Тірлікте болғаның — өмір сүргенің!
Бірлікте болғаның — бақытты өмір сүргенің!
С. Назарбекұлы
1. Адам Ата мен Һауа Ана
Ел ауыздағы аңыз бен жазушы қауағындағы қиял туғызған бұл әңгіме-сұхбат автор көкірегіне уя салғалы біршама уақыт өткендіктен сыртқа шығармауға болмайтындай шегіне жетіпті. Сондықтан да ой иесі, автор, сіздерге сыр ашпаққа белін бекем буыпты.
Әлқисса... Жазушы — мен, айтушы — ол, тыңдаушы — сен, біз ушеу екенбіз. Біздер таныс та болмаспыз, тіпті ешқашан кездеспеуіміз де мүмкін. Тек қана біздерді жеке-жеке пенделік оңашалықтан құтқарып қогам етер, ортақ мүддеге талпындырып біріктірер бір нэрсе бар. Ол — бәрімізге ортақ ойлар. Олай болса тағы да бір ой толғап көрелікші.
Соңғы кезде біздің басымызға, осы сөз етпек болып отырған ойларымыз, адам пенделерінің санасынан шет қалып келе жатқан жоқ па екен деген күдік кіргізетін болып жүр.
Сонымен қоса біздің көкірегімізге, осы сөз етпек болып отырған ойларымыз, адам қоғамының жақсара түсуіне де, пенде болмысының ізгілене түсуіне де септігін тигізуі мүмкін-ау деген әлсіз үміт отын үрлейтін болып жүр. Сонымен...
Алла тағала адамды не үшін жаратты екен?
Әлде өзі жаратқан шексіз әлемде саналы жалғыздықтан жалықты ма?
Жаратушы Құдірет адам пенделернің рухани болмысын қандай түрде көргісі келеді?
Ұлы Жаратушы періштелерін жұмсап Жерден алдыртқан топырағын қырық күн өз қолымен илеп, махаббатпен адам тәнін жасап шыққандығын, сонан соң оған үрлеп жан кіргізіп, алғашқы саналы тіршілік иесін өмірге әкеліп, Адам деп aт қойғанын бәріміз де діни кітаптардан оқып алған болармыз.
Қолымен илеп тән жасаса, ал содан соң аузымен үрлеп жан кіргізсе онда жан мен тәннің екі бөлек нәрсе болғаны. Солай болған болар деп, ой мен жорамал арқылы бір қортындыға келуге болады екен.
Аллатағала әлемді сөзбен жаратқан.
Адамды өз қолымен илеп жасаған.
Өз қолымен илеп жасаған сүйікті туындысына Адам деп aт қойса, Аллатағала түркі тұқымдас елдер тілінде сөйлеп, сол елдер тілінде ойлайды ма екен?
Жүрегіңді бір сәтке мақтаныш пен қуанышқа кенелтер, өмір бойы жауапкершілік пен қорқынышқа толтырар қандай құдіретті, қандай қауіпті ойлар еді.
Сонда сүйікті Алламыздың алғашқы жаратқаны түркі нәсілдес адамдар болғаны ма?.. Астафралла! Кешірім ете көр, Жаратқан ием!
Ұлы Жаратушы махаббатпен жасаған жалғыз адамы жалғыздықтан жалықпасын деп қабырғасынан Һауа ананы да жаратып екеуін жұмаққа жіберіпті дейді.
Ей Ұлы Жаратушы! Бұл шығармада еркін ой мен ерсі сөздер кездесіп жатса жазушыны да, айтушыны да, тыңдаушыны да күнәга жаза көрме.
Сенің мейірімің мен кешірімің шексіз!
Жалғыз Алла!.. Жалғыз Тәңір!.. Шексіздік!
Санасыз ба, шексіздік те ессіздік.
Жаратыпты тауды, нуды, шөл мен су,
Ал адамды жаратыпты бас, көз ғып.
Шексіз ұғым сыйғызыпты сөзіне,
Шексіздікті сыйғызыпты көзіне.
Бәрін қиған, бәрін берген Адамға,
Өзін және ұқсатыпты өзіне?
Махаббатпен жаратыпты, өң беріп,
Ғажаптардың ғажабына теңгеріп.
Пенделерін сақтандырып күнәдан,
Пайғамбарлар үмбетімен дем беріп.
Әлқисса... Ұлы Жаратушы Адам мен Һayа ананы жаратып Жұмаққа жібереді. Бірақ олар Жұмақта бар болғаны бір жарым күн ғана (біздің уақытпен салыстырғанда жетпіс бес мың жыл) болыпты дейді.
Оларға Жұмақта не істесе де ерік беріледі, тек қана бидай дәнін жемеу керектігі ескертіледі.
Һауа Ана әзәзіл сайтанның азғыруына еріп бидай дәнін өзі де жеп көреді, Адам Атаға да жегізеді. Сол үшін олар Жумақтан шығарылып, Жерге түсіріледі. Aл жерге түскеннен кейін Ұлы Жаратылыс бұйрығымен Хауа Ана кілең егіз ұл мен қыздарды өмірге әкеледі.
Осылайша Жер бетінде алғашқы отбасы, ошақ қасы пайда болыпты.
Адам Ата мен Һауа Ана өз ошақтарына от жағып, өз қазандарына ас салады. Содан бері барлық Ата мен Аналар өз шаңырақтарын көтеріп мақтаныш сезіміне бөленсе, артына ұрпақ қалдырып бақыт сезімінің дәміне кенеліп келеді. Сол үшін біздер, қазіргі шаңырақ иелері мен ошақ басылары барлық рахметімізді Һауа Анаға айтуымыз керек болар.
Егер Һауа Ана бидайдан ауыз тимесе, Жер бетіндегі жалпы адам атты жаратылыс болмаған да болар ма еді?
Өмірге келмесек біздер мынау ғажап әлем мен тіршілікке деген сезімдерден ада болар ма едік?
Осылайша адам пенделері тегін тамақ, жайлы жай Жұмақтан айырылып, махаббат үшін ақыл менен еңбектің, күрес пенен тартыстың арқасында ғана тіршілігін жалғастыра алатын Жерге түседі.
Осылайша Жұмақ жайдан айрылып,
Бірде күліп, бірде қажып, қайғырып,
Өмір сүріп жатады екен адамдар,
Сүйікті екен Алла саған қай қылық?
Ал үшеуміз ой толғалық қосылып,
Ой тұлпар да кетер сонда жосылып.
Біздің ойлар нақ шындық деп ойлама,
Ақиқатын Алла білер, осыны ұқ.
Оймен асып ғасырларды ұталық,
Оймен озып мезгілді де жұталық.
Ой санамен жете алсақ сол шаққа,
Кетер мүмкін жаңа ойлар тұтанып.
Қалай дұрыс, ойды неден бастасақ,
Асықпасақ, қате қадам баспасақ.
Мыңтолғанып, қабырғамен кеңесіп,
Күнді, айды, ғасырды артқа тастасақ.
Һауа Ана тірлік басы, ойлашы,
Аналарға арналсын да ой басы.
Ер тумай ма, қыз тумай ма анадан,
Шілдехана, туған күндер — той басы.
Тірлік басы, бесігі де аналар,
Қалай пенде оған "кінәң таға алар?
Һауа анамыз дәм татпаса бидайдан,
Ұят жерін сезу қайда, жаба алар.
Ылғи егіз бала өмірге келіпті,
Ауыстырып, жұптастырып теліпті.
Осылайша ата-ана бұйрығы,
Болған екен балалары серікті.
Әлқисса... Алла тағала әлемді адам үшін жаратты дейді. Бұл қағиданьщ рас екеніне Алла тағала әу баста, адам жаратылмай тұрғанда, сегіз Жұмақ пен жеті Тамұқты жаратып қойғаны дәлел бола алады. Оларды болашақ адамдарға арнамағанда кімге бола жаратады?
Алла тағала әу баста, адам жаратылмай тұрғанда, періште мен әзәзіл сайтанды жаратыпты. Асылы, әзәзіл сайтанды адамдар өз ақылын толықтыра түсуі үшін, сайтанмен күресе жүріп жетіле түсуі үшін жаратқан болар ма?
Бұл ойдың мүмкін екендігіне — әзәзіл сайтан азғы — руына қарсы күресу үшін Алланың адамға сана беруі дәлел бола алатын секілді.
Ей адамзат! Осылайша саған сана берген! Сананы дұрыс жолға пайдалансаң ғана сайтанның тұзағынан құтыласың. Сайтанның азғырғанына ерем деп Адам Ата мен Һауа Ана жұмақтан шығарылғанын ұмытпағандар күнәдан аулақ жүрмек.
Сол уақиғаның мағынасын сана арқылы өткізіп, ақыл ойла да Жердегі өміріңді мағыналы ет!
Өзіңе — Жерде адамдар, Аспанда Алла тағала рахметін айтатындай болсын, өміріңді қайырымды қылықпен, ізгілікті істермен өткіз!
Әлқисса... Абылды Қабыл өлтіріп... Сұмдық-ай! Аллатағаланың алғашқы пайғамбарының балалары бірін бірі өлтіреді.
Абыл мал баққан шаруа, ақкөңіл, еңбекқор, адал жан екен.
Қабыл егінші болыпты. Өмірде қызғаншақ, Аллаға да садақасын ризашылығымен бермейтін сараң кісі болса керек.
Періште мен Сайтан!
Жұмақ пен Тамұқ!
Абылды Қабылдың өлтіруі!
Егер Алла тағала адамды жаратып, олардың ұрпақтарын өсіп-өнетін етпесе онда әлгі санап шыққан нәрселеріміз әлемге не үшін керек?
Булардың барлығы да Алла тағаланың әлемді адам үшін жаратқанының дәлелі секілді.
Бұлардың барлығы да адам пенделеріне өмірде өзін-өзі қалай ұстауы керек екеніне, ертеңіне өздерін қалай сақтауы керек екеніне берген сабағы секілді.
Осыларға сенсең, санаң мен ақылың сені күнәдан сақтар. Бүгін күнәдан сақтаса, ертең Жұмаққа жеткізер.
Өзің кімсің? Періште мен сайтанның қайсысының ығындасың?
Бүгінің қандай? Абыл мен Қабылдың қайсысының ұрпағы секілдісің?
Ертең сені не күтіп тұр? Жұмақ пен Тамұқ туралы ойланып көрдің бе?
Мұсылман дініне Алла тағаланың "Ислам " (сенім) деп aт беруі де тегін емес секілді. Барлығы да әр адамның өз сеніміне байланысты.
Сұрақ, сұрақ... Неткен шексіз сұрақтар
Жаның барда, ойың барда сұрап қал.
Егер сұрақ қозғамаса әлемді,
Сана сөнер, тірлік өшер, тұрақтар.
Ойлар, ойлар... Неткен шексіз шексіздік,
Ойдан қашар мәңгүрттік пен ессіздік.
Ойға батсаң, жақындатар Аллаңа,
Ойланбасаң жібереді-ау тексіз ғып.
Сайтан неге әлем билеп желікті?
Алла қалай сайтанға ерік беріпті?
Алла неге Абыл-Қабыл қосақтап,
Жақсылыққа жамандықты теліпті?
Ұлы Әлемнің мағынасы неде екен?
Жарасады ойшыл жанға не десем?
Ей ақылым тізгінімді тежейсің,
Қиялыма ерік бермей неге сен?
Неге белге қылыш байлап тағындық?
Неге адам бейбіт өмір сағындық.
Неге Алла бұйырмадың әу баста,
Жаратуға Қабылды да Абыл ғып?
Періштеден сайтан сөзі өтімді,
Абыл Ата адамдығы сетілді.
Қан ішкендер — Қабыл жолын қуғандар,
Билік сонда, неге солар жетілді?
Абыл қашан арыз Сізге айта алды?
Қашан кегін Қабылдардан қайтарды?
Неге Алла жаратпадың әу баста,
Періште ғып барлық малғұн сайтанды?
Әлқисса. Адам пенделері осылайша Жаратушысына жалынған екен дейді. Сонда Ұлы Жаратушы Періштелері арқылы адамдарға жауап қайтарады.
Періштелер адамдарға шексіз әлемнің күрес үшін жаратылғанын түсіндіреді.
Адам түгіл аспандағы жұлдыздар да бірін-бірі жұтып жатады екен дейді.
Жұлдыздар секілді Жерде Адам Ата ұрпақтары да күреске түседі. Сол үшін бірігіп қоғам құрады, мемлекет орнатады. Бірақ олар ұлт пен ұлтты, дін мен дінді қарсы қояды. Бай мен кедейді, билік пен бағынышты қарсы қояды.
Тірліктегі күресті адамды адамға қарсы қойып емес, жамандыққа жақсылықты қарсы қойып күресу қажет!
Тірліктегі тартысты дінді дінге қарсы қойып емес, қатыгездікке қайырымды, жауыздыққа ізгілікті қарсы қойып күресу қажет!
Абыл тұқымды адамдардың басты күші ақыл менен санада. Бірақ олар әлі күнге соны пайдалана алмай келеді. Абыл нәсілділер барлық адамзатқа әділетті қоғам негізін тек қана өзі секілділердің ауызбірлігі арқылы құру керек екенін түсіне алмай келеді.
Қабыл тұқымдылардың басты күші қулық пенен зорлықта.
Абылдардан Қабыл тұқымдылар аз. Бірақ аз болса да ауыз бірлігі күшті. Соның арқасында олар Абыл тұқымдыларға зорлық пен қорлық көрсетіп келеді.
Осыларды абыл нәсілділерге періште былайша түсіндіріп жатыр екен дейді.
Алла сыйлап Ақыл атты пырағын!
Жол сілтеді Сана атты шырағы!
Пайдаңа асыр жеңу үшін Қабылды,
Санаң қайда, ақыл қайда, шырағым?
Қабыл тентек, одан теңдік дәметпе,
Асырмайды ақылыңды қажетке.
Тер төккенмен түк тыңдырмай қанша жан,
Өтіп жатыр батырың да, өжет те.
Жұлдыз жатыр жұлдыздарды жұтып aп,
Одан ойлы, ақыл ғана құтылад.
Күреспеген жұтылады, ескертем,
Есептелген бірлік күшке бұ тұрақ.
Ант бермейді адам жолдан аумасқа,
Тілемеуге пәле-жәле сау басқа.
Жан-жануар өзін-өзі сақтайды,
Жаратылды олар солай әу баста.
2. Абыл
Әлқисса... Абыл — Адам Ата мен Һауа Анадан өнген алғашқы адам баласы. Мал бағып, Жаратқанға жалбарынып, ізгілікпен өмір сүріпті.
Жаратылып Тәңір берген батадан,
Қорқаулыққа, жалқаулыққа жат адам —
Адам Ата алғашқы ұлын Абыл деп,
Түркі тілде, түркілерше атаған.
Алласына махаббатпен табынған,
Ізгілікті, қайырымды сағынған,
Жаратқанды, табиғатты сүйгеннен
Мейір есіп тұрады екен Абылдан.
Қайырымды сүйе білер сағына,
Жаратылып бар адамзат бағына,
Қанағат пен шүкіршілік етері,
Жағынбаған, алмайтын да шағына.
Ізгілікпен жетеміз деп бақытқа,
Келеді олар өмір зарын татып та.
Біріге алмай, даңғылына түсе алмай,
Адасқанға кезінде таң атып па?
Содан олар өмір бойы сорлаулы,
Қолдамайды күшке салып зорлауды.
Үйренбеді Абыл ата ұрпағы
Бірлікпенен өз тірлігін қорғауды.
Ойланса ғой Қабыл қандай, Абыл кім?
Міні бар ма жаратуда Абылдың?
Ей абылдар!, ескеріңдер, ерекше
Ұйымдасқыш ұрпақтары Қабылдың.
Ал Абылдар — адал жандар тірлікте,
Оларда жоқ мінез деген бір бүкпе.
Басқалардан тек жақсылық күтеді,
Абыл міні — ұмтылмайды бірлікке.
Абыл — ізгі, қару етпек сананы,
Бетке ұстайды ар мен иман шаманы.
Жақсылықты күтер тіпті жауынан,
Кемшілігі, аңқаулығы бар әлі.
Сағынады олар елдің бірлігін,
Сағынады тәуір тұрмыс,тірлігін.
Бірақ әлі қосылмаған бастары,
Осы, ғажап, шешілмеген сыр бүгін.
Бұл арада жоқ-ау ойдың тереңі,
Бірлікке ұмтыл осы-ақ барлық керегі.
Қай ғасырдан, қанға бөккен, сұрасаң,
"Бірлік, бірлік, бірлігің қана дер еді.
3. Қабыл
Әлқисса... Діни кітаптар Қабылдың қызғаншақ, сараң кісі болғандығы туралы әңгіме етеді.
Екінші ұл аталыпты Қабыл деп,
Ол күндепті ағасының бағын, көп.
Егер Абыл болмағанда өзімнің,
Артар еді атағым мен бағым деп.
Мойындамас атақ пен бақ еңбекте,
Мұсылмандық сенім керек сенбекке.
Жүрек керек жақсылыққа жармасар,
Дейтін оған ұрпағыңды сенделтпе.
Бірақ бір ой маза бермес, солған жоқ —
Шексіз өлем, шексіз жұлдыз толған Көк.
Қабыл өзін Қыбыл қылып әу баста Жаратып па?
Әй, жаратып алған жоқ.
Жаратады, Ұлы Алла әуелден,
Бар ісіңе бір Тәңірге тәуелді ең.
Сол Қабылды солай Алла жаратқан,
Сақтан, сақтан күрес деген әуеннен.
Қатыгез ғып, қанішер ғып жаратып,
Өзгелерге өшпен көзбен қаратып,
Ескерткенді амал-айла тапсын деп,
Қабыл менен қауіп-қатер таратып.
Іс етеді Қабыл тұқым бірігіп,
Зорлық күштер кетер оңай кірігіп.
Жаны сірі, талай рет кессе де,
Жеті басты, кетер қайта тіріліп.
Бірігіп ап бар әлемді улайды,
Қармағыңа "абыл сазан тулайды.
Қабыл жаны зорлық пенен соғыста,
Олар барда бейбіт күндер тумайды.
Бар әлемнің қабылдары бауырлар,
Абыл сенің жалғыз сондай жауың бар.
Абыл ойлан, ұрпағыңды аздырар,
Мафия бар, қылмыскерлік қауым бар.
Ұрылары ұрыларға қарасар,
Қылмыскері қылмыскермен жарасар.
Абыл — еңбек, Абыл — өмір, Қабыл — қу,
Тек біріксе, тек күрессе санасар.
4. Жаратылыс мағынасы
Әлқисса. Қай заманда да, қай қоғамда да озық ойлылар ішінде "Адам тіршілігінің мағынасы қой үстінде бозторғай жұмыртқалардай заман орнату деп түсінгендер болған. Жалпы адамзатқа да керегі сол. Осы мақсатқа жетуге ұмтылғандар да баршылық.
Бірі — дүниежүзін жаулап aп, сосын барып өз қолымен бейбіт заман орнатпақ болған.
Бірі — барлық елдердің еңбекші халқын (жарлыларын) біріктіріп, байлардың байлығын иеленіп барып елін бақытқа жеткізбек болған.
Бірі — дін уағызы арқылы елдер теңдігін орнатпақ болған.
Әзірге бәрі де айтарлықтай табысқа жете алмай келеді.
Бар әлем адамдарына әсер етердей "сол тетік қай жерге жасырылған ?
Ұлт бірлігі ме десек, ол да уақытша тыныштық. Бір көрші күшейсе болды әлсіздеу көршісін шабады.
Дін бірлігі ме десек, өткен өмір сабақтары бұл түсінікке де теріс батасын берген секілді.
Асылы, ең тұрақты бейбіт мемлекет пен әділетті қоғам құрудың ұтымды жолы мүдде бірлігі болып жүрмесін!
Олай болса, ізгілікке құмарлар, зорлық пен жауыздыққа жаны қастар діні мен ұлтына, байлығы мен кедейлігіне қарамай Қабылдар бірлігіне қарсы өз бірлестігін қарсы қоймақ керек болар.
Дүниежүзін түгел қамтыған ізгілік іс пен бейбіт өмірге мүдделес адамдар қоғамы ғана, бір сөзбен айтқанда Абыл ұрпақтары Қабыл ұрпақтарына қарсы біріге алса ғана адам пендесі армандаған қоғам орната алар деп ақыл беріп жатыр екен дейді, періштелер.
5. Әлемдік қайшылық
Әлқисса. Адамдарға періштелер бұл мәселе бойынша да біраз түсінік беріпті. Әлемдік қайшылықтар бар депті. Елдер мен елдер арасында тартыс әлі жүріп жатыр. Адамдар мен адамдар арасындағы қайшылықтар да тоқтар емес. Солардың кейбіреулерін санап көрелік:
• Билік мен бағыныштының арасындағы
• Байлық пен кедейшілік арасындағы
• Дін мен дін арасындағы
• Ұлт пен ұлт арасындағы
•Мемлекет пен мемлекет арасындағы
Солардың бірі жеңіліп, бірі жеңіп жатады екен. Жеңілгендердің жағдайы белгілі. Ойран болған қала менен даласы. Еңіреген елі менен қан-жоса болған халқы.
Ойланып көр депті періштелер абылдарға, жеңген не табады екен?
Билікке қолы жеткен бар болғаны бес күн бура болып күркірейді екен... Басқа ештеңе де... О жаққа ештеңе алып кете алмайды, алатыны — мәңгілік халық қарғысы. Наполеон мен Гитлер тағдыры соны растамай ма?
Шыңғыс пен Темір не тапты? Өз елдерін өздері ыдыратып, ақыры басқа елдер боданына айналдырды. Тарихқа қаралық:
•Империялар ыдырады.
•Императорлар өлтірілді.
•Қарсы пікірліні отқа өртегеннен де ештеңе шықпады.
•Басқа дінде болғаны үшін басы бос терек қалдырмай дарға асқандар да жеңіске жете алмады.
Бұл тартыстардың жер бетіне үндестік пен жарасым әкеле алмайтын себебі бар.
Жеке кісілер мен жеке елдер мүддесінен туындайтын қайшылықтарды шешу жолындағы тартыс қорытындылары жер бетіне барлық адамдарға бірдей жақсылық әкеле алмайды.
Сондықтан да олардың елге берер жемісі мен тыныштығы уақытша ғана!
6. Әлемдік үндестік
Әлқисса... "Әлемдік үндестік (келісім) орнату үшін не қажет? Жолы бар ма?" деп сұрақ сұраған Абыл ұрпақтарына періштелер ақыл үйретіп жатыр дейді... Бар секілді депті... Ол — әлем халықтарының мүдделес болуы!
Ол — бүкіләлемдік ізгілік!
Ол — бүкіләлемдік бейбітшілік!
Оны орнату үшін бүкіл әлемде Абыл ұрпақтарының бірлігі керек. Олар діні менен тіліне қарамай, байлығы мен бақытына қарамай, ізгілік пен қайырым жолына түсіретін кісілік ережені қалыптастырулары қажет, адамдардың ізгілік пен қайырым жолындағы мүдделестігі орнатқан қоғамдар бірлестігі қажет.
Соғысқа қарсы күрес!
Шектен шыққан байлыққа қарсы күрес!
Елді есірткі мен ішімдік арқылы аздыратындарға қарсы күрес!
Ақша жұмсап билікке таласатындарға қарсы күрес!
Пара мен жемқорлыққа қарсы күрес!
Ана мен бала денсаулығы үшін күрес!
Жастар тәрбиесі үшін күрес!
Егер сана ізгілік бағытқа жұмыс жасай алса жер бетіндегі, жер астындағы Алла тағаланың жаратқаны барлық адам пендесін асырауға артығымен жетеді, депті періштелер.
Демек, нанға талас деп жүргеніміз бекер сөз.
Бірақ адам да, табиғат та күрес үшін жаратылған дедік. Демек, тартыс қажет. Ол жаратылыс қажеттілігі. Жер бетіне "Үндестік" пен "Жарасым"орната алатын бір ғана тартыс түрі бар деп ойлаймыз. Бұл тартыс Абыл ұрпақтарының Қабыл ұрпақтарымен тартысы, таласы. Байлық пен билік үшін емес, ізгілік пен қайырым үшін күрес. Бұл тартыста дін де, ұлт та басты қозғаушы күш бола алмайды.
Бұл тартыстың қозғаушы күші — Ұлы Жаратқанды мойындау!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — Ұлы Жаратылысты қызықтау!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — әлем жұмбақтарының құпиясын тануға тырысу!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — адамдық пен адалдық!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — қанағат пен шүкіршілік!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — байлыққа емес, бақытқа ұмтылу!
Бұл тартыстың қозғаушы күші — билікке емес, жарасымға ұмтылу! болғанда ғана Жерді адамдар үшін Жұмаққа айналдыруға болатын болар.
Адам Ата алғаш қадам басқалы,
Меншігінде Күн де, Жер де, Аспаны.
Содан бері ізгілік пен жауыздық,
Өз таңбасын тарих қып тастады.
Ескі аңыз тым ежелгі заманнан —
Екі бала — Абыл, Қабыл — Адамнан.
Абыл — ізгі, періштеден жаралып,
Қабыл — залым, о да содан, адам таң?
Мерт еткелі Қабыл жауыз Абылды,
Қорқауларға оңай нәсіп табылды.
Абыл — еңбек, Абыл — бейнет, әділет,
Солар қалай қара күшке бағынды.
Содан бері соғыс, соғыс, соғыстар,
Үркерлі ай, қауіп-қатер, тоғыстар.
Содан бері қақсап Абыл ұрпағы,
Үрей, аштық, құрсақ қалмай тоқ ұстар.
Содан бері Күн күле алмай жадырап
Талай қала ойран болды қаңырап.
Аспан астын, жердің үстін өрт шалды,
Талқандалды талай сәнді шаңырақ.
Десе бірін — Мұхамбеттің бекзаты,
Дейді бірін - Иса, Мұса зәузаты.
Бірақ солар — Адам Ата "қос құрсақ"
Бірі ізгі, бірі жауыз әулеті.
Жаралмаған адам діннен, ұлттан да,
Жақсы туар алтын арай құт таңда.
Күні-түні балалайды жауыздық,
Арам ойдан, арам Судан жұтқанда.
Ей адамдар, Абыл Ата ұрпағы! —
Бір шындық бар танымаған жұрт әлі —
Алдап сөйлеп, арам қылар Қабыл бар,
Сақтан, сақтан тұқымыңды құртады.
Арланбайды, мұсылмандар боқ сатар,
Буддашылар күле сөйлеп оқсатар.
Иудейлер басқан жерін арамдап,
Христиандар — қырып-жойып, қақсатар.
Ойланалық — неге піспей, шаламыз,
Қабылға ердік неге естен тана, Біз.
Ей абылдар, санаға сал, адаспа,
Жер жүрегі, Жер тірегі - сана, Сіз.
Кезің келді осы деммен кірігер,
Кезің келді кісілікке бірігер.
Қатігезді ешкім демей,
Қабыл деп, ізгі жанды Абылдардың бірі дер.
Ей адамдар, асыл ойға жалғаншы —
"Ұлт" деген сөз, "Мен" деген сөз "алдамшы".
Жалған ұран Қабылдардың ығында
Қала бермей, өзің жұрт боп, қарманшы.
Ей ізгілер! Абыл Ата ұрпағы,
Бұл әлемді Қабыл жұрты құртады.
Бірлік, бірлік, тек ізгі іс ұраның,
Түсінбейді соңы қалай жұрт әлі?
"Қарындас" деп тек ізгіні таңдашы,
"Дінім бір" деп тек ізгіні талғашы.
Ұран - бірлік! іс — ізгілік! Ой — адал!
Осыларды Қанат ете самғашы.
Шілде — тамыз, 2005 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі