(повесть)
("Ол кезде ол сондай еді")
Омар орта бойлы, нығыз денелі, қошқыл түсті, қанталаған тобылғы көзді "қасқыр" болып ержетті.
Жасынан ауылмен іргелес поселкаларға сіңіп, Мешке, Иван, Шодыр, Мекейле деген байшікеш мұжықтардың үйіне жалданып, сол бай мұжықтардың бір адамдарындай болып жүрді. Ауылдас қазақтар Омарды орысшаға жетік деп білетін болды. Омар орысша сөйлегенде "көмейі бүлкілдейді" дейтін.
Омардың өзі де орысша тілді ауылдастарынан артық білемін деп өзін-өзі өнерлі санайтын болды. Орысша киініп, көк картозын көзіне таман киіп, кіретон көйлегінің сыртынан қызыл түймелі көк көйлегін киіп, ауылға келгенде екі қолын қалтасына салып тұрады. Қазақ тілін бұзыңқырап сөйлейді. Омардың онысы жетілгендігін білдіруі еді. Бірақ онысын кейбіреулер мазақ қылса, Омар ол мазаққа түсінбейтін еді.
Әкесі мен шешесі, кішкене інісі мен қарындасы лашықтарын жығып, құрамдарын буып-түйіп, жаман ағаш арбасына тиеп, бір сиырына арбасын жегіп, екінші сиырына қалған жүгін артып, поселкаға таяна келіп қонып, поселканың табын сиырын баққан. Әкесі шаруақор, қитар адам еді.
Омарды жұрт қалай дегенмен, ол қара күшке, жұмысқа мықты болған соң жүрген бай мұжықтарына жағымды болып, мал тауып, көк көйлек, қызыл көйлектетіп, бешпент, шалбар киіп, белін көк баумен буып, тәуір киініп жүрді, үйіне де жәрдем қылып жүрді. Шошқалы Иванға арқа сүйеп, кейбір қашықтау көршілес ауылдың қазақтарына мал төлетіп алып жүрді. Бір жылы сенің қазған жер ошағыңа арбам түсіп кетіп сынған деп, Маусынбай дегеннен бір қой төлетіп алды. Баяғыда бұзауыма сенің шарбағыңның қадасы кіріп өлтірген деп, Құлжан деген қазақтан торпақ төлетіп алды. Бес-алты жылдың ішінде әкесі өз шаруасын аяққа бастыртып, жап-жақсы қара-құра малды болып қалды. Әлденген соң, Омардың әкесі табынды қойып, поселкамен іргелес отырған өз ауылына жылжып қонып, егін салып, енді өз шаруасын бақты. Сөйтіп, Шодырдың үйінде жүріп, Мешкенің де жұмысын істеп, бір-екі жылдан соң Омар енді жұмысты қойып елдегі түрлі істерге қатысты.
Әйтсе де поселкадан Омар қол үзіп кете қойған жоқ. Мешке, Иван, Шодыр, Мекейлелердің жұмыстарын істесіп беріп тұрды. Бай Мешкенің бірдеңкесін алып, құс атып әкеп беріп жүрді. Мешкеге және әкесінің де жұмыстарын істетіп беріп жүрді.
Ағайын жұрт қалай дегенмен, Омар жылпың, пысық, "қасқыр" жігіт болды десті.
Иманқұл деген ауқаттылау қазақ бар еді. Омарларға жамағайын болатын еді. Бір күні Мешкенің бердеңкесімен дуадақ атамын деп жүріп, Омар Иманқұлдың бір түйесін атып кетіпті. Түйе үш-төрт күн тұрып өліпті.
Поселкаға Иманқұлдың баласы келіп, сонда тұратын сотқа арыз етті. Поселкада Иманқұлдың баласымен төбелесіп, Омар Иманқұл баласының басын жарып тастады. Енді Омардың істегендерінің бәрін айтып, аудандық сотқа Омардың үстінен Иманқұл баласы арызды мықтап берді. Сот Степан деген орыс жігітті Иманқұлмен тамырлау болғандықтан Омарды айыптап, істі жаманға айналдыратын болды. Омар Степанға жолығып істің жөнін сұрап еш лаж істей алмай, поселкада үш-төрт күн жүрді.
Омардың пайдалас болып, үйінде жүретін әлгі шошқалы Иван деген бай орыстың сұлу қызы болатын еді. Сол қызға Степан соттың көңілі түсіп жүргенін біліп, Омар Степанға қызды салып қарады. Степан оған да болмады.
Омардың түрмеге отыруға тиіс екенін айтып, закондардың статьяларын айтып, Степан иілмеді. Бірақ, Степан "сыйға-сый" дегендей, қызға өз көңілінің тілегін сездірді.
Омар қызға жалынып, лажы құрып, кешке Иванның үйінде қонып жатты.
Шошқалы Иванның үйінің ішкі пішіні Омарға алақанындағыдай таныс.
Иванның үйі шымнан салынған, ауыз үйінен басқа үлкен бір бөлмелі, кәдімгі мұжықтың үйі. Ортасында үлкен қара пеші бар. Кішірек екі-үш терезесі сығыраяды.Үйдің төр жақ бұрышында Айса мен жас баланы алдына алған Мариямның бүркеңкіреп қойған суреті бар. Суреттердің алдында балауыз шам. Күнбатыс жақтағы екі терезенің арасында Иванның солдатқа барғандағы суреті және туыстарының суреттері ілулі тұр. Бәрі де тозып төңіректері жұлынып, жыртылыңқыраған. Олардың қасында едірейіңкіреп, езуін тарта күліңкіреп түскен шошқалы Иванның қызы Аннаның суреті тұр. Төңірегінде Ананың қызылды-жасылды қағаздан оймыштап істеген гүлдері бар. Аннаның суретінің үстінде төрт бұрышты, кішірек, бетін шыбын былғап шұбар-шұбар қылған айна ілулі тұр.
Шошқалы Иван өзі қатын-баласымен қара пештің үстінде жатыр. Сол жақ қабырғада, ескілеу ағаш кереуетте Анна жатыр. Төрдің алдында ағаш сәкі орындыққа басын кептеп Омар жатыр.
Омардың ұйқысы келетін емес. Бірақ ұйықтаған болып, өтірік пысылдап жатыр. Иванның үйінің іші тегіс ұйқыға кірісіп, қорылдасып, жаман көрікше пысынаса бастады. Шошқалы Иван аузымен, мұрнымен кезек дем алып қорылдап, дөңбекшіп аунап, қырылдап қояды.
Үйдің ішіндегі борсыған көженің иісіндей ауыр, сасық иіс тынысты тарылтып, бұрқырай береді.
Түннің едәуірі өтті. Ай жарық. Күзге салым уақыт еді. Қала тегіс жатып, ұйқы тұманына батқан. Қаланың да қоңырсыған, тұмандатқан ауыр исі қоюырақ шығып, әуеде қалқиды. Жыпырлап, шоғырмақталған үй араларындағы бірлі-жарым жылтыраған шамдар әлдеқашан біртін-біртін сөніп өшкен.
Түн ортасы ауды.
Анда-санда тауықтың шақырған дауысы естіледі... Қалада қыбыр еткен жан жоқ. Тек жарық айдың сәулесінен ұялып, көлеңке қуалаған біреу елестеді. Дүкен аңдыған ұры сияқты. Көшені жағалап, ай сәулесінен жасқанған адам Ивандікіне қарай келеді. Қораға кіріп келе жатқан ұры тәрізді. Картозын бастыра киген.
Ивандікіне келді. Есікті ақырын еппен ашып, үйге кірді. Аз ғана тыңдап тұрып, жұрттың пысынап ұйықтап жатқанын біліп, ақырын жүріп Аннаның төсегіне келді. Аннаны оятты, Аннаның ағаш керуеті салмақпен сықырлап, шошып ұйқысыраған сияқты дауыс үй ішін селт еткізді.
— Кто тут?.. Омарке! — деді шошынған Анна.
Омар қозғалып, керіліп, ыңыранып, оянған кісі секілді болып дыбыс қылып, тұруға ыңғайланды.
Шошып оянған кісідей, Омар орысшалап:
— Бұл кім? — деді.
Анау есікке қарай ұмтылып, Омар да барып ұстап алды.
Омар сасқалақтап дауыстады:
— Ұры! Ұры!..
Ұсталған адамда ләм жоқ, жан-дәрмен Омармен жұлқысып есікке таласты. Бірақ Омар жібермеді. темір қысқаштай қатты қолымен ұрыны буындырып алып, жаққа бір-екі қойып-қойып жіберді. Дауыс, дүрсілмен шошқалы Иван оянып, сасқалақтап қатын-баласымен төсектен түсіп жатыр.
— Где вор? Чего там?.. Не пущай! Не пущай!.. — деді. ұры Омардың, қолында буынып тыпырлап тұр...
Иван пештен түскен кезде, Омар ұрыны босатыңқырап алды. Бірақ, жұлысып екеуі дүрсілдеп есіктен шықты. Және бір қойып қалғанда, ұрыдан Омар айрылып қалды.
— Ой, әттеген-ай, айрылып қалдым-ау! — деген үні естілді.
Ұрының қарасын үздірмей артынан қуып берді.
Иван кейінірек қуып келеді. Дауыстап үрпиісіп оянып, кейбір мұжықтар да тысқа шықты. Омар ұрыны бір жерде тағы да келіп ұстады. Желкеден қойып қалды.Ұры енді құтыла алмайтын болған соң, Омардың бетіне қарап ентігіп тұрып асығыс сөз қатты:
— Омарке, ведь мен ғой! Сен жынды болдың ба? Пожалыста жібер!.. Тәңір жарылқасын жібер! — деді.
Омар да асығып үңіліп қарап, аңырайып таң болды.
— Ойбай-ау, Степансынба?.. Мен білмедім ғой!.. Қап!.. Ойбай, тез жөнел! — деп, Степанды қоя берді.
Степан жоқ болды.
Жүгіріп бір көшені мұжықтармен шошқалы Иван кезді. Омар ентігіп, алақтап тұрды.
— Ойбай-ай, адасып қалдым ғой! — деді.
Лаж жоқ, қуғыншылар жамырап, самбырласып "ұры, ұры!" деп қайтысты.
Ертеңінде Омар, Степан сотқа келді. Степан ашуланып Омарды боқтады:
— Каззап, жулик! Сен, қыз келсін деп айтты деп, мені масқара қылдың?.. Неге бүйттің? Неге шулаттың жұртты? Неге ұстадың мені?.. Енді қараңды өшіремін, бәлем... Каззап... арда, ит, киргиз!.. — деді.
— Қой, үйдемеңіз, Анна сіз екеніңізді білмей қалыпты. Ұйқысы жаман екен, байқамай ұйқылы көзбен шошып, дауыстап қалыпты. Ал мен сізге кесір қылып жүрген біреу ғой деп, сізді байқамай ұстадым. Сонсоң таныған соң, қоя бердім ғой!.. Сіз жаман сөз айтпаңыз, жамандасаңыз, мен де "Қазақстанды боқтады" деп, Қазақстанның ең жоғарғысына арыз апарып беремін. Шошқалы Иванның үйіне кіргеніңізді айтып, түндегі шаманизмыңызды айтып, түндегінің бәрін куә қылып ақты беремін!.. Онан да менімен жақын болсаңыз, түндегідей болмас еді! — деді.
Ақырында Степан Омармен "тамыр" болды.
Иманқұл баласының арызы өз-өзінен босқа қалды...
Жұрт қалай дегенмен, Омар жылпың, "қасқыр", "өнерлі" жігіт...
1927
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі