"Лениншіл жас" газетінің редакторы Әбдісаттар Бөлдекбаевтан бірде Алакөл аудандық газетінде қызмет істеп жүрген жиырма бір жасар Сәкен Иманасов: "Сізді газетімізге қызметке шақырамыз. Келісіміңізді берсеңіз, тез хабарлаңыз" деген мазмұнда жазылған жеделхат алып, төбесі көкке жеткендей қуанышқа бөленеді. Дереу Алматыға жетеді. Сөйтіп, жастардың сүйікті газетіне қызметке тұрады. "Жұрт "Лениншіл жасқа" институтта оқып, университетті бітіріп қызметке тұрушы еді, қаршадай мына Сәкен қатарынан озып қайда барады, ей"... деушілер де болмай қалған жоқ. Ал Сәкен болса, бұрқыратып мақаласын жазды, жарқыратып өлеңдерін жариялады.
Бірде ақын ағамыз Әділбек Абайділданов бригадир туралы жазылған очеркімді үш рет қадағалап қарап. түзетіп, үш рет өзіме қайт көшірткізіп, "енді жақсы болды" деп "Жетісу" газетіне жариялатқан еді. Сондағы Әдіекеңнің "Жазған соң' сөзді сөйлетіп, ойды ойнатып, жыр тудырған ақын сияқты, өзіміздің Сәкен сияқты жазу керек" дегені ғұмыр бойы жадымнан шықпай-ақ келеді.
Сол Сәкенмен кейін Талдықорған облыстық "Октябрь туы" газетінде бірге қызмет істедік. Бұл кез оның газеттің қара жазуынан қашқақтап, жыр жазуға бүтіндей бет бұрған қызулы, қызықты шағы еді. Сәкен өлеңдерін оқитын. Пікіріңді білуге ыңғай беріп, ықылас танытатын. "Өтірік айтпа, өтірік мақтама?" дейтін. Көлгірсігенді көзше айтатын. Жанын ұғар жақсы жолдас, өнерді, өлеңді сүйетін өнерпаз іздейтін. Бұл күнде есімдері елге танымал болған белгілі ақын Ғұсман Жандыбаев пен Әбен Дәуренбековті ауылда жүрген жерінен газетке сүйреп, қызметке әкелген де осы Сәкен еді.
Ақсу өңірінде тірлігінде әдебиетке тік тұрып қызмет еткен марқұм ақын, өрі драматург Құдаш Мұқашевтің 60 жылдық мүшелтойы болып өтті. Ақынға ескерткіш орнатылды, ауылдың аты берілді. Тойға республикаға белгілі ақын, жазушылар қатысып, арнау өлеңдер оқылды. Осы тойдың өтуіне ұйтқы болып, ұйымдастырушылық іс атқарған, аудан, облыс, одақ басшыларын бәтуаға келтіріп, батасын алған Сәкен Иманасов еді.
Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген мына бір зауал шақтың өзінде ақын Сәкен:
"...Әліде
Бір жақсылық жасағым-ақ келеді, елдің бәріне,
Риза болып жүрсе деймін, күлсе деймін мәз болып,
Еңбектеген баласы да, еңкеңдеген кәрі де", —
дейді ағынан ақтарылып. Ақын ағалары Ғали Орманов пен Әділбек Абайділдановтың еңбектерінің атаусыз қалып бара жатқанына да ең алдымен соның қабырғасы қайысатын сияқты.
Әсте де Сәкен жалғыз жүре алмайды. Сапарға шығып, жол жүрер болса, жолдас іздейді. Жай жұмыста жүріп те, түскі асқа: "Жүр, біздің үйге барайықшы" деп, өтініш жасап жүргені. Ал ертелі-кеш үйіне бара қалсаң, ақын жары ақ жарқын Мариямның өзі бастап, балалары Гауһар мен Олжас қостап, құрақ ұшып, көптен күткен, Қырымнан келген қонақтарындай қуана қарсы алады. Бұл үйге жатсыну мен жатырқау мүлде жат.
Бұл күңде Алакөлден шыққан алаштың ақсұңқар ақыны аталып, абырой-атағы шартарапқа тарап жатқан Иманастың Сәкені, міне, асқаралы асулы алпысқа да кеп қапты. Тәйірі, ақын үшін алпыс жас — тал түс жас емес пе?! Ардақты ақын досқа "жүректен шыққан жырларың жүректерге жете берсін, өлең-өмірің ұзақ болсын!" дегім келеді де тұрады.
Октябрь туы" газетінен, 1998 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі