліп әңгіме шертеді. Жәкең сол жылғы жайлауда өзінің өкшелес інісі, әрі замандас шәкірті Өмірзақ ақынды (жаршыны), Үмбетәлі, Өтепті ертіп жүрді. Өзінің сол кездегі жәрдемшілері, орденді ақын Тайыр Жарокұлын және Ғали Орманұлын бірге ала шықты.
Бұл жазда Жәкең айналасы өте бір ерекше думанға айналып отырды. Осы жаздың саяхаты жайында өте көп жазуға болады. Бірақ бұл жерде осымен қысқартамыз. Сол жылғы жаз думанының айғайындай 1940 жылы шыққан бір томдық жинағының 185-бетіндегі суретте осы жазға саяхаттың бір көрінісі. Сол сурет бәрін айтып тұрғандай.
Жамбыл 1941 жылдың басына ілінгенде бұрынғыдан да ауырлап, жүрген - тұрғанды көтермейтін болды. «Жасарып, қайта жасап алдым бекіп» деп жаны жасарған Жәкең енді кәрілікке шын мойындайын деді. Сол жылғы көктемде:
«Сақалым темір күрек сорға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған,
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған», —
деп, өзінің кәріліктен жеңілгенін мойындай жырлады.
Осы сияқты кәрілік қармағына мықтап ілінген қарт ақын туған халқымен бірге тағы бір үлкен сынды күнге сап ете түсті. Ол 1941 жылдың 22 маусым күні басталған Ұлы Отан соғысы еді. Зұлым жаудың қара жүзділік басқыншы шабуылына Кеңес жұртшылығы қандайлық асқынған үлкен ашумен кектенсе, Жамбыл да соншалық кектеніп, қатты ызаланды.
— Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде,
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,
Қаһар құлап денемде, —
деп ыза мен кектен туған «Ата жаумен алыстық» деген ұзақ жыр айтты. Жәкең жеткен жасы, кәрілік меңдеткен әлсіз денесінің икеміне бой бермей, соғыс жылдарында әлденеше өлең шығарды. Соғыстың хабарын үнемі радио тыңдап, газеттен оқыту арқылы күнбе-күн танысып отыратын болды. Соғыстың алғашқы жылынан бастап Жәкеңнің балалары Алғадай, Ізтелеу әскер қатарына шақырылды. Тайыр сияқты бірнеше жыл қасында әрі жолдас, әрі баласы тәрізді болған хатшысы, өзі «Черницов» деп өте тәуір көрген әдеби аудармашысы Павел Кузнецов та майданға аттанды.
Осы сияқты жақынын, жанкүйерін майданға қасынан аттандырып, соғыстың сұрапыл хабарларын естіп Жәкең Отан күйіне, халық тағдырына аса тереңдеп қарады. Әсіресе ұлы Лениннің қаласы Ленинград қоршауда, халқының халдері ауыр деген хабарды есіткенде, Жәкең, өз ауылы, өз үйі күйзелгендей қиналды. Сондықтан да «Ленинградтық өрендеріме» деген тамаша жыр айтты. Жәкеңнің бұл жыры жаумен арыстандай алысқан әрі қамауда, әрі аш Ленинград жұртшылығына қандай қайрат бергенін Бүкіл Одақ жұртшылығы біледі.
Жәкеңнің бұл жырының күші қандай болғанын Ленинград жазушылар одағының қазіргі председателі Ленинградты қорғауда ерекше көзге түскен адамның бірі, орыстың белгілі ақыны Александр Андреевич Прокофьев былай дейді:
— Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез — Ленинградтың халқының аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды: күніне жұмыс істейтін адам 250 грамм, жәй кісі 150 г -нан алды, ет, май дегенді халық ете аз және өте сирек керді, басқа азықты көрген жоқ. Үйлерге кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр де нашар жанды, қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды.
Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерге жарияланды. Халықтың рухын көтеруге ерекше күш берген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр зор қаріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістің самолеті төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомба -убежищеге тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті сатып алуға көшеде өшіретте тұрған адамдарды талай көрдім. Бұл жырдың маңызы, — дейді Прокофьев, сөзін аяқтап, — Жданов, Ворошилов жолдастар қол қойып Ленинград халқына таратқан үндеуден кем болған жоқ.
«Ленинградты қорғау» деген атпен шыққан қалың кітапта Жәкеңнің «Ленинградтық өрендеріме» деген өлеңі көрнекті орын алды.
Ұлы Отан соғысындағы қызыл армияның әрбір жеңісіне Жәкең ерекше шаттанар еді, атағы шыққан ерлерді көруге құмартар еді. Сөйтіп жүргенде, 1943жылдыңжазында, майданнан «Кеңестер Одағының батыры» деген зор абыройлы атаққа ие боп, қазақ халқының ардақты ұлының бірі Мәлік Ғабдуллин Алматыға келді.
Мәлік Жәкеңе сәлем беріп қайтуға алуына барды. Оның баратыны Жәкеңе телефон арқылы хабарландырылып қойылған еді.
Өзге қонақтарын Жәкең үйінің ішінде қабылдайтын. Шымшық - шымшығы көп қарт адам көңілі келмей отырған жағдайда, қашан өзі бабына келіп алмай, үстіне кіруге Ұлықсат етпейтін. Көңілі түсе қоймаса, қабылдамай жіберетін адамдары да болатын.
40-жылдың бер жағында, төсекте отырып қалған Жәкеңнің көбірек сергитін уақыты — сәскелік ақын ішкеннен кейін болушы еді. Түскі астан кейін Жәкең ауырлап, кешке қарай жатып қалатын да, содан, келесі сәскеге шейін өзін күтетіндерден басқаларды маңына жолатпайтын.
Мәлік Жәкеңнің үйіне күн бата жетті. Дағдылы күнде бұл — Жәкеңнің жатып қалатын шағы.
Мәлік барғанда, Жәкең үлкен ағам үйінің алдындағы көгалда, кілемнің үстінде отыр екен, қолында домбырасы.
Сәлем беріп, қолын алған Мәліктің қолын Жәкең ұстап тұрып, оның батырлық істерін естігені, көруге ғашық болғаны туралы ұзақ жыр айтты.
— «Мәлік келеді дегенді сіздер таңертең хабарладыңыздар ғой, — деді Жәкеңнің баласы Тезекбай бізге, — содан бері тәтем осы арада отыр. «Үйден неге отырып қарсы алмайсың» десек, «Сөз бе сол. Бұрын батыр дегенді құлақ естіп, шіркін, соларды көрмеген екенбіз деп өкінетін ек, сол батыр енді үйге келсе, оны үйде отырып қарсы алу кісілік бола ма, әттең, не керек, шөгіп отырған күнім, әйтпесе, шауып алдынан шығар ем», — деді.
«Машина деген жүйрік, тыз етіп келіп қап, қапы болармын», — деп, Жәкең ұзын күнге үйге кірген жоқ, асты да далада ішті, далада қалғыды. Мәлік аттанғанша аса көңілденіп әңгімелер айтып ширықтырды. Аса қуанышпен қарсы алып, құрметпен шығарып салды.
Майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып, бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қуанды. 1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырды. Соған қайтарған жауабында, Жәкең:
— Хатыңды, балам, оқыдым,
Халіңді білдім сапардан.
Қуанып соған отырмын,
Гвардеец атанған.
Сұраншы, Саурық секілді,
Боларсың, балам, қаһарман...
деп, ерлігіне сүйсіне отыра:
— Есіңде, балам, бар шығар,
Айтқаным отан әмірін,
Шегінбе жаудан, жанды сал,
Шешілмек содан тағдырың
деп баласын әлі де болса қайрай түседі. Бұл жырын Жәкең:
— Достарыңа сәлем айт,
Жауларыңды жеңіп қайт! —
деген тілекпен бітірді.
1943 жылдың күзінде Алматы қаласында халық ақындарының республика айтысы болды. Бұл айтысқа Қазақстанның барлық облыстарынан дерлік халық ақындары келді. Сан дүбірге қосылып шаң қаппаған кәрі тарлан жүйріктер бәйгеге қосылды. Алматы қаласы ұлы думанға бөленді. Социалистік дәулеттің, Сталиндік бес жылдықтар жасаған ұлы өндірістердің жыршылары шайқасты.
Ақындардың осы тарихи айтысын Жәкең бастап думанды ашып, әдемі жырымен ақын інілеріне бата берді, жол көрсетті. «Дуда тұлпар тұяғы тынбайды» деген емес пе, Жәкең осы айтысқа келгенде, кәрілігін бір сәтте ұмытқандай лезде дөйленіп алды. Ешкім айтпастан домбыраны өзі сұрап алып, тамаша жыр төкті. Жәкеңнің бұл жыры жүз жасаған алып ақынның, халық ағасының, көпті көрген көне ойдың ағалық жыры еді. Жәкең осы жырын айтқанда, сондай тамаша ажарланып жырлады.
Көзі бұлдырап, жанары тұтыққан, құлағы ауырлап, естуі де қиындаған Жәкеңнің соншалық шабытты жыр айтқаны, айтысуға әзірленіп отырған Орынбай, Маясар, Қуат, Кенен, Нұрлыбектерге айтыс аңғарын андыздатып, жосылтып өткендей болды. Қазақстан үкіметі Жәкеңе айтыстың бас бәйгесін байлады. Жәкеңнің ақындар айтысы деген бұл мәжіліске ақтық келуі болды. Өзі айтыспағанымен айтысты бастап беріп, дудың ішінде болды.
Жәкеңе 1944 жылдың кірісі өте ауыр жыл болды. Әрі кәрілік бұрынғыдан да иектеп әлсіретті. Оның үстіне Жәкеңнің аса жақсы көрген баласы Алғадай «Майданда ерлікпен қаза тапты» деген хабар алынды. Бұл хабар Жәкеңді біржолата ауырлатты. Екі көзі де біржолата көрмейтін, бір құлағы мүлде естімейтін болды. Орнынан кісі сүйемесе тұра алмайтын халге түсіп ауырлады.
Жәкең Алғадайды аса жақсы көріп, «Өзге балаларым бір төбе, бұл бір төбе», — деп отыратын еді. Аулына барып, бұл хабарды Жәкең Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің президиум председателе жолдас Қазақпаев Әбсәмет бастаған комиссия естіртті.
— Әттең, дүние-ай! — деді, ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең басын көтеріп, — бұл қайғыны қалай көтерем енді!..
Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты. Бір жырында:
«Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңіренем,
Көзіме жас алам да, —
дейді.
Алғадай майданға аттанағаннан 7 күн кейін әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең оның атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы сол Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:
— Ал, Қуаныш, Қуаныш, Сені етейін жұбаныш. Алғадайым өлгелі, Боп кетіп ем жылағыш. «Ата, ата» деп келесің, Аймалайын, айналайын. Ақ бетіңнен өпкен соң, Жүрегімді жамайын.
«Жамайын» дегенмен, Жәкеңнің қайғыдан жыртылған жүрегі жамалмады. Ол енді құлдырай қартайды. Сондай халде отырғанда Жәкең былай деп екі ауыз өлең айтыпты:
— Сөндің бе, жарқыраған шам-шырағым.
Қалдың ба тac бекіліп, қос құлағым.
Жатсам да төсек тартып дәрменің жоқ,
Сеп болып сөйлесетін жалғыз жағым.
Қалыппын ие болмай өзіме өзім,
Әлім жоқ, күш-қайратты өтті кезім.
Балалар, өлгенімше асырай бер,
Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.
«Соңғы сөзім» дегенмен, көңілі көтеріңкі минуттарында Жәкең қарап отырмай, бірлі-жарымды ауыз өлең айта береді»
Жәкеңнің осы өмірбаяны жайындағы еңбекті жазу үшін, 1944 жылдың жазында, күзінде елін аралай, кеп әңгімелер жинадық. Ара-тұра өз аулына соғып, өзіне сәлем беріп, жайы -күйін де сұрастырдық. Бірлі-жарым әңгімені өзінен де сұрап алдық. Сол жылы тамыз айының 12-сі күні жайлаудағы елден келіп, өз аулында болып, Үмбетәлі бар, үйіне келіп отырдық, соншалық әлсіреп отырғанмен даңғайыр ақын сүйекке біткен жүйріктігінен жаңылар емес. Еміс-еміс еститін сол құлағы жағынан келіп отырмыз. «Мен Үмбетәлімін» дегенде қасына барып, Үмбетәліге: «Домбыраның үні естілмейді, неге өлең айтпай отырсың?
Құлақ керең, көз соқыр, көкірек ашық,
Бойдан қайрат, ойдан сөз отыр қашып.
Дүрілдетіп өлеңді айтсаңшы, Үмбет,
Қадамыңды артылта ұзап басып.
Жүйрікте де жүйрік бар сүрінбеген,
Ақын үні жиында дүрілдеген.
Қан майданда белдесіп талай ерлер
Балуанда да балуан бар бүгілмеген», —
деп басын көтеріп алды. «Сүйекем өлерінде көп ауырды. Өлерінен бір күн бұрын Қисыбай мен Тәйтелі екеуі барып көңілін сұрапты. Сонда: «Кеше бетімді ноқталап, жағымды қарыстырып, тілімді күрмеп еді. Бүгін қайта босатты, сендермен қоштассын дегені шығар», — деп көңілденіп біраз әңгіме айтып отырған екен. Қисыбайлар қайтысымен қайта төмендеп, ертеңіне қайтыс болды. Сол сияқты естімейтін кәрі құлағыма ақын үні саңқылдағандай болады. Жәкең жеңілді. Сендердің жырдың жырын жырлайтын күндерің келе жатыр. Ақын осындайда сыналады. Ел алдында озықтығын осындайда көрсетеді», — деп ақын шәкірттеріне әріден ой салып, өзі де ойланып біраз отырды.
— Жас күнімде өлеңші асыл болдым,
Көпшілік тыңдағанға тәсіл болдым.
Бұл уақытта қартайып дәрмен бітіп,
Келін менен кепшікке масыл болдым,
деп өзін меңдетіп алған кәрілікті арман етті. «Енді бізден немене өлең шығады.
Өлеңді бой жасап отырып,
Екі көзді ашып отырып,
Екі аяқты басып отырып
айтпаса, өңі қалып кетеді ғой. Ал, балалар, өздерің мәжілістеріңді дүрілдете беріңдер», — деп қарт ақын демалыс етті, жастығына қайта жантайды.
«Оның аузынан ең соңғы шыққан келемді жыр — фашистік Германияның біржола қирап жеңілуін 9 мамыр күні Кеңестер Одағының генералиссимусы жолдас Сталин жариялағаннан кейін. Бұл хабарға қуанған Жәкең үйіне жиналған жұртқа жыр айтып, жырын енді өлсем де арманым жоқ деп аяқтады. Бұл жырды жазып алар қасында кісі болмағандықтан, сақталмаған.
Жәкең жеңіс тойынан кейін ұзақ жасамады. 1945 жылдың 15 маусым күні сырқаттанып, аулынан Алматыдағы Совнарком больницасына келіп түсті де, 22 маусым күні, таңертең ерте дүниемен біржола қош айтысты.
Жәкеңнің сүйегі өз аулындағы өзінің алма бақшасының ішіне қойылды» .
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі