(повесть)
КЕШКЕ ЖАҚЫН АУЫЛ СЫРТЫНДА
1916 жыл. Шілденің ақыры — тамыздың бас кезі. Қалың жаңбыр жауып ашылған. Күн Қарағанды бұйратына еңкейген. Аспандағы быт-быт болып ыдыраған бұлттар қиырсыз теңіз жайқынында жазғытұрым бытыраған сендер сияқты қалқысады. Қалқыған, жайқалған ақ ала бұлттардың ар жағындағы аспанның зеңгір көгі, теңіз жайқынның ұшы-қиырсыз суының көк зеңгір түсі сияқты.
Жауында үсті су болып ықтап қорғалаған малдар — жылқылар, қойлар, сиыр, түйелер енді алқаптың ортасында отырған төрт-бес ауылдың артындағы жалпақ қалың қарағанда жадырап, жайылысып жүр.
Ауыл адамдары да жаңбыр ашылған соң жадырасып, кебі тыста қыбырласып жүр.
Жаңбырдың артынан денені сергітіп күшейткен қырдың таза ауасынан дем алып, жан-жануарлардың барлығы да бір түрлі сергек, көңілді қыбырласып тіршілік етуде еді.
Қазір тамыз айының бас кезі болса да сарғайыңқыраған шөптер де, бұталар да, бұталардың жапырақтары да жаңбыр суын жұтып жұмсарып, жасарыңқыраған сияқты.
Анықтап бақылаған кісі ғана сезерлік, болар-болмас үлбіреген майда ескек ақырын құбылып, адамның денесіне нәзік жұқа жібек торғынша тиеді.
Ауыл Қараөзектің Есен өзеніне құйған алқабында. Бұл ара Ақмола қаласына үш жүз-төрт жүз шақырымдай. Нілді зауытына алпыс-жетпіс шақырымдай.
Алқаптың жан-жағы қырқа, бұйрат. Ауылдың алдыңғы жағында ойпаң тартып, көлденең Есен өзені жатыр. Есеннің бойындағы бір төмпешіктің үстіндегі үш биік, найзадай шошақ үш там (мола) бір жерге салынған үш мешіттің үш биік мұнарасы сияқтанып көрінеді. Бұл бір төмпешіктің үстіне іргелес салынған үш шошақ там күн ыстықта сағыммен көтеріліп бұлдырап, аспан теңізінде қалқып көрінетін еді. Қазір де енді өте айқын көрініп тұр.
Ауылдың сыртындағы жалпақ қараған арасындағы бытырап жайылып жүрген мал ішінен кенеттен екі-үш кісінің асығып, үсті-үстіне айғайлаған дауысы шықты. Дауыс күннің ыстық кезіндегідей емес, қаттырақ естілді.
— Кәһ!.. Кәһ!.. Кәһ!.. Аққұс! Аққұс! Кәһ! Кәһ! Кәһ!.. — деп асығып айғайлады.
Қараған арасында бытырап жайылып жатқан малдың шетіне шығып үздікті-создықты бұлтақтап, қиттап, айғайлап, бірдемені қуған екі-үш атты кісі көрінді. Малдың күншығыс жақ шетінен оларға қарай зымырап, құйғыта жөнелген және бір қылаң атты кісі көрінді...
Ауылда, тыста жүргендердің бәрі де айғай шыққан мал ішіне қарап тұрды. Кейбір үйлерде отырғандар да тысқа шығып, кейбіреулері еңкейген күннен алақандарымен көздерін тасалап көлеңке салып, бірдеме қуалағандарға бәрі қарасып тұрды. Төрт-бес ауылдың бәрінің иттері селтеңдесіп, айғайға қарай жүгірісіп шықты. Ортадағы ауылдан екі-үш ит айғайға қарай зымырай ұшып, бұлдырап шыға жөнелді. Екі-үш иттің бірі ұзын ақ тазы, ауылдан шыға ақ садақтың оғындай зымырап озып, жұлдызша аға жөнелді.
Ортадағы ауылдан ақ садақтай болып көсіліп, ақ тазы жөнелгенде, күншығыс жақтағы ауылдан да жүгірген иттерден озып, аққан жұлдыздай зымырап, бір жарау шабдар атты жөнелді. Қатар жарыстыра атқан екі садақтың оғындай болып қатарласа жарыса жүгіріп, зымыраған ұзын тазы мен құстай ұшқан шабдар атты, жарыса-қатарласа зымырады. Қатар атқан оқша жарысып, құстай ұшып, ақ тазы мен шабдар атты аң қуғандарға бірдей барып жетті.
Оларға еріп бірнеше иттер елігіп, жүгірісіп кетті.
Бірақ қотан иттерінің көбі-ақ құлақтарын селтеңдетіп, аңырайысып қарап тұрып қалды. Күнбатыс жақ шеткі ауылдың оңтүстік жағындағы кішкене қараша үйдің жер ошағының басында жатқан сидиған ала мойнақ қара ит, тек орнынан тұрып, мал ішінде айғайлап, шауып жүргендерге қарап, одан қараша үйден шығып қарап тұрған жамаулы кір-кір кимешекті, жыртық жеңді қара қатынға бір қарады да, бір екі қыңсылаңқырап, қайтадан бұрылып орнына жатты.
Күншығыс жақтағы, ана шабдар аттының шыға шапқан төрт-бес үйлі ауылы — Кәдірдің ауылы. Төрт-бес үйлі Кәдірдің ауылында бөтен үй жоқ. Күнбатыс жақ үзігі бүтін, күншығыс жақ үзігі жамаулы, белдеуінде бес-алты ерттеулі ат байлаулы тұрған мыжырайғандау қоңыр үй — Кәдірдің өз үйі. Екі жағындағы екі кішкене қоңыр ала үй — екі үлкен баласының үйі. Өзге екі жамаулы қоңыр үй екі құдасының үйі. Бірі — үлкен баласының қатынының інісінікі. Екіншісі — өзінің қолындағы кіші ұлының келіншегінің төркінінікі. Кәдірдің үлкен баласы Сонбайдың үйінің сыртында екі жүз қадамдай жерде көлемі ауыл қотанындай біркелкі балқарағанның жиегінде дөңгеленіп төрт-бес кісі отыр еді. Олар да сырттағы мал ішінен шыққан дауысқа, бірдеме қуалаған үш-төрт аттыға және ауылдан ызғыта жөнелген шабдар аттыға қарасып отырды. Олардың сыртында қарағанның шетінде үш-төрт ат арқандаулы жайылып түр еді. Арқандаулы тұрған аттың бірін біреу асыға қимылдап ерттеп мініп, айғай шыққан мал ішіне қарай бүлкілдеп желіп кетті. Ол екі арада мал шетінен аң қуғандар да, оларға ауылдан құстай ұшып барған ақ тазы мен шабдар атты да — бәрі де қосылып қырдан асып көрінбей кетті. Кәдірдің үйінен кең етек, қоңыр киімді біреу шығып, белдеудегі аттың біріне мініп, күнбатыс жақтағы ауылға қарай аяндап кетті.
Кәдірдің үлкенінен кіші — Жаналы деген баласынын үйінен бір топ қыз-келіншек шықты. Топтанысып, жамыраңқырасып сөйлесіп, ақырын сыңқылдап күлісіп, қыз-келіншек ауылдың солтүстік жағындағы жалпақ аламыш қарағандарға қарай жүрді. Қастарында жеті-сегіз уақ балалар жүгірісіп, бірін-бірі қуалай шуласып, қыз-келіншектердің алды-артын орасып ойнады. Қыз-келіншектердің кен делдиген етектері жер сызып, судырай көлеңдеп, кейбір қыздардың ұзын шаштарына таққан шолпылары жарқылдап, сылдырлап, кейбіреулерінің тақияларының үкілері бұлғақтап, желбіреп, жас келіншектердің жасыл, қызыл ала желектері, жас қатындардың ақ кимешектері көлеңдеп, қызыл, жасыл, көк, қара, сұр, ала бешпент, кемзал, шапандары жазғытұры әр түсті қызғалдақ гүл шашақтардың түріндей аламыштанып, алыстан көз тартып, ауылдан аулаққа оқшау шығып бара жатты. Қастарындағы құман ұстаған екі келіншек құмандарын сыңар қолдап көтеріп, өзгелері бос — бәрі ақырын асықпай аяндап, көл шетіндегі байтаққа шыққан аққу қаздарша мамырлап бара жатты.
Қыз-келіншектер топтасып үйден шыға келгенде-ақ Кәдірдің үлкен баласы Сонбайдың үйінің сыртында отырған әлгі бес кісі оларға қарай қалған еді. Әсіресе сол бес кісінің ішіндегі биік төбелі ақ елтірі тымақты, шоқша қисық қара сақалды қарашұбар қазақ қыз-келіншектердің арасынан біреуді көзімен іздегендей, мөлие, қадала қарап отырды. Бес кісінің бірі ауыл адамы — Әлиман еді. Әлиман қарашұбар, қара сақалдың қыз-келіншектерге телміре қараған көзіне қарап, ішінен күлгендей болып отырды. Өйткені қарашұбар, қара сақалдың қыз-келіншектерге түкірігін жұтына қарауы, Сейдуәлидің қара бүркітінің күзді күнгі суықта шабыттанып аң іздеп, қырдың басынан етекке сүңиіп қарағаны сияқты көрінді.
«Шұбар неме Айшаға қадалып отыр-ау...» — деді ішінен Әлиман.
«Малына сенеді ғой, қара судың тарғыл шортаны сияқты сүңкиген неме», — деді тағы да ішінен Әлиман. Қыз-келіншектер қарағанның бергі аламыш арасына барып бытыраңқырап отырды.
Жеңдерін сыбанып, жұп-жұмыр білектерін жалаңаштап, қыз-келіншектің кейбіреулері екі құмандағы суларымен кеңшілікте беті-қолдарын жуынды.
Қыз-келіншектердің кейбіреулері жалаңаштанған білектеріндегі күміс білезіктерін жалтыратып, қалталарынан иісті сабындарын алып, ақ көбігін бұрқырата езіп жуына бастағанда өзгелері де беті-қолдарын жуып алуға ақырын жамырасып күлісіп суға таласты. Ойнап, сыңқылдап күлісіп, жамырасып сөйлеген дауыстары естіліп жатты. Беті-қолдарын бұрын жуып болғандары шеттерін әр түрлі жібекпен әшекейлеген қол жаулықтарымен қолдарын, беттерін сүртіп тұрысты.
Айша беті-қолын жуып, қол жаулығымен сүртініп, дүниеге бүгін ғана келген адамша жан-жаққа телміріп сүзіле қарап тұрды. Айшаның көзі еш нәрсеге тоқтай алмай, тек Есен бойындағы үш шошақ тамға кідірген еді. Биік найзадай үш тамға қарап тұрып, әлденелер есіне түсті. Қантбала деген қатынның төркініне қашып келе жатып, өзен бойындағы бір шошақ молаларға жаңбырдан паналадым деп, ертек секілді жыр қылып айтатын әңгімелері есіне түсті.
«Жан қысылғанда осындай молалар да пана болған ғой!..» — деді ішінен Айша.
Қыз-келіншектер енді қайтадан аулына қарай жүрді. Етектері көлеңдеп шөптердің, уақ бұталардың бастарын судыратып сипай жайпап, барлығы ақырын жамырап сөйлесіп, ақырын сыңқылдасып күлісіп ойнап, қаз-қаз аяндап келе жатқанда Айшаның жүзі солғын еді. Айшаның қабағы ауыр қайғымен түйіліп, еңсесін қасірет басқан сияқты еді.
Айша қара сәтен шапанын жамылып, қыз-келіншектердің ортасында келе жатты. Өзге қыз-келіншектердің бәрі Айшаға келген қорқынышты, қайғылы қатерді іштерінен сезіп жиналысып, Айшаны не қорғап, не жұбатып, орталарына алып келе жатқан сияқты еді.
Айшаның майысыңқыраған сымбатты ұзынша бойы, ашаң, құба жүзі, қоп-қою, қап-қара құндыздай екі қасының арасы қосылған қабағы, тереңдеп мұңайған кер көзі оның кешеден бері киын, қалың ойда, ауыр қайғыда екенін білдіретін еді. Бірақ Айша бұрын да орынсыз күліп, орынсыз ойнап, артық сөйлемейтін, салмақты ақылды деген қыздың бірі болғандықтан, оның казіргі әлсіреген гүлдей мұңайып, зіл тастан ауыр қайғымен майысуына ауылдағы аңқау жұрттың көбі өте артық мағына бере коймай жүрген сияқты еді. Өйткені кешеден бері Айшаның түйілген қабағы ашылмай, жүзі үзілген гүлдей сола бастаған соң қасындағы қыз-келіншектердің біреулерінің жүректеріне уайым, күдік, енді біреулерінің жүректеріне аяныш кіріп, бойларын жаза алмай жүр еді. Бірақ бұлар онысын сездірмей қамалап, Айшаның көңілін көтеруге тырысып, ақырын байқап сөйлеп, ойнаған болып, ақырын сыңқылдап күлісіп келе жатты. Өлім күтіп отырған күшігендерше Сонбайдың үйінің сыртында сүңие қарап отырған төрт-бес кісіге келіншектер көздерінің қырымен ұрланып қарасып қояды.
Сүйтіп, қыздар Кәдірдің үлкенінен кіші баласының үйіне кайта келіп кіріп отырды.
Үйге кіріп отырғанда Айша ақырын ғана күрсініп қойды.
Әлгі мал шетінен аң қуып қырқадан асып кеткендер де қайта қырқадан бері асып малға қарай келді. Ақ тазы мен шұбар атты ауылға қарай кайтты.
Айша Кәдірдің қолындағы қазіргі бойжетіп отырған кіші қызы еді. Қаракесек елінен келіп, «ынғайлы қыз» көріп жүрген Боранбай дегеннің Шәкір деген баласы осы елге келіп, бірнеше ауылдарды аралап жүріп, Айшаны естіп, Кәдірбектікіне келіп, екі күннен бері енді Айшаны сұрап алмақ болып жатыр.
Құда түскенде қазақтың жалпы әдетіндегідей құда-күйеушілеп, қалындық ойнап жүрмей, біржолата алып кетіп, еріп барған кісілерден келіскен қалыңмалын беріп жібермек. Өйткені күйеушілеп жүретін Боранбайдың баласы Шәкір жас жігіт емес, қатыны өлген кісі. Оның бос тұрған үйіне әйел керек. Және ол лайықты әйелдің тиісті, шамалы қалыңмалын бірақ айдатуға әлі келетін адам.
Міне, Боранбайдың Шәкірі біреуден Кәдір дегеннің Айша деген талшыбықтай бұралып отырған қызы бар дегенді естіп келіп, әлгі жөнмен екі күннен бері Бименде байдың Қоржынбай деген «дәвернәй» кісісін салып, Кәдірдің өзімен, үлкен балаларымен және Кәдірдің ағайындарымен сөйлесіп, келісіп отыр. Отыз қара малға Айшаны алмақ болып жатыр.
Айшаны бір қатыны өлген кісіге беріп жіберуге Кәдірдің үй ішін көндірген бір жағы Шәкірдің малы болса, екінші жағы Бименде байдың жіберген кісісі еді...
Бименде бай Шәкірдің жездесі...
Қаракесек Боранбайдың Шәкірі қатын-балалы болмаған жас жігіт болса, мықты адамдардың қызын-ақ айттырып, белгілі кәделерін істеп, отаулатып, жасау жасатып, тойын тойлатып алар еді. Қатыны өлген, үйінде жетім баласы бар, бетін шешек жеген, қисық қара сақалды, тарғыл торғай сияқты Шәкірге — бай, атақты, мықты адамдар қыздарын отыз шақты қараға бере қоймайтын болған соң бөтен елге келіп, Кәдір сияқты кісінің Айша сияқты көкөрімдей қызын көрген соң — Боранбайдың Шәкірі мал-жанын сала қадалып алғалы жатыр. Ана Кәдірдің үлкен баласы Сонбайдың үйінің сыртында жолдастарымен отырған төрт-бес кісі — сол Боранбайдың баласы. Қастарындағы тықпа қара сақал Бименде байдың Шәкірге қосып жіберген кісісі... Әлгі, мал шетінен айғайлап аң қуғандарға қарай ортадағы ауылдан зымырап жөнелген ақ тазы мен күншығыс жақтағы ауылдан жарыса жөнелген аттының астындағы жүйрік сол Шәкірдің шабдары.
Кәдірдікі мал сойып, алқаптағы сол жерде отырған бес ауыл ағайынның басты-бастыларын шақырып, жаңбыр алдында дәм татқызып, бата қылдырып тарқатты. Ауылдары басқа жерлерде отырған Сүлеймен старшина мен Бәкір молда да келіп, батаның басында болды. Дәмге келген адамдардың кейбіреулері мен бата басында болған Бәкір молда, Сүлеймен старшина Кәдірдікінде әлі де отыр. Ана белдеуде тұрған аттар солардікі.
Бір күнде отыз қара мал айдап алатындығына нанар-нанбасын білмей, бірдемеге күдіктеніп жүргендей, Кәдірдің өрен-жараны сел абдыраңқырауда еді. Қалай дегенмен бірінің көзін қарауыттырып, бастарын айналдырып, Айшаны бір келген, қатыны өлген қарашұбар, қисық қара сақалға бергізіп жіберейін деп отырған бір жағынан Бименде бай болса, екінші жағынан біржолата ойлап алатын отыз қара мал еді.
Тек бұл ақылда Кәдірдің екі ортаншы баласы ғана жоқ еді. Бірі — Сапарғали. Нілді зауытында жұмыста болса, екіншісі — Әбіл бір бай ағайынның қолында малшы, жылқышы еді.
ЕКІТАЛАЙ КЕЗЕҢНІҢ ҚИЯСЫНДА
Күн батып бара жатқан кезде күйеулер отырған үйден үш-төрт жігіт шығып, қыз-келіншек отырған үйге қарай жүрді. Төрт жігіттің біреуі патсайымен тыстаған ақ елтірі тымағын көзіне таман киіп, насыбай атқан ернін томпитып шырт түкіріп қойып, қолындағы кішкене ақ домбырасын сыңқылдатып шертіп келе жатты.
Торт жігіттің бірі құда жігіт, өзгелері ауыл жігіттері еді.
— Кәне, құда, енді құдашаларыңның ортасына барған соң ән саласың ғой! — деді ауыл жігіттерінің бірі, мұртты жігіт.
— Енді бір жолға құданы арашалап аласыңдар ғой! — деді құда жігіт.
Төртеуі қыз-келіншектер отырған үйге келіп кірді.
— Сәлем бердік! Сәлем бердік... Амансыздар ма?
— Ә-ә, жоғары шығындар! Жоғары шығындар! Сендер келіп кішкене қыздырып, бір ойын бастамасаңдар, мәніміз болатын емес!.. Кәне, жоғары шыға қалыңдар! — деді бір-екі келіншек.
Қыздардың да кейбіреулері жымыңдасып, қозғалысып қойды. Әлгі келіншектің бірі:
— Кәне, жоғары шығындар! Неге тұрсыңдар қақиып? — деді.
Домбыра ұстаған, патсайымен тыстаған ақ елтірі тымақты жігіт ернін жымырып, шырт еткізіп бір түкіріп қойды да, жолдастарына қарап:
— Кәне, мәжілістері бізбен толатын болса жоғары шығайық! — деді. Сонан соң:
— Ал, құда, жоғары шық! Құдашаларыңның арасына барып отыр! — деп, құда жігітке қарады.
Құда дегенде, қыз-келіншектердің бірсыпырасы көздерінің астымен Айшаға қарасып, жаутаңдасып қалды.
— Ал жоғары шықсақ, шығайық!.. Шығайық! — деп жігіттер қыз-келіншектердің араларына кіріп отырысты.
Ауыл жігіттерінің үлкені — әлгі мұртты жігіт Айшаға бір қарап қойып, құдаға қарады.
— Қане, енді мына құда ән салады ғой?.. Ахмет, домбыраңды мына құда жігітке бер! — деді әдейі істегендей жымыңдап.
Домбырасының құлағын бұрап, күйге келтіріп отырған Ахмет деген патсайы тысты, ақ елтірі тымақты жігіт домбырасын құданың алдына сұлата тастады.
— Қане, енді бөтен елдің әнін естиік! Қане, құда, лебізіңізді естиік! — деді банағы екі шапшаң келіншектің бірі, бет жиегін кестелеген ақ кимешекті, қызыл шырайлы, қара көз келіншек.
Ахметтің берген домбырасын ыңғайсыздау шошайтып, қолына ұстап отырған құда жігітке үйде отырғандардың бәрі де қарай қалды.
Құда жігіт жалтақтап, ыңғайсызданып отырды.
— Апыр-ай, тіпті домбыра тартып, ән салған емес едім!.. Енді айыпқа бұйырмаңыздар!.. — деді.
Еңкейіп домбыраны қайта Ахметтің алдына қойды.
— Ей, құда-ау, сен немене, ұялып отырмысың? Елінен қыз іздеп, бөтен елге күйеу болам деп шыққан кісінің қасындағы жолдасы өлең айту білмейді дегенге кім нанады дейсің?.. Қой, бір ән салып жібер! — деді тағы да мұртты жігіт.
Құда қызарып терлеңкіреді, бірақ ештеңе айта алмады. Домбыраны да шерте білмеді...
Қыз-келіншектер «жалғыз хан» ойнап отырды. Ахмет домбырасын сыңқылдатып тартып отырды.
Айша қабағын жауып, томсарып, сөзге де кіріспей, ханға да кіріспей, жалғыз отыр.
Мұртты жігіт Айшаға:
— Айша, ойнасайшы сен де! Осының бәрі де сенін көңілің көтерілсін деп күліп отырғанда, сенін томсарып отырғанын бәрімізге де біртүрлі ауырлау тиіп отыр!.. Көңіліңді көтеріп, ойнап-күліп отырсайшы! — деді.
Бәрі де мұртты жігіттің сөзін тыңдап қарай қалды.
— Ия, дұрыс айтады, қарағым, құр босқа томсарма, ойнап-күліп отырсайшы мына құрбыларыңмен! — деді қызылшырайлы келіншек.
— Ойнап отырсыңдар ғой өздерің, ойнай беріңдер! Менің ойыным тасып отыр дейсіндер ме? — деді Айша.
— Біздің де ойынымыз тасып отырған жоқ, біз әшейін сен шашасын деп ойнап отырмыз, қарағым, уайымнан ешбір пайда +.оқ, онан да көңіліңді көтеріп ойнап-күліп отыр! — деді бір келіншек.
— «Тышқанға өлім керек, мысыққа ойын керек» дегендей, маған ойын керек емес, Жәмилә, ойнағыларың келсе, әздерің ойнай беріңдер, — деді қабағын түйген бойы Айша.
— Айша олай десе, ендеше біз де ойнамаймыз! — деді домбыра шертіп отырған Ахмет.
— Жо-оқ! Сендер ойнай беріңдер! Менің әшейін ойнағым келмей отыр!.. Ойнай беріңдер! Ойнай беріңдер! Мен Садырбекпен біраз әңгімелесейін, сендер ойнай беріңдер, — деп Айша мұртты жігітке қарай қозғалды.
— Ал, ендеше ойнай беріңдер! Ойнай берейік! Ал, иір! — деді келіншектердің бірі.
Айша орнынан тұрып, мұртты жігітке қарап:
— Мұнда келші, Садырбек! — деп жиюлы төсектің бұрышына барып отырды.
Жалтақтасып қараған қыз-келіншекке:
— Сендер ойнай беріңдер! Ойнай беріңдер! — деді тағы да Айша.
Өзгелері ойнай берді.
Айша қасына келіп отырған Садырбекпен сыбырласып сөйлесіп отырды.
Айша:
— Тағы да барып айт, мен Боранбайдың баласына баруға ақыретте де ырза емеспін! Маған оның байлығының керегі жоқ! Қатыны өлген, үйінде жетім балалары жылаған, күшіген сияқты үңірейген, сақалы күректей қарашұбарға мен қатын бола алмаймын! Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін! Және өле-өлгенше менің әке-шешем, туған-туысқаным жоқ деп білем! Егерде менен құтылғылары келіп, мені қатыны өлген Боранбай баласына бермек болса, мен өзім-ақ көзімді жоғалтайын! Менің әке-шешеме, туған-туысқандарыма келтірген зияным, тидірген кесірім жоқ еді! Сен барып бәрін түгелдеп, қалдырмай айт! Егерде мені шынымен Боранбай баласына сатса, міне, бір тәңірге аян болсын, мына батқан күнмен бірге батайын, тәңір алдында қолым жағаларында болады! Онан соң өле-өлгенше ешқайсысының бетін көрмеймін! Ұмытпай осы айтқандарымның бәрін айт! — деді.
Айшаның мұңға батқан әдемі кер көзінен мөлтілдеп жас ақты.
Садырбек те мұңайып көзіне жас алды.
— Қазір барып айтайын ба?.. — деді ол.
— Ия, қазір барып айт! — деді Айша. Садырбек мұңайып, ауыр ойға кірген түрмен орнынан тұрып, үйден шығып кетті.
«Жалғыз хан» ойнап отырған қыз-келіншектер, жігіттер үйден шығып бара жатқан Садырбекке бір, Айшаға бір қарап, Айшаның ауыр халдің, екіталай кезеңнің қиясында отырғанын енді әбден айқын сезгендей еріксіз жабырқап ойындарын қойды.
— Неге қоя қойдыңдар?.. Ойнай беріңдер ойындарыңды! — деді Айша.
Бірақ қамалып, бұралаңдап, иықтары түсіңкіреп жастар ойнай алмады.
Жігіттер ойынды қойып, тысқа шықты.
Кеш болған соң қыз-келіншектердің көбі үйлеріне барып келмек болып ауылдарына кетті.
Айшаның жанында Бибажар, Мүсілима деген бір-екі қыз бен үйінде отырған кіші жеңгесі қалды. Және үлкен жеңгесі келіп отырды. Үйге от жақты. Айша үйінде отырған екінші жеңгесінің үйелмелі-сүйелмелі үш баласы үйде от басында отырды.
Оттың сәулесі мен кештің алакөлеңкесінде, тор алдына төсеген көрпе үстінде ақырын күңкілдесіп, сөйлесіп бес әйел отыр.
Жұрт кешкі шаруаларын жайғап, малдарын қотандап жүр. Бірен-саран алыс, жақын айқай-ұйқай, малдың, адамның үндері, дауыстары, дүрсілдері естіледі.
Үйге Айшаның шешесі қартаңдау қатын Салиқа кіріп келді. Бүл Кәдірдің екінші қатыны еді. Алғашқы қатыны үш-төрт баланың анасы болғанда өліп, мына қатынды содан кейін алған еді. Салиқадан да бірнеше бала туған. Сол балаларының бірі — Айша еді.
Салиқа Айшаны Боранбайдың шұбар Шәкіріне лайық көрмесе де, Бименде байдың кісісінің сөздеріне елігіп, отыз қараны біржола айдатады деген соң малға қызығып, екі күннен бері жүрегі лүпілдеп көтеріліңкіреп жүр еді.
— Отты неге жарығырақ қылып жақпай отырсыңдар? Өзгелер тарап кеткен бе?.. — деді Айшаның шешесі.
Шешесі Айшаға айыпты кісіше қарады. Айша түйілген, томсарған бойымен отыра берді.
Айшаның шешесі үлкен келініне қарады.
— Рапыш-ау, үйіңе неге бармай отырсың, ана кісілеріңнен ұят емес пе? — деді.
Рапыш:
— Барармыз, жаңа ғана келдім, мына балаңның қасына! — деп отыра берді.
Айшаның шешесі тағы да қарап тұрып, екі келініне:
— Екеуің тысқа шығып кетші, Рапыш пен Ұркия! — деді.
Екі келін енесімен бірге тысқа шықты.
Үйге Садырбек кіріп келіп, еңсесі түсіңкіреп, аяқтарын жай басып, төрге шығып Айшаның қасына келіп отырды. Садырбектің еңсесі түскен түрінен-ақ, салбыраған қабағынан-ақ қуанарлық жауап әкелмегенін Айша сезе қалды. Бірақ әйткенмен Айша Садырбекке бұрылып, әкелген жауабын сұрады:
— Немене, айттың ба бәріне?.. Немене деді?
Айшаның көкірегінен күйінген жанның жалын демі тұншығып шыққандай болды.
Садырбек ақырын, үмітсіз үнмен мұңая сөйледі. Оның да үнінен ашынған жанның мұңайған үні тұншығып шыққандай болды.
— Баяғы бір соз... Бәріне де айттым, ешбір соз қалдырғаным жоқ... Олардікі баяғы, бәрінін айтатындары: Айшанікі балалық дейді. Қатыны өлген кісіге кім қызын бермейді дейді. Боранбайдай бай және аталы жерге барған соң Айша әшейін жылы суға екі қолын малып отырады дейді. Енді сол сөзін қойсын дейді... Және, өзің де естіп отырған шығарсың, ертең жөнелтпек қой? Осы алқаптағы бес ауылмен ғана таныстырып, ертең түстен кейін жөнелтеміз дейді. Енді дайындала берсін, балалық сөзді қойсын дейді, — деді Садырбек.
Айшаның қабағы қарс жабылған бойы түсі суып, беті тастай болып қатып қалды. Үн жоқ.
Бірақ еңкейіңкіреген кеудесін көтеріп алып:
— Бәрібір енді!.. Не қылса о қылсын, көрерміз! — деді.
— Бәрі маған ұрсады, сен ақылыңды айтып тоқтау айтпайсың Айшаға дейді, — деді Садырбек.
— Енді мен десең саған қанша ұрысса да тағы да барып айт, енді бір-ақ ауыз сөз айт: енді маған өкпелемесін туған-туысқандарым, әке-шешем! Мен үш қайыра алдарынан өттім, өтініш қылдым! Енді ешқайсысы маған өкпелемесін деп айтты де барып! — деді Айша.
Садырбек құшырланғандай болып:
— Жарайды! — деп түрегеліп, тағы да шығып кетті.
Айшаның екінші жеңгесі Ұрқия кірді.
Отты жарығырақ қылып жақты.
Үлкен жеңгесі Рапыш кіріп келіп, екі қыз бен Айшаға қарап:
— Немене, әлі томсарып отырғандарың?.. Әңгімелесіп, ойнап отырсаңдаршы! Балажанды (Айшаны) ертең жөнелтеді дейді ғой, — деді.
Екінші жеңгесі Ұрқия отқа қарап мұңайып отырды. Бибажар мен Мүсілима қорыққан, ауырсынған түрмен Айшаға, қатындарға қарап тамсанысты. Бибажар:
— Тым болмаса ағайындарды аралатып таныстырмағаны ма? — деді дағдарып.
— Кімді аралап, қай ағайынға таныспақпын! — деді қабағы қара бұлттай түнерген Айша.
— Үйдеме, қарағым, әлі-ақ өз бетіңмен адам болып, үйге, шаруаға ие болып, жақсы болып кетесің! Қазір әшейін ел-жұртты, ойнап күлген құрбы-құрдасты қимайсың ғой! Барайын деп отырған жерің, құдайға шүкір, бай дейді!.. Қазіргі заманда ердің құны мал емес пе, — деді Рапыш.
— Мен малға барғым келмейді, Рапыш!.. Бұл сөзді, әшейін малдың зары өткен соң айтып отырсың ғой! Әйтпесе, бұл сенің маған айтар сөзін бе еді?.. Қатыны өліп, үйінде жылап отырған жетім балалары бар, сақалы күйектей, қарашұбар Боранбайдың баласына мен теңмін бе?.. Сенін де көкейіңді мал тесіп отыр ғой! — деді Айша.
Рапыш сасып қалды:
— Ойбай, Балажан-ау, менің тіпті ойымда сенің тілеуіңді тілегеннен басқа ештеңем жоқ! Әшейін, малды адам деген соң өзің үшін айтып отырмын. Көңіліне ауыр алма, қарағым! Мен қайтейін енді! — деді.
Біраз үндеспей отырды.
Бибажар Айшаға:
— Айша, Мүсілима екеуіміз кішкене өлең айталық па, іштегі шеріміз азырақ тарқар ма екен? — деді.
— Е, айтыңдаршы, қарақтарым! — деді Рапыш.
— Айтсаңдар айтыңдар! — деді Айша мұңайған қалпымен.
— Кәне, Мүсілима, екеуіміз қосылып айтайық! Үнемі бүйтіп бас қосып отырмаспыз. Біріміз Ұрымға, біріміз Қырымға кетеміз ғой, жаным! — деді Бибажар.
— Айтайық, не айтамыз?.. — деді Мүсілима.
Бибажар:
— «Зұлқияны» айтайық! — деді.
Мүсілима тамағын қырнап:
— Сен баста! — деді. Бибажар:
— Жарайды! — деп дауысын кернеп, қозғалып қойып, шырқап қоя берді:
Heгe өсті екен қыз сорлы сылауменен?
Тал шыбықтай тал белін қынауменен. Әлди-ай!
Анасынан онан да тумасайшы,
Өксігенше өмірі жылауменен. Әлди-ай!
Жылама, сәулем, жылама,
Жылама, жаным, әлди-ай!
Екі қыздың зарлаған, өксіген, жылаған тәрізді әні еңіреген жанның зары сияқты шықты. Барлық алқаптағы бес ауыл құлағын сала қалғандай болды.
Екі қыздың үні өксіп еңірегендей әуелей шырқады:
Қара суды жағалай қаз барады!
Ел жұртынан айырылған қыз барады. Әлди-ай!
Қара суға қан құйса ағар, кетер. Әлди-ай!
Жат кісіге қыз берсе, алар кетер. Әлди-ай!
Жылама, сәулем, жылама,
Жылама, жаным, әлди-ай!
Екі қыздың ырғалған, сыңқылдаған үнінің: «жылама сәулем, жылама!..» дегені тыңдаған жұрттың жүйесін босатты. Әркім жинала бастады. Кейбіреулер үйге кірмей таянып келіп тыңдады. Кейбіреулердің көзінен жас шықты...
Кім тыңдайды қыз сорлы жылағанмен?
Көздің жасын көл қылып бұлағанмен. Әлди-ай!
Шыңырауға түскен соң шығу қиын,
Жалбарынып тәңірден сұрағанмен! Әлди-ай!
Қой, қой, сәулем, қой, сәулем,
Жылама, сәулем, әлди-ай!..
Екі қыздың еңіреген үні алқаптың үстіндегі кештің әуесін қозғап ызыңдатты. Қысылған күйініш үстінде шыққан ән әуені толқытып, торға түсіп талпынған сұңқарша көкке қарманып, қол сермегендей еді.
Қайнаған жүректің, өртенген өзектің, еңіреген-өксіген жанның зары жұртты жинады. Жұртты еріксіз босатты. Еріксіз тыңдатты.
Жиналып келіп тұрған қатын-қалаш, бала-шағаның ішінде бірен-саран үлкендер де бар еді. Олардың да кейбіреулері көздеріне жас алып тұрды.
Садырбек пен бір-екі жігіт және қатар ауылдан бір қыз бен бір келіншек келген еді, олардың да біреулері егіліп босап, ақырын жылап тұрды.
От басындағы Ұрқия жылап, көз жасын ақырын сүртіп отырды.
Өлең айтып отырған Бибажар мен Мүсілиманың өздері де көздерінің жастарын іркіп алды.
Бұлар өлеңдерінің үшінші ауызын айтқанда Айша теріс қарап бүк түсіп жатқан еді. Көзінен ыстық жасы моншақ-моншақ ағып жатты.
...Мың сиырды бастаған кер құнажын...
Қасіретпен бетіме түсті-ау әжім. Әлди-ай!
Мал бердім деп бір жаман ие болад,
Құдіреттің ісіне бар ма лажым. Әлди-ай!
Жылама, сәулем, жылама,
Жылама, жаным, әлди-ай!
Екі қыздың сыңқылдап «жылама, жаным, жылама!..» деген жұбатуы қалтырап, созылып, елжіреп, ырғалған сайын көз жасы моншақша мөлтілдеп домалай берді.
Аққу көнбес ешкімнің байлауына,
Құшақ жайып кетеді жайлауына. Әлди-ай!
Қыздан сорлы бар ма екен, тәңір-ай деген,
Әкесінің кетеді айдауына. Әлди-ай!
Қой, қой, сәулем, қой, сәулем,
Жылама, жаным, әлди-ай!
Біртіндеп үйге кіріп, өлең тыңдап ұйлығып, мұңайып тұрғандардың ішіне біртықыр мұрттылау, жалпақ бет, қара жігіт кірді. Қолында қамшысы, аяғында ескі, кең саптама етік, үстінде қоңыр шекпен, белін буған. Басында қоңыр елтірі бөркі бар.
Бір жақтан жаңа ғана атпен келгендей, беті сәл аңырып, абдыраңқыраған сияқты, әркімге, өлең айтып отырған екі қызға, олардың қасында, төрде бүк түсіп теріс қарап жатқан Айшаға қарап тұрды. Босаға жақта керегеге арқасын сүйеп, бөркін көзіне түсіріп Садырбек жылап отыр еді, қара жігіт соған бір, бүк түсіп жатқан Айшаға тағы да бір қарап көзін жапақтатты. Көзіне мөлтілдеп жас келді.
От басында отырған Рапыш қара жігітке қарап қойып, Ұрқияға күбірлеп бірдеме деді. Төмен қарап жылап отырған Ұрқия да жылаған жүзін көтеріп, жалпақ бет қара жігітке қарады.
Сол кезде Бибажар мен Мүсілиманың үні еңіреген зармен сол алқап үстінің кешкі әуесін ыңылдатып, қалтыратып, жылатып, аспанға еңіреп шырқаған еді:
...Уылжыған ақша бет қуарсайшы!
Жылай-жылай мөлдір көз суалсайшы! Әлди-ай!
Мал орнына қор болып кеткеніңше,
Өліп қана қыз сорлы уансайшы! Әлди-ай!
Қой, қой, сәулем, қой, сәулем,
Жылама, жаным, әлди-ай!
От басындағы Ұрқия жасын сүртіп, жалпақ бет қара жігітке қарап:
— Қара ұл-ау, жоғары шықсайшы!.. Қашан келдің? — деді дауысы қалтырап жылап.
Жалпақ бет қара жігіт жылап қоя берді. Қара жігіттің балаша өксіп жылағанын көріп, үйдегі жұрттың бәрі де енді егіліп, көз жастарын төгіп-төгіп жіберді.
Қара жігіт Кәдірдің Әбіл деген ортаншы ұлдарының бірі еді. Бүл бір ағайынның баласы болып, қысы-жазы қап-қара болып соның жылқысын бағатын еді. Айшаны беріп жіберейін деп жатыр деген соң қоштасып қалуға келген еді.
Әбілдің дауысын танып, Айша да басын көтеріп еңіреп қоя берді.
«Қу мал!.. Қу мал!..» — деп еңіреген сияқты болды екеуі де.
Бір бай ағайынның «баласы» болып, қысы-жазы салпақтап соның жылқысын бағады. Қыстың қызыл шұнақ аяздарында, үскірік дүлей борандарында бет-аузын үсітіп, қара қожалақ болып, шыжыған шілденің ыстықтарында қап-қара болып күнге күйіп жүргені. Оны бала қылдым деген бай ағайынның өзінен туған балалары елдің ардақтысы, еркесі сияқты жүреді. Бай ағайынның өзінен туған балалары тек аппақ тұлыптай болып, сырлы, ақ үйлерде, қызыл кілем, барқыт көрпелердің үстінде, бес тиындық еңбек қылмай қазы-қарта, бағлан еттерін шайнап, сапырулы сары қымызды күні бойы, түні бойы ішіп, ерігіп қана жатады. Ойына келгендерін істейді.
Ал бүл жалпақ бет, жалпақ жауырынды қара жігіт дамыл көрмей қысы-жазы солардың жылқысын бағады... Олардан мұның несі кем еді?.. Бәрінің арғы атасы бір емес пе еді?.. Бұл қу малдың қорлығы емес пе?.. Қу малдың зары өтпесе, Айша сияқты көлдегі аққу құстың балапанындай мөлдіреген сұлуды қатыны өліп келген күйек сақал, қара шұбар сұмға еріксіз қосып берер ме еді?
Міне, екі туысқанның өксіп-еңіреп жылағаны сол еді.
«Қу мал!.. Қу кедейлік! Қу тапшылық!--» — деген сияқты зар еді...
Жұрт малдарын әбден қотандап жайласып, ел орынға отыра бес ауылдың қыз-келіншек, жігіттері Айша отырған үйге тағы да жиылып, топырласып, ұйлығып отырып тарқасты...
АҚЫРҒЫ ТҮНДЕ
Ақырғы түнде төсекте құшақтасып жатуға қасында қалған Бибажар, Мүсілима, Сәлие деген үш қыз бен Айша ағасының үйінде, төр алдында, бір төсекте жатты.
Күйеудің жолдастары ел жатқан соң Айшаны күйеудің қасына апаруға талап қылып жеңгелеріне айтып және кейбір ауыл жігіттеріне айтып айналдырып бакты. Бірақ еркек-әйел, жеңгелерінің ақылдарына Айша көнбеді.
Айшаның түрін көрген соң, жеңгетайлары дағдарып, қойды.
Құда, күйеулер шаптарын жалап қыңсылаған аш қасқырларша иіріліп, бүрісіп-бүрісіп жатты.
Кеш қараңғы еді. Ел жатқанда Айшаның қасында жатқан үш қыз көп уақытқа шейін Айшамен мұңдасып, құшақтасып, жыласып жатты...
Түнерген алқаптағы бес ауыл жым-жырт болып, тым-тырыс ұйқы тынысында жатқанда бірнеше жан ғана ұйықтамай, шырмалған өмір торынан босану, босанбау таласынын әуресінде еді. Олардың бірі — ағайынының жылқысын бағып жүрген Кәдірдің Әбіл деген баласы және Әлкей деген жігіт, Айша, Бибажар, Мүсілима, Сәлие еді. Екіншісі: Шәкір күйеу, Бименде байдың кісісі — Кәдір, Кәдірдің өзге екі баласы: Жанәлі мен Айдар және Жанәлінің балдызы Серік деген жігіт еді.
Бұлардың біріншілері Айшаның тілегінде еді. Екіншілері мал мен Шәкір күйеудің тілегінде еді.
— Айшаны жылатып бермендер, жылатып бергізбейім! — деп Әбіл туыстарымен, әкесімен ұрсысып, Бименде байдың кісісін боқтап, балағаттап, атқа мінген.
Енді түнерген алқаптағы бес ауыл жым-жырт ұйқыда жатқанда, Кәдірдің екінші ұлы Жанәлі, кенже ұлы Айдар, Серік үшеуі ұйықтамай, ақырын ауылды күзетіп жүрді.
Әбіл де ұйықтамай, түн жамылып ауылға атпен бір келіп, бір кетіп жүрді.
Олар үйтіп жүргенде, қараңғы түнде, түндігі жабулы қараңғы үйдің ішінде, өзге жұрт қаперсіз ұйқыда жатқанда, Айша мен үш қыз сыбырласып, мұңдасып күйген, өртенген жандарының жанған жалынын қайнаған көкіректен уһлеп шығарып, көзден аққан ыстық жастарымен жастықтарын бұлап жатты.
Қараңғы түннің ортасы ауды. Таң да таянды... Тозған орақтың сынығындай, тозған тағаның ортасындай сызылып ай туды. Үшкірленіп, жіңішкеріп қиылған алтын айшық туып сәл көтерілген кезде аспан мен жер үсті азырақ жары к тартты. Аспандағы акқан сендей жосыған, түте-түте болып жел қуған қаңбақша, жүгіріп ұшып өтіп жатқан қалын қара сүр ұшпа бұлттар енді айқын көрініп тұрды.
Сызылған айшық көтеріліңкіреген кезде, аспандағы қалың ұшпа қара бұлттардың жосып жүгіріп өтіп жатқаны білінбей, жіңішкеріп сызылған айшық аспанға өрлеп жүгірген сияқты еді.
Алтындаған ақ күміс табақтың жиектеп қана сынған жұқа шеті сияқты жіп-жіңішке болып имиіп, үшкірленіп сызылған ай аспанға өрлей зымырап, бұлттан-бұлтқа жүгіріп ағараңдады.
Тақырға басқан аттың ізіндей қиылып, зымырап, жүгіріп бір бөлек қара сұр бұлтқа кіріп жоқ болады. Қалын бұлтқа кіріп жоқ болысымен кешікпей, бұлттың екінші жақ шетінен шыға келеді. Шыға келіп жүгірген бойымен зымырап тағы да екінші бұлтқа кіріп жоқ болады.
Бауырынан жарағандай имиіп, қиылып созылған айдың ағараңдап зымырап, аспанның биігіне қарай созылып, бұлттан-бұлтқа жүгіргені, бір бұлтқа кіріп жоқ болып, одан жүгіріп шыға келіп зымырап екінші бұлтқа кіріп жүгіргені, манағы кешке жақынғы ақ тазының өрге қарай зымырап, қарағаннан-қарағанға кіріп жүгіргені сияқты еді.
Таңға таянған кезде үш қыз ашуының торына шырматылып шыға алмаған көгершіндерше, ауыр ойларға шырматылып үндеспей жатты.
Айшаның есіне тізбектеліп, жүгіріп әр түрлі ауыр уақиғалар келіп-келіп жатты.
Меңіреу қаралы қайғы, ауыр ой қаптаған Айшаның қайнаған басының қиял жүгірісі түнгі аспандағы қара бұлттарды аралап, аспанның биігіне қарап ұмтылып, зымырап жүгірген сызылған айдың жүгірісі сияқты еді.
Қара түнгі, ауыр қалың қою қара бұлттарды аралап, аспанның биігіне ұмтылғандай зымырап, сызылған ай да тынбай жүгіре берді, қараңғы түнде, қараңғы тар үйде, қараңғы ауыр, меңіреу тұрмыста қайғы торына түскен Айшаның да қиялы ойдан-ойға зымырап, тыным таппай талпынып жүгіре берді...
Айшаның есіне Қантбаланың ертегі секілді әңгімелері келіп түсті.
Көздері жыртиып, қызарып Қантбала байғұс басынан кешірген уақиғаларын езге қатындарға ертегі сияқтандырып айтып отырушы еді...
ҚАНТБАЛАНЫҢ ЕРТЕГІСІ
«Мені бұрынғы ерім тоқалдыққа алғанда бала үшін алған еді. Барған соң кешікпей-ақ жүкті болып, бала көтердім. Бірақ балам туып өле берді. Бала тұрмайтын болған соң, бәйбіше күн көрсетпейтін болды. Отырса — басқа, тұрса — аяққа ұрады дегендей қылды. Байым бәйбішесіне қой демейтін болды.
Сонсоң бір күні төркініме қаштым. Жазды күнгі уақыт еді. Ел Сарысудың бүйрек шетінде отыр еді. Қараңғы түнде жалғыз езім Сарысу өзенін ерлей жүрдім. Қолымда бір кішкене құрықша бар. Өзен бойы кейде қалың ши, кейде аламыш далаңқай, әр жерден үлкен, ескі апан-құдықтар кез келеді. Түн көзге түртсе көргісіз, қараңғы. Жаяу, жападан-жалғыз, біртүрлі қорқып та келемін. Бір кезде қараңғыда бір от жылтылдады. Отқа қарай жүрдім. Таянып келсем далада, бір кішкене шидің түбінде сап-сары шашы жалбыраған, емшегі салақтаған бір әйел от жағып отыр екен. Әуелі адам екен деп ойладым.
— Ей, сен кімсің? — дегенмін ғой.
Сөйдеп едім, өзіме қарап ыржыңдап күлді әлгі. Жүрегім су еге түсті. Шайтан екенін біле қойдым да, ішімнен иман айтып, құрықшаммен жерді салып кеп қалып едім, әлгі от та, шайтан да жоқ боп кетті. Ой аллай, содан тағы да жүріп келе жатыр едім, таға да бір жерде от жылтырады. Келсем, тағы да сол әлгі сары шашты албасты екен от жағып отырған. Тағы да калима айтып, құрықшаммен жерді салып кеп қалып едім, тағы да жоқ болды әлгі албасты да, оты да. Содан енді біраз жүріп едім, алдымнан таға да от жылтылдады. Келсем, тағы да әлгі албасты екен. Таға да калима айтып, жерді салып кеп қалып едім, тағы да жоқ болды. Содан қойшы, неше рет алдымнан от жағып әлгі шайтан шыға берді. Осы, түрі сұмдық, шаштарын жалбыратып, емшектерін салақтатып, ыржақтап күліп алдымды бөгей берді. Ақырында күн жарқылдап, шатырлап, осы шелектеп төккендей, жаңбыр құйып қоя берді. Үсті-басым суға малшынып келе жаттым алақтап. Бір уақытта бір биік шоғырмақ қара көрінді. Келсем, бір биік найзадай шошақ-шошақ үш там (мола) екен. Қорықтым, қорықсам да ішімнен иман айтып, сол үш шошақ найзадай моланың шеткісіне кіріп, жаңбырдан паналап, калима айтып отырдым. Күн жарқылдап, шатыр-шұтыр етеді. Күн шатырлағанда биік мола осы, солқ-солқ етеді. Күн жарқылдағанда моланың іші осы, аппақ болып аңырайып көрініп қалады. Осы, зәрем жоқ. Бірақ әйтеуір, ішімнен калима айта берем. Сол өзіме коп күш болып отырды. Жаңбыр коп жауып, ашылды. Жаңбыр ашылғанда анау-мынау көрініп, таң да атып қалды. Моладан шығып жүріп отырып, бір шоқы тауларға келдім. Соның ойында бір ел отыр екен. Соған келдім... Содан өзіміздің елге келдім...» — деуші еді Қантбала байғұс, Қантбаланың осы әңгімесінің суреттері Айшаның қиялына тізбектеліп, ауылдың алдындағы Есен өзенінің бойындағы биік, найзадай үш шошақ мола көзінің алдына келді.
РАҚИЛА
Сонсоң Айшаның есіне дордақ Ахметтің қатыны өліп алған Рақила деген құбаша келіншектің қайта-қайта қашып жүріп ақыры Ахметке тұрмай кеткені есіне түсті. Көрген, естіген жұрт таң қалушы еді.
— Шіркін-ай, не деген мықты келіншек! — деуші еді Әзім.
— Бір бұзылып жеріген соң, кайтушы еді әйел! — дейтін еді, Бәзекең.
— Ей, бір қасарып алған соң әйел деген ұятты керек қылмайды екен ғой! — деуші еді Ұйтқыбек.
— Бір күні Қосшоқыдан келе жатып, зәрем ұшып кетті! — деп тамсанып әңгіме қылушы еді Қадырбек.
Рақиланың соңғы қашқаны Айшаның көз алдына келді.
...Жаздыгүні, көп ел жайлауға кеткенде Қадырбек Қосшоқы жақтан Есеннің бойына қарай келе жатыр екен, көлденең қара өзек жақтан сағыммен бұлдырап және даланың қалың сарғылт шөбімен киім түсі араласып, көрінер-көрінбес болып бір жалғыз адам келеді екен. Маңайда басқа қара жоқ, жалғыз жаяуға жолығуға Қадырбек атынын басын тартып, солай қарай қырындай жүреді. Таянған сайын жаяу адам бала сияқты болады.
Қадырбек: «бүл қалай, бала қайдан жүр бұл жерде?..» — деп таяна жүреді.
Қадырбек таянғанда бала бір ойпаңдау жерге түсіп отырғандай болып жоқ болады. Қадырбек баланың отырған ойпаңына келсе, қалың сарғылт шөпті ойпаңда бірнеше түп шилеуіт қарағанның арасында баланың басы қылтылдап отыр екен. Бала жасырынып отырған сияқты болады.
— Әй, бала, неғып отырсың бұл жерде?.. Қайдан келесін.? — дейді Қадырбек.
Қадырбек таяп келсе бала емес, ұзын шашы бар жас әйел сияқты. Шилеуіт шөпқарағандардың тасасына жасырынып бұғып қарайды. Қадырбектің өзі де түйсіктеніп қадалады, аты да үркіп, осқырып шилеуіт қарағандардың арасында отырған әйелге жуымайды. Қадырбек атын қамшылап тебініп, осқыртып келеді. Қозғалақтап отырған әйелдің енді барлық денесін көріп Қадырбектің өзі де шошып кетеді. Аты қатты осқырып, шошып Қадырбекті кейін ала қашады.
— Әй, неғып отырған адамсың?.. Бүл не ғажап?.. Біреу тонап кеткеннен сау ма? — дейді Қадырбек.
Атын қамшылап, ойқастатып Қадырбек қайтадан таянып келеді.
— Әй, тілің бар ма өзіңнің?.. Неге бұғасың? Неге түрегелмейсің?.. Неге жөніңді айтпайсың? — дейді Қадырбек.
Әйел орнынан түрегеледі... Қадырбек сасып қалады. Әйел анадан туғандай жалаңаш екен. Тек қап-қара, қою шашы ғана аш беліне түседі. Әйел екі қолымен төсін басып тұрып, қайтадан отырады. Қадырбек атынан түсіп, әйелдің қасына жаяу келіп, есік пен төрдей тұрып жөн сұрап, тілдеседі.
Әйел дордақ Ахметтің қатыны өлгеннен кейін жаңадан алған Рақила деген жас келіншегі болады.
Қадырбек жалма-жан үстіндегі шапанын шешіп, әйелге тастайды. Әйел үстіне шапан киген соң Қадырбек қасына келіп сөйлеседі. Ашынған әйел мән-жайын айтады. Қадырбекке еңіреп жылайды. Шыдай алмай Қадырбекте жылайды.
Әйел төркініне қашып барады екен, дордақ Ахмет қуып келіп, далада ұстап алып төбелесіп, әйелдің үстіндегі киімдерін жыртып, тартып алып, жалаңаш қоя берген екен.
«Сүйтіп, зарлап жылап, қашып жүріп, ақыры ол байғұс дордақ Ахметтен құтылады ғой. Байғұс өзін ұстап берген төркініне қашады. Төркіні жаны ашыса әуелде оны бармаймын деп отырғанда жылатып, зарлатып ұстап малға сатып жібермес еді ғой», — дейді Айша ішінен.
Қу мал талайды тасбауыр қылып, талайды зарлатып, талайды құрбан қылды ғой!
Қасында жатқан қыздың бірі Бибажар өзегі өртенгендей ауыр күрсініп, дөңбекшіп қойды.
Қасында жатқан Бибажардың күрсінуі Айшаның өртенген жүрегін онан сайын елжіретті.
«...Бұл байғұстардың алдыңғы тұрмыстары қандай болар екен?.. Сәлиенің бақытына оның айттырған күйеуі әйтеуір тәуір жігіт сияқты. Мүсілиманың әлі айттырған күйеуі жоқ. Бибажарды айттырып отырған Дүйсембайдың баласы да Бибажарға тең емес, бір қортық көрінеді, бұл күрсінбегенде қайтсін», — деді ішінен.
Бибажар мен бәрінің айтып жүретін әлгі өлеңдері есіне түсті:
Уылжымай ақша бет қуарсайшы,
Мөлдіреген екі көз суалсайшы!
Бір жаманға қор болып кеткенімше,
Әліп қана қыз сорлы уансайшы!
Неге өсті екен қыз сорлы сылауменен?
Тал шыбықтай тал белін қынауменен?
Анасынан онан да тумасайшы,
Өксігенше өмірі жылауменен?!
Қара суды жағалай қаз барады,
Анасынан айырылған қыз барады.
Қара суға қан құйса — ағар, кетер
Жат кісіге қыз берсең алар кетер!..
Аққу көнбес ешкімнің байлауына,
Құшақ жайып кетеді жайлауына.
Қыздан сорлы бар ма екен, тәңір-ай деген,
Әкесінің кетеді айдауына!..
Айшаның жылап аққан ыстық жасы құшақтаған жастығын әбден сулап бітірді.
«Жоқ, әкенің айдауына барып өмірі жылаумен, қасіретпен сарғайғанша, бүл дүниеде тұрмағанның өзі жақсы!
Мың сиырды бастаған кер құнажын...
Қасіретпен бетіме түсті-ау әжім.
Мал бердім деп бір жаман ие болады,
Құдіреттің ісіне бар ма лажым!..
Кім тыңдайды қыз сорлы жылағанмен?
Көздің жасын көл қылып, булағанмен?
Шыңырауға түскен соң шығу киын,
Жалбарынып тәңірден сұрағанмен!..
Тасбауыр әке-шешең, тасбауыр туған-туысқаның малға сатып, өмір бойы жылап жүргенше, өз бетіңмен қаңғып, Қошқарбайдың келіні құсап өлген жақсы!» — деді Айша ішінен.
ҚОШҚАРБАЙДЫҢ КЕЛІНІ
Айша жаспен бұланған жастығын құшақтап, қараңғы түнде тар төсекте дөңбекшіп жатып, Қошқарбайдың келінінің күйінішті уақиғасын ойлады.
Қошқарбайдың қисық, мақау баласына көкөрімдей солқылдаған сұлу қыз қалай қатын болып отырсын!
Бақытсыздықтың ұшыраған күйінішті күйін көз алдына келтірді: қолға түскен ақбөкеннің құралайындай жаңа түскен сұлу келіншекті Қошқарбайдың қисық, мақар, мақау ұлы қожаңдап сабай берген.
— Мені сүймейсің, — деп өшіккен.
Бірақ мақар көлбақаны қалай сүйсін құралай?
Өзінің кемдігінін өшін шыбықтай мінсіз бұралған сұлудан алғысы келген мақар шерменде!
Бірақ арам күшігеннің ылай көзді балаларының кемдігіне айыпты ма екен аққу құстың балапаны?
...Мұндай жаз емес, қыстың күні... Ақпан мен қаңтардың соғып тұрған үскірік дүлей бораны.
Күндіз де емес, қап-қара түн.
Астан-кестен дүлей боран тау мен тасты, қалың кардан қылтиып еңкейген бұталарды ызыңдатып, сарнатып ұлытады. Ұлыған тау-таспен, ызындаған бұталармен бірге қар басқан қыстаудағы аласа үйлердің пештерінің мойындары да, сынық, қырық жамаулы терезелері де үн қосып, ұлып сарнайды. Қара түнгі ызғарлы ақ боранның түтеуі дозақтың заһарлы деміңдей!
Мұз түтетіп, аждаһадай ысқырған ақ боран сабалап, аппақ қарды улетіп, айналаны, жер мен көкті заһарлы демімен сарнатады.
Сұп-суық демі түтеген дүлеймен бірге ызындаған айнала, ызындаған жер мен көк сарнап жылаған сияқты. Қараңғы түнде қар сабалап соққан заһарлы үскірік бақытсыз жанға пәле шақырған сияқты. Бақытсыз жанды заһарлы суық демімен рақымсыз аранына тартқан секілді...
Міне жаман, кем, қисық, қодыраңдаған ұлдан таяқ жеп, қарлы дүлей боранда сүйріктей сұлу келіншек тысқа жылап шықты! Соққан боранмен бірге ызындап жылаған, үн қосып ұлып сарнаған қара түн еңіреп үйден шыққан сұлуға қап-қара, суық кушаний ашты. Еңіреп шыққан сұлудың бет-аузы көкала қойдай, басы қан-қан, ұзын, қою, жібектей қара шашы да талданып жұлынған. Арашалаушы жан болмаған.
Күнде өлгенше бір-ақ өлейін деп сұлу келіншек бет алдына шыға жөнелді.
Қорадан бес-алты адым шығысымен-ақ бақытсыз сұлуды ысқырған суық, рақымсыз боран ілезде қармен ұйтқытып алып кетті...
Қап-қара түн. Дүлей, суық боран, қайта айналып бет қаратпайды. Айнала көрінбейді, тек жын ойнағандай боран ызындайды. Жылаған сияқты болады. Желмен бірге келіншек те жылай жөнеледі.
Бақытсыз сұлу әр жерге бір соқтығып, ілезде қалың карға малтықты. Ұйтқыған жын қуған қар етек-жеңіне, қойын-қонышына сумаңдап тығылды. Ұйтқыған қар бет-аузына сабалап, демалғызбай тұншықтырды. Бақытсыз сұлу айғайлап жылады. Үні ешкімге естілмеді. Тек оның жылаған үніне боран сақылдап күлгендей болды. Бақытсыз қыз, ұйтқыған боранмен ығып, қалың карға малтығып, әр түбірге бір сүрініп, әр шұңқырға бір түсті.
Дозақ демі сияқты қара түндегі дүлей боранмен алысып көп жүрді. Көп жылады. Айғайлап жер мен көктен жәрдем сұрағандай болды. Бірақ рақымсыз дүлейде құлақ бола ма!
Үсті-басы еріген қармен шегендесіп қатты. Көзден аққан жасы да бетіне мұз болып қатты. Бастан аққан қып-қызыл ыстық қаны да мұз болып суынды. Тек махаббат іздеген жүрек қана аласұрып соғуда еді.
Малтығып, бір жығылып, бір тұрып жүрді. Ақырында қалың омбы қарға омбылап, шыға алмай құлады. Жүрегі күйіп-жанып, аласұрып тыпырлады. Суық боран өршелене соқты. Ұйтқыған қар сақылдап, секіріп ойнағандай болды. Жалаңаш жындар қар үстінде секіріп, екі сандарын шапалақтап қуанып, сақылдап күлгендей болды.
Дүлей боран күліп, ойнап, жылап, ұлып, сарнап, көкөрім сұлуды бірте-бірте қалың кармен бастырды...
АЙША БАТА ТІЛЕМЕДІ
Ертеңінде Кәдір ауылы өте-мөте әбігер еді... Аспанда қалың ала бұлт әлі құрышын жазбаған еді. Бірақ жел жоқ, тынық. Қара мал өрісте, жылқылар келіп су ішіп, жұрт биелерін байласты. Бес ауылдың қазақтары бір-бірінің ауылдарын араласып, қымызы бар үйлерден қымыз ішісіп жүр.
Бес ауылдың қыз-келіншектері, бозбалалары Кәдір ауылында, Айшаның қасында.
Айша ағасының үйінде, төрдің алдында іргеге қарай еңкейіп, Садырбекпен бірсыпыра сыбырласып, басын кетерді. Садырбек те басын көтеріп, томсарып отыр.
Айша да томсарып отыр. Оның гүлдей солған жүзі, мұздай қатқан қабағы, терең қайғылы көзі бір ноқатқа қадалып қалған секілді. Ешкімге мойнын бұрмай отыр. Отырған жастардың бәрі де томсаруда. Бірен-саран үн қатқандары баяу ғана сөйлейді. Есіктен бір-екі қатын сығалап, Айшаның күйінішпен қатқан қабағына, отырған жастардың томсарған, мұңайған жүздеріне қарап тұрды. Әкесінің үйінен Айшаның екінші ағасы Жанәлі шығып, Айшалар отырған оз үйіне таман келді. Босағадан сығалап тұрған қатындар көздерінің жастарын сүртіп, Жанәліге қарады. Жанәл түсін суытып, қабағын түйді. Үйден оның қатыны Ұрқия шыға келді. Шыға келіп көзінің жасын сүртті. Оған Жанәлі кәрін тігіп алды:
He көрінді, иттің баласы! — деді қатты ызғарланып.
Ұрқия үндеген жоқ, теріс айналып кетті.
— Тұқымыңды ұрайын!.. — деді Жанәлі құшырланып.
— Әй, қайда барасың?.. Ана Рапышты шақырып жібер! Түрін, иіттің баласының, не қара көрінді екен бұған! — деді тағы да.
Ұрқия үйіне кіріп, Рапышты шығарды.
Жанәлі Рапышты оңаша алып шығып кейіп, ызаланып иірдеме айтып түр.
Босағадан сығалап тұрған екі қатынның мосқалдауы кезінен домалап аққан жасын саусағымен іліп шертіп тастап, анадай тұрған Жанәліге, содан соң күйеулер отырған Сонбайдың үйіне қарап, қасындағы қатынға төрелетіп, үмітсіз шыраймен басын изеді:
— Біреуге қыз керек, біреуге қымыз керек! Біреуге күлкі керек, біреуге жылқы керек!Біреуге кұрбы-құрдастың көңілі керек! — деді мосқал қатын.
Рапыш үйге келіп кірді.
— Кәне, балалар, тысқа шығыңдар, мына ауылдарға кіріп шығайық! Ана Балажан ана әкелерінің, ағаларының үйлерінен дәм татып шықсын!.. Кәне тұрындар! — деді.
Үйдегі лық толып отырған қыз-келіншектер Айшаға қарады. Айша бұрынғы отырған қалпынан қозғалмастан жеңгесінің сөзін естімегендей, міз бақпай отыра берді. Айша қозғалмаған соң өзгелер де қозғалмай, тек бір-біріне қарасып, тым-тырыс отыра берді.
Рапыш тағы да:
— Балажан, қайғырып уайымдама, жаным! Бәріміз де сендей болғамыз. Әйел баласын құдай жат жұрттыққа жаратқан емес пе?.. Бәрі тәңірдің жазуы шығар, уайымдама, жаным! Ана әкең, апаң, .ағаларың — бәрі де мына ауылдарға кіріп амандасып, үлкеннің баталарын алып, үлкен үйлерден дәм татып шықсын дейді! Қайтейік, бәріміз де қимаймыз, құр босқа күйзелгенмен бола ма! — деді.
Отырғандарда үн жоқ.
Айша қозғалып, екі қасының арасы қосылған қоп-қою қап-қара құндыздай қасты қабағын Рапышқа көтерді.
— Рапыш, бұл күнге шейін қолында өсіп келіп едім ғой, көңіміз қалысқан жоқ еді бірі-бірімізге! Сенен сұрағаным болсын, сен қосылма енді менің саудама! — деді.
Рапыш сасып қалды.
— Ойбай-ау, о не дегенің, қарағым. Жарайды ендеше, жарайды ! Мен әшейін, ана апаңның, әкең мен ағаларыңның айт дегенін айтып едім. Маған өзін де өкпелемессің, қарағым! — деп шығып кетті.
Тез тағы да Айшаға кісі салды:
— Ана ағайын-туған іргелес ауылдарға кіріп, дәм татсын!.. Құдалардың бірге баратын кісілердің аттары ерттеліп даяр болып түр... Айшаның оз аты да алдақашан ерттелген, даяр түр... Енді жұртты қамамасын, балалық қылмасын, ана ауылдарды аралап, үлкендердің батасын алып шықсын! — деді тағы да. Айша міз бақпады.
Кәдір ауылы састы.
Айша отырған үйдегі қыз-келіншектер де, бірен-саран бозбалалар да жалтақтасып қарасып қойып, томсарып отыр.
Бір мезгілде Айшаның шешесі Салиқа кірді. Үйде отырған қыз-келіншектердің, бозбалалардың бәрі де томсарып қарай қалды.
Салиқа түрегеп тұрып, төрде отырған Айшаға, ұйлығып отырған қыз-келіншектерге қарады. Бай Айнаштың би қатыны сияқтануды ойлады. Айшаның «қалыңына» алмақ 30 қара оған кәзірден-ақ әлдеқандай бу болып, оның екі күннен бері басын айналдырыңқырауда еді. Салиқа енді Айнаш байдың би қатынының үніне, мінезіне еліктеңкіреді:
— Мына ауылдарға неге кіріп шықпай отырсыңдар? — деді Айшаға қарап. — Сенен басқа кісі қыз болып ұзатылған жоқ па еді? Жұрттың бәрінің аттары ерттеліп, саған ғана қарап отыр қамалып... Бар, мына ауылдарға кіріп дәм татып, амандасып шық!..
Тағы да өзге қыз-келіншектерге Айнаш байдың би қатынынша зекіре қарап:
— Неге отырсыңдар енді! Барыңдар, ана Айшаны ертіп мына ауылдарға амандастырып шығындар!.. Бәрін де томсарып, томсарып отырсыңдар ғой, туғалы ұзатылған қыз көрмегендей! — деді.
Айшаның мұңмен мөлдіреген әдемі қара көзі енді шатынап шешесіне қарады:
— Басымды кесіп алсаңдар да мен енді ешкімдікіне көрісуге бармаймын! Мен кімнің үйінен дәм татам?.. Кімнен бата алам?.. Не деп бата алам?.. Қатыны өліп, ел кектеп келген біреудің артынан жылатып, еңіретіп итше ертіп жібергендеріңе ырзамын деп дәм татып, баталарын аламын ба? Бір келген кісінің артынан мені бұралқы итше ертіп жіберіп отырған елді мен елім деп елжірей алмаймын!.. Сендердің аттарың даяр болса, мен де даярмын! Мен мiнетін атты осында әкеп берсін! Ана Қаракесектер де, онан соң мен үшін мал алып қайтатындар да аттарына міне берсін, мен даяр!.. — деді Айша.
Отырғандарда үн жоқ.
Салиқаның өңі қашып кетті. Сорлы ана әркімнің еліктіруімен малға қызыққандығы болмаса және ана еркектердің ықпалына кетіп жүргендігі болмаса, ана ғой! Көзінен жасы ыршып кетті. ІІІыдап тұра алмай, бейшара ана қалтырап шапшаң басып шығып кетті.
Кәдір ауылы дағдарды. Күйеу-құдалар және олармен бірге жүретін кісілер аттарын ерттесіп қойып еді. Күннің бұлты тарап, ыси бастады.
Енді бәрі де дағдарды, сыбыр-сыбыр соз бола бастады. Сол кезде Айша отырған үйге күйеудің жолдасы, пысықша, аласа бойлы бір қара жігіт кірді.
— Әй, сен, Қаракесек жігітісің ғой?
— Иә, Қаракесек жігітімін.
— Қаракесек жігіті болсаң, жүруге даярсыңдар ма?
— Даярмыз, аттарымыз манадан бері ерттеулі түр!
— Олай болса, маған ана Шәкірдің шабдар атын ерттеп алып кел! — деді Айша. Күйеу жігіт:
— Сіздің мінетін атыңыз ерттеулі түр! — деді.
— Жок, ол аттың жүрісі жаман!.. Шәкірдің шабдар аты жүрісті ат дейді, маған соны ерттеп алып кел! Бар енді, мен керек болсам! — деді Айша.
— Жарайды! — деп жігіт шығуға бұрылды.
— Әй! — деді тағы да Айша.
— Ә? — деп күйеудің жолдас жігіті бұрылып тұра қалды.
— Өз атынды да ала кел. Мен атқа мінгенде сен де атына мініп еліңе бастап, менімен бірге жүресің! Мен мұнда барқырап жылап ешкіммен көрісіп жатпаймын. Бар енді, әлгі атты мықтап ерттеп алып кел тез! — деді Айша.
— Жарайды, — деп құйтыңдап күйеудің жолдас жігіті жөнелді.
— Садырбек, сен де барып, әлгі Шәкір «мырзаның» шабдар атын маған жақсылап ерттетіп алып келісші, — деді Айша Садырбекке қарап.
— Жарайды, — деп Садырбек те тұрып, шығып кетті. Ешкім Айшаға үндемеді.
Кешікпей, әлгі күйеудің жолдас жігіті мен Садырбек Шәкірдің шабдар атын Айшаға ерттеп, күйеу жігітінің өз атымен екеуін жетектеп алып келді.
Тыста Кәдір үйінін артында отырған еркектер және үйде отырғандар да ұйлығып қарап отырды.
Белдеуге екі атты байлап, Садырбек пен күйеудің жолдас жігіті үйге кіріп келді.
Үйдегі дағдарып отырған жастар тым-тырыс қарай қалды.
Айша Садырбек пен күйеудің жолдас жігітіне қарап:
— Aт келді ме? — деді.
Айша тез ұшып түрегеліп, теріс қарап тұрып көйлегінің етегін шалбарланып шапанын киіп, ілулі тұрған шүберек белбеуді алып, белін буынып, төсек тұсында ілулі тұрған тобылғы сапты қамшыны алып, үйде отырғандарға қарады:
— Қане енді, қош болыңдар!.. Сендерден басқа ешкіммен қоштаспаймын! Менің әке-шешем, туысқан-туғандарым жоқ. Маған енді Қаракесек жақын!.. Бәріңде енді қош болыңдар! Бірде болмаса бірде көңіл қалысқан жеріміз болса, кешіңдер! Тәңірдің салғанын көрерміз енді!.. Қане, Қаракесек жігіті, жүрейік енді! — деп, Айша қозғалды.
Үйде отырған қыз-келіншек, жігіт-желең, бала-шағаның бәрі де тік түрегеліп, солқылдап жылап, еңіреп қоя берді.
— Айша-ау, шынымен-ақ кеткенін бе?..
— Қарағым-ау, шынымен-ақ ағайын-туғанға қарамай кеткенің бе?..
— Айша-ау, шынымен-ақ туған-туысқанды көргісіз болып кетесің бе?
— Қарағым, ырза бол бізге!
— Бауырым-ау, тұра тұрсайшы, кішкене!
— Қалқам-ау, бізге де өкпелеп кетесің бе?
— Айшажан-ау, жөндеп қоштасайық та!..
Үйдегі жұрт еңіресіп, егіліп, көз жастарын моншақ-моншақ төгісті...
Бибажар мен Мүсілима Айшаны құшақтай алып, жібермей еңіресіп жылап тұрды.
Енді бәрі де Айшаны еріксіз кезек-кезек құшақтасып, еңіресіп көрісіп, өксіп-өксіп жыласып жатты.
Біраз уақыттан соң Айша:
— Қой, енді! Ырза болыңдар! Қыздар, жыламаңдар! Күн бұрын жыламаңдар, сорлылар! Қош болыңдар енді! Бәрің де қош, ырза болыңдар! — деп, моншақ-моншақ домалап, мөлтілдеген көз жасын сүртіп, Қаракесек жігітке қарап:
— Жүр енді! — деді.
Тез басып тысқа шығып, жылап дүркірей шыққан қыз-келіншек, қатын-қалаш, жігіт-желең, бала-шағаларға тек енді «қош!..» — деп, күйеу жолдас жігітінің көлденең тартқан шұбар Шәкірдің шабдар атына мініп алды Айша. Әке-шеше, туған-туыс ағайындарына қарамады. Күйеу жігіті де атына мініп алды. Садырбек атқа мінген Айшаның қолынан ұстап, тағы да қоштасып, жылап бірдеме айтып тұрды.
Ауылдың үлкендерінің бәрі де тас болып қалғандай, тек қарап тұр.
Күйеудің жолдас жігітіне Айша:
— Қане, тоқтамай жүр енді! Жүр, — деп, шабдар атты тебініп жөнеп берді!
Күйіне келіп жараған, жүзіктің көзінен өткендей әдемі сұлу шабдар ат, оқ жыландай сумаңдап, Айшаны алып, күн астына қарай жөнелді.
Күйеу-құдалар да, Айшаның туған-туысқан, әке-шешесі де, барлық жақындары да салдары суға кеткендей болып тұрды. Біраздан соң күйеу-құдалар аттарына мінді, мал алып кайтатын ауыл адамдары да ұятты шүберекке түйіп, Айшаның шешесі Салиқа мен бәрі аттарына мінді.
Айшаның елде қалатын туған-туысқандары, әкесі бәрі атқа мінісіп Айшаның соңынан қуа жөнелді.
Ауылда қалған жұрт олардың соңдарынан қарасып тұрды. Жарысып барып Айшаға жетіп, Айшамен далада қоштасып қалмақ болды туыстары.
Бірақ Айша далада қоштасуға соңынан атпен қуып келген әкесіне, туған-туысқандарына мойын бұрған жоқ. Боранбай байдың баласы Шәкірдің бабына келіп жараған жүйрік сұлу шабдар аты кейін келген аттылардың дүбірлерімен елігіп, лепіріп ойқастап басып жөнеле берді. Шабдар аттың үстіне сұңқардай болып, екі қасының арасы қосылған қара құндыз қабағын түйіп, садақша иілтіп, өрімдей бүгіліп Айша кетті.
Осы кезде бұлттары тараған аспан жалтырап, күн ысып тұрған еді...
ЕКІ ҚЫЛАҢ АТТЫ
Бұлар ауылдан шығып оңтүстікке қарай жөнелгенде күншығыс жақтағы ылдиланып, ой түсіп жатқан Есен өзенінің бойындағы бір төмпештегі сағыммен бұлдырап көтеріліп тұрған, әлгі, найзадай шошақ биік, тіп-тік үш моладан бір қылаң атты кісі шыға келді.
Айшаны алып бара жатқандар мұны көрмеді.
Мұны біреу көрсе, не ұры, не барымташы екендігіне күмән қылмас еді.
Астындағы мейіздей қатқан жарау ақсұр ат аяқтарын ор киікше басады. Екі құлағын қоянша қайшылайды. Әрбір болмашы дыбысқа, әрбір қылт еткен қараға екі көзі жалт-жұлт етіп, селтеңдеп қарайды. Ақсұр аттың үстінде қара балшықтан құйып жасағандай нығыз отырған орта бойлы, жауырынды, білінер-білінбес тықыр түк мұрты ғана бар, дөңгелек жалпақ бет, қара жігіт. Аяғында үлкен ескі саптама етік, үстінде ескі қара бешбенттің сыртынан киген түйе жүн шекпен. Белін бостау буған. Басында ескілеу кішкентай ақ елтірі тымақ қолында ұзын, жуан ақ сапты қамшы, сол жақ қарында қайыс бүлдіргелі ұзын, жуан ақтабан сойылы бар.
Ақсұр атты шөлдің ақбөкенінше сыпылдатып, сағыммен сағым болып, Айшаны алып бара жатқан топтың күншығыс жақ қатарына шықты. Бірақ ақсұр атты мен топтың арасы едәуір жер болғандықтан, ақсұр атты сағыммен бұлдырап және сарғылт боз шалғырт тартқан ойлы-қырлы жердің шөбінің түсіне түстес келгендіктен, топқа айқын көрінбеді. Және тағы да ол ылғи ойпаң сайлауыт жерлерді қуалап жүріп отырды. Тек өте байқап қараған қырағы көз ғана ақсұр аттыны көргендей еді.
Сүйтіп қатарласып, біраз жүріп отырып, ақсұр атты бір жерге тоқтап атынан түсіп, бөгеліп кейін қалды. Содан біраздан соң, тағы да атына мініп, енді Айшаны алып бара жатқан топтың алыс артына түсіп, топтың ізімен сыпылдатып жүріп отырды. Астындағы мейіздей қатып, жараған ақсұр ат жалтаңдап ілгері қарай екпіндеп, ентелей, лепіре басып келе жатса да, жалғыз жігіт ақсұр аттың тізгінін тежеп, басын тарта ұстап, артына мойнын бұрып қарай-қарай келе жатты. Айшаны алып бара жатқан топ жалғыз аттыдан біртіндеп ұзай берді. Бірақ ұзағанмен кетіп бара жатқан топтың бойын ақсұр атты жалғыз жігіт әрбір белден, әрбір қырдан көріп отырды... Сүйтіп бұлар жүре берді.
Күн еңкейіңкіреген кезде, манағы Есен өзенінің бойындағы үш биік шошақ молаға өзеннің төменгі жағынан сыпылдатып жүгіртіп, сойыл сүйреткен тағы бір қылаң атты жетіп келді. Астындағы жарау, сымпыс құйрық тоқал жал кек биесі тершіңкіреген. Үш найза тамның қасына жетіп келгенде, сол арадағы таспен араластыра салынған тозған аласа жер молалардан бір-екі ала көкек жалпылдап ұша-ұша жөнелді. Шолақ шұбар ала қанаттары мен ұзын айдарын дөңгелете жазып, жалпылдап ұшқан ала көкектерден сескеніңкіреп жалтаңдаған биесін ойқастаңқыратып, ысқырып, найза молаларды аралап, сыпылдатып төбенің тұмсығына шыға келді.
Басындағы қоңыр елтірі тымағының бір жақ құлағын жымырып киіп, төбенің тұмсығында тұрып, жан-жаққа көз жіберді. Сонсын жіңішке тобылғы сапты қамшысымен астындағы көк биені сәл сипай қағып, ақырын тебініп қалды да манағы ақсұр аттының жөнімен, Айшаны алып кеткен топтың соңынан жүгірте жөнелді.
Ернінде кішкене ғана мұрт сияқты қырбық түгі бар. Орта бойлы, жауырынды, ашаң бет, құбаша жігіт, желмен ұшқан қаңбақша көк биені ұшыртып келе жатты.
Оның астындағы жарау көк биесі, басындағы кішкене қоңыр елтірі тымағы, үстіндегі ескі, арзан қолды ләңке шапаны, аяғындағы қонышы ескі, басы жаңалау бақа тамақ етігі, бұтындағы жамаулы ескі қара қоңыр шалбары, қолындағы жіңішке тобылғы сапты бұзау тіс қамшысы, сүйреткен кепкен қызыл қайын сойылы, желқом сияқты жыртылған киіз тоқымы, кішкентай ері, жыртылып-жырымдалған киіз көпшігі, ұзын қайыс қанжығалары, жіңішке темір үзеңгісі, өрген жүгені, қара қыл шылбыры жұпыны көрінгенімен бәрі бір-біріне үйлесімді еді.
Көк биелі құбаша жігіт белден-белге асып жүгіртіп отырып, күн Ақтастының. адырларының желкесіне мінген кезде Шотан шоқысының күнбатыс жақ беліне шықты.
Белдің үстінде көк биені ойқастатып тұрып, алдындағы Сарысу өзеніне қарай еңкейген жазық далаға және Сарысу өзеніне қосылған Қарашалғын жайылмасының даласына көз жіберіп шолып тұрды. Құбаша жігіттің кер қызыл көзі қыран еді. Сарысу өзені мен Қарашалғын бойындағы ел және жағалай салынған неше түрлі биік, шошақ тамдар алыстан көз ұшында бұлдырап қана көрінді. Өзен өлкесі мен Қарашалғынның бер жағынан қара-кұра мал да көрінді. Құбаша жігіт сұңқарша қарап тұрып, Қарашалғынның бер жағында жатқан қара-құра малдарға қарай көз ұшында шоғырмақтанып, жылжи аяндап кетіп бара жатқан топты көрді.
«Ә, солар ғой!» — деді ішінен.
Енді сол топтың із-өкшесіне, бер жағына қадала көз жіберіп тұрды. Көз ұшында шоғырмақтанып, жылжып бара жатқан топтың бер жағында, жалғыз қасқыр сияқты қылаңдап, кез ұшында көрінер-көрінбес болып қыбырлап бара жатқан бір қылаң аттыны керді.
«Ә, ә», — деді құбаша жігіт дыбыстап.
Көк биені ақырындау бір тебініп, жіңішке тобылғы сапты қамшысымен сипай сілтеп қалып, құбаша жігіт алдында жайылған дастарқандай жазылып жатқан Сарысудың сары даласына қарай ұшырта жөнелді. Енді көк биенің бауырын жазып көсілте зымыратты...
Күн Ақтастының адырларының тасасына түсіп, әбден батып, жерді ала көлеңке қаптаған кезде, ұзын жуан ақтабан сойыл сүйреткен, кішкене ақ елтірі тымақты, түйе жүн шекпенді, жарау ақсұр атты, жалпақ бет қара жігіт Қарашалғынның Сарысу өзеніне құйған жайылмасының шетінде кетіп бара жатыр еді.
Ақсұр аттың да, жалпақ бет қара жігіттің де екі көзі, екі құлағы шоғырдың, ел мен малдың бұлдыры мен сарынында еді. Ақсұр ат құлақтарын қайшылап, жалтылдаған айнадай екі көзін тігіп, селтеңдеп келеді. Алдындағы бұлдыраған шоғыр сарындарының әрбір қаттырақ шыққан дыбысына селт етіп, құлақтарын шапшаңырақ тігіп, киікше басып келе жатқан аяқтарын сәл ақырындатып қалып, тыңдай аяндайды.
Кәзір ақсұр аттың да, жалпақ бет қара жігіттің де, барлық назары найзадай төніп, алдына тігіліп келе жатыр еді.
Дәл сол кезде, ақсұр ат селт етіп қымсынып қалып, оң жаққа қарай қиғаштай жалт беріп, ата жөнелді...
Карсы алдына шұғылданып қарап келе жатқан жалпақ бет қара жігіт астындағы ақсұр аттан қапелімде түсіп қала жаздады. Күңк етіп, «Әй!» — деп, бойын жиып, аттың тізгінін шапшаң тартып, карындағы сойылын ұстай алып, артына жалт қарады.
Түйіліп, ойға қарай еңкейіп, ақырын ағып келе жатқан қара бүркіттің соңынан биіктеп ағып келіп ойнай сипап өткен сұңқарша, сыпылдаған жарау биелі құбаша жігіт қайың сойылшасын бір қолымен иіріп, жүгіртіп ақсұр аттының қасына жетіп келді. Ақырын ойнаған үнмен:
— Шошып кеттің бе, ей?.. Сұр атын өзі ала жөнелді ме, ей?.. — деді.
Сұр аттың басын тартып бұрылып, көк биелі құбаша жігітпен жалпақ бет қара жігіт қатарласа беріп:
— Алдыңғы жаққа қадалып келе жатып, сенің жеткеніңді байқамай қалыппын!.. Сұр аттың да екі көзі мен құлағы алдыңғы жақта болып, сенен сескеніп, былай қарай ала жөнелгенін көрдің бе? — деді ол.
— Немене, ана кеткен шоғырмақ солар ғой? — деді ақырын, құбаша жігіт.
— Ия, осы Айдекеңе түседі ғой... Бименденікіне қонады ғой!.. Енді жүріңкіреп таянайық. Адасып қалмайық!.. — деді қара жігіт ақырын.
— Е, бүгінгі қонамыз деген елі осы Бименде емес пе?.. Неге қонбасын енді?.. Қастарында Бименденің кісісі болған соң бұған қонбай кетпейді ғой... Бай жезделері, апалары отырғанда қонбай кете ме? — деді құбаша жігіт.
— Ия, енді осында қонатын болу керек, тек мұнда қонбай өтіп кетпесе деймін, әшейін, — деді қара жігіт ақырын.
Көк бие ақырын пысқырып қойып еді, құбаша жігіт тізгінін сәл қағып қалды.
Ақсұр ат та көк биенің пысқырып қалғанын жақтырмағандай, тігіп келе жатқан сол жақ құлағын қағып қалды...
БИМЕНДЕ БАЙДІКІНДЕ
Кеш... ымырт жабылған кез...
Айшаны алып келе жатқан топ Айдекеңнің Сыздық аулына кештетіп келіп, екі бөлініп қонды.
Шәкірлердің қасындағы әлгі, Қоржынбай деген — Бименденің кісісі Шәкірлердің өздерін Бименде жездесінікіне түсірді де, Айша мен Айшаны ертіп, мал алып қайтуға келе жатқан Кәдірдің қатын-балаларын жолдастарымен бірге Мүсірәлі дегендікіне түсірді.
Бименде байдың әкесінің аты Сыздық еді. Сондықтан ауылды Сыздық ауылы дейтін. Ал Мүсірәлі деген Сыздықтың жеңге алған қатынынан туған, бір момындау, ауқаты шағындау адам еді.
Бименде байдың үйі екеу. Екі үйінде екі қатыны бар. Екі үйі катар, арасы тіпті таяу тігілген. Үлкен қатыны отыратын үйі — үлкендеу, кіші қатыны отыратын үйі — кішілеу. Кіші қатынының үйінде Бименденің саудасының бұлдары, өлі малдар болады...
Шәкірлер оз үйлеріне келгендей Бименденің үлкен үйінде көңілдерін демдеп, жайланып, жадырасып, аттары бәйгеден келгендей көтеріліңкіреп отыр.
Қатар тұрған Бименденің кіші қатынының үйінен сепаратордың ыңылдап әндеткен үні естіліп тұр.
Екі үйдің сыртқарылау жанында екі көк арба, бір ескі ағаш арба тұр. Арбалардың алдында сиырлар жатыр. Желіде байлаулы бұзаулар. Сиырлар пысылдап, кейбіреулері ыңқылдап қозғалып қояды. Қотанда бырдай болып жатқан қойлардың да ыңыранған дыбыстары естіледі. Қой шетінде түйелер жатыр. Түйелердің жанында, қатар-қатар көгендерде қозылар.
Шәкірлердің аттары Бименденің кіші үйінің белдеуінде түр. Есік алдында самауыр қайнатып жүрген кісілер жүр.
Шәкір күйеудің жездесі, саудагер Бименде бай өзі «үйде жатып-ақ бір ауыз соз арқылы Айша сияқты өрімдей сұлу қызды Шәкірге бергіздім» дегендей көтеріліп, өз үйіне өзі симай отыр. Ол сауда көбінде момын шаруаларды молырақ алдап, ірілеу пайда істегенде сүйтіп отырушы еді.
Тырсиған семіз бетін күн түскен шалшықтай күлдіріп, жемтікке тойып жемсауы түскен ақсарыша шалқиып, отқа таяу отырып, Бименде үлкен қатынына қалжыңдап:
— Інің қолына жас күс қондырып, көңілденіп келе жатқан соң сен енді малдың бір семізін, бағланын сойғызасың ғой! — деді.
— Е, семізді бұлар жемегенде кім жейді! — деді сары қызыл қатын. Тағы да:
— Енді, не дегенмен қайырлы болсын!.. Осы өзіміздің араның бір қызын неге алмайды деп едім мен, қайырлы болсын енді, құдайдың жазуы осы да! — деді.
— Өзіміздің арада тап Шәкірге лайықты қызы құрғыр бола қойды ма! Әйтпесе, ол жағын ойламаған жоқ едік қой! — деді Бименде.
Бименденің үлкен қатыны тысқа шығып, тоқалдікіне мал сойғызуға жабдықтарын дайындатып, бір жігітті ертіп қотанға, көгенге барып, бір семіз марқаны жетектетіп жіберіп, Шәкірлер отырған оз үйіне келді...
Үйге әлгі Бименденің атынан Кәдірмен сөйлесіп, Айшаны Шәкірге бергізіп алысып келген Қоржынбай деген тықпа қара сақалды, сопақ бет қара кісі кіріп келді.
Шәкір тықпа қара сақалға күлімдеп, жарқын көңілмен қарап: Жоғары шық, Қоржынбай, жоғары шық, былай! — деп жоғарғы жағынан орын көрсетті.
Бименде күліп, тықпа қара сақалға, Шәкірге қарап қалжыңдады:
Бірге түлкі алысып қайтқан аңшыларға ұсап, екеуің тіпті әмпейлесіп алғансыңдар ма?.. — деді.
Шәкірдің жоғарғы қасына отырып жатып, Қоржынбай мырсылдап күлді.
«Айша сияқты жас сұлу қызды Шәкірге тауып берген мен!..» дегендей ендей тықпа қара сақалын қопсытыңқырап қойып:
— Біреудің өрімдей сұлу қызын қасына қосып берген кісіні әркім-ақ сыйлап жүретін шығар, — деді мырсылдап.
Бименде іркілдеп күлді. Оның күлкісі, денесінің іркілдеп қимылдауы, тырсиған көселеу семіз бетінің шырайы «Шәкірге сұлу қызды алып берген сен емес, мен ғой» дегендей тұрпат көрсетіп отырды.
Есік ашып, үйге Бименденің тоқалы мен бір-екі кісі быжылдап қайнаған үлкен ақ самауырды кіргізіп, жималы үлкен дөңгелек үстелді жасап, шай жабдықтарына кірісті.
Бименде екі қатынына қарап:
— Әлгі, 110-шы «ақ. құйрық» шайдан салыңдар! Онан соң, шайға құятын қаймақтарың іріп кетіп жүрмесін!.. Ана сепаратордың кәзіргі түсіріп жатқан жас қаймағынан құйыңдар! — деп шүленсіді.
Үлкен қатыны Бимендеге:
— Сен айтпасаң да, жақсы шай салынады ғой! — деді.
Бименде күлімдеп, қонақтарына қарап:
— Сұлу қыз алып келе жатқан кісіге қаймақ құйған жақсы шай дұрыс болады!.. — деді.
Бәрі күліп қозғалысып, көңілденіп отырды.
Үйге мыжырайғандау, нашар киімді, орта бойлы, ұйпалақтау селдір бұйра қара сақалды біреу кірді. Төмендеу отырып, малдасын құрып, адамсыңқырап, Шәкірлермен, оның жолдастарымен амандасты.
— Ат-көлік аман ба, Шәкір!.. Құсыңыз қайырлы болсын! — деді.
— Айтқаның келсін!.. Өзің де амансың ба?.. — деді Шәкір.
— Немене, Қоңырбай, бүгін енді мына Шәкірге жақсылап әнеугідей өлең айтасың ғой?.. Жас сұлу келіншек алып келе жатыр... Бүгін бір енді бар өнеріңді көрсетіп қал! — деді Бименде.
— Әнеугүні айттым той Шәкірге өлеңді. Бірақ бүгін, әлгі бір ауырып жатқан бала беймазалау болып, тіпті қасынан шығармай, жаңа кәзір ғана қайтып келемін деп алдап-сулап, Шәкірге амандасып шығуға әрең ғана үйден шығып келіп отырмын осында, — деді ол.
Осы екі арада Бименденің үлкен қатыны қонақтардың алдына жасалған, көкала дастарқан үстіне шай-қанттарды төктіріп, тоқалы қызыл-ала кәрлен шыныаяқтарды әкеп сылдырлатып жасап жатты. Бәрі дөңгеленіп шайға отырды.
Байының самауыр жақ жанында отырған Бименденің үлкен қатыны:
— Е, қатын неге алмайсың, ылғи жетім балаларыңмен әуре боласың да жүресің?.. Сиырыңды да өзің сауасың? — деді Қоңырбайға.
— Ойбай, Жұмабике-ау, қатын алуды оп-оңай нәрсе ғой деп ойлайсың ба, бізге кім тиеді дейсің? — деді Қоңырбай.
— Е, байғұс-ау, саған неге тимесін, жұртқа тиген қатын?.. Міне, Шәкірдің қатыны өлгеніне бір-ақ ай болды, бір жас сұлу қызды алып барады... Мынау мен өлмей-ақ екінші қатын алып отыр!.. — деп Бименденің үлкен қатыны қалжың-шынын араластырып, байын қағытты.
Бименде мен Қоржынбай, Шәкірлер мырсылдап күлісті.
— Шайға келіңіз?.. — деді Қонырбайға Шәкірдің Ақаш деген жолдасы.
— Жұмабике-ау, кіммен теңеп отырсың? Олар менімен тең бе? Қазір кім болса да құны мал емес пе? Малсыз маған біреу қызын бере ме? Қатын алатын менде мал бар ма? — деді Қоңырбай.
— Қайдан білейін, жұрттың бәріне де оңай шығар деп ойлаушы едім мен, — деді Жұмабике.
— Шайға келіңіз, — деп Қоңырбайды тағы да шақырды Шәкірдің жолдасы — Ақаш.
— Іше беріңіз, іше беріңіз, — деді Қоңырбай.
— Кел! Кел! — деді Бименде де.
Қоңырбай да төменгі жақтан шайға отырды.
— Е, саған қатын керек емес қой, қатын керек болса, мал табар едің... Осы сенің былтыр осында көшіп келгенде малың едәуір емес пе еді? — деді Қоржынбай нығызданып, қызыл ала шыны аяқтың табағына ақ құйрық шайды құйып алып.
— Ия, едәуір еді, бірақ кәзір ол мал жоқ қой! — деді Қоңырбай, ұрлап жегендей, ақ бауырсақтан ептеп алып жатып.
— Жоқ, өзіңнің қазіргі малың қанша, маған есебін берші, мен саған бір жақсы қатын тауып берейін! — деді Қоржынбай.
— Е, байғұс, сүйдеші! Сен қатын тапқыш едің ғой, табам десең? — деді Жұмабике, кәрлен аяқпен шайды ұрттап, қантты тық еткізіп тістеп қойып.
Тағы да бәрі де қарқылдасып, мырсылдасып күлісті.
— Ия, айтшы кәне, малыңның есебін Қоржынбайға!.. — деді Бименде.
— Айтайын, екі бұзаулы сиыр, он шақты қой-қозы, бір ат, бір түйе... бір тайынша... бар малым сол... Оған қарап отырған шиеттей үш бала!.. — деді Қоңырбай.
— Уай, өзге малынды қайда жібердің?.. Қатының тірі күнінде сенің малын осы едәуір емес пе еді? — деді Қоржынбай.
— Е, қайда жібердің дерің бар ма! Жұмсадық, сойдық, жоғалды, өлді... Түнеугүні жалғыз биені ұры әкетті, қыстыгүні екі түйенің бірін зауыттан кіре тартам деп Абдырахман майын мініп, жоқ қылып келіп, уди-суди қылып, құнын да жөндеп төлемей кетті! — деді Қоңырбай.
— Е, жоқ қылғаны қалай, құнын төлемегені қалай?.. — деді.
— Түйеңді пристоп солдаттарға тартып мінгізіп жіберді дейді!.. — деді Қоңырбай.
— Солдаттарға мінгізіп жіберді дейді!.. Қайда мінгізіп жіберді дейді?
— Поселкелерден Герман соғысына айдалған солдаттар дейді. «Қаладан қайтып к еле жатқанымда, жол бойында поселкелерден Герман соғысына айдалып бара жатқан коп солдаттар қарсы ұшырасып, сол солдаттарды айдап бара жатқан пристоп стражниктері өзімді сабап, сенің түйеңді шана-манасымен тартып алып мініп кетті», — дейді.
— Өзге түйелеріне тимей, жалғыз сенін, түйеңді алып кетті дей ме?..
— Ия, сүйдейді!
— Іштеңе төлеген жоқ па?..
— Жөнді іштеңе төлеген жоқ!..
— Е, тамаша-ау, бүл! — деп Қоржынбай Бименде мен Шәкірге қарады.
— Мына Бименде алып бермей ме түйенің төлеуін! — деді Шәкірдің әлгі Ақаш деген жолдасы.
— Жездең біледі, өзіне талай айтқам! — деді Қоңырбай.
— Абдырахман оңайшылықпен кісіге мал беруші ме еді?.. Әуелде ондай адамға түйенің майын бермеу керек қой! Және шынында, қыстың күні поселкелерден Герман соғысына солдаттарды көп айдады. Қысқы жол бойымен қалаға қарай көп жүріп жатты. Қыстың күні қаладан елге жөнелткен біздің жүктер сол Қаладан бергі Нұра бойындағы поселкелердің тұсынан өткенше, Жүктердің қасында әдейі өзім болып отырдым. Бізге де жол бойы солдаттар талай соқтықты. Әйтеуір әрі-бері жөн айтысқан соң тимей өтіп кетеді. Бірде әлгі Жыланды поселкесіндегі ақ мұрт Деген бай орыстың баласы бір топ солдатпен ұшырасты. Әлгі мені Танып, қолымды ұстап:
— Соғысқа кетіп барамыз... Герман тірі қайтара ма, тірі қайтармай ма?.. — деп кәдімгідей қиылып, уайымдап тұрған соң, қалтамнан бес сом ақша суырып бердім! — деді Бименде.
— Ақ мұрттың өзі де, інісі де кетіпті ғой әнеугүні! — деді Қоржынбай.
— Олар да қатты уайымдап кететін шығар!.. — деді Шәкірдің Жолдасы Ақаш.
— Ойбай, о не дегенің!.. Уайымдамай, ол адам емес пе! Қайтсін Уайымдамай, барғандарын Герман қойша қырып жатса? — деді Қоржынбай.
— Сүйтеді де, ә? — деп мақұлдата Шәкірге қарады.
— Ия, Германың пәле дейді ғой? Қалада, поселкелерде еркектері азайып қалыпты дейді ғой! — деді Шәкір.
— Қырса қырсын.бізге мықтымситын немені! Жұрттың жер-суына, мал-басына ие қылмай, елге шыққан урядниктері елдің төбесіне қамшы ойнатушы еді! — деді Шәкірдің жолдасы Ақаш.
Сүйдеді де, Қоңырбайға қарап:
— Солай емес пе, Қоңырбай? — деді.
— Е, мейлі, бірақ мына осында қаңғып келген өзіміз сияқты крестьян мұжықтар босқа қырылып жатыр ғой... Қырылмай қайтеді бүл, Герман аспанмен ұшып келіп әуеде жүріп, оқты мұның төбесінен тастайды дейді. Сөйтіп қайтадан ұшып кетеді дейді... Бүл қырылмай қайтсін. Герман соғысқа әуемен ұшып келсе, бүл ит соғысқа мұжықтарды менің түйеме мінгізіп жіберіп отыр! — деді Қоңырбай.
Қоңырбайдың сөзіне бәрі ду күлді.
Бименде күліп:
— Сенің түйеңмен Герман соғысына жібермес, сенің түйеңді Ақмолада сатып, ақшасын араққа салған шығар, — деді.
Әрине, менің түйеммен Германға бара алмайды ғой!
Енді өзінде де бар ғой, қыс ішінде, сондай ұзақ жерге Абдырахман сияқты безерге есі бар адам түйесінің майын берер ме?..өзің ойлашы! — деді Қоржынбай.
Мен қайдан білейін, қыстыгүні балаларға нан керек болды .ау түйеңнің майына бес пұт үн әкеп берейін деген соң беріп жіберіп едім, — деді Қоңырбай.
— Е, ұнды осы, ел ішінен неге алмадың?.. Осы үйде де ұн сатылып жатты!.. Абдырахманға есі бар кісі түйе берер ме? — деді тағы да Қоржынбай.
— Рас енді, естен айырылып қалғанымыз рас... Былтыр әлгі әйелім өлді де, үйде шиеттей үш жас бала бірдей шулап жылап отырған соң, өзім есімнен адасқаным да рас... Әлгі, бұрынғының мақалы бар емес пе: «Кедейдің қатыны өлсе басы қаңғырады, Сайдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады» деген. Бәрі қу кедейліктің қу тапшылықтың салдары! Бай адамның қатыны өлсе, есінен адасып басы қаңғырмас еді... Міне мына Шәкір мырзаның қатыны өліп еді, бұл есінен адасқан жоқ. Бұл міне, төсегін жаңғыртып келеді!.. Бөтен елден, бір келген сапарында-ақ біреудің алманың сабағындай жас сұлу қызын алып кетіп бара жатыр... — деді Қоңырбай.
Қоңырбайдың сөзіне бәрі күлді.
Сылдыратып шыны аяқтарын төңкерісті.
Жұмабике тұрып тысқа шығып, мал сойылып жатқан кіші үйіне кетті. Тоқал шай жабдықтарын жинастырды.
— Енді сол, Шәкірдің алып келе жатқан сұлуының құтты-қайырлы болуына бір өлең айтып жібер! — деді шайын ішіп болып, кейінірек сырғып шалқайып отырған Бименде.
— Ия, енді айтсаң кергімей, сүрлемей, айтып жібер! — деді Қоржынбай да.
— Айтсайшы енді, айтушы едің ғой әшейінде! — деді тоқал.
— Жарайды енді, не айтайын?.. Бір қысқа өлеңдерден айтайын? — деді Қоңырбай.
— Мейлің, әзір қысқа өлеңдеріңнен айтсаң, қысқа өлеңдеріннен айт, соңыра қиссаларыңның бірін айтарсың, — деді Бименде.
— Жарайды ендеше, бір жана шыққан кітаптардан жаттаған бірер ауыз өлең айтайын, — деді.
— Е, айт?..
Қоңырбай қозғалып, жөнделіп, ақырын дауысын қырнап қисса оқығандай қоя берді.
...Сөйлеп қал тіршілікте тіл менен жақ,
Кетерсің тағдыр жетсе, бір күн өлі-ақ.
Мысалы дүниенің жел секілді
Ешкімге баяндамас дүние шолақ.
Алайын осындайда біраз сөйлеп,
Аққандай тау мен тастан бейне бұлақ.
Заманның адамында «жаманы» жоқ,
Данышпан бәрі біліп тұрғандай-ақ.
Тұйғындар шырматылып бөгеліп жүр,
Алысқа бұрынғыдай ұшпай жырақ. ,
Катарға қарға кіріп қарқылдап жүр,
Басына бак пен дәулет қонғандай-ақ,
Қарақұс шырқ айналып, қалқып жүр,
О дағы күс төресі болғандай-ақ.
Үстінде қарақұстың күйкентай жүр,
Мықты боп өз үйінде қалғандай-ак,
Жағалтай жүр сыпылдап бір жағында,
Тұйғынның дәрежесін алғандай-ақ,
Сауғаны бір-бірінен сұрасып жүр,
Қарны қарақұстың тойғандай-ақ.
Кезқұйрық көлді айналып әуре боп жүр,
Қосылып күс сәніне онғандай-ақ.
Жапалақ жалпаңдап о дағы жүр,
Көлдерден аққу мен қаз ілгендей-ақ.
Шағала тоты болып сайраймын деп
Бау шарбақ, гүл бақшада тұрғандай-ақ.
Жетіліп тырна дағы қиқулап жүр.
Даусына сандуғаштың салғандай-ақ.
Қосылды күс сәніне қара таған
Жеріне жете алмас ұшқандай-ақ.
Бәйге алып, мәстектер де таранып жүр
Тұлпар мен арғымақтың формындай-ақ,
Жайылды сиса, ләкке, таза орнына,
Атлас асыл қымбат торғындай-ақ.
Төбешік әрбір жерде таулар да түр,
Астында жау өткізбес қорғандай-ак,
Бірігіп басын қосып қара боп жүр,
Бытырап бет-бетімен жүрген саяқ...
Қоңырбай біраз айтып, енді болып еді, жұрт: «Тағы да айт! Айт!» — десті.
Үйге Жұмабике кірді.
Кез болдық заманаға тарылғанда,
Жер-судан жұда болып арылғанда,
Іштегі қасіреттерді шығарайын
Не пайда ішің дерттен жарылғанда!..
Соны айта салып, Қоңырбай енді екінші бір кітапшадан жаттаған өлеңдеріне ауып түсті.
Қор болды надандықтан біздің қазақ,
Мәдени қауымдарға болып мазақ,
Ойламай кең сахарада не боларын,
Ақырында надандықтан көрдік азап.
Қазағым, неден аңқау болдың мұндай,
Су кетіп мойыныңа көшпей-қонбай?
Жүгіресің бір тесіктен бір тесікке,
Жасырынып пристоп керсең ор қояндай!
Мұншама, халқым, неге болдың қорқақ?
Секілді қорқып қалған қотыр торпақ.
Барыңды қолындағы алып жатыр,
Бауырдай бірге туған еншісі ортақ.
Ер қайда осындайда ақыл берер?
Дұшпанға жан пида деп қарсы келер,
Жұрт үшін шыбын жанын пида қылған,
Аһ, дариға, біреу болса тілге шебер!..
Қоңырбай өлеңнің соңғы сөздерін әндетіңкіреп созып тоқтатты.
— Пәлі!.. Ақын ғой мынауың! — деді Қоржынбай.
— Ә-ә, ақын! Сен әлі жаңа естіп отыр ма едің мұның өлеңдерін! — деді Бименде.
— Дұрыс-ақ сөздері! — деді Ақаш.
Әсіресе «жер-судан жұда болып арылған, тарылған заман» деген сөз Ақаштың жүрегін аунатып түсіргендей болды. Өйткені оның Нұра өзенінің бойындағы жақсы мекенін, сарала шенді ұлықтар тартып алып еді. Мұның ауылын пристоп күшпен көшіріп еді. Ақаштың әкесі сонсоң қырдағы қаракесек еліне, нағашысына көшіп барған еді...
— Мен мұның тап мұндай екенін білмеуші едім!..
— Ей, сен мұндай өлеңдерді кітаптардан жатқа алдым деймісің, жоқ өз ойыннан шығарып айтасың ба?
— Жатқа алған ғой, ойдан шығару қайда! — деді Қоржынбай.
— Е, өзің молда екенсің ғой?.. Бұл өнеріңді неге көрсетпей жүрсің?.. Қазақтық сендейлері бала оқытады ғой? — деді Қоржынбай.
— Ой, бала оқыту қайда, тек түрікше танитын сауатым бар еді. Сонсоң колға түскен баспа кітаптарды оқып, іштерінде жатқа алатын сөздері болса, жатқа аламын. Бала күннен осы өлең-сөзге құмар едім өзім! — деді Қоңырбай.
Сол кезде үйге бір кішкентай бала ақырын кіріп босағада тұрды. Оны Бименденің үлкен қатыны Жұмабике көріп:
— Әй, ана кім?.. Әй, Қоңырбайдың баласымысың?.. — деді.
Қоңырбай есікке жалт қарады. Жылдам:
— Немене?.. Неге келдің? — деді.
Бала ақырын ғана:
— Өтеш жылап жатыр, шақырады! — деді.
— Ә, жылап жатыр ма?.. Жүр, ендеше, — деп ұшып түрегеліп, қалбалаңдай жөнелді.
Бименде, Шәкір, Қоржынбайлар сөйлесіп отырды.
Шәкірдің атқосшысы тысқа шығып, байлаулы тұрған аттарын бір көріп, қасына бір баланы ертіп алып, Айшалар отырған Мүсірәлінікіне барды. Айшаның ағасы Жанәлімен кішкене сөйлесіп, екеуі тысқа шығып Бименденікіне қарай келді.
Олар Бименденің үйінің жанына келгенде Шәкір, Қоржынбайлар да тысқа шығып, іңір қараңғысында қарайысып, үйдің артында сөйлесіп тұр еді. Қастарына Жанәлі де, Шәкірдің атқосшы жігіті де келіп, бәрі сөйлесіп тұрды.
Көк арбалардың сыртында тұрған Жанәлі мен Қоржынбай Шәкірді шақырды, үшеуі күбірлесіп сөйлесті. Сонсоң Қоржынбай үйге кіріп, Бимендемен күбірлесіп сөйлесті. Бименде Қоржынбаймен екеуі тысқа шығып, Шәкір мен Жанәліні ертіп тоқалдікіне кіргізді.
Бименденің тоқалының үйінің бір жақ босағасына таяу сепаратор машинасы орнатулы. Бір жақ бүйірінде тең-тең буылған жабағы жүн, қатталып жиналған кепкен терілер тіреліп түр. Tөp жақта үлкен-үлкен көк абдыралар бірінің үстінде бірі жинаулы түр. Үй ортасындағы асулы қазанның астында маздап жанған от. Үйден сүттің, қаймақтың иісі, кепкен терінің шикі май иісі мүңкиді және қайнаған ет иісі шығады.
Бименде көк абдыралардың бірін ашқызып, ішінен топ-топ кездемелерді текемет үстіне қатар-қатар сұлатып тастай бастады:
— Мынау тек, кезі 20 тиыннан.
— Мынау сәтен, кезі 40 тиыннан.
— Мынау ләңке, кезі 37 тиыннан.
— Мынау дабы, кезі 18тиыннан.
— Мынау жібек пай, кезі 1 сом 20 тиыннан.
Мынау биқасап, кезі 60 тиыннан.
Мынау меткетон, кезі 30 тиыннан.
Мынау кретон, кезі 20 тиыннан.
Мынау шөжім, мынау тібін, мынау бір астарлық, мынау дырап, мынау ластек, мынау ақ-сауа мораз... Мынау ақ үкіл мораз... Мынау барқыт...
— Қане, енді осылардан керегін ал өзің!.. — деді Шәкірге.
ІІІәкір Жанәліге қарады:
— Қане, әуелі мынадан керектеріңе қарай сен ал... Сонсоң мен өзіме керегін бірыңғай алайын! — деді.
Сүйтіп, Бименденің кездемелерінен өлшеткізіп, жыртқызып алысып жатты.
Үйден жыртылған кездеменің дар-дар еткен дауысы сыртқа естіліп жатты.
Бүл алынып жатқан нәрселер де Айша үшін еді.
МҮСІРӘЛІНІКІ ҚОЗЫ СОЙДЫ
Айшаны ертіп шыққан кісі шешесімен бесеу еді. Осы бес кісінің екеуі Айшаның екі ағасы: Жанәлі мен Айдар. Ал өзге екеуі Кәдірге ауылдас болып отырған Тінжан, Серік деген екі ескі құдалары еді. Тінжан — Кәдірдің Сонбай деген үлкен баласының қатынының ағасы. Ал Серік — Кәдірдің екінші баласы Жанәлінің қатынының інісі.
Бұлар Бименденің шешесі бөлек ағасы Мүсірәлінікінде қонып отыр.
Ел малын қотандаған...
Мүсірәлінің үлкендеу, мыжырайғандау қоңыр үйінің киіз төсеген төрінде Айшаны ертіп келе жатқандар, құдалар сияқтануға тырысып, ызбарланыңқырап отыр.
Мүсірәлінің жана өспірім қызы үйдің он, жағында, келіннің төсегінің орнында, Айшаның қасында сыбырласып отыр. Мүсірәлінің келіні шай жабдықтарын дайындап жүр. От басын¬да таяуырақ ұзынша шоқша сақалын сипап қойып, жағына пышақ жанығандай болып, Мүсірәлінің өзі отыр.
Қатыны қартаңдау, борбиған қара әйел тысқа шығып келініне шай жабдықтарын дайындатып, есік алдындағы байланған бұзауларын, қотандағы шөгерілген түйелерін, көгендегі қозыларын, күндегідей өз көзімен тағы да бір көріп, баласымен күңкілдесіп сөйлесіп тұрды. Баласы орта бойлы, арықтау, ұзын иек, жастау қара жігіт, шешесіне күбірлеп бірдеме деп үйге кірді де:
— Ақке, тысқа шығып кетші! — деді әкесіне.
Әкесі:
— һа!.. — деп баласына қарай салып, түсіндім дегендей орнынан тұрып тысқа шықты.
Мүсірәлі баласымен бірге қатынының қасына келді.
— Мына кісілерге не қыламыз? — деді қатыны күбірлеп.
— Қайдан білейін, бір мал сою керек қой! — деді Мүсірәлі де күбірлеп.
— Не соямыз, ана екі бөрте лақтың бірін сойсақ қайтеді! — деді қатыны.
— Қайдам... ұятырақ болмаса?.. Бөтен сый елдің адамдарымен кетіп барады... Боранбайдың баласына қыз ұзатып барады... Лақ сойды дегенді ертең ана Боранбайдың баласы естісе, ұят болар. Қозының бірін сойыңдар, — деді Мүсірәлі.
— Ендеше әлгі, боз шұнақ тұсақтың көк қозысын сояйық, езі біраздан бері жөтеле береді, — деді күбірлеңкіреп қатыны.
— Тықыр қоңыр саулықтың қозысын сойған дұрыс емес пе?.. Енесі кәрі, ерте суалып кетсе, күзге шейін семірер еді?.. — деді баласы.
— Дұрыс ендеше, соны сойыңдар, тезірек сойыңдар енді, — деді Мүсірәлі ақырын.
— Иә, тезірек істеген жақсы ғой, болса да беретін болған соң... Жүр! — деді баласына әйел.
Мүсірәлі үйіне кірді де, баласы мен қатыны қотан шетіндегі көген басына кетті...
Мүсірәлі үйіне кіріп, от басында күйбеңдеп жүрген келініне:
— Шырағым, отынды жарығырақ қылып жағып қой! Отындарың жеткілікті ме еді?.. Шайынды тезірек жасап жібер!.. Ана кісілер шөлдеп келген шығар, — деді. Сонсоң:
— Айнаш қарағым, бір білте істеп дайындасайшы, шай ішкенде қараңғылау болады ғой! — деді қызына.
Мүсірәлінің тысқа шығып, қатын-баласымен күңкілдесіп сөйлесуінен, қатыны мен баласының тыста бөгелуінен және Мүсірәлінің «Отындарың жеткілікті ме? Отты жарығырақ қыл» деген сөздерінен мал сойылатындығы айқын сезіліп тұрды.
Оны қонақтар да сезіп, көңілденісіп, кейбіреулері қозғалысып қойды.
Жоғары, төрде отырған, Кәдірдің үлкен баласының қатынының ағасы Тінжан деген арық, ұзын мойын, көселеу сарғылт кісі ақырын аузын да қимылдатып, түкірігін де жұтып қойды.
Мүсірәлінің шүленсіген сөзін естіген соң, мал сойылатынын сезіп қызы мен келіні де көңілдене қимылдады.
Шай жасалды, Мүсірәлі отқа таяу отырды. Айнаш жүгіріп білте істеп те жақты. Таңқы құйрық, қоңыр қозыны жетектеп Мүсірәлінің қатыны мен баласы үйге кірді. Олармен бірге ақтөс, ала мойнақ сүр итте үйге кірді. Ол да көңілденіп құйрығын бұлаңдатып, қозыға бір, отқа таяу отырған Мүсірәліге қипаңдап бір қарап қойды. Ол да жаланып, түкірігін жұтынып қойды...
— Е, мал әкелдіңдер ме?.. Тез бата қылдырып, өзің соя ғой, Тұрсын, — деді Мүсірәлі баласына.
Көңілденіп, бұлаңдап, өзіне жағына қараған ала мойнақ итке қарап Мүсірәлі:
— Кет!.. Анау итті шығарып жіберші!.. — деді.
— Кет, ей! Шық! — десіп, ала мойнақ итті шығарып жіберді.
Ала мойнақ ит тысқа шықса да, қайта бұрылып тағы да кіруге босағаның сыртында көлденеңдеп тұрды.
Тыста кеш әбден қоюланған еді. Ай жоқ. Аспанды түнеріп қою қарала бұлт басқан.
Сарысу бойы, Қара шалғын құйылысының маңы жазық дала. Алыстағы таулар, адырлар қараңғы кеште көрінбейді. Тек сол өлкенің бойында жағалай отырған ауылдардың оттары ғана қараңғы кешті тескендей жылтылдайды. Кейбір оттардың жарықтары шалқығандай құбылып, молырақ жылтырайды. Қатар іргелес отырған ауылдар ғана жақыны анығырақ, қашықтауы шоғырмақтанып, тек қарайып көрінеді. Анда-санда қаттырақ күліп қалқан күлкі, саңқ ете қалған соз, кейбір көмескі күбірлер естіліп қалады.
Қонақтар қонып отырған Сыздық ауылы жеті-сегіз үй. Бәрінен де жағалай от жылтылдайды.. Кейбір таяу үйлерден күңкілдеген сөздер де естіледі.
Қотан ортасында жусап, бырдай болып шашыраңқырап едәуір қой жатыр. Оның дені Бименденікі. Қотан шеттерінде екі-үш шок болып түйелер жатыр. Олардан сыртқары бытырап сиырлар жатыр. Анда-санда малдың ыңыранған, бық еткен, қозғалған дыбыстары естіледі. Мүсірәлінің үйінін сыртында, белдеуде қонақ аттары тұр. Бименденің үйінің сыртында да белдеуде байлаулы тұрған күйеу Шәкірдің аттарының анда-санда танауларын тартып қойғандары естіледі.
Ол үйден де оттың жарығы молырақ шығып, ырылдасып, арсылдасып таласқан иттердің дыбысы естіледі. Ырылдасып-арсылдасқан иттер сойған малдың қанына таласып жатқанын біліп, Мүсірәлінің босағасының сыртында тұрған ала мойнақ, сүр ит селтеңдеп қобалжып, Бименденің үй жағына қарай тамсанып, тағы да жұтынып қойды. Бірақ Мүсірәлінің отының басында да қоңыр қозыны тыпырлатып жығып жатқан дыбысын естіп, ала мойнақ ит өз иесінің үйіне кіруге қозғала беріп, оң жағына қарай, ырылдай қалды. Қатар үйлердің бірінен бір салпаң құлақтау қызыл ит құлағын түре аяндап, Мүсірәлінің үйінің қасына келген еді. Ала мойнақ сүр ит оны жактырмай түсін суытып ырылдап, арсылдап қызыл итке қарсы жүрді. Сол кезде Мүсірәлінің үйінен қозының қырылдаған, тыпырлаған дыбысы қаттырақ естілді. Ала мойнақ сүр ит тезірек бұрылып, ырылдай дүрдиіп жүгіре басып үйге кіріп кетті. Ол үйге кіріп кеткенде салпаң құлақ қызыл ит те келіп Мүсірәлінің босағасынан сығалады. Ол сығалап, ала мойнақ сұр итті ішінен күндеп, аузынан сілекейі ағып тұрғанда оның қасына катар үйлердің бірінен бір сұғанақтау сүр күшік құйрығын бұлаңдатып жетіп келді. Оны енді қызыл ит жақтырмай, босағаны қызғанып ырылдады. Сол кезде он жақтағы қатар үйлердің сыртынан күңкілдесіп сөйлескен бір-екі жаяу шыға келіп, Мүсірәлінің үйіне қарай келді. Келген бойымен екі жаяу Мүсірәлінікіне кірді. Олардан қаймығыңқырап қызыл иттің жүзі тая бергенде сұғанақ сүр күшік олармен қабаттасып үйге бірге кірді.
Кішкентай, ескі қаңылтыр легенге тосып алған бауыздау қанды жып-жылы қылып босағаға қоя салғанда ала мойнақ сүр ит ашқарақтанып, асығып легенге бас қойды. Қапыл-құпыл асығып жылы қанды сылпылдатып қылғып жатыр. Сұғанақ сұр күшік те бір жағынан келіп легенге тұмсығын тықты. Ала мойнақ ит жылы тамақты қызғанып, сүр күшіктің сұғанақтығын жактырмай ырылдап еді, сүр күшік құйрығын бұлаңдатып, қипақтаған болып легеннің тек шетін ғана жалап, ала мойнақ итке жағынып жылмаңдай қалды. Сұр күшіктің қипаңдап мөлтеңдей қалғанын көріп, ала мойнақ ит оған тимеді. Тек тұмсығы тиген жылы, тәтті тамағын төмен қарап тұқшиып, сылқыта берді.
ҰРЫЛАРДЫҢ ҰШЫРАСУЫ
Кеш қараңғылығын жамылып, сойылдарын бір жақ қолтықтарына қыстырып, екі қылаң атты ақырын аяндап қаз-қатар отырған ауылдардың шеткісін төңіректеп келе жатқан.
Екеуі де киімдерін ықшамдап алған. Бастарындағы кішкене тымақтарының бір-бір жақ құлақтарын жымыра киген. Астарындағы аттары аяқтарын мысықша басады. Әсіресе ақсұр аттың жүрісі білінбейді. Бір шиге, бір түбірге аяғын тигізбейді-ақ. Аттарының тізгіндерін қымтып ұстап екі жігіт ауылға, маңайына тесіле, қадала қарайды. Екеуінің де астындағы аттары құлақтарын қайшылай тігіп, ауылға қадалып келеді.
Көк биелі құбаша жігіт ақсұр атты жалпақ бет қара жігіттің қасына жабыса таянып жүрді.
— Үзеңгіңді соқтықтырма!.. — деді жалпақ бет қара жігіт сыбырлап.
Анау ақырын, астындағы биесінің тізгінін ымдағандай қозғап, сәл ғана бір қарыстай ақсұр аттыдан арасын ашты.
Әуелі ауылды едәуір жерден төңіректей, сонсоң келе-келе жақындап, ауылдың қасына келді. Шеткі үйден шәу етіп бір ит үре келді. Ақсұр ат селк еткендей тұра қалды. Екеуі де тыңдап тұрды.
— Бұл ауылда жоқ... Бұл ауыл Сыздық ауылы сияқты емес... Бұл ауылда аттар да көрінбейді... Онсоң қонақ қонып отырған үй сияқты емес, мұның ешқайсысы!.. — деді сыбырлап көк биелі құбаша жігіт.
Ит үргенін азайтып қойды.
— Ия, бүл ауылда жоқ... Бұл Сыздық ауылы сияқты емес. Сыздық ауылы ана ауылдар ғой деймін, — деді ақсұр атты, жалпақ бет қара жігітке сыбырлап.
Екеуі енді екінші ауылды сүйтіп төңіректеп торып келіп, ен бір үлкендеу үйдің бүйіріндегі ойпаңға келді. Үлкен үйден от жылтылдайды. Күңкілдеген сөзде естіледі. Үлкен үйге таяу қосақтаса тұрғандай бір кішкене үй түр. Ол кішкене үйде от көрінбеді.
Құбаша жігіт сыбырлап, жалпақ бет қара жігітке:
— Осы үлкен үйдің бер жақ тасасында бірдеме тұрған сияқты. Ат-ау деймін!.. — деді.
— Ендеше, тұсына таман барайық! — деді сыбырлап жалпақ бет қара жігіт.
Ойпаңмен ақырын мысықша жүріп, үлкен үйдің сыртындағы шалғыны шабылған бір шұңқыршалардың қасына келе бергенде ауылға қадалып, мысықша басып ақырын жүріп келе жатқан ақсұр ат селк етіп тұра қалып еді, көк бие де ақсұр аттан оза беріп тұра қалды. Ақсұр аттың үстіндегі жалпақ бет қара жігіттің жүрегі қылп ете түсті. Ақсұр аттың қадалған жөніне тесіле қарап, қайтер екен деп жалпақ бет қара жігіт атты жүргізбек болып, ептеп тебініп еді, ақсұр ат іннен қылтиған тышқанға қадалған мысықша қадалып, ілгері жүрмей қатып қалды.
Құбаша жігіт те алдындағы үйге қарап қойып, ақсұр аттың қараған жөніне көзін тігіп тұрды.
— Ойбай, мынау бірдеңе көріп тұр!.. — деді ақырын сыбырлап жалпақ бет қара жігіт.
Құбаша жігіт алдына еңкейе қарап тұрып сыбырлады. Оның ауылға, оңға, солға қадалған екі көзі қараңғыны тескендей болды:
— Ия, бірақ ештеме көрінбейді... мына ауылда да қонақ жоқ сияқты... Мына үйдің қасындағы отау сияқты. Отауы мен үлкен үйінің арасында ат түр, кермеде түр ғой деймін. Бүл кімдікі екен кермеге ат байлаған!.. Әлгі, Исабектің Мұса дегені осындай ат байлағыш дейтін еді ғой соныкі шығар осы!.. Бүл қалай, мына жануар не көріп тұр!.. Мына шұңқырларға қарап түр!.. Біреу отырған жоқ па екен? — деді.
Құбаша жігіт осыны айтқанда, екі қылаң аттының он жақ алдындағы елу қадамдай жердегі шұңқырдан ұзын бойлы, қара бүркенген біреу сомырайып ұшып түрегелді. Және біреу түрегеліп еңкеңдеп, кейін қаша жөнелді. Олар шұңқырдан сомырайып-сомырайып, ұшып-ұшып түрегелгенде ақсұр ат та, үстіндегі жалпак бет қара жігіттің қимылын күтпей, жалт беріп, кейін сыртқа, елсізге қарай қоянша ытқи жөнелді. Құбаша жігіт те көк биені бұра ұмтылып, ақсұр аттың соңынан ытқи жөнелді. Шеткі үйлердің иттері шу ете қалды. Бір-екі ит жүгіріп арсылдап, зытып бара жатқан екі қылаң аттыны қуып кетті. Лезде кештің қараңғысына екі қылаң атты батып кеткендей жоқ болды...
Шеткі үйлерден бір-екі адам шығып айқайлады. Шұңқырдың ішінен тұрып, сасқалақтап жүгіре басып барған Мұсаның келіні, үйден шығып айқайлаған қайнына екі қылаң аттыны айтты.
— Ойбай, мен ана жерге дәретке барып едім, бір-екі қылаң атты кісі келіп тұр екен, мына сары бауыр атқа қарап, мені көріп тез арман кетіп қалды, ана иттер соларға арсылдап үріп кетті!.. — деді.
Келіншектің қайны жас бала жігіт, сасып: Ойбай, ол ұры ғой!.. Ұры екен ғой! Неге білдіртпей келіп айтпадың? — деді.
Тез соны айтып, бала жігіт кермедегі сары бауыр атқа қарап, әкесіне айтуға жылдам үйіне бұрыла бергенде, үйден Мұсаның өзі шыға келді.
Мұса аяғын сылти басып, асығып, дауысын ақырын шығарып, жылдам сөйлеп баласы мен келінінің қасына келді.
— Әй, немене?.. Кісі ме?.. Нешеу екен?.. Қалай кетті?.. — деді ол.
Ол екі арада екі қылаң атты ол ауылдан кетіп, Сыздық ауылының тұсынан шықты.
Ілезде Мұсаның ауылы үрпиіп «Ұры!.. Ұры!.. Ұры!..» — десіп, бауырын көтерген адамдары тік тұрды.
Мұса тым қатты абыржып қалды. Оның қимылдары асығыстанып, аяғының сылтуы көбейді.
— Тез мына ауылдарға хабар қылыңдар!.. Өтен! Асаутай! Сен¬дер мына Үмбетке хабар беріңдер!.. Бейсембай! Ақбұлақ екеуін Іскендірлерге барып хабар қылыңдар! Жұмағұл, Сәт, сендер ана Бименделерге хабар беріңдер! Олардың ауылдарында әлгі қонақтары бар ғой, аттары бар ғой... Жылқыға кісі жіберейік!.. Ауылдар да сақ болсын бәрі де, — деп, Мұса іргелес отырған ағайынға ауылының адамдарын жүгіртті.
Тағы да келінінен анықтап, екі қылаң аттының қалай көрініп, қалай кеткенін сұрастырды.
Қу келіншек сұраған адамның бәріне де жанылмай, қайта-қайта алғашқы айтқанындай қылып айта берді.
— Қолымда құманым бар, үйден шығып дәретке бара жатсам, ана ойда, осы мына кермедегі сары бауыр атқа қарап қадалып тұр екен екеуі бір-біріне жабысып... Әуелі өзім көрмей қалдым... Не екенін білмей жай, барып тұрған мал екен деп қалдым... Таяныңқырап келсем, екі қылаң атты кісі екен... Келе жатқан мені көрген соң екеуі арман қарай жылдамдатып жөнелді. Сонсоң мен жүрісі суық адамдар екенін біліп, тез айтайын деп үйге қарай жүгірдім!.. — деген сөзден келіншек жаңылмады.
— Япырым-ай, мынау ай қараңғыда құдай бір сақтаған екен! Қантбала болмаса алып кетеді ғой!.. Япырым-ай, аз ғана жылқы күзетсіз-ау!.. — деді Мұса.
— Япырым-ай, осы қараңғыда сенін ол араға дәретке барғаның тәуір болған екен... Сенің дәретіңнің де бір пайдасы тиді-ау!
«Екеуі біріне-бірі жабысып тұр екен» дейсің бе? Сен де бірдемеге жабысып қарап тұрсаң етті!.. — деді бір қу тілдеу жігіт.
Сүйтіп жұрт: «ұры, ұры» деген суық сөзді естігенде, ә дегенде үрпиісіп қалса да, бас қосып, хабарласып сөз қатысқан соң, бір-бірімен қалжың айтысып та тұрды...
Сол жердегі бес-алты ауылдың бәрі де ілезде хабарланып, бәрі де үрпиісіңкіреп, сақтанып алды. Жылқысы барлау ауылдар кісілер аттандыруды сөз қылып жатты. Сыздық ауылына жеткен Жұмағұл, Сәттермен бірге екі атты кісі келді. Бірі — Шәкір күйеулерінің атына мінген Бименденің бір баласы, бірі және бір жігіт.
Тыста төрт-бес кісі мен бала-шағалардың ортасында тұрған Мұсаға сәлем берді...
Кермеде тұрған Мұсаның сары бауыр аты тықыршып, пысқырып ойқастай бастады.
Аналар сөйлесті:
— Мүсеке, Бикем жіберді сізге, атқа мініп төңіректі кежуіл-десек қайтеді? — деді. — Және жылқыға ауыл басынан бір кісі жіберейік дейді. Қылаң атпен ауылға кірген ұры бірдеме алып кетпей қоймайды дейді. Және ол көп адам шығар дейді. Сақтанып, төңіректі біраз кежуілдейік дейді, — деді Бименденің баласы ақырындау дауыспен.
— Дұрыс!.. Жарайды!.. Мен тәуекел деп атыма мінейін, тұра тұрындар!.. Ал, Өтен мен Жұмағұл, сендер бірдеме тауып мініп, немесе бір түйеге мініп жылқыға барыңдар! Ал өзгелерін ауылды күзетіп, енді сақ болыңдар! — деді Мұса.
Және Өтен мен Жұмағұлға:
— Тіпті, немесе мына ауылдардың аттары болса жылқыға шейін солармен мінгесіп барыңдар! Мен атқа мініп Бимендеге барайын! Ал ер тоқымды алып шық!.. Найзаны алып шық! Сен найзаны алып шық! — деп Мұса ширай қимылдады.
Бұрын тыныш тұрған кермедегі сары бауыр ат енді қараңғыда отша жайнаған көзін, құлағын тігіп, тықыршып, пысқырып қойып, қозғалақтап ойқастап тұрды.
— Япырмай, сары бауыр атты қыршып пысқырып тұр ғой!.. Шабыс болмаса игі еді, қиналмаса игі еді... Я, құ-дай-ай, бере көр!.. Қане ер тоқым қайда!.. Жақсылап ертте!.. Найза қайда?.. — деп Мұса абыржып, сылти басып үйіне кірді...
ЫСҚЬІРЫП ҚОЙЫҢДАР
Қоңыр қозының еті қазанға салынып, ақырын шымырлай бастаған кезде Айша Мүсірәлінің қызын ертіп тысқа шығуға тұрды. Қазан астына от жағып отырған Мүсірәлінің келіні де солармен бірге шығуға түрегелді.
Олар үйден шығып бара жатқанда Мүсірәлі:
— Шырақтарым, жан-жақтарыңды абайлап қарап, айтақтап ысқырып қойындар! Кеш те қараңғылау болып түр ғой!.. Ана қонақтың аттарының қасындағы жігіт қарап отыр ма екен?.. Қарап отырсын!.. — деді қызы мен келініне.
Сөзді келіні мен қызына айтса да, Мүсірәлінің көзі Айшаға і үсті. Көйлегін шалбарланып, ұзын шашын көрсетпей шапанының астына жіберіп, басына пұшпақ бөрік киген Айша Мүсірәліге бір сымбатты жас жігіт сияқтанып көрінді.
«Не деген сымбатты қыз!» — деп қойды ішінен.
Айша мен Мүсірәлінің қыз-келіні тысқа шыққанда, жарыққа қарап отырып қараңғыға шыққандықтан тыстың қараңғылығы оларға өте-мөте қою көрінді.
— Түу, не деген қараңғы-ей!.. Ештеме көрінбейді ғой! — деді Мүсірәлінің қызы.
— Көзге түртсе, көрмес кісі!.. Отқа қарап отырып шыққан соң көз үйренгенше солай болады ғой! Бірдемеге сүрініп жығылмаңдар!.. Аяқтарыңды байқап басындар! Не деген қараңғы, адам қорқатын ғой өзі! — деді Мүсірәлінің келіні.
— Қорыққанмен не қыласың!.. Өз дегенімен өмір сүре алмағанның күнінің бәрі де қараңғы емес пе? Мұндай кештің қараңғысынан қорықпай-ақ қояйық!.. Кішкене, көзімізді үйретіп алайық!.. — деп Айша аяқтарын байқай басып, үйдің жанында еңкейіп қойып, ауылдың сыртына қарап тұрды.
Олар үйтіп тұрғанда, үйдің сыртындағы белдеуде байлаулы тұрған аттардың артында отырған Серік орнынан түрегелді.
Сәл, көздері қараңғыға үйреніңкіреген соң, Айша, Мүсірәлінің қызы, келіні үшеуі Серіктің қасына келді...
Бүл, Серік деген жігіт Кәдірдің екінші баласының қатынының інісі еді. Кәдірдің бөтен елге құда болып бара жатқан қатын-балаларына Серік әрі атқосшы ретінде, әрі құданың құдасы ретінде еріп шыққан еді.
Кәдірдің ескі құдалары Тінжан мен Серік «Боранбайдың ауылынан етке бір тоямыз» және әсіресе «Айшаның «қалың малынан» киіт киеміз», — деп іштерінен көңілдеріне тоқ санап келе жатыр еді.
Серіктің қасына келіп Айша:
— Немене, қарап отырсың ба, Серік? — деді. Түйіліп сөз қатпай жүрген Айша сөз қатқан соң, Серік қозғалып, сәл Айшаға қипақтап қалды.
— Е, қарап отырмыз ғой! Сендер де атты қарасуға шықтыңдар ма!.. — деді ойнап.
— Аттарды күзетпей жатып-ақ шаршағаныңыз ба? — деді Мүсірәлінің келіні.
— Бір-екі күннен бері ұйқым шала болып, шаршап жүр едім, — деді Серік.
— Әлден ұйқыны айтсаң, жақсы күзетеді екенсің аттарды! — деді Мүсірәлінің келіні.
— Бүгін, осы ши маңдай елдің ортасында осы аттарды андып тұрған кім бар дейсің!.. Үйықтай бер! — деді Айша.
Соны айтып күлісіп, самбырласып сөйлесіп, Айша Мүсірәлінің қызы, келіні үшеуі үйдің сыртындағы коп шиге қарай жүрді.
Айша қасындағы қыз бен келіншекке:
— Дыбыстап айтақтап қойындар, ұры мен қасқыр болса кетіп қалсын! — деді.
Мүсірәлінің қызы күліп:
— Мен айқайлайыншы: Е-ей, айт!.. Айт! — деп дауыстады. Келіншек пен Айша күлді.
Айшаның күлкісі мұздан сырғанақ тепкен сияқты суық, ыз- ғар, сылдыр болып естілді.
Келіншек те айтақтады.
Үйден Кәдірдің Айдары шығып Серіктің қасына келді. Серікпен күбірлесіп тұрды.
Еңкейіп отырып, Айша жүрген жаққа қарап қойды. Бірақ ештеме көре алмады.
Үйдің сыртында едәуір жердегі жалпақ шидің ішінен Айшалардың күлкісі, сыңқылдаған сөздері естіліп тұрды. Қасындағы қыз бен келіншекке бірдемелерді айтып сөйлеген Айшаның сөздері кештің қараңғы жұмсақ ауасын сыңқылдатып, ақырын қозғағандай болып тұрды. Және сыңқылдаған сөздерімен бірге жез құманның сылдыры да естіліп жатты.
Бірақ қараңғыда ши арасында жүрген Айшалардың өздері көрінбеді.
Серіктің қасында тұрған Айдар Айшаның қырауланған ызғар мұздан сырғанаған сияқты құрғақ күліп, сыңқылдаған дауысына ішінен таңырқаныңқырап, тамсаныңқырап тұрды.
Белдеуде байлаулы тұрған аттарды күзетіп тұрғаның білдіргендей, Серік салмақпен, ысқырып, айтақтап қойды:
— Айт!.. Е-е-ей! Ушышт!.. — деді.
Айшалар жүрген ши жаққа еңкейіп қарап қойып, Айшаның уайымсыз сияқты үндеп, сыңқылдап сөйлеп жүргеніне тамсанып, Айдар үйге кірді...
Басқа ауылдардан да малға ысқырған, анда-санда айтақтаған дауыс естіліп тұрды.
Маңай қараңғы, кештің қаракөлеңкесіне жасырынып Айша мен келіншектің сөздерін таяу келіп біреу тыңдаған сияқты еді.
Қастарындағы бір топ ши ақырын сылдыр ете қалды. Сылдыр еткен ши жаққа Айшаның қарай қалғанын байқап, Мүсірәлінің келіні:
— Ей, мына жерде біреу жүр-ау деймін!.. — деді.
— Е, кім жүр дейсің! Азар болса ауыл арасының жігіттері шығар! — деді Айша.
Ши тағы да сылдырлады.
— Ей, шын біреу жүр!.. Ойбай, ұры шығар! Ей, жүріңдер үйге барып айтайық! — деді Мүсірәлінің қызы.
— Қой, ұры болса малды аңдымай ма, қыз-келіншектің қасына сөйлесуге бозбалалар келеді... Сондай біреу шығар, сендермен оңашада сөйлесейін деп жүрген! — деді Айша.
Соны айтты да сылдырлаған ши жаққа қарап, ойнап:
— Келе беріңіз, сөйлессеңіз оңаша, қыз-келіншектен басқа ешкім де жоқ! — деді.
— Ендеше, қорықпаңыздар, бір сөзім бар еді сөйлесетін! — деп, шидің ішінен біреу түрегелді. Дауысын өте ақырын шығарса да, сөзі айқын естілді.
— Рас, ойбай! — деді Мүсірәлінің қызы.
— Бетім-ау, шын кісі ғой! — деді келіншек.
— Дауыстамаңыздар, бір-екі ауыз ғана сөзім бар еді, соны айтып кетейін! — деп, ши арасынан тұрған адам тез асыға басып үшеуінің қасына келді.
— Амансыздар ма? — деді ақырын.
— Шүкір!.. — деді таңырқаныңқыраған қыз бен келіншек.
— Айша, амансың ба!.. Сенімен оңаша, асығыс сөйлесетін бір кішкене ғана шаруам бар еді, кішкене, былай шығып кетіңіз, мына кісілер осы жерде кішкене ғана отыра тұрсын! — деді ақырын дауыспен, қоңыр елтірі тымақты құбаша жігіт. Жез құманмен жуынып отырған Айша ұшып түрегелді де:
— Жарайды... Ендеше, сендер отыра тұрындар, мен мына кісінің шаруасын білейін, — деді. Келіншек пен қыз аңырайыңқырап:
— Жарайды... Жарайды, — деді.
Тез бұрылып, жылдам басып, құбаша жігіт пен Айша ши арасына оңаша шығып, асығыс сыбырласып тез-тез сөйлесті.
Сөйлесе салып Айша келіншек пен қыздың қасына жылдам қайтып келді.
— Біреудің менен алып қалмақ бір нәрсесі бар еді, соған әдейі қуып келген жігіт екен. Үйге барып соның нәрсесін әкеп беріп жіберейік! Сендер жігіт көрдік деп адамға айтпаңдар, жарай ма! — деді Айша.
Келіншек пен қыз әңгіменің түріне түсініңкірегендей болды:
— Ойбай, неге айтайық!.. Неге айтайық! — деді.
— Ендеше жүріңдер! — деп Айша келіншек пен қызды ертіп үйге қарай жөнелді.
— Үйде әлгі өзіміз отырған төсектің ірге жағына бағана бір нәрсе тығып едім... Бір шүберекке түйген төрт-бес сақина, жүзік, ішінде асыл тастары да бар. Онсоң қоржын ішінде тағы да бір шүберекке түйген білезік, күміс теңгелер бар — соларды екеуің барып ақырын ептеп тауып әкеле қойыңдаршы! Менің үйге бір кіріп, бір шығып жүргенім ұятырақ болар... Сендер ана үйдегі кісілерге білдіртпей алып шығындар! — деді Айша.
Келіншек:
— Қоржынды бізге ақтарта ма?.. Өзі екі бөлек түйген бе, бірі қоржында, бірі іргеде ме?..
Айша:
— Ия, қоржынды апама айт, ақтартады.
Келіншек:
— Бірін төсектің ірге жағына жер астына тығып па едің, жоқ киіздің қабатына тығып па едің? — деді.
Айша:
— Жаңылмасам, қабатына ғой деймін... Енді барып қарайсыңдар ғой! Қабатында болмаса жер астын қарасаңдар, онсоң қоржынды апама айтсаңдар, ақтарта береді ғой, — деді.
— Табамыз ғой!.. — деді Мүсірәлінің қызы.
Үшеуі үйдің сыртындағы аттардың артында тұрған Серіктің қасына келді.
Немене, осы қараңғы түнде неғып сонша ұзақ жүрсіңдер? — деді Серік күңкілдеп.
Айша Серікке қалжыңдап:
— Неғып жүрдіңдер дерің бар ма!.. Өзің қыз болсаң, өзің әйел болсаң, білер едің не себепті дәретте ұзақ отыратындығын!.. Сен олай десең, әлі де жұмысымыз әбден біткен жоқ... — деді ақырын үнмен.
Серік Айшаның сөзіне түсінген сияқтанып ақырын күліп, не айтарын білмей, тамағын ақырын қырнап қойды.
Айша Серікке сүйтіп қалжыңдап, келіншек пен қызға қарады:
— Мен осылай тұра тұрайын, сендер әлгі нәрсені ептеп алып шыға қойындар... Сол ірге жаққа қоя салғам. Мені сұраса, бізді бірдемеге жұмсап жіберді, өзі аттың жанындағы жігіттің қасында отыр дендер! Бар, бірақ саспай жүріңдер!.. Таппай келмеңдер! — деді тағы да ақырын үнмен.
— Жарайды, — деп келіншек пен қыз үйге кетті.
Айша Серікке қарап сыбырлаңқырап:
— Серік, ана менің ат көрпемнің арасында бір нәрсе бар еді... Ұрқияға беріп кетем деген нәрсем еді... Ұмытып, алып кетіппін, оңашада соны алып беріп қояйын, ана атты шешіп алып келші! — деді тездете сөйлеп.
— О не нәрсе? — деді Серік те сыбырлаңқырап.
— Не қыласың енді, атты шешіп алып келсейші, өзім тауып алып берейін көрпенің жиегінен, — деді Айша ақырын.
Серік атқа қарай жүрді.
— Тез әкел... Ақырын шеш шылбырды! — деді Айша ақырын үнмен тездетіп сөйлеп.
Серік кәукелектеп жылдам барып шабдар атты тез шешіп алып, Айшаға қарай жетектеді.
Аттың қозғалып жүрген дыбысына елеңдеп үйде отырған кісілердің бірі Серікке дыбыстады:
— Әй, бүгім-ай!.. Серік! — деді.
— Е-е, өзім ғой, мына атты жөндеп байлап жүрген, — деді Серік.
Серік атты Айшаға алып шыққанда, Айша аттың ерінің үстіндегі бүктелген көрпесінің қабаттарына жалма-жан қолын тығып, сипалап қарады да:
— Ойбай, мұнда жоқ екен ғой! Қоржында екен ғой! Тез барып, қоржындағы ақ шүберекке түйген нәрсені алып келе ғой!.. Бар, бар! Атты маған бер, мен өзім байлап қояйын, бар тез, жаңағы келіншек пен қыз келмей! — деп, Серіктің қолындағы шабдар аттың шылбырын алды.
Айшаның қасы қосылған қою қабағы түюлі, қаракер көзі жанғандай еді. Бірақ Серік оны қараңғыда көрмеді. Серік жылдам басып үйге жөнелді.
Серік үйге кіре бергенде, Айша жалма-жан, желбегей шапанының ішіндегі бешпентінің сыртынан буынған белбеуін шешіп, шапанының сыртынан буып, шабдар атқа мініп алды.
— Е, жануар!.. — деді ішінен Айша шабдар атқа.
Атқа сиынғандай болды.
Міне салып сыпылдатып, әлгі ездері барып келген шиге қарай жөнелді...
Ауылдардың бәрінен жыпытасқандай от жылтылдап жатты. Анда-санда малға күзет қылып ысқырған, айтақтап қойған дауыстар естіліп тұрды...
АЙҚАСҚАН ЖАУ. ТҮНГІ ШАБЫС
Айша жан-жағына алақтап, шабдар атты сыпылдатып келе жатқанда екі қылаң атты сойылдарын оңтайлап ұстап, жалпақ шидің ортасында еңкейіп, ауыл жаққа қадалып тұр еді. Екеуі ұрысқа даярланғандай шекпенін, шапанын белсеніп, бастарындағы кішкене тымақтарының бір-бір құлақтарын жымыра киіп, бауларын байлаған еді.
Шабдар атпен сыпылдатып келе жатқан Айшаны қадалып қарап тұрған екі жігіттен бұрын селк етіп ақсұр ат көріп қозғала қалды. Құбаша жігіттің астындағы көк бие де тіксініп қарай қалды. Ауыл жаққа қадалып тұрған ақсұр ат қараңғыда келе жатқан Айшаның бұлдыраған қарасын көріп, сыбдырын бұрын естіп елеңдеп, ақырын шыдамсызданып қозғалақтағанда жүрегінің үлпілдеп соққан шыдамсыз дүрсілі ат үстінде еңкейіп қарап тұрған екі жігіттің құлақтарына естілді.
Жалпақ қара жігіт ақырын:
— Тәк!.. — деп ақсұр аттың шаужайын ақырын ғана қағып қойды.
Құбаша жігітке қарап сыбырлап: Жануардың жүрегінің соғуын қарашы! — деді.
Сүйдегенде, ақсұр ат тағы да оң жағына селк етіп, жалт қарап іс иесін бұрып алды.
Екі жігітте солай қарай қалды.
Үш-төрт атты кісі шоғырмақтанып дәл соларға қарай аяндап і еледі екен. Бұлар қараңғыны жамылып тіпті таяу келіп қалған еді.
Екі жігіт абыржыңқырап, оларға бір қарап, ауыл жақтан арандап келе жатқан Айшаға қарады.
— Ей, анау Айша болса, мыналар қуатын адамдар. Немесе бөрі де қуатын кісілер, бағанадан жан-жағымыздан кежуілдеп жүрген. Енді, ә дегенде қашпайық, не болса, ол болсын мен ұрысайын, анау Айша болса, сен Айшаны алып шығып кет. Ал ол Айша болмаса, отырған үйлеріне шейін атпен барып, жұрт апапай-топалай болып жүргенде Айшаны тез алып шығудың қамын қыл! — деді жалпақ бет қара жігіт.
Соны айтқанша болмады, таянып келген төрт атты кісі, тұнжыраған түнді селк еткізгендей ақырып-ақырып, айқай салып аттаңдап, екі қылаң атты жігітке дүрсе қоя берді.
Екі қылаң атты да аттарын ойнатып, сойылдарын көтере ұмтылды. Тұнжыраған қара түнді қақ жарып, ақырын, дүрсілдетіп ат қойып, айқайлап аттандаған торт аттының үні қараңғы кешті жамылып маужыраған төңіректі селк еткізді.
Жағалай оттары жылтылдап отырған ауылдардың барлық иттері шу ете қалды.
Әр ауылдан асығып самбырлаған дауыстар, дүсірлеп жүгірген дыбыстар, шуылдап үрген иттердің дауысына қосылып, у-шу бола қалды.
— Ұрып таста!.. Шаншып таста!.. Шаншып таста!.. Жау мұнда!.. Жау мұнда!.. Аттан!.. Аттан! — деп жалпақ шидің ішінде шилерге соқтығып, қолдарындағы қаруларын көтеріп, дүрсілдетіп ат қойып келген төрт атты мен жалпақ бет қара жігіт ақсұр атты ойнатып қағысып-қағысып өтті. Жалпақ бет қара жігітке екеуінің сойылы тиді. Бірақ қатты тиген жоқ. Ал аналардың біреуінің сойылы дың етіп аспанға ұшып түсті. Олар өйткенде көк биелі құбаша жігіт ауылдан келе жатқан Айшаның алдынан еңкейе қарап жүгіртіп жетіп барды:
— Айшамысың?.. Жүр! Қорықпа енді! Аналарды анау жібермейді! — деп Айшаны қатарына алып, құбаша жігіт жөнелді.
Төрт кісінің екеуі құбаша жігіт пен Айшаны қуа жөнелді.
Ол екі арада төңірек у-шу айқай болып, қараңғы түн күңіренгендей болды.
Ауыл, ауылдан жау қайдалаған айқай, шапқан аттылардың дүсірлері таянып қамалап келіп қалды.
— Адаспа!.. Адаспа! — деп бір-біріне айқайлады қуғандар...
— Жау мұнда!.. Жау мұнда! — деп дауыстай берді олар.
Ақсұр атты орғытып, жалпақ бет қара жігіт есік пен төрдей ақтабан сойылын аспанда үйіріп, екі баран аттыға қайырыла ұмтылды.
— Өшір үніңді ит, аузы-басыңды қан қылармын, әйтпесе! — деді ол.
Екі баран атты қарсыласып айқасуға шыдай алмай көлденеңдей құйғыта жөнелді. Бірақ көлденең зымыратқан бойымен екеуі «жау мұндалап» құбаша жігіт пен Айшаны қуып бара жатқан бір баран, бір қылаң аттының соңынан жөнелді...
Енді сол кезде төрт аттының төртеуі де жалпақ бет қара жігіттің алдына түсті... Бірақ олардың алдына құбаша жігіт түсіп бара жатқан еді. Ауыл-ауылдан шапқан аттылар да дүсірлеп, қараңдап келіп қалды.
Құбаша жігіттің Айшаны ертіп ала алғанын, ала алмағанын білмей, енді жалпақ бет қара жігіт екі баран аттыны қуып келе жатып, олардың алдында «жау мұндалап» қараңдап бара жатқан екеудің алдын байқауға, екі баран аттыны жанай жөнелді. Олардың қатарына түсіп, ақсұр атты оқтаудай көсілте зымыратып, қара жігіт оза берді.
— Ал енді соңына түс!.. Шанышсайшы найзамен! — деді екі баран атты бір-біріне.
— Ал шанышамын!.. — деп баран аттының бірі бірінен озып, жалпақ бет қара жігітке шашақты ұзын найзасын төсеп ысқырта ұмтылды. Екеуі де зымыратып, алдыңғыларға жете бергенде, найза ұстаған баран атты жалпақ бет қара жігітке жетіп қалды.
— Шанышамын енді, түс! — деді ол.
— Шаныша алмайсың!.. Өзің өлесің тарт атыңның басын! — деп жалпақ бет қара жігіт ұзын сойылын ұршықша иіріп, найзалыға ысқырта сілтеді.
Найзалы атының басына ие болмай, найзасын билей алмай кейін тартып, жалпақ бет қара жігітпен қатарласа берді.
«Жау қайда, жау мұндалаған» айқай бір-біріне қосылып келеді. Атын тебінгенін білдірмей, жалпақ бет қара жігіт алдыңғыларға жетуге ақсұр аттың бар шабысына салып ұйтқыған желдей құйғытты. Найзалы да оның соңына түсіп тақымдады. Екеуі жағаласып, аңдысып отырып, «жау мұндалап» айқайлап бара жатқан қуғыншының алдыңғы екі аттысын орады. Олардың алдында қатарын жазбай таяу кетіп бара жатқан бір қылаң, бір күлді баран аттыны көріп, жалпақ бет қара жігіт қуанып, ақсұр атты зымыратып, соларға келді.
— Айырылмас! Айырылмас! — деді оларға дауыстап.
— Кел, қатарлас! Артыңдағыны мен ұрып тастайын!.. — деді оған құбаша жігіт дауыстап.
Қуғыншылар дауыс қосқандай аттандап, «жау мұндалап» күңірентіп келеді. Жалпақ бет қара жігіт құбаша жігітпен қатарласа берді.
Ақсұр ат, көк бие, шабдар ат тізе қоса зымырады... Үшеуі тізелерін қосқанда, найзалы баран атты атының басын тартыңқырап, ана екеуімен қатарласа берді. Жалпақ бет қара жігіт оларға кейін қарап қойып, қатарындағы құбаша жігіт пен Айшаға сыбырлаңқырап тез-тез сөйледі:
— Мыналарға кейіннен де біреулер таянып келе жатыр... Мыналардың ішінде жуандау біреу бар, Бименде сияқты... Соны әдейі мықтап-ақ ұрайын деп едім, ыңғайыма келмеді... Онсоң іштерінде найзалы біреу бар, аты тым жүйрік. Маған екі-үш рет жетті, бірақ өзі найза сілтей алмай тайқақтай берді... Ал енді ана кейінгі жеткендерінің де аттары жүйрік болса, найзалы енді батылырақ қимылдағалы келеді... Ал Бименде болса аузы-басын қып-қызыл қылу керек... Аттарың қалай?.. — деді.
— Жаман емес! Бірақ мына көк бие босаңсуға мүмкін... Ә, мына Айшаның астындағы ат еркін келе жатыр! — деді құбаша жігіт сыбырлаңқырап.
— Ендеше, қуғыншыларды мен екеуіңнен бұрып әкетуге лаж жасап көрейін... Ал, болмай, екеуі-үшеуі бірдей келе беретін болса, Айша атын бар пәрменінше жіберіп, озып кетсін, біз екеуміз қуғыншыларды айналдырып, ұрысып тоқтатып кетейік! Ішінде Бименде болса, қан құстырайық итке! — деді жалпақ бет қара жігіт.
Сол кезде қуғыншының өзгелерінен озып, үшеуі алқымдап жетіп келіп қалды.
Құбаша жігіт қасындағыларға асыға сыбырлап:
— Жаңағы айтқаның дұрыс!.. Бұларды енді, осы жазық далада тоқтатып тастайық! Бименде болса, дал-далын шығарайық!
Айшаның аты мықты, жалғыз озып кете берсін, артынан қуып жетіп тауып алармыз... Түсіндің бе, Айша!.. Сен жүре бер!.. Ишарат сөзіміз: «жол табар», «айырылмас» болады. Білдің бе? — деді, таянып келген үш қуғыншының айқайын тыңдамай.
— Білдім ғой... Бірақ адасып кетсем қайтем! — деді Айша.
— Адаспайсың!.. Осы беттен айырылма, тауып аламыз... — деді құбаша жігіт.
Сол кезде қуғыншылардың үшеуі тіпті таянып төніп келген еді.
Біреуі әлгі ұзын найзалы. Екеуінің қарулары сойыл. Найзасын, сойылдарын төндіріп үшеуі де оңтайланған. Жалпақ бет қара жігіт қуғыншылардың әрбір қимылын андып келе жатты...
— Әй, атамын енді, тоқтаңдар!.. Енді құтылмайсыңдар! — деді біреуі.
— Сен атсаң, бізде де мылтық бар, біз де атамыз! Біз сендердің ештемелеріңді алғанымыз жоқ, неге қалмай келесіңдер? Бізде не ақыларың бар?.. — деді құбаша жігіт.
— Ақыларымыз сол, үшеуін де түсесің, құтқармаймыз! — деді біреуі.
— Өздеріңді не ажал, не бейнет түртіп келеді екен!.. Онан да қайтыңдар енді, аман-сауларында! — деді құбаша жігіт.
— Сендерді түсіріп алмай кайтпаймыз! — деді қуғыншы үшеудің бірі.
Құбаша жігіт енді қуғыншылардың сөзін тыңдамай Айшаға сыбырлаңқырап:
— Айша, сен енді қорықпа, озып кете бер. Осы бетіңнен бұрылмай жүре бер! Мыналарды біраз мыжғылап тоқтатып кетейік!.. Әйтпесе соңымыздан қалмайды бұлар... Сүйтсін бе? — деп жалпақ бет қара жігітке қарап еді. Ол қуғыншылардың ыңғайын андып келе жатып:
— Дұрыс! Сүйтсін! — деді.
— Дұрыс қой?.. — деді сыбырлап Айшаға қарап анау.
— Дұрыс, ендеше! Бірақ өздерін жазым болмаңдар!.. Бименде болса аямаңдар!.. — деді сыбырлап Айша да.
— Тәуекел. Біз үшін уайым қылма!
— Ал енді, біз атымыздың басын тартыңқырап отырайық, сен шүу деп жүре бер, — деп құбаша жігіт артындағы қуғыншыларға сойылын ыңғайлап, көк биенің басын ірікті.
Ақсұр аттың тізгінін жалпақ бет қара жігіт те іркіп алды.
Айша шүу деп озып жүре берді.
— Алдымызға түссін, екеуіміз екі жағына шығайық! — деді жалпақ бет қара жігіт жолдасына.
Құбаша жігіт пен жалпақ бет қара жігіт араларын ашып, арттарында төніп келіп қалған қуғыншыларға қарап сойылдарын оңтайлады.
— Ұрып таста енді!.. Шаншып таста енді! — деді қуғыншылар тақымдап.
Жалпақ бет қара жігіт тақымын қысып-қысып қойып, ақсұр атты ысқыртып, жұлдыздай ағызып, сол жағына, құбаша жігіт оң жағына қарай ойысып бұрыла берді.
Тақымдап төніп келе жатқан үш қуғыншы олар өйткенде қапелімде не қыларын білмей, екі қашқынның ортасына түсе берді.
Жалпақ бет қара жігіт ақсұр атты жарқ бұрып, үш қуғыншыға қарсы бүйірінен ат қойды.
— Тоқта енді, өлдің! — деді.
Ұзын ақ сойылды дөңгелек ойнатып, ысқыртып келіп, қуғыншыларды жөпелдемде ләббай тапқызбай, есінен адастырып, біреуімен салысып кеп өтті.
Сойыл тиген қуғыншы жалпақ бет қара жігіттің сойылымен бірге тымақша ұшып түсті. Аты ойнап шыға берді. Жалпақ бет қара жігіттің соңына қуғыншының өзге екеуі түсіп, «жау мұндалап» қамалай қуа берді.
Құбаша жігіт көк биені борбайлап-борбайлап жіберіп оларға ұмтылды. Жалпақ бет қара жігітке ұзын найзасын төндіріп келе жатқан баран атты найзасын оған бұрып ыңғайланғанша, құбаша жігіт оны қайың сойылмен қос қолдап қағып өтті. Найзасын тастап жіберіп, баран атты атының жалын құша жөнелді.
Жалпақ бет қара жігітті қуалап келе жатқанның екіншісі атының жалын құшып жөнелген баран аттыға қарай, оны сүйейтін сияқтанып «аттан» деп ұмтылды.
Оның ат үстіндегі қарамы үйелмендей еді.
Ақсұр атты атқан садақша ысқыртып, енді оған қарай жал¬пак бет қара жігіт те ат қойды.
Енді ол көктен аққан қара лашынша түйілді.
Есік пен төрдей ақтабан сойылын білеп, ұшыртып, ішінен барлық күшін, барлық кәрін тігіп келе жатты. Құбаша жігіт те оның соңында екі көзін қадап, сойылын білеп келе жатты...
— Е, тәңір-ау, осы жолы итті қан-қан қылып кетсем, арманым болмас еді! «Бименде байды дал-дал қылып кетіпті!..» деп жүрсе жұрт! — деді ішінен жалпақ бет қара жігіт астындағы сүр атты ұшыртып келе жатып. .
Жалпақ бет қара жігіт сүйтіп таяна бергенде, анау бұлтақтап бұрыла қашты.
Діңгектей сойылын қос қолдап кеп ысқырта үйіріп жалпақ бет қара жігіт салып өтті. Анау атынан делегей ойнағандай болып құлады. Аты лоқсып, осқырып барып тұрды.
Ақсұр атты ұршықша айналдырып, қолы сүйсініп жалпақ бет қара жігіт қайта бұрылды.
— Ұр итті, — деді құбаша жігітке.
Бөркі түсіп қалған басынан қаны шапшып тұрып, жығылып жүрген жуантық кісіні құбаша жігіт те салып кетті.
Ол енді іркіт толтырған, құлаған сүйретпеше сұлап жатты. Басынан атқыған қаны жіңішке түтіктен шапшығандай болып жатты.
Сол кезде, «жау мұндалап» тағы да екі қуғыншы келіп жетті. Жалпақ бет қара жігіт пен құбаша жігіт енді тізе қоса жөнелді.
ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ ҚАШҚАН ҚЫЗ
Шабдар ат құйынша бұлдырап келе жатты. Айша атының басын ірікпей жіберді. Қараңғыға үйренген қаракер көзін тігіп артына анда-санда қарап қойып отырды. Тақымын қағып, шылбырының ұшымен де шабдар аттың санына сипай қағып қойып, зымырап шапқан ат үстінде Айша қамшының өріміндей иіліп шіреніп келе жатты.
«Жау мұндалаған», «аттандаған» айқай оны қуалағандай болып отырды. Айқаймен араласып, шабысқан аттардың тулақ сабалағандай дүсірлері біресе оң жағына, біресе сол жағына ойысқандай болып отырды.
Құйындай ұшып, жүйткіген шабдар аттың шабысының екпіні мен түннің ұйтқыған жұмсақ майда қоңыр желі Айшаның қыз-қыз қайнаған бетін торғынша шарпып, үздіксіз жұмсақ желпіп отырды. Шабдар аттың өзінің де қызып терлеген денесін түннің ұйтқыған майда қоңыр желі жұмсақ шарпып, желпіп отырды.
Арттағы айқай мен шабысқан ат дүсірлері бірте-бірте алыстап, үзіліңкіреген кезде, Айша аттың басын іркіп артына қарайлап, жайырақ шапты.
Бiраздан соң түн мұнарына батқан айнала, енді тым-тырыс болды. Бірақ кейіннен келе жатқан ешбір тырс еткен дыбыс білінбеді.
Айша шабдар аттың басын тартып, аяңдатып, артына қарап, тоқтап тыңдады. Денесі қызып өрекпіген шабдар ат шырқ айнала қарап елеңдей тыңдап, тыпыршып тұрды. Демін ішіне тартқан сияқты меңіреу түн барлық айқайды, барлық дүрсілді жұтып жібергендей үнсіз түнеріп тұр. Өзгелермен бірге екі қылаң атты: жалпақ бет жігіт пен құбаша жігітті де жұтып жібергендей тұнжырап тұрды.
Айша қосылған қою қасты қабағын түйіп, қаракер көзін қадай жан-жаққа, түннің қою қараңғы мұнарына тесіле қарады... Қараңғыға үйренген кезі кәзір едәуір жерден көретін болғанымен кезіне ештеңе ілінбеді.
Айша ішінен:
«Бір жағымнан өтіп кетті ме екен әлде?.. Жоқ, жазым болып, біреуі бірдемеге ұшырап, қолға түсіп қалды ма екен?.. Дыбыстасам ба екен?.. Қой, өйту жарамас!.. Қуғыншы келіп қалар... Немесе тіпті өткен-кеткен бөтен біреу дауысымды естіп келіп қалар! Олай-пұлай жүрген өткінші жау дыбысымды естіп келіп қалса, қалай қылам?..» деген ойларды жылдамдап ақылға салғылады.
Тағы да ішінен:
«Қой, тәуекел деп жүре берейін, манаты жөнмен... Тұрам ба енді осы жерде! Астымдағы атым мықты. Олар да келер!» — деп Айша аяңдатып жүріп кетті.
Артына қарайлай-қарайлай, бірсыпыра жер жүргеннен кейін, Айша бір адырларға, бұйраттарға келіп тірелді. Тағы да айналып жан-жағына қарап тұрды. Айнала тыңдады. Тықыршып айналып, қос құлағын елеңдетіп шабдар ат та тыңдады.
Түнерген мылқау түннен дыбыс күткендей тыңдап Айша қара кер көзін түн қараңғысына қадап, тесіле-тесіле қарады.
— Енді адасқаным ғой! — деп аспанға қарады.
Қараңғы түнде жүретін жөніне қарақшы қылуға, қараңғы түнгі аспаннан жарық жұлдыз іздеді.
Аспанға телміріп, Жетіқарақшы мен Темірқазық жұлдыздарын іздеді.
Аспанды қаптаған үйір қою қарасұр бұлттар Айшаға көк сәулелерін көрсетпеді.
«Адамның басына қара пәле шырмалғанда алыстағы аспанның жарық сәулесін де көрсетпей қаптайды екен-ау!» — деді Айша ішінен.
Бұйраттарға кірмей, етек ұшығындағы кең ашық даламен жүре берді. Екінші жағында күңгірттеніп және бір бұйрат адырлар сияқты шоғырмақтар көрініп тұрды.
Айшаның қиялы қараңғы қорадан асығып есік іздегендей аласұрып келе жатты...
«Өстіп келе жатқанда, тағы да бір пәле, жау кездеспесе игі еді!.. Өткінші ұры... Қасқыр... Және осы қараңғыда... Жын-шайтан, пері... дегендер рас па екен?..
...Қойшы, өзімді-өзім босқа қорқытпайын, текке үрейленермін!.. Қант баланың көзіне қорыққаннан әлденелер көрінсе көрінген шығар... «Қорыққанға қос көрінеді» деген рас емес пе!» — деді ішінен.
«Үкіжан бәйбіше қыз күнінде ұзатылып бара жатып, еркекше киініп, еркектің атына мініп қашып осындай түн қатып жүріп Көкеңдікіне жалғыз келіпті демеуші ме еді?.. Ол бір түн, бір күн жүріпті... Жолшыбай әркімдерге соғыпты. Көкеңдікіне келетін күні таңертең ертемен, ақ адырда отырған Тұрысекеңдікіне түскен екен. Тұрысекеннің бәйбішесі Үкіжанға көже құйып беріпті. Үкіжан атына мініп тұрып Көкен ауылының жөнін сұрағанда ғана Тұрысекеңнің бәйбішесі Үкіжанның дауысынан қыз екенін біліпті ғой...
Үкіжан бәйбіше ап-арық, нап-нашар әйел емес пе?.. Менің астымда мынау жүйрік-жарау шабдар ат, мен неге қорқам! Неден қорқам?» — деді Айша ішінен.
Айша ат үстінде келе жатып оз денесінің тұрпатына, үстіндегі киімдеріне қарады да:
«Қараңғыда менің нұсқам да жігіт сияқты емес пе!» — деді ішінен.
Бірнеше тоқтап, айнала тыңдап, Айша жүре берді...
«Адастым-ау! Адасқаным ғой енді!» деген сезім Айшаны биледі. Сүйтіп келе жатқанда, оң жақтағы адырдың етегінен шоғырмақтанған, топтанған бір қара көрінді. Айшаның жүрегі лүп ете түсті. Тұра қалып, еңкейіп қарады. Біраз тыңдап тұрды. Шоғырмақ қарадан ешбір дыбыс білінбеді, ешбір қимыл көрінбеді. Айша атын ақырын аяңдатып жүрді. Шоғырмақта үн жоқ. Еңкейіп, тесіле қарап еді: не есіз қора, не мола сияқты болып көрінді. Айша, біреу ұстап алатындай, қорқыңқырап қырындай жүрді. Шабдар атта құлағын тігіп, елеңдеп келе жатты.
Шоғырмақ — мола емес, енді иесіз қора, иесіз қыстау сияқты болып көрінді.
Он, жағында қалып бара жатқан иесіз қыстауға қарап, елеңдеп келе жатып, шабдар ат селк етіп алдына қарап, осқырып-осқырып тұра қалды. Айшаның жүрегі енді су ете түсті. Тұла бойы шымыр ете қалды. Ат құлағын тігіп осқырып, тігіне қарап, алдынан көзін айырмай, сол жағына қарай ата жөнелуге дайындалып бұрыла жүрді. Айша да жүрегі лүпілдеп тізгінін қымти ұстап, атты қисайған жағына қарай жіберіп, оның кезін алмаған алдына қадала қарады.
Қараңғы түнде жер астынан — аяғының астынан, керден шыға келгендей, екі-үш дауыс үздік-создық ұлып қоя берді. Айшаның жүрегі тас төбесінен шыққандай болды. Бар денесі қалтырап кетті.
«Жын!.. Шайтан!.. Қасқыр! Қасқыр!» деген сезімдер бірін-бірі қуалап, жүрегі, қиялы лезде сасқалақтап, тыпырлағандай болды. Маңдайынан шып-шып, суық тер бүрк ете түсті. Ойына-қиялына аласұрып әлденелер келді. Шабдар ат осқырып үркіп, басын тігіне одырайтып жалын-желкесін дордитып, сол жағына тұра жөнелді... Айша байқаусыз отырса, аттан түсіп қалатын еді. Тақымын қысып, сақтанып қалды. Ұлыған, қыңсылаған дауыс айнала жүгіргендей болды. Шабдар ат сол жағына қарай шапқылап барып, тағы да осқырып тұра қалып, енді алдына, солына, оңына одырайып үрке қарап тұрды.
Қыңсылаған, ұлыған дыбыс енді оңынан, алдынан, солынан айнала шығып, тіпті жақындап естілді және бір жерде тұрмай сырғанай жүгіріп жүрген сияқты бола берді.Айша қалтыраңқырап, еңкейіп тесіле қарап еді, ит сияқты қараңдап жүрген қасқырлардың көмескі бойлары көрінді. Жылтылдаған қызылды-жасыл ұшқын оттар көрінді. Қыңсылап жер тырмалап, топырақ шашқандары көзге бұлдырлап түсті.
Қыстың күні екі ауылдың арасында жаяу келе жатқан Қаранай дегенді қасқыр жеп, қолдарын, аяқтарын карға шаншып кеткені Айшаның есіне түсе қалды.
Шабдар ат қалтыраңқырап одырайып, шабыс күткендей шыдамсызданып, қозғалақтап осқырып тұрды. Бірақ ә дегендегі қапелімдегі шошығанындай емес, бойын енді жиыңқырап алғандай болды, алдында, оң-солында айналақтап қыңсылап жер тырмалап, топырақ шашып, көздері жасыл ұшқын атып, жылтылдап жүрген қасқырлармен аңдысып, шабдар ат осқырып тұрды.
«Адам қасқырларынан қашып, аң қасқырларына жем болғаным ба?» деген ой келді Айшаның басына.
Түннің қараңғы мұнарында, оң жағында көрінер-көрінбес болып тұрған қыстау-қораларға алақтап қарады.
Неше түрлі аласұрған ой Айшаның басына найзағайдай болып кіріп-шықты.
«Қақпалы бітеу қорасы болып, атыммен кіріп қақпасын жауып алсам?..
Бірақ қорасы не аласа болып, не қақпалары болмаса, не бір тесіктері болса, қасқырлар кіріп кетсе, өзімді-өзім ұстап берген болам ғой!..
Қорадан бір мықты ағаш алып қасқырларға ұмтылсам, қашпай ма?
Әлгі, «қасқыр атты кісіден қорқады» дейтіні қайда?..
Қасқырлар қамалап, бірте-бірте батылданып таяна берді. Жасыл от шашқан көздері жыланның көздеріндей жалт-жұлт етіп, тайыншадай-тайыншадай екі үлкен қасқыр тіпті таянып келіп қыңсылап, жерді тырмалап-тырмалап, топырағын шашып-шашып қалды.
— Әй!.. Айт!.. Айт!.. — деді Айша.
Шабдар ат осқырып қалып, алдыңғы аяғымен жерді дүрс-дүрс еткізіп тарпып-тарпып жіберіп еді, екі қасқыр еңкеңдеп арманырақ, кетіп, өзге екеуі-үшеуінің қасына барды.
Айша тағы да ақырып қалып, оң жақта — қыстау жақта қараңдап жүрген шеткі екеуіне дүрсе қоя берді.
Айшаның қайрат қылған үніне, дүрсілдетіп ұмтылған аттың бетіне шыдай алмай, оң жақта жүрген екі қасқыр бұралаңдап қаша жөнелді. Айша тыпыршып тұрған шабдар атпен бастырып екі қасқырды қуып қораларға қарай шауып бара жатып, артына қарады. Өзге екі-үш қасқырдың да қараңдап, Айшаны қуып келе жатқаны көрінді.
— Әй, айт!.. Айт!.. — деп, Айша тұра қалды.
Қасқырлар да қыңсылап тұра қалды.
«Енді қайттім?.. Ел жоқ, жан жоқ бұл қандай жер екен?.. Қайда келдім адасып?..» — деді Айша ішінен.
Айша тағы да: «Айт!.. Айт!..» деп, қасқырларға қадала қарап, қораға қарай жүрді. Қыңсылап қасқырлар да жүрді.
Бағана біреу ұстап алатындай қорқынышты көрінген иесіз қоралар Айшаға енді бір айбар сияқты болып көрінді.
Елеңдеп осқырып, жалтаңдаған шабдар атты тебініп, Айша үңірейген шеткі қораға келді. Шабдар ат арт жағындағы қасқырларға алдындағы қораға жалтаңдап қарап тұрды. Иесіз қораларда жан жоқ екенін біліп тұрса да, арт жағындағы қасқырларға алаңдай қарап, Айша түнерген, аңырайған қоралардан дыбыстап жауап сұрады:
— Әй, мұнда кім бар?.. Кім бар мұнда? Бері шығып кет, жөн сұрайын!.. — деді.
Елсіз, иесіз қоралардан үн шықпады.
Тек Айшаның енді арт жағынан анталап келген қасқырлар ана қыңсылап үн қатысып тұрды.
Айша қасқырлармен арбасуын қойып, шеткі кішіректеу қораға таяу келіп, айнала қарады. Қораға жапсыра үйген бір құшақтай пішен бар екен. Айша шабдар атты тебініп, шарбаққа жанасты. Қаңсыған қу шарбақтың қадаларын ат үстінде тұрып тартқылап суырды. Бір жіңішкелеу, түп-түзу қаданы суырып алды. Ұзын қаданы суырып алып салмақтап, білеп кезеніп керді.
Сол кезде қасқырлар қораның айналасына таянып келді. Бір үлкендеу қасқыр өзгелерінен таяуырақ келіп, тағы да жер тырмалап, қыңсылап, тырмалаған топырағын шашып-шашып қалды.
Қасқырға қарап шабдар аттағы да осқырып, алдыңғы аяғымен жерді тағы да сарт-сұрт тарпып-тарпып қалды. Айша енді қолындағы ұзын қаданы сілтеп, таяу келген қасқырға тағы да ақыра ұмтылды. Қасқыр тағы да айналақтап қаша жөнелді.
Жерді қадамен салып-салып қалып, Айша айқайлады:
— Айт!.. Айт!.. — деп қораға қайтып келді.
Алаңдап жүріп қораның есік-тесіктерін қарады. Қораның қақпасы және оның түбіндегі кішкене үйдің терезелері де жоқ екен, Айша алақтап жүріп, өзге қораларды да аралап қарады. Өзге қоралардың да кіріп, қақпасын жауып алатын бітеуі жоқ екен.
Қасқырлар айналып, көздері жылтылдап, қыңсылап жүріп алды.
Бірақ ашық даладан гөрі қоралар қасқырға айбар қылуға қорған сияқты болды. Айша мен шабдар ат қораны арқа сүйеу — пана қылды.
Қасқырлардың бір-екі үлкені тағы да жер тырмалап, таянып келіп еді, Айша айтақтап ұмтылып қалып, қолындағы қада ағашпен сарт-сұрт еткізіп, қораны салып-салып қалды. Екі қасқыр тағы да жылыстап жөнеліп, өзгелерінің қатарына барды.
Бірақ басы айналған, адасқан Айша күншығыс, күнбатыстың қай жақ екенін айыра алмай шатасты...
Сүйтіп, қасқырлармен аңдысып жүргенде, түннің қараңғысы бірте-бірте көтеріліңкіреп, жер жүзі біртіндеп сәулеленіп бозарып, азырақ жарық тартты.
Қасқырларға қару қылып арбасып жүріп, Айша алаңдап айналаға да, аспанға да қарап қойып жүрді...
Аспанды қаптаған қою қарасұр бұлттар көтеріліп, бірте-бірте ыдыраңқырап жылтылдаған жұлдыздар көрініп, бір жақ шеттен жіп-жіңішке болып сызылып туған ай көрінді; имиіп сызылған ай тозған алтын тағаның сынығы сияқтанып тұрды. Айдың түсі ақ сәулеленіп бозарып, қиылған айдың асты таңның күміс жүнді ақ қанатының ұшығы сияқтанды.
Қараңғы меңіреу түнде адасып, қасқырлар қамалап, састырып, күншығыс-күнбатыстың қай жақ екенінен жаңылып, басы айналған Айша бұлттары ыдыраған аспандағы жылтылдаған жұлдыздарды, имиіп, сызылып туған айды, айдың астындағы бозарған таңның жұқаланған ұшығын көріп қуанды. Бойына күш қосылғандай болып, Айша енді күншығыстың қай жақ, күнбатыстың қай жақ екенін көрді. Шабдар ат та енді денесін бекітіп алды.
Қара түн жұқа, әдемі ақшыл мұнарға айналды.
Бозарып көріне бастаған айналаға қарап, Айша өзінін тұрған жерін білуге, айналаны топшылауға тырысты. Денесіне екі есе күш қосылғандай болып, қолындағы ұзын қадасымен сарт-сұрт еткізіп, қораны салып-салып қалды.
Қасқырлар енді тым таянбай, сәл шегіне берді.
Сүйтіп біраз аңдысып тұрғанда жер жүзінің ақшыл көлеңке мұнары жұқарып, көмескі көрінген нәрселердің көрінуі айқындала берді. Бұрын көзден көлегей тұрған нәрселердің бойлары көріне бастады.
Таңның ақ қанаты айқындалып, адыр-таулардан асты.
Таң ақ нұр шашып, адыр-таулардан асқанда аспандағы көтеріліп, ыдыраған бұлттар атып келе жатқан танды жасырып, басуға енді әлі келмейтін болып іріген еді.
Сол кезде, әлі ұйқы мұнарында жатқан жер жүзі селк етіп, аңырайып көзін ашып алғандай болды.
Айша да селк ете түсті.
Шабдар ат та селк ете түсті.
Анадай жерде қораны, шабдар ат пен Айшаны қамалап жатқан қасқырлар да селк ете түсіп, бұралып түрегеліп қыңсылап кейін қарасты.
Өйткені ағарып, атып келе жатқан таңның астындағы адырлардың бер жағынан, тым-тырыс ұйқтаған төңіректі селк еткізіп, боздағандай сарнап қоя берген үн шықты.
Шабдар ат пен Айша да селк ете түсті. Үн төңіректі дыңылдатып, біраз сызылып тұрып, қоя қалды. Қоя сала тағы да сарнады. Тағы да біраз сарнап қоя қойды.
«Ә-ә! —бұл не?.. Бұл не үн болды екен?» — деп, Айша таңның астындағы адырға, адырдың аржағындағы және оның түстік жағындағы қошқылданған тауларға қарап тұрды. Таба алмай іздеген кісісі алдынан шыға келгендей қуанып, Айшаның қара көзі от жайнады.
— Ә-ә! — деді ол дыбыстап.
Шабдар аттың санына шылбырдың ұшымен қағып қалып, қолындағы ұзын қадасын көтеріп, еңкейіп, лажы құрығандай бір-біріне қарап тұрған бес қасқырға «а-а!» — деп тұра ұмтылды.
— Ә-ә!.. Ал енді, қайтер екенсіңдер!.. Айт! Айт... — деді, қасқырларды дүрсілдетіп қуып бара жатып.
Қасқырлар еңкеңдеп, бүктетіліп кейін қарай қашты... Қасқырларды азырақ қуып тастап, Айша шабдар аттың басын бұрып, таңның астындағы, әлгі, ақырып боздап сарнаған үн шыққан адырға қарай жөнелді...
Жер жүзі әбден көрінді. Қасқырлар қынсылап, жыласқандай болып, далада қала берді.
Боздаған үн шыққан адырға қарай Айша шабдар атты сыпырта аяңдатып келе жатты. Алдында бір кішкене төбенің басынан түрегеп тұрған ұзын бойлы кісі сияқты бір оба көрінді. Таяна келе оба кісі сияқты қимылдағандай болды... «Өзі кісі ме екен әлде», — деп Айша одан көзін алмай, ақырын қырындап жанына келді. Кісі емес, обаның басында қонақтап отырған бүркіт екен. Тіпті жақын көрінді.
«Сейдуәлінің қыран бүркіті сияқты екен!» — деді Айша ішінен.
Бүркіт жан-жаққа мойнын бұрып, қайратты, ер, қыран, көргіш көзімен Айшаға қарады.
Айша ішінен:
«Жануар, мұны да әлгі ақырып боздаған үн ертерек оятты- ау!.. Әлгі қасқыр жауыздар осыған көрінер ме еді?.. Мынаны білген немелердей бола қалғаның!..» — деп артына бұрылып қарады.
Шабдар ат қымсынып селк етті. Айша бүркіттің ұшып бара жатқанын көрді.
Бүркіт ұшып айналып, атқан таңға қарай күшті, құлашты қанаттарын жазып, жоғары көтеріліп, дөңгеленіп қалықтап, айналып-айналып шарыққа шығып күншығыстағы таң сәулесі шалған адыр-тауларға қарай жөнелді...
Күн жер жүзіне алтын сәулесін шашыратып, адыр-таулардан асып шыққанда, Айша күнге мандайын төсеп, Нілді адырына жетіп қалған еді.
Нілді адырының батыс жақ салбыраған бетіндегі зауыт Айшаға үлкен бір жат нәрсе сияқтанып келе жатты. Нілді зауыты Айша елінің жерінде болғанмен, Айша бұрын Нілді зауытын көрген емес еді. Зауытты тек қатынасқан кісілердің айтуымен ғана білетін. Зауытта жұмыс істеп жүрген ағасы Сапарғали жылында ауылға келіп, біраз жатып кетіп жүргендегі айтқан әңгімелерінде зауытты ылғи сөз қылушы еді.
...Зауыттың машиналарының пештерінің ұзын мойындарын, пештеріне жағатын тас көмірді, ін құдық тәріздендіріп тесіп үңгіген жер астына түсетін шахта, жер астынан шығатын мыс араласқан кек тасты, жұмыскерлер жататын үлкен казарма тас үйлерді, дүкенді, орыстарды, тамағынан сөйлейтін ағылшындарды, жұмыскерлер жұмысқа барып және онан қайтатын уақыттарын білдіретін, ақырып, боздап, сарнап қозғалатын «шабашты» Айша көп естіп, сырттан білетін еді.
Құлақпен естігенді көзбен көргендей болмағанмен, бағана тан атып келе жатқанда, ақырып боздап, сарнап оятқан «шабаш» үніне ә дегенде Айша селк етіп таңырқап, аңырып қалса да, сол зауыттың «шабашының» дауысы екенін лезде біле қойып еді.
Міне енді, аспанға созылған ұзын-ұзын мойындардан будақтап қап-қара, қою түтін шығып көкке ұшып жатыр.
Ұзын мойындардан будақтап ұшқан қап-қара, қою түтіндерді көрген соң Айша қолындағы қаданы тастаған еді.
Енді зауыттың ентігіп, дем атқан гүрсіліне елеңдеп келе жатқан шабдар атты сыпылдатып, Айша маңдай алдындағы, зауыттың батыс жағындағы етектің шетінде бытыраңқырай отырған он-он бес шамалы, дені кішіректеу киіз үйлерге қарай келе жатыр.
Зауыттың маңындағы өзге киіз үйлерден бүл үйлер жақын тұрған соң Айша сол үйлерге қарай келеді.
Зауыттың ұзын мойындарынан қою қара түтін будақтап, шапқан аттың танауынан атқан деміндей пысылдап, гүрсілдеді. Басқа да дыбыстар, сөйлеген адамдардың дабыры естіледі. Киіз үйлерге кіріп-шығып жүрген бірен-саран адамдар, сиыр айдаған қатындар көрінеді.
Айшаға таң көрінген нәрсе қалың қою түтіні аспанға будақтаған ұзын мойындар, қазақ қыстауының үйлеріндей емес, биік, терезесі көп үйлер, сиыр қайырып жүрген кейбір әйелдердің бастарындағы шолақ жаулық — міне осылар болды. Ал зауыттың маңындағы қара-құралар, әр жерде отырған киіз үйлер Айшаға жат, таң көрінген жоқ.
Зауыт үйлерін, зауыттың қалың, қою түтіндерін, ұзын, жуан мойындарын Айша казак ауылдарымен, қазақ үйлерімен салыстырып келе жатты. Қазақтың жазғы киіз үйлері, қысқы аласалау, балшық, шым, тас үйлері, мына зауыт үйлерімен салыстырғанда, бір әлсіз, нашар нәрсе сияқты болып көрінді.
Зауытқа тығылған, зауытқа паналаған жанға даланың қасқырлары мен адамның қасқырлары бата алмайтын сияқты болып көрінді Айшаға.
Сүйтіп, шабдар атты аяңдата отырып, Айша өзінің маңдай алдындағы, зауыт шетіндегі әлгі он-он бес шамалы киіз үйлерге келді. Екі-үш сиырды коп сиырларға қарай киіз үйлерден айдап бара жатқан екі казак қатынына кезігіп амандасып еді, екі қатын Айшаға таңырқай қарады.
— Е, жаным, құлқын сәріден қайдан келе жатқан адамсың? — деді екеуінен үлкендеу біреуі.
— Мына, ел жақтан келе жатыр едік... Бірге келе жатқан кісілерім кейін, мынау арада келе жатыр, мен озып кетіп едім... Осында, зауытта жұмыс істейтін Сапарғали деген жігіт менің ағам болушы еді, соған келе жатыр едік. Оның жататын үйі қайсы екен? — деді Айша.
Екі қатын бір-біріне қарады. Үлкен қатын:
— Сапарғали?.. Қай ел? — деді.
— Осы өзіміздің ел — Тоқа, — деді Айша. Кішісі — жиырма екі-жиырма үштегі келіншек Айшаға қарап тұрып:
— Тоқа коп қой мұнда... Біз де Тоқамыз... Сапарғали дегенің кәдімгі Шүленбай — Бижандардың ағайыны ма?.. — деді.
— Иә, иә, сол Шүленбай — Бижандардың ағайындары!.. — деді Айша.
— Ә-ә, олар ендеше, анау шеткі үш-төрт үйде тұрады. Күндізгі кезекке бармас, қазір үйлерінде шығар. Өзің енді сол Сапарғалидың қарындасымын дейсің бе?.. Бір жерден далаға түнеп шыққан кісіше, құлан кекрен қайдан келесің?.. — деді келіншек.
— Түнде адасып, далаға түнегеніміз рас!.. — деді Айша.
— Ә, жолдастарым қайда дейсің?.. — деп тағы да сұрады келіншек.
— Олар кейін келеді... Мен шыдамай озып кетіп едім, — деді Айша.
— Әһ, тамаша!.. — деп тамсанды келіншек пен қатын.
— Анау, шеткі үш-төрт үйде тұрады дейсіз бе Сапарғали?..
— Ия, ия, сол үйлерде!.. — деді келіншек.
Айша шеттегі үш-төрт кішкентай киіз үйлерге келгенде үйдің бірінен бір келіншек екі шелек алып тысқа шықты. Айшаны көріп, тұрды. Сәл қырындай аяңдаған шабдар атты сылаңдатып, Айша келіншектің қасына келді.
— Амансың ба? — деді Айша.
— Шүкір!.. — деп келіншек аңырайыңқырап тұрды.
— Сапарғали деген жігітті білесіз бе?..
— Білем, ол неңіз еді?..
— Мен қарындасы едім оның.
— Анау үйде...
— Қазір үйде ме екен өзі?..
— Үйде, ұйқтап жатқан шығар!..
Айша шабдар атты ақырын тебініп қалып, сол үйге бұрылды.
Келіншек білгісі келіп, Айшаға қарап тұрды.
Айша оған қарамай, іркілмей барып аттан түсе қалып, тез атының шылбырын белдеуге байлады. Шабдар ат белін көтеріп, кенінен демін алып, ауыздығын шақырлатты. Сыртынан келіншектің қарап тұрғанын сезіп, Айша аттан түсе қалғанда, аяқтарының тақымының, екі карының ауырыңқырағанын сездірмей, аяқтарын нығап басып атының шылбырын шаршамаған кісіше ширақ байлады.
Шелек ұстап қарап тұрған келіншектің есіне өз еліндегі қыз күніндегі бір суреттер елестеді.
«Тап жігіт сияқты!.. Нұрмағамбеттің Әшкені!» — деді ішінен.
Айша кішкене киіз үйдің ағаш есігінің тиегін ағытып үйге кіргенде, үйдің бір жағындағы шымылдық ішінде жатқан жас әйел оянып, шымылдықтың шетін қайырып:
— Бүгім ең?.. — деді.
Айша үйдің екінші жағындағы бастарын керегеге қаратып і .пар жатқан екі-үш кісіге қарап тұрды. Үйден ескі балшықтың исі тәрізді сасықтау жер иісі шығып тұр екен.
Сапарғали деген жігіт осында ма?.. — деді Айша.
Осында. Сен кімі едің?..
— Мен Сапарғалидың қарындасы едім...
— Құдай-ау, бұ кім-ей?.. Алакөлеңкеде беті анық көрінбейді... Ей, тұршы! — деп жас қатын қасындағы еркегін оятып, өзі жылдам төсегінен ұшып тұра келді. Тез кимешегін басына іле салып, бүрмелеген ұзын етек қызыл көйлегін көлеңдетіп, жалаң аяғына ештеңе кимей жер басып, Айшаның қасына келіп үңіле қарады.
— Қарағым-ау, айналайын-ау, қайдан жүрсің? Жалғызбысың?.. Қайдан келдің?.. Ә-ә?.. Түндік жабық болған соң алакөлеңкеде бетіңді анық көре алмай, танымай қалдым!
— Әй, Сапарғали!.. Сапарғали! Әй, түрегеліңдер! Мына Айша келіп тұр! — деп жас қатын бастырмалай сөйлеп, Айшадан жөн сұрап, үйдегілерді оятты.
Үйдегілер де оянып, жалма-жан абыржып түрегелді.
Жас қатын жүгіріп барып, үйдің түндігін ашты... ортадан биігірек бойлы, жауырынды аққұба жігіт — Сапарғали ояна сала ұйқылы көзімен аңырайып Айшаға қарап:
— Ой, Айшамысың?.. Немене?.. — деп, өңі сұп-сұр болып кетті...
Енді біраздан соң бәрі жайласып, сөйлесіп отырды. Жайласқанмен, бәрі жамырасып Айшадан кезек-кезек әрбір сөзді толықтырып, қайта-кайта сұрасып отырды.
Сапарғалимен қостас болып жатқан, сол үйдегі ағайындас өзге жұмыскерлердің де абыржуы әлі де басыла қойған жоқ еді. Бәрі де Айша мен Әбіл, Әлкей үшеуінің істеріне қатты сүйсініп, делебелері қозып, көтеріліп отырды.
— Бүл Әбіл мен Әлкей қайда қалды екен?.. Қайтып кетті ме екен? — деді Сапарғали.
— Білмеймін, қайтып кетпесе керек еді... Олардың мақсаты мені осында әкеп салып, орнықтырып кету еді. Мені білмей, неге кайтып кетсін олар! Менен адасып, тағы бірдемеге ілігіп қалмаса? — деді Айша.
— Қолға түсіп қалмай ма екеуі!.. — деді Сапарғалимен ағайындас жұмыскер, әлгі жас әйелдің ері, Садуақас деген жігіт.
— Қайдам, аттарымыз мықты деп еді екеуі де, — деді Айша.
— Екеуі енді, Шүленбайдың тобының ішінен ен, жарау, жарамды аттарын тандап мінген шығар? — деді Сапарғали.
— Және екеуі бір он кісіге төтеп беретін шығар! — деді тағы да солармен қостас, ағайындас Арын деген жігіт.
— Әлкей де Шүленбайдың жылқысын бағушы ма еді?.. — деді Садуақас.
— Ия, о да осы күні, бір-екі жылдан бері Шүленбайдың жылқысын бағады ғой!.. — деді Айша.
— Бұлар Шүленбайдың өзге жылқышыларына айтып кетті ме екен?.. — деді Садуақас.
— Айтса, айтқан шығар, әйтеуір, екеуі сол жылқыда жүріп келді ғой! — деді Айша.
— Жарайды енді, олардың бір мәнісі болар... Қолға түссе де Шүленбайдың жылқышыларын Бименде байлап отыра алмас! — деді Сапарғали.
— Ойбай, аттары мықты болса, тағы да бір қырсық болмаса, екеуі оңайшылықпен қолға түседі ғой дейсің бе?.. Әбілдің өзі бір он кісіге алғызбайтын шығар... Онсоң Әлкей де мықты жігіт емес пе! — деді Садуақас.
— Екеуі Айша жөнінен қисық кеткен соң Айшадан адасып қалып, әлі де іздеп жүрген шығар... — деді Сапарғали.
— Ия, ия, солай болуы мүмкін! — деді Садуақас.
— Әйтеуір, жолы оңғарылып, Айшаның аман келгені абұйыр болды... Енді құдай келсе де, Айшаны ала алмайды, не керек!.. — деді Сапарғали.
— Әрине, әрине, енді Айшаны ешкім ала алмайды ғой біздің қолдан! — деді Садуақас.
— Енді өздері де күдер үзген шығар! — деді өзгелер.
Тысқа кіріп-шығып абыржыңқырап шай қайнатып жүрген
Садуақастың әйелі Гүлжаһанның екі құлағы әңгімеде болып, әңгіменің ара-арасында бір соз қосып, бір сұрау сұрап қойып жүрген еді.
— Құдай-ау, бәрінен бұрын Айшаның ерлігін айтсаңдаршы! Ештемеден қорықпай! — деп тамсанды Садуақастың әйелі Гүлжиһан.
— Е, неге қорықсын!.. Азамат емес пе! Шайынды тез қайнат!.. Айшаны енді Борамбайдың баласы түгіл, құдайдың баласы келсе де бермейміз! — деді Садуақас.
— Е, енді неге берейік! — деді арсалақтап Гүлжиһан да.
Менің ойымша, Айшаны бір-екі-үш күнге шейін, біз жұмысқа кеткенде, Сергей мен Ыбырайдың бірінің үйіне апарып қойып жүру керек қой деймін, мұнда да ешкім тие алмас, сонда да сақтық үшін! — деді Сапарғали.
Ия, ия, сол дұрыс болар, бір-екі күнге шейін, — деді Садуақас.
— Мен барып сөйлесіп келейін олармен! — деді Сапарғали.
— Дұрыс!.. Сүйт! — деді Садуақас. Түс ауған кезде, Сапарғалиимен қостас жұмыскер Садуақастың кішкене киіз үйінің белдеуінде екі қылаң ат байлаулы тұрды. Екі қылаң аттың екеуі де тер қатып сүмектеген. Бұл екі қылаң ат, жалпақ бет қара жігіт пен құбаша жігіттің ақсұр аты мен көк биесі еді.
Жалпақ бет қара жігіт дегеніміз Боранбайдың баласына Айшаны жылатып бергізбейміз деген, Шүленбайдың жылқысын баққан, Айшаның Әбіл деген ағасы еді. Ал құбаша жігіт дегеніміз Әбілмен бірге Шүленбайдың жылқысын бағысып жүрген бір кедей ағайындарының Әлкей деген баласы еді. Бұл екеуі түнімен Айшадан адасып, зауыттың тура жөнінен Айшаны іздеп, сонсоң екі бөлініп, таң атқан соң да іздеп, зауытқа екеуі екі бөлек келіп еді.
Енді екеуі Садуақас, Сапарғалидың үйінде шай ішіп, тынығып жатыр. Әбіл, сойыл тиіп іскен, бір-екі жері жарылып қанаған басын орамалмен таңып алған. Орамалдың сыртынан киген тымағын басынан тастамай, қисайып жатыр. Айша да Садуақастың төсегінде, шымылдық ішінде демалып жатыр еді.
Үйде отырған Сапарғали Арынға:
— Мына екі атты ана Жолдыбектің қорасына апарып, шабдар аттың қасына байлап, мықтап бекітіп келші... Суысын! Жолдыбектің қатынына айтып, тапсырып кел тағы да! — деді.
— Жарайды!.. — деп Арын түрегелді.
— Арын, артқы айылдарын ағытқан бойымен қой! — деді Әбіл басын көтеріңкіреп.
— Ия, сүйтіп қой! — деді Сапарғали.
— Немене, басың ауырмай ма, Әбіл! — деді Садуақас.
— Жоқ әшейін, екі түн ұйықтамаған соң, шаршаңқырағаным болмаса, ауыратындай жарақат емес қой! — деді Әбіл.
Қисайып жатқан Әлкей басын көтеріп, ақырын күліп:
— Ол бас одан да зорларды көрген бас қой!.. — деді.
— Құйқасы өгіздің құйқасындай шығар! — деді Сапарғали күліп. Бәрі де күлді.
— Қой, енді демалыңдар азырақ!.. Көздеріңнің шырымын алыңдар, кішкене жантайып! — деді Садуақас.
— Әйтеуір, бәлем, Бименде бай мен Сүлеймен қудың сазайларын берген екенсіңдер!.. Талайға істеген зорлықтарының жазасын бір тарттырған екенсіңдер!.. — деді Садуақас тағы да.
Күн батуға таянып, тау желкесіне мінгенде аттарын суарып, отқа қойды.
Кешке шахтаға жұмысқа дайындалар кезде, зауыттың ортасындағы тас үйлердің біріндегі бір қоралас Сергейдің үйі мен Ыбырай ұстаның үйіне Сапарғали Айшаны апарып отырғызып, жайластырып келді. Сергей Сапарғалимен бірге ере шықты. Екеуі бұл оқиғаны Эдуард деген ағылшын машинешіге айтып, олармен о да бірге ере келді. Ақсұр ат пен көк биені ерттеп, Әбіл мен Әлкей түн қатып кайтуға аттанды. Екеуі де ат үстінде сомдап, нықтап қойған сурет сияқтанып тұрды...
Жолыққанша қош айтысты.
Жұмыс киімдерін киініп Сапарғали, Садуақас, Арын, Ашек және Сергей, Эдуард, Садуақастың келіншегі Гүлжиһан жетеуі аттарына мінген Әбіл мен Әлкейге қарап тұрды. Өзге үйлерден шыққан жұмыскерлердің де кейбіреулері қарап тұрды.
Әбіл мен Әлкейге Садуақас:
— Егерде, енді сендер сөзге тартылып әуреге түсетін болсаңдар, осы зауытқа келіп, мына жұмысқа кіріңдер! Мына екеуі бізге қандай болса да жәрдем береді, — деп Эдуард пен Сергейге қарады.
— Ия, қорықпаңдар!.. Қысым көрсеңдер, осында келіндер! — деді Сергей.
— Біз ешкімнің ештеңесін алмасақ, бізге не қыла қояр дейсің! — деді Әбіл.
— Жоқ, олай-пұлай соз болып қалса деймін, әшейін! — деді Садуақас.
— Әрине, сендер бір бүйрегімізде жатасыңдар ғой, ондай күн болса! — деді Әбіл.
— Ия, соны естеріңе салып тұрмын! Солай ғой Сергей? — деді Садуақас.
— Ия, ия, дұрыс-дұрыс!..
— Қайыр, енді жолыққанша. Қош болыңдар, жолыққанша!.. Айшаны енді оң көздеріңдей күтіп ұстаңдар! — деді Әбіл.
— Айша енді зауытқа, ортамызға келді ғой!.. Қанаттыға қаққызып, тұмсықтыға шоқыттырмаспыз? Енді Айша үшін уайым жемеңдер!.. — деді Садуақас.
— Қайыр, ендеше жолыққанша! — деп екі қылаң атты аттарын ойқастатты.
Сергей мен Эдуард екеуіне сүйсіне қарап тұрды. Әсіресе Эдуард екі қылаң аттыға қатты сүйсінді.
Әбіл мен Әлкей Эдуардқа достық, сүйген шыраймен қарады. Бастарын изеп оған да қазақша: «Қош!..» — деді.
Эдуард жымиып: «Гуд бай», — деді ағылшынша.
Кешкі жұмысқа шақырып, зауыт «шабашы» да ақырып қоя берді. Екі қылаң атты жүріп кетті.
— Әй, Ғайнижамалға сәлем айт! — деді дауыстап, екі қылаң аттыға Гүлжиһан.
1922- 1935 жылдар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі