(повесть)
САРЫ
Жын қуғандай шауып қырға шыға келді. Е, дегенде сағым көтеріп, бойы жүз есе биіктеп, сағым теңізінде қалқыған биік мұнарадай бұлдырап көрінді. Сүйтіп құбылып, біресе көк теңізінде қалқып ұшып келе жатқан бұлдырықша зымырады.
Біраздан соң атты кісі екені білінді.
Бұйраттың ішіндегі ойда сызыла қонған екі-үш ауылдың шеткісінде екі-үш кісі, жынша ойнақтап шыққан атты кісіге қарап тұрды. Ішіндегі үлкені қу жақтау, қыр мұрынды, шоқша қоңыр сақалды Ысқақ деген қараторы кісі иегін, тұмсығын көтере қарап түр еді.
— Ей, мынау поштабай болмаса игі еді, жүрісі шайтан сияқты екен! Тағы да әскерге, Герман соғысына «жәрдем» жинаушы бол¬маса игі еді, түнеугі пристоптың қасындағы қисық қараның жүрісі сияқты екен, япыр-ай осы күйіп тұрған ыстықта мынаның астындағы аттың не жаны келеді екен, ә?! Қай елдің аты екен?.. Япыр-ай, Герман ит екі жылдан бері мұның жынын едәуір-ақ басқан сияқтанып еді, бұл ит қашан құриды енді! — деді Ысқақ.
Таласбек деген орта бойлы, шоқша сақалды, еңкейіңкіреген арық қара шал, ескі кретон көйлегінің сыртына ескі тозған түйе жүн шекпенін жамылып, шұбар тал таяққа сүйеніп, Ысқақтың жанына келіп тұр еді.
— «Әр пәлеге бір зауал» деген, бұған да зауал болар. Ана жылдарда бұл түйеге мұрындық таққызбай, жердегі бұтаны қорып және енді азан шақыртпайтын болды деген сөзі шыққанда, Жапон соғыс қылып, тәңірім жазасын тарттырып, бір басып қойып еді. Енді барлық жақсы жайлаулы кең өлкені, кең өрісті жерлерді, кең суатты көлдерді алғанда — Герман шығып, тәңірім жазасын тағы да тартқызып жатыр... «Әр пәлеге бір зауал» деген осы! Әлі де жазасын берер, мұның! — деді Таласбек.
Ала шәйімен тыстаған көк елтірі тымағының құлақтарын ербитіп, бауын желкесіне қарай тартып байлаған. Атқа мініп шапқанда тымағының құлақтары ербең-ербең етеді. Ескілеу көгебай ләңке шапанының екі етегі тізелерінен жоғары сырылып жалп-жалп етеді. Белін буған қызыл шүберек белбеуі босаңқырап, омырауы ашылған. Шолақ қонышты ескілеу саптама етігінің киіз байпағының жырымдалып тозған қонышы мыжырайып салбыраған. Астындағы ши борбай, сиыр құйыршық торы ала бестінің құлақтарының түбінен, мойын омырауларынан, жаялығынан тер мошнақ-моншақ домалайды. Торы ала бесті қаңбақша ұшып, көздері шатынап, танаулары едірең-едірең етеді.
Бұйраттың ішіндегі Есен өзеніне қарай еңкейген кең алқап өзекте, «Тайжүзген» құдығының басында екі-үш ауыл болып отырған жиырмаға тарта үйге қарай еңкейе құйғытты. Тымағының екі құлағы ербеңдеп шауып келе жатып, аттың екі жағына кезек-кезек еңкейіп, ұзын қамшымен жердегі бірдемені сабап келе жатыр. Қырдағы қараған, тобылғының, көде, бетегенің арасынан ұрған нәрсесі алыстан көрінбейді.
— Ей, мынау поштабай болмады!.. Бұл кім болды екен?.. Есі дұрыс кісі ме өзі? Бірдеме қуып келе жатқан адам ба? — деді тыста тұрған Ысқақтар.
Шынында жын қуғандай құйғытып, ол лезде өзекке келді.
Бір-екі апанның жарынын басында күннің шыжыған ыстығына маужырап, аркасын күнге төсеп отырған ақсары құс, ала бестінің екі жағына кезек-кезек төңкеріліп, жер сабалап келе жатқан ербек тымақтыдан шошып ұша қашты. О да таңырқағандай ала бестіге қарап қалықтап жүрді де, жыннан аулақ кетейін дегендей ойдағы Есен өзеніне қарай ойысып қалықтап аға жөнелді.
Өзектегі татырауынға ала бестілі құйынша жетіп келгенде, семіз арқасын ыстық күнге төсеп, қаперсіз жайылып жатқан сары шұнақ тышқан да шошып, ініне тұра қашып, құйрығын шошаңдата дорбалаңдап, малтыға жүгіріп інінің аузына барып, үріккен тайлақша шапқылап, жер сабалап бара жатқан ала бестіліге қарап шошиып тұра қалып, шақылдап шегінген сияқтанып тұрды.
Өзектің қыраңында жайылып жүрген саулы биелер бастарын көтеріп алып, көздерін тігіп, ала бестіні ырсылдатып жер сабап келе жатқан ербек тымақтыға таңырқай қарап, осқырып іштерін тартысып тұрды.
Құр апандардың жарларында ұйлығып көлеңкелеп жатқан қозылардың кейбіреулері ала бестінің дүрсіліне томсара тігініп, үндемей қарасып қойды.
Құдық басында үстеріне су құйынып жатқан жалаңаш балалар да шуласып қарай қалды.
Ол ала бестіні ентелетіп балалардың арасына кірді. Ала бестіні омыраулатып кейбір балаларға қамшы сілтеді. Балалар жерден қатқан балшық, ұсақтас алып ербек тымақтыға атқылады. Ербек тымақ ала бестіні қамшымен салып жіберіп, балалардан қаша жөнелді. Алабестілі өзекке түсісімен-ақ ауылдағы жұрттың тойға аттарын ұстап дайындап, тыста жүргендері де және желі басында бие сауып жүрген биешілері де оған қарауда еді.
— Ей, мынау, жынды ғой, ей! Мінгені ала. Дәу де болса осы не Әліпберлі жынды, не баяғы қара дуана шығар! — деді желі басында бие сауып жүрген Шалабай құлын ұстап жүрген Аманға қарап.
— Қой, екеуі де емес! Әліпберлі болса қасында ен болмағанда үш-төрт тазы ит жүрер еді ғой... Ал қара дуана болса, тымақ кимес еді. Және оның аты қара алады, ал мынау қара ала емес, торы ала, — деді Аман.
— Рас, қара дуананың аты қара ала еді, — деді Шалабай күліп. Аман қара құлынды қара биеге салып тұрып:
— Коп жындының бірі де! — деді.
— Әй, мынау Болдыбектің Сарысы!.. Әні, астындағы соның торы аласы! — деді Шалабай.
— Әй!.. Қойшы-ай! Я, я. Рас, сол ит сияқты!.. Бәсе, сондай бір делқұлы ғой деп едім! — деді Аман.
— Я, сол жындының өзі! Ол шикіл сары ғой, көзінің айналасы боз шұбар биенің көзіндей. Ондай көз ыстық күні дәл осындай түс кезінде ештемені көрмей, есуас болып кетеді! — деді Шалабай күліп. Аман да күлді.
— Рас шығар, иттің көзі жапалақтың көзіндей ғой! — деді.
Әлі де шеткі ауылда қарап тұрған адамдардың ішіндегі Ысқақ
көзін жапалақ татып тамсанды.
— Әй, мынау әлгі Тұрмағамбеттің жындысы ғой деймін!.. Бірақ астындағысы ала. Ол қуға мұндай ала жылқы қайдан бітіпті? — деді.
— Уа, Болдыбектің Сарысы екен! Болдыбектің Сарысы, соның торы ала дөнені, — деді Оразалы деген жігіт.
- Ә-ә, не дейді, ей? Болдыбектің Сарысы деймісің?.. Тоба, тоба!.. Болар, болар! 0, құдай-ай, мың айдаған Жәкен мен Ысқақтың балалары, Саңырық пен Қунақ балалары неғып кісі өлтірмей жүр екен! — деді Ысқақ. Ала бестілі балалардан қашқан бойымен дүрсілдете шауып ауылға жетіп келді.
— Е, мына атты ұстай бер!.. Нағып тұрсың, ұстасайшы! Мына атты, — деді үй жанында қарап тұрған Оразалыға.
Соны айта сала ала бестіден секіріп түсті. Ала бесті терге шомған. Алқынып, танаулары делдиіп, бар денесімен дем алады. Ала бестінің шылбырынан ұстап келіп ыржақтап:
— Ей, Маусымбек әкең келгенде мына атын неге ұстамайсың? — деді Оразалыға.
Оразалының әлдеқашан өлген әкесінің есімі Маусымбек еді. Әкесінің есімін мазақтап қозғағанда ол шамданып қалды.
— Сен өзің әкең Болдыбекке мынаны... — деп Оразалы қолын көрсетті.
— Ой, тұқымыңды ұрайын! — деп Сары Оразалыға қамшысын көтеріп үйіре оқталып ұмтылды. Екеуі алыса түсті. Апыр-топыр алысып жұлқысып жүр. Сары үйірмек болып еді, Оразалы «Көйлегімді жыртасың! Көйлегімді жыртасың!» — деп Сарының белінен құшақтай алды. Екеуі тіресіп ырғасып тұрып, жерге дүрс ете қалып, екеуі екі жерге түсті. Оразалы едәуір қарулы, денесі мықты жігіт еді. Тағы да жалма-жан тұра алысты. Тағы да шалысып ырғасып, қайқайып барып түсті. Оразалыны астына салып, Сары үстіне атша мініп отырды.
Сары Бектікіне кіріп, қымыз ішіп отырғанда ауыл адамдары Сарының ауылға жын қуғандай шауып келгенін сықақ қылып отырды.
— Құдды пристоптың поштабайы! Түнеугі пристоптың қасындағы жынды қара сияқты. Тағы сол ит екен деп жаным түршігіп еді! — деді Ысқақ.
— Анау күні Үшқоңыр Ырысбектің аулын поштабай болып қорқытқам ғой! — деп Сары алқа-салқа болып, мардамсығандай қозғалып күлді.
Үйде отырған жұрттың да бірсыпырасы күлісті.
— Уай, қалай қорықты? Қалай қорқыттың? — деді Бекеттің үлкен баласы Біләл мен Ысқақ.
— А-һа-һа!.. Омырауымды белбеумен шандып-шандып алдым да, бір жұртта жатқан алақандай сарғылт қаңылтырды омырауыма байлап алдым. Сүйтіп атты борбайлап, Ырысбектің аулына шауып келдім. Ырысбек өзі үйінен шыға келді.
— Бәкір ЬІрысбеков қайда? Атаң аузын ұрайын ат қайда? — дедім ат үстінде тұрып зекіп. Ырысбек сақау ғой.
— «Тақси бәки жоқ. Тақси түсіп қымыз ішіңіз! — деп сасқалақтап қалды.
Сол арада Ырысбектің інісі, Ахмедияның бір баласы үйінен шыға келіп, мені танып қалғаны.
— Міне, қызық! — деп күлді.
Үйдегілердің бәрі де шуылдасып күлісті.
— Тоба!.. Тоба! — деді Ысқақ.
— Уай, сонан соң, танып қалған соң не деді Ырысекең саған? Ит-ау, өзіңді ұстап алып, байлап қойып сабаса қайтесің? — деді Біләл.
— Ырысекең әулие кісі ғой. Не деуші еді: «Әй, құдай-әй, мынау қу қылжақ қылады ғой!» — деп үйіне кіріп есігін жауып қойды, — деді ыржақтай күлген Сары.
— Бұл итті танымайтын ел орыс дейтін шығар. Құтты орыс қой! Шіп-шикіл сары. Көзі шеп-шегір,тұздай!.. Ана жылғы Мәселей тілмаштың көзіндей көзі, — деді Біләл күліп.
— Уай, Сары, осы сен жерді неге сабалап келдім дейсің, соны айтшы? — деді Ысқақ.
Сары жалтаңдап ыржақтап күлді.
— Жерді біраз сабағым келіп еді, — деді. Жұрт ду күлді.
— Тоба! Тоба!.. Ей, бүл жынды Сарыларың балуан екен өзі, ана Оразалыны екі айналдыруға келтірген жоқ! — деді Ысқақ.
— А, сүйтті ме? Оразалыны шын жығып кетті ме?.. Ендеше мына тойда күресіп, бұл бізге бәйге әпереді екен ғой! — деді Біләл.
— Ей, осы жынды Сарыдан сен шынымен жығылып қалдың ба? — деді Оразалыға Мұздыбек деген жігіт.
— Жо-оқ! Жынды неме киімімді жыртатын болған соң күреспедім! — деді Оразалы.
— Бәйгіге түйе тіксе көреміз! — деді Сары. Жұрт күлді.
— Уай, түйе тікпесе сен күреспейсің бе? — деді Ысқақ.
— Е, түйе тікпесе не қылайын Шабданбектің тойын: түйе тікпесе ана Оразалыны күрестіру керек! — деді.
— Е, сенен жығылып қалған кісі не деп бәйгеге түседі? — деді Ысқақ.
— Е, менен жығылмай қайтсын ол!.. Менен жығылғанмен өзге елдің олай-пұлай жігіттерін жығады ғой ол! — деді Сары.
Қа-қа-қа-қа! ha-ha-ha-ha!..
Ой мына неме не дейді?..
Үйде отырғандар дуылдасып күлісті.
Сары орта бойлы, жалпақ денелеу, сақал-мұртсыз, дөңгелек қыржық бет, ақ қабақтау сары жігіт. Онша өсіңкіремеген бір атаның кедейінің баласы. Бірнеше жыл жалшыға да жүрген. Сонсоң ылғи «ат үстінде» жүретін болып алған. Олай дегеніміз кейде иір ауқатты мырзалау үйдің «мырзасына» «жолдас» жанама жігіт бола салады... Кейде барымта, ұрлыққа да барып келеді...
Бектікінен қымыз ішіп, омырауының түймелерін ағытып, терін сүртіп, тағы да қымыз ішуге, үй жағалауға тысқа шықты. Бектікінен торыала аяқпен ішкен біріңді қымыз оны қанағаттандырмады.
Мұқадия дегеннің қатыны бір үйден бір тегеш алып шығып, өз үйіне кетіп бара жатты.
— Ей, қатын! Ей, даярлай бер! Даярлай бер тегешіңді жуып! — деді Сары ыржақтап.
— Адыра қал, Сары ит, — деді қатын.
Қатынның тілі шолжаңдау еді. «С» деген дыбысты «Щ» қылып айтатын еді. Қатын, «сары ит» деген сөзді «шары ит!» — деді.
Сары қатынның тілін мазақтап о да:
«Шары ит!» — деді күліп.
ТАЙЖҮЗГЕНДЕ
Биенің бас сауынын сауып алған кезде «Тайжүзген» құдығының басындағы үш ауылдың атқамінер кәрі-жасы, қатын-қыздарының аттары ерттеліп болды. Қымызы бар үйлерде қымыз ішіп үлкендер асықпай отыр. Асығыңқырап қимылдап жүрген қыз-бозбалалар. Байлау адамның балалары сәнді киімдерін киіп, жақсы аттарын ұстап, күмістеген ер-тоқымдарын ерттеген. Кедейдің балалары олардың тәуір киімдеріне, аттарына, ат-тұрмандарына қызыға қарап, өздерінін барын киіскен. Қатындардың да байлары байша,кедейлері кедейше бар тәуір деген киімдерін киіп, бәрі де абыржуда.
Күн ыстық. Жылқылар желі басында шыбындап, шаптары тершіп, бірі-біріне тығылып, үймелесіп түр. Тек бірен-сарандары ғана желі сыртында жайылып жүр. Биешілер арпалысып сауған биелердің сүтін ауылға алып келе жатыр. Биелері бар ауқаттылау үйлердің биелерін сауып сүтін әкеле жатқан жігіттер көнектерін, шелектерін қолдасып ырғала басып келді. Өздерінің бірді-екілі биелерін сауып, сүтін әкеле жатқан кедейлердің қатын-балалары сыңар ыдыспен елбеңдеп жеңіл қайтып келеді.
Бәрі де күнге күйген. Кейбіреулерінің денелері қап-қара жалаңаш, тек бұттарында ғана шалбарлары бар. Кейбіреулерінің шалбарлары жүнін сыртына айналдырған қырықпа тері. Жантайдың малайы Шалабай бие сүтін қолдасып алып келе жатып, ұзын сида денесіне қоңылтақ киген шекпенінің жеңімен маңдайының терін сүртті.
— Енеңді ұрайын, ана Болдыбектің жынды Сарысы құрлы болмадың-ау!.. Ол енді қазір бұлғаңдап тойға барады ғой! — деді.
— Е, ол делқұлы итке тойдан не тиер дейсің!.. Етті мына біз жерміз Жантақандармен еріп барып! — деді Аман.
Аман Жантайдың қойшысы, бір кедейдің баласы еді.
— Ей, рас, етті көп қып ала кел! Жантайларға етті көп қып тартады ғой! Енеңді ұрайын, екі күн жинаған қымызды әкетейін деп отырсыңдар! — деді Шалабай.
Күннің ыстықтығы сондай ауыл қасында жатқан қозылар ыстықтап құрғақ апандардың және өзек жарларының көлеңкелеріне таласып, пысынап үймелейді. Кейбір қозылар ұйлығып, бір-бірінің алқымына бастарын тығып солықтап жүр. Кейбіреулері көлеңкеде тығылып жатыр. Қара мал өріске төмендегі Есен өзенінің өлкесіне кеткен. Желі сыртында жайылып жүрген бірен-саран биелерден басқа далада қыбырлап жүрген жан жоқ. Жалғыз-ақ ауылдың күншығыс жағында ойда, өзен жақтағы сортаңда сағыммен бұлдырап төрт-бес түйе жүр. Сағыммен бұлдыраған түйелер көкте аспанда жүзіп арбиып бұлдыраған көлеңкелер сияқты. Немесе алыстан сағыммен көтеріліп, қалқыған теңізде жүзіп жүрген кемелер сияқты.
Маңай адыры аласа бұйрат. Адырларға, бұйраттарға, сарайларға шыққан биік қараған, тобылғы, қалың көде, бетеге шілденің ыстығынан қуаңдап, бурыл тартыңқыраған. Ертелі-кешке аспанға шығып, мың құбылтып сайрайтын бозторғайдың да қазір үні естілмейді. Талтайған тал түс кезінде айқайласаң да үнің шықпас еді.
Тойға бірсыпыра ел шақырылған. «Тайжүзгеннің» басындағы Сәттібек ұрпағының ауылдары сол тойға үш-төрт күннен бері дайындалуда еді. Бұл өңірдегі елдердің түп атасы бір болғанмен, бергі аталарынан тарам-тарам өскен бөлшек-бөлшек ауылдары көп.
Сәттібек ұрпағы алты-жеті ауыл еді. Сол алты-жеті ауылдың Тайжүзгеннің» басындағыларынан басқалары, үш-төрт шақырым жердегі белдің астындағы «Сәттібай құдығының» басында. Сол жерде отырған Сәттібектің ортаншы баласының немересі Сәлмсн деген пысықтау жігіт Шабданбек деген байсымақтың кіші тоқал шешесінен туған қарындасын алайын деп жатыр.
Сол тойға дайындалып үш-төрт күннен бері «Тайжүзген» де ат байлап, құнан жаратып, қымыз жиюда еді.
ТОЙШЫЛАР
Міне, енді «Тайжүзгеннің» басындағы төрт ауылдан тойшылар топ-топ болып үздікті-создықты жөнелді. Алдыңғы топ үлкендер — Сәттібектің ұрпағы: Жантайбектің үлкен баласы Біләл, Лизбек және олардың ауылдас ағайындары, банағы Ысқақ, бағнағы Таласбек, Ыдырыс және екі-үш ақсақалдар, ауыл кісілері.
Атқа жеккен екі арбада орталау екі қара саба толы қымыз кетіп барады. Ырғалған қара сабалардың піспектері әдейі үкіленген. Шайқалған қымыздың иісі көш жерден мұрынға келеді.
Кейбіреулерінің аттарында міңгескен балалар кетіп барады. Бара алмай қалған кейбір балалар жылап қалып жатыр.
Екінші топ — арбалы және көп салт атты қыз-қатындар.
— Әй, бұзау жамырап кетпесін, бұзау, бұзау!.. — деген дауыс шығады. Бастарындағы ақ жаулықтары ақ шағаладай болып қатындар кетіп барады. Тақияларының үкілері даланын селеуіндей үлпілдеп қыздар кетіп барады.
Үшінші топ — жас жігіттер.
Бұлардың бәрі біркелкі. Алды жиырманың ішінде, арты он алты, он жеті, он сегіз, он тоғыздағы қыршын көгілдірлер. Бәрінің-ақ аттары жарау. Жарау аттары топты көрген соң елеңдеңкіреп және шыбыннан да қағынып, ұрынып, тігіне басып келді. Жастар аттарын тежеп, самбырлап, дуылдасып келеді, күлісіп сөйлесіп келеді. Бұлар жиырмаға таяу. Және қастарында екі бәйгі құнанға мінген екі бала келді. Екі бәйгі құнан бір жақ шеттерінде, екеуінің де құйрықтары түйілген, кекілдері, айдарлары өрілген, үкіленген.
Жігіттер ыстықтан, қымыздан және киініп атқа мінгендіктен пысынап терлеген.
Ортадағы Аязбек дегеннің баласы Айшуақ. Жаңа шығып келе жатқан қою қырбық қара мұртты. Қыр мұрынды, шүңіректеу қара көзді, қараторы жігіт. Сәттібектің өзге балаларынан Айшуақтың үйі кедей, бірақ кедей болса да әкесі де, Айшуақ та біреудің кемсіткенін өте кек көреді. Әсіресе Айшуақ кедейлік ретінен біреуді кемсіткенін көрсе у жегендей болады. Сондықтан Айшуақ жәбір қылғаннан кек алуға талпынып әрекеттенетін еді.
Оқу іздеп те әркіммен ілесіп кетіп, әр жерге барып оқып та келді. Және кітап, газеттер тауып алып, сатып алып оқып жүреді. Сүйтіп жүріп-тұрып, жұрттың аузына іліге бастаған жігіт. Астындағы әдемі көк ат нағашысынан алатын жүйрік көк биенің баласы. Жүзіктің көзінен еткендей сұлу мал. Көк ат аяқтарын шірей басып, лепіріңкіреп жүруге сұранып, анда-санда басын тұқыртып, мойнын әсемдеп ырғап қояды. Айшуақ атына тай күнінен «Көк мысық» деп есім қойған. Айшуақтың басындағы ақ елтірі бөркінің самайынан ақырын жылымдап тер ағып қояды. Үстіндегі қоңыр шапаны ыстық сауыт сияқты пысынатып келеді. «Көк мысықтың» тізгінін тежеңкіреп ұстап, үзеңгі бауын сықырлатып саптама етікті аяғын шіреп қояды.
Оң жағында келе жатқан қаракөк бестілі, қара күпілі, — о да ақ елтірі бөрікті, қара мұртты, шойындай қара жігіт Айтжан. Айшуақтың аталас ағайыны. Саяқ жылқыдай айрылмай бірге жүретін Айшуақтың өте жақын досы. Оның ар жағындағы сақал-мұрты шықпаған жалпақ бет сүр жігіт Айшуақпен немере-шөбере Жантайдың баласы Мұса. Басындағы пұшпақ бөркін түре киіп, жаңа істеткен қара шапанның белін қынап, астындағы құла торы атты соқтықтырмай жүргізіп келеді.
Айшуақтың бергі жағындағы еңкек жиренге мініп келе жатқан, ескілеу ләңке шапанның омырауынан қара бешпетінің қара ала күміс түймесі жалтырап келе жатқан қоңыр елтірі бөрікті қызылшырайлы аққұба жігіт — Мұздыбек. Бұл — Айшуақтардың көршілес ауылдасы. Оның бергі жағындағы ұзын қара атқа мініп состиып келе жатқан, кішкентай елтірі тымақты, күрең шапанды аққұба қызылшырайлы жігіт Айшуақпен шөбере, Бектің кіші баласы Әли деген жігіт.
Бұлардың көбі ішінен мен мықтымын дейтіндер, немесе мықты боламын дейтіндер.
Және булардың кейбіреуі өздерінін, аттарын да жүйрік деп ойлайды. Немесе жүйрік қылуға тырысады. Ылғи баптайды. Реті келген жерде жарысқа салады.Шынында бұлардың, бірсыпырасы қуатты, қайратты екені де рас, Мықты балуан екені де рас. Ана Бектің кіші баласы Әлидің ар жағында келе жатқан Айшуақпен аталас Тәжен деген жігіт оның ағасы Ысмағамбет топқа күреске түсіп бәйге де алып жүр. Ал Айшуақтың «Көк мысығы» бақытына жаратылғандай болып жүргені де рас. «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» дейді қазақ. Бірақ талай жылқылы байлардың аттарында Айшуақтың «Көк мысығындай» ат білінбей жүр. Солардың талайы «Көк мысықты» қолқалап ала алмай қойды. Солардың он атына Айшуақ бір
«Көк мысығын» бермес еді...
Тойшылардың алдыңғы топтары үздікті-создықты шұбалып қырдан асып кетіп еді. Енді сол қырдан бері қарай торы ала бестіні безектетіп Сары шауып шыға келді. Іле оны қуалап біреу шыға келді. Атының күміс жүген, күміс өмілдірігі күнмен шағылысып жарқылдайды. Сары қоянша бұлтақтап, жалтара қашты.
— Ой, мынау әлгі Сары ит пе?.. Әй, мынау Сары ғой! Ей, бүл ит ілгері топтармен бірге кетіп пе еді. Ана қуып жүргені кім?.. Өй, Шамшия ғой! Өй, Құдай атқырлардың осынша аттарын қинағаны несі? — десті жігіттер.
— Айғырды бүлдіреді-ау, ана иттің қызы! — деді Әли.
Шамшия қыз-қатындармен тойға кетіп барады.
Шатқанбектің қызы, Әлінің қарындасы еді. Астындағы кер
айғырмен Сарының торы ала бестісінің адымын аштырмай, торы ала бестіні тыраңдатып, көжек қуған жүйрік тазыша ұстады. Екеуі ат үстінде қатарласып шапқан бойымен жұлқысып алысты. Аударысты. Ілезде торы ала бестіні тәлтіректетіп кер айғырлы қыз еркін қимылдап, Сарыны торы ала бестінің мойнына қарай еңсерді. Екеуіне қарап келе жатқан жігіттер шуласып күлісті.
— Ойбай, ана итті Шамшия аударып барады!.. Шамшия аударып барады!
— Ай-ай, Шамшия!.. Аударып кет! Аударып кет! Е, е е, — дегенше Сарыны Шамшия ерінен қопарып еңсерген бойымен торы ала бестінің мойнынан асырып жұлып тастап кетті. Сары тоң қалаң асып құлап қалды. Торы ала бесті ойнап шыға келді.
Қарап келе жатқан жігіттер қыран күлкі болды.
— Уай, Болдыбек, Болдыбек!.. Делқұл! Делқұл!..
— Ха-ха-ха!.. Уа! Ха-ха-ха-ха!..
— Ей, көкпарға шабатын аттар мен ана құнандардан басқамыз, ананың аласын қуып әкетейік! Анау ит біраз жаяуласын! — деді көзі шатынап Тәжен.
— Ал, кел! — деді бірсыпырасы. Айшуақ:
— Қойындар, не керек, — деді.
Бірақ үйдегеніне қарамай жігіттердің көбі айқай салып, лап берді. Сары да ала бестіге қарай жүгірді. Бірақ ол тырбаңдап жүгіргенде, шылбырын шұбатып қойқаңдап бара жатқан торы ала бестіні қиқулап шапқан жігіттер қуып алды да кетті.
Екі бәйге құнанмен Айшуақ және Айтжан ғана шаппай қалды. Екеуінің де аты еліге ұмтылып, ойқастап келеді.
— Шабданбек бұл тойын әнеугі Омарқанның тойынан асырар, — деді Айшуақ.
— Ақ майды ағызып жіберсе көреміз ғой! — деді келемеждеңкіреп Айтжан.
Екеуі де күлді.
ТОЙ ҚЫЛҒАН АУЫЛДА
Шабданбек аулы байсымақ ауыл. Қасында төрт-бес ауыл жақын ағайындар отырады. Сол бес-алты ауыл қатарласа қонған. Шабданбектің өз аулы ортада.
Анау, жанында көкала түтін будақтап аспанға шалқып жатқан шаңқан үлкен ақ үй Шабданбектікі. Анау, түтіні будақтаған жердегі сағыммен бұлдырап асығып қыбырлаған адамдар, анау ауыл үстінде, ауыл арасында атты, жаяу қыбырласып, жүгірісіп жүргендер — соның ауыл адамдары. Анау, ауылдың сыртындағы желі басындағы топ жылқы Шабданбектікі. Анау, жан-жақтан топ-топ болып, алыстағылары сағыммен бұлдырап, көкпеңбек көк аспанмен шендескен сағым теңіздей биіктеп, жақындағылары жерде бұлдырап, ағытылып келе жатқандар — тойшылар. Анау, ауылға таянған топқа ауылдан қарсы шыққан аттылар тойдың даяшылары.
«Тайжүзгеннің» тойшылары той қылған ауылға таянғанда алдарынан даяшылар шықты.
Үлкен еркектерді бір үйге алып жөнелді. Қатындардың үлкендерін Шабданбектің өз үйіне қарай алып жөнелді. Қыз-келіншектер күйеу отырған үйге қарай жөнелді.
Айшуақтарға да даяшы екі кісі келді. Біреуі қырқылжың қара сақал, астында қара жорға ат, үстінде желбегей салған жаңа қара і .иен шапан, басында көк барқытпен тыстаған пұшпақ бөрік, қолында бұлғаңдаған жіңішке ақ сабау. Күміс үзеңгідегі сұр шалбарлы әмірқан мәсі байпақты аяғын шіреніп қояды. Екіншісі бір жуастау жігіт. Ол сұрғылт киімді, жабайы тұрманды.
Екеуі қарсы келіп, көлденеңдеп кес-кестей берді.
— Ассалаумағаликүм! Ассалаумағаликүм! Салаумағалейкүм!
— Уағалайкүмассалам! Әликүмүссәлем!
— Е-е, құдалар амансыздар ма? Тойларыңыз тойға ұлассын! Тойларыңыз құтты болсын! — десті.
— Айтқандарыңыз келсін!.. Айтқандарыңыз келсін. Мал-жан аман ба? Мал-жан аман ба? — Даяшылар кес-кестеп бұрылып жігіттермен қатарласып жүрді.
— Кәне, бөлек үйге түсесіңдер ғой, Айшуақ! — деді қара жорға атты. Сабауын әсемдей ырғап астындағы қара жорға атты жайқыңдатып айдап қойды.
— Өздеріңіз білесіздер де! Біз қонақпыз ғой! — деп жымиды Айшуақ. Даяшы қасындағы жігітке:
— Ей, бар, Бәкеннің отауын даярлата бер! — деді. Қасындағы торы бестілі жігіт желе шоқытып жөнелді.
Даяшы жігіттерге қарап қалжыңдады.
— Сабаларың жоқ қой? — деді.
Айшуақ:
— Саба жоқ! — деді.
Айтжан күліп, қалжыңдап:
— «Сый қылсаң сыпыра қыл» дегендей, ет беретін ауыл қымыз да берер деп келеміз! — деді.
— Бізге Шабданбектің сабасын әкеп орнатыңдар, — деді Тәжен.
Даяшы:
— Жұрттың әдеті бар ғой! Біз әйтеуір барымызды аямаспыз! — деді күле сөйлеп.
— Е, артық саба не керек! Қымызға әр қайсымыздың сабамыз толық! — деді күліп Мырзабек.
Даяшы да күлді.
— Әйтеуір той өздеріңіздікі ғой! — деді.'
— Қазы мен қартаңды үйе бер, — деді Тәжен күліп.
Бәкен отауының сыртына келген соң, даяшы аттың басын тартты:
— Кәне, осы араға аттан түсе қалыңыздар, — деді.
Үйден шыққан ауыл жігіттеріне:
— Ей, таза ма үй іші?.. Мына кісілерді енгізіп, кызмет қылыңдар! — деді.
Астындағы қара жорға ат ойқастап, басын шұлғып тастап түр. Жігіттер иіріле түсіп аттарын байластырып жатыр.
— Мен енді ас жабдықтарын дайындайтын жерге барайын. Өздеріңіз кіріп отыра берерсіздер. Әйтеуір сын тағатын кісілер емессіңдер ғой! Өз тойларың ғой! — деді даяшы тағы да.
Тойшы жігіттер:
— Әрине, о не дегенің, Рахымбек! — десті.
ТАЙЖҮЗГЕН ЖACTАРЫ
БӘКЕННІҢ ОТАУЫНДА
Бәкеннің отауын тазалап, киіз, сырмақ, текеметтерін төсеген, төрге үлкен қоңыр ала кілем төсеп, оның, үстіне ескілеу, кірлеу бір-екі ләңке көрпе төсеген. Айшуақтар кіріп шешініп жатыр.
Көбі бөріктерін және жаз киетін жеңіл тымақтарын алып, терлерін сүртіп отыр. Шешініп, желпініп, терлерін сүрткенде майлы тер, майлы кірдің ластау қою иісі мүңкіп кетті.
Айтжан үстіндегі тер сіңген ескілеу түйе жүнді ауыр қара күпісін шешіп желпінді. Арқасынан қап-қара болып майлы кірлі тері сыртына шыққан қоңыр пешпентінің түймелерін ағытып желпінді; термен жиектері су болған ақ елтірі тақиясын алып маңдай терін, самайынан, желкесінен аққан ащы терін кірлеу, нашарлау қолжаулықпен сүртіп отырды.
Желпініп, терлерін сүртіп отырған Айшуаққа қарап салмақты түспен: . — Бүгін күн жылы екен! — деді.
Айшуақ күліп:
— Иә, күн жылы, — деді.
Кешікпей абыржып екі жігіт, бір келіншек, бір бала самауыр мен шай жабдығын алып кірді. Олар тойшы жігіттермен амандасып, жылдам шайларын жасады. Тойшы жігіттер дөңгеленіп отырды. Дастарқанда ерік, мейіз, бауырсақ, шағылған қант сиректеу шашылып бытырап жатыр. Келіншек қызыл ала шыныаяқтарды сылдырлатып шайды құйып бере бастады.
ТОЙ ҚЫЛҒАН АУЫЛДА
Күннің ыстықтығы ауыл үстінде тіпті қатты шыжып тұрған сияқты. Шабданбектің ағайындары мен бес ауылының бәрі де әбігер. Бар еркегі ат үстінде, жаратып жақсы аттарын мінген. Барын киген. Адамдарының еңселері көтеріңкі, жайшылықтағыдан бет шырайларының, түрлері, қимылдары, жүріс-тұрыстары өзгешелеу. Біреулері ызбарлы, біреулері көтеріңкілеу, біреулері әбігер, біреулері бәрін өзі істеп жүргендей.
Ауыл үсті айқай-ұйқай, шаң-шұң, тасыр-дүсір. Келген кісілердің алдарынан шығу, күтіп алу, жабдықтарын даярлау.
Күміспен айшықтаған ертоқым ерттеген сұлу қаракөк атқа мініп, Шабданбектің өзі де жүр. Басына түлкінің қара қасқа пұшпағынан істетіп, қоңыр жібек барқытпен тысталған бөркін алшысынан киген. Қара ала жібек патсайымен әдіптеткен судыраған көгебей шапанды үстіне желбегей киген. Оның ішінде қара ала домалақ күміс түймелермен сәндеп түймелеген қара шұға бешпет. Бұтында, балағын сыртына салып төгілдіріп киген қара шалбар. Күміс үзеңгіге салып шіренген аяғындағы әмірқан мәсі-кебіс жалт-жұлт етеді.
Шабданбектің екі інісінің бірі туған інісі, екіншісі кіші тоқал шешесінен туған інісі — әдемі киініп екі жақсы атын жай қандатып мінген. Сол той қылған бес ауылдың пысық атқамінер үлкені Тәшібай да бүгін тәуір киініп, тәуір атқа мінген. Бірақ ол торы төбел атты ерттетіп қойып, өзі шетке тіккен үйден шықпайды. Табақ жасаушылардың бастығы. Жайшылықта Тәшібай өзінің шабдар байталына мініп, қоңыр шапанды желбегей салып, ұйпалақтау қоңыр сақалы тырбиып үш тарам болып екі жақ шықшытына, иегіне үш бөліп делдитіп жүре беретін еді. Бүгін о да жұртқа сәнденіп көрінбек болған тәрізді. Шабданбектің пысықтау ағайынының бірі, манағы Айшуақтарға даяшы болған Рахымбек. Ол да сәндене киініп, ақ сабауды бұлғаңдатып, қара жорға атты теңселтіп жүр.
Тойдың барлық шаруасын және ет жағын, табақ жасау жағын басқаратын Тәшібай. Шабданбек тек етке тіккен үйге кіріп-шығып, Тәшібаймен және басқаларымен ақылдасып кетіп жүр. Қаракөк атпен сылаңдатып, Шабданбек етке тіккен үйдің жанына келді. Жайырақ дауыстап:
— Тәше! — деді.
Тәшібай піскен еттерді мүшелеп жатып, даңғазамен естімеді.
— Тәше! Тәше! — деп қаттырақ дауыстады Шабданбек.
— Е, о кім?.. Шабданбек пе? — деп Тәшібай екі жақ шықшыты мен иегіне үш бөліне шыққан сақалдары тырбиып, делдиіп тысқа шықты.
— Сағиттар да келіп түсті... Табағы өзінің қатарынан олқы болып жүрмесін!.. Адамдары көп. Және мініп келген аттары ылғи ірі көрінеді! — деді ақырындау дауыспен Шабданбек.
Тәшібай Шабданбектің сезіне түсіне қалды да, түсін суытып, қабағын түйді.
— Ым-м... Табақтары олқы болмас... Бірақ әйткенмен бейқам болмау керек... Тайжүзгендегі Сәттекеңе қараған ауылдардың адамдары түгел келді ме екен? — деді күбірлеңкіреп.
— Олар түгел келгенге ұқсайды... Жантайға кіріп шықтым!.. Жастары бір бөлек түсті. Алдарынан әдейі Рахымбекті шығарған едім, — деді Шабданбек.
— Ендеше олардың жастарымен де амандасып шығу керек. Әлгі балалар да кіріп амандасып шықсын... келген ауылдардың барлығының да жастарымен жастар, балалар амандасып, ойнап, іштеріне кірсін. Жұрт көбінесе соған риза болады ғой, — деді Тәшібай. — Және Жексембай ауылдарының адамдары қалай?.. Исатай, Жайлаубектер қалай көрінеді? — деді.
— Жаман емес, олардың алдарынан өзім шықтым... Исатай, Жайлаубектер отауда отыр, тілмаштарымен. Орталарында Жексембай үйінің «Қара көлі!» — деді Шабданбек күлімсіреп.
Тәшібай ішінен: «ЬІм-м, барып амандасқан болып от қымыздан ішіп шығу керек екен!» — деді.
Дыбыстап:
— Ым-м! Тілмашыныңда келгені тәуір болған екен!.. Жұмандар келді ме? — деді.
— Жұмандар келді.
— Шуылдақтар ше?
Шабданбек түстік жаққа бұрылып қарады:
— Шуылдақтар ана бұлдырап келе жатқан топтар ғой деймін!
— Қаралақ пен Тораңғылар неше үйде?
— Қаралақ пен Тораңғы екі үйге түсті.
— Менің ойымша, осындайда етке тоймаса бүлдіріп кететін ел Шуылдақтар болуы мүмкін! — деді Тәшібай. Шабданбек сары мойнақ қамшымен атынын омырауына ақырынырақ нұқып қойып:
Өй, құдай-ай, тойға келетін Шуылдақтың мына жердегі бір бөлегі ғой! Көн шалбарын қаудырлатып жүрген сыңар айылды Шуылдақтар не қылушы еді. Он есе көп болса да тырп етсе дал-дұлын шығарар едік! — деді.
— Олай деме. Мерекені абыройлы қылып еткізу үшін мұндайда бетегеден биік, көдеден аласа болу керек. Етті мүшелеп жөндеген соң мен де атқа мініп, келген басты-басты адамдармен амандасып, көрісіп шығармын! — деді Тәшібай.
АҒАЙЫН АРАСЫНДА
Сағиттар мен Сәттібек ауылдарының адамдары тіпті жақын ағайындар. Бірақ екі ағайын астыртын бірін-бірі күндеп, жерге, суға таласып, ауылнайлық билікке таласып, қағысып, ұрсысып, жауласыңқырап жүретін еді. Жауласпай ағайын болып жүргендерінде де біріне-бірі сырттары жылтырап сыйласқан болып жүрсе де, көкіректерінің бір түкпірінде дұшпандық оты ақырын жымыңдап бықси беретін еді.
Ал бұл елдердің бәрінің түбі бір болса да, Шабданбектің аталарына қараған бес-алты ауылдың ата тегі басқарақ. Және өздері онша өспеген атаның балалары.
Осы елдің арғы бабаларының бір інілері жас күнінде «Ақтабан шұбырынды», «жаугершілік» заманында елін жау шауып кеткенде қашып, алыстағы бөтен елдегі бір апасына барып, соның қолында тұрыпты. Сонан соң, ел жайласыңқырап, күштерін жиған кезде әлгі апасы: «мен бауырымды бөтен елде қаңғырған кірме дегізбеймін» деп інілерін ертіп, жалғыз үй көшіп, осы өз елінің мекен қылған жеріне келген екен. Міне, бүл Шабданбекке қараған бес-алты ауыл сол апайдың ұрпағы. Елдің қариялары бұлар құрметтеп, «жақсы апамыздың балалары, бөтендігі жоқ, жиендеріміз!» — дейді. Дегенмен бұлар онша өсіңкіремегендіктен бұл елге кірмелеу саналады.
Бұлар, әлгі Сағиттар мен әлгі Сәттібек балаларының ортасында шөре-шөре болып жүретін еді. Бірақ сол шөре-шөре болып жүретін екі ағайынның, бір туысқаны сияқты еді. Ауылнайлыққа, билікке таласқан партияда кейде Сәттібек ауылдары жағына шығып, кейде Сағиттар жағына шығып жүретін еді. Кейіс өздері екі жарылып бірі ана жаққа, екіншісі мына жаққа шығып та кететін еді. Сүйтіп жүріп көбінесе ауылнайлықты алып жүретін еді.
Соңғы екі-үш жылдан бері Шабданбектің аталарына қараған бес-алты ауыл ұйымдарын бұзбай бір жерден сез шығарып, Сәттібек ауылдарына әмпейлес болыңқырап жүретін. Сәттібектің ортаншы баласы Омар балалары кедейлеу болса да, сол Омардың, немересі Сәлме дегенге Шабданбек қарындасын беріп отырғаны да сол сыбайластықты күшейтудің ниеті еді.
Кедейлеу болса да, Сәттібек балаларының ішіндегі ең баласы көбі Омар еді. Омардың өлген қатынынан бес ұлы, кейінгі қатынынан төрт ұлы бар. Ең үлкен ұлының баласы Сәлмен пысықтау жігіт.
— Е, Шабданбек Омардың баласына қалыңмал алмай қыз бергіш болса өзінен туған қызды неге бермейді? Кер тоқалдан туған томарбас қызды бермей не қылсын! — деп кейбір бейпіл ауыздар сықақ та қашып жүр.
Бірақ Шабданбектің қалыңмал алмай, тоқал шешесінен туса да қарындасын Сәттібек ұрпағына беріп отырғанын Сағиттың айналасы іштерінен қызғанып, кекетіп, зілді сөз айтып отыр деген дыбысты Шабданбек жағы естіп, іштеріне қауіп кірген еді.
Ал бүл өңірдегі елдің бәрінің түп атасы бір болғанмен Шуылдақтардың аталары Сағит, Сәттібек ауылдарының аталарымен жақынырақ. Бірақ бұл Шуылдақтар аналардан артық өсіп-өнген тұқым еді. Өздері он бес, он алты ауыл. Іштерінде екі-үш үйден басқалар жалпы кедей. Бірсыпыра кедейлері таудан аққан суды «Ақтайлақ» деген жерден бұрып алып, арық қазып, егін салатын еді. Бірақ егінді аз салып, басқа ағайынға зорлықты көбірек істейтін еді. Сағиттың, Сәттібектің аталарымен бір туысқан Шуылдақтың аталары Сырттанбай деген адам Абылай ханның заманында батыр болған екен. Сондықтан оның ұрпағы кедейміз деп жасымай, батыр атасынын атын ұран қылып аста, тойда, жиын топта, тіпті екі ел бас қосқан жерде, әлді атанын балаларын жәбірлеп, сабай беретін еді. Сәттібек, Сағиттардың балаларын да егескен жерде сабап кететін еді. Байлар қай жерде жұрт басын қосса гүжілдеп: «Сырттанбай! Сырттанбай» дей берген соң сырттарынан бұларды басқа ағайындары Шуылдақтар дейтін еді.
ТАЙЖҮЗГЕННЕН КЕЛГЕНДЕРДІҢ ҚАЛЖЫҢДАРЫНЫҢ ӨЗІ СОЛ
Тайжүзгеннен келген Сәттібек ауылдарының үлкендері үлкен жеті канат қоңыр үйде лық толып отырды. Сәттібектің Сәтібай құдығындағы ауылдарынан да бірсыпыра адам сол үйде еді. Мұндағы шайқалып келген орташа-орташа екі саба қымызды үйдің ортасындағы оттың орнына төсеген жабудың үстіне орнатқан. Екі сабадан қымызды Аман, Текебек деген екі жігіт құйып отыр. Аман денелі, ұзын бойлы, салмақтау, көселеу, ат жақты, шот маңдай, қызылшырайлы жігіт. Текебек орта бойлы, пысықтау, тік көзді, шоқша қоңыр сақалды, күн қарыған қырқылжың адам. Екеуі де терлеген, бешпентшең. Маңдай терін жеңдерімен, қолдарымен сүртіп қояды. Шұңғыл сары тегенеге қымызды сабадан құйып алып жағалай отырғандарға беріп отыр. Ара-арасында өздері де шұңғыл сары тостағанмен қымызды тастап-тастап алады. Қымызды жұтқанда Текебектің өңеші тарс-тарс етеді. Сары тостағанды сарқып жылдам көтергенінде тостағанның жиегі маңдайына тиеді. Қымыз үлестіргенде төменгі отырған нашарлау адамдарға сараңдау береді. Төрдегі «отағасылардың», қожалардың қолдарынан тостағанды айырмайды.
Үйдегі жұрт дуылдап қызған. Көбінің іздегені тәлкек, сықақ. Бір әңгімеден екінші әңгімеге көшеді.
— Осы жұрт көрсін, екеуіміз белімізден арқан байласып тартысайық! Сені тымақша сүйретпесем, жер басып жүруді қояйын! — деді Қасым.
Қасым Сәттібектің Омарының үшінші баласы. Ортадан биігірек бойлы, қапсағай жауырынды, денелі, сақал-мұрты аз, қоңыр көк көзді, ақсарылау жігіт. Күнге қою тотыққан Сәтібай құдығындағы Сәттібек ауылдарының бірсыпыра адамдарымен қымыз ішуге, «үлкендерге сәлем беруге» келіп отыр.
— Уай, апырақ сары неме-ау! Ол күш саған қайдан келді! Құдай-ау, бұл да Сәтекеннің ұрпағынанмын деп кеудесін көтерген болады... — деді күн қарыған сүр жігіт. Ысмағамбет Қасыммен екеуі құрдас. Ысмағамбеттің аталарының аты Тораңғы, онша өсіңкіремеген тұқым. Және ауыл болып жайлаудан кейінірек қалып, аз-маз егін салып отырады. Бірен-саран, аз ғана жылқылы үйлері жаз болғанда Сәттібек ауылдарымен ауылдас болып отырады. Бір-бірімен тіпті айрылмас жақын ағайын. Тек қысты күні бөлек қыстайды. Бөлек болғанмен ауыл аралары алты-жеті шақырымдай ғана. Тораңғының жігіттері ылғи мықты, қарулы келеді. Бірсыпырасы реті келгенде бөтен елге аттанып, ұрлықта қылып жүреді.
Сәттібек ауылдарымен бірге отыратындарының аз ғана жылқылары жүйрік болады. Ысмағамбеттің әкесі Ыдырыс деген кісі Сәттібектің Жантайымен ауылдас. Ыдырыстың үш ұлы бірдей мықты.
Әсіресе кейінгі екеуі — Ысмағамбет пен Тәжен дегені топқа түсетін балуан.
— Ал енді сен күшті болсаң мені сүйреп кетесің ғой! Кәне, ер болсаң шыға ғой! Шыға ғой, ер болсаң! — деді Қасым. Қасым ежірейе күлімдеп төрдегі кісілерге жалтаңдап мақтана қарады.
— Тоба, тоба, мына апырақ сарың бүгін қайратына мінген екен! Бағанағы Болдыбектің Сарысы құсап... Ха-ха-ха!.. Уай, Қасым-ау! Уа, Ысмағамбет! Онан да мына жұрт көрсін, ол екеуін тысқа шығып жаяу-ақ байқаса қойсаңдаршы! Жатақтың бұқалары құсап, — деді Ысқақ.
— Ысеке-ау! Жаяу алысқанда осыдан жығылар дейсің бе!.. Бүл әшейін топқа түсіп, әркімді жығып жүргенге сіз мұны жұрттан асқан балуан дейтін шығарсыз. Мұны Сейіттің Нарбас қатаны да алып соққан! — деді Қасым танауын едірейтіп.
Отырғандардың бірсыпырасы тағы да дуылдап күлді.
«ҚАСЫМ ҚЫЗ ОЯТҚАН»
— Уаһуан-айдай, жынды Сарың! Өтірікті мұның үйінің ішіне құдай жазып қойды ма екен?.. Ана жылы Сайдалы Аяпбергеннің Сақау қарасы жалаңаштанып сабағанда мұның бұл күші қайда кетті екен? — деп күлді Ысмағамбет. Отырған жұрттың бірсыпырасы бұған да ду етіп күлді.
— Уай, мынау не дейді, ей, Қасым. Аяпбергеннің Сақау қарасынан қалай таяқ жеп жүрсің? Ха-ха-ха! Мынау қор қылды! Мұны қалай сабап жүр, ей? — деді күліп Ысқақ
— Пішен кезінде шоп шабуға бес-алты кісі тауға кетіп баратып, Аяпбергеннің үйіне қонады. Аяпбергеннің үйінде бойжеткен қызы және жас келіндері бар ғой. Таңертең жұрттың алды тұрып жатқан кезде мына Еркек-Сары төсегінен тұрып, Әліпберді жындыша бұлақтың басына барып суға түсіпті! Онысы енді «Қасым қыз оятқан екен деп айтсын дегені». Мұның суға түсіп жатқанын көрген жұрт: «Уаһ, мынау түнде не қыздың, не келіншектің біреуін оятқан екен» деп айтсын деген ғой. Ха-ха-ха! Бір қызы бар ауылға қонса, не жас келіншегі бар ауылға қонса, таңертең тұрып барып суға түсетін бұл Еркек-Сарының әдеті ғой!.. Ха-ха- ха! - деп мазақтап күлді Ысмағамбет.
Отырған жұрттың бәрі де дуылдап, қарқылдап күлісті.
— Е, сонсоң? — десті.
— Сонсоң Аяпбергеннің Сақау қарасы мынаны бұлаққа салып қойып сабапты, — деді Ысмағамбет.
— Ха-ха-ха! Уай, бұл енді Еркек-Сары ағасы сияқтанғаны ма? Х-ха-ха-ха! Тоба! Тоба! Рас па, ей, Қасым? — деді күліп Ысқақ.
— Нағыз Еркек-Сары ғой бұл! — деді күліп Ысмағамбет. Қасым сасқалақтаңқыраса да жеңілмеуге тырысып, езі де күлді.
— Тіпті, қандай аманаты, аузына келгенін оттап отыр! Әлгі Сейіттің Нарбас қатынының алып соғып тепкілеп, тұншықтырғанын айтқан соң сасқанынан ойына келгенін соғып отыр. Нарбас қатынның текпілеп, аузын астына басып тұншықтырғанын жұрттың бәрі де біледі. Ысеке-ау, сіз естіген жоқ па едіңіз? — деді Қасым.
— Ой, суайт Сары-ай! — деді Ысмағамбет. Ысмағамбет те жалтақтап беталды күліп, сасқалақтап қалды.
— Жоқ, мен ондайды естіген жоқ едім... Ей, бүл қалай таяқ жеп жүр Нарбастан? — деді Ысқақ күліп, шақ-шақ қылып.
«ЫСМАҒАМБЕТТІ НАРБАС ҚАТЫН АСТЫНА БАСЫП ТҰНШЫҚТЫРҒАН»
— Бұл бір күні Сейіт жылқыда жүргенде түнде Шалаекеңнің үйіне кіріп, оң жақта жатқан Сейіттің Нарбас қатынының қасына Сейіт болып кіріп жатыпты.
— Ту, ит-ай! — деді Ысмағамбет.
Жұрт ду күлді. Қасым:
— Құдай біледі, бір өтірігі жоқ... Сонсоң, біраздан соң мына иттің денесінің сүйкімсіздігін Нарбас қатын біліп қалып, төсегінен ұшып түрегеліп, мынаны тепкілей бергенде, бұл тұрып қаша бергенде, мұны ұстапты.
— Өй, ит-ой, бүл не деген суайт! Мақтабек Көдебектің сарқытын ішті ме екен бұл адыр ақсары! — деді қозғалақтап Ысмағамбет.
— Енді тұра тұрсайшы!.. Өтірік болса жұрт көреді ғой. Сембектің Бозыны құсап, көзбен көргенді мойныңа алмайтын сенің әдетің ғой, — деді Қасым.
— Е-е, айта бер! Айта бер! — деді Ысқақ күліп.
— Сонсоң есіктің сыртында Нарбас қатын мұнымен алысып, дауыстап жүргенде енесі, Шалаекеңнің қатыны тысқа шықса, Нарбас мынаны алып соғып тепкілеп, кеудесіне аттай мініп, тұншықтырып жатыр дейді... Ай сүттей жарық екен. Мынаның үстіндегі көйлек-дамбалын Нарбас пәре-пәресін шығарып тастаған екен. Шалаекеңнің әйелі қанша айтқанмен бұрынғының адамы ғой, ұялып, мынаның кеудесінен келінін тұрғызып, ұрсып үйіне алып келіпті! деді.
Жұрт дуылдап қарқылдап, тағы да күлді.
— Уаһуан-айдай, суайт Сары! Өтірікті жұрт нанатын қылып қисындырып айтсайшы! Сол өтірікке де жұрт нанады деп отырсың ба? Сен деймісің. Сақау қарадан таяқ жеген! — деді Ысмағамбет.
«ЕКІ ТОСТАҒАН ҚЫМЫЗ ІШСЕ ҮШ ТОСТАҒАН ЖЕЛІГЕДІ»
— Я, менің Сакау қарадан таяқ жегенім рас болса, сенен де жығылар едім. Қысты күні топты жігіттің көзінше Ор мен Абаның арасында аттан аударып алып, қар үстінде жаяулатқанымды да мойныңа алмассың! — деді Қасым.
— Қане шықшы, аузыңды ұрайын! Осы жұрттың алдында долы соққан күшігенше далитып масқара қылайын! — деп Ысмағамбет ұшып тұра келді.
— Қой, қой! Қой, ойынды тастаңдар, желікпей! — деді төрде отырған Жантай дауысын әзілдеп. Түкті қабағын суытқан болып Қасым мен Ысмағамбетке қарап қойып, қолындағы сары тостағанды Аманға берді.
Жантайдың қасында отырған Ысмағамбеттің әкесі Ыдырыс та көзін едірейтіп қозғалақтап, қолындағы сары тостағаннан қымызды қаттырақ жұтып қойып шайқады.
— Енеңді ұрайын, шірік немелер, екі тостаған қымыз ішсе үш тостаған желігеді! Мықты болсаңдар ана Кәрсеннен барып тезірек барымта әкелер едіңдер! — деді қолындағы сары тостағандағы ішіп отырған қымызын шайқаңқырап қойып.
— Иттің екпінін басайын деп едім! — деді, күліп отыра берген Ысмағамбет.
— Енді, үлкендер ұлықсат қылмаған соң мақтанасың ғой, әйтпесе артың ашылар еді? Ындау-ау, бұл Кәрсенге аттануға жарайды дейсіз Ос? Былтыр Баянның ұрыларын қуғанымызда бәйгікөк атпен жаудың алды-артын орағытып жүріп, менің көзімше жауға бір де сойыл сала алған жоқ еді! — деді Қасым отыра беріп.
— Уа, шіркін, жауды түсірген сен шығарсың! — деді Ысмағамбет.
— Сенің астындағы бәйгі көк ат менің астымда болғанда, мен табан жерде түсіретін едім жауды! — деді Қасым.
— Ит-ау, өтірік қорқып, «атым шаба алмай келеді» деп кейін қалған жоқ па едің.? Астындағы Мақаштың қарагер аты ауыздығымен алысатыны қайда еді? — деді Ысмағамбет.
Жұрттың бірсыпырасы күлді.
— Ой, имансыз ит-ай, өтірікке тіпті шімірікпейді екенсің ғой. Мынау, менің астындағы Мақаштың қарагер аты қарлығып шаба алмай қалғанда, сен жауға емін-еркін жетіп жүріп жалтақтап соғыса алмай, ақ найзалы тарлан аттыдан қашып, маған келіп тығылғаның қайда еді, — деді Қасым.
— Ей, Қасым, дуылдамай шықшы осы үйден! — деді төрдегі Жантай.
— Жоқ, Жантеке, мына иттің әшейін мақтаншақтығын айтамын, — деді Қасым.
— Қой-қой, барсаңдаршы енді өз отырған үйлеріңе, былшылдамай! — деді Ысмағамбеттің әкесі Ыдырыс.
— Тиме-тиме, апырақ Сарының бүгін екпіндейтін күні... Шабданбек байдың қарындасын інісіне қалыңмалсыз алып берейін деп отыр! Ойбай-ой, біз әлі Сәттекең мықты болыпты дейміз. Сәттекең батыр болыпты дейміз. Бірақ солардың қайсысы осындай байдың қызын қалыңсыз алды дейсіз! Міне, мұнын буына жығылып Шабданбек қарындасын беріп отыр! — деді күліп, Жантайдан жоғары отырған ЬІсқақ. Қолындағы сары тостағанды алдына қойды.
Отырған жұрттың бірсыпырасы тағы да дуылдасып күлді.
— Бұл ит соған да елігеді!.. Мазақтап айтқан сөзді шын көреді! Мұнын буына жығылса Шабданбек өз қызын берер еді. Кер тоқалдың өтпей отырған қызын бергенге бұл апырақ Сарының есі шығып жүр! — деді Ысмағамбет күліп.
— Ха-ха-ха. Уа-еһ-ей! — деп отырған жұрттың бірсыпырасы тағы да күлді.
— Ей, аузыңа түскеніңді оттайтының не? — деді Ыдырыс баласына.
Ысмағамбет жасқаныңқырағандай болып, көзін, жүзін төменірек салып күліп, ыржиып әкесіне, Жантайға қарады.
— Бар, шық үйден, енеңді ұрайын! — деп Ыдырыс баласына суымай кәрленіп, сары тостағанды алдына қойып, жамбасының астындағы қамшысын алды да:
— Ей, осы иттер қалжыңға басқа лайықты сөз таба алмайды-ау деймін! — деді Уантай мен Ысқаққа қарап.
— Бірдеме көрейін деп отыр ғой! Ауыздарына түскенін сөйлейді. Біреудің мерекесіне келіп отыр. Мынаның айтып отырған қалжыңының түрін! — деді Жантай Ысмағамбетке түксие қарап.
— Әлгі Тұрмағамбет айтқандай, бұлардың қалжыңының өзі осы! — деді Ыдырыс кекетіп.
Үйге бастығы Рахымбек болып екі-үш даяшы самбырласып, дүсірлетіп келіп аттарынан түсе-түсе қалды. Үйге кіріп келді!
— Сіздерді тағы да бір көріп шығайын деп келдім! — деді күлімсіреп Рахымбек.
— Қымыз бер Рахымбекке! Қымыз ішіңдер. Рахымбек отыр! — деді Жантай.
Тоқтаусыз жағалап, қолдан-қолға көшіп жүрген сары тостағандармен даяшыларға қымыз берді. Олар бір-бір тізелерін бүгіп қымызды алып, көлге түсіп жалдап ішкен жылқыша жұтып жатыр.
— Сіздердің қымыздарыңыз бал екен!.. Төтенше екен.
Рахымбек бір жұтып алып, сүйдеп тағы да тостағанға бас қойды.
Үріккен тайлақша Болдыбектің Сарысы кіріп келді. Қып-қызыл. Омыраулары алқа-салқа.
— Ту-у, қымыздан қымыз қалдырмас мыналар!.. Мына екі саба да қағылыпты ғой! — деді ыржия күліп. Қымызды асыға жұтып отырған даяшыларға қарап күлді.
— Мыналардың құлақтарын қайшылауын қойшылардың аттарындай, — деді.
— Уай, Болдыбектің ырысы! Осы сен неғыласың серілікті! Банағы торы ала бестіні ғой әбден мал қылмай тастадың! Ертең неңді мінесін? Бүл не желік? — деді Ысқақ, Жантайға қарай қисая қозғалып қойып.
Серімін деген ешкім жоқ! Торы ала бесті мал болмаса тағы да бір бесті табылар. Атай тапқан мал жоқ! — деді Сары ыржақтап босағаға отыра беріп.
Тоба, тоба, Болдыбектің ырысы, — деді күліп ЬІсқақ.
— Сарыны қайтесіз, нені бүлдірер дейсіз бұл! — деді Рахымбек тостағанды Текебекке беріп түрегеліп.
— Ей, Рахымбек, іш тағы да! Отыр!.. Текебек, күй Рахымбекке тағы да! — деді Жантай.
— Қымыздарыңыз тіпті бал екен! Әттең, күн ыстық болып кішкене жылыңқырап тұр ғой, әйтпесе жіліктің майы, — деді Рахымбек.
— Қымыз жаман емес! Жарықтық Есеннің отының қымызы! — деді Жантай.
— Ей, Текебек, әкелші қымыздан! — деді Сары. Текебек Сарыға мазақтай едірейе қарады:
— Сен енді ішсең көзің тұз болып кетеді, көзің тіпті түйені де көрмей кетеді! — деді Текебек.
— Ей, Текебек, көзде не жұмысың бар?.. Әкел, әкелсейші! Сақалын текенің сақалындай шошиып, есің шығып кетіпті ғой, піспектің сабын білемдеп, — деді Сары.
Сары Текебектің есімін бұзып мазақтады. Біресе «Теке бет», біресе «Теке бек», — деді.
Отырғандардың бірсыпырасы ду күлді.
— Ей, Сары, аузыңа түскеніңді оттамай, бар, шықшы осы үйден! Іштің ғой бұл қымыздан! Ана Исатай мен Жайлаубек болыстың көп қымызынан неге ішпейсіңдер барып?
«ШУЫЛДАҚТАР»
Шуылдақтар Тәшібайға қараған төрт-бес үйге түсті. Бұл келгендер Сырттанбайдың Шабданбектеріне казіргі қонысы таяуырақ отырған жеті-сегіз ауылдарының ғана адамдары екен. Сырттанбайдың жеті-сегіз ауылының адамдарының көптігі өзгелердің жиырма шақты ауылдарының адамдарының көптігіндей болады. Сондықтан бұлардың жеті-сегіз ауылдарынан келгендерінің өзі төрт-бес үйге лық толып отыр.
Тәшібайдың үлкен құба үйіне Бақмағамбет қажы, Иса молда, Әріп, Әміраш, Қамбар, Жаппарларды түсірген. Бұлардың қымызды қақ ортасына орнатқан үкілі піспекті той сабасы көрінбейді, Сырттанбайдың бірен-саран байсымақтары отырған жерлері қашық болғандықтан бұл тойға келмеген. Бұл келгендердің көпшілігінің киімдері де нашар, мінген аттары да тай-тулақ, түғыршықтар. Тек бірең-сараңдарының ғана аттары жарамды, ауызға алынған аттар.
Бақмағамбет қажы мен Иса молда «сәлемдесеміз» деп, сабамен келген байлау ағайындардың тойшыларын жағалап кеткен. Бақмағамбет байлығы тасып қажыға барған кісі емес. Бірнеше жыл старшын болып, көбінесе елдің берген қаражатымен Мекке-Мәдинеге барып, пайғамбардың қабырына зират қылып, Қағбаны айналып, Жақып пайғамбардың нәресте күніндегі аяғымен қазған әулие құдығының қасиетті зәмзәм суын ішіп, бәдеуилердің қоңыраулы қара нарларының кебежелеріне мініп, есей күнәлардан «тазарып» келген еді.
Бірақ әлі жұрт қажы дегенмен, Бақаңның қажылығынан гөрі сырттан байлығы басым болып жүреді.
Ал Иса молда Орынбек қалпенің баласы. Иса да, оның әкесі Омарбек те бірі қалпе, бірі молдамын деп жүрсе де және ел олардың әкесін «қалпе» деп, баласын «молда» деп атағанмен бұлардың істері, қылықтары, мінездері қалпе мен молдадан гөрі басқарақ еді. Бұлардың ел ішінде жұртты омыраумен соғып жүретін мінезін жұрт «аруақты», мықты Сырттан байдың тұқымымыз деп істейді ғой деседі. Жұрт жамағайын бұлардың алдында қалпеке деп, молдеке деп қайпақтаған болып жүрсе де, көп жұрт сырттарынан бұларды жынды деп келемеждеп күлісіп те жүреді. Ал өз туысы Сырттан байдың ұрпағы бұларды «қалпе» яки «молда» деп қайпаңдамай, бұларға тек Омаш, не тіпті Омарбек деп, Иса деп қана қараушы еді. Шынында, Омарбек пен Исаның қызық мінездері көп болатын еді.
Ал Қаппар, Жаппар — бір әкеден туған бұлар жақын ағайын. Ел арасында қазан бұзарлығымен ғана ауызға ілініп жүрген жігіттер еді.
Ал Әміреш тілділігімен, пысықтығымен, қулық-сұмдық зорлықшылығымен, жемпаздығымен ауызға ілініп жүрген адам еді. Таласып ауылнай, старшын болып та жүр еді.
«ПАТША ГЕРМАНМЕН ЖАРОЛЛА ҮШІН СОҒЫСЫПТЫ»
Әй, жәке, пәруәрдігер-ай!.. Қаппар мен Күмісбек екеуіне өзі берген тоқтысын енді менен сұрайды мынау!.. Айналайын-ау қарап жүрмей өзің бастап, өзің беріпсің ғой тоқтыңды. Мен тіпті ештемесін білмеймін ғой! Өзгелері не берсе мен де соны берермін, енді осы арада оның несін айта бересің, — деді Әміреш...
Әмірештің даусы күзеннің дауысынша шақылдады, қаймақ і .тақ қызыл көздерінен көкшіл ұшқын шашырағандай болды. Арық опсырайылған жақты ұзынша иегіндегі селдірлеу бұйралау сақалы, әдейі ойынға жапсырып алған ешкінің құйрығындай шошаяды.
— Оларға айтсам, олар сен біледі деп саған сілтейді... Мен марқамды жей қойыңдар деп сендерге өзім тығып бергем жоқ! Мына отырған Қаппар мен Күмісбек сен жіберді деп келіп жылпылдатып отырып егін уағында, күреңнен он бес пұт бидай береміз, немесе алты кісі алты сом береміз деп ант-су ішіп алып, апарып бәрің жегенсіңдер... Енді марқамның бермек болған құнын сұрасам, бір-біріңе сілтеп жылпылдайсыңдар! Екі енеге тел марқамды бергеннен басқа менің не жазығым бар... Былтыр бір семіз лағымды қонағыңа сұрап сойып, оны керман соғысына жәрдем төлейтін қазынаға беретін шығының бар деп соған жатқыздым деп бермей қойдың! — деді Жаролла.
Ол күйген томардай болып қошқылдана қызарды.
Сөйлегенде күдістеу жауырыны қозғалақтап ұйпалақтанқыраған шоқша қоңыр сақалының қиюсыздау ерінді жаялық аузынан түкірігі шашырап отырды.
Әміреш отырған жұртқа мақұлдата сөйледі:
— Әй, жәке, пәруәрдігер-ай, енді лағымды бермей қойды дейді. Бөтен біреу естіп отырса, осыған нанады-ау! Мен старшын болғалы шендеп ойсырайтындай шығын тартқан жоқ осылар...
Тіпті кайта өзің есіме жақсы салдың, біраз шығын тартатын еді бұл Жаролла былтырғы әскерге, герман соғысына жәрдем жинағанда. Сол бересінің үшін біріне былтыр бір кішкене кенже лағын қонаққа алып сойып, соны жатқызып едім. Енді бір тоқты бересісі бар еді өзінің... Оны есіме өзің салғанын жақсы болды! Тәңір жалғасын, сол тоқтыны даярлашы өзін тезірек! Әлі сондағы қарашығынның қалғаның жинаймын! Герман соғысына жәрдем тағы да жиналады. О да есінде болсын! — деді Әміреш күліп.
Күлгенде Әмірештің кесектеу, ірілеу, сиректеу тістері бір түрлі аңның тісіндей ырсиып көрінді.
— Өй, астапыраллай! — деп Жаролла жағасын ұстады.
— Бүйрегі бітеу, майдан жүре алмайтын семіз лақ. Сол лақпен Герман соғысының былтырғы жәрдем — қарашығыннан құтылдың деп еді. Енді кеп тағы да бір тоқты бересің бар дейді!.. Иман жоқ! Қарар жоқ! — деді Жаролла тарығып.
— Енді қазынаға бересіңді бермеймін деп пе едің? Бұлар үшін патша германмен соғысып жатады. Бұлар бір тышқақ лағын шығын дейді! — деп тағы да тістерін ырситып күлді Әміреш.
— Уай, патша германмен мен үшін соғысқан екен ғой?! Өй, имансыз ит! Мен үшін германмен соғыспай-ақ қойсын, — деді Жаролла.
Әміреш көлгірленіп түсін суыта қойды.
— Ей, патшаға неге тілінді тигізесің? Біреу естіп қалып ана тілмашқа барып айтып, протокол қылдырса өзің не болатыныңды білесің бе? — деді.
— Мен патшаға тіл тигізіп отырғаным жоқ, сенің иттігіңді айтып отырмын! — деді аңырайыңқырап Жаролла.
— Кәне, тіл тигізбегенің — ол имансыз ит германмен мен үшін соғыспай-ақ қойсын дедің ғой жана! — деді Әміреш.
— Астапыраллай, мынада түп жоқ екен! Имансыз ит деп сені айтып отырмын ғой. Мен патшаны неге үйдеймін, сенсің имансыз, — деді сасыңқырап Жаролла.
— Е, маған иман беретін сен бе едің? Сен патшаны имансыз ит деп тіл тигіздің, — деді Әміреш.
— Ей, қойсаңдаршы осындай сөзді! Осында дауласуға келіп пе едіңдер! — деді төрде отырған Шәріп отағасы.
— Ой, тәубай!.. Ой, астапыраллай! Мынада жан жоқ екен! Мынау бір пәлеге ұшыратар, бұл елдің ортасынан кетпесек, — деді Жаролла күйгелектеніп.
— Енді, осы бүкіл Сырттанбек баласында үш-төрт үйден соңғы байымыз сенсің! Қазынаның раматін алып, салығын, қарашығының шашпай, сборын, герман соғысына алатын жәрдемдерін сен төлемегенде кім төлейді? — деді Әміреш.
— Ей, үш-төрт үйден соңғы байың мен бе? Тегіңді ұрайын, көре алмай жүргенің менің осы бір онды-бесті қарам болса, мен қарамды өшірейін! Мына Сайдалы ішіне көшіп кетейін. Бүйтетін болсаңдар менің орныма егін егіндер! Патшаны боқтады деп, аруақ атқыр, жер аудартарсың! — деді Жаролла.
Ей, қойсаңдаршы бажылдамай, ауылда отырып-ақ бітіретін жұмысты осы араға әкеп бажылдасқандарың не?.. Қойыңдаршы енді, деді тағы да Шәріп отағасы.
Жоға, Шәке, қайтіп шыдарсың бұлардың осындай қорлықтарына! Былтыр қарашығыннан, герман соғысына жәрдемнен құтылдың деп бүйрек майы бітеу лағымды сойып жеп отырып, енді тағы да бір тоқты бересің дейді. Онысы әлгі сернеге алып жеген марқаны бермейін деген арамдығы! Бұларды туысқан дейді. Егін уағында бидай береміз деп лағыңды алады. Сауа тұрайық деп сиырыңды алады. Қазынаның шығыны келсе саған баса салады! — деді Жаролла.
— Ой, жәке, пәруардітер-ай, мынау бетімен көшкенде тіпті наға береді екен ғой! Марқанды бірге жескендермен бірге төлеймін деп отырмын ғой! Тіпті өзім ие болайын марқаңа: сол жеген адамдардың беруге тиіс жарналарын ез қолымнан жинап берейін, оның несін айта бересің енді өңештеп? — деді Әміреш.
— Ей, Жаролла, қойсайшы енді! Марқаңның құнын бермейміз деген адам жоқ қой саған! — деді бүйірде түйіліп отырған Қаппар.
— Тәңір жарылқасын, қойшы енді. Әне, есіттің ғой! — деді Әміреш тістері бір түрлі аңның тістеріндей ырсиып.
— Қойсаңдаршы енді дауласпай, жұрттан ұялмайсыңдар ма осы! Ылғи, осы гүжілдесесіңдер де жатасыңдар, мәлік болған сиырдың бұқаларындай! — деді тағы да Шәріп.
— Жоға, айтыңдаршы осы өздерің, мұның былтырғы сары шұнақ лағымды сойып берсем де соғысқа жәрдем шығының осымен бітті деген шығынына енді тағы да бір тоқты бересің деп отырғаны ойыны ма, шыны ма соның? Соны айтыңдаршы! — деді Жаролла.
— Уа, шыным, шыным! Енді бір тоқты бересің бүл қазынаға, Германиямен соғысқа жәрдем ретінде былтырғы шығының үшін! — деді Әміреш. Әмірештің қысық көздері Жароллаға оқ жыланның көзіндей қадалды.
— Ой, ұятсыз, имансыз, былтырғы бітті деген шығының биыл қалай тоқты болып туып отыр, соны айтшы? — деді күйген томарша бусанып Жаролла.
— Соғысқа жәрдем ретінде саған түскен қарашығын жеті жарым сом да, лағың үш сом. Торт жарым сомына енді тоқты бересің, — деді Әміреш.
— Ту, арамға жеріген ит-ай, түйенін мұрнының жырылғанын пырстоп пыртаколдап кетіпті деп, Мәлике сияқты екі сиыр, бір түйеге қарап отырған жесір қатынның ішпей-жемей жинап жүрген жұдырықтай майын алып кетті дегенде-ақ сенен күдер үзіп едім. Сенен енді не қайыр! Қаптесер тышқан! — деді Жаролла.
— Өзің аузыңа түскеніңді шататының не? Жұрттан естіген былшылды, өзің жөндеп алмай! — деді Әміреш.
Оның қысық көздерінен көк ұшқын атылып тұрды. Шошиған сақалы қашқан ешкінің құйрығындай тікиді.
— Ей, ал-алма, енді осы сөзді доғарасыңдар ма, жоқ доғармайсыңдар ма?! — деді төрдің алдында отырған Шәріп ашуланып.
Шәріптің жуан күңгірлеген екпінді даусы бұ жолы кенеттен күркіреген көктің күркіріндей болды. Үйде лық толып отырған жұрттың бәрі Шәріп отағасыға қарай қалды. Шәріптің жауатын долы бұлттай түйген қас-қабағы сол кезде Әміреш пен Жароллаға да эсер еткендей болды.
Сол кезде үйге Рахымбек пен бір-екі даяшы самбырласа сөйлесіп, дүбірлетіп келіп түсе қалды. Үйге кіріп келіп Рахымбек күлімсіреп:
— Кісінің есебін ала алмай жүрміз әлі... Түгелсіздер ғой, әйтеуір!.. Қажы мен молда көрінбейді ғой? — деді.
— Қажы мен молда қымыздары бар байларға сәлем беруге кетсе керек! — деді Қапияш деген, жақтырыңқырамаған адамша күлімсіреп.
— Қай үйде екен, бір бала жіберіп шақыртсаңыздар жарар еді... Кәзір шай әкелетін еді, — деді Рахымбек.
— Сен тауып әкелсейші оларды, — деп Қаппар бір жігітті жұмсады. Әміреш ішінен: «Жағалап қымыз ішіп келетін, мынау иттің дауымен байланып қалдым-ау!» — деп жаман көзімен тағы да Жароллаға қарап қойды.
«Бір-екі аяқ шәй іше салып, жағалап қымыз ішіп келу керек!» — деді тағы да ішінен.
— Біз әйтеуір тобымызды жазбай отырмыз, сен даяшы болып келгеніне қарағанда, бізге көбірек тартады ғой деп отырмыз, — деді Әміреш өтірік күліп. Күлгенде селдір шоқша сақалына сирек тістері ыржиып жарасқандай көрінді...
Рахымбек те күле сөйледі.
— Сіздерден не аяр дейсіз, әйтеуір, той өздеріңдікі ғой! — деді Рхымбек.
— Әрине, той өзіміздікі ғой, бірақ онда да, ана Сағиттардың, Сәттекең ауылдарының адамдарынан, Жұмандарға қараған ауылдардан мүшеміз қай жағынан болса да кем болмайтын шығар деп отырмыз, — деді Әміреш.
— Мен айттым ғой, Әміреш, бәрің бірдей ағайынсың, бірақ енді сендерді бізді сынайды деп ойламаймыз! — деді Рахымбек.
— Ей, Рахымбек, сен бізді тіліңнің ұшымен сыйлағаныңды қой! Енеңді ұрайын, қыздарыңды Сәттібектің ұрпағы деп жаман Омардың баласына беріп, той қылып отырсыңдар. Енді, құр жылмаңдаған болмай, сыйларыңды істей беріңдер бізге! — деді Қаппар.
Рахымбек азырақ сасқалақтағанын білдірмеуге тырысты.
— Уай, Қаппар-ау, о не дегенің! «Қалжыңға шындап жауап бер» деген ғой. Сыртекем баласы, Сәттекен, Сәйекең, Бапекең баласы демейміз, біріңді кем көрсек аруақ құдайға салыңдар. Ал сендер өздерің ойларыңа бірдеме алып жүрсеңдер, біз де екі аруақ бір құдайға саламыз! — деді Рахымбек.
— Уай, Рахымбек, олардың қалжыңын не қыласын, таусыла сөйлеме! Тоңсаң қойнымызға, шаршасаң мойнымызға алатын бәрімізге бірдей ағайынымыз емессің бе? — деді Шәріп.
— Сөзіңізге құлдық, — деп Рахымбек күлімсіреп оң қолын көкірегіне қойды.
— Әшейін ана Қаппардың қалжыңына қарай айтып жатқаным ғой. Әйтпесе, Сыртекем баласы дұшпанға айбар қылатын аруағымыз емес пе! — деді.
— Я, я, әрине, әрине, — деді төрдегілер.
— Біз шаруамызға барайық, — деп Рахымбектер шығып кетті.
Шығып бара жатып «Тұқымыңды ұрайын!» — деді.
ЕТ ҮЙІНІҢ АЛДЫНДА
Қара миткемен тыстатып жаңа істетіп киген қоңыр елтірі бөркінің бір жақ шекесінің тұсын түре киіп, көгебай ләңке шапанын желбегей салып Тәшібай торы төбел атқа мінді. Иегінің ұшына шыққанын бөлек, екі шықшытына екі бөлек, үш тармақ сақалы үш жаққа тырбиып Тәшібай торы төбел атты асықтыра аяңдатып, шұлғытып ауылды жағалады.
Тойға келген басты-басты адамдармен амандасуға әр үйге түсіп, кіріп-шығып жүрді. Қымыз әкелген тойшылардың қымызынан ішіп, сіресіп, маңдайы тершіп, Тәшібай кайтып ет үйіне келді, торы төбел аттың шылбырын босағаға белдеуге байлай салып, кеудесін көтеріп, дәлдиіп тұрып бір кекірді.
— Ә-ә — үн!
Кекіргеніне ішінен:
— Алқамды леллә! — деді.
Кекіргенде не себепті «алқамды леллә» дегенін өзі де анықтап ойланбай, тек әдет сияқты айта салған еді.
Ақ сәлдесі дағарадай болып, төр алдында отырып Тоқпақ Шәріп қожа кекіргенде, «алқамды леллә» дейтін еді. Тоқпақ Шәріп қожаның сонысы Тәшібайдың есіне түсті және бірде Тоқпақ Шәріптің, сүйтіп, Тапал байдың төрінде кекіріп отырып, қозғала беріп арт жағынан да қаттырақ жел шығарып жібергені есіне түсті.
Сол кезде етті үйден Шабданбек шыға келді. Шыға келгенде аузы-ұрты томпайып, бұлтылдай бүлкілдеп семіз қартаның кертіндісін қасқырша шайнап шықты. Бірақ коп шайнамай бүркітше толғап Тәшібайдың қасына келіп сылқ еткізіп, дәмді семіз картаны жұтып жіберді. Жұтуға келгенде «коп шайнаған қартаның дәмі кетеді» деген қазақтың мақалы есіне түсті.
— Жұрттың бәріне амандасып келдім. Жұрт коп келген көрінеді ғой! Тіпті шақырылмаған елдерден де бірен-саран кісі көрінеді ғой, — деді Тәшібай Шабданбекке.
— Я, солай көрінеді, — деді Шабданбек. Қара жорға атпен теңселтіп Рахымбек те келді. Және үш-төрт даяшылары сау ете қалды.
— Шәй беріліп жатыр ма? — деді Тәшібай.
— Шәй беріліп жатыр! — деді Рахымбек. Рахымбек нығызданып ақ сабаумен балағын қағып қойды. Тәшібай тағы да ұзақ кекірді де:
— Шағындаулығы болмаса, қымыздың тәттісі Жантай мен Бектің ауылдарынікі екен! — деді.
— Я, тіпті тамаша! Олар аз ғана қымызын ылғи сүйтіп баптап, тәрбиелеп ұстайды ғой! Мына Жексембай мен Сағиттардың қымыздары тек көптігі болмаса, ылғи осындай қорабалау болады! — деді Рахымбек.
— Е, олар қымыз күтуді керек қылады дейсің бе!.. Мына Жантай мен Бектің балалары қымызды өздері күтетін көрінеді ғой! — деді Шабданбек.
— Ал, қой енді, тұрмаңдар, мен етті реттей берейін, сендер де өзге жабдықтарыңды бітіре беріңдер, — деді Тәшібай ет үйге кіруге ыңғайланып.
— Е, бітпеген не бар еді етін беруден басқа, — деді Рахымбек, ауылдың бүйірінде едәуір жерде оңаша тігілген күйеу-қыздар отырған үй жақта ойнап жүрген балаларға қарап...
Тәшібай:
— Жұрт тыныштық көрінеді ғой, әйтеуір? — деп, шулап ойнап жүрген балаларға көз тастап қойып, Шабданбек пен Рахымбекке қарады.
— Е, тыныштық болмағанда қайтушы еді! — деді Шабданбек.
— Тек тыныштық болсын! Әйткенмен селқос жүрмеңдер! — деді тағы да Тәшібай..
— Ей, анау кім озі, балалардың арасына барып ойнап жүрген? — деді Рахымбек.
Бір топ атты балалар ауылдың сыртында күйеу-қыздарға тіккен оңаша үйдің алдында ойнап жүр еді.
Күйеу отырған үйден аттана салып, торы ала бестіні ойнақтатып, құлақ бауларын желкесіне қайырып байлаған елтірі тымағының құлақтары қалқиып Сары балалардың арасына кірді. Торы ала бестінің үстіне тік түрегелді. Ат үстінде тік тұрған бойымен айнала желді. Балалар шуылдап күліп бірге жөңкілді.
Сары қайтадан атқа отыра салып, тымағын беліне байлап алып, енді торы ала бестінің үстінде екі аяғын жоғары көтеріп, ердің үстіне оң жақ иығымен тұрып, екі аяғын көкке көтеріп желді.
— Осы, әлгі Болдыбектің Сарысы ғой деймін! — деді, оған қарап тұрып Рахымбек.
Рахымбектің қасында ат үстінде жүрген екі-үш жігіт келді.
— Сол ғой! — деді бірі.
— Mac шығар ит, нағып жығылып қалмай жүр өзі? — деді Шабданбек.
Торы ала бестіге түзеліп мініп Сары балаларға қолын сілтеп, бірдеме деп, ет үйге қарай салды.
— Қой, тұрмаңдар, барыңдар енді, — деп келе жатқан Сарыға қарап, Тәшібай да ет үйге кірді.
Шабданбек, Рахымбектер қозғалғанша торы ала бестіні ойнақтатып, беліндегі тымағы салақтап, жалаң басының қою қара-күрең шашы үрпиіп, Сары жетіп келді.
— Немене, балалармен ойнап жүргенің? — деді Рахымбек Сарыға.
— Балаларға солдат ойынын көрсеттім! — деді Сары тершіп күліп.
Үйде Сарының сөзін естіп тұрған Тәшібай күңкілдеп:
— Жағың қарыссын, — деді.
— Бүйтіп жүргенше, онан да герман барсайшы тіленіп, — деді қалжыңдап Рахымбек.
— Енесін ұрайын, не қылам тіленіп барып, герман соғысына! — деді Сары.
— Е, қай орыс соғыстан қашып жүр? — деді Шабданбек.
— Қашпаса, Тоқмолданың ауылындағы әлгі мұсылман болдым деп жүрген ана Мұсылманбек деген жігіт орыс баласы емес пе, солдаттан қашып жүрген! — деді Сары.
— Қой, ол әдейі мұсылман болып жүрген жігіт дейді ғой! — деді Рахымбек.
— Я, мен ол жігітті жақсы білем. Түнеугүні пристоп келгенде, ол пристопқа көрінбей жүрді! — деді Сары. Ет үйдегі Тәшібай жақтырмай дауыстады:
— Ей, Рахымбек, неғып тұрсыңдар енді? — деді.
— Ә, міне, қазір! — деді Рахымбек.
— Ә, ә, Тәше!.. Әй, Тәше... Ат үстінен бір ет ауыз тигізіп жіберіңіз маған, берекелі қолыңызбен, — деді ат үстінде тұрған Сары. Тәшібай тысқа шықты.
— Барыңдар!.. Барыңдар!.. Бар, сен де бар, Сары? Қазір енді ет тартылады, — деді.
— Май қолыңызбен аузымды бір толтырып жіберіңізші! — деді Сары.
— Қой ырбақтама, бар! Осы басынасыңдар ма!.. Отыр барып, отыратын үйіңе! — деді қабағын түйіп Тәшібай. Сары біраз байланып тұрып алды, Тәшібай оған ет алып шығып бермеді. Ақырында Сары торы ала бестіні бір салып жөнелді.
— Тырбық сақал неме, Жексенбайдың, Сағиттың балалары келіп ат үстінде тұрып, ет сұрамақ түгіл төбеңе шығып тұрып ет сұраса да алдарында құрдай жорғалар едің! — деді кетіп бара жатып.
САҒИТТАР ОТЫРҒАН ҮЙДЕ ҒАДІЛЕТСІЗ П АТШАНЫҢ ӘМІРІ УӘЖІП ЕМЕС
Сағиттар отырған Рахымбектің алты канат боз үйінің тұсынан Шабданбек қаракөк атты салақтатып, жай аяңдатып өтіп бара жатқанда үйден суырдың даусындай шақылдаған дауыс шығып жатты.
— Уай, пайғамбарымыз айтқан: патша үкіметі ғаділ болса шылауында Қызыр-Ілияс болады деген. Ал Қызыр-Ілияс шылауында болған патша үкіметті һеш бір жауы жеңе алмайды деген. Ал еліне ғаділ болмаған патша үкіметінің шылауынан Қызыр-Ілияс кетеді де, ол патша үкіметі соғысқан жауынан жеңіледі деген. Кәпір болса да, патша яки үкімет ғаділ болса оның шылауында Қызыр-Ілияс болады. Сондықтан патша я үкімет ғаділ болса, кәпір болса да, оның әмірі қоластындағыларға уажып болады деген. Біздің патша ана жылы жапоннан жеңілгені бұдан ғаділдік кетті. Ғаділдік кеткен соң мұның туының шылауынан Қызыр-Ілияс кетті. Міне, қазір германмен соғысып жатыр, германнан да жеңіліп жатыр, өйткені пайғамбарымыз айтқандай, бұл ғаділ болмаған соң мұның туының шылауынан Қызыр-Ілияс кеткен, — деді Рахымбектің үйінен шаңқылдаған дауыс.
— Бұл патшаның ғаділ емес екенін немен сипаттайсыз? — деді тағы ащылау дауыс.
— Патшаның ғаділетсіздігі сол бүл қазаққа берген уағдасын бұзды. Қазақтың барлық жақсы жерлерін алып қойды. Дінге қысым қылып отыр. Бұрын қазақ елі ақ патшаға Қарағанда жеріңе-суыңа тимеймін деп, баланды солдатқа алмаймын деп ит терісіне жазып, қолын қойып, мөрін басып берген патшаның шартнамасы бар. Бұл патша, сол ит терісіне жазып берген уағдасын бұзып, қазақтың жақсы жерлерінің бәрін алды. Дінді қысып келеді. Кәзір мұның шылауында Қызыр-Ілияс жоқ. Бұл ана жылы жапоннан жеңілді, енді мына германнан жеңіліп жатыр. Мұнын жарлығы кәзір бізге уәжып емес, үйткені бұдан ғаділдік кеткен! — деді шаңқылдаған дауыс.
— Сорлы-ай, жұрт жынды десе де мына сөздері дұрыс-ақ-ау, — деді қаракөк атпен жағалап кетіп бара жатып Шабданбек.
Бір сөзден екінші сөзге көшіп, Рахымбек үйінен шыққан дауыс шаңқылдап жатты.
Шаңқылдаған дауыс кешікпей, ұрысқан сияқты болып жатты. Қызған күннің барлық дыбысты, үнді тұншықтырған ыстық лебі болмаса, бұл дауыс бірсыпыра жерге естілер еді.
Қиырсыз қырдың ортасында ыстық шілдеде, талтүстегі үн алысқа естілген бе!
Және бір жағынан әуені булықтырып тұншықтырған күннің ыстығы һәр бір үнді әлсіретіп, алысқа естіртпесе, екінші жағынан той қылған ауылдың үстіндегі абыржыған жалпы даңғаза да бірлі-жарым сөзді елетпейтін еді. Кей үйдің ішінен яки жанынан шаңқылдаған дауыстар, қаңқылдаған күлкілер, даурыққан сөздер, біреуді біреудің шақырған айқайы, балалардың тай-құнанға мініп, ауыл үстінде шуласып шауып жүрген дүсірлері, үй араларында жүрген атты адамдардың аттарының дүсірлері бір-біріне қосылып, бірін-бірі жұтып, бірін-бірі елетпей, тек абыржыған әлсіз даңғаза болып жатты.
Сағиттарға қараған ауылдардың адамдары Рахымбекке қараған екі-үш үйге түскен еді.
Сағит өзі Рахымбектің алты канат боз үйінде еді. Алты канат боз үйдің іші лық толған кісі. Ортада үлкен қара саба. Сабаның май сіңген балғын піспегінің басы күмістелген, шығыршықталған. Екі жігіт сабанын басында май исін мүңкітіп сары қымызды кемерлі үлкен қоңыр тегенеге кұйып алған. Үлкен арғымақ мүйіз ожаумен сары қымызды торы ала тостағандарға құйып, жұртқа төрден төмен қарай жағалатып беріп отыр. Қымыз кұйып отырған екі жігіттің бірі ортадан жоғары бойлы, сіңір денелі, қара бұйра шоқша сақалды сұр жігіт, көйлекшең. Көйлегінің аркасына, жаурыныңа майлы, кірлі иісті тер өткен. Бүл жігіт аяғындағы ескі саптама етіктің жырымдалған киіз байпағының қонышына қолын тығып, сирағын қасып қояды.
Оның қасындағы орта бойлы, төстіктеу, күнге тотыққан аққұба көселеу жігіт үстіндегі камзолын ағытқан және көйлегінің омырау түймесін ағытқан, кір, дымқыл қол орамалмен маңдайының терін сүртіп қояды.
«ИСА ЖЫНДЫ МА?»
— Әй-әй, «мәнт әшәпбиһе би қауми-паһиуа мін һиу» деген пайғамбарымыз! Сен бала бұл күпірлігіңмен ақыретте көзің ашылмайды! — деген үн суырдың, айғырының даусындай шаңқылдады.
Төрдегі Сағиттың оң тізесін баса отырған ұзынша бойлы, үлкен ауыз, талыс ұртты, аз ғана сақал-мұртты, күнге тотыққан аққұба кісі бұ сөзді айтып, сұрғылт көз бала жігітке қарады.
Үй артындағы топталған аттың қасында жүрген бір-екі ересек атшы бала қамшыларын белдеріне қыстырып келіп, есіктен сығалап, біреуі біріне сыбырлады:
— Ей, бүл кім! — деді күбірлеп.
— Бүл әлгі Сырттанбай Иса молда емес пе! — деді жігіт болып қалған бала кішісіне. Анау да «білдім» дегендей қылып, таңырқай ойлаған көздерін үлкейтіп ашты.
— Е, е-е!.. — деді ойлаған сияқты болып.
— «Мәнәшәббіһә би қауми-пәһиуә мен һим!» — деп пайғамбар адамның сыртқы киіміне, түріне қарап айтқан емес, ішкі қалпына қарап айтқан! — деді тор жақта Сағитқа таяу отырған толық, құба өңді дөңгелек бет жас жігіт.
— Жоқ, білмей айтасың, шырағым. Адамның ішкі қалпы, ішкі сыры бір алладан басқаға қараңғы деген. Бүл қадисте пайғамбарымыз һәр кімнің сыртқы түрін айтқан!.. Міне, сенің топыңның астындағы шашың өсіп кетіпті, міне сен ақыретке мизам таразысы құрылған шақта, кәпір қауымының ішінде боласың, — деді Иса молда.
— Олай деме, Иса, біздің молда жас болса да шариғатты жақсы білетін адам. Күнде алланың мың бір атын айтып, балаларға иман үйретіп отырған адамды олай деуіннің өзімен күпір болмайсың ба? — деді Сағит.
— Бұл кісілерді молда деуіміз қате! Және бүл кісінің әкесін жұртқа қалпе дейтін көрінеді. Ол тіпті молда емес. Молда деп мешіттің имамы болып отырған кісіні айтады. Қалпе деп медреседе, мектепте дәріс айтып отырған кісіні айтады. Бұл кісілерде не мектеп жоқ. Және дәріс айтатын, имам болатын бір белгілі медресені қатым қылған кісілер емес, бұл кісі әкесімен екеуі құр «мен молдамын, мен қалпемін» деп дүрілдегендерімен бола ма? — деді Сағиттың бала молдасы, отырған жұрттың бірсыпырасы дуылдап күлді. Иса молда қозғалақтап түксиіп, кәріне мінді.
— Ей, бала, байқап сөйле... Әттен, бөтен жердің баласы екенсің, әйтпесе кеудеңе мініп алып, дал-далыңды шығарар едім. Сендей әдепсіздің, азғынның! — деді Иса дірілдеп.
— Сайекеңе қараған бір тайпы елдің баласын оқытып отырмын. Азғын болсам бес-алты ауылдың бастығы мына Сағитекең білер. Мен өтірік қалпе, өтірік молда болып жұртты алдап жүргем жоқ, — деді Сағиттың молдасы.
— Ей, ...ұрайын, бір емес, екі емес, «өтірік молда, өтірік қалпе» деп қоймайтынын не? Мен қаңғырып сенің еліңе барып өтірік молда болып жүрмін бе? Тұқымыңды ұрайын, аузы-басыңды шие жегендей қып-қызыл қылайын ба! — деп Иса молда тізесінің астындағы қамшысын алып, Сағиттың молдасына қарай тұра ұмтылды.
Үйдің іші үрпиісіп қалды.
Иса молданы Сағит, Мейрам және басқалары ұстай алды.
Иса молда қаңтардағы бураша қалшылдады.
— Е, Иса! Саған не болды?.. Молдеке! Мұныңыз қалай, шариғат айтып отырып ашу шақырғаныңыз!.. Отыр!.. Отырыңыз, отыр! — десті Сағиттар.
Отырған жұртқа аш бураша қарады Иса.
— Заузатыңды ұрайын, бір осындайлар жайылып кетіпті елге, «балта, қайрақ, шөт, а, ба, та» деп оқытқанды бір қол жетпейтін ғылым деп ойласа керек!.. «Азғын болсам мына Сағитекең білер», — дейді. Сағит... біледі? Малы коп болған соң біле ме Сағит?.. Сағит білсе, сендей шікірейген немені молда деп ұстамас еді, — деді шақылдап, Иса молда.
Үйдің сыртындағы босағада сығалап тұрған атшы баланың кішісі үлкеніне күбірлеп:
— Ойбай-ай, мынау пәле ғой өзі, — деді.
Үлкені:
— Ойбай, бұл жынды ғой!.. Былтыр Мейрамдікінде Мұқашты сабап, бетін тырнап тастаған! — деді.
«ҚҰДАЙДЬІҢ УРЯДНИГІ ME, ҚАБАҒАН ТӨБЕТІ ME, КІМ?»
Сағиттар отырған үйге таяу үйдегі Күшмағамбеттер тысқа шығып аттарының қасына барып, қара құманмен дәрет алып отырды. Күшмағамбет білегін түрініп, қолын жуып отырып, Сағиттар отырған үйден естіліп тұрған шақылдаған, дуылдаған дауысқа құлағын салып, қасындағыларға данаша, баптана бұйыра сөйледі.
- Уай, мына құлaнның айғырындай шақылдаған дауыс кімдікі екен, біліп келші! — деп бір жігітті жіберді. Жігіт жүгіре басып барып, Сағит отырған үйдің босағасынан сығалап тұрған атшы балалармен сөйлесіп, өзі де сығалай қарап Күшмағамбеттердің, қасына қайтып келді. Күшмағамбет баптана қарап, жылтыраған қысық қара кезін әдейі кеңірек ашып, сұрады:
— Уай, немене, кім екен? — деді сөздерін салмақтап.
Жігіт:
— Омарбек Қалпенің Иса молдасы біздің бала молдамен шариғат таластырып, төбелесіп қала жаздаса керек! — деді күліңкіреп.
Күшмағамбет ақылды түрмен баптанып, терең оймен үлкен қара бұйра сақалын көтеріп, басын изеді.
— Бәсе, бәсе, сол жындының даусы сияқты ғой деп едім!
— Сырттан байлықтың үстіне, жындылықтың үстіне қымыз қосылып отыр-ау, ә! Және топты керген соң да жыны қозып отыр ғой!
— Құдай-ау, бұл молдалықты не қылады екен! «Сырттанбай» «Сырттанбай» деп екі кісі бас қосқан жерде қамшы үйіруімен жүре берсейші шіркін!..
Жұмырлар данышпан екен-ау! Омарбектің Исасы молда болыпты дегенде айтқан екен: «Алда тәңір-ай, бір үйден екі қабаған төбет шықты дегенше, ауыл-аймақтың мазасы кетті десейші! Омарбек арсылдаған бір қабаған төбет еді», — деген екен. Жұмырлар әулие ғой, — деді Күшмағамбет.
Қасында тұрғандар күлді.
— Жүмакеңдер тамаша екен-ау! — деді біреуі.
— Иса молда молдалық қылмағанда қайтсын, бағып отырған малы жоқ, — деді екіншісі.
Дәрет алып болып, отырған үйіне келе жатып Күшмағамбет қасындағыларға Омарбек қалпе мен Иса молданы осылай сөз қылды.
— Ана жылы мұның әкесі Омарбек жынды Тораңғы Ділмағамбеттерге келіп, құдығының басында жылқысын суарып жатқан Ділмағамбеттің баласын сабаған ғой. «Мен құдайдың роднегімін! » — деп.
«Сендер, енеңді ұрайын, орыстың роднегі келсе қорқып, қол қусырып аттарын байласасыңдар, қойларыңды соясыңдар. Құдайдың роднегі келсе орындарыңнан қозғалмайсыңдар!» — деп Ділмағамбеттің баласын сабаған ғой! — деп күлді. Қасындағылары да күлді.
— Ха-ха-ха!.. Х-ха-ха!.. Жынды екен-ау! Қызық екен-ау өзі! — деді біреулері.
— Апырай, дұрыс-ақ екен, Омаштікі, — деді әлгі екінші біреуі.
— Е, несі дұрыс дейсің оның, — деді Күшмағамбет.
— Жоқ, дұрыс-ақ! — деді тағы да әлгі күліп.
Үйге кіріп отырған соң, Күшмағамбеттің, қасындағы Шамсы деген қарасақал айтты.
— Ана жылы, осындай жаздыгүні жайлауда, бір бас ұлтан сұрайын деп Сәтекең аулына Ұйтқыбектікіне барып отырдым. Ұйтқыбек онда сауда қылатын. Біраздан соң Ұйтқыбектікіне сол Омарбек қалпе келіп түсті. Қасында бір қосшы баласы бар. Бәріміз тұрып қолын алып, құрмет қылып жатырмыз. Төрге Омарбек қалпе шығып отырды. Ұйтқыбектің қатыны отыр, өзі отыр. Отырысымен Омаш маған қарап:
— Шырағым, ана кісіге айтшы, құманына су құйсын, дәрет алуға! — деді.
Мен кішкене таңырқаңқырасам да Ұйтқыбектің қатынына айттым Омарбектің сөзін.
Ұйтқыбектің қатыны «Құманда су толы», — деді.
Мен өзі естіп отыр ғой деп Омарбектің бетіне қарап едім, Омаш маған қарап «Не дейді шырағым?» — деді.
Мен:
— Естіп отырсыз ғой, құманда су толы деп отыр ғой, ана Жадыра, — дедім.
Тұрды да тысқа шығып дәрет алып келді. Төрге келіп отырды да:
— Шырағым, сұрашы ана кісіден, жайнамаз жоқ па екен намаз оқитын? — деді тағы да маған қарап.
Мен күлерімді де білмедім, күлмесімді де білмедім. Ұйтқыбекке қарасам, ол көзін қысып күледі. Қатыны Жадыраға қарасам, ол тамсаныңқырап қалпеге қарап отыр.
— Ана кісінің өзі естіп отыр ғой, өзінен неге сұрамайсыз жайнамазды? — дедім.
Омарбек қалпе:
— Meн кейбір әйелмен сөйлеспеуші едім... Сұрасайшы, мен сұра деген соң! — деді.
Сонсоң мен Жадыраға:
— Ана қалпе жайнамаз сұрайды, — дедім.
Жадыра:
— Жайнамаз жоқ, — деді.
Мен өзі естіді ғой деп тағы да үндемеп едім, қалпе маған қарап:
— Не дейді? — деді тағы да.
Мен:
— Жайнамаз жоқ дейді ғой! — дедім...
Сүйтіп кеткенінше Ұйтқыбектің қатынына айтатын сөзін маған айтқызып отырды. Және қатынның айтқан жауабын менен сұрап алып отырды. Мен сонда таң болдым, Омарбектің мінезіне! — деді. Тыңдап отырған жұрт күлді.
Күшмағамбет күліп қойып, терең оймен қысық қара көзін жылтыратып, үлкен қара сақалдыға басын изеді.
— Я, я, ол сүйтеді!.. Ол сүйтеді! Жұмыр айтқан, Жұмыр айтқан, — деді.
ШАБДАНБЕКТІҢ СЫРЛЫ, ОЮЛЬІ ОТАУЫНДА
Шабданбектің баласының алты қанат оюлы, сырлы ақ отауы үлкен үйінен қашығырақ тігілген. Отаудың іші гүл-гүл жайнайды. Төрден табалдырыққа шейін кілем, киіз, текеметтер төселген, жағалай әдемі, кестелі, оқалы түс перделер ұсталған.
Бұл отауға Сәттібектің, «Сәтібай құдығындағы» ауылдарынан келген адамдарды түсірген. Сәттібек балаларының ішіндегі ірі байы сол «Сәтібай құдығында» отырған Жексембайдың ауылы. Бүл тойға жиналған елдің байы да сол Жексембайдікі. Жексембай өзі болыс болып жүріп өлген. Баласы Исатай мен інісі Жайлаубек және оның тілмашы Шабданбектің отауында отыр. Жайлаубек бір-екі жылдан бері болыс. Отауды әдейі соларға даярлаған.
Коп жұрттың қолы жете алмай жүрген Жексембайдың Исатайы мен інісі Жайлаубек енді Шабданбектің «ардақты» құдасы болады. Бірақ Сәлменге қарындасын беріп, Исатай мен Жайлаубекке енді Шабданбектің құда болатындығын Исатай мен Жайлаубек, әсіресе Исатай, тек бір қалжың сияқты ғана көреді. Исатай тіпті Сәлменнің немере-шөбере туысқан екендігінің өзін де қалжың сияқты көреді.
Бірде, ел көшіп келе жатқанда Сәлменнің үлкен әкесі Омардың Үсен деген бір нашар жарлы-кедей баласы, жүк артқан сиырымен әуре болады. Оның жанынан астында бәйге кер ат, қасында екі-үш жігіттер бар Исатай өтіп бара жатады. Үсеннің артқан сиырының жүгі ауып қалып, соны түзете алмай бүкіреңдеп, мықшындап жатқанын көріп Исатайдың «жанама жігіттерінің» бірі:
— Ананы қарашы, ана ағаңызды қарашы! — депті. Оны көріп келе жатқан Исатай бұртиып жақтырмай қалады.
— Кет әрі, мен оны танымаймын да! — дейді.
Сүйтсе де, Шабданбек байғүс, Исатайдың туысы Сәлменге қарындасын беріп, Исатайдың ауылымен құда болдым деп жүр.
Шабданбектің сырлы ақ отауында масаты кілем, шәйі жібек көрпенің үстінде күс жастыққа шынтақтап, мекірене кісіней күліп Исатай отыр. Отауға жағалай лық толып сығылысып отырған Жексембай аулының маңындағы ағайындары, қарашылары, жанама жігіттері, атармандары. Өзгелер үйде жағалай сығылысып әрең сиысып, терлеп отыр. Тек Исатайдың екі жағы бос, кең. Отаудың ортасында күмістеген үкілі піспекті екі жылқының терісінен істелген үлкен қара саба тұр. Ішіндегі лықылдаған сары қымыздың күшті мас иісі сыртынан аңқиды. Сабаның қасында екі жігіт тершіп кезек-кезек түрегеп керіліп тұрып үкілі күміс піспекпен сабаны жай, ауыр салмақпен гүмп-гүмп еткізіп пісіп қояды. Екі жігіт қымызды үлкен тегенеге құйып алып, ожаумен сапырып отыр. Бірі ожаумен құйып, екіншісі торы ала тостағандармен жағалай үлестіріп жүр. Исатай көкала кесемен ішіп отыр. Төрдің алдында Жексембайдың інісі Жайлаубек болыс. Бір үйірде тілмәш Семен. Исатайдың қолынан көкала кесесі түспейді. Жайлаубек болыс пен тілмаш Семеннің қолдарынан торы ала тостағандар түспеді. Исатай мен Жайлаубектің езулері екі құлағында... Маңдайлары, мұрындары тершіген. Екеуінің киімдері шұға, диагонал, түлкінің қара каска пұшпағы, әдемі әмірқан етік. Үйдегілердің бәрі де сары қымызға елірген, ырбаңдай-жырбаңдай күліп Исатай мен Жайлаубектің ауыздарынан шыққан сөзді, тастаған сүйекті қаққан тазы итше, қағысып алысады.
— Еһе-һе-һе!.. Игілік! Ей тағы да айтшы, тағы айтшы! — деді мекірене күліп Әбенге Исатай. Жастықтан шынтағын алып, кеудесін көтеріп отырып алдына, кілем үстіне қойған көк ала кесені алып шайқаңқырап қымызынан бір жұтып қайтадан алдына қойды.
Ей-е! Е-һе-һе! Игілік... тағы айтшы, тағы да айтшы! — деді күліп.
Орап сөйлеген тілі сөзін балдырлатып шығарды. Исатайдың шара табақтай дөңгелек толық сақалы, мұртсыз жылмағай беті күлгенде, он бесінен туған айдай жалтырайды. Бірақ, күлгенде і аман тістері бұзылған тас қораның іргесі сияқтанды. Қиюы әлсіздеу еріндері ашылғанда ластау, көгілдірлеу, реңсіздеу, кейбіреулері қосақтаса шыққан жаман тістері көгерген, қиюы қашқан лас көшенің ағаштары сияқтанып та көрінеді. Сарғылт боз көзі лас қораның, төбесінен ағып жатқан тамшының мағынасыз мұзындай жылтырайды.
ӘБЕН ҚУ
Әбен қылжақтап өлеңін айта берді:
Ей, қалқа, сенің көзің-ау, черный-қара,
Пятьдесят пять рублей серебро-ай!
Көңілімде нет, не видал-ау десем-дағы
Ей, қалқа, қырындамай бермен қарау-ай!
Қапсыңқа, қабағың-ай, киуа-киуа
Мінгенім тор бестіге түйе жия, уай!
Сібір мен Орынбордан асып жүрген
Баласы Сасыққара Қанапия-уай!..
Әбен орта бойлы, жапырайған бозғылт сарылау жігіт. Қоңырлау, бұйралау сақал-мұрты қырдың тырбиған тобылғысы сияқты. Бірақ онысын күзеңкіреп қырқып жүреді. Жылтыраған к,ысық, қулау сарғылт қоңыр көзі сықақ, қулық, ұятсыздықтың айнасы сияқты.
Әбен тершіген мандайын сипап қойып, әлгі өлеңін қоя салды да, басқа әнмен басқа өлең айта жөнелді.
Еділдің ар жағында бір терең сай,
Сүйреткен жібек арқан тел торы тай,
Ағаштың бұтағына қонып алып,
Сайрайды тан алдында қара торғай.
Еққу, е — е — е — е.
Еққу, е — е — е — е,
Еққу, е е — е — е.
Еққу, е — с — е — е — ай!..
«Екку-е-е-е-е» дегенде көмейін бүлкілдетіп, дыбысты көмейінен, тамағынан шығарып, қара торғайдың сайрағаны сияқтандырып, көмейін, тамағын қылқылдатып, үнін қайырып, қысық көздерін онан сайын қысып, жылтырата күлімдеп, мойнын қылқың еткізеді.
Отырған жұрттың бәрі дуылдап күлісіп отыр.
Төрде отырған Жайлаубек: уа-һа-һа-һа! — деп саңқылдап күлді.
— Еһе, he, he! Іггі! — деп Исатай мәстекше кісінеді. Тілмәш Семен күліп: «Пайди к чорту!» — деді.
...Сайрайды таң алдында қара торғай!
Дауысы кекті жарған бала торғай!
Ағаштың бұтағына қонып алып,
Сайрайды таң алдында толғай-толғай.
Еққу, е — е — е — е,
Еққу, е — е — е — е,
Еққу, е — е — е — е,
Еққу, е —е — е —е — ай!.. —
деді Әбен тағы да қылғынып, жылтыраған кездерін қысып қойды.
Отырған жұрттың күлгені күліп, күлмегені де қозғалысып дуылдасты.
— Е, е, тағы да! Тағы да! — деп шулады.
— Е, тағы да, Эбен! Тағы да! — деді күліп, қымызын жұтып қойып Жайлаубек.
— Тағы да, Эбен, тағы да! — деді Исатай көгерген ластау тістерін ырсита күліп.
— Ей, Әбен, Әбен! «Қададымыңды» айтшы, «Қададымыңды» айтшы! — деді.
— Іггі!.. һек! һек!
— Жоқ, жоқ «Мілләйді» айтшы, «Мілләйді» айтшы!..
Әбен екі жаққа ителгіше қылқындап қарап, аузын томпайтып өтірік күлді.
— Дібіб! Шулама! — деді.
— «Говәрит можно, толко әден раз!»
— Шампанскей қарашы, дай мне еще раз!
— Какой қырғыз смеется! — деп тағы да әлденелерді айтып былдырақтады.
«Орысша қалай сөйледім», — дегендей үріккен тайыншаша мақтанып Семенге, Исатайға, Жайлаубекке қарады.
Отырғандардың көбі соған да дуылдасып-шуылдасып күлді. Ей, тағы да орысшалашы! Тағы да орысшалашы! — деді , еріккендер.
Іггік!.. Еһгік!.. Орысшала, орысшала!.. Әй, қымыз! Шалтай, қымыз берші Әбенге, қымыз берші, — деді Исатай. Әбенге тағы да қымыз құйып әкелді.
Әбен басын қылқыңдатып еңкейіп, торы ала тостағанның і иегінен тістеп, қолымен ұстамай, тостағанды тістеп көтерген бойымен қымызды жұтып-жұтып, тостағанды басына бір-ақ көтерді.
Отырған еріккен жұрт бұған да шуылдасып-дуылдасып күліп жатыр.
— Іггік!.. Еһе-е-еһгік! — деп Исатай кісіней, ырсылдай күлді. Тостағанды тістеген бойымен кілемге еңкейіп жатып, Әбен айқайлап ән салып қоя берді.
Туыпты бір анадан Күлләй — Мілләй,
Шаштары құлаш жібек, үні сырнай.
Көзінде екеуінің сиқыр оты,
Гауһардай жалтылдайды жүзі нұрлы-ай!
Үкілі-а-а-ай шоқ,
Мілләй, Мілләй!
Анадай ашына Күлләй!
Ақау каләләку,
Лнләләку шшәй.
Мілләй!..
Ауылдың ақсақалы Көлбай, Жанбай,
Кім алды шідерімді Ләйлім алмай?
Тиегі шідерімнің алтын еді,
Кетпеймін сол шідерді атқа салмай!..
Үкілі-а-а-ай шоқ,
Мілләй, Мілләй!
Анадай ашына Күлләй!
Акау каләләку, Ли ләләку шіләй.
Мілләй!.. —
деп шырқап, қылқынды Әбен... Үйге екі қазақ кіріп келді.
— Орта толсын! — деді анда-санда ақ күміс аралаған қара бұйра сақалды ала көз, орта бойлы адам. Көзқарасы кедей ауылдың сүзеген бұқасынан аумайды.
— А, а, қажы келді ғой! Қажекең келді ғой!.. Жоғары шығыңыз, Бақа! — деді төрдегі Жайлаубек.
Есік алдына ескілеу кебісін тастап, жеңсіз камзолының сыртына желбегей киген үлкен кең көнелеу қара шапанын делеңдетіп, Бақаң қажы терге қарай жүрді.
Жайлаубек түрегелген соң үйдегілердің бәрі тұрып қажының қолын алды. Қажы маңызданып Жайлаубектің қасына орналасты. Қасындағысы да кеуделеп барып отырды.
Үйдегі дуылдап күліп отырған жұрт ойын-күлкіні қойып, Бақаң қажыға назар аударуда.
Бүл кісі Сырттанбай батырдың ұрпағы, Шуылдақ Бақмағамбет қажы еді. Сәттібек балаларының атасы Ескене мен Сырттанбай батыр бір туысады. Жұрттың, бәрінің дуларын қойып, көздерін қадай қалғанына онан сайын маңызданып, үйдегілермен Бақаң қажы жалпы иек қағып амандасты.
— Е, Исатайжан, құнандарың бақытты болсын! — деді.
Исатай қозғалыңқырап қойып, қажыға қарамай алдына қарап көзін онан сайын бозартыңқырады.
— Айтсын! — деді.
Исатай тілін ораңқырап сөйлейтін болғандықтан «айтсын» дегені «айтылсын» болып естілді.
Жайлаубек қымыз құйып отырған жігіттеріне көзін ежіретіңкіреп:
— Ей, қымыз әкел, Бақаңа, ана Жуанышпайғада... неге қарай қалдыңдар! — деді, және:
— Бақа, немене, құнан мен балуаныңыз бар ма әкелген тойға! — деді қажыға Жайлаубек.
— Е, кұнан деп қай бір күйлі құнан бар дейсің? Әлгі Әміреш пен Жаролла деген бір-екі жаман-жұмандарын әпкелді білем!.. Ал балуан болатын болса, жастар, өздерің күресіп бізге бәйге әпермейсіңдер ме? — деді күліп қалжыңдап.
— Райысбектің, Акыбектің балалары мықты балуан емес пе? — деді жымиып Жайлаубек.
— Мықты болса көреміз ғой! — деді Қажы торы ала тостағанмен шүпілдеген қою сары қымызды ала беріп.
«УAT ШАЛАБЕК»
Қымыз құйып отырған Шалтай деген пысықша, адамсыған қызылша жігіт Бақмағамбет қажыға қарап, Әбенге қарап қойып күлімсіреп сөйледі:
Білмеуші ме едіңіз, қажеке, мұның әкелерімен туысқан әлгі Садекең деген ағасы орыстың бір ұлығы келгенде орысша білемін ден Шалакенді тауға қашырған ғой, — деп күлді.
Бақмағамбет қажы да күліп:
— Я, Садекең жарықтық сүйтті деп күліп жүретін еді жұрт! — деді.
— Ігік-еһегік!.. Айтшы-ей, Шалтай, соны! Айтшы қалай болғам? — деді күліп Исатай.
Шалтай тілмашқа, Исатайға, Жайлаубекке қарап қойып сөйледі.
— Елге үлкен ұлық келіп жатыпты. Елдің болыстыққа таласып, партия жөнінен бірінің, үстінен бірі берген арыздарын тексеріп, бірталай кісіні шақырып жауап алса керек. Онда Жексемендердің Ірбітке, Иманпосқа жәрмеңкеге барып жүрген кезі болса керек. Әлгі келген ұлыққа тіккен үйдің айналасында елдің адамдары соз тыңдап, үйді жағалап жүрсе керек, қалай болар екен деп, қауып қылып. Жауап алып жатқан ұлықтың беті қатты дейді. Бірсыпыра үлкен адамдардың басын сотты қылып жатса керек. Сонда Садекең ұлық жауап алып жатқан үйдің жабығынан тыңдап тұрса, ұлық қайта-кайта:
— Бот человек, шаладит сем шалабек! — деп қоймапты.
Орыстың «шалабек» дегені «кісі» деген сөзі екенін білмей
Садекең сол сөзді естіп алып, тез Шалабекке кісі шаптыртыпты.
— Шалабекті шақырып жатыр. «Шалабек», «Шалабек» деп қайта-қайта айтып аузынан тастамайды. Бар, Шалабекке хабар беріңдер, бойтасалай тұрсын! — депті.
Сонсоң, Садакеңнің өзі де асығып атына мініп барып Шалабекті тауып алып айтыпты:
— Мен әйтеуір, едәуір орысшаға түсінуші едім, сенің атынды қайта-қайта айтып тепсініп тұрды. Ұлықтың түсі жаман, тез бойтаса қылып, мына тау жаққа кете түр! — депті.
Сонсоң Шалакен атына міне салып қашып, Ордың тасына сіңіп кетіп, ұлық елден кеткен соң, да ауылға келуге қорқып жүріпті,жұрт Шалакеңді әрең тауып әкепті!.. — деп күлді.
— Ігік!.. Еһегік! — деді кісінеп Исатай. Әбен Исатайға қарап, жылтыраған қу көзін қысып қойып, басын шұлғып, қылжақтап өлең айтып қоя берді:
Астымда дайым менің черный қасқа!
Жануар шабыттанса түсер тасқа.
Бой бермей еліккенде тасты басса,
Қара тас қақ айрылар екі басқа!
Ay-ay, қалалым, қалалым,
Қалалаку дидәдім-ай...
Үйде отырған есірген, еріккендер енді қирай күліп жатыр.
Жалтақтап, ала көзінің қара қылды жанары құбылып Бақмағамбет қажы да күлді.
— Е, е, ақымақ, сондай да өлең болады екен-ау! — деді.
«КИГЕН ЕКЕН»
Алшысынан киген қарақасқа пұшпақ бөрікті қозғап маңдайына таман еңкейте киіп, желбегей киген судыраған шапанның қарала жібек батсайы әдібіне және қара шұға бешпетінің қарала күміс түймелеріне қарап қойып, Шабданбек ала көк атты сылаңдатып, Бәкеннің отауына қарай жүрді. Қасында бір інісі мен бір ағайыны да аттарын жайнаңдатып келе жатты. Шабдан¬бек жылтыр әмірқан кебіс-мәсісін шықырлатып, күміс үзбелі үзеңгі бауын шықырлата шіреніп, қаракөк атты әсем бастыра аяңдатты.
Бәкеннің отауына түсе-түсе қалып, аттарының шылбырларын белдеуге іле салып үйге кірді.
Жарқын жүзбен:
— Ассалаумағалайкүм, — деп сәлем берді.
Жасы үлкен болса да өзінен кішілерге сәлем беруді ана жылы Ердекеңнен көріп еді. Ақылды көсем Ердекеңнің мінезіне әркім-ақ еліктеуші еді.
Тайжүзген жастары Шабданбекке қайыра сәлем беріп қозғалысып қалды. Шай құйып отырған ауыл келіншегі қозғалып қаршығадан бұққан қоңыр үйрекше тұқиыңқырап қалды.
Тойшы жастар тойға «құтты болсын» айтысты.
Шабданбек күліп жігіттермен ойнап:
— Қымыздарын, жоқ екен!.. Сендермен амандасайық деп келіп едік! Шай ішіп отыр екенсіңдер. Біз қымызы бар үйлерді аралайық, — деді.
Бір тізелерін бүге-бүге салып шыққан болды.
Шабданбектің судыраған көгебай шапанының қарала жібек патсайы әдібі қайырылып, қара шұға бешпеттің қарала күміс түймелері жалтырап тұрды.
— Шайға келіңіздер. Шайға келіндер! — деді Айшуақ пен Айтжан, Тәжен үшеуі.
— Жоқ рахмет! Іше беріңіздер! Әшейін амандасып шығайық деп келіп едік!.. Іше беріңдер, — деп Шабданбек қара жылтыр әмірқан кебіс-мәсісін шықырлата шығып кетті.
Айтжан жымиып Айшуаққа қарады.
— Киген екен Шабданбек! — деді.
Айшуақта күліңкіреп:
— Я, киген екен! — деді.
Бұлардың «киген екен» дегені киімді ұқсатып, сәндеп, дұрыстап тауып «киген екен» деген мысқылдары болушы еді.
ТӨРЕЛЕР
Аздан соң Бәкен үйінің жанында атты-жаяулардың дүбірі, дыбыстары естілді.
— Міне, осында... осында еніңдер!.. Бірақ әлгі айтқанды ұмытпа! — деді тыста күлген Сарының дауысы.
— Қой, ей, әңгіленбей аулақ жүр! Mac немемісің өзің, атыңды омыраулатып, бет-аузың ит жалаған жез шылапшындай болып, — деді сыңқылдаған бір жас әйелдің дауысы.
— Әй, боз тұмсық Қалыбектің қызы көкиіп кетіпсің ғой! — деді тағы Сарының дауысы.
— Қалыбектің қызы болса да, сендей қас-кірпігі ақ байталдың күн тимесінің жүніңдей, жалқаяқ сарыға пысқырмайды да! — деді әйел дауысы.
— Төрежан, жүрші Төрежан! — деді тағы әлгі сыңқылдаған әйел дауысы.
— Ей, мына торт ешкіні қайырып келдім, ал енді ие болыңдар! — деді Сарынын, дауысы.
Үйдегі жігіттер тыстағы сөзді тыңдап күлісіп отырды.
Үш-төрт кыз-келіншек кіріп келді.
Бірі Шабданбектің өз қызы, екіншісі Шабданбектің ағайындарының қызы, бірі Ақмағамбеттің қызы, Шабданбектің кіші шешесінен туған Бәкеннің келіншегі және бір келіншек.
Үйде шай ішіп отырған жігіттер қозғалысып, кейбіреулері сұқсыр көрген қаршығаша жымиысып, кейбіреулері тек аңырайыңқырап күлімдесіп қалды.
— Ә-ә, құдаша-құдағилар!.. Амансыздар ма! Тойларыңыз тойға ұлассын!.. Тойларыңыз құтты болсын!.. Ұзатар көбейсін! — десті жігіттердің үлкендері.
Қыз-келіншектер сызылыңқырап, іштерінен бірдеме айтқандай жымиысып:
— Ышш!.. Ышш!..
— Шүк!
— Шүкір! Шүкір! Айтсын! — десті.
Ұялыңқырағандай, сәнденіңкірегендей сызылып, сөздерінің ақырын естіртпей жұтып, лептерін тістерінің араларынан сызаттап қана шығарды.
Бәкеннің келіншегі көсемдік қылды.
— Өздеріңіз де аман-есенсіздер ме! — деді.
— Жоғары шығыңыздар. Жоғары шығыңыздар, немене, кіммен қуысып жүрсіңдер! — десті жігіттер.
Тағы да Бәкеннің келіншегі:
— Жоқ, алды риза болсын. Әшейін амандасып шығайық деп келіп едік. Осындағы коп есердің бірі сырттағы қарап тұрған үлкен кісілердің көзінше ат омыраулатты, — деді.
— «Төрежан» дегеніңіз сол ат омыраулатқан кісі ме? — деді келіншекке Айтжан аңқаусып.
Жігіттер де, келіншек-қыздар да дуылдап күлді.
— Жоқ, мына баланы «Төрежан» деп едім! — деп келіншек Шабданбектің қызын корсетті.
— А-а, төре болса, төре жоғары шығады! Төре төрге шығады. Ал ендеше жоғары шығыңыздар! Мына шайға келіңіздер. Ал, жігіттер, араларыңды ашыңдар! — деп Айтжан жігіттерді қозғап, орын қағыстырды.
Болмаған соң кыз-келіншектер жоғары шығып, жігіттердің араларын ашып босаткан орындарына отырды.
Ыстықтан шөлдеп, шай ішіп отырған жігіттердің араларына келіп сығылыса отырған қыз-келіншектер онан сайын ысытты.
Қыз-келіншектер үстеріне бар тәуір деген киімдерін киіп пысынаған: көлеңдеген қос етекті көйлек. Қыздардың кигендері барқыт бешпет. Келіншектердікі де қамзол-бешпет. Бір келіншекті басында көк жібек шәлі, Бәкеннің келіншегінің басындағы кестелеген ақ кимешек, көкке малынған, бет жиегі меруерттелінген. Екі қыздың бастарында күміс жіппен кестелеген күрең барқыт топы. Үстерінде бірінің кигені қызыл барқыт бешпет күміс оқалы. Бірінікі қызыл жібек камзол шұбалған, судыраған қос етек бүрмелі көйлектері төгілген, шатырша дөңгеленеді. Екі қыздың бірінікі ақ. Шабданбектің қызынікі қызыл жібек. Екеуінің де ұзын жуан қылып өрген қою қара шаштарында сылдырлаған шолпы.
Қыз-келіншектерге шай құйды.
Атын белдеуге байлап үйге Сары кіріп келді. Үйдегі жігіттер күліп Сарыға қарады.
— А, а, төре келді!.. Жоғары шығыңыз, Сары төре!
— Ей, сен бізбен бірге шығып, бөлек кеткенің не?.. Әй, ит-ай, қымыз андып кеттің-ау, ә-ә? Ал, жоғары шық енді, — десті Сарыға.
Сары күнше жалтырап күлді:
— Қымыз да аңдыдым, қыз да аңдыдым! Мен болмасам мына қыздарды мұнда кім әкелер еді! — деді жалтаңдап.
— Әй, бүл кісілерді сен алып келіп пе едің. Біз өздері келген екен десек? Ендеше отыр, мал тапқышым! — деді Айтжан қалжыңдап.
— Ие, бүл болмаса жұрт адасып кетер еді! — деп Бәкеннің келіншегі Сарыны келемеждеді.
Жігіттер күлісті. Оразалы Сарының бетіне қарап сықақтап күлді.
— Е, ек!.. Ит жалаған шылапшын бет!.. Ақ байталдың күнтимесінің жүні! — деді.
Жігіттер тағы да дуылдасып күлісті.
— Әй, енеңді ұрайын, Маусымбектің шатасы, не қыласып қылжақты! — деді Сары.
Жұрт онан сайын күлді.
— Е, делқұл немемісің! Мен бе екен сені үйдеген! Жана тыстан есіттік қой! — деді Оразалы.
— Я, саған ондай ат қойған Оразалы ма? — деді Айтжан күліп.
Сары Бәкеннің келіншегіне қарады. Келіншек Сарыға қарады. Екеуі үндеспей, арбасқандай, бірін-бірі көзбен алысты. Үйдегі жастардың бәрі де екеуіне қараса қалды. Сары келіншектің бетіне қарап тұрып:
— Бұл кісінің қалжыңының өзі сол! — деді. Жастар дуылдасып оған да күлісті.
— Бишар-ау, біреудің айтқан сезін айтпай, өзің сөз тауып айтсайшы? Сенін, әулекі мінезіңе сондай сөз айтпаса болмайды, — деді келіншек.
— Қой енді, отырып шәй іш! — деді Мұздыбек.
— Ана бала қасынан орын берсе отырам, әйтпесе отырмаймын! — деп Сары Шабданбектің қызының қасынан орын сұрады.
Жігіттер күлді.
— Жұрттың қалжыңдап ойнағанына мәз болып, өңешіңді созбай-ақ қой, байғұс! — деді Бәкеннің келіншегі.
Сары оған кемімей қылжақтап күлді.
— Е, мен енді сен сияқты жаман қатынның қасына отырады дейсің бе? — деді.
Кейбір жігіттер ойнап тағы да күлісті.
— Сен сияқты бір ұйпалақ сары мысық та жоғарыда ілулі тұрған етке қарап сүйдеген екен. — «Анау ет сасық-ау, әйтпесе жер едім» деген екен, — деді Бәкеннің келіншегі.
Жігіттер ду күлді.
Сары жалтақтаңқырап сасып қалды.
— Бұл кісінің қалжыңының,өзі осы! — деді тағы да.
Кейбір жігіттер оған да күлді.
— Біреуден естіп алған сөзді өз сөзің қылып айтасың ғой, мен өзіңнің мінезіңе қарай айтып отырмын ондай қалжыңды, — деді келіншек.
— Ей, отырсайшы, шай ішсеңші, — деді Айшуақ.
Сары кемімей тағы да:
— Қасындағы баланың қатарынан орын берсең отырам! — деді күлімсіреп.
— Орын берейін, шын төреше сызылып сыпайы отырсаң! — деді Айшуақ.
— Тіпті қызша сызылып отырайын, — деді күліп Сары.
— Кәне, ендеше, келе ғой!.. Кәне, құдаша, бері таман отырыңыз, ар жағыңыздан ана Сары төре отырсын! — деп Айшуақ қозғалып орын босатты.
— Отырсын, төреңіздің төрелігін көрейік! — деп қыз қозғалып орын босатты.
Жігіттер күлігі отыр.
Сары келіп Шабданбектің қызының бір жақ қасына отырды.
Жұрттың, бәрі күлімдеп Сарыға қарайды. Сары алдына келген шыны аяқты алып, Айтжан мен Мұздыбекке көзін қысып і ойып, сызылып шәйді алып, шұңқырдың табағына құйып, табақты сол қолымен шымшып, оң қолының үш саусағына қалқайтып қойып, сыпайы сызылып еріннің ұштарымен ақырын ғана үлбіретіп шәйді ұрттай бастады.
Жігіттердің бәрі де дуылдап күлді.
Сары оны байқамаған болып сыздап, сызыла берді.
Айшуақ та сызылыңқырап күлімдеп, қасындағы Шабданбектің қызына:
— Құдаша, күйеулер ана тұрған жеке үйде шығар? — деді. Қыз да күлімсіреп, сызылып отыр.
— Я, сол үйде... Күйеу сіздің ағаңыз болушы ма еді, ініңіз болушы ма еді? — деді.
— Бір жас үлкен!.. Оны неге сұрадыңыз? — деді Айшуақ.
— Жәй әшейін, ағаңыз болса барып сәлем беретін шығарсыз дегенім ғой! — деді қыз.
— Ә, ә, әрине, сәлемге барамыз ғой!.. Осы тойға келген қыз-келіншектер сонда, — деді Айшуақ.
— Я, сонда барады ғой! — деді қыз. Қыз-келіншектер бір-бір шұңқыр шәй ішіп, рұқсат сұрап, сылдырласып, судырласып, уақытша қош айтысып шықты.
ТАБАҚ ТАРТЫЛҒАНДА
— Ақ майды ағызып жіберсе көрерсің.
— Е, жедік қой!
— Матыра берсе — су да таусылады.
Тыста дүбір, шабыс, дауыс бағанағыдан көбейді. Біраздан соң ет тарта бастады. Етке тіккен үй мен тойшылар отырған үйлердің арасында табақты көтеріп, ерсілі-қарсылы дүсірлетіп асығып желе шоқытып табақшылар жүре бастады...
Кешікпей бірнеше атты дүсірлетіп келіп «Тайжүзген» жастары отырған үйге тірелді. Дүрсілдетіп түсіп төрт-бес кісі ет алып кірді. Үш-төрт табақ қара қошқыл суындаған етті жігіттердің алдына жасады.
— Ет ылғи қара кесек ет қой, ей! Кім еді, әлгі табақ жасайтын басшыларың? — деді Тәжен.
Шығайын деп тұрған табақшылар Тәженнің сөзіне қарай қалды.
— Ет үйді басқарып жүрген Тәжен ғой! — деді табақшының бір үлкен мұрын, қу жақтау сүр жігіті.
— Қу тырбық сақал, семіз еттің бәрін қорқатын кісілеріне беріп жатыр ғой, ә! — деді Тәжен.
— Бәлен деме, біздің ішімізге майлы ет жақпайды деген ғой күйек сақал! — деді Мұздыбек.
— Тегіңді ұрайынның табағын лақтырса жарайды! — деді Сары.
— Қой, жаман сөз айтпаңдар бір жейтін ет үшін, — деді Айт¬жан. Табақшылар шығып кетті.
Жігіттер қара кесек етті турап жей бастады.
— Ей, мына ет тамақтан жүрмес тұздықсыз!.. Бошан ана арадағы құманды әперіп жіберші, табаққа су құйып, батырып жейік, — деді Мұздыбек.
Жігіттер күлісті.
— Тегіңді ұрайын, несіне сәнденіп той қылды екен, жөндеп ет бере алмауы бар! — деді Бектің Әлісі.
Мұздыбек табаққа су құйып, қара кесек етті бәрі де суға батырып жеп отырды.
— Қазы-қартаны Исатай мен Жайлаубектерге, Сағит байларға тартатын шығар! — деді зілденген үнмен Жантайдың Мұсасы.
— Енеңді ұрайын, қорқатының сыйлайды ғой. Табағын қақ айырар едік, етке өкпелеп жанжал шығарыпты деген ат жаман- ау! — деді Тәжен.
— Тұқымыңды ұрайын, бір-бір жақсы аттарына мініп, шапандарын желбегей салып, шіреніп той жасайды! — деді Сары.
— Е, не керек бір жеген ет үшін мінез көрсетіп, үнем болар деймісің! — деді Айтжан.
Мұздыбек қара кесек етті суға батырып жеп отырып күлді.
— Ей, матыра берсе су да таусылады екен ғой! Тұздық суымыз таусылып қалды!.. Құманға қол жалғап жіберші, ей Шыныбек! — деді.
— Я, матыра берсе су да таусылады екен! — деп Айтжан да күлді.
Қапыл-қапыл қара кесек етті жеп болды. Айшуақ күліп, Айтжан, Мұздыбек, Тәшенге:
— Е, тойған шығарсыңдар, — деді.
Аналар да күлді.
— Ақ майды ағызып жібергенін көрдік қой? — деді Мұздыбек. Бәрі де күлді.
Күлгенде Дүйсен ақсақалдың бір сөзі естеріне түсіп күлді. Былтыр жайлауда Жаманкөлдің басында бай Есжанның ауылы тойға шақырғанда, Дүйсен деген өткір тілді ақсақал өзі тойға бармай Айшуақтарға:
— «Барыңдар, барыңдар, ақ майды ағызып жіберсе көрерсіңдер!» — деген еді. Дүйсен бүл сөзді айтқанда кектеңкіреп, «ақ майды» дегенде дауысын бұзып айтқан еді. Тойда тойшыларға ет жетпей қалып, үлкен жанжал шығып, төбелес болып тарқап еді. Айшуақ, Айтжан, Мұздыбек, Тәжен — бәрі қайтып келе жатып Дүйсеннің сөзін айтып бірсыпыра күлісіп отырған еді. Тағы да күліп Айшуақ Айтжанға қарады:
— Тоймасақ та жедік-ау деймін? — деді.
Айтжан да күліп:
— Е, жедік қой! — деді.
Бәрі тағы да күлді.
Бұл күлгенде Мәулебектің бұларға мақал болған бір сөзі естеріне түсіп күлді. Мәулебек деген бір көп сөйлейтін кісі қанша ет жеп, әбден тойды ғой дегенде де:
— Е, Мәуке, тойдыңыз ба? — дегенде:
— Е, жедік к,ой! — дейтін еді.
Енді сол Мәукең естеріне түсіп күлісті.
— Мәукен болса ғой мұндай етті жегенде тіпті ет жедім деп те айтпас еді, — деді Мұздыбек.
— Мәукендер шынында өмірінде бір тоймай-ақ кетті ме екен, ей? — деді Тәжен.
— Кім біледі жарықтықты, әйтеуір етті қанша жеп болып отырса да:
— Мәуке, тойдыңыз ба? — дегенде, жай ғана:
— Е, жедік қой деуші еді! — деді күліп Мұздыбек.
ТАБАҚ ТАРТЬІП ЖАТЫР
Күн әлі ыстық, жел жоқ. Шабданбек үйінен бүйректеу сол жағындағы жерошақтардың қасындағы етке тіккен үй мен табақ тартқан үйлердің арасына асыға дабырласып, дүбірлесіп, абыржысып табақшылар шапқыласып жүр. Бес-алты табақшы тіпті сасқалақтай абыржып, желе шоқытып аттарын ентелетіп, дүрсілдетіп келіп, ет үйдің есігінің алдына абдырасып тізіле қалды. Асығып-сасып, дабырласып біреулері аттарынан түсе қалып, біреулері ат үстінде тұрды. Бұлардың табақтарын байқаған адамдар аңырайысып қарасты. Ет үйден кеткен табақшылардың қолдарындағы әр түрлі табақтарда қоңыр ала қошқыл ет болушы еді де, ал ет үйге қайтқан табақшылардың қолдарындағы табақтары бос болушы еді. Ал мыналар ет үйге келгенде табақтарындағы еттерін қайтып әкелді.
Табақшының біреуі Сейтбек деген жауырынды аққұба жігіт ет толтырған табағын көтеріп, түсі бұзылып абдыраңқырап ет үйге кіріп келді.
— Ей, немене?.. Неге кайтып әкелдіңдер етті? — деді Тәшібай.
Тәшібай табақшыдан бүл сұрауды тек әшейін дене қимылының екпінімен сұрап қалды, әйтпесе табақшы етті қайтып алып кіріп келгенде-ақ оның есебін біле қалып еді.
— Шуылдақтар етке өкпелеп жанжал шығарып жатыр! Алдымен қойған екі табақтың біреуін лақтырып, әлгі Қаппар деген ит боқтап, бір табақ етті шашып тастады!.. Сонсоң мына табақтарды коймай алып кеттік, — деді.
Ет үйдегі үш-төрт табақ жасаушылардың ортасында Шабданбек пен Тәшібай түстері бұзылып түрегеп тұрды.
Етті қайтып әкелген табақшылардың өзгелері де үйге кірді.
— Қайсысы дейсің. ол, үйткен? — деді Тәшібай.
— Әлгі Райысбектің, Қаппары! — деді Сейтбек.
— Апырым-ай, бұзық ниетті халыққа амал жоқ екен ғой! — деді Тәшібай. — Осы мінездерін біліп, табақтарын толық-ақ қылып жасатып едім!.. Кәне, былай қойындар табақтарыңды! — деді.
— Тұқымыңды ұрайындар, жанжалсыз жүрсе көңілдері көншімейді ғой бұлардың!.. Мұны қалай қыламыз енді? — деді Шабданбек.
— Енді амал жоқ, молырақ қылып, еттерден салыңқырап табақтарын қайта тарту керек!.. Сен мына Жұмағұл екеуін қазір аттарыңа мініп тез әлгі Омардың Қасымың оңаша шығарып алып айтыңдар: тез барып Шуылдақтың ақсақалына, үлкендеріне айтсын ! Қасым мен Рахымбек бірге барсын. Жайлаубекке, Жантайға айтыңдар! Шуылдаққа кісі жіберсін, — деді Тәжібай.
— Дұрыс! Жүр, Жұмағұл, тез, Қасым мен Рахымбекті жіберейік!.. Жайлаубектерге, Жантайларға айтайық! Сонсын табақтарын тартасыңдар! Бұзылған, қазанбұзар; тұқымыңды ұрайындар, бүлдірмесе игі еді, — деп Шабданбек Жұмағұлды ертіп жөнелді.
Төшібай:
— Ей, Бақтыбай, ана екі табақ қана күрең биенің ана бір қазыларын салыңдаршы!.. Я, сол қазыларды! Он соң мына бір екі табаққа ана құйрықтан екі білем кесіп сал!.. Я, я!.. Мына табаққа ана бір үлкен жамбасты сал. Ал және ана табақтарға тағы да мына бір қабырғаларды сал! — деп тартушыларға, жасаушыларға сабауымен нұсқап, көрсетіп тұрды.
Тағы да дүсірлеп келіп табақ тартушылардың бірнешеуі аттарынан түсе-түсе қалып, ет үйге кірді.
— Немене, тартып келдіңдер ме! — деді оларға Тәшібай...
— Тарттық, жеп жатыр... Бірақ «ылғи қара кесек ет тарттыңдар» деп кішкене соз шығарыңқырап жеп жатыр! — деді үлкен мұрын қу жақтау сүр жігіт...
— Қайсысы соз шығарған? — деді Тәшібай.
— Әлгі Ыдырыстың Тәжені... Онан соң, әлгі Болдыбектің Сарысы деген де сонда, о да былшылдап аузына келгенін айтты! — деді қу жақ жігіт.
— Әлгі Жантайдың. Мұсасы, Бектің Әлісі бар ма еді? Аязбектің Айшуағы — олар не деді? — деді Тәшібай.
— Олар біздің көзімізше ештеңе дей қойған жоқ... Бірақ олар ана Сарыларға қой деп те ештеңе айтқан жоқ! — деді үлкен мұрын қу жақ жігіт.
— Олар да өкпелеп отырғаны ғой! — деді Тәшібай тағы да.
— Мұның қайсысына жеткізерсің қазы мен қартаны!.. Бәрі де Жайлаубек пен Исатай болмақ қой! — деді кейіңкіреп.
Соны айтып Тәшібай ақ шидің үстіндегі еттерге қарады. Табақ-табақ қылып жасап жіберген сайын азайып қалған еттің түріне қарап, мөлшерлегендей ойланып тұрды.
«Тағы бір екі құнан қой сою керек еді!» — деді ішінен. — Әне бір телшікті былай қойшы! — деді табақ жасаушының біріне. Соны айта бергенде тағы да жуандатып, қоюлатып кекірді.
— Е, Е-у-у-п! — деп,тағы қожа Тоқпақ Шәріптің жел шығарғаны есіне түсті.
Тайга, құнанға және бірен-саран арық тұқырларға мінген балалар топтанып шуылдасып, мәз болып ойнап жүр. Іргелесіп қонған Шабданбекке қараған бес-алты ауылды аралап балалар қайрандағы ала бұғының үйіріндей жөңкіледі.
Шабданбек үйі мен етке тіккен үйдің арасындағы жерошақ басында күнмен шағылысқан самауырлар жанында қатын-қалаш, бала-шаға, бірлі-екілі малайлар қыбырласады. Қатар-қатар қазған ошақ басынан көкала түтін жарыса көлбеп аспанға өрлейді. Шабданбектің үйінен кимешектері, жаулықтары көлеңдеп тысқа шығып, кіріп жүрген тойшы қатындар — топтанған ақ шағалалар сияқты. Олардың қасындағы жас, уақ балалар құдық басын¬да ойнаған құлын-тайларша ойнайды. Тойшылар отырған үйлердің сырттарында тыпыршып, шыбындап тұрған топ-топ аттар астауға үймелеген жылқы сияқты ұйлығады.
ТОЙ ҚЫЛҒАН ҮЙДЕ. ҚАТЫНДАР ОТЫРҒАН ҮЙДЕ
Шабданбектің өз үйі мен тоқал шешесінің үйі катар тігілген еді. Бұл екі үйде лық толы қатындар. Бұл екі үлкен үйдегі лық толып отырған қатындардың күтуін басқарып жүрген Шабданбектің тоқал шешесі — «Кертоқал» атанған шолақ танау, қайқы мұрын жуандау, бүйрек беттеу қызылшырайлы Ұлбосын деген қатын еді.
Төгілген кең көйлектің сыртынан қара бешпет, қызыл қоңыр шапан киіп, қас-қабағын керіп қойып, бәрін билегендей болып жүр.
Жалпы тойдың шай-жабдығын басқаратын да сол Кертоқал мен Шабданбектің өз қатыны еді.
Шабданбектің оз қатыны — орта бойлы, семізшелеу, дөңгелек Мажыра деген қызылша қатын. Көк жапырақты шыт көйлектің сыртынан жана көк бешпет киген, Кертоқалмен екеуі қатындар отырған үйге бір кіріп, бір шығып жүр.
Шабданбектің өзінің үлкен жеті канат боз үйіне және Кертоқалдың үйінде лық толып отырған қатындар, біреулері жамырасып сөйлесіп, біреулері сыбырласып сөйлесіп, шай ішіп, пысынап ет жеп, жемтікке ақ шағалаларша үймелесіп, қабаттасып, сығылысып отырды.
Екі үйдің жағалай ұстаған оюлы, кестелі тұскиіз, түс перделерінде, адалбақандарында бар асыл деген киімдері, асыл деген нәрселері, асыл деген бұйымдары ілулі еді: жібек, барқыт, жібек мақпал, ала жібек биқасап, патсайы, шәйі тақта шапандар. Күміс оқалы бешпеттер, жібек, пай жібек, шәйі көйлектер, жібек торғын меруертті жаулықтар, жібек мақпалмен тыстаған етек-жеңдеріне, жағаларына құндыз ұстаған қара қасқа пұшпақ ішіктер. Оқалы камшат бөрік. Күміс кемер белбеу және Шабданбектің өз үйінде күмістеген адалбақанға ұзын бітеу құндыз ілулі тұрды.
Қатындардың кебінің-ақ бірсыпыра сөздері сол ілулі нәрселері туралы еді.
— Ұлбосын-ау, мына ілулі тұрғанның бәрі балаңа жарататын нәрселерің бе? — деді бір қызылшырайлы ашық дауыстылау қатын.
Қатындардың бәрі де нәрселерге қарады.
— Я, бірсыпырасы балаға жарататын нәрселер ғой, — деді дамыл көрмей, жабдық қамдап жүрген Кертоқал.
— Құдағиыңның ырысы бар екен, осынша нәрсе үйіне барайын деп отырған! — деді қызылшырайлы саңқылдақ дауысты қатын.
— Баланың өзінің ырысына жиналған нәрсені езінен аяғанда қайтеміз, әйтеуір, — деді Кертоқал маңызданып. Ал Шабданбектің өзінің үйіндегі көп қатынның бірі де:
— Мажыра-ау, мына ілулі нәрселеріңнің бәрі де балаңа арналған нәрселерің ғой ә? — деді.
Бұл үйде толып отырған қатындардың да көз құрттары ілулі нәрселерде еді.
— Е, енді, солай ғой! Бала деген қашан бір құтты орнына қосқанша әке-шешесінің мойнына артылған бір жүк емес пе? — деді Шабданбектің қатыны.
— Тіл-аузым тасқа, оз балан да өрімдей болып өсіп жеткен екен! Құдай қаласа, мұны да енді құтты орнына қондырасың ғой! — деді ана қатын.
— Бұл өз қызын енді өзі теңді бір байға береді ғой, — деді бір кейкі тұмсық қатын, екінші қатынға сыбырлап.
— Әрине, Омардың баласы мұның өз қызын сұраған екен, оз қызын бермей, тоқалдың қызын беріпті ғой! — деді екінші қатын да сыбырлап.
ТОЙБАСТАР. АУЖАР
Сол кезде үйге қарай самбырлап, дүбірлеп келе жатқан атты кісілердің дыбыстары естілді. Келе жатқандардың бірі дауыстап ән шырқап қоя берді:
А-ай-ай, бағылан серке марқаша қой бастайды,
Қой алдында жануар ойқастайды,
Құтты тойға кез болған жолды жігіт,
Бұрынғының жолымен той бастайды.
Екі үйде лық толып отырған қатындар құлақтарын түре қойды. Дүсірлеген төрт-бес атты кісі Кертоқалдың үйінің босағасына тұра қалды. Астында жал-құйрығы бүтін, арықтау қаракер биесі бар, сұр шапанды, ескілеу пұшпақ бөрікті, ұзынша бойлы, ұзын сида иек көселеу қырқылжыңдау қарасұр жігіт үйге төніп, шырқап өлеңін айта берді.
А-ай-ай, біз келдік мерекеге тәңір айдап,
Қызыл тіл осындайда сөйлер сайрап,
Жүйрікпін той бастайтын топтан озып
Жолымды той иесі шығар сайлап.
Екі үйде отырған қатындар және дауыс естілетін үйлерде отырған тойшылар елеңдесе қалды.
— Бұл кім?.. Бұл кім екен? Әбен бе? Машақ па?.. Құлмағамбет пе?.. Бұл кім екен, әй? — десті.
— Ойбай, Машақ қой!.. Той бастап түр!.. Кертоқалдың, Шабданбектің үйінің алдына барып, Машақ «Тойбастар» айтып тұр! — десті әр үйдегілер.
Машақ сол елдегі белгілі өлеңшілердің бірі еді. Бергі атасы Қара ылақ, өзі кедей жігіт еді.
Ту биесін сайлатып сойдырған үй,
Табақ-табақ ет тартып тойдырған үй,
Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз
Құтты болсын тойыңыз той қылған үй! —
деді ат үстінде құлаштап Машақ.
Үй-үйден атқа мініп бірсыпыра кісі өлең айтқан жерге жиналып қалды.
Жерошағы ылайық жол турады
Жампоз нарға ылайық қом тұрады.
Құтты болсын тойыңыз, той иесі,
Той есесін тәңірім толтырады...
Қотан толып қойыңыз қойға ұлассын!
Қырға симай шуласып ойға ұлассын!
Құтты болсын айтамыз тойыңызға,
Той иесі, тойыңыз тойға ұлассын!..
Сол кезде Исатай, Жайлаубектер отырған оюлы, сырлы отаудан бес-алты кісі атқа мініп, аттарын сыпылдата желдіріп, өлең айтып тұрған жерге, Кертоқалдың үйіне қарай асығып желіп келе жатты. Астындағы шұбалаңдаған қою құйрық сары құла биені қамшылап, ескі қоңыр тібен шапанының екі жеңін бірдей белсеніп, ескі кір-кір жаман ақ тымағын қолына алған, жапырайған сары сұрғылт жігіт келе жатты.
Есік алды қара су
Майдан болсын, жар-жар-ау!
Ақ жүзімді көретін
Айнам болсын, жар-жар-ау!
Қайын енесі бар дейді,
Надан казак, жар-жар-ау!
Айналайын апамдай
Қайдан болсын, жар-жар-ау! —
деп, қыз болып сары құла биелі сыңқылдап ат үстінде жылаған болып теңселе аударылып келе жатты.
— Мынау Әбен қу той! Әбен қу! Әй, қыз болып сыңсып келе жатыр анау, қыз болып сыңсып келе жатыр Әбен! — десті қарап тұрғандар.
Үйден Кертоқалдың қолынан бір қатын бір жұқа сарыала өзбек шапанды алып шығып, «Тойбастар» айтып тұрған Машақ ақынға ұсынды.
— Міне той бастаған жолың... Бәйбіше берді! — деді.
Машақтың қасындағылар шуласып, шапанға таласып алып жатты.
Әбендер де ентелетіп, дүбірлетіп, сыңсып сұңқылдап тұра қалды.
Сары биенің үстінде теңселіп, ырғалып тұрып, жымыңдап қысық қу көзін қысып қойып, сыңси берді:
Текеметтің шет бауын
Оя тұрсың, жар-жар-ау!
Той басына ту бие
Соя тұрсың, жар-жар-ау!
Мен шешеме айтайын, —
Ағама айт, — деп, жар-жар-ау!
Мені десе биылша
Қоя тұрсын, жар-жар-ау!
Өсіп едім ата-ана
Панасында, жар-жар-ау!
Айналайын апа-екем,
Қаласың да, жар-жар-ау!
Туған анам артымда
Жылап қалса, жар-жар-ау!
Қарай-қарай мойыным
Таласың да, жар-жар-ау!
Шалшық па екен, су ма екен
Сарқыраған, жар-жар-ау!
Ақ сүт берігі шешекем
Асыраған, жар-жар-ау!
Ақ сүт берген шешеме
Не көрсеттім, жар-жар-ау!
Жат кісінің баласын
Жолдас еттім, жар-жар-ау!
Тоқпақ жалды торы айғыр
Етті ме екен, жар-жар-ау!
Аға, інім, мейірім
Кетті ме екен, жар-жар-ау!
Қыз да болсам анама
Перзент едім, жар-жар-ау!
Жалғыз басым симастай
Неттім екен, жар-жар-ау!
Әбеннің ойнап, қыз болып сұңқылдап, ат үстінде теңселіп айтып тұрған «Аужарын» екі үйдегі қатындардың бәрі де шындап құлақтарын сала тыңдады. Саба жағына барып отырған Кертоқалдың көңілі босап, екі көзінен мөлтілдеп домалаған жасын жеңімен сүртіп отырды. Өзге қатындардың да кейбіреулерінің көздерінен жас шықты. Бір қатын сыбырлап, екінші қатынға Кертоқалды корсетті.
— Ананы қарашы, байғұс көзінің жасын сүртіп отыр қайтсің, қанша жақын ауылға бергенмен, қолдан кеткен соң қыз сорлы жат болғаны той! — деді.
— Я, дегенмен қыз бала деген жат үшін жаратылған ғой! — дейді сыбырлап ана қатын да.
— Ұлбосын-ау, жылап отырмысың? Баланды оз еліңе, бірге отырған ауылға, құтты орнына оз қолыңмен қондырайын деп отырсың!.. «Аужар» айтқанда босағанын не? «Аужар» айту бұрынғыдан келе жатқан бір ресім!.. Шаруаңды істей бер, не қыласың мұңайып! — деді бір бәйбіше.
Әбенге бір жұқа ала шапанды алып шықты да берді бір қатын.
Әбенге алып шыққан ала шапанды да анталап тұрған аттылар шуласып жұлып алып, таласып, көкпар сияқты бір-бірінен ала қашып жүр.
КҮЙЕУ-ҚЫЗДАР ОТЫРҒАН ҮЙДЕ — «ТҮТПАЙ»
Тайжүзген жастары отырған үйлерінен шығып, аттарына мінгенде Кертоқалдың есігінің алдын атты кісілер қамап анталап тұр еді. Үйді қамалап, үйдің жабығына төніп, мінбе ер-тұрмандардың ішінен екі-үш дауыс жамырасып, бірінен-бірі қағып алысып шырқап, сұңқылдап, «Тойбастар», «Аужар» айтып түр еді.
— Кім екен-ей, айтып тұрғандар? — деді атына мініп жатып Айшуақ.
— Мақаш пен Әбен, — деді барып келген біреу.
— Айта тұрсын, айта тұрсын! Ал біз «Атшабар» болғанша күйеу, қыздың үйлеріне барайық! — деді атына мініп Айшуақ.
— Қане! Ал жүріңдер!
Бәрі дуылдасып қаз-қатар жүріп, аттарын ентелетіп келіп, аттарын үйдің алдына тез байластыра салып, бір жігіт пен бәйге құнандардың екі баласын аттарының қасына тастап, бәрі топырлап, күле сәлем беріп, күйеу-қыздар үйіне кіріп-кіріп келді.
Есіктен төрге дейін киіз бен кілем төселген алты қанат ақ үйде сығылысып жағалай отырған қыз-келіншектер.
Олардың араларында күйеу мен төрт-бес жігіттің көздері жылтырайды. Тайжүзген бозбалалары кіріп-кіріп келгенде үйдегілер қозғалып қимылдасып қалды.
Сәлмен күйеу мен үлкен жолдасы Ақмадия қуанғандай бо¬лып күлісті.
— Уа-а, жоғары шығындар!.. Жоғары шығындар, жігіттер! — деді екеуі.
Араларын ашып, орын берген әйел балалардың ара-арасына келген жігіттер кіріп-кіріп отырысты.
Амандасып, қалжыңдап Айтжан Ақмадияға қарады.
— Қап, Ақмадия, үндемес ойнап отыр ма едіңдер, жоқ ойнап отырған ойындарың бар ма еді? — деді.
Ақмадия өзінің әдетінше күліп жалтаңқырап қалды.
— «Жалғыз хан» ойнап отыр едік, — деді. Мұздыбек ойнап, оны жақтырмаған түспен үн шығарды.
— «Жалғыз хан?» Қой, «жалғыз ханды». «Тұтпай» ойнайық! Солай ма, балалар? — деп қасындағы қыздарға қарады.
Олар: «Дұрыс, дұрыс! «Тұтпай» болса болсын!» — деді. Мұздыбек Айшуақ пен Айтжанға:
— Қані, кім бастайды? — деді.
— Айтжан екеуің бастаңдар! — деді Айшуақ. Мұздыбек күліп қылжақтап, Айтжанға қарады.
— Ну, шегім бар!
Мүздыбектің, «ну» дегені — елге келген бір урядниктің «ну» деп сөйлеген сөзін мазақ қылғанынан қалған сөз еді. Мұздыбек біреуге қылжақтап ойнап, содан кейін «ну» дейтін еді.
— Шегің болса, шекісе ғой! — деді Айтжан.
— Ну, жұбым, төрт жұбай, — деді Мұздыбек.
— Төртке — торт сыбай! — деді Айтжан.
— А-а? Қойдың көркі не?
— Ай мүйізді қошқар!
— Ойдың көркі не?
— Айдын шалқар көл!
— Тойдың көркі не?
— Алшаң басқан ат!
— Бойдың көркі не?
— Белге таққан алмас!..
— Сен қырдың құланымысың?
— Сен елдің ұланымысың?
— Сен қойдың серкесімісің?
— Сен тойдың еркесімісің?
— Но, жарайсың! — деп, Мұздыбек күліп жан-жағына қаранды. — Қасыңдағы баланы бір сүйе ғой! — деді.
— Сүю дегенді білмеймін, көрсетсеңіз екен! — деді күліп Айтжан.
— Но былай! — деп Мұздыбек қасындағы қыздың бетінен сүюге ыңғайланды. Қыз сүйгізбеді. Жігіттер шулады.
— «Сүйгізу керек, сүйгізу керек! Ойын бұзбаңыз!.. Ойын бұзбаңыз!»
Мұздыбек сүйген болды.
Айтжан да қасындағы қызды сүйген болды.
Мұздыбек:
— Ну, енді, Тұтпай! Айтжан:
— Тұтпайыңыздан?
Мұздыбек:
— Айтжан Тұтпай!
Айтжан:
— Ләппай Тұтпай!
Мұздыбек:
— Ну, Тұтпайдан?
Айтжан:
— Үкілі Тұтпай үндемей қалды.
— Қайсысы?.. Қайсысы?.. Кім?.. Кімді айтты. Кімді айттың? — деп үй ішіндегі жастардың бірсыпырасы шуласып, қыздарға қарасып күлісіп жалтандасты.
Күлгендерінде оттары шашырап ойнаған көздері, аппақ болып меруертше тістері, қара алтын мен ақ алтындай жалтылдасты.
Айтжан күліп:
— Үкілі Тұтпай ана бала емес пе!.. Бір өзінде екі шоқ үкісі бар? — деп күйеу жігіттің қасында отырған қызыл бет Сүлейменнің Зұлқия деген қызын көрсетті.
— Жо-жо-қ! Жо-о-қ! ...Болмайды оныңыз, жалғыз ол баладан басқада үкі жоқ па екен?.. Ана балада да, ана балада да, мына балада да үкі бар емес пе? Оныңыз болмайды, белгіні туралап айтыңыз! — деді пысықтау келіншек.
— Я, я, дұрыс айтады ана кісі! Айтжандікі дұрыс емес, қайтадан айтсын, қайтадан айтсын! — десті.
Зұлқия қыз әуелі ыңғайсызданып ұялыңқырап қалды.
— Ойбай-ау, бетім-ау! — деп қалды. Көпшілік Айтжандікі дұрыс емес деген соң:
— Е, бәсе! — деді.
— Қазір, ендеше қайта-ақ айтайын! — деді Айтжан.
— Ал Мұздыбек — Ләппай Тұтпай!...
Мұздыбек:
— Тұтпайыңыздан?
Айтжан:
— Оқалы бешпет Тұтпай?
Етек-жеңіне күміс оқа ұстаған қызыл барқыт бешпентті Сәлімбайдың Әсия деген қызы Айтжанның сөзін қағып алды.
— Ләппай Тұтпай, — деді.
Айтжан күлімдеп сөзін ойлап баптап:
— Но, Тұтпайыңыздан! — деді.
Айтжан да Мұздыбекше «но» деді ойнап.
Әсия:
— Кетік Тұтпай, — деді.
Күйеу Сәлмен қызараңдап, жалтаңдай күліп Әсияның сөзін қағып алды.
— Ләппай Тұтпай, — деді.
Жұрттың көбі ду күлді. Үйткені күйеу Сәлменнің бала күннен күрек тісінің бірі сынық кетіктеу еді.
Әсия өзінің дәл айтқанына әзі де күліп:
— Тұтпайыңыздан! — деді.
Сәлмен:
— Меруерт бет Тұтпай! — деді.
Жаңа істеп киген ақ кимешегінің бетінің айнала жиегіне меруерт тізіп өрнектеген ұзын кірпік, қара кез ақ келіншек Сәлменнің сөзін қағып алды.
— Ләппай Тұтпай, — деді.
Сәлмен:
— Тұтпайыңыздан! — деді.
Келіншек:
— Кесілген Тұтпай! — деді.
Бір аяғы көсіле салып отырған Айшуақ келіншектің сөзін қағып алды.
— Ләппай Тұтпай! — деді.
Келіншек:
— Тұтпайыңыздан. Айшуақ:
— Қос үкілі, шытыралы Тұтпай! — деді.
Күйеу Сәлменнің қасында отырған күміс шытырамен әсемдеп қос шок, үкі таққан тақиялы, қызыл бет Сүлейменнің қызы Зұлқия енді Тұтпайды қағып алды.
— Ләппай Тұтпай! — деді күліп.
Бағанағы пысық қызыл келіншек:
— Ә-ә, енді дұрыс айтылды! — деді.
Айшуақ:
— Тұтпайыңыздан.
Зұлқия:
— Айшық бет Тұтпай! — деді.
Ешкім ЗұлқияныңТұтпайын қағып алмады. Жұрттағы да ду етіп күлісіп, жалтаңдасып бір-біріне қарасты. Бірсыпыра жас Тәженге қарап шуылдасып күлісті.
Төженнің сол жақ бетін жасында құлын тепкен еді. Сол құлынның тұяғының орны Төженнің сол бетінде тігінен жана туған ай сияқты айшық таңба болып қалған еді.
Жұрттың бәрі де енді соған қарап күлген соң Тәжен жалтаңдап күліп сасқалақтап қалды.
— Ой, мен бе?.. Ләппай Тұтпай! Ләппай Тұтпай!..
— Ой, Ләппай Тұтпай!.. — деді.
Көпшілік онан сайын келемеждеп дуылдасып күлді.
— Жоқ, жоқ! Енді болмайды! Ұсталдың, Ұсталдың! Жазаңды тарт! Жазаңды тарт! — десті.
— Қані, Зұлқия, өзің айта ғой билігін, Тәженге не бұйырасың? — деді Ақмадия. Зұлқия:
— Үш ауыз өлең айтсын! — деді.
— Ай, Тәжен, үш ауыз елең!.. Домбыраны бер! Домбыраны бер!.. Кәне! Тоқтатпай! Тез-тез! — десті.
Тәжен абыржыңқыраған болып домбыраны алды.
— Қап, енді не айтамын? — деді.
Тез, домбыраның бұрауы керегі жоқ болса да сипалақтап, домбыраның құлақтарын бұрап, даусын қырнады.
Домбыраны шертіп «Ай көк!» деген әнді қоя берді.
Арқадан бір қыз көрдім көзі-ай күлген-а-а-ай,
Етегін дүрие көйлек шаймен бүрген,
Сол қыздың сұлулығын мен айтайын '
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген-а-ай көк!
Гигайт шок!
А-ай, гакку, сәулем-ай!
Өтер дүние жалған-ай!..
Торыны үй артына қойдым тұсап, а-ай!
Алыстан қалқажанға жайдым құшақ,
Сағынып ат өксітіп келгенімде
Қалқажан жатыр ма екен аққуға ұсап, а-ай, көк!
Гигайт шоқ!
А-ай, гакку, сәулем-ай!,
Өтер дүние жалған-ай!..
Ұшады көкала үйрек көлге қарсы, а-ай!
Ұясы жануардың желге қарсы,
Алыстан қалқажанға жайдым құшақ,
Талпынған балапандай желге қарсы, а-ай, көк!
Гигайт шок!
А-ай, гәкку, сәулем-ай,
Өтер дүние жалған-ай!..
Сол кезде дүсірлеп шуылдасқан бірсыпыра аттылар күйеу-қыз отырған үйге таман келді.
Үйге таяна-ақ, біреуі сұңқылдап әйелше сыңсыды:
Бе-е-еу, ата-еке-ау!!.
Қауғадай еді-ау сақалың! —
Бе-е-еу Беу, жеңеше-а-ау!..
Әлгі бір сөзің өзгеше-ау! —
деді дауыс.
— Ол кім, ей?.. Әбен бе?.. Әбеннің даусы ғой! Бұл ит енді әбігер қылады екен ғой! — десті күйеу, қыз үйіндегі жігіттер.
Бе-е-еу, ата-еке-ау!!.
Қауғадай еді-ау сақалың! —
деді Әбеннің үйге тіреліп сыңсыған дауысы.
Дүсірлетіп, аттарын омыраулатып үйге тіреліп, соқтығып, үйді сықырлатып топырлаған аттылар есікті, жабықты түріп ашты, анталасты.
Астындағы шұбалаң құйрық сары құла биесін тебініп, қуланып, жылтыраған қысық көзін ойната қысып қойып, аз ғана бұйралау сақалы қырдың тобылғысынша тырбиып жапырайған бозғыл сарыша жігіт, түрілген жабықтан үйдің ішіне қылқыңдап, жаман ескі кір-кір ақ елтірі тымағын қолына алып, енді айқайлап өлең айтты:
А-а-ай, сәлемет отырсыз ба, жоғары қыз?
Ишарат сіздерге де, төменгі қыз!
Орынға бізден бұрын отырыпсыз,
Жақсыдан жаманменен не көрдіңіз?
Сұраймын кетер қыздан «насыбай» деп,
Сөз айттым құрбым саған «асыл-ай» деп,
Ақ отау шетке тіксе жылайсыңыз
Ауылымның сыйлағаны осылай? — деп.
Үстінде төсегінің ағаң жылар,
«Алланың ақ бұйрығы осылай» деп.
Алдында саба аяқтың шешен жылар,
«Қыз қылығы әлпештеген басым-ай!» деп.
Сол кезде сырттағы ат үстінде дүбірлеген, қамалаған жұрттың біреуі айқай лады.
— Әй, Әбен!.. Әбен!.. Әй! «Аужар» айт! Қызық болсын, тағы да «Аужар» айт... әй, «Аужар»... «Аужар!» — деді.
— Е, дұрыс, дұрыс! Енді «Аужар» айт, ие-ие, — деп дуылдап шуылдасты.
Үйде отырғандардың біреулері «Аужар» десті.
Эбен сыртқа бір қарап, тебініп, шабыттанған күшігенше қылқыңдап, әнін өзгертіп қоя берді.
Алып келген базардан
Қара насар, жар-жар-ау!
Қара мақпал сәукелең,
Шашын басар, жар-жар-ау!
Мұнда шешем қалды деп,
Қам жемеңіз, жар-жар-ау!
Жақсы болса қайын енең
Орын басар, жар-жар-ау!
Бір толарсақ, бір тобық
Санда болар, жар-жар-ау!
Қырық кісінің ақылы
Ханда болар, жар-жар-ау!
Әкем-ай деп жылама,
Байқұс қыздар, жар-жар-ау!
Әкең үшін қайың атаң
Онда болар, жар-жар-ау!
Үйдегі және сырттағы жұрт шуылдап, дуылдап Әбеннің «Аужарына» күліп жатыр.
Бұрынғы заманда ойнаса да шындап айтатын өлең, ойнаса да шындап айтатын «Аужар» енді жастардың арасында тек қана қалжың ретінде айтылып тыңдағандықтан, үйде отырған қыз-келіншек те, бозбалалар да дуылдасып күлісіп отырды. Әбеннің «Аужары» бағанағы қатындарға еткендей жастарға әсер ете алмады.
— Әй, той берген ауылдың қыздары, Әбеннің жолын бергін! Әбеннің жолын бергін! — деген дауыс шықты сырттан.
— Әкел жолымды!.. Әй, Ақмадия!.. Әй, Бәкеннің қатыны, жолымды беріңдер! — деп Әбен ойын-шыны араластырып өңештеп атын тебініп тұрды.
Той қылған ауылдың келіншектері сыбырласып, қыздарымен сөйлесіп, күйеудің бас жолдасы Ақмадиямен сөйлесіп, күйбеңдеді.
Бөкеннің келіншегі тағы да бір жұқа ала шапанды алып, жабықтан Әбенге әперді.
Көк биені тебініп Әбен шапанды жабықтан суырып алғанда сырттағылар анталап Әбенді қамалап ара талағандай қылды.
Бірақ ойыншының араластырып олжа шапанға таласса да, енді Әбеннен ешкім шапанды ала алмай қойды...
АТШАБАР
Сол кезде атшабарлаған айқай шықты.
— Атшабар!.. Атшабар! — деп сұңқылдады. Атшабарлаған үн шығысымен сырттағы дүбірлер бұрынғыдан гөрі қоюырақ естіле бастады.
Күйеу-қыздар үйінде отырған жігіттер де селтеңдесіп, сырттағы «атшабар» үнін естісімен дүркірей тұрып, тысқа шықты.
Сымпыс құйрық жарау торыта мінген, қара бешпентті, жалаң бас, жауырынды қара жігіт, ұзын құрықтың басына тоқымдай құрым киіз байлап көтеріп, ауылдың сыртындағы төмпешке қарай, «атшабарлап» айқайлап кетіп барады екен.
Қатарласа қонған бес-алты ауылдың әр үйінде отырған тойшылар лек-лек болып аттанып, қарақшы көтеріп «атшабарлап» бара жатқан жарау торы аттыға қарай жөнеле бастады.
Күйеу-қыздар үйінен шыққан Тайжүзген жастары да аттарына тез мінісіп, солай қарай сатырлатып жөнелді. Той қылған бес-алты ауылдың әр үйінен аттанған тойшылардың бәрі де лек-лек болып, ауылдың сыртындағы төмпешке қарай, айқайлап, «ат-шабарлап» бара жатқан қарақшылы торт аттының соңынан бунақ-бунақ болып шауып барады.
Күн әлі де ыстық еді. Тойдағы жұрт, жаңа мінілген аттар тершіп пысынауда.
Тойға келген әр ауылдың адамдары, әрбір сыбайлас адамдар бірыңғай топ-топ болып келеді. Кейбір әңгүдік аттар топ көрген соң және қарақшы көтерген торы аттының «атшабарлаған» айқайына елірісе бастарын көтеріп, көздері шатынап, құлақтарын тігісіп ойқастап кетеді.
ЬІстықтан қызып булыққан жер, лек-лек болып келе жатқан аттардың тұяқтарының дүбірлерінен ақырын мылқау күңгірлегендей болады. «Атшабарлап» айқайлап жұртты шұбыртқан жарау торы атты қара жігіт қарақшыны төмпешке апарып тікті.
Ол тықырлау бұйралау қара шашының араларынан жылтылдап көрініп, самайынан аққан терін қолымен сүртіп қойып, тігілген қарақшының сабынан ұстап,кележатқан жұртқа қарап тұрды.
Лек-лек болып, дуылдасып самбырласып келіп, жұрт қарақшы тіккен төмпешке жиналды.
Кейбір қызба аттар енді үлкен дүрсілдің боларын сезіп, шыдамсызданып, жер тарпып, соқтығып, пысқырып, жұлқына берген соң, үстеріндегі иелері топ ортасына кірмей, аттарының бастарымен алысып, шеттесіп ойқастасып жүр.
Жиналған жұртта тігініп қарасып, самбырласып дуылдасып түр.
Бәйге құнандары барлар құнандарын топтан оңаша алып шығып үймелесіп, күйбеңдесіп, айыл-тұрмандарын қарап, жөндесіп жүр. Құнанға шабатын балаларының омырауларын шаңдысып, белдерін жөндеп буып, бастарына орамал тартып, ыңғайланып жатыр.
Құнанға, балуанға тіккен бәйгелерді ауылдан алып келді. Бәйгеге тіккен малы — қарагер құнан, шабдар тай, қара танша, бір-екі жұқа ала шапан, боз тәрізді селдіреген қаракөк түсті кездеме.
Бәйгеге тіккен шабдар тай тартынып келеді. Қара танша бұлтылдап жұлқынып, екі-үш рет қашпақта болмай, қалай жетелесе солай жүріп шұлғи берді... Тәшібай шекесіне түре киген қоңыр елтірі бөркін желпіп қойып, маңдайының кірлі терін сүртіп, астындағы торы төбел атты бұлғаңдатып, бәйгеге тіккен малдарын ұстаған адамдарға келіп бірдеме деп тұрды. Тәшімбайдың атқа отырысы жемге тойған кәрі қаршығаның тостиып тұғырда отырғаны сияқты. Оның қарақоңыр сақалы үш тарам болып үш жаққа тарбиып, желбегей киген көгебай шапанның артқы етегі торы төбел аттың сауырын жауып тұрды.
— ...Өй, Шайқыстан! Шайқыстан!. — деді Тәшібай бұрыла қарап. Шайқыстан бағанағы, «атшабарлап» қарақшы әкеп тіккен қара бешпетті жалан бас қара жігіт, Тәшібайдың дауысын естігенде астындағы жарау торы атты әсем бастыра сылаңдатып, Тәшімбайдың қасына келді.
Ол екеуінің қасына қара жорға атты теңселтіп, қолдағы әдемі ақ сабауын ырғақтатып Рахымбек келіп, Тәшібайға бірдеме деді.
Тәшібай басын изеп, кеудесін керіп қозғалып қойып, Шайқыстанға:
— Шайқыстан! Ал енді жұрт кұнандарын шығарсын. Жағалап жүріп айғайлап айт! — деді.
— Я, енді құнандарды жүргізу керек! — деді Рахымбек.
— Жарайды! — деді Шайқыстан, астындағы жарау торы атты сылаң еткізіп бұрыла жөнелді.
— Ей, Шайқыстан!.. Айқайлап, «атшабарлап» айт, — деді кетіп баратқан Шайқыстанға Тәшібай.
Шайқыстан Тәшібайға кеудесі мен мойнын бұра қарап:
— Ә, я, я!.. «Атшабарлайым» ғой! — деді. Енді Шайқыстан жарау торы атты ойқастатып жүріп айқайлады.
— ...Ал енді құнандарыңды шығарыңдар!.. Ал, атшабар! Ат-шабар!.. Атшабар!.. Шығарыңдар былай құнандарды! — деп, жұртты аралап ойқастап жүрді Шайқыстан.
Жұрт шапшаңырақ қозғалысып, жамырасып, самбырласып бәйге құнандарын шығарды.
Шайқыстан мен Рахымбек бастап, бір-бір жарауға мінген, қолдарына бір-бір сойылша алған екі жігіт құнандарды бет ашыққа қарай шығарып тұрды.
— Уау, енді құнан жоқ па?.. Ал енді айдалады құнан, — деп Шайқыстан екі-үш дауыстады. Оның тақиясыз жалаң басының тықыр қара бұйралау шаштары күнмен шағылып жылтылдағандай болды. Бәйге құнандар жиырма төрт болды.
Құнандардың бәрі жарау, мейіздей қатып қалған, бәрінің құйрықтары, айдарлары, кекілдері сүзіліп, әдеміленіп, өріліп, үкіленген. Үстеріндегі балалардың омыраулары шандылып, белдері мықты буылған. Бастарына орамал тартылған.
Сыланып-сипалған, жараған құнандарға мініп, бірыңғай шыққан балалар кішкентай атты әскердің бөлшегі сияқтанып көрінді.
Қолдарына сойылша алып жарауға мінген екі жігіт құнандарды алдарына салып, айдап ала жөнелді.
* * *
Бәйге құнандарды айдап жөнелісімен, Рахымбек астындағы қара жорға атын ойқастата айқайлап шықты. Рахымбек қолындағы әдемі ақ сабауын сілтеп ырғақтатып, бәйгеге тігуге алып келген қарагер құнанды бір жігітке жетектетіп қасына ертіп алып, топты аралап жар салды.
— Ал екі жарылыңыздар, мына тегістеу жерге!.. Балуан! Балуан!.. Балуан!.. Мына тегістеу жерге екі жарылыңдар!.. Уа, балуан!., Балуан!.. Балуан! — деп айқайлап жүрді Рахымбек.
— Уай, жер ыңғайына қарай екі жарылыңдар!.. Мына Есендегі ел, Аққұдықтағы, Тайжүзгендегі, Қайнардағы, Бекешедегі, Сәтбай құдығындағы, Қараөзектегі елдер бірыңғай... Ал мына, Қос шоқты, Тыма, Мыңбұлақ. Итазу, Ойымбек, Күйерсайдағы елдер бірыңғай, — деп айқайлап жүр Рахымбек.
— Ал жарайды! Жарайды! У а, болса болсын!.. Тәуекел! Солай-ақ болсын! — деген топтың әр жерінен көтеріңкі дауыстар шықты.
Жұрт шуылдасып екі жарыла бастады.
— Ей, уай, Рахымбек!.. Уай Тәшібай!.. Уай, бас бәйгені қалай бересіңдер?.. Балуандар жапа-тармағай түсе ме, жоқ кезектесіп түсе ме?.. Уа, жұрттың бәрі де бас бәйгеге түсуге құмар? — десті айқайласып.
— Уа, жұрттың, бәрі де бәйгеге түскісі келсе, жапа-тармағай түсе берсін, — бас бәйге қай бұрын жыққандікі болады! Бас бәйге қай бұрын жыққандікі болады! — деді айқайлап Тәшібай.
— Ей, ол дұрыс емес!.. Екі жақтан екі бала түсе қалып, бірін-бірі жыға қойса, бас бәйге соныкі бола ма? — деді Әміреш ауылнай.
— Уай, Әміреш!.. Бүл тойда ұрыс таластыратын бөтен ел жоқ, бәрі өзіміз ғой, — бас бәйгеге «пәлен түссін, түген түссін» демей-ақ жапа-тармағай талапты жігіттер күресе берсін деп тұрмыз... Қай бұрын жыққаны бас бәйгені алар!.. Намыс қылатын бөтен ел жоқ қой бұл арада! — деді Рахымбек.
— Мейлі... Мейлі! Жарайды, жарайды!.. Солай-ақ болсын! — деді «пәтуәлі» үлкендер.
Екі жарылып тұрған қалың жұрттың екі жағынан да балуанға түспек болып дабырласып, шешініп жатыр. Балуандарды ауылдастары шешіндіріп, жақындары дабдырласып, күйбеңдесіп абыржуда.
Балуандар жалаңаш денелеріне шекпен киісіп, бір жақ иықтарын жалаңаштап, белдерін буысып дайындалып жатыр.
«Тайжүзген» құдығындағы ауылдардан балуанға Ыдырыстың екі баласы қатар түсті. Үлкені Ысмағамбет, кішісі Тәжен. Ысмғамбетті үлкендер еріксіз түсірді. Бұл бұрын күрестерде жығып жүретін жігіт, бірақ ұялшақтау еді. Көбінесе мұны жұрт қамбайлап түсіретін еді.
Ал Тәжен өзгелердің бәрінен бұрын көздері шатынап өзі түсе қалды. Ауылдың бет ашық сыртында, аулақта қарақшы тіккен төмпештің жалғас белесінде екі жарылып бір-біріне қарап, анталаған қалың топтың екі жағынан суырылып шығып күшті, білеу денелерін жалаңаштап күреске шыққан балуандардың түстері қасқыр көрген бүркіттердің түстеріндей. Екі жақтың балуандары шыдамсызданып, бір-біріне шабуға дайындалған жолбарыстарша қарасты.
Ортаға атпен шыққан Тәшібайдың да түсі езі күресетіндей суыңқырап тұрды. Тәшібай екі жақтың балуандарына жараған бураша қарап қойып:
— Ал, енді бастаңдар! — деді.
Екі жақтың балуандары асығып, бір-біріне қарай үңіле жүгірісті, әрқайсысы да шабаққа ұмтылған шортанша шүйілуде. Әрқайсысы да «осыны тез жығам ғой» дегендей денесі шағын балуанға ұмтылды, не сырын білетін, күшінің мөлшерін сырттан біліп, «жығам ғой» деп шамалайтын балуанға ұмтылды.
Тәжен әлі жас жігіт болғандықтан үлкен топтарда балуанға түспеген еді. Тәжен Ыдырыстың кіші баласы, зор емес, бірақ кесек шаршы, отты сарғылт сүр еді. Тәженнің дене бітісі, көз қарасы қыран қаршыға сияқты.
Екі жақтың балуандары бір-біріне қарсы жүгіріп келіп, бірін-бірі ұстай-ұстай алып, апыр-топыр алыса кетті. Тәженді Сағит ауылдарының (Қосқұдықтан келген) бірі деп жүрген балуаны кеп ұстай алды. Сағиттардың балуандары ұзын бойлы, сом денелі, Қызыл шырайлы жігіт еді. Ыдырыстың Тәженнен үлкен баласы Ысмағамбет ұзынша бойлы, денелі, кеуделі, бұйра бас, қара сұр жігіт еді. Ол Шуылдақтардың арасынан балуанға түскен Қаппардың інісі Жаппар деген жігітті ұстай алды. Жаппар да ұзынша бойлы, сіңір денелі күрең жігіт еді.
Тағы да екі жақтан келіп ұстаған балуандардың саны үш-үштен алтау еді.
Тайжүзген жағымен сыбай шыққан Есендегі, Аққұдықтағы ауылдардан түскен екі балуан жігітке қарсы жақтан балуан жетпей, артылып қалды.
Екі жақтан ұстаған балуандар апыр-топыр жұлқысып, сілкісіп жатыр. Жалаңаш сом, бұлтиған, торсиған балтырлары мен білектерінің көк бұлшық білеу еттері бұлтылдап ойнап, әрекет қылып жүр. Балуандар байқасып, бірін-бірі ышқынып сілтегенде тапылдаған аяқтарының астынан қатты жердің, белестің шаны бұрқ-бұрқ етеді.
Екі жақтан анталап қарап тұрған жұрттың делебелері қозып, еліріп анталасып телмірісіп түр. Екі жақтың әрқайсысы өз балуандарының тілеуін тілеуде, апталап қарап тұрған жұрттың әрқайсысы өзі күресін жүргендей елеуреп тұр, кейбіреулері шыдай алмайды.
Я, аруақ-ай!.. Аруақ-ай!.. — дейді дыбыстап. Жұлқысып, тесіп, апыр-топыр болысып жүргенде балуандардың аяқ, екпіндерінің қаттылығы — бетегелі, құмақты жердің тозаңын бұрқ-бұрқ, еткізіп жүр.
Тайжүзгеннен келген жастардың көздері Тәжен мен Ысмағамбетте. Тәжен Сағит ауылдарының балуанының иығынан бір қолымен асыра алып, бір қолын бос алып, айнала жұлқып иіре тартып келіп, бір аяғымен іліп қалып, көзді ашып жұмғанша қатырып тастады. Анау байқаусызда бірдемеге шалынып жығылғандай шалқасынан түсті. Тәжен шапшаң секіріп, оның басынан аттап шыға келді.
Тайжүзген жақ еліріп, лепіріп шу ете қалды. Олармен бірге бірі сыбайлас болып, бірыңғай бір жақ болып тұрған жақтың бәрі де шу ете қалды.
Тайжүзген жақтан:
— Аруақ!.. Аруақ!.. Аруақ!.. — деген айқай бірге шықты. Ысқақ, Оразалы, Сары және бірнеше кісі шуласып, елеуресіп барып, балуанның бас бәйгесіне тігілген қарагер құнанға жабысты.
Қарагер құнанды жетектеп, шаужайлап таласқан біреулерге бермей сүйреп, қамшылай айдап, ойнақтатып алып шыға келді.
Олар таласып-тармасып қарагер құнанды алып шыққанда Тайжүзген жағы тағы да еліріп шуылдады.
Анталап тұрған екі жақ жұрттың көздері қызарып ойнақтағандай болды.
— Ай, қайда апарасыңдар құнанды! Бері әкел, мына Жүніске! — деген айқай шықты.
Жұрттың көзі күресіп жүрген біресе өзге балуандарға, біресе қарагер құнан, Тәженге қарап жалтаңдады.
— Е, а, я, аруақ!.. Я, тәңір!.. — деген үндері шықты. Сол кезде Шуылдақ Жаппарды Ысмағамбет сірестіре шалып қайырып кеп соқты.
Жұрт тағы да толқып, қозғалысып шу ете қалды.
Тайжүзген жағы енді ереуілдей тұрып шу ете қалды. Тек үлкен, салмақты кісілердің кейбіреулері ғана өздерінің маңыздарын, ызбарлықтарын жоғалтпай тұрды. Тайжүзгеннің бір топ адамдары тағы да лап қойып, шабдар тайды сүйрелеп алып шыға келді.
Қарагер құнанға да, шабдар тайға да таласып-тармасып үймелесе шуылдасып жатыр.
Көпшілік тағы да шу ете қалды. Кейінгі балуандардың, бір-екеуі тағы да жығысты. Шыққан жақтың адамдары аттылы-жаяулы ұмтылысып барып, жабырласып, шуылдасып, таласып-тармасып, қара таншаны бұлтылдатып жетектеп сүйрелеп алып шықты.
Жұрттың анталаған назары енді осы үш бәйгенің үстінде болды. Бірсыпыра жұрт шуылдасып, күлісіп, «сүйіншілесіп» Жантайдың қасында тұрған Ыдырысты қамап жұлмалап жатты.
Жантайдың қасында тұрған Ыдырыстың қаракөк биесі қамалап омыраулап итермелеген жұрттың тізесіне шыдай алмай, біресе шегіншектеп, біресе шалқалап, біресе оңға, біресе солға тығылып қыспақта қалды. Қамаған жұрт Ыдырыс пен қаракөк биені жан-жағынан қыса ойнап, біреу Ыдырыстың басындағы бөркін жұлып алды, біреу белбеуіне, біреу қамшысына жабысты.
— Уа, Ыдырыс, екі балаң бірдей жықты!.. Екі балаң бірдей жықты!.. Сүйінші!.. Уа, Ыда, сүйінші!..
— Ей, Ыдырыс!.. Сүйінші менікі!.. Ай, Ыда, сүйіншіні маған беруің керек!
— Ей, Ыдау, енді де ырза емессің бе құдайға!..
— Ай, Ыдырыс! Өзіңе өзің қандай мардамсып түр екенсің, ә?.. Уа, дегенің-ау!..
Жұрт шулап, ойнап Ыдырысты ара талағандай қылды.
— Уа, қой енді, шуылдамай! — деп Жантай араға түсіп Ыдырысты қорғады. Анталап, аттарының омырауларымен соғып, ара талағандай қылған жұрттың арасынан Ыдырыс әрең деп жұлқынып босанып шықты.
Қамалап жүрген жұртты енді қасына жуытпауға тырысып, Ыдырыс қамшымен жасқап, кейбіреулерді қамшымен салып қалыпта жүрді.
Сүйтіп жүріп Ыдырыс:
— Е, не қыл дейсіндер, екеуі бірдей жықса!.. Екеуі бірдей жықса, гәп мұнда!.. Гәп мұнда! — дей береді. Жұрт Ыдырыстың онысына қыран күлкі болды.
— Уа, Ыдай, Ысмағамбет менің,аруағыммен жықты!.. Ысмағамбет менің аруағыммен жықты!.. — деді айқайлап күліп Қасым.
Балуандары жығып бәйге алған жақ көтеріліңкіреп, жігіттері жығылып бәйге ала алмай қалған жақ сәл бәсеңсіп қалды. Тәжен жыққан үшін бас бәйгеге алғам қарагер құнанды Ысқақ жетектеп алып, көңілденіп, лепіріп Жантай мен Ыдырыстың қасында тұрды. Енді бірсыпыра жұрт бұл үшеуін ортаға алып, әлі де Ыдырысқа қалжың, әзіл айтып, бәйгеден олжа сұрап дуылдасып күлісіп тұрды.
Астындағы күзеулі күрең байталын тебініп, топтың ортасына Әріп кірді. Әріп өзінен-өзі мырсылдап жалтаңдап күліп, , әркімге бір қарап, байталын тебініп тұрды.
Оның шұбар дорбақтау, еттілеу беті, сирек селдір сақал-мұрты, еркек мысықтың көзіндей көлденең ені тар, ұзын созық көзі келемеж іздеген адамды қызықтыратындай еді.
— Әріп, немене, сен күреспедің бе? — деді Ысқақ күліп. Әріп мырсылдап күліп, жалтаңдап әркімге бір қарады.
— Е, неменеге күреседі, бәйгенің бәрін сен алып тұрсың, бірдеме бітірген кісіше! — деді ол.
— Е, бәйгені сен алайын деп пе едің? — деді Ыдырыс.
— Е, алса несі бар?.. Бәйгені Ысқақ емес, мен алатын жәнім бар емес пе? — деді ол жалтаңдап. Ысқақ Әріпті тәлкек қылды:
— Тоба, тоба!.. Уа, Әріп, сен де бәйгеден дәметкенің-ау, ә! Жақсыдан жаман туған неме, бәйгеге құмар болсаң, онан да қатының Бобекжанды әкеп, бір күні мына Ыдырысқа түнетіп алсайшы! — деді Ысқақ.
Соны айтты да Ысқақ өзі сақылдап күлді.
Әріптің мырсылдаған күлкісі өзгеріп:
— Е, өз қатыңды неге түнетпейсің?.. Әз қатыныңды неге түнетпейсің Ыдырысқа? Күлбала ма еді, Бұл бала ма еді, әлгі жаман таңқы қара қатыныңның аты! — деді Әріп.
Тұрған жұрттың бірсыпырасы қарқылдап, сақылдап күлді.
— Бәйгенің жолы Ысқақтікі емес, шынында Әріптікі еді, — деп, кейбір тәлкекке құмар қулар Әріпті еліктірді.
Әріп оны шын көріп, бәйгеге алынған қарагер құнанға таласуға ыңғайланды. Әріп шын қызараңдап болмаған соң, Жантай қалжыңдай билік айтты:
— Қатыныңды өлеңге қосып үш ауыз өлең айта ғой, қарагер құнанға Ысқақ пен сені жарналас қылайық! — деді Жантай.
Тұрған жұрт соны мақұлдаса шулап, Әріпті онан сайын қыздырды.
— Айт!.. Айт!.. Айтып жібер, Әріп!.. Айта сал үш ауыз өлеңді... Қоса бер өлеңге қатыны құрғырыңды! — десті.
Біраздан соң құнандар кеткен жақтан, алыстан болар-болмас көтерілген тозаң көрінді. Көз ұшында жұлындай тозаң шыға келгенде-ақ жұрт солай қарасып елеңдесіп толқысты. Басқа сөздердің бәрі де өзінен-өзі қала берді де, жұрттың бәрінің елеңдеген назары кез ұшында кішкене құйындай ойнап шыққан тозаңға қадалды. Бірен-саран жастар шыдамай, солай қарай топтан шыға шаба жөнелді. Үлкендердің тоқтатқандарына қарамай, бір жөнелген соң өзгелер де көз ұшында жүгірген құйынша бұлдырап, будақтап келе жатқан тозаңға қарай жөнелді.
— Уай, күн ыстық, тартусыз болады. Осы ыстықта тартқан соң құнан өліп кетеді! — деп Жантай айқайлап айтып еді, жастар болмай, келе жатқан құнандарды тартуға дуылдасып, ағытылып дүсірлете жөнелді.
Қарақшы басында тұрып қалған жұрттың көбінің аттары лезде бола қалған айқай-шу шабыс дүсірлеріне қызып, құлақтарын, көздерін тігіп елеңдеп қалды. Қызу аттардың, кейбіреулері енді жер тарпып, пысқырып шыдай алмай тықыршып тұр. Кейбір аттар тықыршуды қойып, топтан шыға жұлқынып, бастарын шайқап, ауыздықтарымен алысып, ойнақтап ала жөнелгісі келгендей, олардың үстіндегі адамдары аттарымен арпалысып тізгінін тежеп әбігерленуде.
Тайжүзген жастарынан Айшуақ, Айтжан, Мұса, Біршағыр, Қалдыбай деген жігіттер келе жатқан құнандардың алдарынан шаппай қалды.
Бұлардың аттары да тықыршып лепіріңкіреп, мойындарын бұралақтатып шұлғып тұрды. Қарақшыға қарай созыла тозаңдатып зымырап келе жатқан құнандар да бұлдырап таялды. Оларға тым-тырақай болып шапқан тартушылар да жақындап қалды. Анадайдан бұлдырап келе жатқан құнандардың алдыңғылары қарсы барған тартушылардың тобын қақ жарып өткенде айқай-шу айдаланы басына кетерді. Бәрі де қарақшыға қарай зымырап келіп қалды.
Енді қарақшының басында тұрып қалған көп жұрт та қозғалды. Олардың қызу, эсер, әңгүдіктеу аттары енді аласұрып аспанға секіріп, үстіндегі адамдарды еңсере-еңсере жұлқынады. Кейбіреулері ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, жынданғандай еліріп, тұқырып-тұқырып, үстіндегі кісілерін ала-ала жөнеліп, ышқына-ышқына шапшып аласұрды.
Тек кейбір салқынқанды, шабан, мешел аттар ғана, немесе мінуі өткен арық аттары ғана үздікті-создықты бөлек-бөлек болып шұбалып, құйғытып келе жатқан қызу сарынның дүбіріне қызбай тұрды. Құнандардың алдыңғы бөлектеріндегі бір-бірімен тіс ұйысқан тістесе, ызғытып келе жатқан топтың айқайлай шулап: «аруақ!..» деген үндері естіледі.
Толқып қараған жұрттың да көбі мазасыздана қобалжыңқырап қызып тұрды...
1935 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі