Қойшығара Салғараұлы, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бұрынғы өткен біліктілерден қалған: "сөз — ой көркі, ой — адам көркі" деген тағылым бар. Ал адам көркі — тән көркі, жан көркі болып екіге бөлінеді. Жаңағы "ой — адам көркі" деген осының "жан көркі" дегеніне қатысты айтылса керек. Өйткені жаны көрікті адамның жақыны да, жанашыры да көп. Ондай адамның тірлік болмысының мазмұны Ұлы Абайдың ұрпағына айтқан: "Адамзаттың бәрін сүй: "бауырым" деп" келетін киелі оймен үндесіп жатады. Баспасының тапсырмасымен шығармашылығымен бұрын жетік таныс емес Сайын Назарбекұлы деген азаматтың қолжазбасын алып оқып шыққанымда, оның авторының, осындай жаны көркем, көпшіл адам екеніне бірден ден қойдым. "Әр қазақ — менің жалғызым" деп айта алған алып жүректі текті талант иесі Сабыр Адай інісіндей Сайынның да әр қазақты бауырым деп іш тартып, ой бөлісуі, әр оқушысына "Сырласым бол" деп қолқа салуы, қарға тамырлы қазақ баласын бөліп-жармай тұтас сүйіп, солармен ортақ мүдделестік танытуы ол туралы осылай ойлауға мәжбүр еткендей. Онда жек көрушілік жоқ. Бұл ретте ол:
Ыза қысар баз біреуді, кек керней,
Дұшпанына қарай алмас шет көрмей.
Адасқан бар, қате қадам басқан бар,
Қабылдай біл, өкінсең де, жек көрмей, – деп ой түйеді.
Ол бүкпесіз ашық сөйлейді. Онда осым қалай болар екен, жұрт мұнымды қалай қабылдар екен деген екі ойлылық жоқ. Патша көңілінің қалауымен жүректегісін жайып салып, өзім деп еміренген жұртымен ашық сырласады, барын ортаға салады.
Бірақ оның жұртына айтары — бір сәттік көңіл күйдің әуені де, тіршіліктің бар мен жоғының арасындағы күйбеңі де емес. Ол — алпысқа келіп ақыл тоқтатқан, өмірдің азабы мен рахатын, жақсылығы мен жамандығын бірдей көрген, осылардың әрқайсысынан өзіндік ой түйіп, өмірлік тұжырым жасаған, үш рет өлім аузынан тірлікке қайта оралған мұқалмас қайрат иесінің пендәуиліктен ада жан толғанысы, болмысқа деген өзіндік көзқарасы.
Оның өшпес мұраты — Алла тағала адам қылып жаратқан соң, адамдық жолдан таймай, Адам атын сақтап қалу. Мұның пенде үшін оңай шаруа емес екенін де ол жақсы біледі. Сондықтан да ол: "Адамды құдай жаратты дегенге сенейін десем, Құдайды аяймын; Адамды маймылдан жаралды дегенге сенейін десем, Адамды аяймын" деп толғанады, "Адам — адамзат үшін еңбек етсе ғана Адам" деп тұжырым жасайды.
Оның өлмес арманы — "тумақ — сүндет, өлмек — парыз" екенін біле тұрып, мәңгі өлмеу. Сайын: "Өткен күндер — қателер күнделігі" дейді. Сол күнделікті ой көзімен парақтап, өткенінен тағылым алып, өлмес ісін, өшпес ізін қалдырған жан мәңгі өлмейді деп біледі. Оған елуге тақағанда қолына қалам алдырып, жанын тербеген жайларды қара сөзбен қаластырып, өлең сөзбен өргізіп жүрген де, қара тасты қайыстай тіліп, бұрынғы өткен алыптар басына айтулы ескерткіштер орнаттырып жүрген де сол түсінік. Расында да, қазіргі таңда қазақ даласының әр тұсынан бой көтерген Ұлы Абайдың басындағы ұлы ғимарат, Домалақ-анаға арналған ғажайып мавзолей, Ақын Абыл мен батыр Досан ескерткіштері өздерінің иелерінің өшпес есімдерімен бірге Сайынның да есімін жалпақ жұртқа жариялап тұрғандай. Сондықтан да болар Сайынның:
"Өмір сүрген екен ол, — деп, несіне",
Дайын болғай жауабың өкпесіне.
Айта ал: "Ажал жетіп өлсем-дағы,
Сенемін, — деп, — жоқ болып кетпесіме" — деп кесіп айтуы.
Оның ең басты парызы — хал-қадірінше еліне, халқына адал қызмет ету. Сайын бұл ретте былайша толғанады: "Парыз... бұл — біссімілладан кейінгі айтылар ұлы сөз! Адам ақиқатты да, мәдениетті де сенен таппақ. Парыз мағынасын түсініп, өз парызын адал өтеуді ойлаған жан сол сәтте пенделік болмысынан азаматтық биіктікке бірден көтеріледі". Осындай түсініктегі Сайынның өзінің де азаматтық биіктікке көтерілген жан екенін "Сырласым болға" енген төрт тағандар топтамасы да, болмысты ұлттық таным-түсінік негізінде тануға ұмтылған ешкімге ұқсамайтын өзіндік философиялық пайымдаулары да дәлелдей түседі. Ол елінің ертеңін ойлайды. Не айтса да, ашығын, адалын айтады. Ал, адалдықпен айтылған сөздің ғұмыры ұзақ. Өйткені, елім, жұртым деген жүректен шыққан сөздің барып орнығар орыны да сондай махаббатты жүрек болмақ. Сондықтан ол ұмытылмайды. Туған халқына адал қызмет етуді парызым деп білген Сайын осы қазір де маған:
Өнерлінің тілін тап, мінін таппа,
Көп жақсының тек қана бірін бапта.
Жатқа тізгін бермеңіз "жақсы екен" деп,
Қарап қалар сасқанда күнің жатқа,
— деп тұрғандай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі