Өлең, жыр, ақындар

М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясына жаңа ізденіс

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында  8 маусым күні  ұлы жазушымыз М.Әуезовтың 125 жылдығына орай алғаш рет «Айман – Шолпан» атты музыкалық комедияның премьерасы өткізілді. Ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртумен қатар өзіміздің төл мәдениетімізден сыр шерткен қойылым жан - жақты тақырыпты қамтып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.  Бұл қойылымның басты  идеясы - театрға жиналған қауымды біздің ұмыт болып бара жатқан салт - дәстүрлеріміз бен көне тарихымыздан хабардар ету болды.  Ұлттық көне аспаптармен әрленген дыбыс, ерекше хореографиялық қойылым, халық әндеріміз бен айтыс өнері де қойылымның ішінен орын алады.

Еліміздің түкпір – түкпірінен жиналған көрерменнің ерекше көңілінен шыққан бұл қойылым «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алғашқы музыкалық комедиясы. Бұл қойылымды осындай етіп керемет нәтиже арқылы жеткізе білуге небәрі 3 ай ғана уақыт кеткен. Мұндай қысқа уақыт ішінде дайындалған шығармашылық ұжымға да кішкене ауыр болған секілді. Себебі, күні – түні осы қойылымды жақсы нәтижеге жеткізу үшін еңбек ету ол оңай жұмыс болмады. Дегенмен де, маңдай тері еңбектерінің ақталғанын кешегі лық толған зал мен қойылымның соңындағы көрерменнің ерекше ықыласынан – ақ аңғаруға болады.

Жеңіл әзіл, аспаптармен әрленген дыбыс, айтыс пен ұлттық ойындарымыз көрініс табатын бұл қойылым бүгіндегі ұлттық туындыларымызды жаңғырту мақсатында атқарылған үлкен еңбектің нәтижесі. Қойылымның режиссері Жұлдызбек Жұманбай ұлттық ойындарымыз бен халықтың ұлттық әндерін, айтысын, би қимылдарын қолдану арқылы туындыға ерекше рең беріп, өңін кіргізген.

Жалпы бұл қойылым жырдың түпнұсқасынан кішкене ерекшеленеді. Себебі, комедияның  1 – актісі қайтадан жаңартылып жазылып, көптеген тұстар алынып тасталынып, біршама көріністер қосылып, туынды өзгеріске ұшыраған. Сонымен қатар, қойылымдардың орны да бір – бірімен алмасқан.

“Айман – Шолпан” жырының өзі тұнып тұрған юмор деуге келеді. Осындай ерекшелікті өз тарапына дұрыс пайдалана білген М. Әуезов артына өшпестей мұра ретінде комедияны қалдырды. Мұндағы образдар бейнесі айқын, талас – тартыс көріністері тереңдетілген, ерекше бояу мен өзіндік өрнектер қоса білген. Театр сахнасында сахналанған қойылымның бастауы Әлібек пен Арыстанның талас – тартысы болады. Қайсысы Айман, қайсысы Шолпан екендігін білмесе де екеуінде де өзара қыздарға тартыс басталады. Мұндағы Арыстан образы – батыл, әрі батыр, сыртқы бейнесінде де құдды бір ақын секілді көрінеді, ал Әлібек образы – сырт көзге ғана батыр секілді көрінгенімен шамалы қорқақтау, әлсіздеу секілді. Осы екі образдың бір-бірімен қарама – қайшы болуы да бұл комедияның бір – бірін толықтырып тұрған қыры деуге келеді. Ал басты кейіпкерлеріміз Айман – Шолпан қыздарымыздың образы ерекше халық көңілінен шыққан образ болды. Айман – ақылды, байсалды, байыпты қыз болса, Шолпан керісінше – қырсық, тентек, өткір тілді қыз болды. Тіпті Айман мен Шолпанның образы комедияның ең сәтті шыққан образы болды десем қателеспеспін. Апалы сіңлілердің бейнесінің басқалардан ерекшеленуі драматургтың тапқырлығын, шеберлігінің айғағы іспетті. Мұндағы тағы да басты кейіпкерлер Маман мен Көтібар бейнелері де басқа образдардан ерекшеленген сәтті шыққан бейнелер дер едім. Маман мен Көтібардың арасындағы талас – тартыстың өзі рулардың арасында болатын түсініспеушілік көрінісін бейнелейді. Осы көіріністің бөлігі арқылы тарихтан біршама хабардар етеді. Комедиямыздың соңы Әлібек пен Айманның, Арыстан мен Шолпанның қосылып, екі рудың арасындағы бірліктің болуымен өз мәресіне жетеді. Жалпы образдардың барлығы да сәтті шыққандығын ескеретін болсақ, онда бұл музыкалық комедияның ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.

Қорыта айтар болсақ, халық өнерінің тамаша туындаларын тауып, орнымен әлі ерекше пайдалануының арқасында музыкалық комедия біздің халқымыздың ұлттық дүниетанымын кеңінен танытқан көркем туынды болып шықты. Айтыс пен хордың, би мен әннің бір – бірімен үйлесім тапқандығының өзі де туындыға өзіндік ерекшелік береді. Халықтың сол дәуірдегі жай – күйі мен ұлттық ойындарымыз, салт -  дәстүріміз де көрініс ретінде бейнеленіп, комедияның мазмұнын тереңдете түсті. Музыкалық комедия әрқашан да қазақтың театрларынан ешқашан үзілмейтін классикалық туынды болып қалады. Ұлттық болмысымызды кеңінен танытқан көркем дүние көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл дегеніміз Алатау дәстүрлі өнер театрының сахнасында сахналғанған  алғашқы комедиялық көркем туындымыз өте сәтті шыққандығының айғағы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, мәдениеттану мамандығының  3 курс студенті Конарбаева Мая 

Өндірістік тәжірибе жетекшісі: Есболова Мөлдір Ауелтаевна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар