ИТ МІНЕЗДІЛЕР
Адам итті неге жақсы көреді?...
Ит адамға неге соншалықты берілген?..
Мүмкін болмыстарында үндестік бар ма екен?..
Сұрақтарымызға жауап іздеп көрелік... Адамдар — итті жақсы көреміз деп ойлайды. Бірақ өздері мойындағандай дәрежеде жақсы көрмейтін болар. Олай болған жағдайда адам "ит" дегенге арланбас еді... Ал иттің адамға сенімді серік болуының себебі оның адамға тәуелділігінде де, сүйіспеншілігінде де емес секілді. Ас құйғанның бірі адамға табына кетер болса, асыранды қасқыр орманға қарап ұлымас еді... Асылы, үшінші сұрағымыздың күмәнінен үш сұрақтың да жауабы табылып қалар деп ойлаймыз...
Ит байғұстың адамға сонша берілуі оның саналылығынан емес, жаратылысынан. Ит адамды жақынсырап жақсы көрмейді. Тәңірдің, Жаратылыстың, бір сөзбен айтқанда Алланың бұйрығымен істейді...
— Ал адам пақырдікі не?..
Адамдікі басқалау. Адам саналы жаратылыс. Ол өз ақылымен ойлап, тіпті туған ұлын да бірде жақсы, бірде жаман көре алады. Бұлардың — өр кеуделісінен гөрі жер кеуделісін жақсырақ көруі, кемеңгеріне деген сүйіспеншілік сезімінен төмендеріне деген аяушылық сезімінің басым жатуы — ойлануға тұрарлық нәрсе. Адамға өзінен ақылдыдан гөрі өзіне бағынышты жан қадірлірек... Барлық биліктілердің өз қастарына ыңғайына көнгіштерді жинайтын қасиетінің астары да осы жерде жатқан секілді. Адам өзіне жұғымдыға құмар-ақ. Құйрығын бұлаңдата мүләйімсіп тұрған ит пен жағымпаз адамның арасынан айырма таба аласыз ба?.. Иттердің — өзі тұқымдас итті өшіге талайтын қасиеті адам аттылардың да төл мінезі...
Демек біздердің достығымыз бен сүйіспеншілігіміздің астарында, иттегі жаратылыс берген қасиет пен адамның өзгенің өзіне бағыныштылығын көргісі келетін өзімшілдігі жатырған секілді...
ҮШ АҚИҚАТ
Ақиқат іздеу біздерден ертерек туғандардың негізгі шаруасы болса керек. Түйе жүн шекпенін иығына аса салып, қолына бір күндік азығы сияр дорбасы мен ит қаппас таяғын ұстап сапар шегіп кете барған. Өз миының ойлау қасиеті мен ақыл-есінің жеткен мүмкіншілігін табиғат пен жаратылыс құбылыстарын салыстыру арқылы (бұл сөйлемді пенде әрекеті мен құдай жаратылысының арасындағы үндестікті іздеу деп түсініңіздер) ақиқатқа жетпек болған болар. Олар соның арқасында Қожанасырды өмірге әкелді деген болжам бар... Сонымен ақиқат деген не?.. Дұрыс адам деген кім?.. Барлық пендеге ортақ ақиқат бар ма?..
...Біздің түсінігімізше бірінші ақиқат — әр пенденің өз шындығы бар! — бұл нағыз ақиқат!..
Екінші. Қандай ақиқат болса да кей пенде оны өз шындығым деп қабылдай алмайды. Тіпті, "нағыз ақиқат" деп қабылданған Құдай тағаланың барлығына шүбә келтіреді...
Үшінші. Ақырға сену... Барлығы да сол күннің ерте ме, кеш пе басқа құрық саларына сенімді...
...Қалғанының бәрі талас...
АЗАМАТ ПАРЫЗЫ
...Азамат парызы. Өзін "мен азаматпын" деп санайтын әр қазақ өз мойныңда — "Парыз" — аталатын қасиетті үш борыш бар екенін жан-тәнімен сезінуі шарт.
Алғашқысы — бұ дүниеге қазақ болып келген пенденің "Қазақ Елі" алдындағы Парызы... Қазақтар әзірге әлсіз, аз. Сондықтан да бұл кезең — интернационалдық борыштан гөрі ұлт қамын көбірек қамдайтын шақ, ол кешірімді де. "Мен қазақпын!" — деп, Жұбан ақын төсін қаққаны үшін бұ заман түгіл о заманда да оған ешкім ештеңе деген жоқ болатын.
Екіншісі — ұлтың қазақ, тегің түркі. Түркі тұқымдас қарындастарға ерекше бүйрегің бұрып тұрмағы жаратылыс заңы. Мағжан Жұмабаев : Ерте күнде отты Күннен Гун туған, Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам... — деп, тек қана түркілігін емес гун тұқымдастығын мақтаныш еткен.
Үшіншісі — бүкіл адамзат алдындағы Парыз... Бұл жаратылыстағы барлық адам борышы. Бұны жетілген, өсіп-өнген, дамудың жоғарғы сатыларына көтерілген елдердің көбірек қолға алатыны ақиқат. Дегенмен осы айтылғандар туралы ойламау, жалпы адам болып жаратылғасын адамзат алдында борышың бар екенін, қазақ болып туғасын қазақ халқының алдында борышың бар екенін ойламау нағыз Азамат үшін мүмкін бе?.. Салмағы омыртқаңа батарлықтай етіп өз арқаңа өзің жүк салып, оны өзіңе абырой-атақ алып берерліктей дәрежеде атқарып өтпей өмір сүру дегеніміз, ол — өмір сүруге берілген уақытты босқа өткізу болмақ. Соныменен қасиетті үш "Парызың":
Адам болып жаратылдың — адамзат алдындағы;
Тегің түркі-түркі тұқымдастар алдындағы;
Қазақ болып тудың — қазақ алдындағы... борыштарың...
МЕНІҢ ҚОРҚЫНЫШЫМ
"Адам түзелмейді дегеннің тілін кеспек болыпсыз" — данышпан ата...
Сіз, ең алдымен, мені тілсіз қалдырасыз-ау деп қорқамын...
ҚАС ҚАҒЫМ СӘТ
Адамның ойы мен ақылы, сөзі мен ісі екі қалыптан шығады.
Бірінші қалып — адамның ойланып-толғануынан туатын іс-әрекеті...
Екінші қалып — адамның қас-қағым сәттегі шешімі... Мені осы сәт өте қызықтырады. Адам осы сәтте шынайы... Сол сәттегі ісі мен аузынан шыққан сөзі адамның табиғи болмысы. Байырғы уақытта өз болмысын жасыра алатындар сол сәтте табиғи болмысына қайта оралады...
ҮЙІРІМ
Жаратылыстың тірегі не?.. Біздің алған біліміміз оны айналмалы қозғалыс деп түсіндіреді. Рас, солай болар. Ал айналмалы бірқалыпты қозғалыстың түбі неге апарып тірейді?.. Осы сұраққа жауап таппай, бірақ соған жауап берерлік табиғатта, жаратылыста бір балама бар-ау деп ойлайтынмын. Соған жақын арада кездесіп қалдым...
Немеремнің басын иіскемек боп еңкейе беріп едім... басындағы орайына көзім түсіп кетіп... космостан түсірілген дауыл күнгі бұлт суреті, ғажайып үйірім құбылысының көз алдыма келіп тұра қалғаны... Тығыны ағытылған ыдыстағы судың айнала-айнала үйірімге қалай ұласатыны ойға орала кеткені... Осыдан барып табиғаттағы Құдірет жаратқан барлық тіршілік процесі көзге елестегендей... Олар:
Айналмалы қозғалыс;
Айналмалы қозғалыс күші туғызар үйірім;
Үйірім туғызар жаңа тарту күші;
Бұл бірте-бірте "қара құрдым" дәрежесіне жеткізетін болар:
Соңғы процесс — "қара құрдым" өз қуатына өзі шыдамай жарылатын болар;
Алла тағала: "Мен жерді тарыдай нәрседен жараттым" — деген ғой. "Қара құрдым" жарылып быт-шыты шыққан кезде тағы да тарыдайлардан таудай нәрселер пайда болып, баяғы айналмалы қозғалыс арқылы қалған тіршілік процестері жалғасатын болар...
Жаратушы осы жұмбақты бізге баланың басындағы орай арқылы, табиғаттағы үйірім құбылысы арқылы түсіндіріп тұрғандай...
АДАМНЫҢ БАСТЫ ҚАТЕСІ
Бәріміздің де басты қатеміз — өзіміз өскен ортадан жоғарырақ ортада, өзің тұрған жерден атақтылау жерде бақыттырақ, атақтырақ бола алатындай сезімде жүретіндігіміз...
ӨРКЕНИЕТ
Өркениетті елдер әрекетіне, ел басқару дәрежесіне қолдары жеткен азаматтар ісіне сын көзбен қарағанда біздің ойымызға: өркениет дегеніміз — (кейбір мағынада) адамдардың жалпы адамгершіліктен, табиғат сыйлаған адамдықтан алыстай түсуі, оны жоғалта бастауы ма деп те қаласың...
БАРДАН ЖОҚ, ПАЙДА БОЛА МА?..
Әрине болады... Мысалдар келтірелік... Шам сөніп қалды делік, жарық қайда жоқ болып кетті?.. Электрмагнитті тартқышқа ілініп жоғары көтеріліп бара жатқан темір, жүйедегі токты айырып тастаса, жерге түсіп кетпей ме... Тарту күші қайда кетті?..
Жоқтан бар пайда бола ма?.. Әрине болады...
Далада келе жаттың делік. Аяғыңның астынан бір үйірім (құйын) пайда болады да биіктей береді, биіктей береді... Кенет сөніп қалған шамдай жоқ болады да кетеді...
Адам аузынан сөз шықты... Қайда кетті?..
Адам басына ой келді... Оның орны қай жерде?..
Радиоактивті сәулеге адамды өлтіріп жіберердей күшті кім берді... Ол күш қайдан пайда болды...
Демек, жоқтан да бар пайда болады...
ЖЕҢІЛ ӨМІР
Пенде өз санасына сыймайтын жаратылыс туралы ойлана алмайтын болса, ол күнделікті "көже қарын" қамымен ғұмыр кешпек, соны қанағаттандырғаны үшін ләззат алып, рақатқа батар, қанағат сезіміне бөленер. Ойлана алатындар өзінің "мен" інен де құдіреттірек күш бар екеніне көз жеткізбек. Бұлар жаратылысқа бағыныштылық болмыс тауып, қолда барға қанағат ету сезіміне ие бола алар. Тірлікте осындай жандар жеңіл өмір сүрмек.
БАЙЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ
"Ең бай адам кім?" — деген сұраққа әркім өзінің білгенінше жауап қатары сөзсіз. Ал менің жауабыма кейбір кісілердің келіспеуі де мүмкін.
Бұ дүниедегі ең бай адам деп, немесе адамдар деп мен дүние байлығына қолы жеткендердің бәр-бәрін айта алмас едім. Олардың ішінде де, әрине, менің түсінігімдегі байлар бар болар. Бай адам деп біз бұ тіршілігінде мынау ұлы жаратылыс ортасынан өзі өз орнын тауып орналасып, санасы "менің елім", "менің жерім" деп айта алар дәрежеге көтерілгендерді жатқызуға болар деп ойлаймын.
"Менің жерім" сөзінің мағынасына (қазақ баласы үшін) Атырау мен Алтайдың, Қаратау мен Ұлытаудың арасын түгел орналастыра алса, "менің елім" сөзінің шеңберіне аулының қойшысынан бастап Назарбаев пен Кекілбаевты сыйғыза алса — сонда сол кісі, шын мәніндегі бай кісі.
Мен өзім үш адамға қатты таңдана табынамын. Мохондас Ганди 37 жасында бүкіл адам пендесінің тіршілік ләззатынан бас тартып (тіпті жар төсегінен де), еліме бостандық алып беремін деп жалғыз көйлегімен ел аралап кетіпті. Аятолла Хомейни Иран елін билеуге қолы жеткенде өзінің бұрын тұрған екі бөлмелі пәтерінде қала беріп, өлгенде сол үйінен шығыпты. Әулие ана Тереза — ол да бұ тірліктен өз орнын тауып алды. Сол орындағы іс-әрекетімен өзіне де, еліне де қуаныш сыйлады.
Бірақ бұлар тым жоғары өлшемдегі кісілер ғой дерсіз..
Аспаннан жерге түсіп барып байлық мәселесіне ой жүгіртіп көрелік... Әр кісінің ошақ басындағы міндеті — сол шаңырақ астындағыларға жақсы жағдай жасау. Осы міндеттерін адал, дұрыс атқарып, оны елі мен жерінің мүддесіне ұштастыра алғанның және сол орны мен ісіне өз көңілі қанағат таба алатындардың бәрі бай, бәрі бақытты.
ДАУЫЛ
"Сұрайды дауыл күні-түн" — депті. Ақылы қалай жетпеген?.. Дауылдан соң артында не қалушы еді... Сұрағаны болып, сондай дауыл орыс жерін шарпып өткенде артында ойраны шыққан елі, қираған қалалары қалған болатын.
Табиғат апаты мен саяси өмірдегі революциядан Құдай сақтасын дағы...
Алла тағаланың жаратылысына таласымыз жоқ. Ал адам қоғамына ең қатерлі қауіп төндіретіндер туралы ойланбасқа болмас. Олар кәдімгі күнделікті қасымызда жүрген таныстарымыз бен тумаластарымыз, бейтаныстарымыз бен ағайындарымыз, немесе:
— Тақ таласы жолында қандастарды қандасқа, діндестерді діндеске айдап салушылар;
— "Біз ел қамқоршыларымыз" — деп елді дүрліктіретін бақ құмарлар;
— Солардың соңында кетер ойсыз айқайшылар...
...Осы тартыс қырсығынан Түркі қағанаты, Қыпшақ бірлестігі, Алтын Орда, Ноғай Орда, Қазақ Орда мемлекеттері құрыған болатын...
...Құдай тағала табиғаттағы дауылың мен, ел өміріндегі таққа таластан туатын тап тартысыңнан сақтай гөр...
ЕЛБАСЫНЫҢ ОЙЫ
Өзім елбасы болсам не ойлар едім, не тындырар едім?..
Ең бірінші ел қамын ойлап, мемлекет тыныштығын қамтамасыз етуге тырысатын болармын...
Кез келген ел басшысына ұлт қамын ойламайды деп кінә тағу орынсыз таққан жала болмақ.
Ал егер Елбасы, әуелі, ел қамын қамдаудың орнына өз тағын орнықтылау ету жағын қамдаса, оған итермелейтін де, біздер, сол тақтан дәмесі барлар. Жан-жағынан түрткілеп, күш көрсетуге дайын екенімізді сездірген сайын, тағына қауіпті күшейткен сайын ол да содан сақтана түспек, ел қамынан тақ қамын арттыра түспек...
МЕНІҢ ҚАТЕМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАТЕСІ
Мен өзіме шыншылдық, адалдық, турашылдық қасиеттерді таңып алып, сол арқылы басқаларға ұнамдымын деп ойлайтынмын. Менің өмір туралы түсінігімдегі басты қателерімнің бірі де осы екен — көп адамдардың тек қана "осы сәтімен" өмір сүретінін және сол сәттегі бетке айтылған жылы сөздің (өтірік те болса) сенің айтпақ бар шындығыңнан тәттірек қабылданатынын жас қартайғанда жаңа түсіне бастадық.
Биліктілер мен біліктілердің ескермейтін, не ақылы жетпейтін бір нәрсесі бар. Ол — аталарымыздың "құлдың да құрдасы бар" делінетін мақалынан туындайтын, бұ тірліктегі ең болымсыз, ең қарапайым жандардың да өз өмірі, өз қалауы болатынын білмейтіндігі, не білгісі келмейтіндігі.
МЕН — ҚАЗАҚПЫН
...Мен ағылшын емеспін...
Құдайға шүкір, әйтпесе Африка жағасынан кеме трюміне мыңдап тоғытып, жолда жартысын қырып, Америкаға құл етіп сатқан жазықсыз жандардың қаны мен обалы, ата-бабам мойнындағы кешіруге болмас күнәсі, мені тыныш ұйықтатпас еді...
...Мен американдық емеспін...
Егер мен ол елдің азаматы болсам — жерін иемдену үшін елін жер бетінен жоқ қылып жіберген, бұ күндерде жұрт есінде заты түгіл аты да қалмаған сорлы елдердің мерт болғандарының рухы мені ой ойлатып қоймас еді...
...Мен неміс емеспін...
Жер бетінде екі рет дүниежүзілік соғыс ұйымдастырған елге арналған ел қарғысы маған жұрт бетіне тура қарауға мүмкіндік бермес еді...
...Мен француз емеспін...
Олай болған жағдайда орыс ормандарында үсіп өлген ата-бабаларымның мұз денесінің ызғары менің сай сүйегімді сырқыратып, жаныма тыныштық таптырмаған болар еді...
...Мен орыс емеспін...
Әйтпесе мен бұ күндерде аталарым соңғы 100 жыл ішінде қол астындағы 200-ден астам ұлттың тең жартысын тарих бетінен жоқ қылған елдің өкілі деген атпен өмір сүрген болар ем...
...Мен — қазақпын...
Мен сол үшін мақтанышпен: "Мен — қазақпын!", — деп кеудемді соға аламын ба?.. Жоқ, соға алмайды екенмін...
Басқалар ірі жыртқыштардай басқаны жесе, мен қорқаулардай өзімді-өзім жейтіндерден екенмін. Біреу айтақтаса болды, алдымдағы "қазақтың ханы ма", "қазақтың қарасы ма" — маған бәрі бір, жағасын жыртуға, өңірін айыруға даяр екенмін. Бұл сөздер, негізінен, "қазақ зиялылары" дегендерге арналып отыр. Олар ішінен не қазақ тіліне, не қазақ еліне шабуыл ұйымдастырушылар шығады да жатады. Біреулер елдікке шақырған бір мақаласын бастыра алмай, әлекке түсіп жатса, олар қазақты бір-біріне айдап салудың неше түрлі айлаларын сол баспасөз беттерімен жүзеге асырып жатады...
...Кешегі алдына келгенге әкесінің құнын кешкен қазақтар енді ақыреттік жаулыққа кетіскен...
...Кеше ғана жаяу келе жатқан жатқа атын түсіп берген қазақ енді көрші қорадан мал ұрлайтын болыпты...
...Кеше ғана "желісінде жетпіс аруана боталаса маңдайы тайпақ кедей деп күлетіндер" енді қызы көркін сатып, жігіті өнерін сатып күн көрерлік халге жетіпті...
...Бір ауыз сөз арына тиіп, ұяттан ел асып, жер асып кететін қазақты енді ел болып ұялта алмайтын халге жетіппіз...
...Сонда мен "мен — қазақпын", — деп қалай мақтана аламын, қалай тыныш ұйықтай аламын?..
...Мен — адаммын ...
Бірақ мен неге бар жаратылысқа жарқын жүзбен қарай алмаймын?..
Қалай қарайсың? Өскен, өркендеген елдеріміздің тарихтағы іздері әлгідей болса, жетісеміз дегендердің бүгінгі тірлігінің мысалы қазақтардай болса...
"Мен — қазақпын", — деп емес, тіпті "Мен — адаммын", — деп, мақтанудың өзіне де әлі ертерек секілді...
MEMЛEКETTIК КӨРСЕТКІШ
Кез келген мемлекеттің адам сүйгіштігі мен адамға қамқорлығы сол елдің жинап алған астығы мен салынып жатқан құрылыс жобасына тура пропорционал болса, кеңсе төрелерінің (чиновниктерінің) әділеттілігі мен парақорлығының жобасы да сол елде болып жатқан қылмыс пен түрмедегі отырғандар шамасына тура пропорционал мөлшерде деп шамалауға болар.
ЖАҚСЫЛЫҚ БАҒАСЫ
Біреуге жақсылық жасаған адам өмір бойы сол кісіге жақсы кісі болып қала ала ма?.. Жақсылық көрген кісі оны өмір бойы жақсылар санатына қоса ала ма?..
Көбіміздің тілімізге "әрине" деген жауаптың үйіріліп тұрары сөзсіз. Ал өмір кейде басқа, астарлы, жағын да байқатып қояды. Аш кезінде бір тойдырған кісі көп ішінде кездескен сайын тек соны ғана әңгімелеп отырар болса, кейбіреуді сол — бір тостаған — көжені ішкенімнен аштан өліп қалғанымның өзі дұрыс еді дейтін халге жеткізер. Сол кездегі құны бір кісінің өміріндей жақсылық еткен кісі уақыт өте келе көп ортасында ең жек көрінішті жанға айнала бастар. Сонымен жақсылықтың да, жамандықтың да уақытқа байланысты құны өзгеріп тұрмақ.
ӨМІР ЖӘНЕ ТІРШІЛІК
Өмір дегеніміз не?.. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі кезеңнің бәрін сүрген өмірге жатқызуға бола ма?.. Бізге бір ой келіп отыр — жаңағы уақыт аты өмір емес, тіршілік. Мысалы, Сайын деген ақсақал 1941-2030 жылдар арасында тіршілік етті, өмір сүрді емес. Ал өмір сүрген уақыт деп әр пенденің өз көже қарын қамын "елім", "жерім" деген көңіл қарын қамынан туар мақсаттарға ұштастырған күннен бастан, сол мақсат сөнген күнге дейінгі аралықты жатқызуға болар.
CEHIM МЕН ДІН
Пенде біткеннің бәрі де біреуге табынады.
Бірі — Құдайға. Олар діндар жандар, діндарларға сенуге болады.
Бірі — ережеге. Бұл санаттағылар қоғам ережесін бұлжытпай орындап, басқалардан да соны талап етеді.
Үшінші біреулер күштіге табынады, жеке адамдарды әулие тұтып, соның ыңғайымен өмір сүрмек.
Ешкімге табынбайтындар да баршылық. Бұлардың бірі барлығына қарсылар. Көзі көргенді, құлағы естігенді — бәрін қаралап, бәрін күйелеп тастайды. Ал табынбайтындардың енді бір тобы — ішкі сарайлары тап-таза, жап-жарық, ап-анық. Ешкімге бас та ұрмай, ешкімге жамандық та ойламай өмір сүреді. Олар адалдық пен тазалыққа табынады.
...Мен дінге сенемін бе?.. Сенетін сияқтымын. Әкелерім діндар кісілер еді. Бір Тәңірге, Бір Аллаға, Бір Жаратқанға табына өмір сүріп келе жатқан сияқтымын...
...Мен мұсылманмын ба?.. Мұсылман сияқтымын. Үгіттей жүремін, абыройын қорғауға әрқашан дайынмын.
...Бірақ мен де бір ойға беріле беремін. — "О жақта" ақырет күні басқа түскенде, періштелер әр пенденің тіршіліктегі сауабы мен күнәсін салыстырар кезде олардың діні есепке алынбайтын секілді. Адамның адамгершілік көрсеткіші — жасаған жақсылық ісі мен ойлаған адал ойы болатын болар деп үміттене беремін...
ОРТА МЕН ҚОҒАМ
Адамгершілік деген не?.. Біздер бұл сөзге барлық ізгілік іс пен адал ниетті, қайырым мен кешірім қасиеттерді таңамыз.
Қасиетсіздік не?.. Бұл сөзге де көп нәрселерді ілестіреміз.
Осылар пендесіне әуел баста Құдай жаратқан қасиет пе?.. Әлде әр адам өзінің ұзақ өмірінде өскен ортасынан, алған тәрбиесінен, қоршаған қоғамынан бойға дарыта ма?..
Адам пайғамбар өзін жаратқан Алла тағаланың сөзін аяққа басып, ұрықсат етілмеген әрекетке бармаушы ма еді?.. Өз өмірінде еш ортада болмаған, еш қоғамнан тәрбие алмаған Қабыл Абылды өлтірмеуші ме еді?..
— Сонда адам кім?..
— Адамгершілік не?..
Адам деп жүргендеріміздің өзі екі түрге бөлініп жүрмесін. Алла тағала жаратқанда адамдардың бірін періште, бірін сайтан етіп жаратады емес пе екен?.. Олай дейін десең, алдыңа алып отырған екі нәрестенің бірін жаманатқа қиғың келмейді... Олай демейін десең...
Адам пайғамбарды күнәһар еткен қай қоғам?..
Қабылды қанішер еткен қай орта?..
ҚАЗАҚ ҚАМЫН КІМ ҚАМДАЙ АЛАДЫ?
Қазақ қамын ойлай алатындарды үш топқа бөлелік. Біріншілеріне жоғары мансапқа ие, екіншіге орта мансаптылар, үшіншісіне қарапайым қазақтарды алалық. Ұлттың ұлттық формасын сақтап қалуы үшін осы үш топтың қайсысы елге пайдалырақ?.. Қайсылары қандай міндет атқара алады?.. Алғашқылары — көп ұлтты елді басқарып жүргендіктен бұра тартып қазаққа жағдай жасай алмақ емес. Көп ұлтты елде ең басты мәселе — ұлттар достығы, ел тыныштығы. Олардан қазақ ұлтына арнайы жағдай жаса деп талап ету, ұлттар арасында араздық туғызуға итермелеу деген сөз болып шықпақ. Ал орта мансаптылар ұлт үшін қауіпті адамдар. Олар жалтақтар. Ұлтына жаны да ашиды, мансапты орнын сақтап қалуға да тырысады. Жел қай жақтан соғады деп, алақтаушылардан, жалтақтардан ұлтқа түсер пайда шамалы. Ал үшінші топтағылар, қарапайым қазақтар жоғалтар мансабы жоқ болса, алдындағы топтар үшінші топтағылардың ойлаған ойы мен сөйлеген сөзі үшін жалтақтамайтындай қоғам орнатып берсе, қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап қалу үшін еңбек етулері қажет. Әр істеген ісінде, әр ойлаған ойында болашақ ұрпақ өздерінің ұлттық болмысын қалай сақтап қала алады деген мүддені басшылыққа алғандары жөн. Олардың әрқайсысы үш сұраққа мүдірмей жауап бере алулары керек:
— Біз қазір қандаймыз?..
— Ертеңіміз не болады?..
— Ұлттық жаратылысымызды сақтап қалу үшін не істеуіміз қажет?..
АДАМ МЕН ТАБИҒАТ
Жер бетіне Адам мен Табиғат сиыса алмауға айналды. Адам өзін Қожа санап ойына келгенін істемек болады. Ол улы тыңайтқыштар ойлап тауып жерге себеді, ал Табиғат та қалыспайды, есесіне бұрын болмаған бір ауруды ойлап тауып сыйға тарта қояды. Адам қуатты бомба жасап жердің жанына батыра, қоң етіне бойлата жарылыс жасайды. Табиғат та қалыспайды, Адамның өз қаруын өзіне қарсы пайдаланып, жарған бомбасының сәулесімен-ақ өшін алады. Жер бетінен Адам мен Табиғат әзірге үндестік таба қойған жоқ. Оның жалғыз себебі бар...
...Табиғат — Ұлы, ол адамдарға бас имейді. Жоғарыда келтірген мысалдардай адамның әрбір қате басқан қадамына қарсы Табиғат та — жазылмайтын рак, спид, қан аурулары, жүрек аурулары секілді жазасын қолданып, тәртіпке шақырады. Әзірге Адам оны түсіне алмай келеді. Олар өздерін Ұлылардың Ұлысындай көреді. Табиғатты қолдан жасап та аламыз деп ойлайды. "Ақша бәрін де жасайды", — деген мақал шығарып алыпты. Қорытып айтқанда Жер бетіндегі екеу — Табиғат пен Адам бір-бірімен үндестік таба алар емес. Табиғаттың адамға бағынбайтыны белгілі болды. Қазіргі кезде адамдар ақылының толыққан кезі. Адам өзінің Табиғат баласы екенін мойындап, кішілік ететін кезі дәл осы мезгіл. Ақиқат жалғыз, ол — Жер бетіне Табиғат пен Адам үйлесім тапқанда ғана қатар өмір сүре алады. Сондықтан да Адам Табиғаттың әкелігін мойындап, өз басының қамынан бұрын әке жағдайын жасауға тырысуы қажет.
Осы мақсаттағы алғашқы қадам, ол — жеке кісілердің шектен тыс байи беруіне шек қою. Ол үшін БҰҰ жеке кісілер байлығының жоғарғы шегін бекітіп, сол жобадан асып бара жатқан бар байлықты табиғатты күтуге бағыттайды. Оған негіз — адам бар байлықты Табиғаттан алады. Осы Заң күшіне енгеннен бастап шексіз байлыққа құмарлар өз табыстарының бір бөлігін Табиғатты қалпына келтіруге емес, Табиғатты сол қалпында сақтауға жұмсайтыны сөзсіз.
ЖАРАТЫЛЫС МАҒЫНАСЫ
...Ел "азамат" деп ат тағып, "кісі" деп құрметтейді. Жыл дейтін есепші бесінші ондықтың соңғы жылын шотына салып, күнде бір тасын Жаратылыс есебінен сенің пайдаңа тарс еткізеді. Жылдан соң, жылдар өтіп жатыр. Жаңа жылына, осы жылы не тындырдым деп ойланбастан, қуанатындар бар. Жаңа жылына, тағы бір жыл ғұмыр сүргеніне қанағат ету орнына, бір жылға қартайдым деп өкінетіндер бар.
...Алпыс жас... Ел алдында есеп беріп, өздерін Азамат, Кісі атандырғанда өзінің сол атақтарға сәйкес болғандығын дәлелдейтін, елдің бұған сондай атақтар таққанда, онша қателеспегендігіне көздерін жеткізетін шақ... Сол күн туралы ойға берілгенде көкірегіндегі қанағаттану сезімдері "тәубә", "тәубә" дегізудің орнына, өкініш сезімдері көбірек билік құрып, өзіңді жаңа ойларға бастап кетеді екен...
...Ғұмырыңның өнегелі өмір мен құдіретті өнерге жұмсаған бөлігі неге тоғышарлық пен қарын қамын қамдауға арнаған бөлігінен әлдеқайда кем түсіп жатады?.. Неге әр заманның озық ойлылары өз тұстастарының тоғышарлығы туралы күрсіне қайғырады, күңірене жазады?.. Әлде тоғышарлықпен күресу пенде ақылсыздығының бір көрінісі ме?.. Мүмкін Құдай тағала ізгі, қанағатшыл, өз басынан өзге жайын кем ойламайтын, қарын қамынан көңіл қамын көбірек қамдайтыңдардан — қомағай, тойымсыз, күншіл, өсекші, тек қана "мен", "менікі" деп өмір сүретін жандарды Жаратылыс тіршілігінің негізгі бөлігі ретінде өмірге көбірек әкеле ме?.. Сонда қалай, алдымен аталғандарға тек қана тоғышарлар тіршілігіне көрік беру міндеті жүктеле ме?.. Дәл осы арада талай дананың басын қатырған баяғы ескі сұрақ қалқып шыға келеді: "Саналы тіршіліктің мағынасы не?"... Оның бұ жаратылыста алатын орны қандай?..
...Адам үшін ғана еңбек етер қоғамды құру мүмкін болмаса, адам көкірегін көріктендіруге тырысқан озық ойлылар еңбегі "арамтерлілер" еңбегінен әрі аса алмайтын болса — онда бүкіл жаратылыс тоғышарлар үшін жаратылып, жаңағы "арамтер" иелері де тек қана тоғышарлар үшін өмір сүрмек пе?.. Олай болса "озық ойлы" деп ат тағып отырғандарымыздың бәрі де түбі тоғышарға айналып тынбай ма?
...Шыныменен саналы жаратылыс мағынасы неде?.. ...Барлық табиғат адамдарды асыраймын деп әлек, ал адамдар аз күн тірлігінде не үшін әлектенбек?..
...Дегенмен тек қана осылар туралы ойланғанның өзі өміріңе нәр беретін ерекше құбылыс...
АҢҚАУЛЫҚ ЖӘНЕ ӨКІНІШ
...Жас ұлғайған сайын өткеніңді ойлай отырып, өзіңнің кейбір істеріңнен қате табасың және сол уақыттарда ой теңізінің бетіне өкініштен желкен таққан кейбір ұсақ бөлдіркелер (бір кісілік қайық) қаптап кетеді... — Өзіңнің ақиқат деп қабылдағаныңды қасыңдағы ең жақын адамдарыңның қабылдамауы өкініштің ең үлкені екен ...Кездескен жанның көбі есебін тауып бір алдап кетпекке құмар-ақ... Мен неге бәрінен алданып қала беремін?.. Осы уақытқа дейін барлық уақытта өзімнен өзгені көбірек ұлық тұтыппын. Бәрі асқар таудай көрінетін. Таныса келе, кейбірінің алдатөмпектен биік емес екеніне көз жетіп, тіпті іші шіріп жатқан сол төмпешікке жолауға жиренесің... Бұл ойлардың арғы жағында бір қадам жерде тоғышарлық ауылы да алыс болмас... Неге адам өзіне-өзі сену қасиетін тым кеш мойындайды екен... Бұл әлде менің ғана өкінішім бе?.. Шеті жоқ өкініш...
...Өзіммен кетер ең үлкен өкінішім: ол — басымызға қонған азаттық бақыты сәл ертерек: жастау, бойда қуат, ойда нәр көбірек кезінде кездеспегені... Мүмкін бойға біткен күш-қуат пен ойдағы арман-мүддені дұрысырақ пайдаланып, көбірек іске асыра алар ма едім?..
AЛДАУ МЕН АЛДАНУ
...Неге адам пендесі бәрі бірдей бір-бірін алдауға құмар?.. — Ой, сен бүгін жайнап кетіпсің ғой!.. — дейді біреуі. — Рақмет! — дейді екіншісі, өзінің жайнап тұрмағанын он жерден сезіп тұрса да. Өзге біреудің өзін әдейі алдап тұрғанына риза болып, тіпті, рақметін айтады.
...Адам пендесі алданып қалуға құмар-ақ, әрине оған айтылып жатырған сол азғантай өтіріктің оның жеке басына заттай шығыны және кісілігіне зияны жоқ болса.
"Айта берсін, дейді, — оған менің не шығыным"...
Міне дәл осы арада кісінің кісілігі мен сол кісінің өмір сүрер қоғамының қаңқасы анықталады, сол арқылы қоғамыңның жалпы сұлбасы белгіленеді... Ешкімге зияны жоқ секілді, әлгі айтылғандай азғантай өтірік үрім-бұтақ зәузатыңды, бота-тайлағыңды, ауыл-аймағыңды, шексіз-байтақ қауымыңды жайлап алады...
Ол біз қабылдайтын мәдениет емес. Осындай ұсақтардан адамдар көлгірге айналады... Ертең қолдарына тиер кез келген билікті көлгірлікпен пайдаланбақ, қоғамды суайттар қоғамына айналдырмақ. Өмір бойы өздері өтірік айтқандарға қосылып алданып келгендер де енді ештеңеге сенбеушілерге айналады...
...Қоғамға ең қауіпті адамдар: "Өтірік те болса бір ауыз жылы сөзін қимай ма", — деп, өзгелерді өтірік сөзге, жалған сезімге итерушілер. — Сіздің түріңіз бүгін ерекше әдемі екен, — дейді біреуі. — Сіздің де өңіңізді мына көйлегіңіз ашып тұр ғой, — дейді, екінші өтірікші...
...Қазақтар бұ күнде қазақша амандық-саулық сұрасуға арланады, ал әлгідей өтірік айта алатындары баяғыда-ақ өздерін мәдениетті, тәрбиелі кісілер санатына жатқызып қойған...
...Теледидардан: "Мен ел атынан сөйлеп отырмын, мен халық ойын айтып отырмын", — дейтіндер бұ күнде екінің бірі.
...Халықтың ойы бола ма екен?.. Оны кім, қалай анықтай алмақ?..
...Халықтың ойы болмайды, болса анықталмайды. Бар халық ойын айту мүмкін емес, тек қана олар атынан, ел атынан сөз айтуға болар. Ол билікке өз шеңберінде сайлау арқылы дәрежелі болған мансаптылар ғана ие, бірақ ол да ел ойын айтпайды, ел атынан сөйлейді.
...Елдің ойлаған ойы, толғанған ақылы болмайтынының бір дәлелі — көпшілік барлық уақытта да өңмендеген өлерменнің, "өтірікті шындай, шынды жымдай" ететіндердің, айқайшыл тасырдың, әупірім әумесердің жетегінде кететіндігі. Сондықтан да Абай данышпан "единица" мен "нөл" туралы түсінік тудырған.
ОЙЛЫ МЕН ОЙСЫЗ
...Пенде санасына сыймайтын "Жаратылыс" атты құбылыс туралы ой толғайтын әр адам өзінің сүйікті "мен"-інен әлдеқайда жоғары тұрған күш бар екеніне көзі жетер еді.
Ойланған пенде ой қорытындысымен амалсыз өзінің "құдайдың құлы" екеніне көз жеткізер еді. Тек осы ұғымға бағынған жан ғана санасына Құдіретке бағыныштылық сенім мен жанына қанағат сезім ұялата алады.
Ойсыз кісілер, "соқыр тауыққа бәрі бидай", өзінің күнделікті іс-әрекетінен өз "мен"-інің разы болған жобасынан тоятын тауып, ләззатын алып жатпақ.
...Ал ойлана білетіндер — баяғы Сократтан бастап, кешегі Эйнштейнге дейінгі, қандай ұлымын дегендердің бәрі де, Құдай бар екенін мойындаған, оның Құдіретіне табынған.
...Күш пен Құдірет табындырмай қоймас...
ЭКОЛОГИЯ
Сан ғасырлар бойы қамқоршысыз, жан ашырсыз қалған қазақ жері — нағыз қасіретті жер. Бұ заманда Аралы құрғап, Балқашы ортайып, ондаған өзенінің арнасы тартылып, мыңдаған бұлағы сарқылып, жері бір кездердегі түрін жоғалтқан. Қан тамырлары осындай дертке ұшыраса, денесі де толы мерез жаралар. Оларды емдеп жазу қазіргі біздің мүмкіншілігімізді еске алсақ, мүмкін емес шығар. Не де болса, тірі тән денесіндегі емделмеген жараның азып-тозып, іріңдей, құрттап-биттеп жүріп ақыры жазылатыны сияқты, жер мерезін де уақыт ақыры емдеп жазғанға дейін іріңдеген жара күйі қала беретін болар...
Сонда бізге қандай міндет жүктелмек?.. Жеріне жаны ашитындардың, біздердің басты мақсатымыз — ескі жараның асқынып кетуіне және жаңасының пайда болуына жол бермеу. Осындай әрі оңай, әрі қиын шаруаны қалай тындыруға болар?.. Ашығын айтсақ, ендігі жерде Жер бетіндегі бар тіршілік тек қана осы шаруаның қорытындысына тәуелді...
...Бірақ, өз еркімен тер төгіп жүргендер де, бұл мәселені шешу үшін мемлекет қаржысы сеніп тапсырылғандар да әлі күнге, бүкіл Әлемдік маңызы бар осы шаруаның:
— Экология — атты немесе
— Жаратылысты жаратылған күйінде сақтап қалу — деп аталатын, ерекше, қолмен емес, жүрекпен сезіне жүріп істейтін бұл шаруаның алдында жатқан алынбас қамал, беріспес бекініс бар екенін, ол туралы "аттан" салу қажет екеніне не батылы жетпейді, не ақылы жетпейді. Экология мәселесін шешу жолындағы әлгі атағандарымыз — қолында билігі барлар мен қалтасын сол арқылы қаржыға толтыратындар. Сондықтан да бұл мәселені шешу барысында "Жаратылыс сұранысы" мен "Адам құлқын" (адамның қомағай да тойымсыз құлқын) қоса қарастырмай, ешқандай нәтижеге жету мүмкін емес. Бәрі де бос сөз, босқа жұмсалған қаржы болып қала бермек...
...Табиғатта бәрі егіз... Жалғыздық тек Аллаға жарасқан... Сол сияқты жаратылыс та егіз — саналы, санасыз... Адам болмысы да жаннан және тәннен тұрады... Сонымен, "Экология" мәселесін қолға алмай тұрып, негізгі түсініктерді егіз деп алалық...
Жаратылыс — саналы және санасыз.
Санасыз жаратылыс — Жер және Аспан.
Саналы жаратылыс — адам тәні және адам жаны.
Жер мен адам тәні.
Аспан мен адам жаны.
Осы ұғымдар мағынасын бойға сіңіріп алып енді "Экология" мәселесіне кірісіп қаралық. Бұл мәселені соған қатынасушыларды тұтастыра қарамай, еш нәтиже шығара алмайсыз. Қатысушылар екеу — Табиғат және Адам. Олай болатын болса, бұл мәселені бөліп, жекелеп қараған дұрыс болар.
Экология — Табиғат және Адам экологиясы.
Табиғат экологиясы — Жер және Аспан экологиясы.
Адам экологиясы — Тән және Жан экологиясы.
Жаратылыс, экология мәселелерін қарастыра отырып оңай көз жеткізуге боларлық бір нәрсе — Жер мен Тәннің, Жан мен Аспанның бір-бірін жұптастыруға сұранып тұрғаны. Демек, тәннің жердікі, жанның аспандікі екенінің бір дәлелі осы да болар...
Біздердің, адамзат баласының алдында экология мәселесі бойынша сандаған сұрақтар туындаған. Солардың ішінен тек қана үшеуін таңдап алып, соларға жауап беріп көрелік...
— Жаратылысқа қауіп төндіріп тұрған кім? — Адам!..
— Жаратылысты кім қамқорлай алады? — Адам!..
— Жаратылысты кімнен құтқару қажет? — Адамнан!..
Сонымен біз "жаңалық" ашыппыз. Барлығын туындататын да адам екен, шешетін де адам екен. Мәселенің басы ашық. Енді тек қана шеше салуы қалған сияқты... Жоқ!.. Барлық кілтипан қазіргі айтылмақ ойда...
...Экология мәселесін қарастырғанда, адамдарды екі топқа бөліп, жігін ажыратып, әр топтың Жаратылысқа тәуелділігі мен тигізер әсерін нақтылап барып қараған кезде ғана дұрыс шешім таба аларсыз.
Бірінші топ: Мемлекет басшылары, жоғары мансаптылар, аса ірі байлар.
Екінші топ: қалың ел...
Бұл екі топтың өкілдері де, өз мүмкіндіктерінше, қолдарынан келгенінше, саналы, санасыз қылықтарымен табиғатты бүлдіруге, жаратылысты жаралы етуге өз үлестерін қосып жатады.
Екінші топтағылар — ағаш бұтағын сындырып, құдыққа түкіріп, көшедегі көгалды таптап... деген сияқты болмашы істерімен бүлікшілікке үлестерін қосып жатса, бірінші топтағылар бүкіл Әлемдік апатқа соқтырар шешімдер қабылдап, дүниенің төрт бұрышын тәрк етіп жатады. Бір-екі мысал келтіре кетелік...
...Күн энергиясы мен су энергиясын пайдалану мәселелерін қатар қойғанда олар қате шешім қабылдады. Соның қырсығынан шеті жоқ жасанды көлдер пайда болып, жер беті тұздана бастады да, адам пайдасына аспай қалды. Енді бір жерлерде бұлақтар мен көлдер кеуіп, жайылымдар мен ормандар келмеске кетіп жатыр. Бұлар биліктілердің қате шешімінен туындаған қасіреттер, қастандыққа тұрарлық қателер... Ал біле тұра, қастандық істеп отырғандардың Ел мен Жерге тигізер залалының жобасын есептеп шығу мүмкін емес...
...Кейбіреулерін атап өтелік:
Атом бомбалары...
Су астындағы жарылыс...
Аспандағы жарылыс...
Улы заттарды пайдалану...
Жаппай химия...
КГБ мен ЦРУ...
Ұлы мемлекет атану жолындағы бәсеке...
Елді арақпен суару...
Елдің ары, адалдығы — Құдайға сенуінен айыру...
Пайданы көп табу мақсатында тазартылмаған түтіндер мен улы газдар... Бәр-бәрін санап шығу мүмкін бе?..
Кім кінәлі деген баяғы сұрағымызға қайта оралалық. Оған жауап берілді. Адам!.. Бірақ біз адамдардың қайсысы екенін анықтап алдық. Енді баяғы елді мезі қылған ескі сұраққа тағы бір оралып көрсек — не істеу қажет?..
Жалпы айтпағымыз — экология деп айдар тағылған барлық мәселелерді шешудің бір-ақ жолы бар екенін ескерту... Әуелі, басшылар мен барлар деп аталатын қоғам мүшелерінің "жандарының экологиясын" түзетіп алмай тұрып табиғат экологиясына жұмсалған ел қаржысы ешқашан күткен дәрежеде нәтиже бермек емес...
Қорытындылай келгенде, айтарымыз — әр қоғам ең алдымен қоғам мүшелерінің жан сұранысы мен тән мұқтажын өтей алатындай, олардың жан дүниесі мен тәнінің экологиялық дағдарысқа ұшырамауын қамтамасыз ете алатындай адам аралық ереже, адам мен табиғат мұқтажын бірдей қамтамасыз ете алатын бір-біріне деген сүйіспеншілік, ең ақырында, соларды бұзушыларға қатаң жаза қолдана алатындай аяушылығы аз заң...
..."Адам экологиясы" жөнге келтіріле бастаса "Табиғат экологиясы" деген мәселе адам үшін де, табиғат үшін де өз мағынасын жоғалта бастамақ...
TYCIHIКCIЗ СҰРАҚ
Адамдардың мінін айтып жазғырған досынан біле тұра көлгір сөйлеп азғырған жауын жақын тартатыны неліктен?..
ЗАМАН МЕН АДАМ
...Заман және адам... Бұлар бір-біріне әсер етіп өздері өзгесінің құрылымын, болмысын, мағынасын өзгертіп тұрады. Тек қана адамдарға заманды өзгерту үшін ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар қажет болатын болса, заманның адамды өзгертуі үшін уақыттың да, ештеңенің де қажеті жоқ, бірден өзгерте салады...
БАҚЫТ
...Бақыт... Бұның өзі адам үшін тез өзгеріп тұратын құбылыс. Нәресте кезінде ол — қасындағы ата-ана... Махаббат буына елтитін шағында ол — сүйіп қосылған қосағың... Ендігі жерде әлгі айтылғандар кісіні бақытты етуге жарамайды... Ендігі бақыт әр пенденің өмірге көзқарасына, қоғам қалыптастырып берген санасына, пенденің өзі тігіп алған арман отауының мән-мағынасына байланысты... Қалған ғұмырында жаңағы айтқан әркімнің өзіне арнап тіккен арман отауына өз үйіндей боп кіре алатындар табылса, ол отау иесіне дос та, жолдас та, бауыр да... Адамның бірге туған ағайыннан алыстар шағы да, кешегі доспен қастасар шағы да осы кез... Оның бақыты енді өзіне емес, өзгелерге байланысты болып қалады... Біреулер байқамай өз арман-отауының есігіне ашылуы күрделі құлып салып алып, өмірін өкінішке, жанын жалғыздыққа алдырады... Ондай отауға ешкім кіріп-шықпайды... Ал, шындығында, бұның бәрін түсінікті тілге аударсақ, бақыт деген — өзің сүйіп істейтін ісің... Соның жемісі... Әрине, сол істі өзіңмен рухтас кісілермен бірге жүріп атқарсаң бақытың, қуанышың молырақ болмақ...
ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰЛЫ, МҰХАМБЕТТІҢ ҮМБЕТІ
...Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті... Мұсылман болам деген пенделер тек қана ислам дінінің кәусарынан қанып ішіп қана қоймай, адамгершілік ілімінің — жанын ізгілікке, пейілін қанағатшылдыққа жеткізер жолдарын басшылыққа алып отырса ғой шіркін... Ойлап қарасақ, мен мұсылманмын дегеннің бәрі бақытты ма?.. Олардың көбі мұсылманшылықты теория жүзінде мойындайды да, мен мұсылманмын дейді... Ал нағыз мұсылман — ол ең бақытты жан!.. Жаратылыс туралы ой толғап — ""Мен, Мен" деген, кісі жанын кеміріп жіберер, өзімшілдіктің жегі құрт сезімін ауыздықтап алып, өзінің менінен де ұлы — Алла тағала атты Құдірет бар екенін бойына сіңіріп алып, жанына ізгілік, пейіліне қанағат сезімін егіп алып өмір атты соқпаққа түсіп кетсінші... Ондайларды өмір де өкпелетпейді, тағдыр да адастырмайды.
ҮШ АРНА
Адам баласы саналы тіршілік ете бастағаннан бастап кешегісін, бүгінгісін, ертеңгісін ой елегінен өткізумен келеді. Осы ой жүйелері негізінен үш арнаның біреуіне апарып құймақ.
Біріншісі — материалистер көзқарасы. Олар жеке адам үшін, өзімшілдер үшін ерекше жағдай туғызып, "Пенде" тірлігінің арғы жағында ештеңе жоқ екенін дәлелдеп, кешегіні де, ертеңгіні де есептен шығартады. Сонысымен бүгінгілердің "тірі кезінде жеп қал, жұлып қал, көріп қал" қылығына жол ашып береді.
Жалпы философиялық көзқарас көбіне жаңа қоғам туралы армандаумен жұрт назарын өзіне аударады. Қандай болары белгісіз болашақ қоғам үшін бар тірлігіңді жоқшылықта, айдауда, кемшілікте өткізуде не мән бар?..
Үшінші арна — дін. Көп салалы бұл арна да өмір мәні туралы дәл жауап тауып бере алмай келеді. Христиандар жұмаққа тек қана христиандар барады дейді. Ол дін өмірге келмей тұрып өліп қалған жандардың жұмаққа бармайтындай қандай күнәсі бар?.. Мұсылман діні туралы әлі естімеген Африка орманында жүрген "жабайы" сорлының тозаққа түсерлік не жазығы бар?..
Жаратқан адам пенделеріне әр түрлі түс пен тіл бергені секілді дін де берген болар. Олай болса күнәнің ең үлкені өз дінінен өзге дінге бой алдырғандарда болмақ.
Біздіңше, ата-бабасының кешегісін өзінің бүгініне, өзінің бүгінін ертеңгі ұрпағының тағдырына жалғастыра алу үшін пенде біткен жалғыз Жаратқанға сенуі қажет болар. Құдайдың біреу екеніне, Алла тағаланың ұлттарының көптігіндей берген діндерінің де көп екенін жүрекпен түсіне білген дұрыс болар. О жақта "Мәңгілік" барына сену, "Жұмаққа" ізгі ісің мен жағымды қылығыңмен қоса ниет тазалығының, ой адалдығының да қажет екеніне сену керек шығар...
ПАРЫЗ
Парыз!... Бұл — біссімілладан кейінгі адамшылыққа бастар ең ұлы сөз! Адам ақиқатты да, мәдениетті де сенен таппақ. Парыз мағынасын түсініп, өз парызын адал өтеуді ойлаған жан сол сәтте пенделік болмысынан азаматтық биікке бірден көтеріледі.
Кісінің кісілігі оның өз парызын қалай түсінгендігімен, қалай атқарғандығымен бағаланса, өмір әділірек болар еді.
АҢСАУ
Барын күндесе дау табатынын, жарлысын менсінбесе жау табатынын; ағайын мен жат арасын айыра алмағанның, жақсы мен жаман арасын ажырата білмегеннің түбі жауға құл боларын; қанағатқа ұмтылудың тән байлығы, білімге ұмтылудың жан байлығы екенін кез келген адамы түсіне алар заман-ай...
СЕЗІМДЕР ЖӨНІНДЕ
Махаббат сезімі қуанышқа, түбі эгоизмге бастайды. Қайғыру сезімі аяушылыққа, түбі ізгілікке тартады. Сезімдердің ішіндегі ең ұлысы — өзгенің қайғысына ортақтаса алу сезімі.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ӨКІНІШІ
"Әттең, дүние-ай, қайтейін,
Баста бірлік болмады-ай!"
АДАМ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЖӨНІНДЕ
Адамдардың бірі адам тұқымдас маймылдан жаралса, бірі айуан тұқымдас маймылдан жаралған болса керек.
ӘДІЛЕТ ПЕН ҚАЙШЫЛЫҚ
Әділетсіздік қоғам мүшелері арасында қайшылық туғызары заңды құбылыс.
Бұрынғы кеңестік қоғамымызда ұлттық намысыңды таптатпауға күресе алмадың, себебі заң жоқ еді.
Дініңді ұстамақ түгіл атын атауға мүмкін емес-ті, себебі сені жауапқа тартар заң бар еді.
Ата-баба рухын қорлатпауға, ұлтыңның арын, өзіңнің болмысыңды зорлатпауға ара түсе алмайсың, себебі бар заң сені қорғамады...
...Енді өз заманымыз туралы ойланып көрелік...
Бір балық ұстағанды соттайды, заң бар, бір көлді тұтас құрғатып жібергендермен ешкімнің ісі жоқ.
Орманнан ұрықсатсыз бір ағаш кескен сотталады, заң бар. Орманды тұтасымен отап тастаған мен өртеп жібергенді жауапқа тартпайды, заң жоқ.
Бір әйелді зорлаған сотталады, заң бар. Елдің ең сұлу, ең көрікті қыздарын жезөкшелікке баулып, шет ел асырып жатырғандарға қой дей алмайсың, заң жоқ.
Қалтаңнан бір грамм жаман шөп шықса сотталасың, заң бар. Бүкіл елді аздырып жатырғандарға тыйым жоқ.
Арақ ішіп мас болғанға заң бар, оларды улап жатырғандарға заң жоқ.
Бұл қалай?..
...Сонда бұл заман кім үшін?.. Адамгершілік деген түсінікті аяқасты еткен содырлар үшін бе?.. Ұлт мүддесіне көкірегі соқырлар үшін бе?.. Сөзі мен ісін бір күнде қырық құбылта алар алаяқтар үшін бе?..
...Сонда саналылар тіршілігі не үшін?.. Әлгілердің тоймас қарыны мен толмас қалтасы үшін бе?..
ОЙЛАР... ОЙЛАР...
Ойлар... Ойлар...
Сендердің жетегіңде кеткен кісілердің бір басына жетерлік қуаныш пен бақыты да, асып төгілерлік уайым мен қайғысы да, ой артынан ой тудырарлық жұмбағы мен сұрақтары да жеткілікті болады екен. Сендердің қанаттарыңа мініп алып, ақылы қабылдамастай ғажайып әлемнің құпияларына араласып кеткен кезде басына ұя салар ойлардың қайсыларыңның Ақиқат, қайсыларыңның Қиял екендігін ажырата алса ғой, адам пендесі атты, жаратылыс туындысы, шіркін!.. Мына, тап кәзірі бүгінгі таңдағы (7.02.2001) біздің бір литр сұйыққа шақталып пішілген бастың көлеміне шексіздік әлемін сыйғызып жіберген ой, солардың қайсысы екенсіңдер?..
Біз алдымен, өзіміздің Ақиқат деп қабылдаған бір ойымызбен бөліселік... Жаратылыстың негізі — шар! Бәрі де шардан жаралған!.. Өмір сүру шарты — қозғалыс! Жаратылыстың жанды нәрселері түгіл жансыздары да мәңгі қозғалыста!.. Қозғалысының өз еркінен тыс бағынары шеңбер, дөңгелек, былайша айтқанда тұйықтық. Бәрі де тұйыққа тіреледі!..
Біздің пайымдауымызша бұл Ақиқаттарды басқалардан бұрынырақ мойындаған біздің бабаларымыз деп ойлаймыз. Олар баспанасын бұрышы жоқ үлгімен жасап, бүкіл әлемге шардың үлгісін көрсетті, шардың бар жаратылыс негізі екенін танытты.
"Қозғалмай жатқан тас астына су жүгірмейді", "Жүрген аяққа жөргем ілінеді" деп, мақал шығарып, ұрпағына өмір сүрудің басты заңын анықтап берсе, дүние жүзіне доңғалай алатын дөңгелекті арба жасап беріп, тіршілік ету дегеннің қозғалыс екенін ұқтырды...
...Алла тағаланың қандай екенін ойлаудың өзі көп жағдайда адамды күнәлі ойларға соқтырмай өтпейтін болар... Оны бір жанды-жансыз нәрсеге ұқсатсаңыз — ол күнә... Бірақ, Алла тағаланың Өзі пендем ойланып жүрсін деп сол қауақты ми деп аталатын ақыл ерітіндісіне толтырып қойса не істейсің?.. Амалсыз ойға батасың, қиялға берілесің...
Кісіні күнәға батырып кетуі мүмкін. Қияли ойлар да пенде тіршілігіне қажетті нәрсе секілді.
...Адам пендесінің бұ шақтағы ақыл-ойының даму процесінің ең жоғары шарықтау шегі, біздің ойымызша, "Жаратылыс" пен "Табиғат" атты құдіретті мойындау болды деп есептейміз. Адам балаларының даму эволюциясының осы кезеңінде нағыз тоңмойын материалистерден басқалары бір құдіреттің барлығына шек келтірмейтіндей санаға ие болғандай. Ал ондай мойындау "Шексіздік" және "Мәңгілік" деген ұғымдардың алдында бас игізбей тұра алмайды... Олар, әрине, жаңа ойларға жетектейді...
...Аспан кеңістігі қандай екен?.. Мүмкін ол мына шалқып жатқан Атырау теңізіндей біртұтас дене болар?.. Сол алып нәрсе туралы ойланып көрелікші... Атом деп аталатын денесіндегі ең кіші бөлшектері Күн мен Темірқазық секілді, электрон деп аталатын одан да ұсақтары Жер мен Марс секілді жаратылысты не көзге елестетіп, не сана мүмкіншілігіне салып салмақтадық делік... Егер бір атомы Күн системасындай болса шексіздік дегенің сол емес пе екен?.. Жаратылыс заңы — тірі денеде ескірген клеткалар өшіп, орнына жаңа клеткалар пайда болып, тірі дене өшіп-өсіп жатады дейді... Егер бір клеткасының (Күн системасы) өшуі үшін миллиардтаған жылдар керек болатын болса мәңгілік деген сол емес пе екен?.. Бір клеткасының алмасуы миллиард жылға созылатын, бір атомының шамасы күн системасындай құдіреттің, аты арап тіліндегі Алла болмағанда, парсы тіліндегі Құдай болмағанда, түркі тіліндегі Тәңір болмағанда, славян тіліндегі Бог (Мұрад Аджи Алла, Құдай, Бог, Будда сөздері ескі түркі тілінен тараған деп болжам жасайды) болмағанда кім болушы еді... Әрине сол!.. Ал Біз жақсы ойларымыз бен істеріміз арқылы сол құдіреттің әзірге өше қоймаған бір клеткасы ретінде Оның ыңғайына бағынып, Оған жаратылыс атты ғаламатының үндестігін (гармониясын) бұзбауға тырысу пенденің негізгі міндеті екендігіне ақыл жеткізе алсақ Ұлы ІІІексіздіктің Мәңгілігіне қосқан үлесіміз болар ма еді?.. Денесіндегі сіркесін сыққан маймылдардай Жаратылыстың анда-санда адам атты биттерін тырнаққа салып сығып, отқа ұстап қақтап алатыны соларға ренішінен туып жүрмесін?..
...Мүмкін ғой...
Жүрегі ізгі, халыққа қайырымды, Алла алдында адал жақсыны замандастары неге шеттетеді?..
... Сөйтсе оларды заман пысықтары, әуелі, азғырып, алдап, болмаса ебін тауып, пара беріп, түбінде тұзаққа түсіреді екен де, өздеріңдей бір жемсаудың, бір қорқаудың біріне айналдыра салады екен.
Содан кейін, оны жақсы көріп, жек көріп жатпайды. Ат кісілігін жоғалтпағанның өтірік те соңына ереді, өсек те соңына ереді. Сонда жақсыны не үшін жек көреді?.. Заман пысықтары оны жек көрмейді екен, оның қара басында ешкімнің шаруасы жоқ. Олар оның адал ісін, ізгі жүрегін жек көреді.
ЖОЛДАР
Ел тағдыры жол айырықта шешіледі. Тағдыр, тарих елді тығырыққа тіреген кезде жүріп келе жатқан жолың шорт үзіледі. Алдыңда сансыз жол....
Қайсысы қайда жеткізеді?
Қайсысы елге пайдалы?
Түсеріміз даңғылға шығарары ма, адастырары ма, тұйыққа тірері ме?
САНА
Ұлт санасы деген не?
Ұлт дегеніміз сол ұлтты құрастырып тұрған адамдар.
Осыған келіссек, ұлт санасы дегеніміз — адамдардың санасы.
Демек, ұлт санасы туралы ойланғанда күнде көріп жүрген таныс кісілер санасы туралы ойлау қажет секілді.
Ұлт санасы өтпелі кезеңдер туғанда тоқырауға ұшырамақ. Дәл сол шақта ұлт көсемі елін тығырыққа тіремес даңғылға алып шыға ала ма, әлде билікке таласар айқайшының даусында, жандайшаптың шылбырында кете ме?
Соңғылары нағыз қауіпті жандар. Елін сүйген азаматтардың өз ойын ортаға салар, ел қамын ойлар шағы осы шақ.
ХАЛЫҚ ДОСЫ
Сан ғасырлық құлдықтан басы босап шығу сәті түскенде қазақтар бақталас боп "Алаш Орда" мемлекетін үш жерде құрған екен. Бәрінің аузында бір ұран — қазақ халқының бақыты мен тәуелсіздігі.
Бірлікке бастар бірі жоқ,
Өзінен басқа ірі жоқ,
Мерт болмай тоқтар түрі жоқ.
Сонда халық досы деген кім?
Билік басындағының бәрі бірдей халық көсемі бола алмайды.
Елге "көсемдік қасиеті бар кісіні" дәл таныта алған кісі ғана халық досы.
ӨКПЕ ТУРАЛЫ
Адамға өкпелеуге бола ма? Болатын да, болмайтын да реттері бар секілді.
...Колхоз жиналысына кешігіп қалғаны үшін анамды жеті атасынан қозғай балағаттап, киіз үй үзігін ат үстінен қамшымен тартып-тартып жіберіп:
— Сен қатынға үшінші рет конфиска жасату керек болып отыр ма? — деп ақырған әкемнің құрдасы, менің өмірімде өшпес із қалдырған болар. Менің тұла бойымдағы барлық қан тамырларымның, нерв жүйелерімнің әрбір клеткасында зорлыққа деген, әділетсіздікке деген ыза тудырар қозғаушы күш болып қалғаны анық. Жыртық үзікті жыртып жіберердей боп сатырлаған сол қамшы дыбысы менің жүрек етімді, тілім-тілім етіп, надандық пен мәңгүрттіктің, даңғой мен айқайшының жаудан асқан жау екеніне көз жеткізді. Бірақ заман өтіп, енді ақыл тоқтатқан бұ шақта ол кісіге деген өкпе сақталмапты. Ол да менің әкем секілді заман құрбаны екен. Біреуі заман ағынына бейімделе алған құрбан, екіншісі бейімделе алмаған құрбан.
АДАМ
Адам — жұмбақ. Оларды адал еңбек пен іскерлікке, ізгілік пен қанағатқа, қайырым мен достыққа үйрету қаншама қиын болса, бұзақылық пен арам ниеттілікке үгіттеу соншалықты оңай...
ХАЛЫҚ
Халық қызық. Нағыз ұлыны ұлы тұтуға қаншалықты қарсы болса, ұлы рөлін ойнағысы келгендерді ұлы тұтуға соншалықты құмар.
ПЕНДЕ
Пенде өзін-өзі алдауға құмар-ақ. Жан-дүниесінің азғанына арланбайды, етігінің тозғанына намыстанады.
ӘЙЕЛ
Әйел заты беріле сүйе білер, бірақ беріле дос бола алмас.
ҚАСҚЫР МЕН МЫСЫҚ
Сіз қасқыр мен мысықтың қайсысының қаныпезерлеу екенін айыра аласыз ба?
Қасқыр жыртқыш ойланбастан қолына түскенінің жанын жаннамға бір-ақ жібереді. Ал мысықпақыр сорлы тышқанды қалай азаптайды десеңші? Жүрегі ұша қорыққан әлсізді тыраңдатып, сан аударып, тіпті ара-арасында үміт отын тұтатып, босатып жіберіп, қайта ұстап алып, әбден жүрегі жарылып өлгенше азаптайды.
Менің қасқырға жем болған тоқтыдан көрі, мысық азабына ұшыраған тышқанға жаным көбірек ашиды.
Адамдар арасындағы тышқан рөлін атқарып жүрген кейбір жандардың жандарының сірілігі таң қалдырмай қоймайды.
ӨЗІҢДІ ТАНУ
Өзіңді өзің тану қиын мәселе деп жатады. Дегенмен тырысып қаралық...
...Көзіңді тас қылып жұм. Екі шекеңді қос қолдап қыс. Сана жанарына елес берер сызықтар мен ойлар өз орындарын тауып, бар дүниені қара құрдым түнек басқан сәтте сол қара құрдым ішінен өзіңді-өзің кездесуге шақырып көрші. Алдыңда кім тұр?
...Бар дүниеге ұялмай қарай алатын қарапайым, жайдары күлкілі жәй біреу ме?
...Ойсыздау, аңқаулау жан ба?
...Әлемнен түңілген, адамзаттан торыққан сорлы ма?
...Жымысқы күлкілі зымиян ба?
...Аяр қылықты ала аяқ па?
...Қан аңсаған қанішер ме?
...Антын аттап өтер арсыз ба;
...Танып ала алсаң арғы жағы өзіңе байланысты...
ӨМІР
Өмір деген не? Адам деген кім? Менімше, өмір деген — адам...
Жаратылыстың ең ұлысы да, күрделісі де адам дейді. Адамдардың санасының табиғатқа деген көзқарасы өмір туралы ұғым қалыптастырмақ.
Кейін жаным жұмақта болар деген дәме болмаса, адамның малдан айырмашылығы бір-бірінен артық-кем аз ғана етінің мөлшері болмақ...
СҰРАҚ
Неге, Сіздер, кейбір өзімшілдер, бар дүниенің өлшемі де, өңі де өзім деуге құмарсыздар?..
МЕН КIMMIH
Мен өзімді қаншама қоқыс құйса да лайланбас шалқармын деп айта алмаспын. Тұнығымды сақтай алмаған кездерім бар болар. Бірақ менің өзімнен-өзім жиіркенген кезім жоқ.
ЕКІ КІСІ ӘҢГІМЕСІНЕН
— Сіз кімсіз?
— Сұрап көріңіз, жауап беріп байқалық.
— Сіз өзіңізді баймын деп ойлайсыз ба?
— Баймын.
— Байлығыңыз неде?
— Кедейлігімде.
— Адалдығыңыз неде?
— Байлыққа құмар еместігімде.
— Қайырымдылығыңызды қалай байқайсыз?
— Қайыр-садақа бере алатынымнан.
— Өзіңізге-өзіңіз немен ризасыз?
— Кісіге еткен жақсылығым үшін жауап күтпеймін.
— Бақытыңыз неде?
— Тек өзім деп емес, өзге үшін де еңбек ете алатынымда.
— Сеніміңіз неде?
— Қолыма алған кез келген шаруаны тындыра аламын.
— Ақымақтығыңыз неде?
— Өзгеге сенгіштігімде.
— Адалдығыңыз неде?
— Ешкімге жаман тілек тілемейтіндігімде.
— Арамдығыңыз неде?
— Ақылдылығымда.
— Ақылсыздығыңыз неде?
— Жұрттың бәрінен ақылды іс күтетінімде.
— Білімділігіңіз неде?
— Ата-баба тарихына қызығатынымда.
— Даналығыңыз неде?
— Табиғатқа сенетіндігімде.
— Діңдарлығыңыз неде?
— Жүрегімнің қалауында.
— Батырлығыңыз неде?
— Басымды қауіпке байлай алатындығымда.
— Қорқақтығыңыз қайдан байқалады?
— Заңды бұза алмайтынымнан.
— Өкінішіңіз?
— Ұзақ жылдар бойы тіршілік заңын дұрыс ұқпағаным.
— Жастығыңыз неде?
— Сезімге еріп өлең жолдарын құрастырамын.
— Қарттығыңыз неде?
— Оңашаға құмармын.
КӨПШІЛІК
Көпшілік қылығына таң қаласың. Жақсы болуға тиіс деген кісісінің бойынан (мысалы Ел басының) жаман қасиет, жаман қылық көргісі келмейді. Көрсе кешіре алмайды. Сол секілді олар жаман деген ат тағылғандар бойынан (мысалы, түрмеге түскендер) жақсылық қасиеттерді іздемейді. Ал барлық адам бойында Құдірет жаратқан барлық қасиеттер (жақсылық пен жамандық, ізгілік пен қатыгездік, қайырым мен сараңдық, сүйіспеншілік пен сатқындық) бар болатындығы ақиқат. Жақсы болу да, жаман болу да әр кісінің өз бойында бар сол қасиеттерін пайдалану шамасына байланысты. Олар (адамдар) өздерінің ұзақ ғұмырын жақсы, жаман қасиеттерін қатар пайдалана өмір сүреді.
ӨМІР МАҒЫНАСЫ
Адам атын арқалап өмір сүру мағынасы — әркімнің қарнын немен толтырғанында емес, әр адам жанын қандай жегі жеп жатқанында.
АСЫЛДАР ОРНЫ
Асылды қайда жасырсаң да көзің сол жақта болар, ақылдыны қайда отырғызсаң да отырған жері төр жаққа айналар.
ОҚУ ОРЫНДАРЫ
Оқу орындары маман емес, алдымен адам дайындауға тырысуы қажет.
ҮЙЛЕНУ
Көркіне үйленерсің, мінезімен өмір сүрерсің.
ЕЛ ТАРИХЫ
Өз халқының тарихын зерттемеген кісінің ел ертеңі туралы шешім қабылдауға қақысы жоқ.
ӘДІЛДІК
Кісінің кісілігі оның өз парызын қалай түсінгендігімен, қалай атқарғандығымен бағаланса, өмір әділірек болар еді.
МЕНІҢ АҚИҚАТЫМ
Жалпы адамдарға (Олардың ішінде Мен де бармын) және менің ойымда отырған Сізге көптен бері айтқалы жүрген менің бір Ақиқатым бар:
— Олар және Сіз өздеріңізді қалғандардан қаншалықты қулау сезінсеңіз де (мысалы, қолыңыз жеткенді қулықпен жеттім деп есептейсіз делік);
— Олар және Сіз өздеріңізді қалғандардан қаншалықты дәрежелі сезінсеңіз де (шыққан төбеңізді биік санайсыз делік);
— Олар және Сіз өздеріңізді қалғандардан қаншалықты бақыттылау сезінсеңіз де (өз өміріңізге ризасыз делік);
— Олар және Сіз қалғандарды қаншалықты қор тұтсаңыз да: ертең-ақ, мынау қып-қысқа (қамшының сабындай) ғұмырда тірлік кемесі жағаға тірелген күні (қайтар жол жоқ екенін бәріңіз де білесіздер) кәзір ғана қор тұтып отырғандармен теңесесіз. Оны Ол қылып тұрған, Сізді Сіз етіп тұрғандардың барлығы да ұмыт болады... Жоқ, бәрі бірдей ұмыт болмайды. Кейбіреулер замандастарының (кәзір ғана қор санап тұрғандардың) рухани тірлігіне айналар, күннен-күнге қадір-құрметі арта түсер жалғыз-жарым жандар болмақ. Өз тіршілігін осы ақиқатқа басқарта алған кісі бұ пәниде бәрінен де бақыттырақ болмақ... Мүмкін "О" жақтағы Жұмақ соларға арналатын болар...
ДАНЫШПАН
Данышпан — данышпан керек қоғамға ғана керек.
ECКI ӨНЕР ТУЫНДЫСЫ
Туған жерден табылған ескі өнер туындысы — ол, тірі ұрпақ ата-бабасының бекзаттылығының белгісі. Сол жәдігерліктерді сақтай алса — ол, осы ұрпақтың да бекзаттығының белгісі.
ЕР ҚАҚЫСЫ
Ата-баба тарихын зерттей зерделеген ердің ғана ұлт болашағы туралы шешім қабылдауға қақысы бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі