Роман
Неприятна вам кровь на бумаге?
А в жизни приятно, изранив,
Мучить долго и больно,
Не зная при этом стыда?
Почему вы хотите вычеркивать кровь
из поэм,
из романов?
Надо вычеркнуть прежде
Из жизни ее навсегда!Евг. Евтушенко.
1
Түс ауа шабуыл қайта басталды.
Біздің полктың бір батальоны жаудың сол жақ қанатының астына сыналап енгендей, ентелеп, ішке қоян-қолтық кіріп кетті. Танкке қарсы ататын кішкене зеңбіректерін сүйреткен артиллерия взводтары және қол пулеметшілер жаяу әскерді оғымен демеп, жауды тықсырып ығыстыра берді. Жау қатты састы. Алдыңғы шеп ыдырап сала бергені емес пе. Түстен кейін мұндай тұтқиылдан басталған шабуылды күтпесе керек. Олар өлгендері түгіл, жаралы болғандарын алуға мұршасы келмей, тым-тырақай жамырай шегінді. Қалың орманың солтүстік-шығысын ала едәуір жерге созылып жатқан далаңқайда дөңкиіп-дөңкиіп өліктер мен жаралылар қалды. Оқтын-оқтын атылған артиллерия, бытырлап жатқан автомат пен винтовка дауысының .арасынан қиналыстың соңғы серпіні, ақырғы демі тәрізді әрі ауыр, әрі үздік ыңырсыған үндер естіледі.
Оқ атылған, снаряд жарылған, бомба түскен кезде жылқының қандайлық жан дауысы. шығып шыңғырғанын естігеніңіз бар ма? Адам жаны түршігіп, төбе шашы тік тұратын "дауыстан бүкіл денем дірілдеп, құйқа тамырым талай-талай шымырлаған. Ал адам жылқыға қарағанда адам ғой, ол өзінің жан дауысын жасырады. Ол үнін шығармай жүрегімен, жанымен өксиді, өкірмейді, ыңыранады. Жарық дүниемен қоштасар кезде бар дауысымен айқайлағысы келеді. Бірақ айқайламайды, қайта астыңғы ернін жымыра тістеп, сазара береді. Бұл адамның қиын бір шағы болса керек. Ол тістеніп, тісін қайрап, соңғы айбат, ақырғы күшін жинап, зорланады.
Шабуыл басталғалы қанша уақыт өтті? Оны кім білсін. Бір қарасам күн жанып жатқан өрттей боп, орман ағаштарының ұшар басына ілініп қалған екен. Себелеп тұрған оқ ішінен бірде жатып, бірде тұрып, алға қарай жылжып келеміз. Әлгі ұзынша келген кең алаңқайдан әрең өттік. Алдымыз еңіс екен. Жау сол еңісті паналап, тыныс алмақ болғандай, немесе, кешке қарай сол жерге бекініс-шеп құрмақ болғандай, қайта қарсыласып, оқты жиілете түсті. Әсіресе, жатқан әскерін қорғау үшін екінші, артқы биіктен миномет, қол зеңбіректер безек қаға жөнелді. Алға басу қиындап кетті. Қарсы атылған оқтар күшейе берді. Ал біздің жаяу әскер болса өзі жаудан босатқан ашық алаңға жатуға мәжбүр болды.
Жатқан тегістеу жерден көтерілген бойы қолымен жер тіреп, жан ұшыра жүгірдім де, жата қалдым. Бастағы темір қалпақ (каска) көзіме түсіп, алдымды көрсетпей қойды. Мұның үстіне бет-аузымды тер басып, кермек ащы тер көзімді шымырлатып, қышытады гимнастерканың кірлі жеңімен көзімді сүрттім.
— Алға, біртіндеп алға жылжыңдар!
Өзім жер құша жатып айтқан сөзім осы. Взвод жауынгерлері бір-бірлеп, алға қарай едәуір ұзап жатты. Нәлқара екеуміз ең соңында қалдық.
Менің әлгі берген командамды қайталап:
— Біртіндеп, алға жылжыңдар! — деп жатыр.
Взвод кетіп барады. Одан мен қаламын ба? Нәлқара маған бір, кетіп бара жатқан әскерге бір қарайды. Мен оны күттірмедім. Жүгіріп барып, қайта жаттым. Нәлқара нақ бір менің көлеңкем сияқты, мен не істесем, соны істеп келеді. Тағы да қасымда жатыр ол.
Екі қолыммен жер тіреп, көтеріле беріп, тағы да қайта жаттым. Сол жақтан, нақ менің өкпе тұсымнан мина түсіп жарылды. Борпылдақ көбең жер болғасын шығар, жарықшақтары алысқа ұшпады. Қайта көтеріліп, алға жүгірдім. Өйткені мен жатқан жерді жау минометшілері нысанаға алған көрінеді. Мен жүгіріп бара жатқанда екінші мина әлгі жердің маңына тағы түсті.
Бұл көтерілгенде мен взвод жауынгерлерінің нақ ортасына келіп жаттым. Бұл жер жау келіп бекінген, аздап та болса тыныс ап жатқан еңістің үстіндегі жазықтың шеті екен. Жау төменде, біз еңістің үстіндегі жазықтамыз. Әлденеше көтеріліп, қайта жатып, сан рет жасаған «бросоктен» шаршаған жауынгерлер әрі дымқыл, әрі сыз қара жерді қапсыра құшақтап, бір сәт толас алғандай жым-жырт. Бізге қарағанда жау жағы қауырт қимыл, жанталас үстінде ме деймін. Ату саябырсымай қойды.
Темір қалпақтың жиегінен сығалап, жан-жағыма қараймын. Жатқан жерім бір кездегі үйдің іргесі болар ма, әлде ескі мүрде ме екен, сопақша келген дөңестің тасасында екенмін. Жатқан жерім ойыс. Бауырым асты сыз. Әрі терлеп, әрі ентіккен кеудемді дымқыл жерге басып, сәт болса да рақаттанып қалдым. Бірақ құлағым дың-дың етеді. Маңдайдан ағып, көзіме құйылған кермек терді қайта сүртіп, ауыр темір қалпақты жоғары көтере түсіп, жан-жағыма қарадым. Шілде ыстығында шаңдақты кең алаңда қарындары қампиып, солықтап жусаған сиырлардай боп жауырындары бүлк-бүлк етіп, арқасындағы қапшықтары қараңдап бытырап-бытырап жатқан жауынгерлер. Анда-санда гүрс-гүрс жарылған мина мен снарядтан басқа оқ дегенін зып-зып, шиқ-шиқ етіп, бастан, құлақтың түбінен өтіп жатыр. Мұндай оқтардың көбі-ақ, маған тұп-тура келе жатқандары алдымдағы дөңестің жиегіне, қабырғасына соғып, қара жердің дымқыл, көбең құйқасын солқ-солқ еткізеді. Байқаймын, менің де шеке тамырым бүлк-бүлк соғады. Бөгде бірдеңе ойлауға мұршам жоқ. Осы жерден ертерек алға кетсек деп ойлаймын. Ол менің еркімде ме? Бұйрық күтемін. Ол жоқ. Жау төпеп жатыр. «Бұл әлі аз» дегендей тағы да оқты бората бастады.
Жау минометі нысанасын өзгертсе керек, миналар бізге жақын кеп түсе бастады. Бірнеше рет бұғып қап, басымды қайта көтердім. Алдыңғы жаққа қарадым. Артымды шолдым. Тым-тырыс. Ойлаймын, жазықта жатып, нысанаға дәл алынып, босқа қырылуға болмайды. Мұндайда командирдің батыл шешімі керек-ақ. Қараймын, шыңылы басылмаған құлағымды тосамын. Менің үстімнен қарайтын Бугеевтің де, одан үлкеннің де үні естілмейді. Атылған оқтан басқа қыбырлаған тұяқ та, айқай салған ауыз да жоқ. Тек қана жақын жерден әлдекімнің ыңыранған солыңқы үні естіледі. Көтеріп қойған темір қалпақты көзіме қайтадан түсіре киіп, мойнымды созып алға қарадым. Мен жатқан дөңестің екінші жағында дөңбекшіп, өліммен жанталасып біреу жатыр. Біздің адам болар ма деп қайта қарадым. Бірден ажырата алмадым. Шинелі былғанып, қай түсте екені білінбейді. Бет-аузын қан басып кетіпті. Көзін тас жұмып алған. Аунап жатыр, аунап жатыр. Ыңырсыған үні аянышты-ақ. Мен жер бауырлап, өзімді талай оқтан сақтап жатқан дөңестен сусып шықтым да, әлгінің қасына келдім. Заты мерген оғы болса керек, менің қозғалуымды күтіп жатқандай-ақ, екі-үш оң қолтығымның астынан зып-зып ете түсті. Енді бірі кеп, әлгі өле алмай жатқан солдаттың басына тиді де, қанын шашып жіберді. Солдат ішін тартып, қор ете қалды. Сандырақ бір үн шықты. Әлгі неміс екен. Өлім алдында бірдеңе деп тіл қатты. Мен әлденеше аунап түстім де, қайтадан өзімнің құтты орныма келдім. Енді менің мұнда келгенімді тосып жатқандай:
— Алға, көтеріліңдер! — деген дауыс естілді.
Тани кеттім. Көптен таныс дауыс. Бугеевтің үні.
— Взвод, алға! — деп қалдым.
Жігіттер жан ұшырып, еңістен төмен қарай тұра жөнелді. Жау сасып қалды. Олар орындарынан тұрып, қашуға бет бұрғанша біздің алдыңғы топ жаумен араласып та кетті. Еңістің ойпаңында, ерінде жау солдаттарының көптеген өлігі қалды. Біз жау бекінген ойыстың қарсы бетіндегі биікке шығып бекіндік. Бұл жер қолайлы көрінді. Тым-тырақай боп, ортасынан жарыла қашқан жауды көріп жатырмын.
Бір кезде өзімнің, өзіміздің қашқанымыз есіме түсті. 1941 жылдың жазында, күзінде Псков, Демьяновск түбінен нақ осылайша шегінгенбіз. Сол кезде өз басыма туған күннің нақ қазір жау басына туғанын көріп жатырмын. Намысы бар, бойында жылы қаны, кеудесінде бүлкілдеп соққан жүрегі бар жігітке бұдан артық қуаныш барын білмеймін. «Алға!», «Алға!» — деп тынымсыз айқайлай бергім келеді. Бірақ дауысым осы сөзден қарлығып қалған сынды. Орынсыз айқайлау тағы айып, оған рұқсат жоқ.
Жау бекінісіне сыналай еніп, едәуір жерді, оның ішінде қолайлы биікті басып алған жалғыз Бугеев ротасы емес, қанаттаса келіп, полктың басқа батальон, роталары да ішке кірген. Басқа көршілермен полк штабы байланысып жатқан болар, онда біздің ісіміз қанша! Алған, аяқ жеткен, табан тіреген биікке мәз боп отыра бердік.
«Осы жеткен жерге бекінсін!» деген бұйрық та жетті. Аттың жалы тәрізді ұзынша келген көк жотаны бойлай бекініс құрдық. Жауынгерлер өздеріне кішкене окопша қазып, төңірегін көк шөппен бастырмалап жатыр. Кейбіреулері дайын бекініске орнады.
Қас қарайып барады. Қос ат жеккен арбамен бағанағы жау тыныс алған ойпаңға асхана келіп тоқтады. Буы бұрқыраған тары ботқаның иісі мұрынды жарады. Қасымда жақын жатқан жауынгерлердің көбі-ақ тамсанып, жұтынып-жұтынып қояды.
— Тамаққа әрбір отделение екі-екіден адам жіберсін! — дедім.
Қатар жатқандар тізбек бойынша хабарлап жатыр. Біраз адам бүкшеңдеп ойға, асқа түсті. Жау көрінбей кетті. Ac желінді... Жан-жаққа қарауыл қойдым. Осы екі ортада мызғып кеткен екем, біреудің өктем дауысы шықты:
— Әй, дәйс, неғып жүрсің?
Бұл дауыс та маған көптен таныс. Нәлқара үні және «дәйс» деген бала жастан білетін, өзіміздің ауылдың сөзі. Мағынасы «оңбаған», «шошқа» дегенге келеді. Мұны ол кімге, неге айтты екен деп ойлап та үлгіргенім жоқ, әлгі дауыс қайта шықты.
— Әй, дәйс, қайт деймін, қайтпасаң, дәйс болайын, ит сияқты қыңсылатып атып тастаймын!
Бұл ретте ол да уысын бәсеңдетіп, бірақ зілмен айтты.
Менің командирлігім ұстап кетті.
— Не боп жатыр? Ол кім? — дедім Нәлқараның дауысы шыққан жаққа бұрылып.
Жауап қатпады.
— Ол кім-кімге айтып жатырсыз?
— Ояу екенсің ғой... Әшейін, әшейін ғой.
— Кімді атып тастамақсыз?
— Ә, әшейін, ұйқысырап жатсам керек.
Өтірік айтады. Мені ашуланбасын, ұйқысын бұзбасын деп отыр. Менің топшылауымша біздің жауынгерлердің бірі өліктердің қалтасын тінтіп жүр. Нәлқара соны көріп қалған. Маған айтпай-ақ өзі тыйып тастамақ. Сезсем де сезбеген болдым. Ол тіміскі, доңызды мен ертең бетінен, қылмысты көзінен-ақ танимын. Істеген айыбын танытпайтын адам кемде-кем.
Көзімді аштым. Түн, қап-қараңғы. Осы,бір мөлдір түн тыныштығын қақ жарып, жан-жақтан қызыл, жасыл көк, бір сөзбен айтсам кемпірқосақтың барлық түсі бар ракеталар атылады. Тегін емес, осы ракета түстерінің мәні бар. Бірі жан-жақты жарық етсе, бірі барлаушыға, көрші бөлімге белгі беріп жатыр. Ал енді бірі көмек сұраса, екіншісі, әйтеуір бір бұйрықтың орындалғанын хабарлайды. Майдандағы ең тыныш, ең қараңғы, көзге түртсе көргісіз түндердің өзінде осындай толассыз тартыс, бітпес айқастар болып жатады. Осы ракеталар дүниесінің қара барқыт түсті аспан әлемін қалай шарлап жатқанына біраз қарадым. Таңсық емес, қайта танық болған, көз үйренген жайлар. Көзімді қайта жұмдым. Көз ұйқыда, көңіл ояу. Нәлқараның сөзі құлағыма қайта келді.
— Сен дәйссің! Өлім мен өмірдің арпалысында жүрген саған дүниенің, сағаттың керегі не? Қазақта «бүлінген елден бүлдіргі алма» деген мақал бар. Гитлер бүлік, ол апат. Біліп қой.
Енді түсінікті болды. Әлгі жобам дұрыс екен. Мұндай бірлі-жарым жымысқы, дүниеқұмар пасықтар қайдан болса да шығады. Бұған таңдана алмаймын. Маған керегі — кім екені. Бірақ оны да нақ қазір білгім кеп жатқан жоқ. Білемін, анау-мынау болса Нәлқараның өзі-ақ сазасын береді. Оның бер жағында асығыс істеген істің етегіне жын оралып, иығына сайтан мініп жүреді.
Қайтадан ұйықтап кеттім.
Ерте тұрдым. Сыз жерден денем мүздап қапты. Кеше кешкісін шабуыл кезінде өрт боп батқан қызыл күн көкжиектен боп-боз боп, солғын тартып, бұлыңғырлау шықты. Күнге қарап біраз тұрдым. Денемнің құрыстағаны болмаса сергекпін. Ойға түсіп, әлденеше рет керіліп, есінеп тұрғанда доңғалағын салдырлатып асхананы сүйреткен кешегі қос атты арба тағы келді.
— Ертеңгі асқа адам жіберіңдер! — деп айқайладым.
Ойыны жоқ, бұл қайткенде де солдаттың құлағына жағымды, ең жақсы команданың бірі. Әрбір отделениеден екі-үштен жауынгер шығып, бақыраштарын салдырлатып ойға, асхана келіп тоқтаған жерге қарай жүгірді.
Штабтағы байланысшы офицерлік қызметтен мұнда ауысып, алғы шепке келгеніме көп болған жоқ. Бір айдан бүгін ғана асты. Содан бері аз дегенде күн аралатып жаудың шебіне шабуыл жасаумен, кілең алға жылжумен келеміз. Мұнда менің еңбегім ерекше дегім кеп отырғаным жоқ. Қайта шабуыл алдында қараны көбейтуге келгенімді жақсы білем. Алғашқы шабуылдың бірінде комвзвод жаралы боп кетіпті. Мен соның орнына, бұрынғы өзім істеген Бугеев ротасына келдім.
Күн сайын жаңа жерлерді басып, жылжып келеміз. Атқыштар взводындағы отыз қаралы адамнан жиырма бір «найза» қапты. Оның бірі — өзім, бірі — Нәлқара, Өйткені мен болсам комвзводпын. Асынған мылтығым, арқалаған автоматым жоқ. Бар қаруым екі қол граната мен «Т-Т» пистолеті. Демек, мен «найзаға» саналмаймын. Ал Нәлқара болса менің мергенім, жеке тапсырмамды орындайды, екінші жағынан, командирдің оң көзі, өлімнен сақтайтын қамқоршысы. Ол менімен бірге жүреді. Былай қарағанда бұл да «найза» емес. Сонда қолындағы қарудан жауға тікелей оқ ататын он тоғыз-ақ адам. Ал әскери тілмен айтқанда взводқа он тоғыз «найза» бар. Мұны мен таңертеңгі асты алуға кетіп бара жатқан бақыраштардың санынан-ақ көріп тұрмын. Әрқайсы төрт-төрттен бақыраш ұстап, бес адам кетті.
Взводтағы үш отделениенің әрқайсысында алты-жетіден жауынгер бар еді. Екі қол пулемет, жеті автомат, қалғаны винтовка. Міне, осы күшпен көптің ортасында біз де жылжып келеміз. Балшық, кір-қоң сасыған, сыз иісі шыққан қысқы мекен алыс қалды.
Солдаттар тамақ ішіп жатыр. Мен түндегі оқиғаны, Нәлқараның айқайын есіме алдым. Бірақ нақ қазір тамақ ішіп жатқанда ешкімнің де көңіл күйіне тигім келген жоқ. Мұның екі түрлі жайы бар. Нақ қазір «кеше өліктердің қалтасын тінткен кім?» деп тиісе кетсем, мұны ең алдымен Нәлқара айтты, сол жеткізді деген күдік туады. Командирдің көмекшісі боп жүрген беделді солдат сенімнен айрылады. Оған сенбей сезікпен қарайтын болады. Көбінесе солдаттардың қарым-қатынасын бұзатын, ортаға іріткі боп түсетін осындай зәредей оқиғалар болатыны бар. Екіншіден, ертеңгі ас үстінде жауынгерлердің тынығып, көңілді тұрған шағын бұзғым келмеді.
Солдаттар қазір тым-ақ көңілді. Біздің әрбір шабуылда алға басып, жаудан жаңа жерлерді, қала, селоларды босатып жатқанымыз оларды үйлеріне, туған жерлеріне жақындата түскендей сезінеді. Осы жайларды ойлай кеп, бүгін-ертең ешкімге тиіспеуге бел будым. Не де болса ұмыттырып барып, ұрымтал кезде істеген жөн. Ал ондай нәрсені елеусіз қалдыруға тағы болмайды. Аурудың алдын алмаса асқына беретіні бар емес пе! Оның бер жағында қобалжу тағы бар.
Солдат ары мен намысының бір пұшпағы командирдің жүрегінде жүрмесе, оның басшы болғаны қайсы? Бүгін жау өлігінің қалтасына түскен солдат, дәніге-дәніге келіп, ертең өз жолдасының өлігіне түседі, қапшығының түбін қағады. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлікке түскен солдаттан көп нәрсе күтуге тағы болмайды. Бүкіл дүниені жаулап аламын деп жанталасып жүрген фашистің өз денесінен шыққан ащы тері мен оның тұзына шіріген, тот басқан, орыс жерінің көз жасына әлденеше рет малынып шыққан жаман сағатына қызыққан солдат ертең жау жеріне барғанда үлкен жымысқы, ұятсыз талаушы болмасына кім кепіл?
Сағат демекші, Гитлер солдаттарында сағат дейтін сағат та жоқ. Менің білуімше, Гитлер Германиядағы бұрынғы-соңғы сағаттардың бәрін жинап, темір қорыту пешіне салып, қайта балқытқан. Одан автомат, винтовка, найза соққан. Әлгі баскесерлеріне өзі өнеге болу үшін, керек десеңіз сол Гитлердің өзі қолына да, қалтасына да сағат салмайды екен. Бұл да шындық. Ал оның баскесерлерінің мына тағып жүрген сағаттары тірі чехтың өлген поляктың, жаралы венгердің түрмедегі француздың тұтқын еврейдің қолынан шешіп алғандары. Ал осындай көздің жасына, адамның қанына малынған нәрсені иемдену арды аздырады, намысты тоздырады. Солдаттың намысын ойлағанда ең алдымен есіме осы жайлар түсті.
Солдаттар асты ішіп-жеп үлгірмей-ақ Бугеевтің байланысшысы келді. Енді бір жарты сағаттан кейін қашқан жаудың ізімен, әркім келіп тоқтаған бағытымен алға жүретін боппыз. Іркіс-тіркіс топ болмайды. Әрбір отделение өз алдына топ болып, алма-кезек қозғалады.
Алдағы қозғалыстың жайын түсіндіре тұрып, жауынгерлердің бетіне қарадым. Көңілге болмаса жігіттер сергіп қалған. Солдат көзінен отты, көңілді сәулені көру командир үшін жарқын жүзді, жайдары, әкесіне әрдайым күле қараған баласын көргендей әсер қалдырады. Жүрегім лүп-лүп етіп, бойым жылып сала берді. Бәрі орнында, бәрі жақсы. Қабағы қатыңқы, көз алды кіртиген бір-ақ адамды көз қырыммен шолып өттім. Ол да өзімнің көптен танысым екен. Штабта байланысшы офицер болған кезімде атшым боп, көп күндерді бірге өткізген Назаровты үнемі жымия күліп жүретін, күлім көз, өзінше пысық, өзінше білгіш жас жігітті қазір бірден тану қиын. Өң-түсі өзгеріп кетіпті. Дөп-дөңгелек тұнық қара көзінің жиегі қанталап, төңірегі домбығып қапты. Түні бойы ұйықтамаған, ұйықтаса жайсыз ұйықтаған. Немесе, әлдеқандай бір азапқа түсіп, іші ме, басы ма ауырған адамға ұқсайды. Ойыма сап ете түсті. Нәлқараның түнде «дәйс» деп жүргені осы болды ма екен? Ап-ащы ой келді. Осы ма екен, ә? Жаманға қиғым келмейді. Аңқылдап тұрған ақ көңіл, ашық-жарқын жігіт болмағанмен, ар-намысы бар адам тәрізді болатын. Ойға алғанын тындырмай тағат таппайтын тиянақты, кейде ожарлау мінезі тағы бар-ды. Өзінше сәнқой, әсемпаз. Өзін келбетті, сұлу санайтын. Бойы тапал, мойны быртық, денесі әйелдің денесі тәрізді іркілдек, босаң болатын. Жорықта мыртыңдап тез шаршайтын. Мұны былай қойғанда өзін адал жігіт санайтынмын. Кім білсін, адамның ала-құласы сыртында емес, ішінде болады. Назаровтың нақ қазір сырты да оңып тұрған жоқ. Қып-қызыл боп монтиған өңі шағылды жердің бозғылт құмы тәрізді түссіз боп, өлекселеу келген қалың беті түтігіп кетіпті. Майлы танауының түп жағы қусырылып, үш жағы делдиген. Түнде ұйқысын қандырып, жаңа ғана тамаққа тойып алған мына топқа қарағанда, жайдары жүздермен салыстырғанда оның өңі үйірін қызғаншақ кәрі айғырдан қуғын көрген саяққа ұқсайды. Көз алды кіртиіп тұр. Осы кезде арсыздау бір ой сап ете қалды. Нәлқара — үйірін қызғанған кәрі тарлан болғанда, Назаров — саяқ. Ол Нәлқарадан қуғын көрді, өзіне түсініксіздеу зілді сөзбен сөгіс естіді. Енді командирге айтып қояды деп одан әлі жасқанады. Тіпті Нәлқара айтып та үлгерді деп ойлайтын болар. Өзі сұм болса, өзгені сұм дейді. Өзі қарау болса, өзгені қарау санайды. Жұрттың бәрін өзіндей көреді. Бұл — ақиқат. Өзі қары — басқаны қары санайды. Өзі ұры — жанның бәрін ұры көреді деген әділ сөз осыдан қалған. Бірақ Нәлқара өтірік былай тұрсын, шынның өзін сыртқа жая беретін жан емес. Ол кешегі түнгі оқиға жайлы тіс жарған жоқ.
Көппен бірге біз де қозғалдық. Жауынгерлердің соңынан жүріп келем. Қасымда Нәлқара бар. Біраз үнсіз жүрдік. Әлден уақытта төмен қараған бойы:
— Нәл аға, түнде не болды? — дедім.
— Ештеңе де болған жоқ.
— «Дәйс» деген сөзді кімге айттыңыз?
— Ұйқысырап жатқан болармын.
— Ұйқыда жатып ол сөз есіңізге қалай түсті екен?
Нәлқара мырс етіп күліп жіберді.
— Бәсе, қайдан ойыма сап ете қалды екен. Бұл өзі сіздің ауылдың сөзі. Сенің Ақтолқын деген жеңгең болатын. Сол көп айтатын.
— Ол рас, Ақтолқын менің жақын жеңгем.
— Сол сіздің ауылға келін боп түскенде, өзімен бірге ала келген сөзінің бірі осы «дәйс» еді. Аузыма қайдан сап ете түскенін білмедім.
— Шамасы бір дәйсті, немесе дәйстікті көргенсін түсті ғой, есіңізге.
Нәлқара күлді, бірақ тіс жармады. Біз үн-түнсіз ұзақ жүрдік.
2
Басқан қадамымыз алға басып, тасымыз өрге домалап тұр. Жандарына байлаған кішкене бақыраштары сылдырап, жауынгерлер ілби басып, орман арасындағы қоянның жымы тәрізді қисық-қисық, қайда барары белгісіз ирек жолдарға түсті.
Орман арасында, ішіне күн нұры түспейтін қалың жаппардың арасында, сұлап жатқан қалың да, үлкен де ағаштардың көлеңке жағында әлі де қалын қар, бетін кімнің кір, батпақ басқан сірескен мұз жатыр. Көлеңкеде, ықтасын жақта жатқан үрінді, үйінді қарлар көкжал қасқырлардың жоны сияқтанып, күлгін түстеніп, дөңкиіп-дөңкиіп қалыпты. Орман іші ызғарлы келгенмен, далаңқай жерлерде көктем иісі аңқып тұр.
Біз бұраңы көп, бір жері мұзды, бір жері қарлы, енді бір жері батпақты орман жолымен жүріп келеміз.
— Алға күзетшілер жібер! — деген Бугеев дауысын құлағым шалды.
Бір отделениені алға жібердім. Енді бірі артта. Ортадағы топтың ішіндемін. Иықтасып Нәлқара келеді. Сонау бір кездегі алғашқы көргенімдей емес. Онда екі беті нарттай қызыл қоңыр, өңінде әжімі жоқ, көзі отты, иығы тік, мойыны жартасты қақ жарып шыққан аршаның діңгегі сынды мұғал-ды. Енді қарасам қызыл шырайлы жүзін күлгін басыпты. Бидай өңі күрең тартқан. Бүктеген киіз тәрізді қалың, тіпті көнтектеу ерні кезеріп, бір қабаты қабыршақтанып тұр. Самайында да ақ қылау түскен. Дөңгелек үлкен қара көзінің төңірегі ішіне қарай түсіңкіреп, шүңірейіп кеткен. Көз аламайының жиегі қызыл. Қабағында кіреуке бар. Әлде мұң, әлде сағыныш, әлде шаршау белгісі, оны кім білсін? Күрсінгені ме, жөтелгені ме, ажырата алмадым, анда-санда тамағын кеней түсіп, тотыққан бір үн шығарып қояды. Ой үстіндегі адам өз денесін қалай ұстап келе жатқанын біле алмайды емес пе, иығы түсіңкіреп, қолдары әшейін салбырап келеді. Бірақ аяқ алысы ширақ.
Нәлқараға қарап қойып ойлаймын. Адам баласы соғыста қалай тез өзгереді. Жер бетінің, бүкіл табиғаттың көктемде өзгергені тәрізді құбылады-ау! Осы кісіні алғашқы көргенім әлі есімде. Онда ол қандай келбетті еді, қандай өңді, реңді еді. Енді қарасам, күзгі шөптей боп, қаудырай бастаған. Дегенмен: «Жыланды бес кессе де, кесірткелік қауқары бар», — деген емес пе? Аяқ алысы нық.
Кейде таздың басы сияқты селдір, кейде кәдімгі дүлей орманның арасымен едәуір жүрдік. Алдан мылтық атылды. Тоғай кезген қарақұйрықтың үйіріндей боп, кілт тоқтап, селтиіп-селтиіп тұра қалдық. Автоматтан ұзақ атты. Біздің алдағы күзетшілеріміз жаудың шебіне киліксе керек.
Алдан хабар күттік. Ату басылып, қайтадан дыбыссыз қалды. Алға бір-екі жігіт жібердім. Жарты сағаттай уақыттан кейін оралды.
— Отделение орманның жиегіне жетіпті де, жатыпты. Алда жаудың бекінісі бар екен.
Көзіммен көргім келді. Нәлқара мен әлгі барып келген жауынгерді ертіп, алға кеттім. Жер бауырлап, еңбектей басып, әлгі өзіміздің жауынгерлер жатқан жерге әрең жеттім. Жер құшып, бәрі бір-бір бұтаның тасасына жатып апты. Мен де жаттым. Жау жақты шолдым. Орман біткен жерден алан басталады екен. Ар жағы далаңқай. Бұрынғы егіндіктің орны тәрізді қобарсып, қарақошқыл тартып жатыр. Соның жиегін ала бере томпайған, ұзыншалау қоңыр дөңес бар. Жаудың бекінісі болса сонда шығар деп түйдім.
Төңірек жым-жылас та, жым-жырт. Жаудан бір белгі, қимыл күттім. Өзінің қайда екенін білдірер деген оймен сызға бауырымды төсеп біраз жаттым. Бұрыннан жатқан жауынгердің бетіне жақындап:
— Жау қайда, қайдан көрдің? — дедім.
— Біз осы араға жеткенде мылтық атылды. Жата қалдық. Қайдан екенін байқай алмадым. — Жаудың қайдан екенін, қанша екенін, қай жерде, қандай оқ ататын қаруы бар дегенді біліп алмай, қимыл жасуға болмайды. Өзім жіберген күзетшілерді бір сыбап алдым да, қасыма Нәлқараны шақырдым.
Мен де.қызықпын. Мұндайда оны «Нәл аға», «Нәлқара» демеймін, «Жауынгер Сабалақов» деп атаймын.
— Жауынгер Сабалақов!
— Не дейсіз?
— Анау көрініп тұрған ұзынша қара жолақты көріп тұрсыз ба?
— Көріп тұрмын.
— Окоп па, адамдардың басы қылтия ма, қалай?
— Оны көре алмадым.
— Мен көріп тұрмын. Дүрбілі мылтығыңды маған бер.
Нәлқара дүрбісі бар, мергендік мылтығын қолымен ысырып, маған жылжытты. Мылтықты ап, дүрбісі арқылы қарасам, шынында да әлгі окоптың жиегі екен. Жиегінен қыбырлаған әлдекімдердің басы, қолы көрінеді. Маған керегі — жауды «сөйлетіп» көру қажет. Дүрбімен ұзақ сығалап, бір қараны көргенде, серіппені басып қалдым. Оқ окоптың жиегіне соқты. Үн жоқ. Біраз күттім. Әлі үнсіз. Қалған төрт оқты бірінен соң бірін жібердім. Сонда барып, әлгі ұзын қара төмпешіктің екі басынан екі пулемет безілдеп қоя берді Біз жауап бермедік. Әлден уақытта о да тоқтады. Жауынгерлерге:
— Біртіндеп, еңбектеп кейін шегініңдер! — деп бұйырдым.
Бәріміз жиналдық. Ағаш арасында жауынгерлер бейқам отыр. Өзім рота командиріне келдім. Алдыңғы жақтан атылған мылтықтың дауысын естіп, олар да, басқа взвод, роталар да тоқтаған екен. Болған, көрген жайды рота командиріне айттым. Мұндайда қу командирдің көбі-ақ өз пікіріңді алдымен сұрайды. Бугеев те қу, немесе көргені, естігені бар.
— Өзің не істер едің? — деп қалды.
— Тарпа бас салуға болмайды. Ортада едәуір жазық, алаң бар. Тіке бару да қиын. Шығын көп болады.
— Олай етпегенде не істеу қажет?
Бугеев шегір көзін қадап, ширығып тұр. Оның ойын емеурінінен танып, мен де асықпадым.
— Меніңше, — дедім әлден уақытта, — немістің өз істегенін өзіне істеген дұрыс. 1941 жылдары біз шегініп келе жатқанда, олар көп әскер жібермей-ақ, екі-үш адаммен жасырын кеп, тұтқиылдан, не он, не сол жақта», тіпті тылдан шығып атқылайды. Сөйтіп берекесіздік туғызатын. Бұл жолы жаудың өз бидайын өзіне жегізер едім.
Бугеев бірден келісті.
— Ал ос тапсырманы, айтпақшы, өзің ұсынғанды аяғына дейін орындап шығуды өзіңе тапсырамын. Батыл да, тез де қимылда! — деп ол бұрыла берді.
— Құп болады! — деп қалдым.
Взводқа қайта оралдым. Екі автоматшы мен бір қол пулеметшіні, не бәрі үш адамды бөліп, тапсырманың мәнін түсіндірдім.
— Жау жатқан жердің екі жағы орман, екі жағы ашық. Сендер жасырынып, жаудың сол жақ бүйірінен шығып, бекінісін бойлата атасыңдар! Сендер жақтан мылтық дауысы шыққан бойда, бұл жақтан біз атамыз. Жау жартылай қоршауда екенбіз деп ойлайды да, бекіністен шығып жан сауғалайды.
Әлгі үшеуіне жеке-жеке назар сап, тапсырманың мәнін қайта сұрадым.
— Түсінікті ме?
— Түсінікті.
— Олай болса, солға қарай, орман арасымен жөнеліңдер!
Ағаш-ағаштың тасасымен үш жігіт айналып, сол жаққа кетті. Біз отырған жерімізден енбектей жылжып, күзетші жауынгерлердің алғашқы келіп қайтқан жеріне кеп бекіндік.
Күткенде не ұзақ — уақыт ұзақ. Сағат күндей, күн жылдай. Біз сыз жерде сазарып жатырмыз. Кеткендер хабар-ошарсыз. Менде сағат жоқ. Бугеевтің «ХТЗ» тракторына ұқсаған епетейсіз үлкен, қабырғаға ілген сағаттай зіркілдеп туратын сағатымен жүріп-тұрамын. Екі ортада қолқанат-байланысшы бар. Оған қоса Бугеевтің оқшантайында ақ, қызыл, көк, жасыл ракеталар болады. Ол ракеталардың әрқайсысының не екенін менен артық білетін пенде тағы жоқ.
Қанша уақыт өтті, оны білмедім. Сол жақтан пулемет дырылдап ала жөнелгенде, бәрі де ұмыт болды. «Атыңдар!» деп, айқайлап қалдым. Біз жақтан да безектеп кетті. Жай көзбен-ақ қарап жатырмын, жау кәдімгідей абыржып, сасқалақтап қалды. Жан ұшыра ығысып, окопты бойлай қылтылдап жүгіргендерді көрдім. Енді бір сәтте жазықтан тым-тырақай қашқандарды байқап қалдым. Біреулер омақаса құлап жатыр. Енді біреулері тұрып-жығылып, сүріне-қабына зытып барады.
Бугеевті білмеймін, өзім қатты қуандым. Қасық қан төкпей-ақ жауды көп шығынға ұшыраттық. Олардың ұзындығы бір шақырымдай келетін тәуір де, мықты да бекінісін алдық.
Жау ұзай қашты. Алыста көрінген бір үлкен селоға дейін тоқтаған жоқ. Біз жаудың бекінісіне көп орналастық та, жаңа бұйрық күттік. Неге екенін біле алмадым, Бугеев «қуанышы» түгіл, әшейін бір ризалығын да білдіргісі келмеді. Тіпті маған жақын да келген жоқ. Әрине, қуанышты бөліскенге не жетсін. Ол білген жігіттің ісі ғой. Ал бөлінбеген қуаныш та өз әлінше, өз қауқарынша жүректі өзінше тербеп, жанды өзінше қозғайды екен. Мен тойдан қайтқандай құлағым шулап, басым дың-дың етіп, есірік боп жүрдім. Өйткені соғыстағы жеңіс қыранның қиядан түсіп, өзіне керекті жемтігіне сұқтана, қызыл көзденіп, есіріктене қонғаны тәрізді болады екен.
Ал қуанышың ше, қуанышың, еліме еңбек етіп жүрмін деген кәдімгі тірі пенденің қуанышы бар емес пе? Ең үлкен сый, зор алғыс өз кеудеңде бүлкілдеп соққан қуанышың ғой!..
3
Бұйрық кешке қарай келді. Алдағы селоға еніп, соны төңіректеп бекінбек екен. Біздің полктың екі батальоны күндізгі бізден қашқан жауды селоға табан тіретпей, ысырып тастаған көрінеді. Село бос. Сол жерден шеп құруды бұйырды. Күн еңкейген, орман басы күңгірттеніп қарауыта бастаған шақта жылжып селоға ендік. Селоның ортасына емес, шетіне төңіректей шеп құрдық. Ұзын көшенің ең аяқ жағындағы оқшау үйге орналастық.
Кәдімгі солтүстік-батыстағы орыс үйі. Екі үлкен бөлме, асхана, дәліз. Жуан-жуан қарағайдан қиып салынған, сырты сылақсыз. Балтамен дөрекі жонылған кеспелтек қарағайлардың ортасына салған кенептер дода-дода боп, сыртына шығып тұр. Әйтеуір іші сыланған екен. Бір бөлменің тең жартысын алып үлкен де жалпақ пеш қаңқайып қалған. Тұрғындары ерте кеткен сияқты. Бөлменің қабырғалары шаң-тозаң, терезені, оның жақтауларын өрмекші торы жапқан. Селоның шетіндегі үй болған соң немістердің қорқып, мұнда тұрмағаны да бірден-ақ көрінді. Біз керісінше сонда орналастық. Селоны айналдыра дөңгелек шеп жасадық.
Кеш болды. Қас қарайып кетті. Әлгі үйдің ішін бар қадарынша тазалап, ішіне ендік. Сыртта қарауыл тұр.
Екі-үш жерге сығырайтып май шам жақтық. Жігіттер кешкі асқа, ботқа жеуге отырды.
Жеп отырғаның ботқа ма, ет пен май ма, немесе бал мен шай ма, әңгіме онда емес. Егер сен сол жеп отырған асыңды мандайын терлеп, балтырың сыздап, еңбек сіңіріп жесең, одан тәтті, одан дәмді, одан жұғымды ас болмайды ғой деймін. Тары ботқаны біздің жігіттер бір шайнап-ақ қылғытып жатыр. Күндізгі шабуылдан шаршаған, қарны ашқан жауынгерлер мұрындарының ұшы тарыдай-тарыдай терге батып, тамақты құныға жеп отыр.
Ас жеп бола бергенде көршілерден бір-екі жауынгер келді. Күңгірт жарықта кім екенін біле алмадым. Біреуінің дауысы таныс. Алғашқыда оның да кім екенін есіме түсіре алмадым.
— Бұл қайсың, әй? — деген Нәлқара дауысы шықты.
— Бөтен емес, өзіміз!
— Өзің кім?
— Мына оң жақта тұрған көршілерден.
— Көрші болғанда кімсің? — деп Нәлқара ежіктей түсті.
— Өзіміз деген соң тергей ме екен сонша тақымдап, құда түсейін деп пе едіңіз, ақсақал! — деп қалды біреуі қытымырланып.
Ауызғы үйге шықтым. Кімдер екенін білмекпін. Қарасам, келген төрт жігіттің екеуі таныс. Мұның бірі Нәлқараның ежіктеуін жақтырмай тұрған дивизиядағы белгілі әнші, қу тілді, қуақы сөзді, кәдімгі өзіміздің Темірбек, орта бойлы, мығым денелі, дөңгелек жүзді, томпиған қара жігіт. Осы шабуыл басталмай, тек қорғаныс шебінде тұрғанда дивизиядағы ән-би ансамблін, солдаттардың ішіндегі өнерпаздар тобын басқарған. Кейін Алматыға бір-екі айлық демалысқа барып қайтқан. Сырттай естуімше, Алматы барғансын қазақтың Жамбыл атындағы филармониясында бірнеше концерт беріп, майданда жауынгерлерге көрсетіп жүрген өнерін сондағы жұртшылыққа сынатыпты. Концерттері жақсы өтіпті. Қазақстан үкіметінің ұйғаруымен оған Қазақ ССР-дің еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақ берілген. Темірбекті көргенде осы жайлардың біразы еске түсіп кетті де:
— Жолдас Көкебаев, айтпақшы, Темеке, шын ниетіммен сізді құттықтаймын. Атақ-абыройыңыз құтты болсын! — деп мойнына асыла кеттім.
Алматыға барғанда сылап-сипағаннан қалған болар, шашынан, гимнастеркасының жағасынан жақсы да бағалы иіс судың хош иісі аңқып тұрды. Екеуміз құшақтасып біраз тұрдық. Кезек екінші танысқа келді. Бұл — Рамазан Елебаев. Орта бойлы, бидай өңді, әдемі жігіт. Менің сонау Лихославль түбінде қайтыс болған грузин жолдасым Ираклий Челидзе тәрізді танауының астында бармақ басындай ғана кішкене қара құрты бар. Өзі көп үндемейтін, салмақты да ойлы жігіт. Алғашқы көзге болмаса бойында әлде менмендік, әлде кекселік бар. Немесе сонау туысынан тұйық та бір жандар болады. Мүмкін сондайлардан болар, оны кім біліпті. Бұдан бұрын дивизия штабында байланысшы офицер боп жүргенде екі-үш рет көргенмін, әңгімелескенбіз. Бір ретте тіпті композитор Компанеецтің «Панфиловшылар марты» деген әнін әдейі келіп үйреткені бар. Сонда ол әлгі маршты баянға қосып, бізге ән үйреткен. Одан өзінің әндерін орындауды, соны естуді өтініп едік, бірақ бұл өзіне ұнамады. Өзі ыңғай көрсетпеген соң қинай берудің орны болмады. Бізді іштей налып қалмасын дегендей, артынша:
— Бұйрықтың аты бұйрық. Маған өз әніңді үйрет деген жоқ. Мына маршты үйрет деген, басқаша болмайды! — деді күліп.
Дегенмен нақ сол шақта оны жақсы түсіне алмадым. Бұл қайсарлық па еді, әлде кішіпейілдік пе еді. Кейінірек қарасам кішіпейіл, аздап тұйық та, ұяң да жігіт боп көрінген. Бірақ сол кеште біз оның сүйемелдеп үйретуімен марштың қайырмасын әлденеше рет қайталағанымыз бар.
Дивизия,
Гвардейская,
Восьмая,
Которой так гордится наш нарком!
Бұл маршты жақсы-ақ үйрендік. Бұл Рамазанның бізге үйреткен әні еді. Осыдан бастап, дивизияда ең болмағанда осы марштың жоғарыдағы төрт жол қайырмасын білмейтін бірде-бір жауынгер қалмады.
Сол Рамазанды бүгін, міне, күтпеген жерден қайта кездестірдім. Жылы амандастық. Қайтадан Темірбекке бұрылып, Алматы, ел жайын сұрадым.
— Алматы орнында, Алатаудың биік шыңдары мен қарлы қойнауында балбырап, манаурап тұр. Ел деген тамаша! Майданнан қайтқандар мен сияқты демалысқа барғандарды хан көтеріп алады екен. Алғашқы барған күндерде елдің, жолдас-жораның сый-құрметінен басым айналып кетті. Ел деген ел екен, қойыны алтын бесік екен.
Ел менің де есіме түсті. Алматы анадай болғанда біздің ауыл, Алматыдан әлденеше жүздеген шақырым жерде, Қаратаудың Аққолтық атанатын кішкене бір ықтасын қойнауында тұратын туған ауыл қандай екен? Шіркін-ай, туған жердің ыстығы ойдан кетпейді. Әсіресе балалық, одан әрі болса сәбилік кезді өткізген жерден ыстық нәрсе болмас. Бұл әлде менің ғана ойым, менің ғана жүрегімнің соғуы ма екен. Темірбек Алматы жайын айта бастағанда менің ойым кілт бұрылып, туған жерге қарай бір сәт бет алғаны бар емес пе? Туған жер, ауаң алтын, желің күміс екен!
Темірбек сөйлеп кетті. Келгендерді ішкі бөлмеге енгізіп, иісі аңқыған, құрғақ пішен төселген, жоғарғы жағына плащ-палатка жабылған еденге отырғыздым.
— Барған бойда қолды-аяққа тигізбей концертке шақырды. Осында майданда жүріп әзірлеген, осы өздеріне айтып беріп жүрген әндерімді орындадым. Майданнан келген әнші деп білетіндер де, бейтаныстар да құрмет көрсетті. Айтып ауызбен жеткізу қиын-ақ. Қайсыбірін айта берейін. Мен бір басқа елден келген король тәрізді болдым. Менің рухымды көтергілері келе ме, кәдімгі бұрын айтылған әшейін бір әндердің өзіне қайта шақырып, жер тепкілеп отырып алады. Жұрт қызық боп кеткен-ау деймін!
— Жұрт сол баяғы күйінде шығар. Сен өзің аңғармаған шығарсың, сен өзің өсіп кеткен боларсың!
Рамазан үндемей отырып-ақ сыңайы келгенде лепірген досты ақырын ғана шымшып алады. Бірақ Темірбек ыққан жоқ.
— Ал шынында да соғыстан бұрынғыдан өскен де шығармын. Оны композитор сен айырмасаң, біз қайдан білеміз.
Осы кеш әзіл мен күлкі, ойын-оспақпен көңілді өтті. Талай сыр шешілді. Темірбек болса, соғысқа дейін қазақ филармониясында әнші бопты. Осы күні бізге айтып беретін «Бипыл» әнін нәшіне келтіріп, сонда да орындайды екен.
Ән сылқым, мәні қалжыңға толы, сықаққа жақын, жорға дауысты керек етеді. Осындай қоңыраулы қоңыр дауыс Темірбекте бар. «Бипыл» десе жанып кетеді. Алымды тай сияқты «ал» десе-ақ суырыла жөнеледі. Мен осы әнді айтуынан байыптаймын. Темірбектің жүрегі жақсы, ақкөңіл, жаны бай жігіт. Күншілдік те, күңкіл сөздер де өмірдің ауыр азабы. Ондай адамның ішкен асы да бойына жөндеп сіңбейтін болар. Ал адамның жан байлығы деген табиғат берген, кең сауырлы жалпақ жердің өзі берген сыйы. Әділдік, ар, намыс шыншылдық жанның байлығынан тарайтын өрімдер. Меніңше, осы табиғат деген дарқан. Ол адам баласына түу баста ешбір жаман қасиет бермеген. Барлық сұмдықты, бәлені, жаланы адам баласы келе-келе өзі ойлап тапқан. Жақсы, кәдімгідей жақсы боп көріну үшін қарсы жағы тағы да болу керек деген зұлымдық ойдан әлгіндей қара бояулы сөздер шыққан. Әрине, мен Темірбек пен Рамазанның басынан осындай бір қарама-қайшылық көргендіктен емес, алдыңғысының жанды, жүрегі жылы, тәні таза жігіттігін айтып отырмын. Барлық ойы, жақсы-жаман сөзі тілінің ұшында, күлкісі мен мұңы көзінің төңірегінде ғана тұратын ақжарқын жігіт. Күлкі, көңілділік дегендерің іздесең табылмайтын қасиет. Сондай қасиетті мына бір өткір көзді қара домалақ, әнші жігіттің бойынан көрем. Мұндай адам халықтың адамы болады. Ол халықты күлдіреді, қуантады. Ол өзінің бойындағы барлық жігерін, талантын адамдарды күлдіруге, қуантуға, солардың жанын жай тапқызып, аз уақыт болса да қайғысын, қасіретін мұның ұмыттыруға себепкер болады. Сондықтан да халық ондай жігітін өз жігітім, өз артисім дейді. Мына Темірбек халықтың сол жігіті, өнерпазы, өз адамы. Мұндай адамды сүймейтін, қаламайтын кісі жоқ. Өйткені ол өнер үшін туған адам. «Жағың түскенше жамандық көрме» деген ата сөзін оған Нәлқара ғана айтты. Қандай жақсы тілек? Иә, бұл жақсы әншіге айтылатын алғыс. Оны керемет әншіден гөрі керемет азамат деген дұрыс.
Табиғаттың адамға, оның мінезі мен құлқына ететін әсері туралы айтқанда есіме Ертіс өзені, Шыңғыстау аймағы түседі. Әсіресе, Ертіс — сұлу сылқым өзен. Сонау Зайсаннан бастап, алтынды аймақ кербез Алтайды қақ жарып өтеді. Ерке мінезді, сылаң қағып ағатын өзен. Арнасы кең, тоғайы мол өңірді жара ағып, алысқа кетіп жатқан үлкен өзен өз өңіріндегі елге, жерге, тіпті ерге талай мінез, талай сый берген. Кейде толқып, кейде кенересінен аса төгіліп, неше түрлі бұраңға, бұлтарысқа салып ағатын сұрғылт түсті асау ағын өз тұрғындарына талай ой сап, жанын тербеген болар. Әсіресе бала кездегі, жастық шақтағы көрген, білген, сезінген жайлардың таңбасы айқын болады. Бұйра толқынның көрінісі, судың сылдыры, өзеннің арнасын кере, шиыршық атқан суық жүзі, жағасындағы қалың тоғай, көкорай шалғын, жайлаған ел, жайылған мал, жағасынан суатқа келген дала еркесі ор киік, шаңқылдап ұшқан ақ шағала, үйірімен қонған үйрек, қаз сонау жас кездегі қиял қозғаушы, жан тербеуші көріністер.
Ертіс жағасында өскен Темірбек бойында сол өзі туған жердің суреті, жүрегіне салған ізі бардай. Байыпты, байсалды, кей кездегі екпінді, желдей ескен ағын да сонау бір туған жердің қанына құйған қасиеті еді. Оның ән салған кездегі үніндегі күмістей сылдыраған әсем, сұлу үн қайдан алынды деп ойлайсыз. Мүмкін, бұл сол Ертіс толқынының түнгі сылдыры шығар, мүмкін, бұл жағада өскен балауса көк құрақтың желмен шайқалған кездегі сәнді ызыңы болар. Ал Ертісті жағалап ән салған сұлу қыздың дауысы, көйлегінің сыбдыры, бұрала басқан ойнақы аяқтың дүбірі жігіт жүрегіне ән боп, ән сазы боп ұялаған болар. Темірбек әнін, оның ең басты номері «Бипыл» әнін естіген сайын осындай бір ой келетін маған. Бәрінен де бұрын Ертісті, ерке бұландай еркін, есіле ағатын асау өзенді айтсаңшы! Ертістей жай ағып, Ертістей толқып, Ертістей жайқалып, Ертістей бұраңдап, бірде олай, бірде бұлай сүйреңдей тартатын мына жігіттің мінезі де осы бір табиғат күшін, ескен орта әсерін айтатындай боп көрінетін маған. Ал мұның қасындағы жігіт осының керісінше әрі тұнық, әрі тұйық еді. Өзі бір көркем жігіт. Қой көзді, қызыл шырайлы, қасы мен шашы тұнық қара. Көп сөйлемейтін, үнемі өзінше ой үстінде жүретін адам. Ол ұзақ күндер бойы өзімен-өзі боп отыра беретін. Әдейілеп бірдеңе сұрамасаң, одан лебіз есту қиын. Мұндай мінезіне бола оны тәкаппар, менмен, өзімшілдеу адам деуге де болар еді. Қайткенде де Темірбекке қарағанда бұл жұмбақтау.
Тағы да табиғат, өскен жер еске түседі. Рамазанның өз айтуынша ол көкшетаулық. Көрдіңіз бе, тағы да сол табиғаттың өзі басқан мөрлердің танбасын көреміз. Әрине, Жұмбақтасы көріп өскен адамның мінезі де жұмбақ болады екен деген ойдан, арзан қиялдан аулақпын. Сондай-ақ Оқжетпесті көріп ескен жігіттің ойына ой жетпейді десе де күлкі болар еді. Бірақ Рамазан жүзінен, жүріс-тұрысынан, ойлы көзінен Көкшетау табиғатындай тұнық ойды, тұнық мінезді, қаймағы бұзылмаған сүттей шайқалмаған сабырды көрсек, оны өскен жердің әлде қалай бір бере салған сыйы десек, артық болар ма еді. Көкшетау жерінің қалың ормандары, ұйықтап жатқан. алып батыр, Египет үйінділері тәрізді қолмен қалап, оймен жасап шыққандай Оқжетпес, Жұмбақтас десе жұмбақ болып көрінетін жұмбақтас, тау аясында, орман саясында мөлдіреген сансыз көп көл, қара тасты қақ жарып шыққан ақ қайың мен қарағай, жұпар иісті ойынды-ойынды алаңдар кімді де болса тербейді, тебірентеді. Бала қиялды әлдилейді. Міне, содан да болар, Рамазан басынан үнсіздікті, тұйықтықты, жұмбақ сырды көрсем, оған да таңдана алмаймын. Мұнда да бір заңдылық бар. Әрине, Көкшетау жерінде әсер жоқ десе тағы болмас еді. Табиғат өз сыйын кім болса соның қойын-қонышына тықпалап, алсаң да ал, алмасаң да ал, демейді. Ол да ала білгенге, қадірлей білгенге, сый тұта, пір тұта білгенге береді. Мынау отырған үнсіз, ойлы адамның жүзінен сұлулықты, құпиясы көп сырлы ойды көріп отырмын. Бұл қайткенде де таныс жерден табылған қасиет. Табиғаттың бұл күшіне кім күмән келтіреді. Мәселен, дүниеде балапан өсірмейтін, оның жетілуін бақыламайтын, оның қанаты қатқанша көзінен таса қылмай ұшуына зер салып отыратын құстарды қайтесің? Көкектен басқа құс өз баласын өзі өсіреді және оған өзінше өнеге береді. Ал қыран болса баласын тұяқ баспаған биік құзға, алып жартасқа, асау желдің өтіне, ызғары мол уілдеген аңғарға, қаһарлы айқай тастың шырқау шатқалына әдейі салады. Ондағысы одан ала алмасын дегендік қана емес, сондай биікте, қатерлі жерде, ыстық пен суықты бірдей көріп өссе өзі сияқты қыран болады. Алысқа, биікке ұшады. Көрдіңіз бе, құс екеш құс та өзінің көргенін істейді, оған жасында көрген табиғаттың қатал заңы өзінің қаталдығын береді. Немене, адам ұрпағы құс құрлы жоқ дейсіз бе? Ақылы мол, парасаты зор ұлы адам Шоқанның да бала қиялын таза, тұнық, тұтас етіп өсіруге себепкердің бірі — осы Көкше жері, Көкше өңірі, Сырымбеттің саласы еді-ау! Шоқаннан кейінгі Ақан ше, Біржанды қайтесің. Естіген құлақтың құрышын қандырып, жаныңды тербеген, терең ойлы, алуан сырлы асқақ әндер «Үш тоты», «Көкжендет», «Сырымбет», «Гауһар тас», «Айтпай», «Жиырма бес», «Жалғыз арша», «Ақ тентек», Мақпал», «Бурылтай, «Сырғақты», «Жонып алды», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Адасқақ», «Бірлән» сынды әндерді туғызған және соларды шырқатып айтқан қос алып емес пе? Олар сол асқақ сұлу сазды, тоқсан толғамды, он бұрамды әндерді Көкшенің бауырында шығарды. Біржан мен Ақан туа біткен ақылды да болар, бірақ Көкшетау табиғаты берген сыйды, сұлулықты, жан байлығын, ақыл-парасат үлесін өздері де жасыра алмаған болар.
Мынау отырған Рамазан сол Көкшеде туып-өсіпті. Жасынан Ақан мен Біржан тәрізді әнқұмар, сәнқұмар, сері мінезді боп өскен-ау деймін. Әні жақсы, мінезі жібектей, бірақ құпиялы, ойлы. Өзі де талаптанып сурет салған және бірнеше тамаша әндер шығарған. Ол әндері Алматыда, қазақ жерінде айтылып та жүрсе керек. Бірақ біздің білетініміз жалғыз ән. Ол — «Жас қазақ» әні. Бұл өз алдында бір әңгіме.
4
Бұл осыдан бір жарым жылдай бұрын 1942 жылдың февралында болған еді. Ақ қар, көк мұз, қақаған аяз. Біздің дивизия жау тылымен жорық тартып келеді.
Совет Одағы ғана емес, дүние шулап жатқан зор оқиға, нақ осы кезде, майданның осы бір бөлегінде боп жатты. Неміс фашистерінің ең бір жауынгер, кілең баскесерлерден құрылған 16-армиясы Старая Русса және Демьяновск түбінде қоршауда қалды. Осы қоршаушылардың ең алдыңғы сапында панфиловшылар келеді. Мақсатты меже алда. Күндіз-түні жорық сап, шеру тартып, үдере де, үрдіс те келеміз. Жаудан босатылған ондаған деревня артта қалып жатыр. Осы шақты еске алдық. Бірақ қайсыбірі көңілге дік ете түседі. Сол кездің бір ғана оқиғасын әңгімеледік. Өйткені жаңа ән қалай туды дегеннен шықты ғой бәрі. Біздің Рамазанға айтқызғанымыз Бородино селосы үшін болған ұрыста қаза тапқан Төлеген Тоқтаров туралы еді. Ән соған арналыпты деген лақап бар-ды.
Бұлар Алматыдан Москва түбіндегі Нахобино деревнясына бірге кепті. Бір-бірін танымайды да екен. Жорық алдында, әрбір жауынгерді сапқа қойып, батальон, роталарға бөлген кезде танысыпты.
— Осы кейінгі кезде оның аты, істеген батырлығы аңыз боп кетті ғой, тіпті, — деп бір қойды Рамазан. — Екі ұрыста отыздан аса жауды өлтірген. Ең соңғысында селоға бірінші боп еніпті де, бір үй толған неміс солдаттары мен офицерлерін жоқ егіпті. Мен оның ерлігі, істеген батырлығы, жауынгерлерге көрсеткен өнегесі жайлы көп естідім.
— Иә, оның аты ертедегі батырлар тәрізді аңыз боп кетті.
Осы жерде Темірбек те сөзге араласып қойды.
— Кейде көріп қаламыз, кейде көзге түспей, назардан тыс қала береді, әйтпесе күнде ерлік істеп, батырлық көрсетіп жаралы болғандар көп. Кейбіреулері санбатқа жетіп қайтыс болды. Сендердің маған айтқызбақ боп қинап отырған өндерің сол Төлеген Тоқтаровқа, сол әлгіндей белгісіз батырларға арналған ән еді ғой, — деп бір тоқтады Рамазан. — Ерлік істердің бәрі бірдей бола бермейді. Оның ішінде қандай бір сұмдық, адам естімеген ерлік болса да, жалғыздың аты да жалғыз. Даралық жанды соншалық қозғай да, делебені қоздыра да алмайды. Төлеген ерлігі өзім көрген көп ерліктің жиынтығы, соның ең соңғы бір нажағайы тәрізді боп көрінді. Әнді туғызуға себепкер болған осы соңғы ерлік деп ұқтым. Бұдан соң өзі де жүректе булығып, шиыршық атып жатқан саз болса керек, суырылып шыға келеді ғой. Атын «Жас қазақ» қойдым. Бұл осы отырған өзіміз деген сөз.
— Аты да әйдік. Төлеген Алтайдағы қойшының баласы екен, өзі жұмысшы болыпты. Меніңше, 1923 жылы туған. Демек, қайтыс болғанда он тоғыз-ақ жаста. Он тоғыз жастағы комсомолецтің істеген ерлігі бүкіл дивизияға, майданға үлгі, өнеге боп отыр. Сенің анау әнің тараған кезде Төлеген аты ұзаққа кетеді. Мен өзім орындаймын.
Темірбектің бұл сөзін Рамазан үнсіз тыңдап қойған жоқ, ұнатпай қалғандай болды. Бірақ онысын былш еткізіп бетке соққандай айта салатын Рамазан емес. Бұл сөз туралы не ойласа да, ол оның ішінде қалды.
Рамазан бұдан кейін де көп уақытқа дейін үнсіз отырып ойланды. Әннің әрбір ырғағын, сазын, нақышын есіне түсірген болар, сазарып көп отырды. Әлден уақытта қолына кішкене сырнайың алды. Сырнай баспаларын ұзақ басып, әрқайсысын қайта-қайта орала басып, әлі отыр. Мен сонау жас кезімнен білем, менің байқауымша әнші, күйші, жыршы, тіпті бақсы дегендердің өзі әрі менмендеу,әрі паңдау келеді. Ал ән шығарушыны көріп отырғаным осы болар. Мен көріп отырған адам олардың бірде-біріне ұқсамайды. Паңдық емес, ой басым, әумесерлік емес, сабыр мол. Нақ осы мезетте оған көп қарадым, өзімше сырын білуге, жұмбағын шешуге көбірек ынтықтым. Алғашқы байлам, әменде босап келеді. Алғашқы түйін, бірінші шешім күдік туғызбай қоймайды. Ең ар жағы қарға екеш қарға да баласына:
— Бір шоқып, жан-жағыңа екі қара! — деп үйретіпті.
— Екі шоқып қараса қайтеді? — депті қомағай балапан.
— Басқа бәле тойымсыздықтан келеді. Бір шоқып екі қара. Алдымен оң жағыңа қара, содан соң сол жағыңа қара. Бүйтпесең бәлеге тұтыласың, қомағай болам деп бәрінен ұтыласың.
— Алдымен солға, сонсоң оңға қарасам қайтеді?
— Мұның да болмайды. Біздің қастарымыздың ішінде солақайлар аз, оңқайлар көп... Демек, жамандық жанның бәрінің қолынан келеді, жақсылық екінің бірінің қолынан келе бермейді...
Менің әкем осы қарғаның баласына ақыл үйреткенін айта отырып:
— «Түсі игіден түңілме» деген рас сөз. Бірақ кейде ажардың да алдамшысы болады. Бір көре сап тон пішкен жаман, бір көре сап, ұнатқан да жақсы емес. Адамды тану ақылдың ғана емес, уақыттың мерзімнің ісі, — дейтін. — Аяғының басына, жерге қарап жүретін, назары пәс адаммен жолдас болма, ол опа бермейді.
Әке сөзі ойыма бекер түспеген. Адамды ұқсам деймін. Бұл оңай емес, қиын іс. Қараймын. Қараймын да ойланам. Жұмбақ. Көре салып түңілгеннен, көре салып сүйінгеннен, сол жұмбақ болғаны артық. Меніңше, осы жер бетінде жүрген әрбір адамның өзі жұмбақ. Ал жұмбақтың да ақылдысы, ақымағы болады.
Қайта қараймын. Бәрібір жұмбақ.
Жаңа жұмбақтың шешуін таппағаным сияқты, мен оны нақ қазір онша танып, біліп отырғаным жоқ. Рамазанға қарағанда көкейі мен көмейінде тұрғанның ешқандай айырымы жоқ, аңқылдақ, ақ көңіл, ұстамы аз, ұшқыр тайдай жұтынып, зытқалы тұрған Темірбек әлдеқайда сыр мінез тәрізді.
Рамазан көп толғанды. Майдан жайын естен шығарып, елеңдемей-ақ, сарыла отырып біз күттік. Сырнайдың сыңсымалы әдемі үні шықты. Бөлме іші тұна қалды. Ауызғы үйдегілер де елеңдеп кіріп келді. Нәлқара келіп босағадан орын алды. Ән басталды. Сөзсіз, тек сырнаймен орындады. Соның өзінде тыңдаушылардың көз алдынан мұңдылау, ерлікке толы бір сарын өтіп жатты. Қалын орманды басқан ақша қар, қақаған аяз, сұрқай, қорғасын түстес бозғыл шаң басқандай сұрғылт аспан. Төңіректе зу-зу, зып-зып етіп, елім оғы ойнайды. Түнерген қара аспан шабынған бурадай аузынан қанды көбік атып, гүжілдеп, күңіренеді. Ақша қардың бетінде жосылып, қып-қызыл жоса боп төгілген қан. Селоның шетіндегі бір үйден жау пулеметі безілдеп, өлім төгіп жатыр. Сол бір оқтың атылып жатқан жері жоқ болса, дүние тыныштала қалатындай, жас жауынгер қалың қарды қолымен, кеудесімен қақ айырып, алға қарай, жау оғына қарсы жер бауырлап жылжып барады. Талай көз оның әрбір қимылын, қозғалысын қадағалап қалған. Ол жыланша сүйрелеңдеп, алға кетіп барады. Жауынгер пулеметке жақын барып оқша атылды. Жау үстіне граната тастады. Жігіт құлап түсті, оқтың үні өшті. Осы шақты күтіп жатқан біздің жауынгерлер тұс-тұстан селоға лап қойды.
Мұндай оқиғаны көп көрдік. Жас жауынгерлердің ерлігін жырлаған әнді естіп отырғанда сол бір көргендердің көбі-ақ тізбектеліп көз алдымыздан өтіп жатқандай болды. Рамазан әнді тартып отырғанда өңі алаулап, көз алды жасаурап, мұрнының ұшы тершіп, өзі шығарған ән ырғағының мұңына батып шығып, батып шығып отырғандай еді. Адамды сөйлеген сөзінен, айқайлап салған әнінен, сырт пішінінен ғана емес, үнсіз отырған кездегі қабағынан, көзінен де көп нәрсе ұғуға болады. Осындай кейде мұңды, кейде серпінді ерлікке толы, шерге малып алғандай сұлу әнді шығарған жігіттің нәзік те, қанды да жүрегін, асыл мұратты жанын көрдік. Нақ осылай болғанның өзінде, қазір ол осы біздің алдымызда отырғанда осындай бір биік, жақсы адам боп көрінді. Мен тіпті адамға табиғаттың, адам жанына табиғат өзі жасаған сұлу мінездерінің көріністердің қандай таңба қалдыратыны жайындағы өзімнің шолақ пәлсафамды есіме қайта түсірдім. Бұл қайткенде де бір табиғат өзі жасаған сұлулықтың, кеңдіктің, әсемдіктің қоршауында өскен жан болар. Өзі де нақ осылай. Бұл талай-талай сұлу ән, көркем жыр туғызған Көкшенің жігіті деп айтқанбыз. Осыны білетіндіктен де болар, көз алдымызда жаны жақсы, қыздай кішіпейіл өнегелі жігіт отыр. Оның сол бір асыл жанын жарып шыққан сазды әнін тағы тыңдадық. Көкшенің көгілдір тартқан көк орманы, қарағайлы шоқтығы, бауырында жатқан айдын көлдер, Жұмбақтас, Оқжетпес, ұйықтап жатқан жұмбақ батыр шөгіп жатқан қара бура, Сырымбеттің бұйра белі, Бұлаңды ормандары, Жөкейдің тостаған көлі жігіт жүрегіне біраз асылын құйғанға ұқсайды.
Ән бітті. Бірақ ызыңы құлақта тұр. Сол құлақтағы ызыңнан жүрек солықтайды, діріл қағады. Ән иесі де өзгеріп кетіпті. Өңі қуқыл. Қан-сөлін ішіне тартқандай қуаң. Жүрегінің ырғақты соғысы әлгі бір саздың қанатында кеткен бе? Ән шығарушының астыңғы ерні оқыс дірілдеп, жылайын деп тұрған жас баланың иегі тәрізді кемсеңдеп тұр екен. Мен ештеңе сезбеген, көрмегендей, назарымды аударып жібердім.
Бұл Көкше жігіті ғой. Бұл Көкше жерінің көркін көріп өскен жігіт. Бұл сол Көкшенің сұлу табиғатындағы талай әсемдікті, көркемдікті көкірегіне ораған, жылы ораған адамға ұқсайды. Көкше десе, Көкше емес пе! Иә, сұлу — Көкше, аңыз — Көкше, ән — Көкше, күй — Көкше, көздің нұры, көңілдің жыры — Көкше! Кімдер әсем жырын арнамаған, кімдер аршындап жырламаған, кімдерге ой салмаған, кімдердің қиялын қозғап, жанын тербемеген Көкше бұл! Иә, Көкшені көргенде шалқымаған ой — өлік, тебіренбеген қиял — шірік. Айта берсек, бұл жер тіпті, талай-талай топастың да өлік ойына жан бітіріп, жұмыртқасын шайқаған қырандай алмастай асыл тұяғымен дір шайқап өткен.
Ақын да, жазушы да емес, әнші де, күйші де емес, жай адамдардың да жанын толғап, көкірегіне өн сазын, күй назын құйған жер ғой бұл. Мына жігіттің қой көзінің тұнығында, оның ортасындағы ноқаттай қарашығында Көкшенің көркі ұялап тұрғандай қайта-қайта қарай бергенім рас. Мен де адаммын, Көкшені мен де көргенмін. Ең алдымен мен оны Ақанның әнінен, сазды даусынан, құбылған үнінен көргем. Оны Біржанның асқақ әндерінен оқып көргем. Оны мен Ыбырай мен Балуан Шолақтың саздарынан көргем. Мен оны тағы да көріп отырғандаймын. Көріп отырмын. Қазақ жерінің төсіне таққан айшықты алқа, асыл тастардан, қымбат меруерттен жасалған алқасы — Көкше! Көз алдымда көгілдір тартып, көсіліп жатыр.
Қазақ музыкасын, оның әсем сазын Құрманғазыдан естіген Савичев не жазды, қаза.қ өндерін, өлең-жырын тамаша бағалаған Радлов пен Потанин не деп еді? Менің елімнің ән-күйін мыңдап жинаған кешегі Затаевич не қалдырды? Мұның бәрін Рамазан да, ол түгіл мен де білем. Табиғаттың адамға әсерін, өнерге әсерін ең алдымен білген де, айтқан да солар. Ал аты белгісіздеу бір ғалым «Қазақ музыкасы» деген бір еңбегінде табиғат сыйы, оның өнерге әсері жайлы тіпті әдемі айтқан: «Табиғаттың оларға (қазақтарға) тарту еткен сыйы сол — өз халқымен біте қайнап, бірге өсіп келе жатқан қазақ музыкасы сыртқы әлеуметтік сілікпенің талай тақсіретін тартса да, бөгде де бөтен ықпалға берілмей еркін дамып келеді. Қазақ музыкасы өз халқының мінез-құлқын, өзіндік ұлттық салт-санасын айнытпай бейнелейтін музыка. Қазақ әндері үшін концерттік сахна — олардың шетсіз-шексіз кең байтақ даласы, көкше құрағы жайқалған ауыл маңы, сылдырап, бұрала аққан өзен мен оның құлпырған көк майса жағасы, жұпар иісті жасыл алқабы, көз тартатын көрікті еңсесі биік таулары, шөбі шүйгін кең жайлаулары. Сыбызғыны сыңсыта тартқан малшының жүрегінен шыққан жай бір саздардың өзі осы бай табиғаттың асқақ шырқап, аспанды жаңғыртып тұрғанын байқатады, еріксіз баурап әкетеді».
Табиғат деген осындай қасиетті, құдіретті күш. Рамазанды көргенде Көкшетауды есіме бекер алып отырғаным жоқ.
Ақан мен Біржан демекші, ол екеуі Көкшенің өзіне не бергенін жұрттың бәрінен артық білген. Содан да болар-ау ол екеуі «Көкшетау» дегісі келмей, «Көкше» деп өздері сүйген сұлу қыздың атындай, өздері айтқан әсем ән қайырмасындай еркелетіп атаған. Көз жастарын сырлы өзенге құйып, оны мол жинап, Көкше саясына әкеп төге салғандай мөлдір де тұнық көлдерді, кебенге біткен көсіктей қарағайларды, ақ қайыңды, Жұмбақтас пен Оқжетпесті кім жасаған, қайтіп жасаған? Табиғат па, адам ба? Көкше демекші, осы жерге байланысты қазақ жерінің мынадай бір аңызын еске алуға дөп кеп қалды: «...Нұх пайғамбар заманында жер бетін топан су басыпты. Дүние түгел опат боп, кейін су басылып, адамзат қайта дәурен сүре бастаған кезде, табиғат қайта гүлдене бастаған заманда жер бөліске түсіпті. Алдымен асығып барғандар ең шұрайлы, орманды, таулы, өзенді, көлді, теңіз жағалауларын алыпты да, артынан барғандарға дала, сортаң, шөл жерлер қапты. Біздің қазақ қашаннан-ақ самарқаулау болса керек, ең соңынан барыпты. Оған Сарыарқа мен Қызылқұм, Құлынды мен Қостанай даласы, Ертіс пен Жайық бойының кең жазығы, Сырдария бойы мен Шудың төменгі ағысы, Арал мен Балқаш жағалауы тиген екен дейді. Қазақ самарқау болғанымен ақылды. Әлде сорына, әлде бағына мол жер тигенше қуана да, ойлана да отырып, құдайдың алдына мәселе қойыпты.
— Маған берген жерің көп те болса, аздай боп тур. Астында қойын-қойнауында не жатқанын болашақ көрсетер, бет жағы реңсіз, топырағы сортаң, шөбі аласа, басқаларға қарағанда мәнсіздеу боп тұр. Берер болсаң үлесімді жұрт қатарлы дұрыс бер, әйтпесе, қайда тәуір Жер бар десе, көше-қонып жүре берем, басқа түскенді көре берем.
— Асты толған алтын ғой, зор байлық, — дегенде де көнбей:
— Алтынын кейін алам, байлығын бара көрем! — депті.
Құдай қазақ жеріне Қаратауды лақтырып жіберіпті.
Қараса қасқыр жонды, түлкі тұмсық, жалаңаштау келген әдемі тау екен. Сонда да місе тұтпай, қазекең отырып апты.
— Аз! — депті ол.
— Аз да болса саз! — депті құдай.
— Бәрібір наразымын, — деп отыра беріпті, отыра беріпті.
Қайсар қазақтың кетпесін көрген соң, құдай Алатауды қазақ жеріне қарай жылжыта түсіпті. Одан ағыл-тегіл боп жеті өзен ағып, қазақтың шөл далаларын қақ жарып, аға бастапты.
Қазақ атам отырып апты. Жалпақ бет, қара шашты мына бір қоңыр жігіттің қайсарлығына ыза болған құдай Африкада ма, әлде Европада ма тұрған, қойнында көлі көп, аядай бір әдемі жерді қазақтың Сарыарқасына қарай лақтырып кеп жіберіпті. Көкшетау бұл өңірге осылай пайда болған екен» дейді.
Жері шалғай, мінгені қарабайыр қоңыр ат болғансын шығар, ал шынына келсем, біздің ата-бабамыз самарқау да емес, қайта сергек, сері мінезді, әліне қарамай маңғаз, көші-қонның алыстығына, жолдың ұзақтығына қарамай ер жүрек, шыдамды, көнбіс, төзімді жандар болса керек. Жол алыс, сапар ұзақ болып, кешеу тартып барғаны болмаса, оның құдай алдындағы қылығынан өжет, ойлағанын орындамай тынбайтын қайсар, үлестен үдесін алмай қоймайтын шамшыл, намысы мен ары мол жан екенін көрем. Мына бір аядай ағаш үйдің бір бөлмесінде бір кезде «қассақ», одан соң «қайсақ», кейін кеп «қазақ» атанған сол қара шалдың ұрпақтары отыр. Терезеден мұңды ой басып тұрған қара орманға көзім түсіп кетті. Орман іші бұлыңғыр, ағаштар басын мұнар шалған. Кейде көзіңе қарағайлардың көбі-ақ қара жамылған әйелге ұқсайды. Бізді қоршап тұрған орыс ормандарын ғана емес, біздің Алатау мен Қаратауды, Көкше мен Баянды да мұң басып, биігін мұнар шалып тұр-ау деп ойлаймын. Соғыс қой, соғыс! Біз отырған үйдің терезесінен көрініп тұрған ну қарағайлардың басы болса мұнарлы, бұлыңғыр боп көрінеді. Меніңше, ана жүрегін қақ жарып шыққан отты, жалынды күрсінуден пайда болған бу, жердің көз жасындай шық. Бұл — сүйген жардың ыстық демінен, мөлдір көз жасынан шыққан бұлыңғыр, бұл көкіректі қақ жарып шыққан дымқыл тұман. Бұл — қабырғасы қайысып аға күткен қарындастың, әке күткен сәбидің, туыс күткен жас бауырдың бейкүнә көз жасы!
Терезеге қайта қараймын. Орман шетінде оқшау тұрған әдемі ақ қайыңның ұшар басы әрең көрінеді. Бұл таңғы мұнар, таңғы шық бу тартып, мұнар көтерген, танғы сағым шалған. Ақ қайыңның алтын түстес сарғыш тартқан жапырақтарына мөп-мөлдір шық тұрған. Күн көтеріле бастады. Қазір ағаштар ебіл-дебіл боп жылап тұр. Иә, жылап тұр. Көкшедегі Оқжетпестің жартасын қақ жарып шыққан әдемі қайыңдар да қазір жылап тұрған болар. Сөз жоқ, жылап тұр. Тамыры алысқа, тереңге кетіп, өзі тасты, кәдімгі қара тасты қақ жарып шықса да ағаш екеш ағаштың да осындай бір жылайтын шағы болады. Қазір нақ сол шақ. Жаңа ғана Рамазан орындаған әннің басқаға қандай әсер еткенін білмеймін, өзіме осылайша әсер етіп отыр. Ақ қайың мен жалғыз арша ғана емес, мен де жылап отырмын. Көзімде жас жоқ. Солдатпын ғой. Жүрегім быт-шыт, тілім-тілім боп еңіреп отыр.
Біз әнді қайта-қайта, әлденеше рет баянға қосқызып, мұңдана тыңдадық. Темірбек болса ішінен күбірлеп, үйреніп отыр. Ал менің жүрегім бұрынғыша жылап отыр. Жауын астына басып, жастығын ала құлаған намысқой жас етпетінен түсіп өліп жатыр. Өліктің алғашқы ыстық деміне еріген сүйріктей мұздың ұшы да ақша қардың бетіне көз жасындай боп, тырс-тырс тамып о да жылап тұр...
Бұдан соң Темірбекке де зорлағандай етіп ән салғыздық. Әлгі бір кездегі мұң басқан, кіреу тартқан жүздері қайтадан күлкі билеп шыға келді. Жауынгерлер жалындата, лаулата, әнді қыздыра алатын Темірбекті де ұнататын. Оны сол ұнатқаны үшін қазақ жауынгерлері «Бипыл» деп атаса, орыс жауынгерлері домбырасына, талмай соғатын әсем дауысына қарап «Жамбыл» дейтін. «Жамбылды» біраз сарнатып алдық.
— Енді өз әніңді қайта сал! — деп қалды Нәлқара.
— Өз әнім емес, халықтың әні ғой. Менде ән жоқ.
— Қайдан білейін, жанның бәрі сенің әнің дейді. Сенің өзіңді де «Бипыл» деп атайды.
— Мен Бипыл болсам, салдым сол «Бипылға»., — Темірбек әнді жұлқынта жөнелді.
Рамазан оны сырнайымен сүйемелдеп отыр. Темірбек едәуір-ақ жосып алды.
Асау кер ат қырсығар шалдыққанда,
Еркін дауыс шықпайды қарлыққанда.
Біздің Бипыл отыр ма, жатыр ма екен,
Бір көрінсе көзіме зарыққанда.
Ақау, тәнім-ай,
Талма, менің жаным-ай,
Ей, Күлди, Күлди, Күлжан-ай,
Күнде қызық үйім-ай,
Бипыл, Бипыл, Бипыл-ай,
Тартшы, құрбым, бір күйді-ай!
Жауынгерлер ұйып қапты. Әркім өз үйін, өз үйіндегі Бипылын ойлап отырғандай еді. Біреу қызынып:
— Жағың түскенше жамандық көрме, тағы да, тағы да! — деп қызына сөйледі.
Біздің Бипыл жүр ме екен аман-есен,
Бейнетімді ұмытам соны көрсем,
Жорық салып жарың жүр құба жонда.
Жаным Бипыл, ұмытпа, бір мен десең!
Темірбек әнінің қайырмасын алғашқыдан да құбылтып, құйқылжыта салды.
Ақау, тәнім-ай,
Талма, менің жаным-ай,
Ей, Күлди, Күлди, Күлжан-ай,
Күнде қызық үйім-ай,
Бипыл, Бипыл, Бипыл-ай,
Тартшы, құрбым, бір күйді-ай!
Жауынгерлер дүрілдете қол соқты. Мәз боп қалды. Қазақша білетін өзіміздің жерлестеріміздің бірі:
— Жарайсың, ақсақал, жарайсың, Жамбылым! — деп қойды.
Көкейге көңілді таңба басқан бұл да бір кеш еді.
5
Екі тәуліктей дем алып, ән тыңдап, өткен-кеткенді айтып бой жаздық, тынығып қалды. Бугеевті полк штабына шақырып кеткен еді. Жайбарақат дем алуға бұ да болса оңды болды. Қайткенде де, қырық сегіз сағат ұрыста жүрген солдат өмірі үшін аз уақыт емес. Бірақ бұл жақсылық осыдан әріге бармады. Екі күн өтіп, үшінші күн дегенде осыдан командир ротаның өзіне шақыртқан бұйрығы келді.
— Сендер мен келгенше кетпеңдер! — деп, Темірбек пен Рамазанға ескерттім де асығыс кеттім.
Келсем қоңырқай тартқан өңін түк басып, көзі тұздай боп Бугеев отыр. Взвод командирлері жиналып қапты. Соңынан келген мен екенмін.
— Аяқты асығыс басқан дұрыс! — Маған бір қарады да: — Картаны алыңдар! Мына бір биіктерге, таулы жерлерге қараңдар, жаудың қазіргі бекінісі осы тау шоқтықтары, қорғануға қолайлы биіктер. Біз қазір шабуылға шығамыз. Бүкіл дивизия, полк, батальон, рота, взводтардың міндеті сол — осы таудың биігін өз қолымызға аламыз. Картадан тұрған жерлеріңді, алдағы бағыттарыңды белгілеп алыңдар.
Әркім өз картасына белгі соғып жатыр.
— Жан-жақтарыңа, көршілеріңе қарайлай жүріңдер! Екі қызыл ракета — артиллерия ата бастайды. Екі көк ракета — жаяу әскерлер қозғалады. Тау биіктеріне жеткен бойда бекіну қажет! Кімде-кім биікке, тау жотасына бұрын шықса, жасыл ракетамен белгі берсін.
Бугеев картадан көз алмай қарап тұрды да:
— Міндет түсінікті ме? — деді.
— Түсінікті. Қай мезгілде басталады?
— Бір сағаттан соң! — Ол сағатына қарап қойды.
— Айтпақшы, біліп алыңдар, мына біз алатын таудың аты әлгі бір дуэльде атылып өлетін бұйра шашты, негр сияқтанған ақын болушы еді ғой, кім еді, әлгі иә, әйтеуір соның атымен аталады екен.
Комвзводтың бірі маған қарап көзін қысты да:
— Лермонтов па? — деді.
— Жоқ, әлгі бір сұлу қатыны болған. Сол әйелдің осы жерде тұрған үйі де бар көрінеді.
Менің байқауымша Бугеев қулық істеп тұрған жоқ. Не ұмытып қалды, не шын білмейді.
— Пущин бе? — дедім мен әдейі, есіне түсірейін деп.
— Иә, нақ өзі, Пущин.
— Мүмкін, Пушкин шығар.
— Нақ өзі, Пущин емес, Пушкин! — Бугеев қызарып кетті. Қиын ғой, кім болғанда да білгенге не жетсін!
Мұның үстіне тыныш тұрмай тағы бір кіші лейтенант:
— Мүмкін, оның әлгі сұлу келіншегі осы таудағы жерінде әлі тұратын шығар? — деп қалды.
Бугеев естімегендей боп:
— Міндет түсінікті ғой?! — деп қатал дауыспен қайта сұрады.
— Түсінікті! — деп тұс-тұсынан шу ете түстік.
— Түсінікті болса, взводтарыңа барып, сигнал күтіңдер!
Жүгіре басып взводыма келдім. Болған жайды айттым. Взвод асығыс түрде тамақ ішуге кірісті. Қорғаныс кезінде әншіміз, композиторымыз болған Темірбек пен Рамазан ұрыс кезінде санитар боп істейтін. Бұлар да өз орнына баруға асықты. Қоштасып тұрып:
— Шабуыл жасайтын мына тауларымыз Пушкин тауы деп аталады екен! — деп солтүстік-батыс бетімізді алып жатқан көгілдір, пәкене тауларды, еңселі көк шоқыларды көрсеттім.
Рамазан сұқтана қарап тұрды да, әлден уақытта жай ғана:
— Кейбір пішіні біздің Көкшеге келеді екен! — деп күбір етті.
Кейбір кескіні Көкшеге ұқсайтын тауға мен де қарадым. Есіме осы Көкшенің Имантау деген жері жайлы мынадай бір аңыз түсті:
Жолаушы қазақ шаршап кеп дөңге шықты,
Бір мезет қиял қанатымен ұшып;
Көп қарады ол жан-жағына
Күннен көзін сығырайта қысып.
Алдында кілем түгіндей болып,
Көгілдір бір бел жатты.
Белінен қысып сол тауды
Айдынды, шалқар көл жатты.
Кезінде талай ел кезіп,
Нелер сұлу жер кезіп,
Бері қазақ атанған арыс еді бұл да бір.
Ол атынан түсті, қаңтара салды құланы,
Ақырын ойлы басып аяғын,
Өзі бесіндік намазына құлады.
Шаждаға қойып басын,
Тұмсығымен иіскеп әлгі таудың тасын,
Мінәжат, тәуба айтты құдайға,
Мұндайда ол кінәлі болмаса
Бостан-бос алладан иман сұрай ма?
Қонжия кеп, шөкелеп отырды да,
Оң мен солын тағы бір шолды.
Ішінен күбірлей берді, күбірлей берді.
— Қандай сұлу жер еді, — деп, — оңды,
— Намазым көптен қаза еді,
Кезінде көп кесапат істегенмін,
Оның бәрі кешірілмес жаза еді,
Ықыласым түсті, ниетім ауды,
Мына жер неткен таза еді!!!
Аса етемін ақ қайыңды жонып ап,
Қоныс етем жайлауыңа қонып ап!
— Төсек еттім жеріңді,
Қаусар еттім көліңді,
Мекен еттім шөліңді,
— Осы таудай асқар етіп ар берші,
Осы күндей таза етіп жар берші.
Мына таудай маңғаз етіп жұрат бер,
Мына көлдей шалқар етіп мұрат бер,
Мына көлдей терең етіп дәулет бер!
Мына таудай әсем етіп сәулет бер!
Әрбір сөзін құран аятындай қайталап,
Әлгі қазақ құбылаға қарап отыра берді,
Жайнамаз етіп, көкпеңбек жайсаң жерді.
Тараыс қолымен шоқшиған сақалын сипап,
Намазын доғарар жеріне де келді,
Алақанын жайып аспанға, соңғы тілегін айтты:
— Осы таудай биік етіп ұждан бер,
Осы көлдей тұнық етіп иман бер,
Бұл жердің ұрпақтары —
Әлгі қара шалдан бата алған дейді,
Содан бері қарай мына жер —
Имантау аталған дейді.
Намаз білмес, аяттан хабары жоқ қазақтың әдемі, сұлу жерді көргенде тәубеге келіп, сұлулыққа бас игенін айтатын бұл аңыз менің есіме осы арада сап ете түскен еді. Аят орнына ақ өлең айтып, ант берген әлгі қазақ сол жерде мәңгі қалып қойған көрінеді.
Бұл да сұлулық, әдемілік күші, соның құдіреті. Сол бір құдіреті күшті туған жердің көрінісіне, сұлулығына ұқсас, көзге ыстық, көңілге жылы жерді көргенде кім де болса бір толқып қалар-ау! Сондай толқу менде де, менен де гөрі Рамазанда болған-ды.
Олар жүріп кетті. Взвод асығыс жиналып, жорыққа әзірленді.
Көзім аспанда, белгі күтіп отырмыз, қанша уақыт өткенін кім білсін, әлден уақытта бұлыңғыр сұр аспанның көгіне жанған жұлдыздай боп бірінен соң бірі екі қызыл ракета ойнап шыға келді. Артынша артиллерия ата бастады. Біз деревняны тастап, тоғайға қарай жылжыдық.
Жаяу әскерлер үшін шабуылдың басталатын жері осы болар-ау деген шамаға басқалармен қанаттаса келіп, тау бөктеріне кеп отырдық. Тау онша биік емес. Аласа ағаштар басқан, түрікмен бөркі сияқты ұйпалақ-ұйпалақ көк төбелер, қасқырдың жотасы тәрізді қоңыр жоталар. Біздің артиллерия атқылай бастаған кезде сол жоталар мен төбелерге де жан біткендей, әр жерінен жау пулеметтері безілдеп қоя берді.
Артиллерия біраз атты. Артынша-ақ жаяу әскерге белгі берілді. Бір-бірімізбен қанаттасып, септесіп, алға ұмтылдық. Жау мұны күтті ме, әлде жоқ па, оны кім білсін, біз тауға тырмысып, өрмелей бастадық. Күн еңіске түсіп барады. Жарық барда биікті алып үлгірсек тым жақсы. Жалпы мақсат та осы болар. Біз де соған жетпей тынбаспыз деп өрмелей жөнелдік. Жау атып жатыр. Бірақ дегбірі кетіп, қалай болса солай, беталды байбалам салып, мақсатсыз, белгілі нысанасыз атып жатыр, Өйткені аласа ағаштарды тасалап, қия бетке келіп қалған біздің взводты көрмей, ойға қарай оқты үсті-үстіне зуылдатып жатыр.
Биікке еңбектеп, жер бауырлай өрмелеп келеміз. Жау бекінісінің дәл иегінің астына жетіп, взводты тоқтаттым. Жермен жер боп қына мен мүк басқан кішкене тарғыл тастардың арасына жаттық. Төңірегімді шолдым. Біз ғана емес, басқалар да ентелей кеп қапты. Бәрі де соңғы жарлықты күтуде екен. Көп күтпедік, әлдеқайда қияннан жасыл ракета аспанға ұшып, «Атака» деген қарлыққан жуан дауыс қоса шықты. Біз көтеріле бердік. Жау қатты састы. Қару-жарағын тастап, ойға қарай тастай домалап, тұра қашты. Кейбіреулері окоптан көтеріле алмай қалды.
Біз таудың алдыңғы қабатындағы бірінші биікті алыппыз. Қарсы беттен тағы да ата бастады. Әсіресе бір пулемет безілдеп, біз алған шоқының басына оқты бората жөнелді. Енді біз шабуылға бүгін шықпаспыз да, сонда да болса маза берер емес. Көп күттік. Тоқтар емес. Нақ біз отырған биікті нысанаға ап, төгіп жатыр. Пулеметін қайта оқтап алатын болу керек, бірер минут тына қояды да, қайта атады. Әбден бір нысанаға қойып алған болса, бұл түнде де маза бермеуі мүмкін. Не де болса жарық барда көзін жойып алайын деп ойладым. Тағы бір кезекті тыныс алған кезде қасыма Нәлқараны шақырып алдым.
— Қайдан атып жатқанын байқаңызшы!
— Соны білмей отыр ма едің?
— Білсеңіз айтыңыз, сізді әдейі сол үшін шақырдым.
— Мен алғашқы ата бастағанда-ақ байқадым. Сонау бір қарайған төмпешіктің түбінен атып жатыр.
Нәлқара добалдай қолын шошайтып, оң жақ иықтағы тас па, мола ма, әлде әдейі жасаған ықтасын ба, әйтеуір бір қарайған ұзыншалау көк төмпешіктің түбінен атып жатқанын көрсетті. Жау тағы да атты. Нақ сол жерден атып жатқаны аян.
— Дүрбілі мылтығыңызды беріңіз!
— Өзің атасың ба?
— Атсам несі бар, неменеге таң қаласыз?
— Таң қалғаным емес, сүйсінгенім. Мә!
Нәлқарадан дүрбілі мерген мылтығын алып, жауға қарадым. Ұзынша тастың үстіне көк шым, шөп-шалам төсеп қойыпты. Пулеметтің стволы ғана көрінеді. Безілдетіп бізге қарай төгіп жатыр. Бас көтертер емес. Жаңа ғана тұтқынға түскен үш-төрт немістің өзін тылға жібере алмай отырмыз. Біз отырған окопта көздері бадырайып олар да отыр. Олардың қаруын біреулер жинап, бір жерге үйіп қойыпты.
— Анау пулеметтің үнін өшіріп кел десем барар ма едіңіз?
Мен Нәлқараға қарап күліп қойдым. Ол да күлді.
— Тағы да шабуыл жасамайтын болсақ, оның үнін нақ қазір өшіріп керегі не, бірақ бар десең барам, менің қызметімнің өзі соғысу емес пе!
— Ал бармай-ақ осы жерден құртуға болар ма еді.
— Басын көтерсе, ең оңайы сол.
— Ертеңге қалдыруға болмайды. Ертең тағы шабуыл болады. Сонда бұл пулемет бізді қырып салады. Оны бүгін құртқан жөн. Сіз оны қазір құртуға тырысыңыз. Мына мен отырған жерге отырып ап, аңдыңыз. Төбесі жылт етсе атыңыз. Ал, жарық барда құрта алмасаңыз, қараңғы түскен соң соны көріп отырған сіз бен біздің, біріміз баратын болармыз!
Кейінгі сөзді салмақпен, түсімді суытып, зілді айттым. Нәлқара «осы шын айтып отыр ма» дегендей бетіме қарады да, менің көрсеткен жеріме кеп отырды. Дүрбілі мылтықтың нысанасын түзеп, кезене берді. Жау тағы жым болды. Нәлқара андып отыр. Атыс толастағандай болды. Батыстағы көкжиек өрттей лаулап, шығыстан түн келеді. Биік жер болғансын ғой деймін, тебе басы жап-жарық. Бір мезетте тыз еткізіп, бір кезекті тағы жіберді. Нәлқара жалма-жан кезене қалды. Төңірек тым-тырыс. Взводқа атпасын деп, бейсауат атуды тоқтатып қойғанмын. Өздерінше олар да аңдысып, байқау жасап отырса керек, тағы бір рет оқ төгіп өтті. Аңысын аңдап тағы бір сәт тынышталғандай болды да, артынша әлгі төмпешіктің түбінен үстіне маскхалат киген ұзын біреу түрегеп, оңға қарай бұрыла бергенде Нәлқара серіппені тартып қалды. Әлгі ұзын созылып барып, жалп ете түсті. Тұрған жоқ.
— Мұныңыз ұнайды! — деп оған қарадым.
Ол үнсіз дүрбіге әлі үңіліп отыр.
— Мұның тағы біреуі бар. Әлгі өлген, не жаралы болған болса, о да тұрады. Біліп отырмын.
Өзім де Нәлқарамен әлгі жауды қоса ататындай-ақ жанына отырып, көз алмай қараудамын. Анау да бір әккі болған неме екен, орнынан тұрар емес. Әлде еңбектеп кетіп қалды ма екен? Көп аңдыдық. Қас қарайып барады. «Енді аңдысуды қойдық» дегендей Нәлқара маған бұрылғанда, төмпешіктің артынан біреу қылт ете қалды.
— Ал кетті, — дедім.
— Енді көрінсе кете алмайды! — деп Нәлқара қайта оқталып, дүрбіге үңілді. Демін ішіне тартып, мойнын тұқырып апты. Пулеметшінің басы тағы бір қылт етіп, әлгі кездегі солдаттың жығылған жеріне кеп жоқ болды. Ал енді бір сәтте қайта көтеріліп, пулемет тұрған жаққа жүгірді. Нәлқараның көздеген кезі де осы еді. Серіппені тартып қалды. Жүгіріп бара жатқан әлгі солдат қалпақтай ұшты.
— Міне, енді тыныш ұйықтауға болады! — дедім бір күрсініп.
— Өзім де солай болар деймін.
Енді ғана окоптан бас көтеріп төңірекке қарауға болатын еді. Қарап отырмын. Таудың бір шоқысы бізге тиіпті. Алдымыз сай. Одан әрі тағы жота. Алыстан мұнартып, ойдан село, деревня көрінеді.
— Тұтқындарды айдап, штабқа тапсырыңдар! — деп бір-екі жауынгерді төменге, штаб қалған шатқалға жұмсап жібердім.
Жауынгерлер жарық барда тамақтанып алу үшін қапшықтарының аузын ашып, құрғақ ас жей бастады. Төңіректі шолып отырмын. Әлгі бір кездегі әлем тапырық боп, астаң-кестең боп жатқан дүние. Пушкин тауларының мұнартқан қойнауы тына қапты. Пушкиннің Россия жерінің ұлы перзентінің басына ұқсаған бұйра бас қарағайлардың басы қарауытып, көзден алыстап бара жатты.
6
Қолына берген қарудың сырына, қалай атылып, қалай тиетініне қанық емес, ең алғашқы, окобын қайда, қалай қалғанын есіне сақтай алмаған, бірінші атқан оғының қайда барып, кімге тигенін білмеген солдат солдат па екен? Ондай жауынгерден көп нәрсе күтуге де болмайды. Мен бүгін Рамазан мен Темірбекті шығарып салдым. Сонда Рамазан өзінің майданға келгеннен бергі тарихын айтты. Тым қысқа, асығыс айттым. Мен оның сөзінен есті, сергек солдаттың салиқалы мәмілесін аңғардым. Ол байсалдылықпен, байыппен жай ғана баяндады.
...1941 жылдың ең соңғы айы, қақаған қыс, сықырлаған аяз, кәдімгі ақпан! Москва түбінен жауды батысқа қарай ысыра айдап, біздің дивизияның тыныс алуға, қатарын толтыруға аялдаған шағы. Нахавино деген астанадан онша алыс емес жерде тұрамыз. Алматыдан көптеген жас жауынгерлер келіп қосылды. Жаңа келгендерді біраз үйретіп, қару-жарақ, соғыс тактикасымен таныстырғасын полктарға, батальондарға, роталарға бөлу басталды.
Сықырлаған аязда жаңа жауынгерлерді сапқа тұрғызды. Келгендерді бөлетін арнаулы комиссияның бастығы ұзын бойлы, ала көз, арық қара капитан, полк командирінің орынбасары Бауыржан Момышұлы ортаға шықты. Шамасы ең алдымен автоматшылар, ротасын құру мәселесі бірінші болып тұрса керек.
Кәне кімде-кім автоматшы болғысы келсе, екі аттап, алға шықсын! — деп команда берді ол.
Автоматшы болғысы келгендер алға шықты. Комиссия мүшелері әрқайсысынан сұрап, бұрын кім боп, қайда істегенін, қысқасын айтқанда аты-жөнін біліп жатты. Кезек қалғандарға да келді. Қара көз, ақ құба, ұзын бойлы көркем жігітке комиссия бастығы жақын келіп, бас-аяғына қарап шықты да:
— Ал, сен кімсің? — деді.
— Қатардағы жай жауынгермін, ал елде бұрын музыка маманымын, оқуын оқығам.
— Ие, музыка тартасың ба, шығарасың ба?
— Екеуін де істей аламын.
— Онда өзің үлкен маман болдың ғой, әлгі ән, музыка шығарғандарды не деуші еді.
— Композитор.
— Ие, композитор бізге керек-ақ, әсіресе нақ осындай толас кезінде, сенің алғы шептегі атакаға, жауынгерлер алдына шығатын кезің. Сен бізге керексің, — Бауыржан қасында тұрған ұзын бойлы, ашаңдау келген, бидай өңді әдемі жігітті көрсетіп. — Мына жігіт полктағы комсомол комитетінің секретары, танысып қой, осы жігіт сені полк комиссарына апарады, таныстырады. Сенің өнерің нақ қазір керек-ақ, — деді.
Полк комсомол комитетінің секретары, әлгі ұзын бойлы, арықша жігіт Рамазанға бұрыннан таныс боп шықты. Ол композиторға жақын келіп, екі қолдап, тіпті жылы амандасты.
— Ау, сен майданға сырнайыңды да ала келген екенсің ғой, жақсы болды. Мұның да өз орны табылады, — деді секретарь жігіт.
— Майданға керек болар деп ойлаған емеспін. Бұл жолда көрінген бағананың түбіне бір тоқтайтын қызыл поезда келе жатқанда өте қажет болды. Бұл болмағанда іш пысатын еді.
— Оқасы жоқ. Мұнда да қажет. Бүгін комиссарға барамыз.
— Зеңбірекке кезек тигенде музыка жым болады деуші ме еді, бұрынғы данышпандар.
Рамазан жымиып, жай күлді. Осында келгелі, екі аптадан бергі күлгені де осы болар. Өзі салмақты, ойлы жігіт. Қазір ол өзін қоршаған адамдарға, кеше ғана астана түбіндегі жойқын соғысқа қатысып, жеңімпаз атанып жатқан жігіттерге таң боп қарауда еді. Бұлар кешегі жеңімпаздар. Отан астанасын қорғауда даңқын бүкіл дүние жүзіне жайғандар. Бірақ қазір қарасаң ешкімнен де өзгешелігі жоқ, кәдімгі жай жандар. Рамазан бір жағынан осы батырлардың кішіпейілдігіне таң боп еді.
— Нақ қазір толастамыз. Жаңа келгендер мен ұрыста болғандарды араластырып, бір-бірімен етене жақын ету үшін де өнерпаздар атқаратын міндет бар. Адамдарды таныстырған жақсы.
Полк комсоргы ресми сөйледі. Рамазан үндемеді. Бұлар полк комиссарына келді. Қайта комиссар дабырлап, қызына да, қуана да сөйледі.
— Өнерпаз адам бізге қажет, ауа мен судай керек, қазір мына жауынгерлер демалыста тұрған кезде өте қажет. Елебаев жолдасты Көкебаевтың, әлгі домбырашы, әнші жігіт Темірбектің тобына қосу қажет. Сол жерден концерт ұйымдастырып, ертең клубта, өзіміздің жауынгерлерге арнап, алғашқы ойынды көрсеткен жөн.
Комиссардың бұйрығы да, кеңесі де осы болды. Рамазан Темірбек Көкебаевтың тобына қосылды.
Топ бастығы да өнері мол, домбыра тартатын, ән салатын, басқаға жұғымды, көпті ұйымдастыруға қабілетті жігіт боп шықты. Ол Рамазан келген бойда оған көптеген ән тартқызып, тыңдады. Содан соң өзі сырнайға қосылып, Рамазанның сүйемелдеуімен бірнеше ән салды.
— Міне, — деп қуанды ол, — міне, ертең жауынгерлерге берілетін концерттің төрт-бес номері дайын дәл осыны айтады.
Темірбек пен Рамазан көп отырды. Екеуі білетін, сырнайға қосылып айта алатын әндерінің тізімін жасады, тағы да басынан түсіп, бірнеше рет қайталап шықты. Бұдан кейін концертке қатысатын өнерпаздарды, әнші, биші, күйші, тақпақ айтушы, қара сөз оқушыларды тауып, екеуі концерт берудің қамына кірісті. Дивизиядағы бұрынғы жүргендер арасында да, жаңа келгендердің ішінде де өнерпаздар көп екен. Бұл екеуі солардың бәрін тауып дайындық жүргізді. Полк комиссарының айтуындай-ақ жауынгерлерге екі сағаттық концерт берілді. Ойын қызықты өтті. Оны бастан-аяқ Темірбек пен Рамазан басқарды. Орысша, қазақша неше түрлі ән салынды, би биленді. Көруші жауынгерлер Рамазанның енеріне ерекше сүйсінді. Орысша да, қазақша да айтылған әндерді, билерді басқарушының өзі сүйемелдеп отырды. Өзі бірнеше би биледі. «Өзі әнші, өзі биші, өзі сырнайшы, өзі суретші, өзі композитор дейді» деп, жауынгерлер тамсанып тарады.
1941 жылдың қысында Москва түбіндегі алғашқы концерт, Рамазан басқарған ойын-сауық осылай өтті.
Жаңа жылды, 1942 жылдың басын жорықта жүріп қарсы алдық. Дивизия Солтүстік-Батыс майданына аттанды. Калинин, Великие Луки жерлерінің көбін жаудан тазартып, Старая Русса мен Демьяновск Түбінде жаудың атағы жер жарған 16 армиясын қоршауға алуға қатыстық. Рамазан полк штабының күзетінде комендант взводында істеді. Қатты шайқас кезінде санитарлық взводқа қосылып, бір ұрыста елуден аса жаралылардың өмірін сақтап қалғаны бар. Осы ерлігі үшін ол кейін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталды.
Жүздеген шақырымға созылған қанды жорықта жаңа келген жауынгерлер соғыстың алғашқы тауқыметін шекті. Кейін қорғаныс шебінде тұрғанда баяғы өнерпаздардың тірі қалғандары қайта қауышып, өнерпаздар тобын қайта құрды. Осы кезде кешегі екі жігітпен жақын таныстым. Олар батальон, роталарды аралап жүріп өнер көрсететін. Ал біз тағы шықтық шабуылға. Жорық күндері Рамазанның өңіне де өз таңбасын басыпты. Сүйкімді өңі қоңыр тартып, ерні кезеріп кеткен, қабағы қатыңқы. Ойнақы отты көзі ғана ұшқын шашып, ой қазанында қайнап жатқандай боп көрінді.
— Жолыққанша сау бол! — деп Темірбек маған қолын созды. Бұл кезде Рамазан кейбір көріністері нақ Көкшетауға ұқсайтын көгілдір жасыл жал — Пушкин тауларына қарап, сұқтанып қалған екен. Мен оған қолымды создым. Сол бір ойлы кейпін бұзбастан сырнай пернесін басып үйренген, ұзын салалы, мықты саусағымен қолымды қысып:
— Әне бір сұлап жатқан көк жота біздің Көкшенің бір таныс биігіне ұқсайды екен. Қайың мен қарағай аралас өскен. Онша биік те емес... Ал сен сау боп тұр, — деді ол жай ғана сол бір ойлы қалпын өзгертпестен.
Ол осыны айтып әлденені армандап тұрғанда, менің ойымда әлгінде естіген «Жас қазақ» әні тұрды. Соны ішімнен күбірлеп қайта-қайта айттым.
Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күркірейді сұр аспан өлім төгіп,
Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеумен,
Жас қазақ, жатты көзі от жайнап.
Сол бетінде жан берді, ол тұрмады
Ары үшін елінің боп құрбаны,
Жас қазақ, атылды оқтай көре сап.
Ел қорғаған майданда жас арыстан,
Төлегендей артыңа қалдыр дастан.
Жас қазақ, жатты жауын жаныштап.
Осы бір көріністер көңілге ерліктің суретін, намысқой жастың тұлғасын түсіретін құдіретті еді. Әнін де, сөзін де ішімнен қайталай беруім тегін емес, асқақ әнде әсері мол, нақышты өрнек делебені қоздырар күш көп-ті.
Рамазан мен Темірбек штабқа қарай бет алды. Көкшеге ұқсаған көгілдір тау олардың желке жағында қалды. Бәрібір Рамазан көкейінде туған жер жатқан еді. Өзінің жұдырығындай кішкентай жүрегінің майда сазды бүлкілінде тербеліп, алшысынан түсіп Көкше жатқанды. Осы кезде Көкше оның кеудесінде ән боп бүлкілдеп, күй боп сылқылдап еді. Көкіректе: «Көкше! Көкше! Көкше!» — деп соққан жүрек сазынан басқа оның басына ештеңе де түспеген болар. Туған жердің көркіне ұқсас, көңілге танық, көзге қанық көк белесті көргенде, сонау бір сәби кездің жөргегіндей болған Көкше көзге қайта елестен, жүрекке қайта соқты. Бұл жай кездегі еске алудан өзгеше келіп, басқаша соқты. Басы айналып, көз алды тұнып кеткендей, теңселіп барып бойын әрең-әрең жинап алғандай болды. Оның есіне бала кезі, Жөкей көлінің мөлдір суы, бұйра толқыны, әлденеше әудем жерге созылып жатқан айдыны кеп тұра қалды. Ол өзін осы мезетте сол Жөкейдің жағасында ойнап жүргендей сезінді. Таң сәрі. Айдын көл. Көлдің беті толған құс. Ақ шағала, аққу, қоңыр үйрек, сары ала қаз, сұқсыр, қараша қаз. Көлдің беті қызды ауылдың, тойлы ауылдың салтанаты тәрізді әсем, неше түрлі құбылған үнге, құстар үніне толы. Сол үндер, құстар үні қыз-келіншектің сыңқылдаған күлкісіне, күмістей таза сылдыраған дауысына ұқсап кетеді. Осы шақта барып оның есіне өзінің ұлы бабасы Біржан салдың жалғыз ауыз өлеңі түсті. Енді оның жүрегінің ырғағына құлағы шыңылдап, тағы бір әуен, саз кеп қосылды.
Бүркітті, асуыңнан талай өттім.
Қалың ну орманыңды сайтан еттім.
Айнала Жөкей көлдің жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім!
Рамазанның жүрегі лүпілдеп, құлағы шулап, осы шумақтың соңғы жолын қайталай берді.
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім!
Нақ қазір осы шумақ өлең оның есіне балалық шағын түсірді. Ол осы кетіп бара жатқанда Пушкин тауларында емес, Көкшеде, Жөкей көлінің жағасында кетіп бара жатқандай еді.
...Қарашаның күзі. Ержан ауылы, небәрі он екі үй әлі қысқы мекені Бұландыға көшпей, Жөкейдің жағасында отыр. Қыстың кешеуілдеп түсер сиқы бар. Әлі қар жоқ. Сіркіреп өткен суық жаңбырдан соң жер қара қатқақ боп жатыр. Өріске кеше кешкісін кеткен мініс ат пен сауын биені қарауға Рамазан бүгін тым ерте тұрды. Күпісін киді, бөркін қолына алып сыртқа шықты. Таң белгі беріпті. Төңірек әлі қараңғы. Кеше ғана ашық көгілдір боп тұратын теңбіл аспанға қорғасын құйып тастағандай сұрғылт, ауыр зіл басқан.
Ол үйден шыққан бойда Жөкейдің шығыс жағындағы шабындыққа, жылқы жайылатын қалың бозға қарай тартты. Ол жүріп келеді. Көлден аққудың қаңқылдаған дауысы шықты. Бір дауысты екіншісі қайталап қаңқылдап, көл бетін әнге бөледі. Рамазан тыңдап келеді. Аққудың әдемі, ырғақты қаңқылына қаздың, үйректің, шағаланың, жылқышы құстың неше түрлі үні қосылды. Бәрібір аққу үні өктем. Құс төресінің бір сарынды әсем үні бәрін баса-көктеп, ерекше шығады. Бірақ осы бір үндермен не айтылып жатыр, не сөз боп жатыр? Мұны ешкім ұққан емес. Енді бүгін, қашан, қай кезде, қай бағытпен, қалай қарай ұшамыз? Топты кім бастайды, кім қалып қоймақ, кім кетпек, кімді кім қай көлден, қай теңізден күтіп алады? Екі-үш күн аялдауды керек ететін әлсіз кім, жолды шолып қайтатын әлді кім, көрегені қайсы, барлаушы кім, бастаушы кім болмақ? Міне, Рамазанның ойынша Жөкей келінің үстінде нақ қазір тап алдында осындай зор мәмілелі талас, өзара айтыс боп жатыр.
Таң бозарды. Көл айдыны жарқырап, бір шеті көкпен тірескендей боп тұр. Көл беті толған құс. Топ-топ, шоғыр-шоғыр, лек-лек. Аққулар тобының өзі әлденеше.
Аққудың бір тобы судан қоқиып көтеріле берді де, табанымен су бетінде тұрып алып, қанатын жайып салды да, сілкіне бастады. Қанаттары судырлап, дауысы алысқа кетті. Бұл олардың үстіндегі суын сілкіп ұшуға әзірленген еді. Тағы да бірнеше рет осылайша қағып-сілкініп, су бетінде жорғалап та көрді. Әлден уақытта ішіндегі ата аққу қанатын екі-үш рет сілкіп алды да, ауыр самолеттің аэродромнан көтерілгені сияқты су бетін бауырымен сызып көтеріле жөнелді. «Сендер де осы мен істегенді істеңдер» дегендей қаңқылдап қойды. Қалғандары да көтеріле бастады. «Қаңқ-қаңқ» деп аққулардың бір тізбегі көл бетінен көтеріліп, оңтүстікке қарай бет алды. Кілең бір аруана мен үлектерден жасақталған керуен тізбегіндей боп, мойындарын сала құлаш етіп, қаңқылдаған әсем дауысымен, ырғақты үнімен аққулар тізбегі алыстап сала берді.
Бұл алғашқы лек. Олар ұзап, көзден ғайып боп, көк жиектің көгілдір шымылдығына ілінген кезде екінші топ, одан соң үшінші лек көтерілді. Осылайша рет-ретімен, сан-санатымен, әрқайсысы, әрбір топ, әр үйір өз салтанатымен Жөкей көлімен қоштасып кетіп жатты.
Жан-жақ сүттей жарық тартты. Рамазан жылқыны ауылға қарай бір қайырып, денесі мұздап кеткесін үйілген үлкен мая шөптің ығына келіп паналады. Ол да жылы болмады. Әлгі мая шөптің басына шықты да ортаны ойып, ұя жасады. Өзі соған түсіп кетті де, мойнын қылқитып отыра берді. Денесі тез жылынды. Аңқыған жұпаp иісті, неше түрлі шөптің арасында отыр. Көл беті аққулар кеткесін аздап та болса саябырсып қалған еді, енді қараса қайтадан бұлан-талан боп жатыр екен. Өйткені қараша қаздар көтерілгелі жатыр.
Қараша қаздар өмірін Рамазан жақсы біледі. Көл жағасында бұрын талай-талай тамашалаған. Бірақ бүгінгідей еркін, бастан-аяқ байыптамаған болар. Алғашқы топ, алпыс жетпістей қаз тізбегі көл бетін бір айналып өтті. Вокзалда қол бұлғап, жолаушы поезын шығарып салған ағайын-туыстардай көл бетінде отырған қалған қаздар қаңқылдап, улап-шулап, әлгілерді шығарып салды. Тізіліп жоғары көтерілді. Бір бастаушының соңынан үш тармақ жасап, алғашқы топ оңтүстікке қарай бет түзеді.
Қат-қабат қалың топ енді басталды. Жөкейдің о шеті мен бұ шетінен жүздеген тізбектер, әдемі, мәнді тіркестер көтерілді. Бәрі бір бағытпен, алуан сынды, түрлі-түрлі тізбекпен үдере бастады. Рамазан шалқалай түсіп, аспаннан көз алмай қараша қаздардың тізбегін, сап түзеген кездегі қиял жетпес әдемі өрнегін тамашалады.
Қаздар өрнегін көргеніңіз бар ма? Егер көрсеңіз оны не деуге болар еді? Шабуыл кезіндегі әскер сабы ма? Әлгі кәдімгі саналы жандардың көз тартатын құрамы, тобы ма? Немесе үлкен салтанат, мереке кезіндегі ойлы парад па? Тіпті мұның бірі де емес, қаздар тізбегі, оның ішінде қараша қаздар өрнегі сондай бір тамаша, данышпан суретшінің, қыл қалам шеберінің ойлап тапқан әсем оюлары, сырлы қиялдан шығарған сан пошымды, әсем сызықтары, өрнекті иректері ме?
Қаздар тізбегі тіл жеткізіп айтуға келмейтін шебердің өрнегі. Рамазан оның кейбір тізбектерін, әдейілеп салған суреттерін есінде қалдырып қоюға қиялдап бақты. Бірақ бірінен-бірі асып, алғашқыдан соңғысы ерекше көрініп, ешқайсысы да есінде қалмады. Қалам мен қағаз болса суретін, кейбір өрнектерін түсіріп те алмақ болды. Қағазы жоқтың қаламы бола ма? Ол қатты өкінді. Қолында ештеңесі жоқ. Әкесі оны келесі жазда мектепке беремін деген. Мектепке түсе қалып, қолына қалам, қағаз тисе, ол ең алдымен осы қаздар тізбегінің өрнегін салар еді-ау!
Бала қиял басқа дүниені ұмытты. Ол аспаннан көз алмай, қаздар, қараша қаздар тізбегін тамашалады. Әлденеше жүздеген, тіпті мыңдаған қаздар тізбегі көкжиектен көрінбей, әлем тұнығына шашқан қара ноқаттай боп, алыс кетті, көзден ғайып болды. Артынша екінші топ, одан соң үшінші, төртінші, есепсіз көп, қилы кестелі, ернек зерлі, қиқулап, қаңқылдаған, қоштасқан, тілдескен құстар керуені тынымсыз, толас таппай, үздік-создық, іркес-тіркес боп алысқа, оңтүстікке қарай жөңкіліп жатты. Осынша көп құс, осынша сансыз керуен қайда барады, қайда тоқтайды, қайда сияды? Рамазанға бұл да жұмбақ.
Жас ойы жұмбақ та болса аспанға, қаздар салтанатына зер сала үңілуден жалыққан жоқ. Міне, көл бетінен, Жөкей айдынынан соңғы топ көтерілуге бет алды. Алғашқыда бейберекет, жамырап, қаптай шуласты да, артынша бастаушы алға дара шығып, бір өзінің соңынан ұзынды-қысқалы төрт-бес тізбекті ертіп, жоғарылай түсті. Әлі тәжірибесі жоқ, тәртіп бұзған, шетке қалып бара, жатқан, немесе, тізбекті үзген бала қаздарды естиярлары; қанатымен қақпайлап, көтермелеп, сүйей сап, қайтадан топқа қосты. Топ бастамақ боп көкірек көрсеткен, бірақ бірден тізбекті бастап кете алмаған өжет қазды қақпайлап артқа тастап, алға басқа біреуі шықты. Бір мезет «бастаушы сен емес, мен», «жоқ, сен емес, мына мен» деп, алға шығуға таласқан дауыстар қым-қиғаш қиқу» лап кетіп қайта басылды. Алға нағыз бастаушы ержүрек ата қаз түсті. Кәрілеу болса да өзі болар, қанатын сыпылдатып жиі қақпай, байыппен, байсалмен сермеп, манаурай қағып, дауысын «қаңқ-қаңқ» дегізіп, анда-санда бір шығарып, алға қасқа қаздың өзі түсті. Көл бетінен көтерілген кездегі бейберекеттік, тәртіпсіздік, ретті бұзушылық, салтанатқа, өрнекке нұқсан жасаушылар көрінбей кетті. Жүре түзелген кеш сияқты соңғы тізбек, қараша қаздардың ақырғы керуені күн көтеріле жөнелді.
Соңғы топтың тізбегіне Рамазан көп қарады. Кәдімгі көшкен елдей боп, тізбек-тізбек болып қарасын үзіп бара жатты. Енді бір қараса, сонау алыс көкжиекте ноқаттай-ноқаттай боп, сапын бұзбай, өрнегін жоғалтпай сағым тартып барады екен. Ал жаңа ғана азан-қазан, астаң-кестең боп, у-шуға батып жатқан Жөкейдің айдыны жым-жырт бопты. Көл беті тұнып, шығар күннің сәулесіне малынып қапты. Көлдің беті тұнық. Әр жерден қалбаң-қалбаң еткен ақ шағалалар көрінеді. Одан басқа дәнеңе жоқ.
Рамазан шөптің үстінен түсіп, күпісінің шалғайын қымтап, қолын жеңіне айқастыра тығып, ауылға қараң беттеді. Қараша болса да қаңтардай қақап тұрған қара суық, ызғар бар екен. Тұсалған, кісенделген, шідер салынған аз ғана мініс аттарын ауылға қарай айдап салды да, әзі көлге, Жөкейге қайта қарады. Көл айдыны жарқырап, тұнық жатыр. Жаз болса суына түсіп, асыр салған, көп ойнаған жер.
Айдағаны саяқ ат, жүрген жері көл жағасы болғасын шығар, Рамазанның бала қиялына жақында ғана ауылдың жаяу әншілерінің бірінен естіген ән түсті. Мұнда да көл жайы, көл болғанда осы Жөкей аты сөз болады, мінген атының түр-түсі айтылады. Әнші оны Біржан әні деп салды. Әкесі Ержан әнді зейінді тыңдады. Зерделі бала әке ықыласын көре тұрып, әнді іштей жаттады. Ән сөзі, ән сазы қазір көкейге рет-ретімен түспесе де, бала ыңылдап, төмен дауыспен ән салып кетті.
Мінгенім дәйім менің күрек бесті.
Жүрісіне жануардың көңілім өсті.
Есіме сен түскенде, қайран елім,
Шығарған әнім еді-ау, «Көкейкесті».
Рамазан әнді қойып, оның сөзіне, сөз мәніне ой жіберді. Бұл әнді Біржан салғаны рас болса, шамасы, күрең бестіге мініп алысқа, елден жырақ бір жерге барған-ау деп түйді. Сонда ол елін, туған жерін сағынған. Өз көкесінің башқұрт жерінде жүріп, Көкшетауды сағынғаны сияқты-ау. Анау күні осы әнді қонақ жігіт салғанда әкесі Ержан қайта-қайта айтқызды. Сонда ол өзінің бір кезде елін сағынғанын есіне түсірген болар. Сонда бабасы Біржанның да, әкесі Ержанның да сағынғаны мына Жөкей келі, сонау мұнартқан Көкшетау ғой. Алысқа ұзап кетсе, Рамазан да солар сияқты сағынар ма екен?
Мінгенім ел көшкенде көкше бесті.
Жөкейден Мамай көлге елім көшті.
Есіме түскенінде балаларым
Елжіреп іші-бауырым жерге түсті.
Әнші сал көшкенде бір түрлі, ел аралағанда басқа түрлі ат мінеді екен. Ол жерін ғана емес, балаларын сағыныпты. Рамазан баяғыда сонау башқұрт жерінен келмей қалса осы әкесі де балаларын сағынған Біржандай ет-бауыры елжіреп, ән арнап, сарнар ма еді? Иә, ол да сағынар еді, жылар еді. Өйткені ол Рамазанды айналып-толғанғанда «айым-күнім, жалғызым», — деп айтады. Жалғыз болғансын, оны қалай сағынбайды?
Әлгі әннің басқы, ең бірінші шумағы Рамазанға бір түрлі түсініксіздеу бон көрінді. Содан да оны айтпай кетті. Әнді ортадағы шумақтан бастаған. Басқы шумақ, бір ауыз өлеңді қалдырып қойған-ды. Енді есіне соны алған:
Ай қараңғы көрінер солған сайын,
Пенде азар кемеліне толған сайын.
Адамға ашу — пышақ, ақыл — таяқ,
Таяқ та мұжылады жонған сайын.
Рамазан тағы ойланды. Алысқа кеткенде, ел аралағанда мінетін күрең бесті мен ел көшкенде мінетін көкше бестінің аймен, ашумен, жонған сайын мұжыла беретін ақыл таяғымен қандай қатысы бар? Кемеліне жеткен адамның азатыны қалай? Мұның көбі-ақ Рамазанға сол кезде жұмбақ, түсініксіз еді. Дегенмен оның бір нәрсеге көңілі толмады. Қандай болғанда да елең деген, ән деген сәнді, жүйелі, қисынды болса керек. Оның сәнділігі, әдемілігі әлгіндегі қараша қаздар мен аққулардың тізбегі тәрізді болса оңды ғой. Ән салып, өлең айтқан адамдар қараша қаздардың өрнегіндей өрнекпен, жүйелі саппен, айшықты оюмен безендіріп айтса жақсы.
Осы кеште, маған жас кездің сырын ақтарған шақта Рамазан Жекей келіндегі қаздар мен аққулар тізбегі ғана емес, ең алғашқы рет мектепке барғанын, хат таныған кезін де әңгімелеген. Ол Шортандыдағы орыс-қазақ мектебінде оқып хат таныған. Хат танып, қолына қағаз-қалам тиген бойда-ақ сол сурет салуға, қараша қаздар керуенінің салтанатты тізбегін қағаз бетіне түсірумен әуестенген. Ақ қағаз, мөлдір аспан болғанда, оның бетіне түскен қоңыр ноқаттардың әрқайсысы қанатып сермеп, қалықтай ұшқан қараша қаздар боп көрінетін оған. Ақ қағазға қара қаламмен қараша қаздарды салу оңай, бірақ өрнегін салу қиын. Сондай-ақ ақ қағаздың бетіне аққуды салу оңай болмады. Аққу сазы мен қараша қаздар әні оны әрбір дыбысқа, әр үнге мән беруге үйретіп қана қоймай, жұмбақтанып, сырланып, құпия бір үндерге жетектейтін.
Шортандыда оқып жүргенде көп балалармен Бурабай көліне, Оқжетпес пен Жұмбақтасқа серуен жасап келетіні бар. Сол күннен бастап, қаздардың суретін емес, Оқжетпестің суретін салуға ынталанды. Бала көңілдің ынтызарлығы басқаға ауды. Оқжетпеске балалық әуестікпен қарап, көзі талатын. Талай-талай қағазды шимайлап, талай қаламды тауысты. Бірақ, Оқжетпестің суретін келтіре алмады. Жерде тұрған жартастың кескінін сала алмай жүргенде, аспандағы ұшқан қаздар мен аққулардың суретін салмақ боп жүргенім бос әуре, тыраштық екен деп те ойлады. Бұл Оқжетпес қана емес, ой жетпес бір ғажап. Бірақ сабақтан қол босаған кезде оның екі ермегі болды. Бірі — әкесі сатып әперген кішкене сырнайға қаздар мен аққулардың дауысын, әнін салу, екіншісі — ойына келген бірдеңенің суретін, кескінін салу. Оқжетпесті қағаз бетіне түсіру үшін сурет сала білген жөн. Жұмбақтас оның қалтасында, оқу кітаптарының арасында жүруге тиіс. Ол үшін де сурет сала білген абзал. Шортандыдағы жетіжылдық мектепті бітіргенге дейін оның ең басты арманы осындай еді.
Рамазан талаптана берді. Талап та ең бір жақсы ұстаз. Адам баласы бұл өмірде енбексіз ештеңе де, ұлы да, кіші де нәрсе жасаған емес. Жеңіс пен табыс дегеннің өзі талапты ерді сүйеді. «Талаптыға нұр жауар» дегенді ата-бабам содан айтқан. Ол осы талабымен суретті де әп-әйдік салатын болды. Ал Шортандыда Рамазансыз той-томалақ өтпейтін болған. Өйткені би де, ән де сүйеушіні сүйеді. Ол үшін ел білетін барлық әнді, сазды, күйді тарта білетін адам керек. Міне, ол Рамазан болды.
Той-томалақ, ойын-сауыққа алдымен соны шақырады. Бүкіл Шортандыға, орыс пен қазаққа «сырнайшы бала» атанды.
Осы «сырнайшы бала» кеше ғана осы арадан, осы біз жатқан окоптан кетті. Ол қазір сырнайшы бала емес, сырнайшы жауынгер, әнші-композитор. Жорықта шаршаған, қамыққан солдаттардың көңіл ашары, сырласы, досы. Тұнық қой көзді, әдеміше ақ құба жігіт білетіндердің бәріне сыйлы, сыр мінез жігіт. Ұрыстан қол босап қылт еткен кезде жауынгерлер оны іздейді, күтеді. Халық өнері иесін қашаннан осылайша сыйлайды. Соғыста да сол ел ұрпақтары ата салтынан қайтпайды. «Зеңбіректерге сөз берілгенде музыка жым болады», — деген данышпан онша зерделі пікір айтпаған. Бұл қайткенде де соғысқұмар, даңғойлау пенденің өзімшілдікпен, қолындағы қаруының күшіне желбуазданып айтқан астамшылығы болар. Ән мен өлең кеудесінде бүлкілдеп соққан жүрегі бар пенденің серігі. Сондай өнердің иесі Рамазан біздің серігіміз, біздің досымыз.
Ол көзден ұзағанмен көңілден алыстамайтын, әнімен қоса, сырнайының әдемі үнімен қоса өзінің де сүйкімділігі бар жан. Үнемі ұрыста, қаталдық уысында жүргендердің өзіне керегі де, жетпей тұратыны да осы сүйкімділік болар-ау!
7
Рота командирінде болған кеңестен қайттым. Бекініске жақын келгенде біреудің балдырлаған дауысы шықты. Постта тұрған өзіміздің жігіттің қасына келдім. Әлгі дауыс анық естілді.
— Гитлер капут... Сен білесің бе, уже капут. Енді бізге ешкім де қарсы тұра алмайды. Капут и капут. Ал сенің мына тапқырлығың тамаша. Мұны ең тамаша бас қана ойлап табады. Гитлер не только капут, он дурак. Ие, он дурак. Ол ақымақ болмаса сен сияқты басы бар адамдарды жаулап аламын дей ме! Нәл аға, оллаһи, сіздің басыңыз Гитлердің басынан бір мысқал болса да, артық. Сонда қараңыз, сіз сияқты он солдаттың басын бір жерге жинаса, Гитлердің басынан он есе, он мысқал артық боп шығады. Сіз мұны ұғасыз ба? Айт, айт деймін, Нәл аға, осым дұрыс па?
— Дұрыс, дұрыс! — деген Нәлқара дауысы шығады.
— Сіз дұрыс, дұрыс деп құтыла алмайсыз, сіз кәдімгі айтыңыз, ие, айт!
— Мынау қайтеді жаным-ау, мені ит қылып айтақтай ма, қайтеді. Мұның өз пайдасын айтамын деп пәлеге қалдым-ау!
— Жоқ, жоқ, сіз ит емессіз. Бірақ айт, шыныңды айт! Сен тапқырсың, сен айттың лейтенант келерде ұйықта, біз сені шөппен жауып, плащ-палаткамен бастырып қоямыз дедің. Бұл нағыз данышпан бастың табатыны. Сіз ит емессіз, сіздің басыңыз Гитлердің басынан мысқал да болса артық. Мына сияқты, нақ Буденныйдың өз мұрты сияқты мұртпен солдат болу обал, қиянат, бұл мұртпен Армия, флот басқаруға тиіссіз. Дұрыс па?
— Әй, әй, «бас жаққа барыспайық» дегендей-ақ, мұртты сөз ете бермейік.
— Мен мұрттардан қорқа алмаймын. Өйткені мен мұрты барларды жанымнан жақсы көрем. Мына сіздің мұртыңыз қандай әсем. Үш жағы кәдімгі қарлығаштың қанатындай сүп-сүйір. Мұрт деп осыны айт. Әй, Нәл аға, сен айт! Сен ақылды адамсың. Өзіңнің мұртың бар. Сталин шақырып алып, жолдас Нәлқара Сабалақов, батальон, полк, тіпті дивизия басқар десе, не дер едің? Мынадай қап-қара, ішінде бес-алты тал ғана ағы бар, мойылдай сұлу мұртты қор қылуға болмайды. Өзіңнің ақылың Гитлерден мысқал да болса артық.
— Қап, мынау мені әбден қорлады-ау, масқарамды шығарды-ау. Бұл пәлеге жақсылық істеймін, самогон ішкенін командирден жасырамын деп пәлеге қалдым-ау!
Енді түсінікті. Солдаттың бірі мас болған, Нәлқарамен сөйлесіп отыр. Адамға жаманшылық ойламайтын ақ көңіл Нәлқара оны менен жасырып, тығып қоймақ болған. Енді сонысы үшін өзі пұшайман боп отыр.
— Сіз пәлеге қалмайсыз. Пәле деген кетті, бітті. Сіз хат танымаймын, сауатсызбын деп қорықпаңыз, әлгі бір мұрты делдиген, басында дөңгелек папахасы бар командир бар ғой, кинода атқа мініп шауып жүретін ше, әлгі бір қасында Анкасы бар, қызы бар.
— Кімді, нені айтқалы отырсың, қазір лейтенант келіп қалады, жат деймін, жат! Жасырып қояйын!
— Әзір келмейді. Бугеев оны біраз үйретпей қайтармайды. Келсе келе берсін. Маған не қылады? Бітер соғыс бітті. Енді не керек. Ал, шал, сен қорықпа, әлгі есіме түспей тұрған мұрттының аты-жөнін айтып бер. Тек, ол мұртты анау мықтының өзі емес. Әлгі сенің мұртыңды мұртымен теңеген дәу де емес. Ие, өзім таптым, Чапаев. Кәдімгі кинода шауып жүретін Чапаев. Соның да мұрты бар. Міне, оның да, сенің мұртың сияқты мұрты бар. Дивизия басқарды. Ол да сен сияқты шала сауатты болатын. Несіне қорқасың, мына мұртпен ең болмағанда хозвзводты басқару қажет. Дұрыс па?
— Ей, мына жынды қайтеді-әй, мұртымды жұлатын болды-ау. Мұртым, мұртым жұлдың деймін-әй.
— Өтірік айтасыз. Мұндай мұртты жұлып тастай салу оңай емес. Мұндай мұрт өлгенде де шірімейді. Мойылдай боп, кәдімгі тас көмір сияқты жер астында жата береді. Мұндай мұрт жұлынбайды, жұла алмайсың, оны...
Бекіністің ішіне қарғып түстім. Нәлқараның мұртынан тартқылап, қасында отырған жауынгер Назаров екен. Бұрыннан да екі беті бүйректей топ-томпақ, қып-қызыл болатын. Қазір одан бетер алаулап, жанып тұр. Дөп-дөңгелек мөлдір қара көзінің төңірегі қызарып, жиегі қанталап кеткен. Әбден ішіп алған. Қайдан ішті, кім ішкізді деп ойлап жатпадым.
— Бұл не деген көргенсіздік. Үлкен кісінің мұртынан тартқылап, орныңнан тұр, жауынгер Назаров! — деп айқай салдым.
Жайшылықта адамның бетіне, жүзіне тұра қарай алмайтын, үнемі оның пасықтығын байқататын мінезі болатын. Әп-сәтте сол мінезіне басып, басын тұқыра төмен сап, өзі жерге, аяғының басына қарап қапты.
— Айтшы кәне, не деп былшылдап отырсың?
Назаровта үн жоқ.
— Арақты қайдан іштің, кім берді?
Назаровта үн жоқ.
— Жаңа ғана сайрап отыр едің ғой, тілің байланып қалды ма, әлде жағың қарысты ма?
Назаровта үн жоқ. Онымен былайша әуре болмай-ақ сөйлетудің басқа жолын іздедім. Отделение командирін шақырып алдым да:
— Жолдас сержант, жауынгер Назаровтың беліндегі белдігін шешіп ал! — деп бұйырдым.
Сержант барып оның белдігін шешті. Жауынгер желбегей қалды.
— Кругом! — деп команда бердім.
Ол айнала алмады. Тізесі дірілдеп, құлап та қала жаздады.
— Кругом!
Тағы да айнала алмады. Мастығының берекесін қашырып, өзінің әбден есін шығармақпын. Осылайша бірнеше рет айналдырып алдым. Бір ретте окоптың жиегіне маңдайын соғып алды.
— Ал, есің кірді ме? Енді сөйлемесең тұп-тура қаматып қоямын. Шыныңды айт, қайдан, қалай іштің? Қайда бардың? Қазір ұрыс басталып кетсе, шабуыл болса қайтесің?
— Жолдас лейтенант, соғыс біткен жоқ па?
Міне қызық, мас жауынгердің ойынша соғыс біткен көрінеді.
— Соғыс бітті деп саған кім айтты?
— Жоқ, жоқ, сіз мені алдамаңыз, мен әлі бала емеспін. Мен солдат, соғыс біткен. Мен іштім. Соғыс біткенде мас болуға болмай ма? Болады деген, мына Нәл аға айтқан, болады деген.
Оның қайтадан тілі шыға бастады. Болар іс болған. Мастың аты мас. Енді бұған ұрысып, жәбірлемей-ақ сөйлете берейін деген бір жылы ой келді. Қасына жақын келіп, иығынан төмен бастым да:
— Ал, сөйле, өзің мына жерге отыр. Бізге жаңалығыңды айт. Соғыс қашан, қалай бітті?
Назаров келіп, бағанағы Нәлқараның қасына отырған сияқты менің жаныма жақын келіп отырды. Бетіме қарап алды. Ашу ізі жоғалған-ды. Соны мас болса да байқап алды да, сөйлей жөнелді.
— Соғыс бітті. Енді біз соғыстық қой. Енді бізге бір рет ішуге болады ғой, болады. Ие, болады. Сіз айтыңыз, болады деңіз.
— Сен әлгінде соғыс әлі біткен жоқ, мынадай мұртпен командир болу қажет деп, Нәлқараны қыстап жатыр едің ғой.
— Соғыс бітті ғой, менімен келісіңіз, соғыс бітті. Солай деп қоялық. Жеңіс болды.
— Ал соғыс бітсін-ақ. Жеңісті жалғыз өзің тойлағаның қалай?
— Мен бастаушымын. Енді жеңіс басталады. Гитлер капут.
— Сен жақсы бастайды екенсің. Тым ерте бастағансың. Ал арақты қайдан алдың?
— Арақ емес, самогон деп сөйлеңіз. Самогон самогонит деген сөзден шыққан. Деревняда толып жатыр.
— Тегінге кім саған самогон бере салды? Сен шыныңды айт, менің де ішкім келіп отыр.
— Шын айтасың ба?
Маған сүзіле, көзінің қиығымен қарады. Мен күлкімді езуімнен жия қойдым.
— Шын айтам. Бірдеңе ішкім келіп отыр.
Назаров қолын шошайтып жоғары көтерді:
— Самогон деген, міне, мынау тұрады.
Жалғыз саусағын шошайтып тұр.
— Осы тұрады.
— Осың не, қанша тұрады?
— Бір литр самогон мың сом ақша, мың деген бір жұдырық. Ал мың сом болмаса, бір кило тұз. Кәдімгі тұз. Ботқаға салатын тұз.
«Мынау не деп сандырақтайды» деп қоямын. Бірақ мұның мәнін Нәлқара түсіндірді. Жергілікті халықта картошка мен қара бидайдың наны бар. Бірақ тұз жоқ. Бұрын мұндай заттар сауда орындары арқылы жеткізілген. Қазіргі ең қат нәрсе — тұз. Оның қаттығын былайша түсіндірді.
— Бір литр самогон мың сом ақша тұрады. Ол болмаса бір кило тұз бересің...
Мен Назаровқа қайта қарадым.
— Ал, жауынгер Назаров, сен мың сомды қайдан алдың?
— Жолдас лейтенант, мың сом... менде, мына менде мың сом? Ол неғылған жерде жатқан ақша? Мың сом? Менің мың тиыным да жоқ.
— Мың тиының болмаса самогонды қайдан алдың?
— Тұзға.
— Солай демейсің бе? Ал тұзды қайдан алдың?
— Тұз деген көп қой.
— Қайда кәне, жерде жатқан тұзды көрсетші кәне! Мен де етектен алып, самогонға айырбастайын.
Назаров үндемеді. Бір тұйыққа келіп тірелгенін мас та болса сезсе керек, басын төмен сап, аяғының басынан көз алмай тұр. Дүниеде жерге қарап жүретін, жерге қарап тұратын адамнан жек көретінім жоқ. Ондай адам пәлеқор, қылмыскер, ұры-қары келеді. Ондай адамның ары таза болмайды. Ең болмағанда дүниеқор, мансапқұмар, атақ-даңққа арын сататын ұятсыз боп келеді.
Түске қарай асхана келді. Назаровты плащ-палаткамен бүркеп жауып тастаған екен. Асханадан ботқа алып қайтқан бір жауынгер келе сала Жоламан Назаровтың бөксесіне теуіп кеп жіберді. Мас неме былқ ететін емес; бір аунап түсті де жата берді.
— Ой, не боп қалды? — деді біреулер.
— Не болғанын сонда білесіңдер, мына ботқаның дәмін татып көріңдерші.
Ол бақырашын ұсына берді. Нәлқара бір қасық ботқаны аузына салды да:
— Ақау татиды. Қызталақ, бәрімізді жер соқтырған екен де! — деп маған қарады.
Аспазшы жігіт:
— Ал, жолдастар, кешіріңдер, кеше осыдан қайтар жолда тұздың бәрін құртып аппын. Төгіліп қалған ба, әлде біреу ұрлап алған ба? — деп өзі де жыларман боп тұр.
— Оны ұрлап алған біздің мырза ғой.
— Ашық ауыздарға сол керек! — дедім.
Сөйтіп, бір рота солдат түскі ботқаны тұзсыз жеді. Мастықтан айыққан соң болған жайды жолдастары алдында түгел баяндап бердім. Өзінше ұялған, қызарған боп, қылмысын мойындағансып, жерге қарай береді. Мен білмей жүреді екем, ол жолдастары арасында Жоламан Назаровтың неше түрлі аты, теңеуі бар екен. Оны орыс жолдастары «жмот», қазақтар «пасық», «дүниеқоңыз», — деп атайды екен.
Назаров шылым тартпайды. Мұны жақсы білем. Бірақ темекіні мен де шегем деп, отделение командирінен махорка алады екен де, оны темекі тартатындарға нанға айырбастайды екен. Өзі тойса да көзі тоймайтын сұм неменің арқасындағы қапшығының өзі жанның бәрінің қапшығынан қомақты, іші толған қатқан нан көрінеді.
— Жауынгер Назаров, асхананың тұзын ұрлағаның үшін, сөйтіп, бір рота жауынгерлерге тұзсыз ботқа жегізгенің үшін, ол тұзды самогонға айырбастап, мас болғаның үшін және өзің темекі тартпасаң да махоркадан сыбаға ап, оны нанға айырбастағанын үшін, сөйтіп, өз жолдастарыңның сыбағалы нанын алғаның үшін үш рет кезексіз наряд берем. Қапшықтағы артық нанды қазір ортаға саласың! Бұдан былай саған темекі берілмейді. Ал енді, мына өзіңнің жолдастарын алдында осы бұйрықты бастан-аяқ, сөзбе-сөз қайталап шық!
Назаров танауының астынан бірдеңе деп «міңгір» ете түсті.
— Ешқандай да себептің, ақталудың маған қажеті жоқ. Бұйрықты қайталап шық.
— Жолдас лейтенант, — деді ол жерге бір, маған бір қарап, — жолдас лейтенант, бір жолға...
— Жетеді, жолдас Назаров, жетеді енді. Бұйрықты қайталаңыз!
Ол тағы бірдеңе айтпақ болды. Мен тыңдамадым.
— Алдымен бұйрықты қайталап шық!
— Асхананың тұзын алғаным үшін де. Сосын жерге қарамай, маған да қарамай, мына жолдастарына қарап тұрып айт!
— Бір рота жауынгерлері тұзсыз ботқа жегені үшн!
— Отставить! Бәрін басынан бастап қайта айт!
— Асхананың тұзын ұрлағаным үшін, бір рота жауынгерлерге тұзсыз ботқа жегізгенім үшін, тұзды самогонға айырбастап, оны ішіп мас болғаным үшін, темекіні нанға айырбастағаным үшін...
— Өзім темекі тартпасам да дегенді қоса айт!
— Өзім темекі тартпасам да, тартамын деп сержантты алдағаным үшін. Сөйтіп, жауынгер жолдастарымның сыбағасын жегенім үшін!
— Міне, енді дұрыс айттың. Айта бер! — деп қойдым.
— Сыбағасын жегенім үшін, үш рет кезексіз наряд алдым! — деп тоқтады.
— Соңғы жағы қайда?
— Айтқаныңыздың бәрін айттым ғой.
— Бәрі емес. Тағы да ойлан.
— Бәрі осы.
— Ұмытып қалсаң есіңе түсірейін. Бұдан былай шылымдық темекі берілмесін, қазір қапшығыңдағы артық нан ортаға түссін!
Амалсыз болса да Жоламан бұйрықтың соңғы жағын да дұрыстап, түгел қайталап шықты.
— Жауынгер Назаровқа бұдан былай темекі берілмесін! Қапшығындағы артық нан қазір ортаға түссін! — деп айтып шықты.
— Енді бұйрықтың ең соңғы жағынан бастаймыз. Ең алдымен қапшығындағы барлық нанды ортаға, мына жерге сал! — деп окоптың шетіндегі жаюлы жатқан палатканың шалғайын көрсеттім.
Назаров қапшығының аузын ашып, ішінен кесек-кесек қатқан нандарды алып, жерге қойды. Байқап тұрмын, қапшықтың түбінде тағы бірдеңелер қалды. Өз қолымен алып төгіп жатқансын мен де ештеңе демедім.
Сержантты шақырдым:
— Мына нанды жауынгерлерге үлестіріп бер! — дедім. Сержант нанды үлестірді.
Назаров өз ойынша осы нанмен, өз нанын өздеріне берумен-ақ талай пәледен құтылдым деп тұр. Менің есебім өзімше. Бәрін бір күнде ақтара салып, масқарасын шығарсам кім біледі, мұндай оспадарсыз, дүниеқұмар неме өліп кетуі де мүмкін. Осыны ойлап басқа жаққа тереңдеп бармадым. Бірақ есіне бір нәрсені салып қою үшін әдейілеп:
— Назаров, сен «дәйс» деген сөзді түсінесің бе? — дедім.
— Жоқ, түсінбеймін. Ол не деген сөз, жолдас лейтенант? — деді ол. Беті әнтек қызарып кетті.
— Сен бұрын ондай сөзді естідің бе?
— Жоқ, естіген емеспін.
— Мен үндемедім. Оны да түсіндіретін кезегі келер деп ойладым ішімнен.
Ертең жорық, шабуыл болмақ.
Бүгінгі шабуыл ерте, таңсәріден басталды. Алға қарай септесіп, қанаттасып жылжи жөнелдік. Жау едәуір-ақ ұзап барып бекінсе керек, біз діттеген жерден шықпады. Біраз уақыт еркін жүрдік. Кешегі көк төмпешіктің қасына әдейі тоқтадым. Қасыма Нәлқараны шақырдым.
— Кешегі еңбегіңіздің нәтижесін көріңіз!
— Кәні!
— Міне! — Біздің алдымызда дәу бір тарғыл тас жатыр. Оның төңірегін шыммен бастырып, өздері жатқан жағын қазып, кәдімгідей әдемі ықтасын, мықты тосқауыл жасап қойған. Пулеметті ешкім алып кете алмаған. Драсы екі-үш метрдей жерде серейіп екі өлік жатыр. Алдыңғысының дәл көкірегіне, соңғысының басына тиіпті. Байқаймын, Нәлқараның қарауға дәті шыдамады. Теріс айналып кетті. Біз алға кеттік. Нәлқара менімен қатар келеді.
— Менімше, кешегі істеген ісіңізге сүйсіне алмадыңыз-ау деймін?
— Міндетің болғансын, бұйрық еткенсін, әйтпесе онда сүйсінетіндей не бар? Соғыс деген адамға адамды қасқыр етеді екен. Бұл да болса керек шығар. Бірақ бір ойым бар. Меніңше, осы бізге қарсы мылтық атып жүргендердің бәрі бірдей фашист емес болар. Бұлардың солдаттары арасында да кедей, саясатпен жұмысы жоқ, момын пенделер бар шығар? Мына өзіміз сияқты қарапайым жандар жоқ дейсіз бе?
Нәлқараның көкейін түсіне қою қиын емес еді. Бас сүйегі быт-шыт болған қартаңдау солдат пен нақ бір жорықтан кейінгі қатты ұйқыда жатқандай сулап жатқан жас солдаттың өлігі оған басқа ой салды. Бұлар да мүмкін мен сияқты бала сүйгісі, жар құшқысы, жарық дүние бетінде жайбарақат жүре бергісі келген жандар болар-ау деген ащы ой оны бір рет қатты шырмап, жанды жерден шымшып өтті. Оның тотыққан қара күрең өңі бұзылып, толқып барып, сабасына әрең түскендей болды. Біз екі өлік жатқан көк төбешіктен ұзай бердік.
Өзектегі жарқабақтың тасасына келіп тоқтаған кезде, оған былай дедім:
— Соғыста не көп, заң көп. Бәрі бірінен бірі өткен қатал. Сіз мұны білесіз бе?
— Мен бір-ақ заңын білем. Бір-бірімізді өлтіруге тиіспіз.
— Оның нәтижесі не болмақ?
— Бірімізді біріміз не өлтіріп, не өліп, не жеңіп шығуға тиіспіз.
— Бұл соғыстың аса көп, тым қатал заңдарының бірі ғана. Мұның мәні мынада: сіздің өмір сүргіңіз келсе, жауды өлтіруге тиіссіз. Немесе ол сізді өлтіреді. Сіздің жар қызығын, бала қызығын көргіңіз келсе, жауды өлтіруге тиіссіз. Әйтпесе ол сізді өлтіреді. Жаудан жәбір-жапа, зорлық-зомбылық, озбырлық-қорлық көргіңіз келмесе, сіз оны өлтіруге тиіссіз, олай ете алмасаңыз, ол сізді жеңеді де, дегенін, білгенін істейді. Тіпті осының бәрін былай қойғанда, сонау бір кезде жанды арға пида етіп, жар намысын қорғаған, ер жігіттің арын ту еткен көзіңізді есіңізге алыңызшы. Міне, енді сол жардың алдына аман-есен қайту үшін, балаларыңыздың адам боп, ел санатына қосылғанын көру үшін сіз жауды өлтіруге тиіссіз. Өйте алмасаңыз сізді ол өлтіреді де, үйіне ол қайтады. «Жауды аяған жаралы болады» деген ата-баба өсиеті бекер айтылмаған, бос сөз емес. Жаңағы жатқан екеуін сіз кешке қарай өлтіріп тастамағанда, ол екеуі сізді бүгін өлтіретін еді... Дұрысы осы емес пе?
— Ойпыр-ай, Сәукен қалқам-ай, тым құнжитып, сүмірейте саласың-ау! Айтқандарыңа дауым жоқ, көнбесіме шарам тағы жоқ.
— Оның үстіне біздің нақ қазір айқасып жүрген жауымыз менмен, өркөкірек. Менмендік болған жерде ессіздік, ақымақтық болмай тұрмайды. Қайта ақымақтық жеке әмір сүре алады да, менмендік ақымақсыз жеке өмір сүре алмайды. Ал менмендік пен ақымақтық адамдық асыл қасиеттердің ең бірінші жауы. Сондай-ақ қайсарлықтың бәрі батырлық емес. Кеше анау жатқан екеуі бүкіл Германияны сақтап қалу нақ бір сол екеуіне ғана тапсырылғандай-ақ қайсарлық көрсетті. Сіз ең алдымен адамды, оның ыстық жүрегін емес, ол екеуінің менмендік пен ақымақтыққа малынған есер ойын, қуыс кеудесін есерлікпен, уланған әумесер басын аттыңыз. Ол сізді атқанда, егер атып құлатқанда рақаттанып, содан бір қуат алғандай рухтанып, күле отырып өлтірер еді. Сіз оның керісінше қабағыңызды түйіп, барлық күшіңізді қолыңыз бен көзіңізге, жиі-жиі соққан жүрегіңізге жинап, кекпен, намыспен, талай-талай қуатты сарп етіп, жүйке тамырға салмақ сала отырып аттыңыз. Енді бүгін сол сізді өлтірмек болғандардың өлігін көргенде кешегі тастай боп жатқан жүрегіңіз қайта жібіп, қайта езіліп кетті. Көрдіңіз бе, менмендік, өзімшілдік, ақымақтық пен ар, намыс, ұждан, азаматтықтың арасында жай көзге іліне қоймайтын қандай нәзік арқаулы жіптер тартылып жатқанын.
Нәлқара өзінің күнде көріп жүрген, аздап тентек шалыстау, көп сөйлемейтін, қайта үнсіз, ойлы жүретін комвзводына таңдана бір қарап қойды. «Осындай сөздерді осы сен кейде қайдан, қай қалтаңнан шығарып айтасың» дегендей сөздерді мен оның көзінен оқыдым. Данышпан боп көрінгісі келмейтін жай адам әр кезде-ақ әз ойындағысын, өз топшылауын айтады. Ол әр кезде-ақ шындыққа жақын, ұғымға түсінікті келеді. Жалғандық, жасанды ой піспеген ақылгөйден, данышпан боп көрінгісі келетіндерден шығады. Мен Нәлқараны таң қылып тастайын деп, өзімді көрсетейін деп айтқаным жоқ, реті келгенде кезекті ойымды айттым.
Көкірек деген бір сорлы. Оны қауқайтып көтере берсең көтеріле береді. Ал енді сол кеуденің ішінде не бар? Әңгіме осында емес пе! Ал біздің бір осалдығымыз сонда, сол кеуде, сол көкіректің ар жағында не бар? Соған үңіле алмаймыз, сол тасадағыны, қуыстың ар жағында жатқанды көре білмейміз. Жасанды көкірек, жалған менмендіктің ар жағында көбінесе әлсіздік, қуыс кеуде, бос көкірек жатады. Тіпті данқ, атаққұмарлық, мансапқорлық пиғылдардың өзі күштіліктен, өзіне-өзі сенімділіктен шықпайды. Қайта осының керісінше әлсіздіктен, өзіне-өзі сенбеуден, бірақ еседен құр алақан қалмаудан шығады, осындай өлексе ынта оны әртүрлі сырттай айлаға тәсілге, өзін көрсеткісі келген көкіректікке келіп тығады.
Жаудың тым менмен, өзімшілдік мінезін мен сонау 1941 жылы көргенмін. Ол бізді сан рет мазақтап, сан рет келеке етпек болған. Алғы шептен жаралы боп санбатқа кетіп бара жатқан ақсақ солдаттың соңына самолетпен түсіп, пулеметтен атқылағанын талай көргенмін. Өз жерін қорғау үшін емес, өзгенің жерін басып алуға келген жау әр кезде-ақ өзімшіл, өктем боп келеді, ал оған біз кекті, намысты, отаншыл сезімді ғана қарсы қоямыз. Өзімшілдік пен менмендік, өктемдік пен өркөкіректің тіреуі кек пен намысқа, туған жерге деген махаббатқа қарағанда әлдеқайда шірік, әлсіз келеді. Бұған мысал көп. Міне, кеше ғана деміне нан пісіп, аптығып келген жау, менмен, өзімшіл өркөкірек жау қазір бізге жон арқасын көрсетіп, батысқа қарай жөңкіп барады. Олардың өз ұжданы, өз ары алдында берер жөнді, дәлелді жауабы да жоқ. Неге келдіңдер, кім айдап әкелді, мақсаттарың не болды, не үшін, кім үшін басқа жерге, басқа елге келіп, осынша қаһар төктіңдер деген сұрауға олардың ешбір дәлелді сөзі жоқ. Ал бізде болса басқыншылыққа қарсы оянған сезім бар, Отанды қорғау, елді, жерді қорғау, өз ошағының басын, болашағыңды қорғау сезімдерімен қатар қатал, өзімшіл жауға деген жалындаған кек, ар мен намысты қайтесің. Ие, осы да жетер. Әдемі сезімді, жақсы ойды мипаздай білген де абзал.
Жау — зұлым. Ол аямайды, аяуды білмейді. Ол адамды өлтіруге, қыруға келгенде әбден құныққан, шеберленген. Ол кімсің, не істедің, не істеп жүрсің деп сұрамайды. Ол сенің қылмысыңды, айыбыңды мойнына алып, дәлелдеп жатуды да керек етпейді. Мұндай жаумен айқасқанда айла, сақтық қана емес, өлім мен өмірдің біріне бел шешіп, біріне бел байлап түскен жөн.
Мен осы ойларымды Нәлқараға кәдімгі балаға ежіктеп үйреткендей тәптіштеп айтпақ та болдым. Бірақ бұл артық. Өйткені ондай асқақ сезім жайында айқайлап айтқан ұят. Оған бала болмаса үлкен адам нанбайды. Ең жақсы сезім, ең асыл ой, ең жанды сөз айтылмаған, жүрек түбінде қайнап жатқан, кәдімгі тас бұлақтан жарыла шығып, өзінен-өзі атқылап жатқан қайнардай толқын, іш толқыны болса сәт. «Мен Отанымды шексіз сүйемін. Сол үшін құрбан болам. Кегім қайнап жатыр» деп айқайлап айтылған сөзге өз басым иланбаймын. Оған мен ғана емес, басқалар да сенбейді. Мен Отанын шексіз сүйетін адамды ісінен, қимылынан көргім келеді, Отан үшін құрбан болуға жарайтын жігітті айбынды көзінен, түйілген қабағынан, кезерген ернінен байқаймын, жүрегінде кегі қайнап жатқан жауынгерді ақырын жүріп, нық басқан әрбір байсалды қадамынан, тыңғылықты ісінен, ойлы, байыппен көрсеткен ерлігінен көрем.
Нәлқараға ештеңе айтпадым. Толқын басып, алау тартқан жүрек сөзін, екпінді сөзді тежей бердім. Айқайлап та, сыбырлап та айтқым келмеді. Мұнымен ешқашан айқайлағаным жоқ деп ақталғым келмейді. Сонау қырық бірінші жылы да, қырық екінші жылы да, кешегі қырық үшінші жылы да, тіпті, мынау қырық төртінші жылы да сан рет айқайлап, «уралап» жауға қарсы көтерілдім. Жалғыз ғана «ура» емес, «Отан үшін!» «Партия үшін!» — деп ұрандаса, ұландаса ұмтылдық. Бұл айшықты, зерлі сөз емес, бұл ерекше мәнді сөз.
«Отан үшін!» Бұл ана есімдес, аяулы, бойға қуат, дертке шипа болатын аталы, ұранды, жүрекке ең жақын тұрған аса жылы сөз. Өйткені Отанның шекарасы әркімнің өз үйінің төрінен басталады да, ошағының басын айналып етіп, содан әрі сыртқа тартады. Бұл сөз өз үйім деген ұғымнан шығып, елім, халқым, жерім, суым, мекенім деген ең асыл сөздермен келіп ұштасады. Содан бұл осы күндердің негізгі ұраны ғана емес, Отан-ана деген ұғыммен түйісетін мәңгі ұран.
«Партия үшін!» Бұл ең алдымен бізді бастаушы, бақытқа бастаушы, жол көрсетуші күш. Бізді мәңгі құлдықтан азат еткен де осы күш. Бұл ұлы Ленин негізін қалаған күш, оның партиясы бастаған күш. Партия! Мұны әлгі айтылған Отан деген сөзден, Ленин деген есімнен бөліп алуға болмайды, Тұтасқан, ұласқан қос ұран, бақыт, ар, ұждан ұраны.
Бүгін де осы ұрандарды әлденеше қайталап айттым. Жау бекінісінен кетті. Ол орындарды біз бастық. Түс ауа таудың екінші қабатындағы ықтасынға кеп тоқтадық, Біздің полк ішке қарай еніп кеткен көрінеді. Сонда да шегінсін деген бұйрық болмады. Қайта кешке қарай қол жеткен жерге табанды мықтап тіресін, қарауылды күшейтсін, сақ болсын деген ескертулер көп айтылды. Біз жаудан босаған ескі бекініске орнадық.
8
Бұдан аз ғана бұрын жау денесін біздің оғымыздан тасалап тұрған кең сауырлы қара жердің құйқасы енді бізді жасырып, бізді паналатты. Ернеуі қанға жосадай боп боялған окоптың ішінде отырмын. Қан көру, қанға қарау таңсық емес. Мен өмірді, кешегі естіген өмір өлеңдері. Рамазан салған ән жайлы ойлап отырмын. Рамазан қайда, Темірбек ше! Олар да мен сияқты жау қазған ескі окоптың біріне түсіп отырған болар. Кім не ойлап отыр? Кім кімді есіне алды? Мұның түбіне кім жетіп жатыр. Оқ астында, өлім аузында өтіп жатқан күндерден кім не ойлады, кімді кім есіне алды деп сұрап жатар болар ма? Көзім окоптың ернеуінде, ойым басқа жақта. Оң жағымнан елпеңдеп біреу келді. Жалт қарадым. Өзіміздің Нәлқара.
— Жолдас лейтенант-ау, мынауыңыз не? Окобыңызды тазартып бере қояйын! — деп белінен өзінің кәдімгі «алтын» күрегін алды.
— Тоқтаңыз, сабыр етіңіз! — дедім.
— Мынау көрер көздің өзіне жаман ғой, қалқам-ау!
— Бұл жаман боп, менің ешбір сәнімді бұзып тұрған жоқ. Сабыр да сабыр. Біз бұл жерге қоныс тебуге келгеніміз жоқ. Қан дейсіз бе, оған көз қанық. Бос әуре болмаңыз. Одан да осындай кезде тыныстап алыңыз. Менің отырған жерімді тазартқаннан гөрі дем алыңыз.
— Сәукен шырағым-ау, көңілге жаман ғой. Ең болмаса топырағын жаңарта қояйын да.
— Жаңартуға болмайды. Мұның атын окоп дейді. Өте жақсы, аса бір ықыласпен әдемі жасалған екен. Еңбеккер біреудің қолы тисе керек. Мына қан да осыныкі болар. Мына жерге бір жаудың қаны мен тері қоса төгілген. Нақ қазір осы жерден кеткен жау қайтадан шабуыл жасай қалса, мына жатқан бауырдай тұтасқан қара қанға кеудемізді төсеп, екеуміз қатар жатып оқ атамыз.
— Шының ба, қалқам! — деп, Нәлқара маған аң-таң боп қарады.
— Таң қалатын дәнеңе жоқ де. Соғыста қанды көріп түршігетін жауынгер болмайды. «Жауды аяған жаралы болады» деп, өсиетін тастаған ата-бабамыздың ақылы бізден артық болмаса, кем соқпас.
— Мұның жөн ғой. Бірақ көз алдыңда қан жатса, адам қаны шашылып жатса дегенім ғой, оңай емес қой.
— Адамның қаны болмаса шошқаның қаны болсын. Мен сіз сияқты нәзік, борық жан емеспін.
Осылай шықты. Айтайын дегенім бұл емес еді. Мен оған осы бүгін таңертеңгі екі өлікті, өзі атқан жаудың екі өлігін көрген кездегі осалдығын, әлдеқалай бір қиыс, нәзіктікке бой алдырғанын айтпақ едім. Ол деңгейден шыға алмадым. Дөрекілеу айтылды, нысанадан қиыс кетті.
Адам баласының құбылмалы мінезіне, бірде ашық, бірде жабық қабағына қарасаң таң боласың. Адам өзі затында көнбіс. Ол ыстық пен суыққа қандай шыдамды болса, жақсылық пен жамандыққа, қуаныш пен азапқа да сондай көнбіс. Адам мінезге бай. Жауынгерлердің кешкі асқа отырғанын көру маған да қуанышты. Мен адамдар жайлы осындай бір жақсы ойға қалдым.
Біраз мезет үнсіз отырдым. Қас қарайып, ымырт жабыла бастады. Төңірекке айналдыра қарауыл қойдым. Сағат сайын қарауылды ауыстырып, посттарды тексеріп тұруды өз міндетіме алдым. Өйткені обалына не керек, кіші командирлер солдаттардан да жаман шаршайды. Көп ауырлық соларға түседі.
— Жалғыз жүрмеңіз, кім біледі, төңіректе кімдер барын, кімдер жоғын. Жаудың барлаушылар жіберуі де мүмкін. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Сақ болайық. Посттарды тексеруге барғанда мені тастамай ала жүр, — деп, Нәлқара маған қарады.
Мен үндемедім. Мұны ол келісімге жорыды. Қалғып кетіппін. Көзімді ашсам қоп-қою, қара барқыттай қараңғылық. Төңірек жым-жырт. Посттарды қарап шығуға орнымнан тұрдым. Нәлқараның ұйқысы сергек екен. Ол да атып тұрып, үнсіз ілесе берді. Окоптан шығып, ең алдымен жау жақта, алда тұрған постқа жүрдік. Біз жақындай бергенде қарауыл мелшиіп тұрған жерінен бізге бұрылып:
— Пароль! — деді.
— Пушкин!
— Ә, сіз екенсіз ғой, жолдас лейтенант!
— Қалай, тоңдың ба?
— Жоқ-ә!
— Ештеңе естілмей ме?
— Жауын алдындағы тымырық болса керек, тым-тырыс. Әлгінде сонау тұстан екі рет көк ракета атылды. Одан басқа ештеңе көрмедім.
— Қарауылдың ауысатын кезі жақын ба?
— Жақын қалған болар.
— Сақ бол! — деп жүріп кеттік.
Оң жақ пен сол жақтағы қарауыл да орнында екен. Көргің келген нәрсе орнында болса ол да бір ғанибет. Адам рақаттанып қалады. Түн қараңғы болса да, көңілдің сәулесі сені сергітеді. Енді артқа, тылға қойған қарауылға келсек, орнында жоқ, жым-жылас. Міне қызық. Қуанышың су сепкендей болады екен.
— Қарауыл қайда? Жаудың барлаушылары ұстап әкеткеннен сау ма?
— Кім біледі, білмедім! — деді Нәлқара иығын бір бүлк еткізіп.
— Кім еді, мұнда тұрған?
— Есімде жоқ, қайта-қайта ауысып тұрады ғой. Қайсының кезегі екен?
— Ал сіз бен біз осы постқа тұрайық. Мүмкін, тылға қажет емес деп, өзінше тон пішіп, әлгі қарауыл бастығы ешкімді қоймаған болар. Мұнысы әбес екен.
Біз осылайша сыбырласа сөйлесіп тұрғанда алдымыздағы бұтаның бір жағынан қарайып, біреу шыға келді.
— Пароль? — дедім.
— Пароль дейсің бе? Ие. Өзіміз, өз...
— Тоқта, атамын! Парольді айт!
Әлгі қалта қарап тұра қалды. Байқаймын өзіміздің адам.
— Парольді білмесең, атамын, қаруыңды таста да, сол жерге жат! — деп команда бердім.
Мелшиіп әлі тұр.
— Жат! — дедім қатты жекіп.
Жата қалды.
— Ананың қаруын алып, өзін айдап әкел! — дедім Нәлқараға бұрыла беріп.
Нәлқара зып етіп алға шықты да, әлгінің қаруын алып, өзін орнынан тұрғызды.
— Кімсің?
— Бұл мен ғой! — деген таныс дауыс шықты.
Ештеңені білмеген боп, мен қатты дауыспен:
— Менің кім! — деп зеки сұрадым.
— Мен ғой, жолдас лейтенант, мен, Назаровпын!
— Сен мұнда қайдан жүрсің, жеті түнде?
— Постта тұрмын.
— Постың қайда?
— Мына сіз тұрған жерде...
— Бұл постта сен емес, мен тұрмын.
Нәлқара екеуі жақын келді. Арқасында томпиған зат салатын қапшығы бар, шәнтиіп нақ алдымда Назаров тұр. Қолында қаруы да жоқ. Әлденеден шошынғандай ентігін баса алмайды.
— Постың қайда, қолыңдағы қаруың қайда?
— Постым осы, сіз тұрған жер, қаруым мынау! — деп Нәлқара жақты иегімен нұсқап көрсетті.
— Сен кімді ақымақ етіп тұрсың. Бұл постта сен емес, тұрған мен. Қаруың жоқ, оны сен беріп қойдың, айрылып қалдың. Сенің қаруыңды алып, анау сені тұтқынға алды. Өзің парольді де білмейсің!
— Біз кішкентай бала емеспіз ғой, бір-бірімізді тұтқынға алып, соғыс-моғыс ойнайтын! — деп міңгірледі.
— Назаров, қайталап айт, анық етіп айт, кәне не дедің?
— Біз бала емеспіз ғой.
— Дұрыс айтасың, біз бала емеспіз. Отан саған жаудан кек алады, жерімізді жаудан босатады деп қару берген. Кәні сол қаруың қайда? Сені мына жатқан қарулас достарыңды жаудан сақтайды деп постқа қойған. Сол постың қайда?
— Жауынгер Назаров, сен кеше ғана асхананың тұзын ұрлап, оны самогонға айырбастап, мас болғаның есіңде ме?
— Есімде, жолдас лейтенант.
— Сонда, жауынгер жолдастарын алдында берген уәдең есіңде ме?
— Есімде, жолдас лейтенант.
— Өтірік айтасың, сен ондағы уәдеңді ұмытып қапсың. Есіңе түсіруге тура келеді.
Ол үндемеді.
— Парольді қалай ұмытасың, неге білмейсің?
— Неге білмеймін. Білемін.
— Білсең неге айтпайсың?
— Әлгінде аузыма түспей қалды.
— Неге аузыңа түспейді. Одан да білмеймін деп неге айтпайсың?
— Білемін. Пушкин.
— Жаңа неге айтпадың?
— Сасып қалдым.
— Қорқақ екенсің де. Жауынгер Сабалақов, мына қорқақтың қаруын әзіне қайтарып бер. Мұны посттан аламын. Бұл бүкіл достарын, қарулас жауынгерлерді сақтауды, күзетуді білмейтін, өз міндетіне немқұрайды қарайтын қорқақ, салақ, санасыз адам. Постқа сіз тұрасыз. Ал сен бекініске қайт, командиріңе, отделениенің командиріне мені посттан қуып жіберді деп баянда! Қалғанын ертең сөйлесеміз. Бар!
Назаровтың ұнжырғасы түсіп, мойны салбырап кері қайтты. Нәлқара екеуміз әлгі жерде қалдық.
— Қап, мына иттің күшігі әбден жаныма тиді-ау!
Нәлқара кәдімгідей қынжыла сөйледі.
— Менің білігімше, оның сіздің жынға тигені бір бұл емес болар.
— Оны қайдан білесің?
— Осында отыз шақты адамға басшы боп жүріп, оны неге білмеймін. Ауызбен айтылғанды құлақ естиді, о.тыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетеді дейді. Демек, мұндайды әркім біледі. Ешкім айтпағанды білгенді айт, Нәл аға!
— Дауым жоқ. Бірақ қалай білдің, соны айтшы!
— Сіздің «дәйс» деген сөзіңізді естідім. Таң атқанда сол дәйстің кім екенін айтпай-ақ, таныдым.
— Рас, білетінің анық екен. Дәйс деп әнеукүнгі түнде осыған айтып едім. Оным рас, жасыра алмаймын, бірақ бәле-жаласы менен аулақ.
— Мен адам танитын болсам, сол дәйс бүгін де бір дәйстік істеп келеді.
— Обалына қалар жайым жоқ. Ол жағы маған беймәлім.
— Қалай деп ойлайсың, Нәл аға, солдат болу оңай ма? — дедім әлден уақытта.
— Оңай іс емес. Қолына қару ұстаған адам ең алдымен бұл қаруды маған неге, не үшін берді деп ойлануға тиіс.
— Өте дұрыс айтасыз. Қолға ұстаған қару адамды ойлантуға тиіс. Екіншіден, солдат болу деген де адам бола білу сияқты санадан, азаматтық ардан туса игі. Мынау ондайды білмейді. Мұндайды үйретіп алмаса, бір күні бәрімізді майып кетеді. Мұның қылығы қауіпті қылық.
Әңгіменің аяғы қиындап бара жатқанын сезсе керек, Нәлқара үндемей қалды. Шығыс жақ бозалаң тартты. Біздің орнымызға жаңа қарауыл келді. Жайлап окопқа оралдық. Таң алдындағы ұйқы қандай шырын, көз жиегі ашып, кірпік түйіле берді. Окопта жүремнен отырып, мызғып кеттім.
9
Күн жиекке көтеріліп қапты. Кәдімгі бір бейбіт шақтың ертеңгілігі тәрізді маужырап, беті алау тартып күн шыққан. Мұның үстіне төңірек тып-тыныш. Жауын алдындағы тымырықтан айналаны қоршаған үнсіздіктің өзі алдағы шайқасты, екі жақтың іштей тірескен, жіті аңдысқан, белдесе кеткісі келіп тұрған дүлей күшін танытқандай еді. Күн шайдай ашық болса да, қапырықтай көрінгені содан болар.
Окопты бойлай зер сап өттім. Постта тұрған төрт солдаттан басқасы маужырап, ұйқы құшағында бөгіп жатыр. Қозғағым келмеді. Мен де солдат болғанмын. Тыныштық, кәдімгі жан рақаты кімге болса да ауа мен күн нұры, су мен тамақ қандай қажет болса, ұйқы да сондай керек. Өзім де сондай бір тәтті ұйқы құшағында жатқандай бір мезет елжіреп кеттім. Өзім солдат боп жүрген кезде беймаза, шіңкілдек командирлердің орынсыз да мезгілсіз айқайын ұнатпайтын едім. Мынадай бейбіт, тәтті ұйқыда жатқан солдаттарға қарап тұрғанда сол күндерім, соғыс алдындағы «Маршал Тимошенконың заманы» деп аталатын қатал тәртіптен өткен күндерім есіме түседі. Көбік ауыз мазасыз сержант Манжалоны да көз алдыма келтірдім. Ол мені жеті сайын бір рет гауптвахтаға отырғызатын. Екі беті шиқандай қып-қызыл, қой көзді, қоңыр шашты әдемі жігіт болатын. Бар айыбы тыным таппайтын, өзгеге де тыныштық бермейтін аса мазасыз жігіт еді. Екі езуі ақ көбіктеніп, кілең сөйлеп жүретін. Денесі мығым, денсаулығы мықты болғансын, өз басымен ешқандай ой ойлап, қиналып жұмыс істемегенсін шаршамайтын шығар, ал сөйлеуден жалықпайтынына таң болатын едім. Оны бүкіл взводта бір-ақ адам тәуір көретін. Ол, әрине, взвод командир! Өйткені ол взвод командирінің қас-қабағына қарап жүреді де, аузынан шыққанын екі етпей, дәлме-дәл орындайды. Әйтеуір асырып жібермесе, кем түспейді. Осы қасиеті үшін взвод командиріне әбден жаққан. Ал солдаттар арасында бірде-бір досы жоқ, бәріміз иттен де жек көреміз. Осы жайды оның өзі де сезсе керек, соғыс басталған күні-ақ өзгеріп сала берді. Бірақ біз жібімей қойдық. Майданға аттанар күні жоғары жаққа рапорт беріпті. «Майданның қай жағына жіберсеңіз де, қандай әскери бөлімге жіберсеңіз де, тек мына осы күнге дейін өзім қызмет істеп келген ротамен жібермесеңіз екен» десе керек. Әрине, себебін ауызша айтқан болар. Ол жағы бізге беймәлім. Бірақ солай етпегенде оны ауыстыра салмайды ғой. Сонымен нақ майданға аттанар алдында Манжало басқа бөлімге ауысып кетті.
Неге екенін айту қиын да емес, дегенмен сержант Манжалоның осы жағдайы мені әруақытта-ақ тәубеге келтіріп, оқыс қимылдан, асығыс, немесе әділетсіз істен сақтандыратын. Мұның үстіне адамның сеніміне, ықыласына ие болудың өзі құрметтеуге тұратын қасиет. Әрине, бұл жерде мен өзімді Манжалодан ақылды едім дегім де келіп отырған жоқ. Ол өз жауынгерлерінің ішінен сүйеніш, дос таба алмай қалғаны рас. Менің жайым оған қарағанда әлдеқайда тәуір. Бұл жерде біреудің ақылсыздығынан, жұмсағырақ айтсам, өзгенің әбестігінен үйрену керектігі де айқын көрінеді емес пе? Менің ойыма өзімнің әскери ұстазым, Подольский жаяу әскерлер училищесінің бастығы болған генерал Анакидзенің бір айтқаны да әлгі бір Манжало жайындағы ойға байланысты түсіп еді: «Үлкен босын, мейлі кіші босын, бәрібір, командир әруақытта әділ болуға тиіс. Бұл қасиетсіз, әсіресе, соғыс кезінде топ басқару, солдатты бастау мүмкін емес», — дейтін ол.
Генерал Анакидзе аса бір келбетті екі беті нарттай қызыл, көзі мойылдай қара, танадай үлкен, қас-қабақты, екі иығына екі жігіт мініп отыруға болатындай көк жаурынды кісі болатын. Көп сөйлеуді мүлде ұнатпайтын, орынды, кезекті сөзден басқа ештеңе айтпайтын еді. Айта қалса есте қалатындай етіп, дәмді де мәнді айтатын. Ол айтқан әлгіндей мағыналы сөздер жадымызда қалатын. Соның бірі есіме қайта түсті. Оның өзі Манжалоға байланысты еске алынды. Бірі тым кіші, бірі тым үлкен командир екенін еске алмасақ, бұл екеуінің арасы, мінезі күн мен түн сияқты да емес, солтүстік пен оңтүстік полюсі тәрізді еді.
Жас кезім еді. Мектепте оқимын. Өзімнің бір ұстазым жайлы «ол жаман адам» деп қалдым. Сонда менің бір досым, өзінше білгіш досым, мені қатты сөкті. Ол айтты: адамның жаманы болмайды. Оның ішінде совет адамының ішінде жаманы жоқ. Сенің ойың бұзық, пікірің жат саясатты білмейтін надансың деді ол. Мен осыған кейінгі кезге дейін кәдімгідей-ақ нанып келген адаммын. Мені енді иландыру қиын.
Манжалоны қырық екінші жылы күтпеген жерден тағы кездестіргенім бар. Қазір ол да еске қайта оралды: қыстың ішінде Удмуртияның орталығы Ижевскідегі әскери госпитальден майданға оралдым. Жолай Москваға соқтым. Трамвайға мінейін деп Арбатқа келдім. Бір трамвай келіп, жүре берейін дегенде басқа жақтан жүгіре басып келген шинельді, әскери адам қасымнан жанай өте берді. Көзіме сенбей қалдым. Қарасам нақ өзі. Манжало.
— Сержант Манжало!
Дауысым қатты шығып кетті білем. Мойнын оқыс бұрып, артына жалт қарады. Трамвай жүріп кетті, ол қалып қойды.
— Жолдас сержант, асығыс болмасаңыз тоқтай тұрыңыз!
Кірпігін жиі-жиі қағып, маған аң-таң бола қарады. Мен оның күдігін сергіту үшін:
— Жолдас сержант, сізді шақырып тұрған қатардағы жауынгер Досов! — дедім.
— Қатардағы жауынгер болсаңыз шақыра алмас едіңіз! — деп бетіме тесіле қарады да:
— Жолдас кіші лейтенант, сіздің шақыруыңызбен алдыңызға келіп тұрған сержант Манжало! — деп қолын көтеріп, құрмет көрсетті.
— Шынымен-ақ танымай тұрсыз ба?
— Жүзіңіз таныс, фамилияңыз да таныс...
— Түу, жолдас сержант Манжало-ай, тұп-тура Америкадан жаңа келген адам сияқты боп тұрсыз. Осы өзіміз көшесінде тұрған Москваны, Донской көшесін ұмытып-ақ кеткеніңіз бе?
— Ие, ие! — деп ол басын ұстай алды. — Қызыл әскер Досов, ие, ие, Досов. Енді білдім. Бір жыл өтпей жатып қалай өсіп кеткенсіз, жолдас Досов!
— Біріншіден «сіз» демеңіз, бұрынғыдай «сен» деңіз. Өйткені сіз менің ең тұңғыш әскери ұстазым боласыз. Екіншіден, менің есуім таң қалатындай осу емес...
— Кіші лейтенант... Бұл ма, бұл өсу. Майданға кеше ғана бардыңыз ғой.
— «Бардың», «кеттің» деп айтыңыз.
— Жоқ, олай етуге болмайды. Мен өзімнен атағы дәрежесі артық адамды осылайша қатты сыйлап үйренген адаммын, жолдас кіші лейтенант!
— Ондай болса, құдай бет алдыңыздан жарылғасын.
— Дұрысының өзі осы ғой.
Мен оған енді ғана анықтап қарадым. Ерні көгеріп, тізесі дірілдеп жаурап тур екен. Арқасында кір-кір жаман қабы бар, үстіндегі шинелі де көнетоз. Бет-аузы сағал-сағал. Совет Армиясының сержанты деуден гөрі түрмеден жаңа ғана шыққан, көп жәбір-жапа көрген жанға ұқсайды.
— Қайдан келесіз, қайда кетіп барасыз?
— Жұмысшы батальонында едім, содан ауырып госпитальда жаттым, енді сол белімге кетіп барам. Осы Москваның түбінде тұрамыз. Өзіңіз қайдасыз, кім боп істейсіз, қалай тез өскеніңізге таңым бар!
— Сіз тіпті менен командир шығады деп ойламаған боларсыз.
— Оным да рас.
— Таңданбай-ақ қойыңыз. Соғыс заңы — қатал заң, — не адамды өсіреді де, не өшіреді. Бұл екеуінен басқа заң жоқ соғыста. Соғысқа барғанда сіз де өсіп кетер едіңіз. Сіздей пысық жігіттер соғыс біткенше генерал боп та кетеді.
Көгерген еріні дірілдеп:
— Апыр-ай, ә?! — деп қойды.
Әрине, ол бұл сөздің мағынасына түсіне алған жоқ.
Өзімен бірге Москвада қызмет етіп, соғыс басталған күні майданға аттанған жігіттерді, өзі білетін жауынгерлерді сұрай бастады. Білгенімді айтып бердім.
Бір-бірімізді қанша жек көрсек те, бірге жүріп, бір қазаннан ас жеген неме емес пе, екеуміз ойнап та, қалжыңдап та алдық. Бір сөзбен айтсам, кәдімгі достарша күліп ажырадық.
Міне, енді мынау Пушкин тауларының бауырында, окопта ұйықтап жатқан солдаттардың қасында тұрып, сол кездесуді есіме қайта алдым. Ондағы ойым, Манжало сияқты беймаза, әділетсіз болмасам, өзімнің қарауымдағы жауынгерлерге жексұрын емес, дос, туыс, жолдас болсам, маған осы адамдардың, взводтағы, аз ғана жауынгерлердің тағдырын, өмірін сеніп тапсырғансын, оған қамқоршы болсам дегеннен бөтен тілек жоқ. Бірақ қамқоршы, дос, туыс, жолдас болам деп тым бос белбеу, аса нәзік, ете көңілшек болудың орны тағы жоқ. Өйте берсең тізгіннен айрылып қалу да ғажап емес. Қаталдық пен ақ көңілділік арасында кәдімгі өтірік пен шындық арасындағыдай бір айырма бар. Ең болмағанда сол аймақтан шықсам деймін.
Күн көтеріле түсті. Арт жақтағы сайға үсті-басы қожалақ-қожалақ теңбіл көк ат жеккен арба кеп тоқтады. Бұл асхана. Буын бұрқыратып, арбадағы қазанның қақпағын ашты. Мұрнына тары ботқаның иісі барғандай-ақ қалғып отырған Назаровтың ерні жыбырлап, танауын жеңімен екі-үш рет сүйкеп өтті. Нәлқара болса бақырашын тазалап жатыр.
Бұдан әрі үйықтай беруге болмайды. Асхана күтпейді. Оның тамақтандыратыны бір ғана біздің взвод емес, бүкіл бір ротаны, одан соң батальонды айналып шығады.
— Взвод, тұрыңдар, тамақ алыңдар! — деп айқайладым.
Ең алдымен Нәлқара, одан соң Назаров орнынан тұрды. Соңғысы маған тура қарай алмайды. Ботқаға қышыған аузының жиегін шинелінің жеңімен қайта-қайта үйкей береді.
Оның түндегі айыбы бар. Онысын өзі жақсы сезетін көрінеді. Бір жағынан аяп та кеттім. Бірақ бетімен жіберуге болмайды. Манжалоның қаталдығы, әділетсіздігі жайлы ойлай тұрып, енді Назаровқа оралу маған кәдімгідей ауыр соқты. Ойланып қалдым. Оның кейінгі кездегі бір-екі қылығын аяқсыз қалдыруға болмас деген түйінге келдім. Өзім алдын алмасам, арты насырға шабар. Не де болса бүгін, нақ бүгін, әзірге шабуыл басталмай тұрғанда онымен бетпе-бет бүкіл взвод жауынгерлері алдында ашық сөйлесуге тиіспін.
Бақыраштарын салдырлатып жауынгерлер сайға түсіп барады. Жасыратын не бар, тамақ, ішетін кез солдаттың ең бір көңілді, шадыман кезі. Ата-бабамыздың намазын бұзбағандай, мұндағы тәттілікті, бұл кездегі рақаттың шырқын бұзуға тағы болмайды.
Ойлап отырмын. Бүгіннен қалдыруға тағы болмайды. Не де болса бүгін сөйлесіп, оны жолдастары алдында ұялтуға, сөйтіп нақты уәдесін, солдаттық антын алуға тиіспін. Бүгіннен, нақ бүгіннен қалдыруға болмайды деп түйдім. Көңілдегі діттің түйінін шешуге тиіспін. Мұның алдағы шабуылға да залалы тиюі кәдік.
Солдаттар сайдан окопқа қайта оралды. Бақыраштарында толған ет салған тары ботқа. Буы бұрқырап, дәмді иісі шығады. Екеу ара бір бақырашты алып, жауынгерлер тамақ жеуге кірісті. Маған тиісті тамақты алып Нәлқара да келді. Сумкадан бүктелмей қалайы қасығымды алып, тары ботқаны мен де соғып жатырмын.
— Ішкен-жеген тамақтарыңыз ас болсын! — деген дауысқа жалт қарасам, көз алдымда кеше ғана бірге түнеген Рамазан тұр.
— Есен-саусыз ба, Рамазан аға?
— Шүкір! Полктың штабынан шығып едім. Әлгі сан ротаны таба алмай жүрмін.
— Табылады, бәрі де табылады. Бізбен бірге отырып, ботқа жеңіз!
— Рақмет, солдат ботқасына ортақ болғым келмейді.
— Мынау солдаттың емес, офицердің ботқасы.
— Бәрібір ботқа ғой.
— Бәрібір емес, сенбесеңіз, дәмін татып көріңіз!
Рамазан асқа келмеді Демалып алуға окоптың ішіне түсіп, Нәлқараның қасына отырды.
— Рамазан қалқам, — деді Нәлқара, оның алдына кептірген бидай нанын қойып жатып, — дәм тат, «қуыс үйден құр шықпа» деген, мына окоп біздің үйіміз ғой. Нан ал! Төбеңді анда-санда бір көреміз. Дауысыңды, сырнайыңның дауысын естімесек көңіл көншімей, әлденені жоғалтып алғандай боп жүреміз. Сенің әндерің туған жерді еске түсіріп тұратын еді. Сағынып жүрміз. Кәдімгі, шын айтамын, сырнайыңның дауысын сағынып жүрмін. Саябырсыған бір кезде әдейі келсеңші! Ән тыңдап, бір рақат болсын!
Рамазанның өңі күрең тартып кетті. Сөзін бірден бастай алмай қалды. «Сағынамын» деген сөзден соң оның да ойына әлдене түсіп кетті білем.
— Менің әкем Ержан деген кісі осы нақ сіз тәрізді төртпақ, пішіні де сізге ұқсайтын, жазғы сопақ, қыр мұрынды еді. Тек қана ол кісі ақ сары болатын. Сіз қызыл шырайлысыз ғой.
— Мені қара десең де болады.
— Сіз қара емессіз.
— Құдай көңіліңді өсірсін!
— Айтқаныңыз келсін. Әкемнің өні ақ сары деді демекші, біздің руымыздың өзі керей ішінде ақсары болады. Біржан деген әншіні естігеніңіз бар ма?
— Естігенде қандай. Сонау бала күнімізде біздің ауылдағы бір байдың жалғыз ұлы Арқа жаққа бары сол Біржанның бірнеше әнін үйреніп қайтыпты. Әлі көрмеген. Дақпырт бойынша еліктеген. Елге келген, Біржан сал боламын деп, үстіне түрлі түсті алабажақ шапан киіп, басына үкілі бөрік кейін, ән салып жүретін.
Баласы Жиенбеттің Молжан салмын,
Пайдам жоқ, залалым жоқ жүрген жанмын, —
деп аңырата жөнелетін әлгі. Біз Біржан әндерін сол Молжаннан естігенбіз. Кейін қарасам, Молжанның айтып жүргені сол Біржанның әндері ғана емес, сөздері де Біржандікі екен.
— Еліктегені ғой. Ертеде ондай еліктеулер көп болған.
— Онысын қайдан білейін, Молжан әнді әлгі айтқандай етіп салатын. Кейін білсек. әлгі жалған сері Біржан өлеңдерін өзінше өзгертіп, ішіне өз атын қосып алған қу боп шықты. Біржан үш жүздің баласына аты шыққан әнші ғой. Ауылдасың болса, саған оның аруағы, іші қонған екен, Рамазан қалқам!
Рамазан тағы да үндемей қалды. Аздан соң басын көтеріп, бір күрсінді.
— Біржан аруағы қонды ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Өз әкем Ержан да қара жаяу адам емес еді. Жасында ол да ән салып, өлең айтып сері болмақ ниетте бопты. Кедейлік қол-аяғына тұсау боп, қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмегенсін өзінше бақыт іздеп, жайына кетіпті. Мұның одан басқа тағы бір себебі бар көрінеді.
Рамазан асықпай ақырын сөйлейтін. Бұл жолы да жайлап отырып, Нәлқараға, өзінің әкесіне ұқсайтын кәрі солдатқа біраз өмірін айтты...
— Әкемді елімізде Елебайдың Ержаны дейді екен. Жасынан әнге, домбыраға үйір бопты. Бертін келе қолына домбыра ұстап, ауыл аралап ән салған. Менің әкем де әлгі сіз айтқан Молжан сияқты Біржанға еліктеп ән шығарған, өзінше сөзін де құрастырып алған көрінеді. Кейінгі кезде өзі ыңылдап айтатын мына бір әуені әлі есімде:
Баласы Елебайдың атым Ержан,
Өзіме бата берген әнші Біржан,
Кереймін, ақсарының ұрпағымын,
Көкшенің Бұландысын мекен қылған.
Әкемнің Қожағұлдай жылқысы жоқ,
Болады кімге мирас дүние боқ.
Сәтібай маған туыс мың жылқылы,
Байлығы сол ағамның көңілге тоқ.
Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға,
Болып еді сонша байлық кімге тұлға.
Байлықтан әнім артық қыздар сүйген,
Думанға батып жүрмін, өлең-жырға.
Әкем осылайша ән шырқап, ел аралап, өзінше аз ғана күн серілік құрыпты. Өз әлінше ел аузына ілініп, Біржаннан бата алған Ержан әнші атана бастаған. Бірақ оның бұл серілігі ұзаққа бармапты.
Әкемнің алғашқы әні, бірінші өлеңі әлгі айтқан туысы Сәтібайдың құлағына жетеді. Бай ашуланып, өзінше намыс көрген боп, әкемді Зеренді жақта жүрген жерінен өзінің поштабайын жіберіп, шақырып апты. Сәтібай бай ғана емес, ақсарының қылышынан қан тамған болысы екен. Әкемді алдына жүгінтіп қойып, бірнеше күн үйретіпті. «Әншілік, серілік деген сөздер қазір, біздің заманымызда ақымақтық, есерлік, есуастық деген сөздермен бірдей боп тұрған жоқ па? Әкесі Қожағұлға біткен мың жарым жылқыны Біржанның есерлігі, ақымақтығы, дәркі дүниелігі құртқан жоқ па еді? Ақырында сол Біржанды әкеден мирас боп қалған сонша малдың киесі соғып, жынды болды. Өз балалары қол-аяғын шылбырмен байлап қойды, босағада жатып, аштан елді, кісі өлімімен емес, ит өлімімен өлді. Әннің аяғы жын болды. Оны перілер соқты. Сенің әлгі бата алдым, аруағы қолдады деп жүрген Біржаның осындай болған. Қаңғыбас, есуас адамға табынғанша жайыңа жүрмейсің бе, өлсең өз жайыңа өлмейсің бе?
Ие, айтпақшы, сен де текті жерден шыққан адамсын, Мені туыс санасақ, арқа тұтсаң Қожағұлдың жынды баласына бас иіп нең бар? Сен әлгі Найманның Сара деген жаман қызы құрлы жоқпысың. О да айтыпты ғой, әлгі сенің Біржаныңа:
Біржанды әке десе менсінбеймін,
Жаратты қыз да болсам сонша паң ғып;
Жынды бота сықылды бір делбені,
Құдайым тірі қойған несін жан ғып? —
деп.
Сен ең болмаса сол әйел құрлы жоқпысың? Адамды, жақсыны, жаманды ажырата білген жөн. Сен Біржан болмайсың да, бола алмайсың, одан да есің барда жөніңді тап.
Екіншіден, сен мені туыс санап, байлығымды мақтаныш етіпсің, оныңа рақмет! Бірақ менің байлығымды көңіліңе тоқ санауың, әрине, артық. Біреу үшін біреу мал жимайды, әркім құдайдың бергенін алады, соны місе тұтады. Мың жылқы айдаған бай да, жалғыз атты қу кедей де, тіпті тігерге тұяғы жоқ тұлдыр бейбақ та, қазынасы мол алпауыт ақ сүйек те өзінше күн көреді, өз несібесін місе етеді. Менің малымды көңіліңе тоқ санағаның жайлы айтарым осы. Туыс екенсің, пайдаңды тигіз, зияныңнан аулақ. Өзің айтыпсың, байлықтан сауық-думаным, өлең-жырым артық деп. Бар ұғымың сол болса, жетіскен екен. Байлықты «дүние боқ» депсің. Мұның да дұрыс емес. Бірақ ол дүние боқ, дүниеқоңыз болмайды. Сен әншілікті, серілікті қойып, алдымен осыны біл! Ақыл-есің бүтінде мал тап, дүние ізде, бақыт жолына түс. Ақылың тасып бара жатса, көп болса, аға султан Құнанбай қажының баласы Абайдай-ақ болар, есек артын жусаң да мал тауып кел» деп ол да айтқан. Әлгі өлеңінде «байлық ешкімге тұлға болмаған» депсің? Пәлі, шіркін, біледі екенсің, өмірді! Дүниенің тұлғасы байлықта, дәулетте, қазынада тұрмағанда қайда тұр? Көріп келгенің болса, ашып айт, біз де барып көрейік. Бірақ сен не көріп едің, не біліп едің? Сенің мен білмейтін нең бар еді? Бірақ, сенің мен жайлы білмегенің көп күдігің қалмасын оны да айтайын. Анау жатқан ақтылы қой, көк алалы көп жылқы болмаса, мені болыс етіп кім сайлар еді? Ақсарыда менен де басқа білгіш, менен де басқа десем де, шешен де азамат бар. Мен ақымақ емеспін, орысы бар, қазағы бар, мені сыйлап емес, ең алдымен менің байлығымды, дәулетімді, салтанатымды сыйлап сәлем береді, алдыма кеп басын иеді, үлкен жолда кездессек бұрылып тұрып, жол береді. Сен ең болмағанда осыны білсеңші...»
Әкем марқұм Сәтібайдай азулы туысына мардымды ештеңе айта алмай, жер шұқи беріпті. Бірақ Сәтібай оның сөзін алмай, райдан қайттым дегізіп, ант-суын Ішкізбей қайтармас бопты.
— Осының бәрін саған ағайынгершілікпен, туыстықты бетке ұстап айтамын. Менен басқа біреу болса күл болмаса, бұл болсын деп, қолын бір-ақ сермер еді. Менің сенімен туыстық, ұяластық парызым олай етуге бура бастырмайды. Балапанын торғай да қорғайды, баласын бәрі де қызғыштай қориды. Мен сол торғай құрлы жоқпын ба? Жоқ, мен аузы алты қарыс берімін. Күшігімді қор етпеймін, ешкімге жем етпеймін. Керек болса өзім жеймін.
— Мына Сәтібайың да мықты екен. Айтқан сөздері маған ұнап отыр! — деп қойды Нәлқара.
— О не дегеніңіз, өзі айтқандай азу тісі алты қарыс бері ғой.
— Нағыз көкжалдың өзі екен. Сөзіңді бөлдім білем. Лига бер, жаным! — деп қойды Нәлқара, — айта бер. Әңгімең өте жақсы екен.
— Осының бәріне әкем көнбегендей сынай білдірген екен, Сәтібай күшке сап, қорқытыпты. «Біржанның жыны соғып, есуас болды деп байлап та тастай алам. Болыстығымды сап, мал беріп, итжеккенге айдатып та жібере алам. Алшынбайдың Мәдиінен әулие емессің, онан асқан әнші де болмайсың, одан жақсы батыр да бола алмайсың. Сол Мәдиді туған ағасы Қақабай мойнына құрым киіз іліп, қара бураға теріс мінгізіп, сонау итжеккенге айдатты емес пе! Бүкіл Қарқаралы мен Керекуге, Баян мен Қараөткелге аты шыққан сол Мәдиден қай жерің артық. Оның бүкіл Сарыарқаға аты шықты. Сенің атың шықпай тұрғанда жоқ қыла салу оп-оңай. Оған менің туысқандық арым бармайды. Өз күшігін өзі жейтін, Қақабай тәрізді бөрі емеспін. Ал істеймін десем, о да келеді қолымнан. Өз нәсілімді бөгдеге қорлатқанша өзім-ақ жұта салам.
Сәтібай әкемді бірнеше күн ұстап, ақыры антын апты. «Ән салмаймын, домбыра ұстамаймын. Біржанды аруақ тұтпаймын» деген сөзінен кейін Сәтібай оған қатты риза боп, бір жорға мінгізіпті. Сол жорғаны мініпті де, әкем бақ іздеп, байлық іздеп, оны қазақ жерінен, Абылай аса алмаған Сарыарқадан таба алмағандай башқұрт жеріне етіп кетіпті. Башқұртта Милхайдар деген байға жалданып, көп жылдар соның жылқысын бағып, биесін сауған.
— Міне, Нәл ағасы, мына отырған Рамазаныңыз осындай әкеден туған! — деп ол сөзін бітірді. — Сіздің де менің әкем сияқты көп өткелектен өткен адам екеніңізді мен де жақсы білем. Сіз оны маған өткен жылғы қыста айтқансыз. Сіз әкеме тұлға жағынан ғана емес, тағдыр жағынан да ұқсайды екенсіз.
— Дегенмен әкең жігіт екен, сонда сенің шешен кім? — деп қалды әңгімеге құнығып алған Нәлқара.
— Түу, Нәл аға, сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын, оған мүлде уақыт жоқ.
— Несі бар еді?
— Ештеңесі де жоқ. Ол бір жатқан өз алдына ұзақ дастан.
Нәлқара дастан болмаса, хикая болсын, айта бер дегендей сыңай көрсеткен еді:
— Ақсақал, қазір қинамаңыз, кейін тағы бірде кезегі келер, өлмей тірі жүрсек, күнде кездесеміз! — деді Рамазан.
Ол санротаға жүріп кетті. Біз босаған жерде келесі бұйрықты күтіп, қала бердік.
Рамазанның Нәлқараға айтпай кеткен әңгімесінің жобасы маған көптен таныс. Мұны ол сонау бір түні бірге қонған кеште айтып еді. Арқасындағы қапшығы қараңдап, қырдан ойға қарай асығыс кетіп бара жатқан оған қарай тұрып, сондағы әңгіме есіме қайта түсті:
«Әр кеудеде бір қиял» деген дұрыс ой. Ержанның өз ойы болған шығар. Алыста жүріп, өзінше тіршілік етіп, өмірдің дәм-тұзын өзінше татпақ болған. Өз еңбегімен, маңдай терімен мал тауып, өзінше тірнектенді. Сарыарқада, кең жазирада әркім әртүрлі жолмен күн көріп жатыр. Басқа жерде, өзіне таныс емес өңірде бұл да өзінше күн көрді. Мұнысы өзіне қызық та көрінді.
Ержан башқұрт жерінде жүріп, Сабира деген башқұрт қызына үйленіпті. Одан Рамазан туған. Оның туған жері Самар түбі. Әкесінің туған жері Көкшетауға ол жеті жасқа келіп, ес біле бастағанда аяқ басқан. Бұл былай бопты. Қалада өскен Сабира балалы боп, Ержанды біраз өзіне қаратып алғасын, «сендер көшіп жүреді екенсіңдер, онда бармаймын. Мені сүйсең, осында мәңгі қал» дегенді айтады. Ержан елін, туған жерін сағынған, кеткісі келеді. Осы жарықшақтың аяғы ажырасуға әкеп соғады. Ең соңында жалғыз баланың кіммен қалуы жайлы сөз болады. Ана жүрегі балаға дегенде ерекше нәзік. Анасының баладан айрылғысы келмейді. Ақырында өзінің бала алдындағы беделіне, баланың әке тәрбиесін емес, өз тәрбиесін алғандығына сеніп, Сабира кіммен қалатынын, қайда баратынын баланың өзінен сұрауды, қалауды баланың өзіне салуды өтінеді.
Сабираның туыстары, туған шешесі, Ержанды ертіп кетуге келген жолдастары жиналған топтың алдына сыртта ойнап жүрген Рамазанды, жеті жасар сәбиді шақырады.
Сөзді өзіне-өзі сенімді Сабира бастайды.
— Құлыным Рамазан, мынау отырған әкең екеуміз ажырастық. Енді бірге тұрмаймыз. Ол еліне кетеді, мен осында қаламын. Қайда, кімге барсаң да ерік сенде! — деп баласына қараған.
Ержанның да жүрегі лүпілдеп, сәбидің бетіне жалтақтап қарап қалады. Бала ойланып жатпай-ақ, бірден:
— Әкеммен бірге кетем! — депті.
Сабираның төбесінен жай түскендей есі ауып, құлап қала жаздаған. Ана жағындағы біреулердің:
— Рамазан қалқам, неге олай дедің, сені біреулер үйретіп қойған жоқ па? Себебін айт! — дегеніне бала іркілместен:
— Сабира апамның мамасы, анау отырған әжем, сенің әкең қырғыз, сен «қырғыз баласы», «қырғыз баласы» дейді. Мен қырғыз болсам, өзімнің қырғызыма кетемін! — деген кезде, өмірінде көзіне жас алмаған, жылау дегеннің не екенін білмейтін батыр тұлғалы, сері пішіндес Ержан баласын құшақтай алып, өкіре де, өкси де жылаған екен.
Ал қайткенде де осы бір таңдау бала жүрегіне ауыр бір зіл тастап еді. Со зіл оның жүрегінен өмір бойы кеткен емес. Екінші ана қанша мейірімді, қанша жақсы болғанмен көзінен жасын сорғалатып жылап қалған сонау бірі қара көзді, қоңыр шашты жас ана көз алдынан кеткен емес. Оның өз иісі, өз мейірімі, өз тілі болатын. Тұла бойы тұңғышын алысқа аттандырып, енді көрер-көрмесі белгісіз боп тұрған ана кейіпі, ана көзінің жасы бала жүрегіне өз түйнегін мәңгі тастаған.
Жеті жасар Рамазан туған анадан осылайша ажыраған. Ержан сүйген жарын тастап, башқұрт жерінен осылайша кеткен. Туған жердің күні-ай десеңші! Өскен жердің ыстығы-ай!
Сабира бұрынғы жұбайы мен туған баласын ұзақ жолға шығарып сап тұрып, көзіне жас алған:
— Қош бол, Ержан, аман бол, құлыным Рамазан! Алыста қалсам да сен екеуіңнің тілеуіңдемін. Мені ұмытпаңдар! Ержан-ау, Рамазанды жетімсіретпе, әкесі ғана емес, шешесі де өзіңсің! Өзіңе сенем, өзіңе тапсырам құлынымды. Шикі өкпем, бауыр етім жалғызым Рамазан, — деп егілген-ді анасы.
Нақ осылайша егіле жылап қалған ана оның жүрегінің бір бұрышында мәңгі қалған. Оны естен шығарып жіберердей күш жоқ-ты.
— Амандық болса, келесі жылы осы кезде, қолымнан келсе жыл сайын Рамазанды алып кеп, сүйгізіп кетіп тұрам! — деп әкесі Сабираға уәде берді.
Бала ауылдан ұзап кеткесін барып, егіле жылады. Әке оны әрең жұбатты. Ержан уәдесін баласына да берді.
Бірақ бұл уәде орындалмады. Дүние аласапыран болып кетті. Азамат соғысының отты, жалындаған күндері басталды. Қу кедей Ержанның өрісі тарылып, қанаты кесілді. Осы дүмпудің артынан кедейге келер жақсы күнді күтті. Бір күні баяғы бай туысы Сәтібай шақырды.
— Ал, Ержан, көп уақыт сыртта жүрдің бірақ оның өзіңе пайда бопты. Орысша тілді жақсы біледі, хат таниды деп естідім. Мұның бәрі дұрыс. Енді сенімен кеңесейін деп әдейі шақырдым.
Бай туыс бұрынғыдай менмен, көкірек емес, мысы басылып, өз сабасына түскен сияқты. Ержанды сүйемелдеп, сүйене сөйлегендей ниет білдірді. Ержан ә дегенде ештеңеге түсінбей де қалды.
— Шақырғаныңыз дұрыс. Бірақ сізге мен кеңесші болуға қашан жарап едім. Қашаннан бері кеңесші тұтушы едіңіз?
Ержанның тілі шығып қалғанын Сәтібай бірден сезді. Бұрынғыдан бетер бұға сөйледі.
— Сен ол кезде жастау болдың. Біле-білсең сені дұрыс жолға салдым. Енді бүгін кеңесші санасам, әр нәрсе өзінің кезінде ғой... Туысқан адамдар арасында не болмайды.
— Бірақ сіз істер ісіңізді істеп алып, кеңесші еткеніңіз қызық екен, — деп Ержан мықтап күліп те алған-ды.
Оның бұл күлкісі Сәтібайға зәрлі көрінеді.
— Ие, мен не істеп қойып едім? — деп Сәтібай шошынды.
— Ақтарға екі жүз мініс атын бергеніңіз рас па?
Бұл сұрақ Сәтібайдың төбесінен жай түскендей болды. Оның өңі бұзылып кетті. Шу дегенде не айтарын білмей мүдіре берді. Артынша:
— Оны қайдан естіп қойып едің? Рас еді. Енді сол айыбымды жуудың жөнін сенен сұрағалы келдім.
— Ақтарға екі жүз ат берсең, қызылға төрт жүз ат бересің, сонда ғана айыбын жуылады. Әйтпесе құрисың.
— Бұған да көндім. Енді сол ат керек қызылыңды ауылыма өзің бастап кел! Сен де жақсы, мен де жақсы боп көрінеміз.
— Мен әлі ешкімге де жеккөрінішті болмаған жанмын. Маған ерекше жақсы боп көрінудің пайдасы жоқ, жөні аз. Ал сіз болсаңыз жақсы көріну үшін емес, Қызыл алдындағы қып-қызыл кінәңізді жуып-шаюыңыз қажет. Келістім, әзірлене беріңіз! Қызыл әскерді бастап келемін! — депті Ержан.
Сәтібай қызыл әскерге өз еркімен төрт жүз мінер ат берді деген сөз бүкіл Қараөткел мен Көкшеге тарады. Қазақ даласында большевиктерді жақтаған мыңырған тұңғыш алпауыт осы Сәтібай еді. Оның бұл сақылығы, бұл ерлігі бүкіл елге тарады. Патша кезінде де, жаңа өкімет кезінде де ол байлығымен жан сақтап, атақ алды. Осы беделімен ол кейінірек туысы Ержанды болыстық комитеттің бастығы еткізді. «Билік қолдан кетсе де, көзден кетпесін, өзім болмасам күні туған кедей туысым Ержан бар. Соны қолдаймын», — деп басқаларға жон арқасын көрсетіпті. Ол дегенін істеудей-ақ істеп еді. Бірақ өзін сол Ержанның үйінде қонақта отырған жерінде, тапа-тал түсте ақ бандылар бауыздап кетті. Ержанның босағасы қан жосып қала берді.
Қызыл әскерге неге көмек бересің деген өштікпен өлтірді. Оның өмірі осылайша біткен еді. Бұл да бір тарих еді. Рамазан мұны да өз көзімен көрді.
Мұны естігенде керейдің жақсысы бар, жаманы бар, үлкен-кішісі бірдей:
— Байлық үшін, бақ үшін, атақ-даңқ үшін шарадай басын тауға да, тасқа да соққан есіл ер, кеткен екен жарық дүниеден! — депті.
Ол өзімен бірге қотыр тай да алып кете алмады. Дүние шіркіннің баянсыздығы мен опасы осындайда көрінеді де...
Жаңа ғана Нәлқарамен ұзақ сөйлесіп, енді тоғайды өрлеп, ұзап бара жатқан анау жігіт, әнші Рамазан кезінде не көрмеді дейсің! Қаршадайдан туған ананың ыстық құшағынан ажырады. Әйелдіктен басқа жазығы жоқ, ақ сүтін берген ананың алтын дидарын көрмей өсті. Оның көз алдында жылаған ананың келбеті ғана бар. Онан өзге анасы жайлы ол ештеңе естіген де, көрген де, білген де емес. Бірақ ана келбетін есіне мәңгі сақтады. Қасы, қабағы қияқтай, қоңыр шашты, бидай өнді, көзі қара, ойнақы сұлу келіншек. Сабира оның анасы еді. Ал, туған жерін, өскен елін сағынып, жалғыз ұлын қолтығына қысып, Самар түбінен оралған әкенің де көз жасын ол ұмытқан жоқ. «Пәлен жыл Милхайдардың жылқысын бағып, биесін сауғанда тапқанын қайсы?» дегенде: «Менің ол жерден тапқан байлығым да, ақшам да, дүнием де, бақытым да — мынау, мына бала» деп айту үшін ғана емес, «құс екеш құс та балапанын қанатымен қақпалап, далаға тастамай, өзімен бірге алысқа ала ұшады. Мен құс құрлы жоқпын ба? Балапанымды ұясынан ұшырып, өзіммен бірге Жөкей көлінің толқынына ала келдім» деп отырады екен Ержан. Өзегіңді жарып шыққан өз нәсілің қиын екен. Рамазан ермей қалғанда, түбінде ол Сабираға қайтып оралар ма едім қайтер едім? Ең болмағанда барып тұратын едім ғой...
Қайткенде де бала көңілдің жарықшағы жабылмай қойды. Сол жарықшақ, сол ақау кейде уілдеп, жел боп, ырғақ боп есетін. Көңілді қатты шайқап, тербететін.
Мұңды көңілдің, әрбір қайғының басқа салар өз ырғағы, өз сазы болады. Сондай бір мұң сазы Рамазан көңілін, оның пәк жүрегін тым ерте тербеп, ерте оятты. Мұның үстіне аумалы-төкпелі, аласапыран кездің көкейге құйғаны тағы бар-ды. Осының бәрі оны ерте есейтті.
Рамазан әкенің ыстық, суық қабағын да көріп өсті. Бірақ сонау бір кеште, Рамазан анасы алдында «мен әкеммен кетем» дегенді айтқанда кеудесі аяққаптай, батыр тұлғалы әкенің өксіп-өксіп, жас балаша жылағаны да күні бүгінгідей көз алдында. Әкесі оның жылады. Жасын төкті. Ер жігіт жылады. Көкшенің бауырында өткен талай-талай қуғын-сүргіндерді де, атыс-шабысты да Рамазан ұмыта алмайды. Алып денелі, сом тұлғалы Сәтібайдың қаны тасқындап судай ақты. Не үшін, кім үшін ақты? Ағызған кім? Әділет қайда? Шындық бар ма? Туған шешесі қайда, неғып жүр?' Әкесі не істемек? Алда не күтіп тұр? Өз басына тікелей төнген ештеңе болмаса да, түсініксіз көп сұраудың, көп шытырманның нақ қайнаған ортасында жүрді. Бірін ұқты, бірін ұқпады, бірінің шешуін таба алмай аң-таң боп жүре берді. Міне, Рамазан сонау сәби жасынан-ақ осындай шым-шытырық, қат-қабат сұраулардың арасында өсті. Кейінірек оқу оқып, хат таныған кезде ойлап отырса, сол кезде Бұландының әр ағашы бұған сұрау белгісі тәрізді болып сұраудың қалдырған іздері де шығар. Ал оның бер жағында кім болу керек деген үлкен сұрақ тағы тұрды. Әнші ме, сырнайшы ма, мұғалім бе, артист пе, дәрігер ме? Жоқ, әлде солардың бірі де емес, суретші ме? Көкшетау жерінің сұлулығын бейнелей алатын қалам иесі болуды да көп армандады. Бұл да жатқан көп сұраулардың бастысы еді.
10
Рамазан орманға еніп, көзге көрінбей кетсе де, көңілден кетпей қойды. Бұдан бір жарым жыл бұрын, Холм қаласының түбінде алғаш кездестірген шағымды еске алдым. Онда мен дивизия штабында істейтінмін. Ол политотделдің шақыруымен штабқа келіп, жауынгерлер арасында көркемөнерпаздардың ойын-сауығын көрсету жайлы өз ойын айтыпты. Қайтуға кеш болды, байланысшы офицерлердің тұрағында бос орын әр кезде-ақ болатынын штаб төңірегіндегілер түгелдей біліп алған. Өйткені бірі болмаса бірі, немесе тобымен олар байланыс ісінде, жолда, сапарда жүреді. Сонымен Рамазан біздің жатқан жайымызға келіп түнеді.
Біздің жайды мекендейтін жігіттердің көбі-ақ сапарда еді. Біз екеуміз оңаша қалдық. Сығырайған май шамның түбінде отырып, көп сөйлестік. Талай сыр төгілді. Ақырында оның ең тұңғыш шығарған әні «Жолдастар» жайлы айттым.
— Сен оны қайдан білесің?
— Біз ол әнді ертеде, отыз алты, отыз жетінші жылдары мектепте оқып жүріп айтатын едік.
— Ал менің әнім екенін қайдан білдің?
— Рамазан Елебаев деген жас композитордың, Орынбордағы рабфакта өзімен бірге оқыған жігіттің әні деп біздің мұғаліміміз айтатын. Өзін бізге үйреткен де сол.
— Бізбен бірге көптеген жігіттер оқыды ғой.
— Сол бірге оқыған жігіттердің бірі болар.
— Олардың көбі кейін үлкен қызметкер, мұғалім боп кетті. Мен рабфактан кейін мединститутқа түсіп оқымақ едім. Армияға алды. Қазақтың атты әскер полкында екі-үш жылдай ән бастаушы, ойын-сауық үйірмесіне басшылық етуші болдым. Сонда Казполкте болған жігіттер де осы «Жолдастар» әнін көп салатын. Ал сол ән есіңде бар ма? — деп сұрады ол.
— Жаста үйренген нәрсе естен кетпейді екен ғой.
— Ал айтшы, қане? — деп ол маған шұқшия қалды.
Аздап жүрексінсем де, әнді ыңылдап отырып түгел айтып шықтым. Рамазан мені бөлмей, өз әнін өзі үнсіз отырып тыңдады. Нақ бір бөтен біреудің шығарғанын жаңа ғана естіп отырғандай зейінді, ойлы отырды. Бір рет орындап шықтым. Бұдан соң екеуміз де көп уақытқа дейін үндемедік. Әлден уақытта қайта айт деп өтінді. Әнді қайта салдым. Бұрынғыдай емес, бұл жолы алғашқыдан гөрі еркіндеу салсам керек, өзіме де ұнап кетті. Осы шабытпен қайта орындадым. Өзімше едәуір шабытпен, нашымен ойлы етіп салдым. «Жолдастар» деген сөзді жігермен айттым.
Тағы да біраз ойлы отырды да, маған қарап:
— Ал байқап қарашы, осында қандай кемшілік бар? — деді.
— Ешқандай кемшілік жоқ, тек қана мен дұрыс айта алмай отырған болармын. Басында, ту баста дұрыс үйретпеген де болар.
— Жоқ, — деді Рамазан, — жоқ, мен сенің орындауыңдағы кемшілікті айтып отырғаным жоқ. Осының сөзінде, әнінде не бар?
— Меніңше, бәрі де дұрыс.
— Әлде болса ойлан!
— Ойланатын дәнеңе жоқ. Бұл бір арман, қиял сияқты асқақ ән. Жас кезде, балалар үйінде оқып жүргенде салатын едік. Бұл ән маған жас кезімді, арманшыл кезді, кеуде қиялға толы кезді еске түсіреді.
— Ал әні жақсы-ақ болсын. Сөзі ше?
— Сөзі де жақсы.
— Сен менің көңіліме қарап айтасың ғой.
— Мен ақын да, композитор да емеспін. Маған салға сөзі де жақсы.
— Құлағына жастай сіңгенсін айтасың да.
— Одан да емес. Мен ештеңенің парқын білмейтін шығармын.
— Өзіңді өзің кеміте берме.
— Маған осыдан асқан текст жоқ сияқты.
— Ал мен айтсам осының сөзі жақсы емес. Бұл асқақ күнде мен аспанда ұшып жүрген қыран бүркітті, самұрық құсты, самолетті, әлдеқандай бір айға, жұлдызға ұшыратын құпия аппаратты айтайын деп отырғаным жоқ. Мұнда адамның кәдімгі арманы, қиялы, сағынышы айтылмақ еді. Кезінде жақсы, лайықты сөз табылмады да, осы бір, жаңағы сен айтқан сөзбен салғанмын. Ал шынына келгенде бұл әннің шығу тарихы өзінше қызық еді.
Ол ойланып қалды. Мен оның сүйкімді өңіне, отты қой көзінің жанарына қарадым. Аздап түтеген май шамның сәулесі оның көз қарашығында ойнап тұр екен.
— Орынборда әлгі айтқан рабфакта оқып жүрдім. Ойын-сауық үйірмесін басқарам. Менсіз бір кеш өтпейді. Орыс, қазақ әндерін ғана емес, татар, башқұрт әндерін сырнайға салып тартамын. Би де билеймін, өлең де айтамын. Бір күндері, қолдың бір бос кезінде елімді, жерімді, кәдімгі өзімнің Көкшемді сағынғаным байқалды. Ойлана бердім, толғана түстім. Бірнеше күндер бойы сөзге де, оқуға да, ойын-сауыққа да онша зауқым болмай, өзіммен өзім боп, әлденемді жоғалтып алғандай бон жүрдім. Ойыма қартайып қалған әжімді жүзді, ұзақ күндер бойы «ләм» деп үн қатпай отыратын әкем түсті. Одан соң ше, одан соң жеті жасымнан бері көрмеген, әлі сол жап-жас қалпында тұрғандай боп шешем, кәдімгі анам — Сабира түсті есіме: «Мені ойлай ма екен, есіне ала ма екен, ұмытқан жоқ, па екен» — деп қиялдадым. Енді қарап отырсам, сонда алдымен өзім сағынып, өзім аңсасам керек. Бұл екеуінен кейін есіме Көкше түседі. Ол сияқты жер ешқайда жоқ болар деп түйемін. Жөкей келінің жағасында асыр сап ойнаған кездерім, зыр жүгіріп, жалаң аяқ, жалаң бас желмен жарысқан, толқынмен ойнаған кездерім есіме қайта келеді. Рабфакқа дейін Шортандыдағы мектепте оқығам. Онда да көл бар. Қол бос кезде орман кезіп, Бурабайға, үлкен Шортандыға, Абылай алаңына, Оқжетпестің бауырына қарай кетіп қалатынбыз. Сол бір өткен күндеріме қарасам, жас кезде бала қиялымды толғап, қызықтаған жерлеріме ешбір белгі қалдырмай кеткен сияқты болдым. Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Байқасам, мен туған анам Сабираға да ешқандай белгі, есіне ала жүретін нышан қалдырмаппын. Талай жерді басыппын. Бірақ сол жерлерде ешқандай із-таңба қалмаған. Ал ол жерлердің маған бергені көп сияқты. Мен не бердім, не тастадым? Бұған жауабым жоқ, көңілге медеу етер тұлдыр жоқ. Шошынам, өзімнен өзім шошынам. Жатақханаға келгенсін басқа жігіттерден жасырынып, көз жасымды төгіп, жылап та алдым. Әлі күнге дейін есімде:
— Қалқам Рамазан, әкең екеуміз ажырастық, кіммен бірге боласың? — деген анама:
— Әкеммен дедім, — деп айттым да ғой.
Білемін, әсіресе, осы кезде, есейген кезде ойлаймын. Мен сонда өзім ғана кетіп қалған жоқпын. Анамның ет-бауырын тілгілеп, қан-жоса ғып кеттім. Сол ана сол қайғыдан айыға алмай дүние салып кетпеді ме екен? Байқап отырсың ба, мен өмір бойы осындай шатқалаң, қиын-қиын, шым-шытырық сұраулардың арасында өскен жанмын. Саған мұны да айттым ғой. Сол бір көп сұраудың жауабы тәрізді боп, бір кезде Орынборда осы «Жолдастар» әні туып еді. Тұңғыш еді.
— Сағыныш, арман, арнау әні екен де?
— Солай десе де болар... Ән асқақ, шырқау, өз сәнімен биік болғанмен, кезінде лайықты сөзі болмай, өзіме де ұнамай кетіп еді. Сен есіме қайта салдың. Құлағын түрік екен.
— Сөзін жаңартпайсыз ба?
— Жаңағы өзің айтқан жобамен жаңадан сөз жазсақ қайтеді?
— Ол қолдан келсе жақсы.
— Қолдан келмесе қоя салармыз. Біреу біздің ат-тонымызды алып қала ма? Көрейік.
— Көрсек көрейік.
Қалам мен қағаз алдым. Түнімен отырып, талай қағазды шатпақтадық. Әнді сала отырып, сол әуенге лайық үш шумақ өлеңнің әлденеше түрін жаздық. Көп қағазды бүлдірдік. Ең соңғысын әнге салып оқып шыққанымда, Рамазан кәдімгідей масаттанып қалды.
— Сенде ақындық бар екен! — деп қалды.
— Тұқымымызда «әу» деп өлең айтатын ешкім жоқ, ақындық не алсын?
— Өнерпазды заманның өзі туғызады емес пе!
— Бұл мәселе менің бұрын-соңды ойламаған нәрсем.
— Маған сене бер. Өнер тұқым қуатын да болар. Бірақ қандай талант боп туса да оны заман, орталық қолдайды, соның арқасында жарық көреді, өмірге келеді.
— Мен ақын емеспін. Бұл тексті екеуміз қосылып жаздық. «Бір бастан екі бас артық» дегенді айтсаңыз иланам. Ол дұрыс сөз. Мені ақын десеңіз, оған өзім де, өзге де сенбейді. Солай болса осы айтып отырған пәлсафаның нақ қазір осы арада орны да жоқ.
— Солай-ақ, болсын, кәні, әніне салып қайта бір айтшы!
Кеудеден от боп ұшқан асқақ арман,
Өтердей биік ұшып асқар таудан, жолдастар!
Ойыңды сексен толғап, жүз ойнатқан
Арқада жер асқан ба Көкшетаудан, жолдастар!
Алысқа арман аттанған,
Қия жолда шаттанған.
Сол арманға жетем деп-ау,
Сайрап салған биікте,
Шырқатып әнкеш атанған,
Шырқатып әнкеш атанғам!
— Тәуір шықты! — деді ол көзі күлімдеп.
— Басқы екі жолында нақтылық аз, жасандылау.
— Өзіңді өзің тәуір сынайды екенсің.
— Ақындық емес, ақылдылықтың өзі сонда.
Мен күліп қойдым.
— Күлетін түгі де жоқ. Орынды сын, дұрыс пікір.
— Мұныңызға да рақмет!
— Ал енді екіншісін айт!
Мен іркілмедім.
Көкшенің Оқжетпесі, Жұмбақтасы,
Мұнартып көрінеді қия басы, жолдастар!
Қаланған қат-қабат боп шыңдары бар,
Көлдері мөлдіреген көздің жасы, жолдастар!
Алысқа арман аттанған,
Қия жолда шаттанған,
Сол арманға жетем деп-ау,
Сайран салған биікте,
Шырқатып әнкеш атанған,
Шырқатып әнкеш атанған!
Рамазан сөз қатпады. Мен тоқтамай соңғы шумағын да айтып шықтым.
Көкшетау көп таулардан аласалау,
Өзіне ән арнаса жарасады-ау, жолдастар!
Зеренді, Бұландының көк орманы,
Көп жермен сұлулыққа таласады-ау, жолдастар!
Алысқа арман аттанған,
Қия жолда шаттанған,
Сол арманға жетем деп-ау,
Сайран салған биікте,
Шырқатып әнкеш атанған,
Шырқатып әнкеш атанған!
— Соңғы шумақ маған өте қатты ұнайды. Өзінде шындық мол. Көкше расында көп таудан аласа. Ал Зеренді, Бұланды, анау Имантау мен Айыртау, Сырымбет шын мәнінде тамаша жерлер. Ақан мен Біржанды, Ыбырай мен Балуан Шолақты әнші етіп шығарған сол жерлер.
— Мен де солай ойлаймын. Сізді де сол жер туғызды.
— Мені әзір қоя тұр. Менің әлі туған, тумағаным белгісіз. Бірақ мына әннің сөзі сенікі болды.
— Қайдан менікі болады, көбін өзіңіз айттыңыз ғой.
— Жоқ, сенікі, оған дау болмасын!
— Олай десеңіз, ортақ болайық.
Біз екеуміз қосылып «Жолдастар» әнін бастан-аяқ тағы бір айтып шықтық. Мен көңілденіп қалдым. Ол күрсініп қойды.
— Аман-сау барып, Көкшені көзбен қайта көргенше көңілге медеу санап жүретін, іштей айта, айта жүретіндей боп шыққан екен! — деді ол әлден уақта.
Бүгін оны қайта кездестіргенде осы әнді есіме ап, ішімнен бірнеше рет айтып шықтым.
Ән деген жақсы нәрсе. Ол сүйеу, ол серік. Жүректің кірін шаятын дәрі болса — оның аты ән.
11
Рамазан жайлы және «Жолдастар» әні жөніндегі тәтті ойды үзген анау бір күннен бері естен шықпай келген оқиға еді. Соны тындыруды ойладым. Он жерден машайық, отыз жерден гуманист боп кетсем де, Назаровпен бүгін есеп ажырасуым керек. Демек, ескертуге, жолдастары алдында бәрін айтуға тиіспін. Жігіттер тамақ ішіп болған соң, күн әбден сәске түске көтерілген кезде окоптың кеңдеу қазылған бір бұрышына взводты түгел жинадым. Окоптың бір жақтауына бәрін бірдей сапқа тұрғыздым. Жауынгерлердің жүзіне қарадым. Жақсы тыныққаны, тәуір ұйықтағаны көрініп-ақ тұр. Жүздері жарқын, қабағы ашық. Мұның үстіне осыдан аз-ақ бұрын тамақтанып алды.
— Жақсы дем алдыңыздар ма?
— Жаман емес, жолдас лейтенант!
Жаман болмағаны оңды, дұрыс екен. Тамаққа тойдыңдар ма?
— Тойғанда қандай, жолдас лейтенант!
— Шабуылға әзірсіңдер ме?
— Әзірміз, жолдас лейтенант!
Жауынгерлерден сұраған үш мәселенің үшеуі де орнында екен. Мұны олардың ашық қабағынан, жарқын жүзінен, бұған қоса қайтарған жауабынан біліп тұрмын. Олар менің әрбір сұрауыма бірі қалмастан хормен жауап берді. Екіншіден, әрбір жауабына «Жолдас лейтенант» деген сөзді қосып айтты. Басқаларды білмеймін, бұл сөзді менің жауынгерлерім маған, менің істеген ісіме риза боп тұрған кезде, немесе өздері ерекше көңілді кезде ғана қосарлап айтады. Демек, бүгін олардың көңілді кезі. «Алда шабуыл бар. Олардың осы бір шадыман көңілді шағын бұзбасам ба екен, болмашы нәрсеге бола, өтіп кеткен істі қайта қоздырып нем бар» деген бір ойлар кеудемді бүлкілдетіп, ішімді қозғап етті. Артынша қайтадан қатая түстім. «Командир емес, сөзуар, бос белбеулеу; саяси қызметкер болатын-ақ адам екенсің, осы сені командир болады, топ басқарады деп оқытқан кім екен» деген ой тағы келді. Енді ойланып жатудың жөні жоқтай көрінді.
— Қатардағы жауынгер Назаров, саптың алдына шық! — деп команда бердім.
Бетіне қарадым. Ол бірден жерге қарады. Қып-қызыл нарттай болған өңі әп-сәтте көгеріп шыға келді.
Ерні оқыс дірілдеп кетті. Аяғының буындары да қалтырап кеткендей боп, саптың алдына шықты. Көзінің қиығымен маған бір қарап өтті.
— Сапқа қарай, теріс айнал!
Теңселіп барып, қорбаңдап артына әрең айналды.
— Немене, айналуды ұмытып қалғанбысың?
— Жоқ-ә! — деді ол дауысын естілер-естілмес етіп әрең шығарып.
— Тағы да теріс айнал!
Ол қайтадан өзінің жауынгер жолдастарына қарады.
Саптағылар тым-тырыс, мәселенің не жайлы екенін ұққан жоқ. Біресе маған, біресе Назаровқа қарап қояды.
— Қатардағы жауынгер Назаров, мына тұрған өзіңнің қарулас жолдастарыңа айт, өткен түні сені сеніп, бізді күзетеді, жаудың тұтқиыл шабуылынан аман сақтайды деп қарауылға қойды. Ал сен постты тастап, түн ішінде қайда бардың?
— Ешқайда барғаным жоқ.
— Қалайша сен ешқайда бармаған боласың, біз постқа барып тұрғанда сен жоқ болдың емес пе?
— Тоңғансын жылыну үшін арырақ жүгіріп кетіп едім.
— Біз пароль сұрап айқайлағанда, сен неге үндемедің?
Ұзап кетіппін.
— Ұзап кеткенің постты тастағаның болмай ма?
— Білмей қаппын.
— Сен постты тастағаныңмен тұрмай, парольді де білмей қалдың. Мен пароль сұрағанда сен айта алмадың. Сонда сені атып тастауға да болатын еді. Мен сені дауысыңнан, сырт нұсқаңнан таныдым. Басқа біреу болғанда сені ататын еді. Өлімің үшін ешкім де жауап бермейтін еді. Айып өзіңдікі.
— Ұмытып қаппын.
— Адам өзінің өмірін, тірі жүргендігін ұмыта ала ма?
— Ұмытпайды.
— Пароль деген сол түні сенің, мына тұрған бәріміздің өміріміз, тірлігіміз ғой. Сен оны қалай ұмыттың? Уставты білесің бе?
— Білемін. Пароль деп постта тұрған мен сұрауым керек еді. Сіз сұраған кезде сасып қалдым.
— Сен менен қалайша пароль сұрамақсың, постта сен емес, тұрған мен, мына жауынгер Сабалақов емес пе?
Назаровтың мойыны салбырап, төмен түсіп кетті. Ол жерге, ақ жолақ болған ботинкасының басына қарап тұр. Балтырына ораған шүберегі қыртыстанып, төмен түсіп кеткен, екі аяғында екі түрлі обмоткасы бар. Оны бұрын мен де байқамаппын. Арқасындағы қапшығы күжірейіп, окоптың ернеуін тіреп тұр.
— Қатемді мойындаймын деп мына жауынгерлер алдында уәдеңді бер! Мұның үстіне асхананың тұзын ұрлап, оны самогонға айырбастап, мас болғаның есіңде ме?
Ол үндемеді.
Бұл сөзді айтарымды айтсам да «неге асықтым» деп тоқтай қалдым. Бір тәуір жері ол үндемеді. Оның осы үнсіз қалуы қатесін мойындағаны болатын. Бірақ маған керегі бұл ғана емес, оның посттан кетіп қалғаны, мас болғаны өз алдына. Оның басқа күдікті ісі тағы бар-ды. Пост мәселесі соны ашудың бір жолы ғана еді.
Оның қатесін мойындағанын сезе тұрсам да, оны екінші сөзге келтірмей, шапшаң сөйледім.
— Сен қатеңді мойындамасаң, арқаңдағы қапты ал да, аузын шеш! — дедім.
— Қатемді мойындаймын, жолдас лейтенант! — деп жұлып алғандай дүңк ете түсті.
Қапта бір пәленің барын сапта тұрған жауынгерлер де байқап қалды.
— Сөзді қой, қаптың аузын шеш, ішінде не барын, не арқалап жүргеніңді мына жолдастарына көрсет! Оның ішінде ұрланған тұз, ішілмеген самогон бар шығар.
Алғашқыда көгергені көгерген бе, бетіне түгі шығып, оңған шүберектей аппақ боп кетті. Жауырыны, арқасындағы қабы бүлк-бүлк етіп, ұнжырғасы түсіп, ұсқыны қашты, берекесі кете бастады. Кейде әжептәуір боп жүрген дені-басы сап-сау жігіттің осынша өзгергені мені аң-таң қалдырды. Кейбір адамның қанша ұятсыз болғанмен, ар алдында осынша күйзеліске түскені бар екен-ау.
— Арқаңдағы қапты ал да, аузын шеш!
— Мұнда ештеңе жоқ, жолдас лейтенант.
— Жоқ болса да көрсет!
Ол қолының саусақтары дірілдеп, қапшықты арқасынан алып жерге қойды. Жалынғандай боп маған бір, көмек сұрағандай боп жолдастарына бір қарап қойды.
Қасына жақын кеп:
— Қаптың аузын өзің шешесің бе, әлде мен шешейін бе? — дедім.
— Өзім, өзім! — деп күбірледі.
Бәріміз қарап тұрмыз. Ол қапшығының аузын ағытты. Солдат қапшығының сыры белгілі ғой. Қапшықтың жоғары жағынан қатқан нан, бір-екі бөлек шұжық-колбаса шықты. Оның аржағын көтеріп қалып еді, ескі гимнастерка, ескі-құсқы шұлғау көрінді.
— Міне, осы ғана, мұнда енді ештеңе жоқ.
— Өзіңе де жақсы. Осындайда қапшығыңды қағып-сілкіп, тазалап алмайсың ба? Түбінен ұстап, аударып таста! — дедім, «қапта ештеңе жоқ болар ма» деген күдікпен.
Ол қапшығын түбінен ұстап, төңкеріп жіберді. Ішіндегілері жерге аударылып түсті. Ең соңынан жұмарлақтанып қалған, жаман қағазға оралған бірнеше бөлек кір сабындар түсті. Сабындар бұрынғы төрт қырлы, төрт бұрышты түрін жоғалтып, мыж-мыж боп балшық сияқты жұмарлақтанып қалған. Бұдан басқа күдікті ештеңе көрінбеді.
— Назаров жолдас, мұнша сабынды несіне босқа жүк етіп, арқалап жүрсің? — дедім.
— Кір-қоң жуу үшін де, жолдас лейтенант!
— Осынша сабынмен жуатын сенде қанша кір бар еді?
— Кір бар ғой. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген! — деп, ол бұл жолы кәдімгідей жайбарақат, ешбір қуыстанбай, қымсынбай сөйледі.
Менде күдік пайда болды. «Адал адамды, бекер жазғырып тұр екенмін» деп ойладым. Өзімнің осы қолайсыз жайымды солдаттардан да, Назаровтың өзінен де жасырғым келді.
— Жауынгер Назаров, осынша сабынды арқалап жүріп қайтесің? Керегінде өзіңе керегінше алып берем. Кеше хозвзводта сабын жоқ деп жатыр еді. Соған апарып беру керек болар! Мына сабындарды жина, жолдас сержант! — Отделение командиріне қарадым. Ол орнынан қозғалып, жақындай түскенде, Назаровтың өңі қайта бұзылып, ерні, қолы дірілдеп:
— Жоқ, керегі жоқ, өткізбеймін. Өзіме керек! — деді.
Даусы бұрынғыдан бетер өзгеріп шықты. Қайтадан секем ап қалдым.
— Жолдас сержант, сабындарды жинап ал да, хозвзводқа апарып өткіз! — дедім.
— Жоқ, болмайды! — деп маған қарады Назаров. Өңі өзгеріп кеткен. — Болмайды. Біреудің жинап жүрген... Бұл жолсыздық болады, жолдас лейтенант!
— Неге жолсыздық болады, кәне айтшы!
— Маған керек еді.
— Неменеге керек?
— Өзім-ақ өткізейін!
— Жоқ, өзің емес, мына сержант өткізеді.
Назаровтың бет-аузы көгеріп, сазарып, өзі не істерін білмей, қалшылдап-дірілдеп қалды. «Осы сабынның ішінде бірдеңе болмаса қайтсін» деген ой келді басыма. Сержант алты бөлек сабынды жинап, қағазға орап алды.
— Хозвзводқа апарып өткізуге рұқсат етіңіз, жолдас лейтенант? — деді сержант қолын көтеріп.
— Тоқтай тұр, бірін алып, ортасынан қақ бөлші! Мұның өзіне біреуінің жартысы да жетеді ғой! — деп Назаровқа қарадым.
Беті құм боп кетіпті. Қорыққаннан тілі тас байланып қалған адам сияқты, көзі алақтап, ұясынан шығып кеткелі тұр. Өзім де аң-таң боп қалдым. Ол елім алдында, нақ бір атуға бұйырылған қылмыстыға ұқсап кетті.
Сержант мұның бірін байқаған жоқ. Керзі етігінің қонышынан пышағын ап, сабынның жуан ортасынан салып жіберді. Пышақ бір жерге барды да тұрып қалды. Пышақты суырып алды да, сабынды қолымен нан сияқты етіп бұрай үзіп, ортадан қақ бөлді. Ортасынан жалтырап алтын сағат шыға келді. Назаров көзінің қиығымен бір қарады да, жерге үңілді. Сержанттың көзі бадырайып маған бір, жауынгерлерге бір қарады. Назаров окоптың ішінде тесік болса, содан жерге қарай кіріп кеткелі тұр. Тағы бір сабынды өз қолыма алып, ортасынан тағы бөлдім. Ішінен алтын жүзік шықты.
— Әлгі сабындардың бәрін мұнда, жауынгердің алдына әкеп, мынау Назаровтың өз көзінше талқанда! — дедім сержантқа.
Ол қағазға оралған сабындарды жерге төгіп, шетінен талқандап, жара бастады.
— Жауынгерлер! — дедім сапқа қарап. — Мұның бәрі таланған дүниелер. Германияда Гитлер басына келгеннен бері сағат шығарылған емес. Бұрынғы сағат заводтары зеңбірек жасайтын, қалтаға салатын бомба, мина соғатын, автоматтарға бөлшектер құятын заводқа айналған. Олардағы сағатқа жұмсалатын темір, жез, алтын, күмістен пушкалар соғылады. Гитлердің солдаттары мен офицерлері түгіл өзінде де сағат жоқ. (Гитлер өмір бойы сағат ұстамаған, қолына сағат тақпаған дегенді естігенмін). Бұл сағаттар, мына жүзік, мүштік, таланған дүние. Мұны олар өлген орыстың, чехтың, болгардың, мадиярдың, поляктың қолынан шешіп алған. Олар мұны түрмеде жатқандардан, концлагерьдегілерден тартып алған. Ал біздің Назаров сол талауға түскен, біреудің көз жасына, маңдай теріне, қанына малынған затты ұялмастан жинап жүріпті. Бұл ұят. Мұны тонаушы десе де болады. Бұл жақсы қылық емес...
Солдаттар мелшиіп қапты. Шет жақта бір-екеуі өзара сөйлесіп тұр екен. Көзіммен бір атып еттім. Жым болды. Нәлқара бас киімін қолына ұстап, өзінен-өзі бусанып тұр. Шамасы, қатты қысылып, іштей пұшайман болған сыңайы бар. Шалдың көңіл күйінде намыс та, аяушылық та, тіпті, осы бейбақ түбінде менен көрмес пе екен деген күдік те бар ма деп қалдым. Бірақ әңгіме бір адамның күдігінде де, аяушылық пен намыста да емес, көздің алдына жаңа шығып келе жатқан есек дәменің асқынуына жол бермей, алдын алуда еді.
— Назаровпен сөйлесе жатармыз. Әзірше, жолдас сержант, мына сабындарды хозвзводқа апарып өткіз! — деп бұйрық бердім.
Сержант бәрін жинап ап, ротаға, соның қасындағы хозвзводқа жөнелді. Жауынгерлерді таратып жібердім. Бәрі де үнсіз тарап, окоптағы орын-орнына кетті. Бір бұрышта жалғыз қалдым. Ойлап отырмын. Бұл жақсы емес. Басшы командирлер естісе едәуір сөз етеді. Әңгіме сөзде де емес, оны да естігенбіз. Орынды, орынсыз, әділетті, әділетсізін де көргенбіз. Менің таң болатыным мынау: адам деген қызық! Кейде тіпті кәдімгі есуас па деп қаласың! Өзі оқ пен оттың ортасында, шыбындай жанын шүберекке түйіп, бүгін өлерін, немесе ертең өлерін, айта берсең, нақ қазір осы сағат, осы минутта өліп қаларын, не тірі боларын білмей жүреді де, дүние жинайды, жақсы, әдемі, бағалы затқа қызығады, оны басқалардан қызғанып, көрінбейтін жерге, сабынның арасына, адам ойлап ойына түсіре алмайтын жерлерге, өзі жейтін нанның арасына дейін көзден таса ғып, тығып қояды. Оны ол тауып алса бір сәрі ғой. Жоқ, оларды ол өлген адамның қалтасынан, қолынан алады. Сонда әлгі ноқалай өзінің де әлгі өлік сияқты бір жерде тырайып жатпасын қайдан біледі? Ал өлмесіне көзі жетті-ақ дейік, сонда өліктен өлексе болған зат жинауға арланбай ма? Мұның үстіне «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деп үйреткен менің ата-бабаларым қандай ақылды, парасатты жандар болған? Мынадай бүлініп жатқан дүниеден бірдеңе алудың өзі айып! Байлық, атақ, дәреже, дүние-мүлік дегендер ар мен намысқа, абырой мен адамгершілікке қарағанда қолдың кірі, сабынның көбігі сияқты нәрсе ғой. Менің бабаларым сонау бір қиын жылдары, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен заманда туған жерінен безіп, аштықтан босып бара жатқан кезінде: «Алтын, күміс — тас екен, арпа, бидай — ас екен», — деп ұрпағына деген тағы бір әділ сөзін айтып кетіпті. Мына менің қарауымдағы қарулас солдаттың, Назаровтың мына жинап жүргендері сол тас қой.
Менің үздік-создық ойымды Нәлқараның қасыма келген дыбысы бөліп жіберді. Ол жай келмей, тағы да сөйлей келді.
— Апырай, жолдас лейтенант-ай, бұл өзі бір қиын іс болды-ау? Бәрінен бұрын ұят болды-ау өзі!
— Несі ұят, несі қиын? Болар іс болды. Оның несіне өкінесіз?
— Дегенмен, жақсы емес қой.
— Бәрін менен көретін болды деп, Назаровтан қорқып жүргеннен саусыз ба?
— Жоқ-ә. Дегенмен қорқуға да болады. Дүниеқұмар адам ештеңеден тайынбайды. Мал ашуы, жан ашуымен бірдей. Бір ұрыстың қызу кезінде байқаусызда басып салса не дейсің, оны кім біліп жатыр.
— Одан қорықпаңыз, Назаровтың не істегенін өзім-ақ байқап жүремін!
— Сақ болған жақсы дегенім де.
— «Сақтықта қорлық жоқ». Шынында бір әдемі мақал.
— Осы есіңде болсын дегенім ғой.
Біз екеуміз сөйлесіп отырғанда сержант та қайтып оралды.
— Жолдас лейтенант! — деп қолын көтере беріп еді, ымдап қасымнан орын көрсеттім. Ол окопқа ырғып түсті де, жаныма келіп отырды.
— Ал енді айта бер!
— Хозвзводқа апарып тапсырдым. Актісі мынау. Ал әлгі старшина, мұны қайдан алдыңдар, баяғыдан бері өткізбей келіп, бүгін неге әкелесіңдер деп біраз тергеді. Мен шынымды айтпадым. Мен ештеңені білмеймін. Апар, өткіз деді. Әкелдім. Міне, өткізіп тұрмын. Алсаң ал, алмасаң қазір өзіңнің көзіңше, мына жауынгерлерді куә етемін де, мына өзенге лақтырып жіберемін дедім. Мұндайлардың маған бес тиындық қажеті жоқ. Мені бір оспадарсыз, ноқалай деп ойлады ғой деймін, үндеместен бәрін қабылдап алды.
— Қорқытқаның дұрыс. Біз дүниеқор емеспіз, алтын дегенің біз үшін таспен бірдей дегенді айтқансың ғой. Мұның өте орынды. Ал қайдан, қалай алғанын айтпағаның дұрыс болмаған. Ол сұрағансын, сен осындай бір жауынгердің қапшығынан алдық деп шынын айтқаның жөн еді. Енді оқа емес.
— Оны өзіңіз айтарсыз, рұқсат болса, мен өз орныма барайын?
— Рақмет, тапсырманы орындағанына! Бар, орныңа бар. Сақ бол, қарауыл қоюды ұмытпа! Құлағың түрік болсын!
Күн еңкейіп бара жатты. Көптен бері тыныш кез бүгін болды. Оқ атпай тұрғанымызға тәуліктен асты. Бірақ жауын-шашын, нажағай-дауыл алдында осындай бір тымырық, тып-тыныш момақан шақтар болатынын кім білмейді. Дүрбелең шақ алда болар. Дегенмен оның алдында жауынгерлер дем алды, тынықты. Нақ қазір Назаровтан басқаның көңілі қош. Не де болса көрерміз деп отырғанда, әлдекімнің: — «Келер күн келер екен не дайындап, қараңғы қарағанмен болжай алман», — деген дауысы шықты. Бір ауық соны тыңдадым.
12
Күткенім болмады. Шабуыл түстен кейін де басталмады. Екі жақтың да аңдысып алғандай бір жайы бар. Қайткенде де бұл жай талас емес. Сәті кеп тұрғанда жорықта шалдыққан әскерге тыныс беремін деу орынсыз. «Темірді қызған кезде соқ» дегендер жаңылыс айтпағандар. Демек, бір жерде бір кілтипанның бары рас. Мұның үстіне біздің қасымызға жаңа ғана байланысшылар келіп орнады. Олардың бір-екеуі тұп-тура біздің окопқа түсіп, нақ ортадан отырды. Бұл да болса әлдененің басы.
— Әй, сендер кімдерсіңдер, кім жіберді? Мұнда жайғасуға кім рұқсат етті? — деп әлгілерге келдім.
— Бұйрық бар, жолдас лейтенант.
— Көрсет бұйрығыңды, немесе баянда!
— Командир полкының бұйрығы осындай. Мына сіздің тұрған жеріңіз осы тұстағы, біздің қолымызда тұрған жердің ең биігі екен. Шынында да, мына жерден төңірек тамаша боп көрінеді! — деп қойды әлгі байланысшылардың ересегі, аға сержант.
— Бұйрық солай болса орналаса беріңдер! Қарамызды көбейтіп, қайта жақсы болады, — деп қойдым.
— Бізбен көбейетін болса, көбейсін! — деді аға сержант.
— Бізден сіздерге не үміт, не қайыр! — деді екіншісі.
— Неге олай дейсің?
— Жау тиісе қалса, біздің сіздерге көмектесуге мұршамыз келе ме? Мынамен сөйлесудің өзі жұмыс қой! — деп телефонды көрсетті.
— Жау ентелеп, сені өлтіремін деп келе жатса өзің-ақ жаның үшін оқ атасың. Ол өзіңді қорғағаның, бізге көмектескенің болады.
— Солай екен-ау, өзі!
— Енді қалай деп ойлап едің?
— Шынымды айтсам, жолдас лейтенант, бұл жайлы түк те ойламаған едім.
— Түк ойламасаң, соғыс саған қатты ұнаған екен, бала!
Мен кәдімгідей ерігіп тұрғандаймын. Байланысшы жас солдатты сөйлеткім кеп тұр. Мұндай жастар өзімде де бар. Олармен де алғашқыда осылайша сөйлесіп көргенмін. Ал өз қарауыңдағылармен үнемі мылжыңдаса беру онша тәуір де емес қой деймін. Оның үстіне мына байланысшы өзінен-өзі күліп тұрған, сүйкімді жігіт пе деп қалдым. Сөйлесе беруге, сөйлескенде нақ осы жігіттің өзімен сөйлесуге аңсарым ауып тур. Мұның үстіне ол менің соңғы сөзіме жауап бере алмай, қолайсызданып қалды. Маған оның мұнысы да, ұяты барлығы да ұнады. Жас болса да, дүрс етпе, алпамсоқ емес, өзінің әнтек ісіне, оқыс ойына пүшәйманданып қалды. Ол маған осысымен ұнап еді. Неге екенін айту маған қиын, бірақ дүңк етпе, ұр да жық, екі иығын жұлып жеп тұрған әсіре пысықтардан да, қызыл тілге жүйрік, ділмарсыған білгіштерден де, мүләйімсіген көңілжықпастардан да, қазымырсынған көк соқты жағымпаздардан да гөрі, осындай өз сабағынан әлі үзілмеген жеміс тәрізді, қолға ұсталып, қалтаға, қапқа түспеген, өзінің табиғи қалпында тұрған алмұрт тәрізді сабалақ та, қожалақ күйінде, дәлірек айтсам адамдық тұрқындағы бейкүнә, қулығы мен сұмдығы жоқ, сәби мінездес жас ұнайды. Мынау осындай жасқа ұқсайды. Бұл расын айтты. Соғыс бұған ұнамаған күннің өзінде мұның ол жайлы ештеңені ойламауы мүмкін бе? Мүмкін. Ондай болғанда мен бәрін ойлап, толғап, бәрін кесіп-пішіп келдім деп бөсе сөйлеудің, есе жөнелудің, қарыз-парызсыз, бодаусыз, аңғал айтудың қажеті не? Соғыс жеке тағдырдың, жай пенденің түсінігінен жоғары тұрған нәрсе: бұл мемлекет атты машина ойлап тапқан іс. Ол машинаның тетігін кез келген жан біле бермейді. Сондай болса, ол туралы әрбір солдаттың ойлай беруі мүмкін де емес. Ол ойлағанмен оның түбіне жеткен жоқ, сырын ұға алмады. Ол «Отан», «ел», «намыс» деген сөздерді ғана түсінеді. Солдаттың жүректегі қаруы осы да, білектегі қаруы — автоматы. Ең жақсы солдат өзіне тапсырылған істің не үшін керек екенін біледі. Мына байланысшы солдатқа «мына катушканы сүйретіп барып, анау тұрған төбенің басына, сондағы окопта жатқан жауынгерлердің қасына апар да орнат» деген. Сол бұйрықты орындады. Мұның қазір шабуыл басталғанда керек болатынын ол жақсы біледі. Бұл жақсы емес пе? Ауыздығымен алысқан асау аттай орақ ауызды, көкірегіне нан піскен, от демді жігіттерді көп көрдім. Әсіресе, соғыс алдындағы Армияда қызмет еткен мен ондай қызыл ауыздардың біразымен 1941 жылы майданға, Псков түбінде бірге де түстім. Сөз бен істің, ауызбен айту мен қолмен атқарудың арасындағы мөлшердей айырма, алшақтық бар. Сондай болса қызыл сөзден гөрі, мына жас жауынгердің ештеңе ойламап едім деген сөзіне имандай иланып тұрмын.
— Осы сенің аты-жөнің кім? — деп, солдатқа күлімсіреп жылы қарадым. — Бұрын кездесіп пе едік?
— Ұмытшақ па едіңіз, жолдас лейтенант! Сонда Рамазан мен Темірбек ағайлар концерт бергенде, тоғайдың арасында бірге болдық қой, есіңізде жоқ па? Менің атым Балаби! Есіңізге түсті ме, сонда бірге қатар отырдық қой. Сіз сонда менің аты-жөнімді ежіктеп-ақ сұрағансыз.
— Мен ол екеуінің концертін талай көрдім. Талай солдатпен қатарласып бірге отырдым. Өзімнің де сен сияқты момақан, кішкене солдаттарым бар. Бәріңді бірдей қайдан біле берем.
Шынында да Балаби сәби пішіндес, бойы кішкене, әрі нәзік, мектеп жасындағы балаға көбірек ұқсайды.
— Ал Балаби, сен мені білетін болсаң, кәне, айтшы, мен кіммін?
— Аты-жөніңізді, әрине, мен білмеймін, жүзіңіз таныс. Концертте бірге болғанбыз.
— Пәлі, шіркін, сенің білгеніңе болайын. Бұдан былай сен мені «жолдас лейтенант Досов» деп ата. Мен сені қатардағы жауынгер Балаби Қоқыбаев дейін. Міне, сонда ғана біз екеуміздің таныс екенімізге жұрт сенетін болады.
Балаби маған аң-таң боп балаша қарады.
— Сіз менің әкемнің атын қайдан білесіз?
— Иә, әлгі өзің айтқан орман арасында болған концертте, сені менің қасымнан «жауынгер Қоқыбаев» деп шақырып алып кеткені қайда? Содан бері есімде қапты.
Ол бетіме бұрыла қарап:
— Жоқ, сіз ұмытшақ емес екенсіз. Рас, онда мені концерттің соңына қаратпай, шақыртып әкеткен. Бір жерде байланыс үзіліп қапты. Үзілмепті-ау, әлгі Гитлердің атжалмандары кеміріп, жеп тастапты. Түнделетіп жүріп сол үзілген жерді жалғадық. Сіздер білмейсіздер ғой, мына байланысшы дегеннің күні қараң. Бір тыным жоқ. Күндіз-түні тыныш жатпаймыз. Қар, боран, қараңғы түн деген бізге түк емес. Бізге қарағанда мына сіздердің күндеріңіз әйдік. Жауды көрсеңдер атып, көрмесеңдер жатып дегендей, окоптың ішінде қатқан нанды қырт-қырт шайнап отырсыңдар.
— Әй, жауынгер Қоқыбаев, сен қайда, кіммен сөйлесіп тұрсың? Не деп оттап отырсың? Қырт-қырт шайнаған деген не?
Көзімді ежірейтіп, тесіле қарадым. Бетіме жалт қарады.
— Ой-бай, жолдас лейтенант, сіз де сондай ма едіңіз? Нанды деймін, нанды.
— Сен енді қалай деп ойлап едің, кәні айт!
Күліп жібердім.
— Бәсе, — деді ол да күліп, — мен артық ештеңе айтқан жоқпын. Мұнысы қалай деп, шошып кетіп едім. Менің шыным сол. Сенің айтқандарың оңды емес. Сен айтасың, «қатқан нанды қырт-қырт шайнап» дейсің! Бұл жақсы сөз емес. Екіншіден, осы соғыста байланысшыдан басқалар ештеңе бітіріп жүрген жоқтай етіп сөйлейсің. Бұл әділдік емес. Біздің әскердің тілінде «қатқан нан» деген сөз жоқ. Бұл сен сияқты қулардың ойдан шығарғаны.
— Енді не деу керек, соны айтыңызшы,
— «Қатырылған нан» деу қажет.
Балаби бұрынғыдай емес, үйренейін деді білем. Кейінгі сөзге сықылықтап тұрып, кәдімгі жас балаша рақаттана күлді.
— Сен неменеге мәз боласың. Қатқан нан емес, қатырылған нан. Қатқан болса өзі қатып қалғаны, ал қатырылған болса, оны әдейілеп қатырған. Ал сендерде әділдік жоғын айтайын. Сендер өздерің ештеңені қырт-қырт шайнамайтындай айтасыңдар. Содан кейін әрқайсыңның соғыстағы өз қызметтеріңді мадақтап, жаумен сендер ғана соғысып жүрген батырларша көкірек қағып, көпіре жөнелесіңдер. Ал біле білсең, осы бәріміз — байланысшы сен, жаяу әскер мен, артиллерист анау — бәріміз «Соғыс» атты бір үлкен машинаның біріміз дөңгелегі, біріміз моторы, біріміз ататын зеңбірегіміз. Әділ, жақсы солдат осыны білсе жөн.
«Айтқаныма түсіндің бе» дегендей оның бетіне сынай да, күле қарап қойдым.
— Ұқтың ба, бала?
— Мұныңызға түсіндім.
— Басқасына да түсінуге тиіссің. Сен бүгін бізге, оның ішінде жаяу әскер командирінің бірі мына маған «қатқан қара нанды қырт-қырт шайнайсың» десең, ертең «бұтыңды тыр-тыр қасып, окоптың ішінде босқа жатырсыңдар» демесіңе кім кепіл. Мен шынын айтсам «байланыс», «аппарат», «катушка», «телефон» ден айқайлап жүріп, құдай біледі, жауға қарсы әлі жалғыз оқ шығарып көрмеген боларсың. Қашан келдің майданға?
— Екінші жыл. Мұның алдында ғана жаяу әскер взводында болғанмын. Жауға оқ атқанда қандай?
— Міне, өзің жаяу әскер болғансың. Енді соны жамандайсың. Өз үйі түгіл, бір қонып шыққан үйін жаман жігіт қана ұмытады. Сенің мынауың жақсы қылық емес екен, балақай!
— Бір білместік өткен екен, кешірерсіз де, жолдас лейтенант!
— Кешірмегенде не істеймін. Кешірдім! Енді осымен бодауы жоқ, қысыр әңгімені тоқтатса да болар! — деп теріс айнала бердім.
Оң жақтағы өзекті өрлеп, біреу қалбаңдап жүгіріп келеді. Дәу де болса ротаның шабарманы болар дедім. Айтқанымдай өзі екен.
— Жолдас лейтенант, бүгін тұрған жерге бекінетін көрінеміз. Қарауыл қойылсын, сақ болсын, бұйрықты таңертең күтсін деді рота командирі. Баяндап тұрған...
Бұдан соң ол баяндаушының кім екенін, өзінің аты-жөнін айтып шықты да, кетуге рұқсат сұрады. Қолымды көтере салдым. Ол жүгіре басып сайға түсті. Мен взводқа жаңа команда бердім.
— Ең алдымен шинельдің бүктеуін жазыңдар, осы жерге тағы да бір түнейтін шығармыз. Қарауыл қойылсын, күзетті қатты бақылаңдар! Асхана келген көрінеді. Жарық барда тамақтанып алыңдар!
Өзім де арқаны кеңге салып, олай-бұлай жүріп алдым. Ауылдан жақында ғана келген бір хат бар-ды. Сол есіме түсті. Планшетті ашып соны оқи бастадым. Хаттың бас жағы едәуір көңілді жазылған екен. Онда елдің жайы, халықтың халы айтылған. Ең соңында менің бабам, бір тайпа елге «Соқыр шал» атанған Достын бір улы, он екі немересі соғыста, осы Отан соғысында жүргені айтылған. Сол он екі немеренің бірі мен. Осы соғыстың әрбір майданында, бірі — Кавказда, бірі — Карпатта, бірі — Қара теңіз бойында ұрыстарда жүрген өз бауырларымды бір сәттен болса да, бәрін бірінен соң бірін көз алдыма келтірдім. Көздері мөлдіреп, менің туысқандарым да бір жерде, окопта отыр ма, шабуылда, жорықта жүр ме? Жоқ әлде кейбірі құрбан боп, қара жердің құшағында жатыр ма? Оны кім біледі? Бірақ әйтеуір жас күнімнен әрбір мінезі, түр-түсі, беттеріндегі қалына дейін, күлкісі мен сөзіне дейін таныс, көз алдымнан бір өткіздім.
Хатта көпшілігі хат жазып тұрады депті. Ал кейбіреулерінен біраздан бері хабар-ошар жоқ көрінеді.
Достың он үш жұрағаты соғыста жүр. Бірі — мен. Анау жүрген он екі жігіттің оны менен үлкен. Екеуі ғана менен кіші. Ол екеуі інілерім. Өзімнен мысқал болса да кіші болғансын ба, сол інілерімді есіме көбірек алдым, кескінін көз алдыма көп ұстадым. Оңалбай мен Әуелбек! Ауылда жүргенде бірін «Оңал», бірін «Әукеш» деп еркелетіп атайтын едік. Қайда екен менің кішкене бауырларым? Ал өзім қайда жүрмін?
Окопты түгел аралап шықтым. Бір окопта жерге қарап, көңілсіздеу отырған Назаровты көрдім. Маған бір қарап қойды. Мен ештеңе елемеген, сезбеген боп қасынан еттім. Байқаймын, жолдастары теріс айналып, өзі топтан бөлініп қалған сияқты.
Өзімнің орныма келгенсін, отделение командирін шақырдым.
— Назаров топтан бөлініп қапты. Оған ойлай беруге, өзінің өкпесін есіне ала беруге мұршасын келтірмеу керек. Әр нәрсеге бір жұмсап, әңгімелесіп отыр сен онымен. Ертеңгі шабуыл кезінде, түнгі күзет кезінде оқыс ештеңе болмасын. Өзін күзетке жеке жіберме! Бір сөзбен айтқанда өз үйірінен шеттеп қалмасын. Түсінікті ме?
— Түсіндім, жолдас лейтенант!
Енді бір қарасам жігіттер нан бөліп жатыр. Бәрі көз мөлшерімен бірдей боп бөлінген жиырма-отыз бөлек нанды үлкен плащ-палаткаға салып, қаз-қатар жайнатып қойған. Жаңа ғана менің қасымнан кеткен сержант Назаровты ортаға алып шықты да:
— Жауынгер Назаров, теріс қарап тұр! — деп команда берді.
Ол теріс айналды. Сержанттың өзі жайнамаздай кен жайылған плащ-палатка үстіндегі нанды мылтықтың найзасымен көрсете тұрып: — Кімге? — деп айқайлады.
— Ивановқа!
— Кімге? — деді тағы бірін нұқып.
— Бейсенбаевқа.
— Кімге?
— Сізге!
— Кімге?
— Маған, Назаровқа!
Осылайша отыз шақты сұраққа жауап берген Назаровтың есінен талай нәрсе шығып та кеткен болар. Өйткені сол адамдардың фамилиясын жатқа білетін болғанның өзінде бәрін бір-бірлеп еске түсіріп, қайталамастан айтып шығудың өзі де жұмыс.
Жігіттер кешкі тамағын ішті. Артынша бүкіл окоптың іші ащы махорканың қоймалжың көк түтініне сықап кетті. Біреулері ыңылдап ән салды. Енді біреулері күбір-күбір әңгіме соқты. Пушкин тауы бұлыңғыр тартып, кешкі қараңғылыққа мүлгіп бара жатты. «Осы таудың қойнауында қарсы келіп, тағы да соғысқалы тұрған екі күш бір-бірінен аздап та болса бой жасырып, ой тасалап, демін ішіне тартып, қан-сөлсіз сұрлануда-ау!» деген бір көңілсіз ой басты.
13
Күн қызылиектеніп, бозалаң тартқан бойда рота командирінің кешегі шабарманы жүгіре басып тағы келді.
— Жолдас лейтенант, сізді рота командирі аға лейтенант Бугеев шақырып жатыр!
Окоптан қарғып шығып, ата жөнелдім. Бір төбенің басын екі күн, екі түн күзетіп, өзім де тынығып қалған екем, байланысшыға еріп жүгіріп келем. Алдымыз едәуір еңіс. Қырдан ойға домалап келе жатқандаймын. Одан әрі терең сай. Екі қолым ербеңдеп, қалбалақтап ойға бір-ақ түстім. Өзекті өрлеп тағы біраз жүрдім де, одан оңға бұрылдым, біз тұрған төбеден әлдеқайда аласалау биікке қайта көтерілдім.
— Енді еңбектеп, бұға жүрмесе болмайды. Жау жақын! — деді шабарман, өзі тізесін бүгіп, алға қайта түсті.
Оның істегенін істеп, соңына түстім. Рота командирінің байқайтын жеріне екеуміз бірдей ырғып түстік.
— Жолдас гвардия аға лейтенанты, сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұрған 3-взводтың командирі лейтенант Досов! — деп баяндап өткенше Бугеев мені нақ бір жаңа көрген адамша бастан-аяқ шола қарап өтті.
Ондай көзқарастың талайын көріп, талайына төтеп беріп үйренгендігім бар. Ет үйренген, көз қанық қылықтан онша ыға қоймадым. Мұндайда: «Осы мені кім сынап тұр? Кімнің көзінің нысанасына тап болдым?» — деген өктем, өзімшіл ойдан мен де аулақ емеспін.
— Басқа жолдастар келгенше күте тұрайық! — деп күңк ете түсті әлден уақытта ол.
Бугеевтің қасында отырмын. Онда үн жоқ. Мен де ыңғай көрсете алмадым. Қайта әлгі күтіп отырған, келетін жолдастарды ойлап кетті. Біздің ротада үш атқыштар взводы, бір пулеметшілер взводы бар. Енді келетіндер қалған екі атқыштар, бір пулеметшілер взводының командирі. Мен олар жайлы ойлап та үлгірмедім, өздері де келді. Үшеуі де өзім Сияқты өрімдей жас жігіттер. Бір ротада істейтін бес жігіттің жас жағынан үлкені де Бугеевтің өзі. Әрқайсысы өздерінің келгені жөнінде баяндап өтті.
Рота командирі бізге бұрылып, жағдайды, алдағы міндетті түсіндіре бастады.
— Полк барлаушыларының әкелген мәліметіне қарағанда осы біздің қарсы алдымызда жаудың мол күші бар сияқты. Танк, самолет, артиллерия, жаяу әскер көп көрінеді. Тек біздің бас көтеруімізді күтіп отырғандай сыңайы бар. Біз сақтықпен көтерілуге тиіспіз. Енді бірер сағаттан соң шабуылға бұйрық болады. Біздің полкке көмекші артиллерия, женіл танкілер берілген. Бірақ біздің батальонға ештеңе тимеді, ротаға болса-болмаса.
— Онысы қалай? — деп қалды біреу.
— Оның мәнісі сол, біз таулы жермен шабуылдаймыз. Ондай жердегі әскерге қарай танк жібере алмайды. Бастықтар осылай түсіндірді. Шабуыл аса жауапты, қиын болмақ. Қазірден бастап жауынгерлерді шабуылға әзірлей бастаңдар. Оқ-дәрі жеткілікті болсын. Тәртіпсіздікке жол берілмесін! Енді шабуыл басталар белгіні біліп алыңдар. Ортасына бір минуттен уақыт сап, үш дүркін жасыл ракета жіберемін, сол шабуылдың бағытына қарай. Түсінікті ме?
— Түсінікті, жолдас аға лейтенант! — деп бәріміз хормен ду ете түстік.
Бәріміз окоптан шығып, әркім өз жөніне бет алды.
— Лейтенант Досов, бір минутке тоқтай турыңыз! — деген Бугеев дауысын естіп, тоқтай қалдым.
— Сіз сонау алтын сағатты қайдан алып жібердіңіз?
— Бір солдаттан алдық.
— Ол кім деген солдат?
— Сіз білмейсіз.
— Мен білмейтін сіздерде кім бар еді?!
— Неге болмасын. Бар ғой. Сіз түгіл оның аты-жөнін өзім де ұмытып қалдым. Қоқыбаев па еді, кім еді?
Ойланған болып, маңдайымды ұстадым. Оның үстіне атап тұрғаным өзімнің солдатым емес. Қасымызға көрші қонған байланысшылардың ішіндегі жас солдат Балабидің фамилиясын атай салдым.
— Пәлі, командирге болайын. Шынымен-ақ өз солдатыңды білмейсің?
— Білудің, оны біліп, жаза берудің орны жоқ сияқты. Өйткені ол алдыңғы күнгі соғыста қайтыс боп кеткен.
Бетім бүлк етпеді. Өтірік те айта алады екем деп ойладым.
— Сенен үш адам шығын болды ғой. Соның бірі еді де.
— Ие, соның бірі. Өзіңіз де біледі екенсіз ғой.
— Жарайды онда, жолың болсын! Шабуыл кезінде жеңісті болуыңды тілеймін.
— Оныңызға көп рақмет!
Взводқа қарай жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келем, ойлап келем: «Тірі адамның абыройын қорғаймын деп, өлі бейбаққа, адал адамға жаба салдым жаласын. Өтірік пен шындықтың арасы қарыс сүйем деген осы. Ертең — бір күн шабуылдан кейін Бугеев осы мәселеге қайта оралуы мүмкін ғой. Сонда ол өлген солдаттың аты-жөнін анықтап сұраса, оны атап айтуға тиіспін. Айтқанда кімді айтамын? Әрине, сол күні өлген үшеудің бірін айтамын? Нағыз өтірік, шын күнә сонда болады. Шындығын неге айта салмадым?».
Осы ой біраз қажады. Бұрын ешқашан өтірік айтпаған адамның алғашқы өтірігі алғашқы рет алданып қалған қыз секілді өкінішті болар. Етегін жел ашпаған бейкүнәлікті қапыда сенімсіз біреуге қолдан бере салу қандай ауыр. Өтіріктің де осындай өз салмағы, арға, жанға салатын салмағы бар. Шындықты айтпағаныма өкіндім.
Ойымды аяқтап үлгірмедім. Взводқа келдім. Тұп-тура Бугеевтің айтқанындай етіп, әзірлік жайын айттым. Оның сөзіне өз жанымнан қосқаным мынау ғана:
— Шинельді шиыршықтап, мойындарыңа айқара асып алыңдар!
Аспанға қарап отырмын. Аспан теңбіл-теңбіл, көкпеңбек, кейде тұтасқан қалың мұзға, кейде теңіздің шексіз-шетсіз көк айдынына ұқсайды. Нағыз көктем күнінің аспанынан аумайды. Нәзік те, маужырап та тур. Қалың ағаштың саясында, күн түспейтін сайлардың өзегінде, окоптың көлеңкелі жағында болмаса, қар да, тон да, сыз да кеткен. Мұның үстіне күннің бүгін әлдекімге ғашық сұлудай боп сыланып та, елжіреп те қалғанын қара! Аспан әдемі, кескінді, таза, тұнық. Бір жағынан қарасаң кәдімгі теңізден аусайшы мына аспан. Болмашы-болмашы бозалаң тартқан бұлт жолдары теңіздегі бұйра жалды зеңгір толқынға, сеңгірлі биікке ұқсайды, толқын, кәдімгі толқындар. Кей жерлері жай толқынға, теңіздің тұнық күнгі бозқырау тәрізді қырбық толқынына, жай бір жалына түстес. Көптен бері мұндай тап-таза, аздаған әдемі теңбілі бар аспанды көрмеген жандай қызықтап қаппын. Кейде кен даланың, кәдімгі біздің Көкше құмының, немесе Рамазанның айта беретін, сағына беретін қазір қатты сағынып жүрген Көкшетауының аспанына ұқсайды екен-ау деймін. Біздің жақта бұл жақтағыдай жауын-шашын, бұлтты күндер тым аз болады ғой. Содан да болар, бүгінгі аспан біздің ауылдың аспанынан аумайды. Осындай ашық, осындай терең, болмашы көшпелі бұлты бар көк аспан бізде көп болады.
Аспанға әлі қарап отырмын. Көз алмаймын. Жауынгерлерім тап-тұйнақтай боп жиналып алған. Нақ қазір олардың қайда қарап, не ойлап отырғанын айта алмаймын. Өзімнің екі көзім аспанда. Қиялым әлдеқайда. Пушкин тауының үстінде тұрған көкпеңбек теңбіл аспан бір мезет Қаратаудың, кәдімгі Келіншектау мен Мыңжылқы шоқысының үстінен төніп тұрған аспанға да ұқсас боп кеткені бар. Бұл кезде мен елімді, туған жерімді есіме алдым. Бірақ аспаннан көз алғаным жоқ. Өйткені мен ерігіп те отырғаным жоқ. Бугеевтің көк ракеталарын көрмей қалам деп қараудамын. Ойым басқа жақта болса да, ракетадан көз жазып қалуға болмайды. Қазіргі кездің барлық мәні, тіршіліктің бізге де сақтағаны осы күтіп отырған үш көк ракетада тұр. Ойлаймын: Бугеев түктің мәнісін білмейді. Ол бірдеңе білетін болса, ракетаның қандай түс екенін айтпас бұрын аспанға қарап ойламай ма? Қазір мен аспанға сұқтана үңіліп отырмын. Аспан көкпеңбек, ал Бугеевтің шабуылға белгі беріп ататын үш ракетасы да осындай ніл сияқты. Ол бұйрықты аспанға қарамай-ақ бере салды. Енді, міне, байқап отырмасаң, ракетаны көрмей қаласың. Көрмесең бұйрықты қалай орындайсың?
Көз алмастан аспанға қарап отырмын. Ештеңе жоқ. Алғашқы кездегі мәнді ойларым енді қожырап кетті. Әлгі кезде қатты ойланып кетіп, көрмей қалдым ба деген де күдік туды. Он жағымда отырған Нәлқараға, сол жағымда отырған Балабиге қарап:
— Сендер аспанға атылған көк ракеталарды көрген жоқсыңдар ма? — деймін.
— Жоқ! — деді Нәлқара бірден-ақ.
Балаби сықылықтап тұрып күледі. Оның күлкісі де жас баланың күлкісіндей таза, сылдырап тұр. Ести бергім келеді. Өзіме ұнап тұр. Мұндай таза, бейкүнә, әдемі күлкіні естімегелі көп те болған шығар.
— Күл, балақай, күле бер. Әзірше уақыт барда күліп ал.
— Сіз аспанға қарап тамашалап отыр екен десем, ракета күтіп отыр екенсіз де, — деп тағы күлді.
— Әрі ракета қарап, әрі аспанды тамашалап отырмын.
— Мен де ракета күтіп отырмын! — деді Балаби дауыстап. — «Жолаушының кешіккеніне сүйін» дегендей, соның болмағаны да оңды болар. Бүгін бір момақан, шуақты болатын жайдары күн екен.
— Әй, сен былшылды қой, бала, менің көзім талды, енді аспанға сен қара! Мойыным қарысып қапты.
— Жолдас лейтенант, құп болады. Сізсіз де, мен анау аспан мен мынау телефонды бағып отырмын. Көзім аспанда, құлағым телефонда. Бағанағы сержант маған осындай тапсырма берген.
— Сен де көк ракета күтіп отырмысың?
— Енді қандай деп едіңіз?
— Кім біледі сендердің қандай ракета күтіп жүргендеріңді.
Бұдан кейін де көп күттік. Бірақ ракета көре алмадық. Бәрібір аспаннан көз алғанымыз жоқ.
Көкке қарап осылайша телміріп отырғанда рота командирінің шабарманы терлеп-тепшіп, арсалақтап тағы келді. Ентігін баса алмаған күйі:
— Жолдас лейтенант, шабуыл болмайтын болды. Рота командирі сізге соны айт деп жіберді. Кетуге рұқсат па?
— Бетіңнен жарылқасын!
Ол кетіп қалды.
— Мойынға асынған шинельді алыңдар! — дедім жауынгерлерге. — Бұрынғыша жайғасып, дем алыңдар.
Окоптың шет жағынан әлдекімнің қарлыққан, суық тигеннен барылдап қалған дауысы шықты. «Келер күн келер екен не дайындап, қараңғы қарағанмен болжай алман».
— Шаляпиннің дауысы сияқты дауысын бас екен ғой! — деп қойды оған қасындағысы.
Қамыт сияқты шиыршықтап бүктелген шинельді мойнынан алып, жерге қойды дегенше солдат жаны рақат тауып, тыныштанады. Мұны жақсы білем. Содан да болар саябырсуға берілген алғашқы командам кілең осылай шығады. Солдаттар шинельді алып, окоптың түбіне тастады. Жүруді күтіп тұрғанда кейбіреулері тоңып қалса керек, шинельдің бүктеуін жазып, біреулері киіп, біреулері иықтарына жамылып алды.
— Сен мені Шаляпинге теңедің-ау, ә!
— Несі бар, дұрыс теңеу.
Әңгіме тоқтап қалды.
— Шабуыл тоқталыпты. Сенің тілеуіңді берді. Ал сенің бастықтарың не деп жатыр? — деп, мен Балабиге қарадым.
Ол маған жауап беріп үлгірген жоқ. Құлағына киіп отырған аппарат гу-гу етті.
— Алло! Алло! — деп Қоқыбаев трубкаға жармасты.
Ол сөйлесіп үлгірген жоқ, жаудың артиллериясы біздің шепті атқылай бастады. Нақ бір шегінген кезде бәрін өлшеп, пішіп кеткендей-ақ алғашқы атқандары біздің окоптың оң жаң қанатын ала дәлме-дәл түсті. Бір тәуірі ол жақта адам сирек еді. Дегенмен окоптың ернеуін опырып-опырып жіберді.
— Анау жақтағылар мұнда ығыссын! Аман ба?
— Аман, шығын жоқ.
Сөйткенше болмады, өткінші оқ қисық жауған көктемгі ақ жауындай боп, бізден алыстап, артқа, еңіске қарай кетті. Төбеден, біз тұрған жерден асып, оқ пен снарядтар артымыздағы қабаққа гүрс-гүрс түсіп жатты.
Құлағындағы аппаратын алмастан, аузындағы трубканы қолымен басып, Балаби маған қарады.
— Не болғанын көрдіңіз ғой, жолдас лейтенант, менің бастықтарым оң жақтағы, тас жол жаққа сақ бол, жау танк жіберуі мүмкін деп жатыр. Кәдімгідей-ақ қарсы шабуыл басталса керек.
Бізден алыста, әлгі айтылған тас жолдың күнбатыс жағында қым-қиғаш атыс боп кетті.
— Сақ болыңдар, жау қарсы шабуылға шықты. Оқ дәріге, гранаталарға ұқыпты болыңдар. Жетпей қалып жүрмесін. Мақсатсыз, белгілі нысанасыз бір оқ атылмасын! — дедім отделение командиріне.
— Мақсатсыз, нысанасыз оқ атылмасын! — деп бұйрықты қайталады да олар орындарына кетті.
Біздің үстімізден асыра атылған артиллерия оқтары ойды жарып өтетін тас жолдың бойына барып жетті де, екінші қабаққа өтті.
«Танк жіберетіндей болса, әдейі жол бойын тазалап жатқаны-ау» деген ой келді. Жолдың арғы жиегіндегі бір орынды ұзақ атты. Снаряд түскен жерлер шахмат тақтасының бетіндей боп, рет-ретімен әрқайсысы өз орнына түсіп жатты.
— Мына иттердің мергенін-ай! — деп қойды Нәлқара. — Біздің қарсы алдымызда тұрған жаудың теңіз жағалауындағы жаяу әскері деп естіп едім. Мұның артиллериясы теңіз артиллериясы болса керек. Теңізшілер атқыш келеді. Сіз айтқандай мерген екен өздері! — дедім.
Аз тыныстан соң біздің артиллерия да ата бастады. Мен ұқпай қалдым. Шабуыл бастайтын кім? Біз бе, олар ма? Екі жақтың жаяу әскері де зуылдап ұшқан артиллерия оғының астында бас көтере алмай, окоптарында жүресінен бұғып-бұғып отыр.
Дауысы әупілдеп үрген кәрі төбеттің үні тәрізді артиллерия оғын біздің үстімізден үстемелеп жіберді-ай келіп. Окоптың түбіне бұға түсіп, құлақты басып отыра бердік. Жарты сағаттан аса бергенде жау атуын пышақ кескендей тия қойды. Мен окоптан басымды көтеріп төңірекке көз тастадым. Тас жолдың үстінде бір қимыл бар ма деп қалдым.
— Жолдас Балаби Қоқыбаев, анаған қара тас жолдың үстіне қара, боқ домалатқан қоңыздай жөңкіп келе жатқандар не пәле?
— Ойбай-ау, жолдас лейтенант, мынау дәл өзі ғой! — деп трубканы алды да айқай салды. — Оң жақта, тас жолдың үстінде, мен отырған 179 биіктен 1500 — 2000 метрдей жерден жау танкісі көрінді. Біздің тылға, сол жақ қанатқа, тас жолмен келе жатыр.
— Танк дегенің не? Танктер де.
— Танктер, ие, танктер, көп. Білмедім.
— Орта жағында бронемашиналар бар.
— Бір, екі, үш, төрт...
— Он екі танк, екі бронемашина.
Мен танктерді санай бастадым.
— Он бес.
— Он бес! — деді Балаби менің сөзімді қайталап. — Он бес.
— Барлығы он жеті.
— Ар жағында кішкене бронемашиналар келе жатыр.
— Барлығын айтам, барлығы он жеті.
— Ағажан-ай, сіздің қасыңызға келгенім қандай оңды болған.
Ол телефон трубкасын алақанымен жауып, маған өзінің ризашылығын айтып қойды.
— Сен сөзді қой, бос сөзді таста, хабарла, айт тез! — деп қоямын.
Балаби тағы бірдеңелерді хабарлап үлгерді. Бірақ әзірше бос хабар боп қалды. Жау емін-еркін тас жолмен бізден асып өте берді. Арт жағында келе жатқан екі танк жолдың жиегіне кеп тоқтады да, соңында шұбап келе жатқан бронемашиналарға жол берді. Олар өтіп кеткен бойда, өздері орындарынан қозғалмай башнясын бізге, төбенің басына қарай бұрып, оқты теге бастады. Жергілікті халықтың тілінде кәдімгідей «тау» деп аталатын бұл тебе танк тұрған сайдан әлдеқайда жоғары тұр. Біздің окоптар қырдың нақ жонында. Оқты қаншама төгіп, бората атқанмен бізге даритын түрі жоқ. Көп болса окопты еңіске қараған жақтауына тиіп, жерге сіңіп кетіп жатыр, немесе зу-зу етіп бастан асып кетеді.
Бір жауынгер жауған оқтың астында отырып, «Қараңғы түн, тек қана зулайды оқ» дегенді өзінше өзгертіп, «Шуақты күн, тек қана зулайды оқ» деп мас адамша ән сала жөнелді. Біз тым-тырыспыз. Оқ атылып жатыр. Солдат ән салып отыр.
Менің сержанттарымның біреуі қасыма жүгіріп келді де шыдамсызданып:
— Жолдас лейтенант, қол пулеметпен башнясын көздеп атсақ қайтеді? — деп сұрады.
— Оқты босқа шығын етеміз. Бұл — бір. Өзімізді көрсетіп аламыз — екі. Ешқандай оқ атылмасын! Қазір олар ештеңені де көрмей бос долбармен атып тұр.
— Ешқандай оқ атылмасын! — деп окопты бойлай, бірден-бірге команда берілді.
— Оқ атылмасын!
Бытырлатып атқан жау оғының дүмпуінің астымен «оқ атылмасын» деген сөз жүгіре жөнелді.
Жау танктері бұрынғыдай емес, кезекпен немесе екеуі де тоқтап-тоқтап, іркіп-іркіп ататын болды. Ондағысы біздің «бар, жоғымызды», «өлі-тірілігімізді» білмек болар. Біз ондай белгінің бірде-бірін бермедік. Әккі жау сенбеді білем. Алдыңғы танк қозғалып, жолды бойлай жүрді де, кілт бұрылып өрге қарсы салды.
— Танкке қарсы гранатаны әзірлеңдер! Әрбір отделениеден бір-бірден үш граната! Бәрін бірдей емес, кезекпен, солдан оңға қарай тастайсыңдар. Әзір болыңдар! Бутылканы ең соңынан, танк тоқтағансын тастайсыңдар!
— Екі көзім қозғалып келе жатқан танкте. Мамырлап, жартасқа өрмелеп, аю сияқты қорбалаңдап келеді.
Танк ерге қарсы салып келді де, ортаға жеткен соң қиялай жөнелді. Бет алысына қарағанда төбенің басына бізден етіп барып шығатын сыңайы бар. Меніңше өтіп кетеді деп, жібере беруге болмайды. Қырға шыққан соң окопты көреді де, кілт бұрылып, бізді тегістей бастайды. Мүмкін қадерінше оған жеткізбеген жөн. Танк бір бөксесін беріп, қабаттаса бергенде:
— Ал, бірінші граната! — дедім.
Көңілге болмаса өте жақсы тастады. Бірақ биіктеу кетіп, нақ башняның астынан тиді. Менің ойымша алдыңғы жақтағы табаннан тисе деп едім. Танк қатты шайқалып, еңіске қарай құлап кетердей болды да, қайта түзелді. Бірақ орнында тұрып қалды. Жолдың үстінде тұрған екінші «қоңыз» да бізге бұрылды. Алдыңғы танк башнясын бізге, әлгінде ғана граната түскен жаққа бұрайын деп еді, бұрылмады. Башня бұзылған екен, газды қатты беріп, орнынан селк еткізіп, жұлқына қозғалды да, өрге ұмтылды.
— Екінші граната! — дедім.
Бұл тұп-тура жалпақ табанның астына барып түсті. Нақ шегі үзіліп кеткен аң сияқты мықшың етіп, ішін тартып барды да, кілт тоқтады.
— Үшінші граната!
— Бұл тұмсығын ала тиді.
— Бутылка! — дедім.
Қалың темірге жұқа шыны «шыңғыр» ете түсті. Танкты көкала түтінді жалын басты. Мен осымен іс біткен екен десем, бұзылған люкті ашып, үш адам төменгі танкке қарай жүгіріп барады.
— Ал атыңдар!
Автоматтан, пулеметтен оқты бір дүркін төгіп жіберді. Соңғы екеуі мұрттай ұшты да, алдыңғысы екінші танктың тасасына барып жасырынды.
Екінші танк алдында алаулап жанып жатқан серігін көріп, не істерін білмей тұрып қалды. Осы кезді пайдаланып қасыма қол пулеметші мен мергенімді шақырып алдым.
— Пулеметші, сен сол жағыма, Сабалақов жолдас, сен оң жағыма кел! Аңдып отырайық, мына танктағылар әлгі қашып барып паналаған «қоянды» қайтер екен, өздері не істемек?
Біз көз алмастан қарап отырмыз. Санаулы минуттар өтіп жатыр. Бір сәт болса да төңірек тына қалды. Күн тымырық па қалай, маңдайдан тер моншақтап ақты. Жеңіммен бетімді сүрттім. Көзім ашып кетті. Ащы тер құйылған екен. Көзімді жұмып, қолыммен уқалап, қайта аштым. Танк әлі тұр.
Жау танкі біраз аңырып турды да, бізге қарай зеңбіректен, кіші пулеметтен оқ атты. Олары дарыған жоқ. Біз биіктеміз. Оқты атып-атып, тоқтата қойды да, танктың люгін көтерді. Әлгі бізден қашқанды мінгізіп алмақ. Пулеметшіге қарап:
— Башняны көздеп ат, мінгізбе, басын көтертпе! — дедім.
Пулемет зіркілдеп ала жөнелді. Жердегі жау танкке мініп үлгере алмады. Танк люгін қайта жапқан жоқ. Біздің пулемет атуын тоқтатпады. Бір қарасам, әлгі солдат қараңдап, жолдың жиегімен кейін қарай зытып барады.
— Ал кетті! — деп қалдым Сабалақовқа.
Дүрбілі мылтықпен көздеп тұрып, қашқан «қоянды» қақ екі жауырынының арасынан тартып жіберді. Өйткені басын жасырып, арқасы ғана қараңдап бара жатты. Ол шалқалап барып, ұшып түсті.
— Міне, атыс деп осыны айт! Қашқан киікті нақ осылайша атушы ма едіңіз?
— Бір кісідей-ақ атушы едім.
— Тоқтатыңдар атуды!
— Тоқтатыңдар! — деп бірден-бірге тағы кетті команда.
Төңірек тым-тырыс бола қалды. Люкті ашып қойып, ойдағы танк әлі тұр. Оның бер жағында өртенген үйдің жұртындағы аңқиған орыс пеші тәрізді боп, қаңқайып «өлген» танк және жатыр. Алдында екі елік, жол бойында бір өлік. Осының бәрі фашистің ызасын келтірді ғой деймін, жалма-жан башнясын жапты да, өрге, әлгі қираған танктың арғы жағын ала айнала ұмтылды. Бізден алыстау, төменнен қиялай жүріп, ерге бір-ақ шықпақ болды. Граната жететін жер емес. Ал ол биікке бір шығып алса, бізге теңдік бермеуі кәдік. Дал боп қалдым. Не істеу керек? Осы кезде жауынгер Нәлқара Сабалақов окоптың алдында жатқан дәу-дәу қойтастардың бірін ойға қарай итеріп, домалатып жіберді. Тебе басы күңгірлеп, тас домалай жөнелді. Дәл барып танкке соқты. Оны елең қылған жоқ. Қираған танктың арғы қабатынан ете бергенде тағы сондай екі-үш тас домалап танкке соқты. Ештеңе де болмаған сияқты еді, бірақ танк кілт тоқтады. Люкті көтеріп жіберді де, біреуі басын қылтитып, ақсия күлді де, жұдырығын көрсетті. Өзінше енді «көресіні көрсетемін» деп кіжінді.
Мен де оған жұдырық көрсеттім де: Ат! — дедім.
Нәлқара мылтығын кезенгенше ол люкті қайта жауып алды.
Ол бізді қорлап кетті. «Танкке тас лақтырған немелер, баламысыңдар. Өйте берсең сендерге мұқлаш берем» дегендей, өзінше айбат көрсетті. Ондай темір құрсаулы танкте болмасам да, мен де өзімше сес көрсеттім.
Жұдырыққа жұдырық көрсеткенім болмаса, біздің хал онша емес, өйткені бізде енді танкке қарсы жұмсайтын үлкен граната жоқ. Кішкене қол гранаталарды жинап, бір-біріне матастырып қойдық. Басқа айла жоқ. Танк қайта қозғалып төбеге қиялап келеді.
Оң жақтағы ойпаңда, жолдың бойында қиян-кескі ұрыс боп жатса керек, қым-қиғаш атыс, айқай-шу. Тағы бізге қарай жақындап келе жатқанға ұқсайды. Кейбір дауыс жақын, ап-анық естіледі. Әлгі танк болса бізді алыстан орағыта етіп, төбенің биігіне жетті.
Енді қайтер екен, егер бізге қарай бұрылса, окопты бойлап бізді бастан-аяқ таптап, жаншып өтеді. Оған жібермеу керек.
Нәлқараға, взводтың мергеніне бері қарай бұрылған бойда айдаушының, танк командирінің қарап отыратын саңылауын көздеп атуға бұйырдым. Бұл онша сенімді айла емес. Саңылауға дәл тигенмен оқ өтпеуі мүмкін. Сасқанымнан жүгіріп, окоптың танк келетін басына келдім. Танк көп болса, үш-төрт жүз метрдей жерде екен. Біздің күткеніміздей, қырдың нақ жалына жеткен бойда, солға, бізге қарай бұрып жіберді де, оқты жаңбырша боратып төге салды. Бірақ жүрмеді. Қасыма Нәлқара да келген екен. Бораған оқтан басын көтеріп, көздеп ата алмады. Танк атып тур. Окопты бойлатып, насоспен су жібергендей бүркіп-бүркіп қояды. Ал жүрсе бұдан да жаман болғалы тұр.
Мұндайда окоптың терең қазылғаны, өзінің тау жынысынан берік болғаны мұндай онды болар ма? Бұғып-бұғып жатырмыз. Ал қашанғы жата беруге болады? Танк баса-көктеп окопқа қарай жүрсе не болады. Не де болса, амалын алдын ала істеген жөн. Әлдеқалай бір-екі минуттың ішінде басыңа мың сан ой түседі.
— Жауынгер Сабалақов, жауынгер Абызов! — дедім айқайлап.
Екеуі де жер бауырлап бас көтермей жатқан бойы көрден шыққан дауыстай етіп:
— Тыңдап тұрмыз, жолдас лейтенант! — деді.
— Тыңдап жатырмыз деңдер. Ал қазір екеуің анау оқ саябырси қалған бойда окоптан қарғып шығыңдар да, танктің сыртын айналып, байлаулы қол гранаттарды тастаңдар! Сонсын бутылка лақтырыңдар!
Танк біраз атып, тағы тоқтады.
— Жөнел! — дедім әлгі екеуіне.
Екеуі де окоптан ырғи жөнелді. Танкке бір, еңбектеп ойға түсіп бара жатқан екі жауынгерге бір қарап қоямын. Бір тәуірі танктегілер окоптан шыққан екі жауынгерді байқай алмай қалды.
Әйтеуір әлгі екеуі бір шаруа бітірер, танк бізге қарсы, біздің жатқан жерімізді жаныштай алмас деген демеу ой келді. Осы кезде есіме тағы да Балаби түсе кетті. Бұрылып қарасам окоптың ернеуіне жабысып алған бойы, нақ бір өліп қалған адамдай бүлк етпейді. Қасына жүгіріп келдім.
— Әй, Балаби, тірімісің?
— Әзірше тірімін, жолдас лейтенант! Бастықтарыма баяндап жатырмын.
— Нені баяндадың?
— Көргенімді, білгенімді.
— Не көрдің?
— Танк, бронемашина. Артиллерия...
— Әй, айтпақшы, сенде граната бар ма?
Шошайтып бір саусағын көрсетті. Бұл жалғыз граната бар дегені еді.
— Маған бер!
— Алыңыз! Бірақ тағы да танк келерін ұмытпаңыз! Қайтып оралады ғой бағанағылар.
— Олар қашан оралғанша мына біреу жеп бара жатыр.
Ол жерде жатқан қапшығынан танкке қарсы лақтыратын үлкен граната алып берді. Окопты бойлап, біреулердің аяғын басып, үстінен аттап, танк тұрған шеттегі терең қазылған шұқырға түстім. Осы шақта жақын жерден қатты жарылған дауыс шықты. Басымды көтеріп қарасам, танктің астынан қоп-қою қоңыр шаң көтерілді. Әлгі екеуі байлаулы гранатаны тастап та үлгерген екен дедім. Бутылка тасталған жоқ. Бірақ танк жым болды. Енді бір қарасам, жауынгер Абызовты, бет-аузын жосадай қан басып кеткен жауынгерді арқалап Нәлқара окопқа түсіп жатыр.
— Не болды?
— Жаралы болды. Танктың шаруасы бітті.
— Неге жақпадыңдар?
— Мынау жаралы болғансын. Осы танкты қорғап біреулер алыстан атып та жатыр. Солардың оғы тиді білем бұған.
Абызовтың жарасын таңып, окоптың түбіне жатқызып тастадық.
— Сенімді болады, не де болса қапы қалмайық, деп тым жақыннан тастадық! — деді Нәлқара.
— Өзім де солай етер деп ойлап едім. Дұрыс болған.
— Оң жақтағы қалың атыс бізге жақындай түсті ме, қалай?
Үндемедім. Әлден уақытта Нәлқараға қайта бұрылдым.
— Міне сізге граната, мына жерге отырып, танкты аңдыңыз. Тіріліп кетіп жүрмесін. Мұның ішінде әлгі жұдырығын көрсетіп, күліп жүрген батыр бар. Оны қолға тірі түсірсе қандай оңды болар еді.
— Білем, білем! — деп, Нәлқара басын шұлғып жатыр.
— Жолдас лейтенант, он жақта, біздің адамдар шегініп келеді. Солардың шегінісін оқпен демесін деп жатыр! — деп айқайлаған Балабидің даусын естідім.
Қарасам, шынында да төбенің бөктерімен біздің әскер, оның ішінде біздің полктың жауынгерлері жосып барады. Жаралы болғандарды жетектеп, арқалап, қолтығынан сүйемелдеп алған. Тіпті біреулер плащ-палаткаға салып, сүйреп бара жатыр. Бұл жақта біздің басымызға төнген қауіптен де күшті қатер болғаны көрінеді. Жалма-жан взводтың барлық оғын шегінуші топты атып жатқан жауға қарай бұрдым. Кішкентай үш қол пулемет безілдеп, өзіміздің адамдардың басынан асыра, қарсы жотадағы оқ атып жатқан жауға қарай бүркіп тұр.
Шегінушілердің біразы біздің артымыздағы, сол жағымыздағы ескі бекіністерге келіп тоқтады. Шоғырланып, қарамыз көбейе түсті. Атыс саябырси бастады.
Анадай жерде бет-аузы қап-қара қара қожалақ боп Нәлқара отыр. Менің есіме бұдан үш күн бұрынғы шабуыл кезіндегі бір оқиға түсті. Бұл осы Нәлқараның бір сөзіне орай әңгіме еді:
— Алға, — деп айқайлап қалдым.
Взводтың оң жақ қанатынан біреу көтеріліп барды да, қайтадан оққа ұшқандай жалп ете түсті. Өзім бұғып жатқан бойы, бұл кім екен деп қарасам Нәлқара. Мен оны жаралы болған екен деп ойладым. Взводтың сол жақ қанатына көз сап, байқап көрсем бәрі тым-тырыс жатыр. Ыза боп кеттім:
— Қырылып қалдыңдар ма, алға! — Өзім орнымнан тұрдым.
Сол жақтан ер жүрек біреу табыла кетті!
— Ура! — деп бар даусымен айқай салып, автоматын кезене ұстап тұра жүгіре жөнелді.
Басқалар осыны күткендей-ақ осы бір адамның бас көтеруін тілегендей жанталаса жүгіріп, жаудың алдыңғы шебіне қойып кетті. Жауынгерлер мидай араласып, бір сәт қоян-қолтықтасып кеткендей болды да, бекініске түсіп жоқ болды. Жан ұшыра жүгірген бойы жау окобына мен де қойып кеттім. Жау жылысып кетіпті, біздің жігіттер әлі демігін баса алмай, маңдайлары тершіп, ауыр-ауыр дем алып отыр. Жан-жағыма қарадым. Біздің жігіттердің ұзын саны түгел сияқты. Менің ойымша Нәлқара бағана жаралы болып қалған тәрізді болатын, міне қызық, екі беті нарттай боп қызарып бір жерде ол да отыр.
Ойлаймын: менің мына солдатым жын ба, пері ме? Бағана бұл құлап қалған жоқ па еді? Өзімнің күдігімді шешкім келгендей-ақ:
— Жауынгер Сабалақов, мұнда келіңіз! — деп шақырдым.
Нәлқара қасыма жақын келіп тұра қалды.
— Сіздің шақыруыңызбен келіп тұрған жауынгер Сабалақов!
— Сіз әлгінде жараланып қалған жоқ па едіңіз?
— Сол жақ жанбастан оңбағандай бірдеңе сарт ете түскенде кәдімгідей-ақ мұрттай ұштым. Өз ойымша елді деген осы екен деп ойладым. Байқаймын дені-басым сау сияқты. Сол жақ жанбасымды сипап көрдім. Бақсам мені сақтап қалған баяғы қол күрегім екен. Бірі өтірік емес. Кәдімгі жас баланың жұдырығындай жарықшақ нақ жанбастан қол күректің тұсынан соғыпты ғой. Бұл осымен екінші, әлде үшінші рет осы күректің қақпайымен ажалдан, нағыз аузын ашқан ажалдан аман қалғаным. Содан да күректі өз басым жай бір күрек демей, нағыз алтын күрек деймін.
Нәлқара маған жаңағы жарықшақ тиген жерді көрсетті. Шынында да күректің орта жағын ойсыратып, тот басқан жерін жылтыратып жалап өтіпті. Ол жарықшақ күрекке соқпай, қара санға тисе Нәлқара бір аяқтан айырылатын екен.
Бұрынғы екеуінің қандай жағдайда, қалай болғанын білмеймін. Осы оқиғадан кейін Нәлқара өзінің жанына байлап жүретін кішкене қол күрегін «алтын күрегім» деп атайтын болды. Солдат өмірінің бұл да бір аңызды шағы еді. Қазір де сол алтын күрегімен окоптың ернеуін тегістеп, жөндеп отыр екен.
14
Осы бір суық хабарды кейінірек естідім. Біздің полк, осы біз тұрған жер қоршауда қапты. Жауынгерлерге айтпадым. Үрей туып кетер деп секем алдым.
Шын айтсам, бұл менің сонау 1941 жылдан бері естімеген сөзім. Бұл кейде өлім тырнағына ілінген, енді елу мен жауға берілуден басқа жол жоқ дегенді де көрсетеді. Ал қоршауды тас-талқан ететін де күш бар. Енді біз соны күтеміз.
Осы хабардың алдында ғана полк туын жартылай ашып, қолтығына қысқан күйі бес-алты автоматшы біздің бекініске келіп жайғасты. Полк туы жүрген жерде сол полктың штаб бастығы жүретінін жақсы білем.Бірақ Ветковты көре алмадым. Артынша еңгезердей екі жігіт, бірі өзіміздің Темірбек, плащ-палаткаға салып, біреуді көтеріп келді. Олар да окопқа түсті.
— Темірбек, бұл кім? — деп қасына жүгіріп келдім.
Ол жауап беріп үлгірген жоқ. Қарасам Андрей Акимович екен. Көзін жұмыңқырап, ауыр дем ап жатыр.
— Жарасын таңдыңдар ма, ауыр емес пе? — деп сұрадым.
Ол мені дауысымнан таныды ғой деймін, ақырын ғана көзін ашып, «жақын кел» дегендей басын изеді. Қасына келдім.
— Ешқандай, ешқандай да үрей сасу болмасын! Ең керегі, ең бастысы осы! Қазір-ақ шығамыз.
— Жоқ, біз үрейленбейміз. Сізді санбатқа қалай жеткіземіз?
— Мен туралы қам жемеңдер. Жарам онша ауыр емес. Аяғымды, бір аяғымды жұлып кетті-ау деймін. Енді мені қозғамаңдар!
— Ол ауру емес пе екен? Санбатқа жіберейік.
— Санбат қайда, оны кім біледі? — деді Темірбек.
— Жаңа анау әлгі санитар Елебаев жақсылап таңды білем, өзінің де қолы жеңіл ғой деймін, көңілге болмаса жаным жай тауып қалды. Сендер үрейленбеңдер! Айтпақшы, мына бір танк не ғып тұр? Ертерек көзін жойыңдар!
— Істен шығарылған, жолдас майор!
— Экипажы қайда?
— Шықпайды, ішінде отыр.
— Онда аяудың керегі жоқ. Өртеп жіберіңдер. Қоршау сығыла түссе, өздеріңе жаман болады.
— Қоршау дедіңіз бе? — деді Нәлқара селк ете түсіп.
— Жап аузыңды! — дедім оған.
— Ие, бағанадан бері не деп жатырмын. Әлі түсінген жоқпысың, біз қазір қоршауда тұрмыз.Үрей болмасын дегенде соны айтқанмын. Мен туралы қам жемеңдер! Біріншіден, танкты құртыңдар! Жағыңдар! О да болса жауға айбар болсын! Оқ-дәріні үнемдеңдер! Жетпей қалып «жүрмесін. Тамақ іштіңдер ме? Үрейсіз... үрейсіз... Сабыр, сабыр керек. Босқа қырылып кетпеңдер. Сабырлы, батыл болыңдар.
— Жоқ, әлі асхана жоқ. Үрей болмайды.
Мен майор Ветковтың өңіне қайта қарадым. Шындығында жарасы ауыр болар. Қалың қабағы түсіп кеткен. Көзі жылтырап әрең көрінеді. Ерні кезерген. Астыңғы ернін жымырып тістеніп алған. Соның өзінде «сендер тамақ іштіңдер ме?» деп біздің қамымызды жеп жатыр.
— Асхана болмауы да мүмкін. Осындай толаста қатырылған нан болса да, бірдеңе жеп алыңдар! — деп қояды майор.
Майор бет-аузын тыжырайтып, зорлана сөйледі. Шамасы жарасы қатты ауырып кетті-ау деймін. «Шаршадым» дегендей қолын бір сілтеп, көзін қайта жұмды. Қолын сілтегені бір жағынан әлгі айтқандарын орындауға берген белгі сияқты еді. Мен отделение командиріне тұрған танктың көзін жоюға бұйрық бердім.
— Ішінде отырғандарға сездірмеңдер! Жаңа келгендерден бутылка алыңдар! Өртеп жіберіңдер, тез өртеңдер!
Сержанттың өзі кетті.
Енді бір қарасам танк арт жағынан лаулап, жана бастаған екен. Қайтер екен деп, қарап қалдым. Бір кезде люк ашылды. Біреу қарғып түсіп, жүгіре жөнелді. Екіншісі басын қылтитып, бір көрсетті де қайта жасырынды. Жүгіріп бара жатқанды біздің жақтан біреу атып жіберді. Кім де болса мерген екен, мұрттай ұшырды. Екіншісі шығып, тұп-тура бізге қарай жүгірді. Екі қолын ербеңдетіп, жоғары көтерген бойы, өзі тынымсыз айқайлап келеді.
— Русь, русь, не, не, неубей... здай-ус, здай-ус!
— Атпаңдар! — дедім.
— Русь, русь!
Әлгі жүгірген бойы окопқа кеп қойып кетті. Келе салып танкке қарап бір саусағын көрсетті. Ішінде тағы біреу барын ұқтым. Бірақ ол шыға қоймады. Танк лаулап жатыр. Шыдай алмады ғой деймін. Бір кезде ол да басын шығарып, ашық тұрған люктен секіріп жерге түсті. Есі ауысып қалған адамша бұрылып алды да, еңіске қарай жүгіре жөнелді.
Ойды, сағаны қуалай баяу жел соғып тұрған. Әлгінің үсті-басы алаулап, жылжып бара жатқан үлкен шар сияқты ма, әлде желкілдеп көрінген алқызыл ту сияқты боп кетті.
Нәлқара атайын деп оқталып еді, атқызбадым.
— Өзі-ақ өледі. Оқты шығын етпеңіз!
Әлгі неміс танкисі жүгіріп барады. Ұзаған сайын, жүгірген сайын үстін басқан жалын қомақтанып, қызыл тілі сүйреңдеп, ұлғая түскен. Өзі жалынның ортасында, екі қолын орынсыз оңды-солды ербеңдетіп, бостан-босқа бұлғайды кеп, бұлғайды. Есі шығып кетті ме, есірік болды ма, кім білсін. Менің жаныма қашып кеп тығылған неміс көз алмастан, есі шығып әлгіге қарап отыр.
Сүйреңдеген қызыл жалын бір кезде жалп етіп, тоқтай қалды. Аққудың қанатындай төңкеріле түсіп, жалт етті де, қайтадан қомақтана бастады. Бақсам, алғашқы шығып, қашып бара жатқанында оққа ұшқан солдаттың үстіне барып құлаған екен. Екеуі құшақтасып, айқасқан бойы жана берді. Жалын ұлғая берді. Қасымдағыға енді бір қарасам, бетін басып жылап отыр екен. Менің қарағанымды, көз жасын көргенімді сезе қойды да, екі саусағын біріктіріп, әрі екеуінің ұзындығын бірдей етіп, әлгі жанып жатқан екеуін нұсқады. Мұнысынан әлгі екеуінің не түйдей құрдас, не туыс, не егіз екенін ұқтым.
Менің есіме 1941 жылы Псков түбінде бір взводта қызмет ететін егіз жігіттің құшақтасып жатып өлгені тусті. Алдымен біріне оқ тиді, құлап тусті. Екіншісі барып басын сүйеп, жарасын таңып жатқанда оған да оқ тиді. Екеуі өмірге құшақтасып келді де, құшақтасқан күйі кетті. Көп болса бұл да сондай болар.
Тас жолға жетпей, екі неміс бірін-бірі құшақтап жанып жатты. Мен де ол екеуін нұсқап:
— Гитлер, Гитлер! — дедім. (Ондағым бәріне Гитлер кінәлі демек едім).
— Гитлер, Гитлер! — деп ол да бірдеңені айтты да, оң қолының сұқ саусағымен өзінің басын түрткілеп, шекесін шұқып-шұқып қойды. Мұнысы «Гитлер — ақымақ, ессіз» дегені болар. Өзі достарын аяп отыр. Көзінде мөлтілдеген жас іркіліп тұр.
— Гитлер, Гитлер! — деп басын шайқады. Көзіндегі жасы лып етіп, жерге, окоптың ішіндегі құмға түсті де, сіңіп кетті. — Гитлер, тож, Гитлер тож, тож гарит...
Енді бір қарасам әлгі екеуінің орнында жаққан оттың орны тәрізді кішкене ғана боп, қарайған төмпешік қапты.
Тұтқынға қайта бұрылдым. Нақ менің өзіне назар салуымды күтіп отырғандай, жалма-жан қойнына қолын салды да, одан партмонетін алды. Әлгінің ішінен бір адамның суретін алып көрсетті.
— Оттец, оттец... Комунес...
— Сенің әкең не қылған коммунист? Сен кеше, бүгін, анау танкың жанып кеткенше бізді аттың емес пе?
— Ат деді, аттым.
— Коммунист коммунисті ата ма екен?
— Атпайды. Оттец комунес...
Оның әкесі коммунист те шығар. Бірақ қазір оны тексеріп, ұштығына шығатын уақыт емес. Байқаймын, бағанағы, біздің тылға қарай кеткен танктер қайта оралған жоқ. Олар да мына біздің көз алдымызда тұрған екі танктей боп бір жерлерде шоңқиып-шоңқиып тұрған болар. Ал осы ойыма, оптимистік болжауыма қарамастан жағдай шиеленісіп бара жатқанға ұқсайды. Басқаны былай қойғанда біз жараланған майор Ветковты, жауынгер Абызовты қайда, кімге жіберуді білмей қалдық. Майор ауыр дем алып, біздің окопта жатыр. Өзіне қиын екеніне, жарасының қатты ауырып жатқанына қарамай, бізге ақыл айтып, кеңес беріп жатыр.
— Күшті бекер шығынға ұшыратпаңдар! Адам керек болады. Оқ-дәріні үнемдеңдер! Полктың туын қорғап қалуды осы бекіністе жатқан сендерге тапсырамын. Бұл нағыз үлкен тапсырма, маңызды іс!
Бәрі де жанды, мәнді сөз. Полк туын сақтау бізге тапсырылса, ол аса зор міндет. Бұл туды мен талай көргенмін, күзеткенмін. Сонда бізге комиссар полк туы деген полктың жүрегі, соның кәдімгідей соғатын жүрегі деп түсіндірген. Полк туы — полктың өмірі, тарихы. Оның бар екенін растайтын, кім екенін анықтайтын паспорты. Полк туын жоғалту деген полкты түгел жоғалтумен бірдей. Полк туын жау қолына беріп қою — бүкіл полкты тұтқынға бергенмен пара-пар. Ал осындай қасиетті туды сақтау үшін, оны жоғалтпай, жауға бермей қалу үшін ең алдымен қарулы адам, мылтық ата алатын жауынгер-найза қажет. Қарулы жауынгердің оқ-дәрісі, қарсы күресетін қажетті оғы болмаса одан не пайда! Осыны ойлаған кезде деміңді ішіңе тартып, тынысын. тарыла түскендей болады. Өйткені оқ-дәрі шамалы. Граната деген атымен жоқ. Екі қол пулемет пен он бес автомат, мылтық, бар. Біздің қатарымызға келіп жаңа орналасқандардың несі бар, несі жоғы бізге беймәлім.
Біз полк туын сақтауға, қорғауға тиіспіз. Осыны ойладым. Өз взводымның жағдайын майор Ветковке айтқанмен одан келетін пайда не? Өзі жаралы болып, хал үстінде жатқан адамды бос қинағаннан басқа не түседі одан? Қолда бар күшті, адамды, оқ-дәріні дұрыс пайдаланған жөн. Ең үлкен амал — өліспей беріспеу қажет. Полктың осы туы 1942 жылы бір рет нақ осындай қауіпте қалғанда политрук Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылардың қандай ерлікпен қорғағанын талай-талай естігенбіз.
Полк туын қорғау бүкіл полктың арын, намысын, даңқын қорғау.
Ойлап-ойлап Бугеевтен көмек сұрауды орынды көрдім.
Жағдайды баяндауға және майор Ветковтың берген бұйрығының мәнін түсіндіруге рота командиріне арнаулы байланысшы жібердім. Байланысшы кешікпей қайта оралды. Бугеев онымен бірге келді. Пулеметшілер взводын ала кепті. Бұл көңілге болмаса сенімді көмек. Нақ бір осылардың келуін күткендей-ақ жаудың қалың шабуылы басталды. Шамасы, бізді қоршауға алған топтың бір бөлегіне қатты қысым болған-ау деп түйдім. Өйткені ойпаңмен шегініп кете бергісі келмей, біз жатқан қыратқа, биікке ұмтылды. Қысым болғанмен онша күшті де емес болар. Біз тұрған биікті қолына алса, жау анау-мынау күшке бой бермей кетуі де ғажап емес. Жауға осы биікті бермесек, бәрін де бермейміз деген бір сенімді ой тағы туды.
Майор Ветковке, рота командирі Бугеевке алдымыздағы ойдан үш бағытқа қарай шабуылдаушы топтың көрінгенін айттым.
— Атпаңдар! — деген келте ғана бұйрық берілді.
Бақылап отырмын. Нағыз шабуыл енді басталғандай көрінді. Пулеметшілер мен минометшілерді артқа тастап, жаяу әскер оқшауланып алға шықты. Олар жүгіре басып, жатып-тұрып өзектен өтті. Екінші бір жағы беткейдің нақ етегіне кеп жатты. Енді жаяу әскердің орта жағы көтерілді. Ол да алғашқы топқа теңесе келіп орналасты. Үшінші топ та жүгіре келіп, алдыңғылардың қатарына келді. Шамасы бір батальондай әскер біздің екі взводтың қарсы алдына, биіктің нақ етегіне келіп жатты.
Жаудың бір батальондай әскері біздің қарсы алдымыздағы сайдан өтіп, нақ баурайға келіп жатты! — деп хабарладым Ветковқа.
— Әлі де сабыр ет! Енді қайтер екен, бақылай бер?
Толас көпке бармады. Пулеметшілер мен минометшілер бұдан аз бұрын өздерінің бекінісі болған Пушкин тауының біз жатқан төбесін оқтың астына алды кеп. Оқ та, мина да жауып кетті. Біз сасып қалдық. Оқты үнемдейміз деп қырылып кетуіміз кәдік. Екі пулемет пен мерген жігіттерге жаудың пулеметшілері мен минометшілерін атуға команда бердім. Ойымды Ветков те ұнатты, Біз де ата бастадық. Жау жағы басым жатыр. Бет қаратпайды. Үсті-үстіне төпелеп, бас көтергізбейді. Осы бір қалың оқтың астымен жаяу әскер қайта көтеріліп, алға жылжиды. Осы екі ортада бізден талай адам жаралы болды. Тұтқынға түскен неміс танкисті де жараланған. Оң жақ иығын сол қолымен шеңгелдеп ұстаған бойы дөңбекшіп жатыр. Өзіміздің жаралы болған жігіттерге алғашқы жәрдем көрсетіп жүрген жауынгер-санитарға:
— Мынаның да жарасын байла! — дедім.
Жаудың жаяу әскерлері биікке өрмелеп келеді. Бекіністің іші көкпеңбек шаң-тозаң боп кетті. Айқайлаған, ыңырсыған неше түрлі дауыстар шығады. Жау жақындай түсті. Жақындатып алдым да:
— Атыңдар! — дедім.
Оқ қым-қиғаш жауып кетті. Биіктің белдеуіне талай адамын тастап, жау шегініп, бұрынғы орнына қайта барып жатты.
— Атысты тоқтатыңдар!
Біз атысты тоқтатқан бойда немістер қайтадан ата бастады. Тағы да әлгі пулеметтер мен минометтерден атты. Демек, біз жақтан төбені алудан әлі үмітін үзген жоқ. Шабуыл қайта басталды.
Біз тағы күттік жауды. Ол тағы шапты.
Осы бір көктемнің ұзақ күнін пайдаланып біз жатқан биікке жау үш рет шабуыл жасады. Соңғы шабуыл кезінде біздің жартыдан астам адам қатардан шықты. Жау да көп шығынға ұшырады. Бірақ биікті ала алмады. Кешке қарай жаудың арт жағынан біздің дивизияның 19 полкы шабуыл жасап, бізбен кеп жалғасты. Жаудың айлалы, зұлым қоршауы ұзаққа бармады, өздері үшін олжа да болған жоқ. Пайдасыз қоршау жасап, көптеген адамынан айрылды, Қалғандары тоз-тоз боп, бейберекет шегінді. Бізден де шығын аз болған жоқ.
Жау бізді ала алмады. Біз бекінген биікті бермедік. Жау басқа бағытпен бейберекет шегіне түсті. Қашқан жауды қууды қоя тұрып, алдымен жаралыларды жөнелттік. Тұтқындарды да жібердік.
Өзіміздің жігіттер келді. Көптен көріспеген, әбден сағынған туысқандарша бір-бірімізбен құшақтасып көрістік. Сүйісіп жатырмыз. Аң-таң боп бір-біріміздің бетімізге қараймыз. Көрерге түр жоқ. Бет-ауыз сағал-сағал, жылтырап көз ғана көрінеді. Басым айналып, көз алдым тұнып тұр. Байқаймын таныс жігіттердің біразы-ақ көрінбейді. Полк туын штаб бастығының орынбасарына тапсырдық. Өйткені майор Ветков госпитальге кетіп бара жатқанда:
— Саған көп рақмет айтамын! Туды менің орынбасарыма тапсырарсың! — деп еді.
Көктем күні қанталап батты. Көкжиектегі қара сұр бұлттар күннің кешкі нұрымен қоңырқай қызғылт түске боянды, ақ шарбы жиектері көктемде еріп жатқан көпіршік ұлпа қар тәрізді боп, үлпілдек қызыл орамалдың жиегіне ұқсап ол да қызарды. Кейде осы көріністер ақ ұлпа қардың үстіне шашылған қан сияқты боп, алау тартып, шымқайланып кетеді. Көктем күні батып барады. Мен оған қарап тұрмын. Өз ойымша басқалар тәрізді менің де бет-аузым сағал-сағал, баттасқан кір, топырақ, шаң-тозаң болса керек. Киімімнен, тұлғамнан, дауысымнан танымаса мені ешкім танымас та еді. Ерінім кезеріп, жарылып кетсе керек, қайта-қайта тіліммен жалаймын. Аузыма шақырлаған құм мен топырақ толады. Байқамай ерінімді тағы жалап, тісімнің арасында шақырлаған құмды қайта түкіріп тастаймын. Тамағым құрғап, жұтындырмайды. Шаң-тозаң басқан бетім де қызынып, ду-ду етеді. Басым мең-зең. Қулағым шуылдайды, әлі атыс боп жатқандай-ақ алақтап, жан-жағыма қарадым. Батыс жақтағы қызыл жолақ болмаса, басқа жаққа қою қараңғылық түсіпті.
Солдаттар күн ұзаққа нәр татпады. Асхана жаңа ғана келген екен, бақыраштарды салдырлатып, екі солдат саяға қарай жөнелді. Екеуінің қолында төрт-төрттен сегіз котелок бар екен. Енді ғана ойыма түсті. Взводтағы отыз шақты адамнан сегіз-ақ адам қалғаны ғой. Басқалары өлген, жараланған. Көптен бергі әрі аға, әрі жолдас Нәлқара да жоқ. Жаудың үшінші, соңғы шабуылы кезінде жаралы болған екен.
Байқамай ерінімді тағы да жалап қалдым. Тісім-тісіме тигенде құм шықыр-шықыр етті. Түкірігімді жұта алмай, тағы тастадым. Тамағым құрғап қалған екен, жұтына алмадым.
Бір мезет есім ауып кеткендей болды. Тұрған жерім төңкеріліп кеткен екен деп ойладым. Аяғым аспанға қарап қалғандай сезіндім. Қолыммен қарманып, окоптың жиегін тырналай бердім. Көзімді жұмдым. Қайта аштым. Буындарым құрысып қалған екен, орнымнан қозғала алмадым. Маған бірдеңе керек сияқты. Сұрағым келеді. Есіме түсіре алмадым.
Арса-арса боп бұзылған, құлаған окоптың жиегіне сүйеніп отыра кеттім. Көз алдым тұнып, қарауытып кетті. Окоптың ернеуіне жармасып, топырағын қолыммен тырнап, орнымнан қайта тұрдым. Көзімді жұмып, окоптың ернеуінен ұстап, олай-бұлай жүрдім. Құлағым бұрынғыдан бетер шулап кетті. Тізем дірілдеп, окоптың жақтауына сүйеніп, қайта отырдым. Күндізгі қауырт кездің ауырлығы енді, арқаны аздап та болса жайбарақаттыққа салған кезде сезілді білем. Құлақтың шуылы, беттің алауы, бастың ауырғаны, шеке тамырдың зіркілдеп қатты соққаны басылмады.
— Жолдас лейтенант, су ішесіз бе? — деген дауысты естігенде барып, бағанадан бері не керек етіп тұрғаным есіме түсті.
Әлгіні айтқан солдат жоқ боп кетті.
Қолымды соза бердім. Солдат қолыма тастай суық, бірдеңені ұстата берді.
— Бұл не, бұл? — дедім.
Көз алдым тұман. Ештеңе көрмеймін.
— Су ғой, су, су құйған құты.
Саусақтарым дірілдеп, қолыммен қарманып, құтыны алдым да, тығыны алынған екен, аузынан жұта бастадым. Су сап-салқын екен. Күні бойы окоптың түбінде, сыз да дымқыл, салқын топырақтың астына көмулі жатқан құтыдағы су болар-ау, тас бұлақты жарып шыққандай. Өзі маған балмұздақтай тәтті көрінді. Мұздайлығына қарамай сылқылдатып жұта бердім, жұта бердім әлгі құтыдан. Көнім әбден кепкен екен, нақ бір зәмзәм суын ішкендей құнығып, рақаттана жұттым. Құтыдағы су мүлдем таусылғанда барып, бір-ақ дем алдым. «Уһ» деп күрсінген бойда маңдайымнан мұп-мұздай салқын тер бұрқ ете түсті. Жаңа ғана құныға ішкен салқын су табанда маңдайдан қайта шыққандай болды. Бір сәт көз алдым шырадай жанып сала берді. Бос құтыны қолыма ұстап, әлгі жауынгерге ұсына беріп:
— Рақмет саған, рақмет, суың салқын екен. Қайдан, қайдан алдың бұл суды? — дедім.
— Шөлдегенде ішсін деп әдейі сізге деп, бағана Нәлқара аға мұздай жердегі салқын құмға көміп кеткен еді. Арпалыста есімнен шығып кетіпті. Есіме жаңа түсті. Бәрібір сізге бұйырды.
Жаны ашыр жақсы ағаның есімін қайта естідім. Әлгі суды өз қолынан ішкендей-ақ оның қызыл күрең сүйкімді де мейірімді өңіне қарағым келді, күле қарағым келді. Бірақ амал жоқ, ол менің қасымда емес еді. Ол күндізгі ұрыстың кезінде жараланған. Жарасының қандай екенін де, қалай жараланғанын да есіме түсіре алмадым. Есіме оның өзі айта беретін «алтын күрегі» түсті. «Осы күрек мені үш рет өлімнен алып қалды». деп жанына байлап жүрген қол күрегін мақтаныш етуші еді. Онысы бұл жолы сақтай алмаған екен-ау.
Алтын күрек қашанғы сақтасын. Жау оның күрек байлаған жерін дәлдеп жата ма?
Есімді жиғанмен құлағым шуылдап, басым мең-зең боп тұр. Соның өзінде өз ойыма өзімнің күлкім келеді. Иә, алтын күрек оны қашанғы сақтасын. Мына Назаров кейде, өзінше көңілді жүрген шағында өзінің каскасын «алтын қалпағым» деп қоятын. Оның айтуынша каскасына талай оқ тиіп, тесе алмай тайып кеткен. Талай жарықшақ каскасына тиіп, жан-жаққа, быт-шыт болып ұшып кеткен. Бір сәтте дейді ол: «Алыстан әлсіреп келген адасқан оқ нақ қарыныма, кіндіктің түбінен тигені бар емес пе, өлдім деп ішімді ұстай бердім. Қарасам түк те жоқ. Сөйтсем, белдігімнің доғасына тиіпті де, ар жаққа өте алмай, ілініпті де қапты. Міне, нанбасаңыз, қараңыз!» деп бір ретте неміс винтовкасының жалғыз оғын көрсеткені бар.
Назаровқа салсаң оның белдігінің сары жезден жасаған доғасы да алтын. Бірақ, бүгінгі шайқаста «алтын күрек», «алтын қалпақ», «алтын доға» түгіл, одан да зор, кілең көк темірден жасаған танктың өзі ешкімге тұлға бола алмады. Танктер жанып кетті. Зеңбіректер қирап қалды.
Құлағым дың-дың етеді. Нәлқара жайын сұрап білгім келді. Есіме «алтын қалпақты» Назаров түсті. Қасымдағы жауынгерге қарадым.
— Назаров қайда?
— Анау отыр, шақырайын ба, жолдас лейтенант?
— Қайда, кәні?
— Анау, әні.
Көзімді әрең ашып, әлгі жауынгер көрсеткен жаққа қарадым. Көз алдымда адам емес, балшықтан жасап қойған әшейін бір қожалақ мүсін тұр.
— Кәні, Назаров қайсы?
— Анау отыр ғой.
— Дені сау ма, жаралы емес пе?
— Жоқ, сау. Оны алтын қалпағы тағы да сақтап қапты.
— Әй, алтын қалпақты жігіт, бері кел!
Қаңғалақтай басып, қасыма Назаров келді.
— Жолдас гвардия лейтенанты...
— Тоқта, аман қалдың ба?
— Сап-саумын, жолдас лейтенант?
Бетіне қарадым. Көзім бұлдырап тұрған маған болмаса, Назаровтың екі көзі жылтырап, сонау бір қараңғы түкпірде әлсіреп жанған қос шырақ тәрізді әрең-әрең көрінеді. Өзінше айтсам «алтын қалпағы» көзіне қарай бүтін қабағын жауып төмен түсіп кеткен. Беті сағал-сағал. Жоғарыдан төмен қарай аққан тердің айғыз-айғыз ізі жатыр. Ерні кезерген, түріңкі келген жағы тілім-тілім.
Назаровтың бетіне ұзақ қарадым. Менің өз түрім де қайбір жетісіп тұр дейсіз? Осы Назаровтың сиқы тәрізді болар. Мен оны аяп кеттім. Есіме бұдан бұрынғы оқиғалары да түсті. Бірақ соның өзінде мен оны аяп кеттім.
— Бұл жолы сені не сақтап қалды? — дедім сәл ғана езу тартып, жылылық көрсетпек болғандай. Бірақ ойлаймын аузым ырбиып, тісім ақсиып, түрім тоғайдағы қамыс арасынан көрінген мәлін тәрізді масқарадай шығар.
— Бұл жолы, жолдас лейтенант, нақ алтын қалпақтың өзі сақтады. Оқ пен жарықшақ төбеге тықылдап, кәдімгі жаңбырша жауды емес пе! Бұрын ойнап айтушы едім, бұл жолы бұл шын «алтын қалпақ» болды.
Ол каскасын қолына алып тізесіне қойды. Шашының астыңғы жағы, маңдайының жоғары жағы бір елідей аппақ ақ жолақ екен. Онысы көзім бұлдырап отырған маған әдепкіде маңдайдан шарт байлап алған ақ дәкеге ұқсады.
— Жарықшақ дегендеріңіз, тіпті белдіктің доғасы емес, шинельдің түймесіне тиіп те тоқтады ғой. Адам өлмейін десе қиын екен, жолдас лейтенант!
Дауысы бұрынғыдан да жарқындау шықты. Аяп кеттім оны. Бір жағынан өзімді аяйтын ешкім болмағансын аядым.
— Себепкер «алтын қалпағың» ба, немесе белдігіңнің алтын доғасы ма, шинеліңнің алтын түймесі ме, әйтеуір не де болса аман қалғаның оңды болған екен. Бүгінгі ұрыстан жараланбай қалғанына қарағанда тұла бойыңның бәрі алтынмен апталған, күміспен күптелген болар.
— Ондай артық алтынымды алып қойдыңыз ғой! — деді.
Менің де есіме сап ете түсті. Әлі ұмытпай жүр екен. Әдепкіде мүдіріп қалдым. Жауап түспеді ойыма.
— Ие, сен оны әлі ұмытқан жоқ па едің?
Қалтамнан орамал алып бет-аузымды сүрттім.
Назаров үндемеді.
— Сен оның несін ұмытпай жүрсің?
— Ұмыттым.
— Ие, ұмыт. Мен саған сонда-ақ айтқанмын. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деп аталарымыз дұрыс айтқан. Сенің ол жинағандарың алтын емес, көздің жасы ғой. Сенің ол алтыныңнан мына басыңдағы шойын қалпағын, жез доғаң, темір түймең артық.
Жаңа ішкен салқын судан ба, есім кіріп, кәдімгідей сергіп қалдым. Кеш түсіп келеді. Окоптың іші де салқын тартты.
— Сен мына менің қасыма келіп отыр.
Ол келіп жаныма отырды.
— Ертеде, — дедім тілім күрмеліп, дауысым әрең шықты, — жаугершілікке ұшырап, ел көшіп, ер қырылып, халық басына аштық-жалаңаштық түскен кезде біздің ата-бабаларымыз айтқан екен «алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деп. Солар айтқандай сенің сол арқалап жүргендерін, тас еді ғой.
Назаров үндеген жоқ. Мұнысы маған ұнамады.
— Сен өткенді ұмытсаң, мен айыбыңды кешем! — дедім.
— Ұмыттым дедім ғой.
Зорланып шықты дауысы.
— Онда мен айыбыңды кештім.
Қараңғы түсті. Екеуміз бір-бірімізді әрең көріп отырмыз.
— Нәлқара Сабалақовтың қалай жараланғанын көрдің бе?
— Көргені не, өзім жарты жолға дейін шығарып салдым. Жолда санитар қыз қарсы кездесті. Соған тапсырып қайттым. Рақметін айтып, жылап айырылысты.
— Оңды болған екен. Жарасы ауыр емес пе?
— Онша ауыр емес. Өз аяғынан кетті.
Менің басымда «өз аяғынан кетті» деген сөз көпке дейін ызыңдады да тұрды. Демек, жарасы жеңіл, кешікпей қайта оралады.
— Сенің анау айыбыңды айтқан Нәлқара емес. Ол ондай адам емес. Ешкім маған ешқандай сыбыс жеткізген жоқ. Сен мұны да біліп қой. Біл де, бәрін ұмыт.
— Ұмыттым дедім ғой, жолдас лейтенант.
— Дұрыс онда, жақсылап дем ал! Айтпақшы, бет-қол шаятын су бар ма?
— Бар, — деп құтыдан қолыма су құйды.
Беті-қолымды жудым.
— Рақмет саған, енді жақсылап дем ал! — дедім.
Ол кетіп қалды. Окоптың түп жағынан әлдекімнің ыңылдап салған баяу әні естілді:
Қараңғы түн,
Тек қана зулайды оқ маңайда!
Осы әуенді тыңдап отырып, қалғып кеттім. Ән басылмағандай құлақта ызыңдады да тұрды.
15
Бір тәулікке созылған толассыз шайқас есеңгіретіп кетіпті. Түні бойы бауырым қалшылдап, тула бойым дірілдеп шықты. Жөндеп ұйықтай алмадым. Көзімді жұмсам-ақ елес басып кетеді. Атылған оқ, жарылған снаряд, жанып жатқан танк, өлген адам, жаралы жауынгер, айқай-шу; бәрі көз алдымда тұрып алады. Көзімді ашсам төңірек қап-қараңғы, тұп-тұнық. Көзімді қайта жұмамын. Кірпігімді ілейін десем әлгі елестер көз алдыма қайта келеді. Мұнысы несі? Мен бұдан бұрын мұндай ұрыс, мұндай сүрең көрмеген бе едім? Жоқ, олай емес, шаршаған шығармын. Өйткені кешегі шайқас қатты болды. Жеңіске жетіп, алдынан алтын күрек желі соғып тұрған Армияның кішкене де болса бір бөлегінің қоршауда қалуы, оған қауіп төніп, жойылып кете жаздауы жай ғана нәрсе емес, көкірегіне жеңіс желі толған үміткер, талапты, алға басқандардың абыройы мен намысының шайқасы, жүйке мен жан шайқасы болатын.
Кім бар, жоғын енді ғана есіме түсіре бастады. Көп шығын бар. Жеңіс тағы бар.
Рамазанның да кешегі ұрыста, жаудың бізді қоршауға алған, сөйтіп, жойып жібермек болған кезіндегі шайқаста қайтыс болғанын келесі күні таңертең естідім. Ер жігіт, жақсы жігіт ұрыс даласында өлген екен. Енді оны қайда, қалай өліпті деп қазбалап жатудың орны бар ма? Қоршаудан босап, есімізді жияр-жимастан жаралыларды санбатқа жөнелттім. Ал өлгендерді қара жердің суық бауырына салдық. Тау бөктерінде борсықтың інінен шыққан жас топырақ сияқты томпайып-томпайып, әр жерде бір қабыр қалды. Соның бірі — баян тартатын әнші, композитор жігіттің дивизия жауынгерлері өзінің досы санаған, әркім өзіне жақын тартқан, жолдас санаған Рамазанның қабыры. Оны жерлеу кезінде қасында болдым. Жүзінен қаны қашып, аппақ шүберектей боп кетіпті. Астыңғы ернін жымыра тістеніп алған. Бірақ, жүзінде мұң кіреукесі, қайғы-қасірет ізі көрінбеді. Қатты шаршап-шалдыға келіп, әбден шөлдеп ұйықтаған жолаушы тәрізді екен. Жұрт топырақ салып жатқанда есіме қайдан сап ете қалғанын білмеймін, планшетімнен бір парақ ақ қағазды жыртып алдым да, қара қарындашпен былай деп жаздым:
Хабарсыз кетті дей көрме,
Өлді ол Пушкин тауында.
Атақсыз кетті дей көрме,
Кеткен жоқ кегі жауында.
Мұны жазарымды жазсам да не істерімді білмей, аңырып қалдым. Не етсем екен? Шинелінің қалтасына салайын ба, әлде хатпен қосып, еліне, ағайын-туысына жіберейін бе? Қолымдағы бір жапырақ қағазды біресе бүктеп, біресе қайта жайып, аз аңырдым. Неде болса қабырға тастағым келді. Бірге жатсын, бірге қалсын. Осымен бірге көмейге сөз де келді:
— Ардақты әнші аға, саған туған жердің топырағы бұйырмады. Мына біраз сөз бен бір жапырақ ақ қағаз туған жерін Көкшеде өскен ақ қайыңның жалғыз жапырағындай боп, сенімен бірге жатсын! — деп, қағазды қайтадан төрт бүктеп, әлі беті жабылмаған қабырдың ішіне лақтырып жібердім.
Төрт бүктелгенде жас баланың алақанындай ғана болған ақ қағаз ағаштан үзіліп түскен күзгі жапырақтай пәтпелек ойнап, қанаты дірілдеп ұясына қонған ақ көгершін тәрізді сусылдап барып, өлген солдаттың көкірегіне түсті. Көзіме жас келді. Көз жасымды ешкімге көрсеткім келмегендей теріс айнала бердім.
— Отделение, залпом пли! — деген кіші сержанттың шіңкілдек даусы шықты.
Мылтық атылды. Аспанға атылған мылтықтың оқтары шыңылдап алыс кетті. Әлдекім ракетницадан атқан екен. Оқтар көрінбей кетсе де, қызыл ракета аспанда шарықтап біраз тұрды да биікте сөнді.
Қабырдың бетін асығыс жауып, батысқа қарай жүріп кеттік. Тау баурайында томпайып жас қабыр қала берді. Өмір деген қызық екен-ау деп ойлаймын. Бұдан аз-ақ бұрын қасымызда жүрген адам ғайып болды. Көзден кеткені көңілден кеткені екен ғой... Суық жердің қойнында Жатқан азамат жайлы «Сондай бір жігіт болып еді» дейтін елес бар. Бұдан басқасы әлі күңгірт, кешке қарай қалың бұлтқа батқан күн сияқты сұрқай.
Артыма қарамадым. Кешегі қан тегіс болған қоңыр төбенің бауырынан, Пушкин тауларының бір сілемінен алыстап барамын. Алғашқыда басыма ештеңе түспеді. Әлгідегі атылған мылтық даусынан құлағым қайта шуылдап келеді. Едәуір жүрдік. Ойымды жинап, тағы кешегі ұрысты, жаңа жерленген Рамазанды есіме алдым. Ұзаған сайын есіме әлгі бір кездегі жалғыз шумақ өлеңнің жалғасы түсіп, мазалай берді. Ішімнен күбірлеп келем. Отыра қалып жазғым келеді. Отыру қайда? Батысқа қарай, қашқан жаудың соңына түскен, дүрбелең кетіп бара жатқан қалың қолдың қимылы сені отырғызу түгіл, жан-жағына дұрыстап зер салғызар да емес. Сай-саламен, орман арасымен, тау қияларымен жосылып, үрдіс келеміз. Бәрібір ойлап келем. Менің ойымды бұзған өзімнің қарауымдағы аз адамның бірі, өрімдей жас солдаттың сыңғырлаған бала даусы еді:
— Жолдас лейтенант, мына бір қағаздар бағанағы жерленген солдаттардың документтері еді. Кімге бер деп бұйырасыз? — деді.
— Документтерді, ордендер мен медальдарды рота старшинасына бер, ал жеке хаттар болса, оны кешке қарай почтаға тапсыр!
— Сыртында конверті де, адресі де жоқ бір хат бар. Оны қайтем?
— Кімнің хаты екені белгілі ме?
— Соңғы жерленген, әлгі ән шығаратын Рамазан ағайдың төс қалтасынан алдық.
— Маған бере тұршы! — деп қолымды создым.
Ондағы ойым қазіргі қиялыма, ол туралы ойыма дәнекер, сүйеу болар бірдеңе іздеу және адресін тауып жөніне жіберу еді. Бірақ хаттан ондай ештеңе таба алмадым. Хат үйге, семьяға жазылған, анаға арналған хат екен. Дегенмен мені таң қалдырған жайлар болды. Ол хатын «ардақты анам» деп бастапты. Бұл кім? «Ардақты ана» деп кімді айтып отыр ол?
Әрине, Рамазанның барлық өмір тарихын жақсы білетін мен сияқты адамның қай-қайсысы болса да бұл сұрақты қойған болар еді.
Ардақты ана! Зейнеп пе, Сабира ма? Мұның екеуі де ана, қос ана, бір баланың екі анасы, жігіттің екі анасы болған. Екі бірдей ана ұлым деген арыс еді ол бір. Қайсысына, қай анаға жазды екен? Бұл баяғы, Милқайдардың ауылында қалған, жеті жасынан көрмеген, өңі-түсін ұмытып қалған, бірақ ақ сүтін берген, туған анасы Сабира ма, жоқ әлде тумаса да туғандай боп, асыраған, өсірген, өз ұлындай тәрбие, тәлім берген Зейнеп пе?
Мұның екеуі де Рамазанның «ардақты анам» деп айтуына тұратын жандар. Сабира бауырына басып отырған жалғыз ұлы, тұла бойы тұңғышы Рамазаннан айрылып қалса, оған ең алдымен заман, уақыт, сол кездегі тұрмыс-жағдай кінәлі болатын. Туған ананы жоқтатпай, өгей шеше екенін білдірмей білсе де, өз баласындай бауырына басқан, маңдайынан сипаған, мейірімді ана Зейнептің кінәсі бар ма еді?
Жорықта жүріп келе жатып, хатқа бастан-аяқ көз жүгіртіп өттім. Хат Зейнепке, Көкшетауға, оның ішінде Бұландыдағы Құдықағашта тұратын екінші анасына жазылған екен.
«...Ардақты анам, кішкентай Алмашым, сағындым-ау сендерді, сағындым, қатты сағынып жүрмін. Жорық кезінде, шабуылға шыққанда қатты шөлдеймін. Сол кезде сендерді есіме ап, ойлаймын, өзімше сендерді кезекпе-кезек құшақтап сүйемін. Шөлім басылып, сусыным қанғандай болады, көзім шырадай жанады.
Батысқа қарай, сендерден ұзап барамыз. Бірақ біздің алыстағанымыз үйге баратын, туған жерге оралатын күнді жақындатқанымыз ғой. Сол күнді күте беріңдер!
Сендерді көп ойлаймын. Апа, жайларың қандай, тұрмыс қалай, Алмаш қалай өсіп келеді, музыкант бола ала ма, оқуды қалай оқиды? Міне, осының бәрі мені ойлантады, толғатпады. Кейде ойлаймын, соғыс болып жатқаны болмаса, ел жайы жаман емес шығар деймін.
Ел іші қазір молшылық қой. Соғыс біткесін бұл қиындықты да ұмытамыз. Алда жақсы күндер болады.
Апа, Алмаш екеуің анда-санда әкейдің моласына барып, басындағы құлпытастың шаң-тозаңын сүртіп, тазалап тұрыңдар! Өлі де болса әке, өлі де болса аруақ: Ержан аштан өлсе де, артына ұрпағын тастап, баласын тірі қалдырып кеткенін ел-жұрт білсін. Соғысқа кетердің алдында тапқан-таянғанымды жинап, тыраштанып жүріп, басына құлпытас қойғанымда да, мен осыны ойлаған едім.
Ой демекші, апашым-ау, ойым, арманым көп әлі. Ең алдымен сені бақытты етсем деймін. Қартайған кезіңде еш нәрсеге алаңдамай, алым-берім өмір кешсең жетер еді-ау! Алмашты Алматыға, өзімнің қолыма алып оқытсам деймін. Ол музыкалық жоғары білім алса қандай оңды болар еді. Алмаш тамаша музыкант болып, мен шығарған әндерді ойнап отырса, мен оны тыңдап отырсам. Төбем көкке жетпес пе еді? Немесе, ол рояльмен мені сүйемелдеп отырса, мен баянмен әндерімді орындасам қандай жарасып тұрар еді? Бақыт деген сол да, қуаныш деген осы да. Біз өмірден осындай кішкене ғана нәрселер күткен жандармыз.
Сырымды сен екеуіңе айтпағанда кімге айтамын? Апа-ау, Алмаш-ау, менде бұдан басқа да арман, қиял бар. Осы соғыстан аман қайтсам, ең алдымен ерлік туралы, өлім мен өмір, ол екеуінің бітіспес айқасы, мәңгілік күресі, өмірдің жеңімпаз күші жайлы үлкен бір шығарма, опера ма, симфония ма жазсам деп армандаймын. Бұдан соң өзімнің аруақты бабам Біржан әндерінің сарынымен бір опера жазсам деймін.
Ал осындай арманымды орындау үшін ең алдымен сен екеуіңді аман-сау көруім керек. Қазіргі ең басты мәселе Отанды, елді сақтау. Біздің мұндағы табысымызды,. жеңіспен алға кетіп бара жатқанымызды өздерін газеттерден, радиодан, күнделікті хабардан біліп отырған шығарсыңдар! Оны қайталағым келмейді. Бір сөзбен айтқанда алға басып барамыз. Жау өліспей беріспестей қарсылықтар көрсетеді.
Апа, қазір біз Пушкин таулары деген аласалау, шағын бір таудың түбінде турмыз. Күнде ерте тұрып әлгі таудың басына, түр-тұлғасына қараймын. Өйткені, көктігі қалың қарағайы — тіпті тағы біраз пошымы аумаған біздің Көкше! Мұның Пушкин таулары деп аталатын себебі — бір кезде осында Пушкин тұрыпты. Кейін ақын өлгенсін, күйеуін аза тұтып, осы жерде екі жылдай Наталья Гончарова, — Пушкиннің әйелі тұрған. Одан соң ақынның баласы Григорий Пушкин де осында тұрыпты. Олардың осында үй-жайы, жері болған...
Біздің Көкшеге көп ұқсас. Сол ұқсастықты есіме алсам ойыма тағы да сендер, Алмаш екеуің түсесіңдер. Көкшені көргендей боп, ет-бауырым езіліп, егіле көп қараймын...
Қараған сайын есіме тағы да сендер түсесіңдер. Бұл сол әлгі айтқан сағыныштың белгісі болар.
Көріскенше сау-саламат болыңдар!
Хат жазушы балаң Рамазан Ержанұлы Елебаев».
Кешегі болған қырғын ұрыстың алдындағы толаста жазса керек, Рамазан хатты едәуір ұзақ жазыпты.
Хатты жас солдатқа қайта беріп жатып:
— Адресін жаздым. Бұл хатты да жөнелте бер! — дедім.
Мұны айтарымды айтсам да, сол хаттың аяғына көкейде келе жатқан ойымды, бағанағы жалғыз шумақ өлеңді қоса жазғым келді. Бірақ жазбадым, жазуға уақыт та болмады.
Хабарсыз кетті дей көрме,
Өлді ол Пушкин тауында.
Атақсыз кетті дей көрме,
Кеткен жоқ кегі жауында.
Жорықтамыз. Осы жалғыз шумақты қайталап, күбірлеп қоям.
Жүріп келеміз. Қарсы алдымыздан көктемнің майда қоңыр желі есіп тұр. Нағыз көктем желі жұмсақ бетті өпкендей жайлы, жеңіл жел. Біздің жақта, Қаратау, Сыр бойында бұл желді «Алтын күрек» деп атайды. Алтын күрек десе алтын күрек. Бұл желден соң жерде қар мен мұз түгіл, тон мен сыздың өзі қалмайды. Алтын күрек — көктемнің, нағыз көктемнің басы, бұдан соң Қаратау елі қосқа шығады. Оның алдында бір қазанға қырық түрлі дәм тастап, наурыз көже береді, шүлен тарқатады. Қыс қамын жасап егін егеді. Алтын күректен соң ел етегін, кеңге салып, жайраңдай бастайды. Өйткені бұдан соң көктем келеді, артынан жаз шығады.
Алтын күрек соғып тұр. Көңілге болмаса таңертеңгіден де жылылау, тіпті ыстық жел соқты. Пушкин таулары қыс қыспағынан, тоң шеңберінен босанып, жаңа ғана бусанғандай, көгілдір тартып мұнары көбейе түсіп, алыс қап барады.
Алтын күрек нақ маңдай алдымыздан соғып тұр. Неге екенін білмеймін осы бір ыстық жел көңілімді өсіре түскендей қиялдап келем. Мына жел маған көктем желі, өз ауылымдағы алтын күрек болумен қатар, жеңіс желі тәрізді боп еседі. Бір сәт шалқып кеттім. Маңдайым жіпсіп, арқам шып-шып терлеп, бойым жадырай бастады. Маңдайымды сүртіп төңірекке көз тастадым. Артынша жаңа бір көңілсіздік басты. Оны есіме алдым. Әнші аға, жақсы дос Рамазанның бетін суық топырақ бүркеді, ол өлді. Енді мынау жеңіс желі соғып тұр. Ол осы жеңіл, жүректі қытықтаған ыстық желді жұта алмады. Ол майдан даласында ерлік қазаға ұшырады. Артынша алтын күрек соқты.
Пушкин тауларының бауырында қалған жас қабыр кішкене де болса, алыстан қарауытады. Жолда, тау бөктерінде кетіп бара жатқан бейсауат жолаушы назарын өзіне аудара алар ма? Әттең, уақыт тығыз, жүріс қауырт болды. Олай болмағанда басына көк тас, құлпытас болмаса да, жай бір тақтайдан, әшейін бір темірден белгі қойып, оған мынадай сөз жазса қандай болар еді: «Әй, жолаушы! Тоқта, азамат, мына жерден өтерде бұрылмай кетпе! Мойныңды бұрып, бейіт басына тоқтап, басыңнан бас киіміңді ал, тізеңді бүк, мына жерде Отанды қорғаған, елді қорғаған жақсы азамат, ер жігіт жатыр. Ол осы тұрған сенің, бала-шаға, қатын-қалаш, туған-туысың, үрім-бұтағың үшін жанын қиды. Ақын жанды әнші азамат еді. Құйқылжытып әдемі де, әсем де ән шығаратын. Оның көкірегі толған арман, толған қиял, толған үміт еді. Оның бәрін ол саған, маған, оған мұра етіп, мұрат тұт деп әдейі тастап кетті. Тоқтағанда алдымен осыны есіңе ал! Ол жер сұлуы — Көкшетауда туған еді. Ол сондай бір сұлу жер Пушкин тауында өлді. Сен оны ая! Сен оны құрметте! Қайырыла кет, көктем болса басына бір шоқ, ең болмаса бір тал дала гүлін тастай кет! Жаз болса, ақ қайыңның сарғыш тартқан алтын түстес жапырағын таста! Құз болса, бір уыс топырақ тастап, қабырды жаңарта кет! Ал, қыс болса, басына қарағайдың мәңгі көк бір тал бұтағын ие кет, үзіп тастай сал! Ал, тіпті ештеңе таба алмасаң, қолыңа ештеңе түспесе, жанына жақын кеп, тізеңді бүк, бас киіміңді алып, басыңды төмен и! Ол жатқан бауыры суық қара жердің сызына тізеңді тигізіп, аз да болса сабыр етіп, үнсіз отыр. Қайда, кімге, неге бас иіп, кімнің алдында тізеңді бүгіп отырғаның сонда ғана есіне түседі. Қысқасын айтсам, жолаушы азамат, уақытыңды қиып, қайырыла кет!... Ол да сен сияқты жер бетінде қалбалақтап жүруді жақсы көретін. Оның да жар сүйіп, бала өсіріп, артына ұрпақ қалдырғысы келетін. Ол да басқалар сияқты ұзақ өмір сүріп, көпті көргісі, әр нәрсені білгісі келетін. Қайырыла кет, жалғызсырап жатпасын, қайырыла кет! Тізеңді бүк, басыңды и! Жер бетіндегі сен сияқты қыбырлап, тірлік етіп жүрген пенделердің бағына, болашағына, соның үрім-бұтағына бола жанын қиған азаматқа, оның жалғыз зиратына зер сала кет!
Ей, жолаушы, ей, азамат, тоқта! Сенің жүрегің бүлкілдеп соғып тұр ма? Ие, сондай бүлкілдеп соғатын жылы жүрек мына қабырда жатқан жауынгерде де болатын. Сенің қаның ыстық па, нақ сондай ыстық қан мына жатқан жігіттің де тамырында тынымсыз жүретін. Оның жүрегі тоқтады, қаны төгілді. Бірақ, соның есесіне сенің жүрегің соғады, сенің бойыңда ыстық қан бар. Мұны да біліп қой! Біліп қоймай, осы зираттың қасынан өткенде бәрін есіне түсір! Тәубеге кел! Тәуеп ет! Басыңды иіп тәжім ет!»
Осылайша жазып кетсем деп едім. Оған уақыт болды ма? Жалғыз бұл ғана емес, осы соғыста, Отанды, елді қорғауда шыбын жанын пида еткен әрбір солдаттың қабырының басында осындай сөздер жазылса артық болар ма еді. Жоқ, артық емес, қайта жарасып турар еді, оған уақыт болды ма? Бірақ әрбір жас, әрбір саналы азамат мұндай сөзді өз көкірегінің көзіне жазса артық емес. Көңіл көзінде тұрған осындай сөздер мынадай қабырға кезіккенде есіне еріксіз түседі. Бұған да келістім, көкірекке, көңіл көзіне жазайық!
Асығыспыз. Қашқан жауды кім қуады? Өлгеннің кегін кім алады? Мына шақтың басты сұрағы міне, осы ғой.
Жау жаралы болған аң секілді, жолға қанын тамшылатып, едәуір алыс кетіпті. Жаралы аң әдетте қатерлі де, елермен келеді. Жүріп келеміз. Әркімнің өзіне берілген белгілі бағыты бар. Сол бағытты бетке ұстап жүріп келеміз. Алдымызда Отанымыздың шекарасы, литвалық, латыш, эстон туысқандар бізге өз еркімен қосылғанға дейінгі шекара бар. Бірінші меже сол шекара. Сонда барып бір-ақ тоқтамақпыз. Жаудың да оған дейін бекінетіндей ниеті жоқ сияқты. Бораннан ыққан малдай боп жосып барады.
Картаға қарадым. Бұрынғы шекараның екі жақ бетінде ескі бекіністер бар екен. Жаудың ендігі Тоқтар жері сол болар деймін. Шекара болғанда ол сіздің үй мен біздің үйдің шекарасы емес. Отанның шекарасы. Туған жердің жат жермен шекарасы. Ол бір қасиеті мол, ата қоныстың, елдіктің шекарасы.
Топтың орта шенінде, бір бүйіріммен келе жатырмын. Ойлап келем. Есімнен ең соңғы көмген солдат — Рамазан шығар емес. Әсіресе, оның қабырына тастаған жалғыз шумақ солдат өлеңінің жалғасын іздеп келем. Ойыма басқа ештеңе түспейді. Соны қайта-қайта айтамын. Бір кезде жолдарын ауыстырып:
Хабарсыз кетті дей көрме,
Кеткен жоқ кегі жауында.
Атақсыз кетті дей көрме,
Жатыр ол Пушкин тауында! —
деп қайталадым.
Мұным өзіме ұнап кетті. Іштен айтып, ермек сияқты ыңылдап жүру үшін де керек пе деп қалдым. Өлең — ермек, өлең — серік, өлең — сүйеу. Жалғыз шумақ өлеңді қайта-қайта айтамын. Іштен айтам. Көкірегім күңгірлейді. Сол күңгір маған ұнайды. Әлгі жолдарды ішімнен тағы айттым.
Бұл бір ақындықтан туған өлең емес, қайта амалсыздықтан, көкейде сайраған, бірақ тіл жеткізіп айта алмаған ойды жеткіземін деген шарасыздықтан туған шумақ. Менің халқым, ата-бабам табиғатында ақын болған. Қысылшаң жерде екі сөздің басын құрастырып, оған ұйқас тауып «әу» деп жөнелмейтін қазақ аз. Хат таныған қазақ ең алдымен екі ауыз өлең жазып мадақтанады. Сүйген қызына деген көңіл күйін, сүйіспендік сырын өлеңмен айтпаған қазақ тағы жоқ. Мен сол қазақтың ұрпағымын. Атадан балаға қалған кәрі аруақтың сол мұрасы менде де бар екен. Бір-ақ шумақ өлең жаздым. Енді соның аяғын іздеп келем. Оның жалғасы да мына келе жатқан жорық тәрізді ұзақ екен, алыс көрінді. Орман кезіп, батпақты басып, белдерден астық. Межелі жер, дітке алған шекара әлі жоқ.
Алтын күрек бәсеңдеген жоқ. Жылы жел тершіген маңдайды сипап құрғатады. Жел құрғатқан бетте түтігіп сор қалады. Бетіңді сипай қалсаң, алақаның тұз боп шыға келеді.
Күн көтеріліп, өз биігіне шықты. Алтын күрек басылған жоқ. Бір кезде:
— Шеп құрып, жатыңдар! — деген команда берілді.
— Шеп құрып, жатыңдар! — деп бірден-бірге қайталап, топтан топқа хабар берілді.
Жеткен жерімізге жата-жата қалдық.
Әлдекім көрші рота, взводтың бірінен ғой деймін, бұрынғы шекараны көргенде жатқан жерінен қайта тұрып, екі қолын ербеңдетіп:
— Ура, жолдастар, шекараны қара, шекараны! — деді.
Екі қолын төбесінен жоғары көтеріп, алға қарай ұмытылып барды да, қалпақтай ұшты. Шамасы, жаудың мергені басып салды ғой деймін.
Кейде қуаныштың өзің айқайламай, жауға жария етпей-ақ, іштен, жүректен сезінген де абзал ғой деймін.
Жатқан бойда алдыма, жау осы жақта болар деген бағытқа қарадым. Ешкім көрінбеді. Бірақ әскер тілімен айтқанда, «Бір бросоктай» жерде бір жағына қарай сәл ғана қисайып, ескі шекараның қара ала ағашы тұр екен. Көзіме оттай басылды. 1941 жылы да нақ осындай ағаштың түбінде аз аялдап, шығысқа қарай шегінгенім бар. Міне, енді, 1944 жылы сондай ағаштың түбіне қайта кеп аялдадым. Бұл жолғы бағытым батыс. Бір мезет, нақ бір соғыс біткендей, межелі жерге жеткендей жақсы сезім биледі. Алтын күректің жылы лебін судай сіміріп жұта бердім.
Бұл жерде сонау жылдары қарауыл тұрған. Осы жердің әрбір талын, бұтасын, сайы мен сағасын, ойы-қырын күзетіп, арнаулы солдат тұрған. Күндіз демей, түн демен күзеткен. Қырықтан жоғары асқан аяз да, шілденің ыстығында да бұл жерден мылтықты көлденең ұстаған жауынгер кеткен емес. Бір кез осылайша қасиетпен күзетілген жердің қазір жау шауып кеткен ауылдың жұртта қалған сырығындай боп қаңқиып қалғаны көңілге тағы бір жабырқау әкелгені бар. Дегенмен, осыдан әрі тереңдеп ойламауға бекіндім. Болмады. Қиялды басқа бағытқа, ескі сарынға жетелей түстім. Оның жалғыз шумақ өлеңім ғой.
Ойыма жалғыз шумақ өлеңім түскенде көңіл тағы жабырқап, басқа сарынға қайта түстім. Планшеткадан ақ қағаз алып, қайта-қайта өшіріп, жаза бердім. Таңертеңнен бері қинаған ойдың түйіні мынадай боп шықты; оны мен Абай сазымен, Татьяна салған әнмен айттым. Өйткені жаман да болса, бұл да Пушкин атына байланысты, Пушкин тауларының бауырында туған еді:
Хабарсыз кетті дей көрме,
Өлді ол Пушкин тауында.
Атақсыз кетті дей көрме,
Кеткен жоқ кегі жауында.
Хабарсыз кетті дей көрме,
Бір кеткесін ол келмес,
Атақсыз кетті дей көрме,
Ер жігіттің аты өлмес.
Хабарсыз кетті дей көрме,
Жүректен тиген жалғыз оқ.
Атақсыз кетті дей көрме,
Қапыда босқа өлген жоқ.
Хабарсыз кетті дей көрме,
Одан жаман ат болмас,
Атақсыз кетті дей көрме,
Одан өткен дат болмас.
Хабарсыз кетті дей көрме,
Кеткен жоқ, кегі жауында,
Атақсыз кетті дей көрме,
Жатыр ол Пушкин тауында...
Өзіне лайық сазын тапқасын бұрынғыдан бетер қайталап, ішімнен сан рет айттым. Әрбір шумақты жеке-жеке қайталадым.
Бұл бес шумақ, жиырма жол өлең менің майданда шығарған алғашқы творчеством болғасын шығар, өзіме аса қызықты да, тапқырлық та боп көрінді. Қайталай бердім. Кейде дыбысымды шығарып, ыңылдап қоямын. Көктем желіне қарай көкірегін ашып тастап, жеңістен кейін ауылына, туған жеріне қайтып келе жатқан солдат тәрізді бір көңілділік билеп кетті білем. Басынан түсіп, өлеңді қайта бастадым. Тап-таза етіп басқа қағазға көшіріп қойғым келді.
Талай қағазды шимайлап, талайын сан рет жыртып, ақырында бір бет ақ қағазға, тап-таза, қолмен тізген моншақтай етіп, осы бес шумақ өлеңді көшірдім.
Етпеттеп жатып жаздым. Әріптер тізіліп әдемі жазылды. Өз жазуыма өзім қызығам. Маған соғыс алдында бір қыздың айтқаны бар: хатты сурет салғандай етіп, әдемі жазады екенсіз, соған қарағанда ақылыңыз аз болар деген-ді. Шынында да менің ақылым шамалы болса керек, жазбаймын, сурет саламын, тіземін. Әрбір әріптен соң, қолымды көтеріп қойып, жазған әрбір әрібімді қызықтап, өзіме-өзім тамсанып қоямын. Әлгі қыздың айтуына қарағанда ақылды адам ойындағысын айтып үлгіре алмай, өзін-өзі тежеуге шамасы келмей, төпеп жазса керек. Әрпін емес, ойын санап жазғансын, жазуы қисық-қыңыр түсіп, қолы танығысыз болады-мыс. Сөйтіп, сол қыз данышпан мен ақымақты қолынан, жазуынан ажырататын еді. Ал, сол қыздың, ең алғашқы рет мен хат жазған қыздың айтқаны рас болса, ол біліп айтса, мен ақымақпын. Бірінен соң бірі төгіліп, өзінен-өзі құйылып жатқан ойын қаламы мен қағазына сыйғыза алмай, тышқанның ізіндей иректер салатын данышпан қашан болар екенмін деп қоямын. Жоқ, ол менің қолымнан келмейді. Өйткені менің тым әдемі жазғым келеді. Өзім ақ көңілмін. Ешкімді шатастырғым, басын қатырғым келмейді. Жазған хатымды алып, не жазғанымды шығара алмай, ежіктеп, ежелеп отырса о да қорлық. Менің ақылымнан пайда көрудің орнына, қолымды тани алмай, азап шегіп отырса, менің данышпандығымнан не пайда? Менің бір досымның жазғанын өзінен басқа ешкім танымайтын. Ал ол данышпан, мен ақымақ болсам, онда данышпандық дегеннің өзі тым құпия сырлы, ешкім ештеңесін ұқпайтын қараңғы нәрсе болғаны ма? Әлде ақылдылық пен ақымақтық арасы қарыс сүйем ғана нәрсе ме? Жазғандарының түсініксіздігі болмаса, әлгі достың өз басының менен артық ештеңесі көрінбейді.
Ақ қағазға қолмен тізген маржандай етіп, әдемілеп көшірдім де, өз жазғанымды өзім қайта-қайта оқып, аяттай-ақ жаттай бастадым. «Хабарсыз кетті дей көрме», — деп басталатын әрбір шумақтың басталуы да маған әдемі көрінеді. Осы мен естіп жүріп ақын боп кетпесем бе екен деймін. Бірақ жазуы әдемі, ақымақ адам ақын бола ала ма екен? Ақымақтың ақын болғаны қандай болады екен, оны да байқап көргім келеді. Өз өлеңімді өзім жаттап, өзімше мәз боп жатырмын.
Ақындық жайында да аздаған түсінігім бар. Менің білуімше ақын басқа адамның тіл жеткізіп айта алмайтын нәрсесін айтатын, біреулердің көкірегінде сайрап тұрған, бірақ сөзімен айтып бере алмайтын ойын түйіп бере алатын адам. Ақын сөзі жүректі жылытатын, бойды билейтін сөз. Ол сөздің алтыны мен күмісін қолмен тергендей етіп, ойымен теретін зергер. Ие, өте дұрыс ой. Дәл түсіп айттым. Ақын — сөз зергері. Сөзден, кәдімгі қарапайым сөздерден терең де, сырлы да, әсем де ой тізбектерін жасайды. Ақын да зергер сияқты бедер тапқыш, өрнек оятын, адам көзінің нұрын келтіретін, жүректі дірілдетіп, бойды алатын әсем заттар соғады. Ақын арманшыл, қиялшыл, жүйрік ойдың тұлпары, ең болмағанда жел қуық байталдай «ал» дегенде аға жөнелетін, шыға шабатын жүйрік, ең болмағанда «лып» етпе, ұшқыр: «Ондай болу» маған қиын. Қолдан келмейді...
Менің жас баланың ойы сияқты жүйесіз, бірақ өзінше тәтті ойымды бұзған рота командирінің кезекті, жаңа командасы болды.
— Броском вперед! — деп ол сол жақтан айқай салды.
Мен оның командасын өзімше қайталап:
— Ориентир номер один, — бывший пограничный столб! Броском вперед! — деп мен де айқай салдым.
Ең алдымен өзім тұрып, жан ұшыра жүгіре жөнелдім. Жолда екі-үш рет жатып тұрып, жүгіріп келдім де ескі шекарадағы қара ала ағаштың діңгегін құша, түбіне жалп етіп құлай кеттім. Алыстан көрінгенде жіңішке болғанмен ағаш әдемі жонылған. Жұп-жуан, мұғал екен. Күтімсіздіктен бір жағына қарай аздап қисайғаны болмаса, түп жағы таспен, қалың цементпен шегенделген көрінеді, әлі берік тұр. Мойылдай қара бояумен, күмістей ақ сырмен сырланған екен. Бояуы әлі реңін бермеген. Төңірегіндегі бұрынғы ескі іздерді, сүрлеуді шөп басып кетіпті.
Бұрынғы шекара осы. Бір кезде нақ қазір менің бүлкілдеп тынышсыз соққан жүрегімнің астында сауыры дірілдеп жатқан бір бүршек суық жердің әрбір уыс топырағы қасиетті қанмен, әзіз жанмен, ақ ниетпен күзетілген. Бұл жер менің ата-бабам көп іздеп сарсаң болған кәдімгі «Жерұйықтың» шекарасы. Ие, таңданбай-ақ қойыңыз. Өйткені Жерұйық деген ол әркімнің туған жері, кәдімгі туған жер. Әрине, адам деген қызық та, кейде мүлде түсініксіз де жандар. Оның ішінде әлгі бір өзіміздің Асан деген атамыз бар ғой, ол бәрінен өткен қызық адам болған! Ол қызық болмаса желіде жатқан, еш нәрседен бейхабар күйсеп жатқан боз маяға, желмаяға мініп ап, дүниені шар кезіп, Жерұйықты іздер ме еді? «Мен! — депті ол, — мен өз ұрпағыма қой үстіне бозторғай жұмыртқа салатын заман орнатам, бейбіт қоныс, бай жайлау табам. Оның аты — Жерұйық. Сол Жерұйықты таппай қоймаймын». Сонымен әлгі шал сақалы желпеңдеп желмаямен желе берген, желе берген. Әрине, ниеті дұрыс. Оның осылайша желмаяның екі емшегінен сүтін ағызып, аңырата, боздата жүріп бармаған жері де жоқ.
Асанқайғы, оның желмаясы жайлы аңызды сонау кішкене күннен білемін. Біздің ауыл күзде Қаратаудан түсіп, қыстау үшін Көкше құмға келетін. Құмның бетінде қолдың басындай, баланың жұдырығындай боп, домалақ ақ балшық, тасқа айнала қоймаған бор топырақ, балық сүйектері жататын. Соны көрсетіп:
— Көке, мынау не? — дегенімізде.
— Бұл Асанқайғының желмаясының сүті ғой, — дейтін.
Біз аң-таң боламыз. Әкеміз шын ниетімен:
— Бұл Асанқайғы мінген желмаяның сүтіне иленіп қалған құм, топырақ. Асан елін бақытты ету үшін жайлы да, жақсы да қоныс іздеп, жер-көкті кезген. Ол ел үшін жас боталаған маясының ботасын тастап, өзін мінген. Содан желіні сыздаған мая Асан асында аңырап, емшегінен жып-жылы, ақ сүт сорғалап жүріпті. Мынау сол сүтке иленген балшық. Бұл қасиетті, киелі нәрсе. Біздің жеріміздегі көп қасиет осы Асан атына, оның емшегінен сүт аққан желмаясына байланысты.
Міне мен қазір сол Асанның желмаясы ақ сүтін төгіп өткен Көкшеқұм тәрізді жерді құшақтап жатырмын. Бұл да жер. Сүт төгілмесе де қан төгілгені аян. Бұл қан, талай қан, адам қаны төгілген жер. Демек, мұның да Асан атамның желмаясының ақ сүті төгілген сынды қасиеті бар. Сонымен Асан бәрібір өзі туған жерден артық, одан басқа ештеңе таба алмаған. Асанның көп жыл, көп уақыт босқа арам тер болғанын айта отырып, біздің ауылдың шалдары: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жер өзіміздің осы туған жеріміз ғой» деп отыратын. Меніңше де, бұдан басқа жер жоқ. Жерұйық — деген бекершілік, бос әуре. Ондай жер болған емес, болмайды да, — бұл адамға, адам баласына деген жақсы ниеттен, игі тілектен туған арман. Бұдан гөрі осы жер, осы қара ала ағаштың түбіндегі сасыған, қан иісі шыққан, тер төгілген, қарыстай қара құйқасын талай рет оқ тескен аядай жердің өзінде тыныс алған, көңірсіген топырағын иіскеген әлдеқайда артық.
Егер сенің осылайша айтуға батылдығың жетсе, бұл жер, осы жатқан жерің кәдімгі Жерұйықтың шекарасы.
Өйткені Жерұйықтың шеті әркімнің өз үйінің ошағының басынан басталатынын білген артық. Жерұйық — мына мен жатқан жерден, қара ала ағаштың түбінен басталады да, Аққолтықтағы біздің үйге дейін барады, одан соң әрі қарай созыла береді. Менің Жерұйық жайлы түсінігім осындай. Мен жасыра алмаймын, мен Асан шалдың ұрпағымын. Бірақ Асанның дәл өзі емеспін. Ие, Асан емеспін. Ал Асанның өте ақ көңіл, халқы үшін жанын берген адам екенін де жақсы білем. Жерұйық деген сол Асанның өзінен бастап әркімнің ең алғашқы рет жалаңаш жатқан, ит көйлегін жыртқан, әлі қытығы кетпеген табанымен топырағын басқан жері.
Басым мың-дың. Өлеңім бар, шекараға жеткенім бар. Бәрі араласып жатыр. Әйтеуір ойым әлем-тапырық.
Келесі бұйрықты күтіп, ескі шекарадағы қара ала ағаштың түбінде жата бердім. Алдымда нағыз шекара бар. Туысқан латыш халқының ата-мекен жері бар. Нақ сол жақтан, сол латыш жерінен, әлде теңізден бізге қарай, қарсы алдымыздан алтын күрек соғып тұр. Біздің елдің ырымында бұл қасиеті мол жақсы жел. Бұл көктемнің, нағыз көктемнің желі, нақ қазіргі менің ойымша жеңіс желі, жеңіс хабаршысы.
Бетімді, мойнымды, көйлегімнің жағасынан еніп, бүкіл денемді майда да жұмсақ жел қытықтайды, аймалап сүйеді. Бұл әлгі айтқан алтын күрек желі, қасиетті жел, көктем желі, жеңіс желі.
Бұл біздің қарсы алдымыздан, нақ маңдайдан алтын күрек соғып тұрған шақ еді.
Алтын күрек! Бұл менің сақамның тәйкесінен емес, нақ алшысынан тұрған шағы. Алтын күрек, алтын күрек! Бұл менің сонау сәби кезімнен таныс, құлағыма алғашқы сіңген сөздердің бірі. Бұл менің «ақсүйек», «қозы», «қыз доп», «бота», «лекеш», «тақия теппек», «әңгіртаяқ», «лақ», «соқыр теке», «нан», «құма доп» және асық ойындарының неше түрлерімен бірге білген сөзім. Содан да ол менің жүрегімді ерекше лүпілдетеді. Сақам күлімдеп, алшысынан тұр.
Қазір қара ала ағаштың түбінде етпеттеп жатырмын. Бүйрегім бүлкілдеп жүрегім дүк-дүк соғады. Сол бір сағат тіліндей тынымсыз соққан жүрегімнің астында от орнындай қара жер жатыр. Маған сол жердің де жүрегі діріл қағып, тынымсыз, толассыз соғатын тәрізді. Жер жүрегінің дүрсілімен бірге менің де жүрегім бүлкілдейді. Екеуі бірге, бір ырғақпен соғады. Менің келіп жеткен жерім, менің келіп жатқан жерім — Жерұйық. Бұдан артық Жерұйықты іздеу, әрине, әбес, талай-талай қан төгіліп, қара құйқасы қанмен суарылған, нелер-нелер тер төгіліп, кере қарыс қыртысы терге қанған, оқ пен отқа бірдей піскен аяздай жердің бетін аймалап соққан алтын күрек менің де жүрегімді толассыз ойлантады.
Мұны біздің ауылдың, біздің жердің алтын күрегі деу аз. Бұл меніңше, заманның, уақыттың, мерейдің, жеңістің алтын күрегі!
Соқ, соға түс, Алтын күрек!
16
Бұрынғы шекараның белгісі болған қара ала ағаштың түбінде едәуір жаттым. Маңдайдағы ащы тер басылып тұзды сорға айналған. Маңдайымды сипасам алақаныма сор үгіліп түседі. Тыныс алдық. Бірақ біздің жақ тым-тырыс. Қарсы жақта да үн жоқ. Ал сол жақ қанатта, бізден алысырақ өтетін үлкен қара жолдың бойында кәдімгідей-ақ шайқасып жатыр.
Әр жақтан, алыс-жақынғы өткен-кеткен жырынды ойлардан қиялым быт-шыт болды. Құлағым түрік. Атыс боп жатқан жақты тыңдап жатырмын. Ойлаймын, бізге не бұйрық, не команда жоғы қалай? Бізді ұмытып кетті ме екен. Біз мына жақтан тықсырсақ, қау-қаулап алға басып өтуміз керек қой. Әлде біздің алдымызда жатқан жау күшін шығынсыз-ақ, шабуылсыз-ақ анау жақтың да дүмпуімен көтеріп тастамақ па екен. Мұның бәрі басшылардың ойлайтын ісі. Мен сол басшылардың ойын ұқпақпын. Дәмем зор. Оның маған не қажеті бар екен?
Ойым тағы да үзіліп кетті. Сол жақ қанаттан, тіпті жақын жерден жау мен біздің ортамыздағы ашық алаңды бойлатып біреулер пулеметтен оқ атты. «Сендердің жатқан жерлеріңнің шегі осы ғой» дегендей нақ ортаны қақ жарып, отпен ұзын жол салып өтті. Біз көтеріле қалсақ, ол әлгіндей етіп атса, ең алдымен бізді жайпап салады. Бұл кім, біздің жігіттер ме, әлде жау ма?
— Мынау атып жатқан кім? Біліңдер! Кімдер?
Сол жақ қанатқа қарай айқай салдым.
Жатқан тіркес бойынша бірден-бірге қайталап, әлгі сұрау ұзап бара жатты. Жауап тез қайтты. Біздің адамдар екен. Жауға алыстан айбат көрсетіп, өздерінше «кетіңдер» деп жатқаны екен.
Оқтары далаға кетіп жатыр. Әрірек, жүз-жүз елу метрдей батысқа қарай атсын!
Қолма-қол берген заттай-ақ, ауызба-ауыз, бірден-бірге хабарланып жатыр.
Аз толастан соң оқ қайта атылды. Бұрынғыдан әлдеқайда әрі түсіп жатты. Алғашқыдан әлдеқайда дәлірек, нақ жау жатқан бекініске атылды. Мұнымен тұрмай біздің артымыздан, бұдан аз бұрын бекінісіміз болған Пушкин таулары жақтан бастан асыра зулатып, бір дүркін қып-қызыл отты төге салды. «Катюшадан» атты. Бір ақ дүркін атудың өзі жеткілікті болғаны сонша, қарсы алдымыз жалындаған өрт боп, көпке дейін жанып жатты.
— Өте дәл атты! — деп бір солдат мойнын созып алға қарап қойды.
— Қанша батыр болса да, мыналардың штанбаулары үзіліп кеткен болар! — деп біреуі рахаттана күлді.
— Мына «Катюшаның» атқыштары біздің Нәлқараша ататын мергендер екен! — деп біреу тағы да риза боп жатты және қазір қатарымызда жоқ атақты мергеннің есімін атады.
Бұл кім десем Назаров екен.
— Әй, сен не деп мәз боп жатырсың? — деп күле сөйледім.
— Кәдімгі біздің Нәл ағашы атады екен деп, мына «Катюшалардың» атқыштығына мүлде қатты риза боп жатырмын да...
— Өте жақсы атады, — деп оны мақұлдап қойдым.
Назаров әр нәрсені өзінше үйреніп, соғыстағы айла, алдын ала жасалатын қимылдардың бәрінің мәніне, артиллерия атқансын артынша не болатынына әбден қанығып алған әккі жауынгер. Ол әлгі атылған «Катюша» оғынан жанып жатқан жерге қарап жатты да, әлден уақытта маған қарап:
— Анау жанып жатқан от басылған бойда бұл жерден біз де көтерілетін болармыз, жолдас лейтенант.
— Оны қайдан біле қойдың?
— Әлгі пулемет, мынау «Катюша» бізге жол ашып жатпағанда не істеп жатыр дейсіз, жолдас лейтенант.
— Ойың дұрыс. Көреміз енді не боларын...
Мен ойымды айтып үлгерген жоқпын. Жақыннан гүрілдеген дауыс шықты. Жан-жағыма, одан соң аспанға қарадым. Әр тобы үш-үштен екі топ самолет төмен ұшып келеді екен. Төмен келеді. Біздің штурмовиктер екені даусынан-ақ белгілі. Немістер мұны «ұшатын танк» деп атаған. Сыртының бәрі көкпеңбек қатты темірден жасалған, анау-мынау оқ ала алмайтын айбынды самолет.
Аспанға қарадым. Жоғарыда әлгілерді қорғап, бір топ истребительдер айналып жүр екен.
ІІІтурмовиктер жаудың алғы шебінен өтіңкіреп барып, қиғаштай бұрылды. Алдыңғы самолет бірінен соң бірін тоғытып, екі-үш бомба тастап жіберді. Әлгі бастаушының артын ала, оң жағымен сол жағында келе жатқан екеуі де әлгі шепке бомбаларын тастап-тастап өтті. Бұдан соң келген екінші топ та алғашқы үшеудің істегенін дәлме-дәл қайталап өтті.
Біздің авиация нақ 1941 жылғы немістің өз самолеттері сияқты емін-еркін қимылдауға бет алды. Біздің өз шебімізге қарай өтіңкіреп кеп, қайта бұрылды. Әлгі бір әдіспен қайта бомбалады. Осылайша екі бөлінген алты самолет жаудың алғы шебіне, танктері мен автоколонналарына әлденеше шүйіліп, әбден талқандап өтті.
Жаяу әскерлер мәз боп, қуанып қалды. Өйткені осылайша әбден жаудың есін шығарып, күшін жойып, ыдыратып алған соң барып, жаяу әскерге бізге бұйрық берілді.
— Алға, алға!
Бұл жан-жақтан естіліп жатты.
— Оңнан солға қарай кезекпен алға! — деп мен де команда бердім.
Взводтағы аз адам жатып-тұрып, алма-кезек жаудың алғы шебіне жақындай түсті. Алдымыз тым-тырыс. Қарсы атылған бір оқ жоқ. Алданып қалуға болмайды. Жау бізді жақын келтіріп ап, жайпап салуға әзірленіп жатқан болар.
— Кезекпен, біртіндеп, алға! — деп қоямын.
Алдымыздағы бекіністің жиегі көрініп жатыр. Жауынгерлер жығылып-тұрып, алға жылжып келеді. Жым-жылас. Әлі сенбеймін. Мүмкін емес. Бекіністе жау бар.
Енді бір ұмтылғанда жаудың бекінісіне түстік. Сонда барып, сол жақтан біреулер атыс бастады. Біз келіп түскен окоптан ауыр жаралы болған төрт-бес солдат қаруын тастап қолын көтерді.
Окопты алып болғансын жан-жағыма қарасам әлгінде атқан «Катюша», одан кейінгі алты самолет бекіністі жым-жылас қып, түгелдей тегістеп кетіпті.
— Міне, соғыста білетін жігіттер осылай етеді! — деп біреулер мақтанып жатыр.
— Ой, жігіттер екен!
— Кешегі бізді қоршап алмақ болған мықтылар қайда екен?
— Міне, олардың көбі мына жерде жатыр! — деп көп жері жермен-жексен боп тегістеліп кеткен окопты көрсеттім.
Көршілер жақта едәуір атыс боп жатты. Жау тас жолға қосылатын үлкен қара жолдың бойын бермеуге жанталасып жатса керек. Бұл кезде біз алдымыздағы жазықтан өтіп, бір шоқ орманның арасына ендік. Алдымызда он шақты үйлі хутор тұр. Жан жоқтай; ешкім көрінбейді. Аялдап алайық, аңысын аңдайық деп біраз тоқтадық. Біз тоқтап тұрғанда көршілер хуторға қарай мылтық атты. Оларды байқау үшін кім бар, кім жоғын білу үшін атқан болар. Жауап болмады.
— Алға, хуторға қарай жүгіреміз. Қарсы мылтық атылса жеткен жерлеріңе жата қалыңдар! — деп түсіндірдім де, хуторға қарай өзім бастап жүгіре жөнелдім.
Бізді көре салып, әлгі мылтық атқандар да лап қойды. Әрі жақын тұрған, әрі бұрын жүгірген біз бұрын жеттік. Хуторда жау жоқ екен. Бір үйден жалғыз өлмелі шал шықты. Қарттықтан әрең сөйлейді. Аузында тісі жоқ. Сонда да болса бізді көре сап, өзінше мәз боп күлді. Қып-қызыл иегі көрініп тұр. Өзінше мәз. Күледі, бар болғаны:
— Жақсы, жақсы! — дей береді.
— Нені жақсы деп тұрсыз? — дедім.
— Мына сендер жақсы. Анау ататын, от шашатын жақсы. Самолет бәрінен жақсы.
— Оның жақсы екенін сіз қайдан білесіз?
— Бүгін атты ма, атты. Самолет келді ме, келді. Сонсын немістер бәрін тастап қашты.
— Хутордың өз адамдары қайда?
— Олардың біразын, жастарын өздерімен бірге айдап әкетті. Қарттар, кемпірлер, балалар орманға жасырынды. Енді олар сендерді көргенсін қайтып оралады. Менің де кемпірім келеді. Сендер маған қонақ боласыңдар...
— Ал сіз не ғып орманға кетпедіңіз?
— Әлім жоқ. Бәрібір өлемін. Одан да осында өле салайын дедім.
— Бізді қонақ еткенде не бересіз? — дедім күліп.
— Немістен қалған, жасырып қалған оны-мұным бар. Жүріңдер, үйге еніңдер.
— Біз көппіз, бір үйге сыймаймыз.
— Мына көрші бар. Ол да келеді.
Кеш батып бара жатты. Әлгі бізден соң келгендердің де осында түнеп шықпақ ойы бар екен. Бос үйлерге ене бастады.
Екі үйге бөлініп біз де жайғастық. Взводтың жартысымен шалдың үйіне ендім. Алдымен Бугеевке шабарман жібердім. Онда қайда екенімізді хабарладық. Олар да алыс емес екен. Осы хуторға түнеп шығуға рұқсат алдым. Бәріміз жақсы жайғастық.
Төңірекке қарауыл қойдық. Кешкі астан соң бірден тынығуға жаттық. Үлкен пештің үстінде шал жатыр. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шыққан болар, таңсәріден пештен түсіп, қолдан жасаған арқалығы жоқ, тайпақ орындыққа отырып апты. Мен де ерте тұрдым. Қатты ұйықтаған болармын, ұйқым жақсы қаныпты.
— Шала ұйықтадың ба, ерте тұрыпсыз.
— Шалдың ұйқысы шала келеді. Оның үстіне өзіміздің адамдарды өлмей, тірі көргеніме қуанып, жүрегім лүп-лүп етеді. Енді өле салсам да болады.
— Жоқ, оныңыз болмайды. Қайта жасарып, ұзақ өмір сүруге тиіссіз. Сіз не көрдім деп өлесіз? Алда әлі қызықты, соғыссыз, тамаша өмір болады.
— Болса болар. Бірақ менің де өзімше көрген қызығым мол. Маған сол көргендерім, енді көргендерім жетеді емес пе?
Шал көзін сығырайтып маған қарады. Жирен сақалын қайта-қайта сипап қойды.
— Менің көргенім көп. Ал естіген, білгенім онан да көп.
Қарт тағы да аз тоқтап маған қарады. Осының әңгіме тыңдауға зауқы бар ма екен дегендей сынай қарап, ықыласымды байқаған соң сөзін қайта бастады.
— Мен орыс-жапон соғысын көрдім бе, көрдім. Орыс-герман соғысына қатыстым ба, қатыстым. Мұны Бірінші «Мировой» деп атаған. Патша тақтан құлады. Бұл революция. Азамат соғысына тағы қатыстым. Мына соғысыңды, екінші «Мировойды» өз көзіммен көріп отырмын.
Шал саусақтарын санады.
— Бір, екі, үш, төрт, бес, ал мына соғыспен алты соғыс көрдім. Бір адамның өмірінде бұл аз ба екен?
— Аз емес, қайта көп.
Сөзіне қоштау тапқансын шал шешілейін деді.
— Менің ата-бабам орыс-француз, орыс-түрік соғысына, Суворов, Кутузов бастаған соғыстарға қатысты.
Бір бабам Пушкиннің үлкен баласы, полковник Александр Александрович Пушкиннің атшысы, күтушісі боп жүріп Болгарияда өлді. Полковник Пушкин қайтып кеп, осында, мына Псков маңында баяғы Суворовша әбден қартайып өлді. Ол өзі Гриша Пушкиннен гөрі ақылды, қайырымы мол адам болған деп кейінгілер айтып отырушы еді...
Жауынгерлер ұйықтап жатыр. Шалмен екеуміз жай ғана сыбырласа сөйлесіп отырмыз. Менің есіме Пушкин атымен байланысты осы өңірдегі біраз жайлар түсті. Пушкиннің осы аймақта өзіне тиісті жері, жайы болған. Ол өзінің ең жақсы, атақты шығармаларын осы маңға Михайловскийге, Тригорскийге, Островқа, Опачкаға келіп жазған. Бұрынғы Тригорскийдің кейін «Пушкин» атануы да осыдан. Кеше ғана қырғын соғыс болып, талай адамды, тамаша ер жігіттерді жерлеп кеткен таудың да «Пушкин таулары» атануы осыдан екенін білемін. Сол таудың баурайында Рамазан да қалды.
— Григорий Пушкин ұрпақтарына өзім де қызмет еттім. Біз сол Пушкиндерге қызмет көрсеткен тұқымнан боламыз. Соңымызды айтып, кейде мақтанып қоямыз... Біз анау-мынау бір помещикке емес, ақынға, халық адамына қызмет еттік.
Қарт тізелері дірілдеп орнынан тұрып, пешке, өзінің жататын жеріне шықты. Қолдары қалтырап, сыртын кәдімгі сақтиянмен қаптаған бірнеше ескі кітаптар әкеп берді.
— Міне, бұл әкесі жайлы Гриша Пушкиннің жинаған қағаздары. Менде бір-екеуі қапты. Немістерге көрсетпей пештің қуысына тығып қойғанмын.
— Міне ұлы адамның ізі түскен осы Тригорский (Пушкин таулары) маңына біздің ыстық қанымыз бен ащы теріміз аз төгілген жоқ.
Әңгімелесіп отырған қартқа осы жайды айтып едім:
— Аруақ риза болсын! — деп шоқынып алды.
Мен хатты ішімнен оқып отырмын. Шал менің бетіме қадала қарап отыр. Хаттың бір жеріне келгенде мырс етіп күліп жібердім. Нақ бір «сен неге күлесің?» дегендей, жақын жерден гүрс етіп мылтық атылды. Езудегі күлкіні тез ғана жиып ап, құлағымды тостым. Мылтық тағы атылды.
— Взвод, встать, в ружье!
— Бұл ең шұғыл команданың бірі. Шырт ұйқыда маужырап жатқан жауынгерлер апыл-құпыл орындарынан тұрып, көзін ашқан бойда қаруларына ұмтылды. Әп-сәтте қолға қару ұстап, сыртқа шықтық. Күн шығып келеді. Төңірек тып-тыныш, тұнып тұр. Әлден уақытта мылтық тағы атылды. Байқасам көрші үйден, біздің бір топ жігіттер жатқан жерден шыққан тәрізді. Әлгі үйге жүгіріп кеп, есікті жұлқып аштым. Екі жігіт қолына автомат ұстап анадай бұрышта тұр. Біреуі біздің Назаров, біреуін танымадым.
— Әй, бұларың не?
— Бұл, әншейін ойын ғой, жолдас лейтенант.
— Осындай ойын бола ма екен, мен взводты түгел тұрғыздым. Жау келіп қалған екен десем, бұл не?
— Ойын еді, жолдас лейтенант!
Екеуі де автоматын түсіріп ортаға жақын келді. Мен төңірекке көз салдым. Ішкі есік ашық. Екінші бөлменің бұрышында Гитлердің әйнекке салған кішкене портреті тұр. Әлгі екеуі бәсекелесіп соны атып жатыр екен.
— Кім тигізер екен деп, ерегісіп едік, — деді бөтен жауынгер күлімсіреп.
— Екеуің де тигізе алмадыңдар ма?
— Тигіздік. Бірақ көзіне тигізе алмадық.'
— Назаров, қазір бар да взводты тарат. Дем алсын, — әлгі жас жігітке қайта қарап, — сонда екеуің де атып, көзіне тигізе алмадыңдар ма? Ал бәсекеге не тіктіңдер?
— Ештеңе де тікпедік.
— Онда оның несі қызық? Қазір жауынгерлер ұйықтап жатыр. Жолдастарды аяу қажет.
Жалғыз біз емес, хутордағы түнеген жауынгерлердің бәрі де тұрыпты. Қаруларын ұстап сыртқа шыққан. Бәрібір болар іс болған екен деп, Гитлердің әлгі портретін сыртқа ала шықтым.
— Жауынгер Назаров, мына нысананы осыдан екі жүз адым жерге, биіктеу жерге апарып қойып кел!
Назаров портретті қолына сүйрете ұстап, адымдап барады. Ол екі жүз адым жерге нысананы қойып қайтты.
— Ал енді бәсекелесуге болады.
— Шарты қалай?
— Бір оқпен нақ көзден тигізген озады.
— Бәйге не?
Қапелімде аузыма ештеңе түспеді. Ойлаған, әзірлеген дайын нәрсе де жоқ еді. Сонда да болса аузыма қалай түскенін білмей қалдым.
— Кімде-кім нақ көзіне дәл тигізсе, оған Пушкиннің бір томдық өлеңдер жинағы беріледі.
— Дұрыс екен.
— Менің әлгі екі томымның бірін тігіп тұрған жоқсыз ба, жолдас командир? — деп қасыма әлгі шал келді.
— Гитлерді нақ көзден атып өлтіретін мыналардың ішіндегі ең мерген балаңызға қиясыз да?
— Қисам қияйын.
Шалдың рұқсатын алдым.
— Ал кәні кім шығады?
Саптағылар біразға дейін үнсіз қалды.
— Мен! — деді екіншісі.
Осылайша қол көтерушілер көбейе түсті.
Кезекпен нысананы ата бастады. Әрбір оқтан соң тексеріп отырды. Он шақты адам атты, ешкім де дәл көзден тигізе алмады. Жауынгерлер көптеп жиналып та қалды. Әлден уақытта топтан жүзі таныс бір жас жігіт шыға кеп:
— Жолдас гвардия лейтенанты Досов, маған бір кезек беріңізші! — деді.
Қарасам байланысшы солдат Балаби Қоқыбаев.
— Әй, сенбісің?
— Иә, менмін, жолдас гвардия лейтенанты Досов. Өзіңіз мені кілең осылай ата деп үйреткенсіз. Есіңізде бар ма?
— Бар. Ал, алға шық, жолдас гвардия солдаты байланысшы Қоқыбаев!
Ол күліп алға шықты. Қолында қаруы жоқ.
— Мылтығың қайда, жауынгер Қоқыбаев?
— Айналайын ағатай, жолдас гвардия лейтенанты Досов, мүмкін болса маған кешегі солдат Нәлқара Сабалақовтың мылтығын беріңізші!
— Жауынгер Сабалақовтың мылтығы қайда? — деп өзімнің взводыма қарадым.
Бір солдат топтан шығып, қолыма ұстата берді, мен оны Қоқыбаевқа бердім. Аузын бірдеңе деп күбір-күбір еткізді де, бір тізерлеп отырған бойы басып салды. Нысана солқ етіп, құлап кете жаздады да, тұрып қалды.
Оқтың нәтижесін көруге барған солдат екі қолын көкке көтеріп, айқай салды:
— Нақ көзінен, оң жақ көзінен тиіпті!
Нысананы алып келді. Оң көздің нақ қарашығының ортасынан тесіп өткен екен. Қоқыбаев өзінше көтеріліп, асқақтап қалды. Шал үйіне кіріп, оған Пушкин томын әкеп берді. Бәріміз жас мергенді құттықтап қол соқтық.
— Балам, — деді шал Балабиге қарап, — сақтап жүрген жақсы мүлкімнің ең бағалысы осы еді. Менің көзімдей, жақсы бір асыл заттай етіп, құрметтеп ұста! Өзің шын атқыш екенсің!
— Біздің тұқымымыз кілең аңшылар. Әкем де аңшы болған.
— Бәсе, бәсе, солай болар-ау! — деп оған шал да басын шұлғып жатты.
Балабидің мерейі асып, өзінше қуанып қалды. Арқасындағы қапшығын алып аузын ашты да, оған сырты көнетоз былғарымен қапталған, түптеуінде «А. С. Пушкин» деген алтын жазуы бар, бір томдық өлеңдер жинағын салып алды.
Біз хуторды тастап, тағы да батысқа бет алдық. Жол-жөнекей Қоқыбаевқа:
— Сен шыныңды айт, әлгінде нысананы атарда ішіңнен бірдеңе деп күбірледің ғой, сонда не дедің?
Ол мырс етіп күліп жіберді.
— Байқап қалған екенсіз де, оны да.
— Байқадым. Не дедің?
— Не дейін. Біріншіден, мерген ата-бабаларымның аруағына сиындым. Екіншіден, мерген аға Нәлқараны есіме алдым. Соның мылтығымен атқым келді. Мерген ата, мерген аға, қасиетті қандыауыз мылтық мені қолдады ғой. Немесе, мен ешкімнен, мәселен менен бұрын атқан талапкерлерден атқыш емеспін.
— Соларды кәдімгідей күбірлеп, іштен айтып шықтың ба?
— Айттым.
— Сен құдайға сенесің бе?
— Сенбеймін. Бірақ өзіме-өзім сенем. Әркімнің бір сиынатын, медеу етері болса жақсы.
Жас адамның мына сөзіне таңданып қалдым. Мәселен, менде ондай медеу, пір тұтар нәрсе жоқ.
Қоқыбаевты қажай берудің жөні жоқ-ты. Оның бер жағында ол менімен кәдімгі көптен жолдас кісіше жылы қоштасып, өз жөніне кетті.
— Жолдас гвардия лейтенанты Досов, көріскенше аман-сау боп тұрыңыз! — деді ол.
— Сен де сау бол! — деп қалдым.
Күн көтеріліп келе жатты. Көктем күні маужырап тым баяу, бірақ қабағы ашық, төңірегі жарқын боп шықты. Нақ кешегіше алдымыздан алтын күрек соққалы тұр. Қазір-ақ батыстан, теңіз жақтан жылы леп еседі.
Қисық табан керзі етігіммен құмдауыт жерді, адам көп жүрмеген, тіпті көптен бері із түспеген қара жолды борп-борп басып, взводтың алдында өзім келем. Әлгі хутордан ұзап, жазыққа шыққансын жылы жел, кешегі алтын күректің жалғасы, немесе тап соның өзі қайта соқты. Сонау бір жас, бала кезден, сәби шақтан қалған болар, алтын күрек соқса болды-ақ, менің маңдайым жіпсіп сала береді. Қисық табан, кең қоныш, бақа бас, добал тұмсық керзі етікпен әрі дымқыл, әрі жұмсақ құмдауыт жерді борп-борп басып жүріп келем, маңдайым тершіп келеді.
Жеңістің, мерейдің майда да жұмсақ жылы желі — Алтын күрек соғып тұр.
(ЭПИЛОГ ОРНЫНА)
И ты когда-то, аксакал,
На этом скакуне скакал.
Расул Гамзатов.
Биыл қысқы сонарда Нәлқарамен күтпеген жерден кездестім. Осы бір-бірімізді көріп тұрғанымыз рас па, әлде өтірік пе дегендей бір сәт аңыра қалдық. Шал бұрын тіл қатты.
— Осы сен менің командирім емессің бе, атыңды, ие атыңды есіме түсіре алмай тұрғаным. Кім еді?
Ол күн қақты болған добалдай қолының мұғалдау быртық саусақтарымен маңдайын сипады.
— Нәл аға, менің атым Сәукен!
— Түу, қарттық деген, міне осы! Содан бері аттай 20 жыл бопты-ау!
Шынында, Нәлқара бұрынғыдай, сонау бір жылдары көргенімдей емес, бетінен нұры тайып, қызыл жүзі қоңырлана түсіпті. Көз алдын кіреу басыпты. Сұңғақты, қолмен сомдап соққандай батыр тұлғасы аздап еңкіш тартқан. Жатағандау тор шолақ аттың үстіне салмағын сала, жалпая отырған екен, үзенгіге аяғын тіреп, шалқая барып, бойын көтерді. Артынша аттан лып етіп түсе қалды да, маған жақындады. Мен қарсы жүрдім. Ол зор кеудесін кең ашып, мені құшағына алды. Екеуміз құшақтасып көрістік. Ол мені маңдайымнан сүйді, нақ бір өз баласын аймалап тұрғандай шын ниетімен мейірлене сүйді.
Екеуміз Құмкөкшенің қаражалының бір жотасында кездесіп, шүйіркелестік те қалдық. Жөн сұрасып жатырмыз.
— Өткен күзде сені осы жаққа аң аулауға кепті деп естіп едім. Өтірік болар дедім. Ол бұл жаққа келсе, маған соқпай қайда барады деп ойладым. Шыныңды айт, келгенің рас па?
— Келгенім рас. Бірақ сізді іздеп табуға асығыс болды. Асығыс келіп, жедел кеттік. Қасымда басқа адамдар бар-ды.
— Ә, солай де, шын екен ғой, — деп ол жерге қарап ойланып қалды.
Мен оның ойлы кескініне қарадым. Кешегі сұрапыл соғыста шаршап-шалдыққанын сездірмей, ешбір мұңаймай өткен батыр солдат кәдуілгідей қартайып қапты. Өңінде де, тұлғасында да өзгеріс көптей көрінді.
Торшолақ ауыздығымен-ақ көк еркекті қарш-қарш шайнап, өз бетімен жайылып кетті. Біз екеуміз үлкен қызыл шағылдың биігіне шығып, жұп-жұмсақ майда құмның үстіне кеп отырдық. Әлдеқайдан тілін салақтатып келген құндыздай қара, жылмиған күшік тазы алдымен несіне еркелеп, мойнына асылып, әлде не айтқысы келгендей қыңсылап алды да, артынша маған қарап, мұп-мұздай қолымның сыртын жалап алды. «Сен кімсің, қайдан жүрсің» дегендей түймедей қара көзін қадап, бастан-аяқ, мені шолып шықты. Қайта келіп, қолымды иіскегісі келіп еді.
— Алдан, жат! — деп, Нәлқара жерді нұқып қойды. — Ал, Сәукенжан, бір кезде туыс екенімізді білмей, қалыс жүрдік. Одан сен, сонау қан майданда кезігіп, командирім болдың, жолдас лейтенант дедім, енді мына өскен, туған жердің топырағында қайта кездескенде, інім, балам дегім келеді.
Шалдың көзі жасаурап, өзін әрең-әрең тоқтатқандай болды да:
— Өткен күзде бұл жаққа келгеніңді естігенде нанбап едім. Сөйтсем, рас екен. Мен ол ағаттығыңды да кештім. Мені ұмытсаң ұмыт, бірақ туған жерді, анау тауды, мынау құмды, Қасқабұлақ пен Жылыбұлақты, Қапшағай мен Тазшабайды ұмытпасаң болғаны. Мен өзім де кейін ұқтым, ел қадыры мен ер қадырын адам ұлғайғансын біледі екен. Көзіңді көргенсін айтқаным емес, сені көргенде көптен сағынған, Алматыда оқып жүрген кенже ұлым Телқараны көргендей қуандым.
Расында, осы шалды көргенде әкемді көргендей мен де қуандым. Екеуміз ең далада құшақтасып көп тұрдық. Сол сәттің өзінде менің басыма осы адамның майданда жүргенде айтқан өмірі қайта елестеді.
Қаражал деп аталатын құба жонның қызыл шағылында біз көп отырдық.
— Уақыт деген қандай жүйрік. Зымырап барады. Өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың деген осы. Мына сен кеше бала едің. Соғыста жүрген кезде де жап-жас болатынсың. Енді қарасам сенің де самайыңа қылау түсіпті. Бірақ шаштың ағаруы қарттық емес. Қарттық адамның ісі мен күшінен көрінеді.
Шал күліп қойды, артынша көк буырыл боп кеткен қою да ұзын мұртын сипалап, өткен-кеткенді қайта сұрап, менен ажырасқысы келмеді. Аңшылық өз жайына қалды. Шоқы басында күн батқанша отырдық. Күздің бұлыңғыр күні тау басында жанып жатқан өртше қызарып, Мыңжылқы шоқысына иек артып көп турды. Көкше құм мен Қаратау арасындағы кең дала мұнартып, бетін бу басқан теңіз тәрізді боп жатты. Қасқабұлақ басындағы шоқ тал теңізде жүзген жалғыз қайықтай боп, көзге әрең-әрең ілінеді.
Кешке қарай Қаражалды паналап отырған бейтаныс малшының үйіне түнедік.
Жол-жөнекей талай сыр ақтарылып, көп әңгіме айтылды. Әсіресе, бізді ең алғаш табыстырған, тіпті әкелі-балалы кісідей достастырған кешегі соғыс кезін сөз еттік. Біз бір полкта, соның бір ротасында қызмет еттік. Ол қатардағы жауынгер еді, мен оның командирі болдым. Кейінірек, Нәлқара бұрын көрсетпеген бір қырын танытты. Ол мерген екен. Сынау кезінде бұрыннан ауызға ілігіп, өзінше есеп ашқан атқыштардың көбінен жақсы атты. Бұдан соң қолына дүрбілі мылтық берді, мергендер тобына қосты.
Бір сөзінде ол:
— Мына мүлгіген, тілсіз қара орман, мына қоймалжың батпақпен мен он алтыншы жылы танысқанмын, — деп қалды.
Кейін білсем Нәлқара 1916 жылы, 20 жасында майдандағы қара жұмысқа алынып, солтүстік батыста, нақ сол күндері соғысып жүрген жерлерінде окоп қазған.
Өткенді еске түсірген ұзақ әңгіме осыдан басталған.
— Орыс-герман соғысы бітті. Бірақ бізге егелік етуші кім екенін білмей көп кідірдік. Біреулер еліне қайтып жатты. Оларды кім қайтарып жатыр, бізді неге қайтармайды? Мұны ешкім біліп болмайды. Содан не керек, бізді Мәскеу түбіне әкеп, тағы окоп қаздырды. Соғыс біткен жоқ па, енді кіммен соғысамыз десек, енді ақ пен қызыл боп, өзді-өзіміз соғысамыз дейді. Ал соғыстық. Бірақ, өз басым он сегізінші жылға дейін ұрыс көрмедім. Бір білгенім сол, біз қызыл екенбіз. Бір күні мына біздің Қызылкөлдей жүз есе, мың есе келетін шалқар теңізге әкеп, кемеге мінгізді. Одан өттік. Маңғыстау деген жерге әкеп Әліби Жанкелдиннің қызыл керуеніне қосты. Керуендегілердің көпшілігі мен сияқты майдандағы қара жұмыстан қайтқан өрімдей жас жігіттер екен. Ақтөбе майданына әкеп салды. Қолға мылтық алып, Совет өкіметін қорғадық. Сол соғыстан есімде қалғаны Шалқарда генерал Коровочкин дегеннің әскерін жойып жібердік.
Күн ұзын ат үстінде шұқия отырып, қоян мен түлкі аңдыған Нәл аға шаршап та, шөліркеп те қапты. Әлгі қойшы Мыңкүріштің келіншегі берген әрі қою, әрі ыссы шайды сораптап іше отырып, жадырай түсті. Бір емес, үш қатар белдеуше боп түскен әжімді маңдайын кір-кір етектей ала орамалымен сүрте отырып, әңгімені жалғай берді.
— Содан не керек, несіне бастарыңды ауырта берейін, қара жұмысқа алынғаннан кейін төрт жылдан соң туған жерге қайта оралдым.
— Нәл аға, кәзір алпыс беске шықтыңыз ба? — деп Мыңкүріш мыңқ ете түсті.
— Алпыс беске келдім. Мына соғыс басталғанда қырық бесте едім. Біздің ауданның әскери комиссары Сабалақов, сені соғысқа алуға болмайды. Сені рабочий батальонға жіберемін», — дегені бар емес пе!
— Товарищ комиссар, — дедім. — Мені жиырма жасымда қара жұмысқа, окоп қазуға ал, қырық бес жасымда рабочий батальонға ал, сонда мен немене, кімнен жаман соғысамын, — дедім.
Комиссар қызарып кетті. «Жарайды» деді. Сонымен мына соғысқа бардым. Мына отырған баламның қарауында болдым. Мен жаман соғыстым ба, міне көзі отыр, өзі айтсын.
Нәлқара маған қарап қойды. Бірақ мен үндемедім. Өйткені оның батыр да, мерген де солдат болғанын менен артық, білетін ешкім жоқ. Ал, оны әшейін сөз арасында бір-екі ауыз сөзбен айта салу обал. Ол біздің полкта соғыстың басынан аяғына дейін болды. Көптеген ерлік көрсетті. Кейінірек, мергендер тобында болып, бір өзі ондаған жауды өз қолымен жайғады. Көрсеткен ерліктері үшін көкірегі орден мен медальға толды.
Шайды ішіп, дастарқан жинала бастаған кезде Нәлқара бұрынғыдан да жадырай түсіп:
— Егер, мына мен өзімнің барлық өмірімнен біреуге есеп бере қалсам, ол нақ былай боп шығады: алғашқы жиырма жыл — сәбилік, балалық, жігіттік кез. Одан соң төрт жыл — майдан, тағы жиырма жыл — қашқын, колхозшы, жылқышы. Табаны күректей төрт жыл тағы соғыс. Тағы да совхоздың қара табан жылқышысы. Енді міне, қара тазымен жолдас болған қарт аңшы. Менің барлық өмірім осы.
Құмды жердің көкжал, ор қоянының етінен жасалған ащы қуырдақтан соң да, көпке дейін жатпадық.
— Соғыстан қайттым. Қолыма құрық ап, совхоздың жылқысын бақтым. Алпыс үшке келгенде, әкемше айтсам, пайғамбар жасына жеткенде ел жиналып, ұзақ демалысқа, пенсияға шығарып салды. Жан тыныштығын істеп, енді бір рахатқа белшемнен батармын деп өзім де қуанып қалдым. Қуаныштан той-томалақ жасадық. Бірақ мұның бәрінің лебі алысқа бармады. Бір жетіден соң екі қолымды қоярға жер таппадым. Өз отымның басына өзім сыймадым. Осылайша от басында мүлгіп отыра берсем, жынданып кетер түрім бар. Дүниенің тірі жанға деген ең ауыр азабы іссіздік екен. Сондағы бар ойлап тапқаным осы аңшылық болды. Білген адамға бұл өнер. Жасыратын не бар, отыз екінші жылғы аштықта бала-шағамды қырғыз жерінде екі қақпанмен асырағаным бар. Енді мылтық атып, ит жүгіртуге көштім.
— Құс салу жақсы өнер емес пе, Нәл аға!
— Жақсы ғой. Бірақ машақаты көп. Содан не керек Балдысу жаққа барып, бір аңшыдан ұясында жатқан жерінен мына қара күшікті алдым. Емізіктен сүт беріп, өз қолымнан өсіріп келем. Ана сүтіндей қайдан болсын, шаялау боп өсіп келеді. Бірақ ақылы дұрыс, жүйрік. Қартайған кездегі алданышым осы болғансын атын «Алдан» қойдым.
Нәлқара тазысының атын атағанда, тізесіне басын қойып жатқан қара қаншық иесінің өзі жайлы бірдеңе айтқанын сезгендей кіп-кішкене қара түймедей көзін жылтырата ашып, бір қарап қойды.
— Нағыз солдатқа ерлікпен бірге айлакерлік қажет қой, сондай-ақ нағыз аңшы итке иісшілдік, жүйріктікпен бірге, тыңдампаздық керек, — дедім.
— Оның рас, ит иесін тыңдамаса, онда ақылсыз болғаны. Бұл мені жақсы тыңдайды. «Алға» демесем, менен бір елі озбайды. «Жат» десең жатады, «тұр» десең тұрады. Осы кезде, ұлғайған шақта мені шын ниетімен тыңдайтын, нағыз серік осы қара қаншық боп тұр...
Нәлқара жасында аса келбетті болған адам. Тіпті, сонау Великие Луки, Холм түбіндегі қалың ормандар арасындағы қанды ұрыстардың өзінде ол көрсең көз тоятындай әсем болатын. Аумақты, шарасы отты, үлкен қара көзі, қою қара қасы, әжімсіз қоңыр жүзі ер көңілді, парасат адамын көрсететін. Батыр тұлғалы аға қиын күндерде реніш қайғысын, басы ауырып, балтыры сыздағанын білдірмей сергек жүретін. Өзі Буденный мұрттас болатын. Ал не самайында, не мұртында қылау болмайтын. Әсіресе, мұртын айтсаңшы! Мойылдай қара мұрты нақ бір майлап қойғандай жылт-жылт етіп аязда қар үстіне жаққан оттың сәулесімен ойнайтын. Енді қарасам, сол мұртты қылау емес, қырау басыпты.
Жатар алдында Нәл аға мынадай өтініш айтты.
— Кешегі соғысқа өздеріңмен бірге қатысқан сіз сияқты аға солдаттардың қатары ыдырап, тобы сирей бастады. Қолына қалам ұстаған азаматтар қасарысып, солар туралы жазбай-ақ келеді...
Сол күні, нақ бір майдандағы тәрізді, кәрі солдаттың оқ-дәрі иісі сіңген бетіне бетімді тақап, қойшы үйінде тар блиндаждағы сияқты айқасып ұйықтадық.
Қара күшік тазы біз екеуміздің аяғымызды жылытып жатты. Түсіне қоян, түлкі, қырғауыл еніп, кейде қыңсылап, кейде үріп, мазасыздау ұйықтады.
Түнде қырбық қар түсіпті. Таң сәріден сонарға шықтық. Қойшы үйінен ұзамай-ақ жым кездесті.
— Ең алдымен келісіп алайық. Бірінші кездескен аңды кім атады? — деді Нәл аға күлімсіреп.
— Әрине, сіз де...
— Ондай болса, осы ретпен кезектесіп ата береміз. Менен соң сен атасың. Мына қара күшік қоянды қашырады да, енді не қыласын деп қарап тұрады. Сол кезде сен нысанаң жақын болса атасың да, алыс болса «бас» деп нұсқайсың. Аржағын иттің өзі біледі. Көбінесе, алдыңа қайырып қайта әкеледі.
Шалдың мына сөзіне қарағанда оның қара күшік тазысы әбден машық болған, есті ит пе деп қалдым. Өзі үйіне биыл жеткеніне қарамай тым кішкене көрінді. Бірақ, кеудесі кең, бөксесі жоғары, аш күзендей иілген, қақпан бел екен. Басында қырым ет жоқ. Жіп-жіңішке жас құрақтай аяқтары майысып тұр. Көмірдей шымқай қара, ақтөс, ақ табан. Тұмсығында да ноқаттай ақ дағы бар. Шалдың алдында құрық бойы жерде ғана бүлкілдеп, кейде жорғалай басып отырады.
Менің аңмен ісім болмай, қара қаншықтан көз алмай келе жатқанымды сезе қойғандай, Нәл аға тіл қатты.
— Түріне қарап, Ақтөс не Ақтабан, әлде Ақтұмсық қоймақ та болдым. Бірақ кейін ойласам, «Алдан» қойғаным дұрыс шықты. Нағыз алдамайтын алданышым осы.
Жүзген түбінен ор қоян атыла жөнелді. Қара қаншық жалт етіп иесіне қарады. Нәл аға көздемей-ақ қол мөлшерімен басып салды. Қоян қалта қарап тұра қалды. «Алдан, бас» деген дауыстың шығуы-ақ мұң екен, қара қаншық оқтай атылып барды да, қоянды желкесінен іліп әкетті.
Нәл аға асықпай барып, қоянды тазының аяғынан алды да, бәкісімен бауыздады. Аппақ қардың үстіне қып-қызыл қан тамды.
— Кәне, мылтығыңның ауызын қандап ал! — деп Нәл аға өзі бастап, ескі қосауызының қарауылын қоянның бауыздау қанына батырып алды.
Мен де батырдым. Қоянды жетектегі аттың қанжығасына байлап, алға жылжыдық.
Жымға түсіп, із кесудің қызығына бату үшін атқа мінбей, екі атты тіркестіріп, жаяу жетекке алғанбыз. Нәл ағаның торшолағы да, мен алған қойшының боз аты да жуас, мылтық даусына үйренген жануарлар екен, мылтық атылғанда мыңқ еткен жоқ. Жүріп келеміз, Шалда үн жоқ. Әлгі алынған қоян жайын білгім кеп, сөзді мен бастадым.
— Нәл аға, біз ғой жаңа мылтықтардың қарауылын қандадық. Не үшін қандадық соны?
— Алғашқы олжа, кейін де олжалы болуға...
— Сіз мені ұқпадыңыз. Біз мылтықтың қарауылын емес, иттің аузын, мына қара қаншықтың аузын қандауымыз керек еді ғой.
— Мылтықтың қарауылын неге қандамаймыз? — деді Нәл қарт ештеңе түсінбегендей боп.
— Біз қоянды атып алған жоқпыз ғой.
— Айтпағың сол ма еді. Сен мені тигізе алмады деп келеді екенсің де...
— Тиген жоқ емес пе?
— Тиген жоқ. Әдейі атпадым. Итке де бірдеңе қалу керек емес пе!
— Сонда қалай, сіз әдейі атпадыңыз ба?
— Әдейі атпадым. Мұның мәнісі мынада. Қашқан қоянды тоқтату үшін, басынан асырып, алдына бұрқ еткізіп оқ тастадым. Қоян тоқтады ма, тоқтады. Ендігісін «бас» десем қара қаншықтың өзі біледі. Сояда бұл қоянды атып та, басып та алдық емес пе?
Мен үндемедім. Ойлап келем. Шалдың бұл әдісінен де бірдеңе ұғуға, керек болса үйренуге болады. Ендігі кезек менікі. Көзі қырағы, тәжірибесі мол, өзі мерген шалдың алдында масқара болып қалмас үшін осы Нәл ағаның өз әдісін қолдануды ойладым. Бірақ аздап та болса өзгерткен жөн. Мәселен, итке «бас» демей-ақ екінші кезенгенде тұрған қоянды көздеп атпақ болдым. Ішіме түйгенім осы.
Жүріп келеміз. Көпке дейін ештеңе кездеспеді. Жалдың күнескей бетіне көтерілгенде омырыла құлап жатқан кәрі сексеуілдің түбінен жотасы қызыл, ақ бауыр дәу қоян ата жөнелді. Басынан асыра, қашқан қоянның алдын орап, басып салдым. Қол таяқтай жеп-жеңіл ағылшын мылтығының пушка тәрізді кең аузынан шыққан мол бытыралар қоянның алдынан бұрқ ете түсті. Қоян қайда қашарын біле алмай сасқалақтап, әлде қатты дауыстан есеңгіреп тұрып қалды. Құлағын ербитіп, тұра қалған қоянды бастан көздеп атып қалдым. Селт етпей, орнында қалды. Осының бәрін мүлт жібермей тұрған Нәлқара:
— Дұрыс, — деді риза болған дауыспен.
Бір жерден қате жіберіп алмас үшін осы әдістен айнымадым. Бір қоянға екі оқ. Шал өз өнерін өзіне көрсетіп жүргенімді біле ме, білмей ме, оны ұқпадым. Бірақ өзімнің кезегіме келгенін жібермедім. Ал шал болса ату әдісін түрлентіп, кейде итсіз-ақ бір оқпен түсіріп жүрді. Жалғыз оқпен алуға мен жүрексіндім.
Қанжығаны толтырып, кештете қайттық. Шал көңілді.
— Жолың жеңіл екен, бала, — деп қояды. — Құдай басқа салмасын, жолы қиын, бір саржолдылар болады. Олар мен бірге жүргенде саған тышқан мұрын қанату да жоқ.
Нәлқара мені мақтады, мен оның итін, қара қаншығын мақтадым.
— Итіңіз ақылды. Иесін қасы мен қабағынан таниды екен. Адамнан ұзамайды, алға көп түспейді. Қашқан аңға бұйрықсыз жүгірмейді.
— Иттің арланынан қаншығы ақылды келеді. Арлан ит қанша дегенмен күшіне сенеді де ардың-күрдіңдеу, алаңғасар келеді. Ал арланнан қаншық жүйрік болады. Арлан иттің сүйегі ауыр. Қаншық қағілез, желқуық байтал тәрізді болады.
Қазақ даласында ат сыншысы, құс сыншысы туралы көп естігем. Ал ит сыншысы көз алдымда келеді. Кешегі соғыстың ер жүрек сарбазы бүгін өзін басқа бір қырынан танытқандай еді.
— Құсқа қалайсыз, Нәл аға?
— Итті үйретуден гөрі құсты үйрету қиын дедім ғой. Қиын екені рас. Қаршыға жезөкше әйелдер тәрізді желөкпе, тұрақсыз боп келеді. Ителгі де сондай. Бүркіт те бапты көп тілейді. Қырғи қыран емес, қызғыш үйрек емес. Мен сияқты қарт аңшының сенімді серігі жүйрік тазы, болат қақпан, қосауыз мылтық.
Бірақ мені таң қалдырған шалдың осы сыншылдығы емес, байқампаздығы еді. Бір сөздің ретінде:
— Ақсақал, шаруаға колхоз қолайлы ма, әлде совхоз жақсы ма? — дедім.
Шал мырс етіп күліп алды да:
— Маған салса екеуі де бірдей. Бірақ біздің ауылдың сонау колхоз болғалы келе жатқан атқамінерлері колхозымыз жақсы еді деп көзінен сорасы ағады.
— Сонда несі жақсы еді дейді.
— Олар айтады: колхозда барлық жұмысты басқарма мүшелері боп, кең талқылап шешуші едік. Енді барлық мәселені директор бұйрықпен істететін болды дейді.
— Осынысы дұрыс та шығар.
— Несі дұрыс болсын, олар сол колхозды көркейтуден бұрын олай тарт та былай тарт етіп, айқай-шу етпек қой. Әйтпесе, істің жақсылығын ойлаған адамға колхозы не, совхозы не, бәрібір. Тек табыс мол болсын, шаруа тоқ жүрсін. Олар қолымыздан билік кетті деп, тұзды су ішкендей боп жүрген жандар ғой. Атқамінерлер мыңқ ете алмай қалды, — деп рахаттана күлді шал.
Бұдан Нәлқараның ішіне түйгендері барын сездім. Мұндай байқампаз, жіті көз қарттардың жинағаны мол келеді.
Ертеңгі аңға кешегіден де ерте шықтық.
Кешегіні бүгін қайталаудың реті жоқ. Сонау алыстан саят жасауға келген екенсің. Сонда сен Алматыдағы ет жетпей, осы жақтан бір тойынып қайтайын, немесе, соғымдық ет жинап алайын деп келмеген шығарсың. Саған ең алдымен қызық көру керек болса, сол қызықты көрсетейін, — деді үйден шығарда Нәл аға, — кешегідей жаяу жүрмейміз. Атқа мініп, алысты қаға, шола жүреміз. Қоян-поянға қарамаймыз. Келістік пе?
Ол жорыта жөнелді. Қара тазы бүкектеп алға түсті. Қаншықтың кешегіден де бетер белі бүгіліп, іші қабысып қапты.
— Мына тазыңызға не болған, іші бүрісіп қапты ғой.
— Аш болғаны жақсы. Таң ата, сен ұйықтап жатқан кімде бұл итті құстырып алдым. Қарашы, өзі аш болғанмен көзі ақықтай мөлдіреп, от жайнап тұрғанын. Шектен тыс тоқтық тоғышарлыққа баратын тура жол ғой...
Мен оның бетіне таңдана қарадым.
— Ішін тазаладым, сол үшін құстырдым.
— Қалайша?
— Сен оны білмеуші ме едің? Мен мұны баяғыда сенің бір аңшы туысыңнан үйреніп едім. Мен мына жаңа өскен қылтық сақалымды қырдым. Соның тұқыл қылшықтарын сары майға араластырып, тазыға жегіздім. Біраздан кейін тазы әлгі қылтық қосқан сары маймен бірге ішіндегі барлық запыранды, артық асты құсты да тастады. Міне, енді қарасаң бәйгеге қосатын тұлпардай ішін тартып, жараулы келеді. Кәзір, не түлкі, не қасқыр кездессе, мұның «шабысын» сонда көресің.
Шал мені таңдандыра бастады. Тұла бойы тола құпия, халық даналығын бойына жинаған бір қарттар болушы еді. Мынау да солардың бірі екен. Оның сырына қанғым келді. Шал айтушы, мен тыңдаушы.
— Бұл өзі қасқыр мен түлкіге көп түскен жоқ. Бір-екі рет түлкіні де, қасқырды да өте әдемі қайырғаны бар. Оның бер жағында ауылда бір бұралқы иттерге қосып, айтақтап, біраз баулығаным тағы бар. Алғыр, жүйрік тазы денесіне дақ салмауға тиіс. Әзірше мұның денесінде ақау жоқ.
Аяңдап жүріп, қызыл жалдың күнескейіне көтерілдік. Қарсы бетте түлкінің таң алдында жорытқан ізі жатыр екен. Қара қаншық соған түсті. Біз соңынан ердік. Теріскей беттегі қобыға қарай салды. Түлкі бұлтақ із тастап, белден белге көтерілді. Содан не керек, сәске кезінде бір шағылдың күн шуақ бетіндегі төңірегін ақ селеу басқан шоқ жүзгеннің түбінен бұлаң етіп, құмның қызыл түлкісі қиғаштап, еңіске қарай ұра жөнелді.
— Алдан, бас! — деп қалды Нәл аға.
«Қыңқ» деп дауысын бір шығарып алды да, қара қаншық екі бүктетіліп атыла жөнелді. Мен бұл кезде түлкіге емес, тазыға қарадым. Онсыз да үлкен емес, жатаған қара қаншық жұдырықтай боп екі бүктеліп апты. Табаны жерге тимей, ақша қардың бетімен сызып бара жатқандай көрінді. Аппақ қардың үстінде ұшып бара жатқан қара ноқаттай бұлдырап ұзай берді. Тазыға қарағанда түлкі құйрығы бұлаңдап, артына жалтақ-жалтақ қараумен ап-анық көрініп барады.
Шоқақтатып біз де белден асып, төбеге шықтық. Тазы жетуін жетсе де, түлкіге тура бармай ойқастап, алдын орай берді. Тұра қап, дүрбі салдым. Аузы ыржақтап, қанша айбат шеккенмен түлкі де бата алмай, кейін қарай оралды.
Түлкі қарсы бетке шығып қалған еді. Қалыңға жете алмай, қайтадан қобыға, далаңқайға салды. Тазы бастырмалатып, алдына салып, сүмектетіп айдай берді.
Түлкіні бас салатындай боп төніп-төніп келеді де, жалт етіп екінші жағына шығады. Тұп-тура осы әдіспен қара қаншық, түлкіні алдымызға айдап келе жатты. Аң-таң бон мен келем. Нәлқара анда-санда қиқулап, тазысын көтермелеп қояды. Тілі салақтап, аузы ырбақтап, тазыға өзінше айбат көрсетіп келе жатқан түлкі есі шығып, біздің алдымызға келіп қалғанын да білген жоқ. Оқ бойы келгенде Нәл аға аттың үстінде тұрып-ақ, шірене беріп түлкінің аяғын ала тартып кеп жіберді. Түлкі қалбаң ете түсті. Құлап түсіп, тағы тұрайын деп жатқанда тазы кеп бір аударып өтті.
— Мұнысы дұрыс, батылдыққа, тісін батыруға үйрене береді, — деп атынан түсіп, түлкінің қасына келді. Оны андып қасында қара қаншық тұр. — Бағанадан бері тірі түлкіге тіс салмай келді. Ол оққа жығылып қайта тұрмақ болғанда берекесін қашырып, үрейін ап, тісін бір батырды. Ағаш қасықпен ыстық көжені асыға ұрттап, аузын күйдіріп алған жігітке қыз: «Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы» депті ғой. Бұған қарасақ, көже Ішкенде де, түлкі қуғанда да сабыр керек. Кейбір аңшылар бірдеңе көрсе болды, айқайлап, күйіп-пісіп қалады. Күйетін не бар, кетіп бара жатқан сенің әкеңнің қолтума малы емес, аң ғой, кетсе кете берсін. Жақсы аңшыға алдырмай кеткен аң да өзінікі. Ал, аң аулағанда сабырсыз жігіттен айлалы ит артық.
Нәл аға әңгімесін айта отырып, түлкіні ұзақ сойды.
— Аңшылық, сабырды, оған қоса көңілді болуды керек етеді. Аңшылық жігітті сабырға, айлаға, көңілділікке баулиды. Ондай болмаса, оның қызығы да, пайдасы да, мәні де болмайды. Енді қасқыр кездессе, бұдан да көңілді болар еді.
Шал түлкіні тұлып қып сойды да, тістері ақсиған жалаңаш, қызыл шақа денені төбеден ойға қарай ысырып тастады. Күн еңкейіп, Мыңжылқының ең биігі — Келіншектаудың иығына асыла бере атқа қондық. Қашқан түлкінің қызығына түскеніміз болмаса, түнеп шыққан үйден онша көп ұзамаған екенбіз. Бес-алты төбеден асқансын-ақ ауыл тұсында қой қайырып жүрген Мыңкүріш көрінді. Біз оның қарасын көріп, тізгінді тежеп, жүрісті баяулата бергеніміз мұң екен, қойшының шақ-шақ еткен жан дауысы шықты.
— Құдай ұрды, қойға қасқыр шапты! — деп Нәл аға отарға қарай шоқыта жөнелді. Артынан жалбақтап мен де тарттым. Құлағы ербеңдеп, қара қаншық алға түсті. Бірақ бұйрықсыз озар емес. Иесіне жалтақ-жалтақ қарап қояды. Талай-талай аңшыға, оның ішінде ит ерткен аңшыға еріп жүргенде мұндай сақ, әдепті итті көрген емеспін.
Алдағы төбеге шоқыта шықты да Нәл аға қалта қарап тұра қалды.
— Алдан, Алдан! — деп тазысын шақырып қасына алды.
Тазы үйіріліп, командирін тыңдаған солдаттай қақшиып, қасына кеп тұра қалды.
Қасына мен де келдім. Шал қолын алға созып «әне» деді. Қолының сілтеген жағына қарадым. Артына жалтақ-жалтақ қарап, екі қасқыр бізге қарай салып келеді. Артынан Мыңкүріштің маубас ақ төбеті мен ала мойнақ қаншығы қуып келеді. Қасқырлар жақындай берген кезде шал қарсы алдынан қара қаншықты жіберді. Алдынан ит шығып, аттылы адамдардың қарасы көрінгенсін қасқырдың екеуі екі жаққа қарай айырыла қашты.
— Міне, енді қызық болады. Алдан қайсысының соңына түсер екен? — деп шал ат басын тежей беріп, маған қарады.
Алдан екі қасқырдың екі жаққа ажыраған жеріне барды да, жан-жағына қаранып ап, еңіске қарай салған кішкенелеу сұр қаншықтың соңына түсті.
— Тапты! — деді ол, — дәл тапты. Қасқырдың арланының соңына емес, қаншығының соңына түсті.
Біз қара қаншық қуған қасқырдың соңына түстік. Тазы жетерін жетсе де қасқырға тура бармай, оң жақ бүйіріне шығып ап, қабаттасты да отырды. Қаншық қасқыр тілін салақтатып, тазыға қарай ыржақтап, жөнеп барады. «Алдан, алға» деп шал айқай салды. Тазы қасқырдан озып алға түсті. Бір мойын боп қалған қасқыр қиғаштап қайтадан төскейге қарай оралғанын байқамай да қалды. Нақ өкпе тұстан біз шықтық. Нәлқара бұрынғыдай емес, қызынып кетті білем, атқа қамшыны басты кеп, Торшолақ дөңгелене тарбақтап барын салды. Құмды жерде шабу да қиын. Дегенмен бәйгеге жолдан қосылған ат тәрізді қасқырға жақындап қалды. Жақындай беріп алдын орай мылтық атты. Жыртқыштың есі шығып кетті білем, бір мойындап тазыға қарай тұра ұмтылды. Иесі жақындағансын тазы да жақындап қалған еді, жалма-жан жалт беріп, қасқырдың екінші жағына, мойыны қарысып қарай алмай қалған жағына шығып, таңынан бір көтеріп тастады. Қасқыр шыр айналып, тазыға бір мойындап тағы ұмтылды. Тазы қасқырды мақтағандай айнала берді. Осы кезде Нәл аға аттың үстіне бір қырындап жата қап, бір үзеңгісін суырып алды да, атын омыраулатып жыртқышқа төне түсті. Қасқыр тазыға бір, адамға бір айбат шегіп, екі ортада алақтады да қалды. Осы кезде Нәлқара жерден көкпар ілетіндей еңкейе беріп, үзенгіні таралғысынан ұстап, қақ маңдайдан соғып етті. Қасқыр шалқалап барды да, серең етіп, мұрттай ұшты. Қара қаншық жығылған палуанның басынан күш алған, жеңген күресшідей-ақ жатқан қасқырды қорлағандай боп, үстінен бір шалып, белінен баса қарғып өтті.
Бүгінгі сапардың батыры қара қаншық болды. Аштықтан іші қабысып, бүріліп қалғанына қарамай тағы көңілді. Екі көзі шырадай жанып, несінен мақтау күткендей төңірегінен шықпайды. Кешке қарай тазысына қоянның сан етін ойып берді. Күндізгі жорықтарда шаршаған ит түнді тыныш өткізді. Таң алдында ғана екі рет қыңсылады.
— Жол көріп жатыр! — деді Нәлқара, — олжа көп болады.
Екі тәуліктей бірге жүріп, құм Көкшені едәуір-ақ шарладық. Бізге де, қара қаншыққа да тыным болған жоқ. Мылтық дауысы шыққан бойда қара қаншық бір қыңқ етіп, атылған оқтың тиген-тимегенін нақ бір Нәл ағаның қас қабағынан білетіндей-ақ «бас» десең, болды, бетіңе бір қарап алады да зыта жөнеледі.
— Нәл аға, мына қара қаншықты үйретудей-ақ үйреткен екенсіз, — дедім ажырасар күні таңертең. — Тазыңыз есті екен.
— Сен командирім боп, соғыста мені үйреткенде, мен сенің солдатың боп, бейбіт күнде итті үйрете алмасам не болғаны! — деп шал шек-сілесі қатқанша күлді.
Артынша мен ренжіп қалар деді ме, онысын жуып-шайғандай-ақ:
— Осы сенің қаламыңның желі бар дейді. Біздің жайымызды, қонысымызды, қыс қыстау, жаз жайлауымызды бір жақсылап сөз ету керек болар. Бізге малды бұдан да көбейту керек болса, кәзіргі жайды біліп алмай ештеңе де болмайды.
Өзі мал бағудан босаған, пенсияға шыққан шалдың малдағы жұмысы не дегендей мен салғырт тыңдадым.
— Бұл өңірде мал өсіру үшін Көкше құмды, мына кәзір екеуміз келе жатқан құмды игеру керек. Біздің елдің басшылары құмды игердік, ерсілі-қарсылы машинамен кесіп өтеміз, қалай болса солай кешіп өтеміз дейді. Олай игеру емес. Ал, егер игеру болса тек бетін ғана игеру. Мән мұның астында жатыр. Мен су іздеуші инженер емеспін. Бірақ сеземін. Осы құмның асты толған су, үлкен дария. Оны мен өзім мына қолыммен қазған құдықтан білем. Оны мен мынау қаулап өскен сексеуіл, жүзген, селеу, еркек, жыңғыл, балауса жусаннан білем. Ол судың қайдан келетінін мектеп оқушылары да біледі. Осы көкше құмға осының астындағы теңізге ондаған өзен құяды. Сонау бала кезімізде Шилі өзен, Балдысу, Қапшағай, Қарабұлақ, Жылыбұлақ, Қотырбұлақ, Құрттыбұлақ, Шабақты өзендерінің өзі Ақжарға, Қанжуғанға, жал шеті шыбық белгіге жетіп құлайтын, жиекке барып сіңіп кететін. Құм астындағы мол су осыдан жиналған. Ал осы күнге дейін бұл Көкшеге сонау Арқадан Сарысу, анау Алатаудан Талас пен Шу өзендері келіп құяды. Су аяғын құрдым қып, соның бәрін жұтып жатқан осы Көкше құм. Су бар жерде ну бар. Байлық — суда. Нағыз байлық — ет пен сүт, жүн мен тері осы құмның астында жатыр.
Нәлқара сөзін зейін қоя тыңдадым.
— Жер азады, тозады екен. Сонау бір жылдары, бала кезімізде әлгі айтқан кішкене өзендер қатты тасып, құмға жетіп құятын. Кәзір соның көбі жетпей қалады. Мына Қызылкөлдің өзі сендердің бала кездеріңде сонау сеңгірдің ернеуін тіреп, шалқып жататын. Су азайды. Ол жерге қарай кетті. Соны пайдалану байлықтың көзі. Көкшенің сайларынан, шыбық белгіден, Талас, Сарысу, Шу өзендерінің ескі, кәзіргі арналарынан жаңаша құдықтар қазған жөн. Тау бөктеріндегі ескі бұлақтардың көзін аршыған дұрыс. Біздің еліміздің байлығы, ырысы суда ғана. Сусыз жерде өмір жоқ. Өмір жоқ жерде дәнеңе де жоқ.
— Аталы сөз, Нәл аға!
— Аталы сөз екені рас. Өйткені бізге осыны атамыз айтатын. Оған да өз атасы айтқан болар. Бізде кәзір не сұмдық машиналар бар. Жер астында жатқан мол суды бетіне шығарсақ. Көкше құм бұдан да бетер көктеп, алтын құм болар еді-ау!
— Дұрыс, Нәл аға! Көкше құмдағы бір аңшы шалдың осындай ойы бар екен деп айта жүрейін.
— Айтқаның аз. Айқайлау керек...
Нәлқара күліп қойды. Мен де күлдім.
— Елінің жақсылығын ойлаған адам, әрине, айқайлайды, — деп қойды шал. — «Жігітті әл сақтайды, етікті нәл сақтайды» деген мақал бар. Әкем Сабалақ атымды Нәлқара қойыпты. Сонда таға боп атты сақтай алмаса да, нәл боп өз етігін сақтауға шамасы келсін деген болар. Аузыма ата сақал біткенде, ол ағара бастағанда өз етігім бүтін, басқаның етігі не болса о болсын деген әнтек ой жараса ма маған! Басқа басқа, кәрі солдатқа, шал жылқышыға бұл ыңғайсыз болар.
Бұдан соң Нәлқара Ақжар көлінің төңірегіндегі отыз-қырық көлдің біразының суалып кеткенін айтты. Таластың суы кей жылдары бұл өңірге жетпей қалады. Сонда Көкше құм аясындағы айдын көлдер су алады. Бірақ астында сол тартылған көлдердің табанында мол су жатады. Анау Іргежалдан атқылап жатқан мөлдір сулар осы жердің астындағы дарияның кішкене қайнары. Көсегенің көк жолы мен Көкше құм жер жәннаты емес пе дегендей Нәлқара мұртын ширатып, төңірегіне қарап, алысқа назар тастады. Көкше мен Көсегенің көк жоны арасында сағым басқан буалдыр кең жазық жатты. Сол жазықтан құйындай көтеріліп, Жылыбұлақ суының буы бұрқырап көрінеді. Аспандағы шарбыдай үлпілдек ақша бұлттармен араласып, бұлақ буы көкке көтеріліп кетті.
— Ал, Нәл аға, жолыққанша сау болыңыз!
— Cay бол, командирім! — деді шал күліп.
Біз осылайша күліп, әзіл-қалжыңмен ажырастық. Арқасында қосауыз мылтығы бар, үстінде келте тон киген Нәл аға қара қаншығымен екеуі Көкше құмның Іргежалындағы бір шоқының басында қалта жарап, ұзап бара жатқан маған, әлде басқа жаққа, алысқа көз тастап, тұрып қалды. Артыма қарай-қарай ұзай бердім. Осы тұрысында Нәлқара өзі туған жердің белгісіз шоқысының басыма қойылған белгісіз батырдың ескерткіші тәрізді еді. Мен ойладым шынында, әйтеуір бір кезде, сонау өткен сұрапыл екі соғыстың жауынгер солдатына, мерген батырына, совхоздың кешегі ұзын құрық жылқышысына, бүгінгі құралайды көзге ататын аңшыға ескерткіш қойыла қалса, сол ескерткіш нақ осындай болар ма еді! Өзі туған бесігінің аясында елеусіз жүрген осы қарт қандай құрметке болса да лайық адам.
Ұзап барып, артыма қарадым. Қоңыр шоқының басында Нәлқара мен қаншық қалта қарап тұр. Мені көзімен ұзатпақ.
Мен жүріп бара жатып, осы екеуі жөніндегі ойымды жинақтай түстім. Әсіресе, Нәлқараның қара тазы жайлы әңгіме болғанда бір айтқаны есіме қайта-қайта орала берді.
— Жарық дүниеде тіршілік етіп жүрген әрбір пенденің өзіне лайық үлкенді-кішілі мақсат мұраты болады, — деді ол, — онсыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Ондай мақсаты жоқ адам өледі. Өйткені сүйенетіні, тірегі, үміті болмаған адам жүзе білмейтін, бейқам жолаушының кемеден мұхитқа құлап кеткені тәрізді болады. Мәселен, мен өзім бір кезде бала болдым, қатарымнан кейін қалғым келмеді, күрессе жықтым, алысса алып соқтым. Жарыса қалса, озбақ боп жан салдым. Боз бала болдым, жақсы жар сүюді, жүйрік ат мінуді армандадым. Оған қолым жетіп еді, бала сүйгім келді. Бу да болды. Оларды өсірдім. Сол үшін алыстым. Қолыма қару берді, намысты жібергім келмеді. Жылқы бақ деді, еліме еңбек еттім, Енді міне соның бәрі орын-орнына келген кезде, маған басқа ермек керек емес пе! Ендігі ермек мынау ит! Көрдің бе, денесінде қырым ет жоқ, тек сүйек пен сіңірден жаралған. Басы ағаштай қатты, ет жоқ тықыр, қырандықтың белгісі, кеудесі кең, белі бүкіш — алысқа жүгіреді. Табаны жалпақ, құмды жерде, қарлы кезде жүгіруге жақсы. Тірсегі имек, серпіні қатты, адымы ұзын. Құлағы кішкене — қу. Көзі отты, көргіш. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, жендет ителгі, айлалы сұңқар тәрізді құмай тазы болады. Осылардың әрқайсысының өз қызығы, өз тамашасы тағы болады. Қара қаншықтың қызығын, оның құмай екенін көргің келсе, келесі жылы итім әбден есейгенсін кел.
Бұдан соң менің есіме Нәлқара сүйіп салатын өзі шығарған «Қара қаншық» әні кеп сап ете түсті. Өзінен ұзамай тұрып ойыма қайта түсіріп, жадымда қалдырмақ болғандай ыңылдап, соны айттым.
Шыбық белгі, ірге жал, жерім қандай! Тамашалы, Қазоты көлім қандай! Ақтылы қой, үйірлі жылқы өсірген. Кеңпейіл, жарқын жүзді елім қандай!
Беу, шіркін, қара қаншық, қара қаншық. Қасыма ерттім құмайға балағансып...
Қасқабұлақ, Қанжуған жер жәннаты,
Елімнің әсем көркі, салтанаты.
Отыз көлді көргенде айдын тартқан,
Бүгілмей кеткен емес, құс қанаты.
Ермегім, алданышым қара қаншық,
Бұл әлі үй көрмеген бала қаншық.
Құм Көкшенің жалы бар беткей-беткей,
Бітпейді аңшы көңілі жортып өтпей,
Ор түлкісі ойнақтап өрге салса,
Талайлар қапы қалған оғы жетпей.
Жүйріксің желдей ескен, қара қаншық,
Аттатпай ұшқан құсты қалар басып...
Едәуір ұзап барып, артыма қарасам Нәлқара мен қара қаншық баяғы қоңыр шоқының басында әлі тұр екен. Төбе басы мұнартып, екеуі де кішірейіп, алыстай берді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі