Қазан төңкерісіне дейін Қазақстаннан, оның ішінде шалғай жатқан Маңғыстау топырағынан да қажыға барғандар аз болмаған. Солардың бірі — Маңғыстаулық Қаныбекұлы Байқұл қажы. Адай руының Қараш тайпасынан шыққан Байқұл 1853 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында, Ақтөбе облысымен шектескен Ырғызбай деген өңірде дүниеге келіп, 1908 жылы осы маңда, дәлірек айтсақ, Бейнеу ауданына қарасты Ақшағыл - Қарабұлақ дейтін жерде дүние салған. Балалық шағы Жем аққан аңғарларында өтеді. Байқұл жас кезінен пысық, ауыл балаларының алды, оқуға құмар, ынталы болады. Алғашқы сауатын 7-8 жасында «Қайнар» деген жерде орналасқан Қашақ ұлы Досжан хазіреттің медресесінен алады. Алдияр Ишанның алдын көрген, Абдулла Хазіреттермен қатар өмір сүрген. Мұнымен қанағаттанбай, сол кезде білім ортасы болған Хиуа қаласындағы Көкілташ медресесіне оқытып, 7-8 жыл осы орында білім нәрімен сусындайды. Байқұл Қараш руынан Есболай ауылынан тараған. Сол Есболайдан 6 бала болған. Соның бірі — Қаныбек.
Қаныбектен Байқұл және Дәулеталы деген екі ұл болған. Дәулеталы ерте өліп, одан тұқым қалмаған. Байқұл екі әйел алған. Сол екі әйелден Андарбай, Әбутай, Қошмағамбет, Әбдуали атты төрт бала өсіп-өрбіген. Айдарбайдан Сапарбай, (1896-1942) және Сәмиғұлла (1906-1983) атты екі екі ұл болған. Сапарбайдан Сағынбай, Тәжік атты екі ұл болған. Ол балалар Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза болды. Сәмиғұлладан (әйелі Бөпехан) Балжан және Сәнен атты екі қыз, Дәрібай, Кенжебай, Олжабай атты үш ұл болды. Бәрі де жоғары білім алды. Сәмиғұлла 1945-1983 жылға дейін Жамбыл атындағы филармонияда домбырашы қызметін атқарды. Еңбегі ескеріліп, оған «Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атақ берілді. Әбутай көп оқып, молда болған. Одан Садық, Бұқарбай деген екі ұл туған. Садықтан Құралхан, Елтай, Нұрлан атты үш ұл бар. Олар Ақтау және Жаңа Өзен қалаларында тұрады. Қошмағамбеттен Аният (1921-1994) тұқымдары бар, Әбимолда, Әбдуәлі дегендер Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Жарлы станциясында тұрады. Төрт баласынан да ұрпақ қалған. Олар Қазақстанның әр жерінде өмір сүруде. Айта кететін бір жайт, Сауыт Арабиясы, Медина қаласында ашылғанына 60 жылдан асқан, осы күндері 20 мыңдай студенттер оқитын Медина Ислам университеті бар. Осы университетті Адай руынан алғашқы болып тәмамдаған – Ескелді Әпжат. Бірақ, Әбжат ағамыз оқуға Иран, Ислам республикасынан барған. Осы универстетті Қазақстандағы Адай руынан алғашқы болып тәмамдаған – Байқұл атамыздың ұрпағы – Андарбай Сержан. Байқұл қажының ағартушылық қызметі әлі толық зерттеліп болған емес. Мұндай мұралар кезінде әлі де зерделенер деген үміттемін. (3-280-284-бет)
Осы күнге дейін Құран Кәрімді бінеше адамдар өзінің білім деңгейінде қазақшаға аударып, түсінік берген. Солардың бірі 5 адамнан тұратын топ: А. Ахмет, С. Андарбай, Қ. Қыдырәлі, б. Амандық, Қ. Әбдіғаффар. 2013 жылы «Дәуір» баспасынан құран Кәрім, мағыналары мен түсіндірмелерін аудармасы атты кітабы жарық көрген. Адай руынан шыққан тұңғыш Құран аудармашы, осы топтың мүшесі Байқұл атамыздың ұрпағы – Андарбай Сержан. (5-776-бет).
Байқұл қажы ғұмырын дін-исламға, ұстаздыққа арнау мақсатында, «Ақшағыл-Қарабұлақ» өңірі деп аталған, осы күні «Құланды сай» аталатын жерден әке қаржысы мен дәулетіне мешіт-медресе салдыртады. Ақысыз, пұлсыз тегін оқытып, ағартушылық қызметін жалғастырады. Әкесі – Қаныбек өте күйлі, Сахи мырза атанған. Елге игілігі тиген аса қадірлі адам болған. Хиуа қаласында оқып жүрген кезде, әке қаржысын пайдаланып, парасаттылық пен халқының болашағын ойлаған Байқұл атамыз көптеген құнды кітаптар жинақтаған. Кітаптардың көптігі соншалық, бірнеше арбаға жүк болатындай болған. Осы мешітті ашқан соң, Жеменей руының ішіндегі көшке Айтқұл Хазірет деген кісіні жоғарғы Жылой жақтан алдыртып, осы мешітке имам қылды. Байқұл салдырған бала оқытқан мешіт орны күні бүгінге дейін сақталған. Десе де, 1927-1928 жылдардағы жағдайларға байланысты, халық түгел қоныс аударуымен, мешіт қараусыз, табиғат дүлей күштеріне төзбей құлап, мешіт көміліп, іргетасы ғана сақталған. Шындығында, мешіт орны өткен ғасырдағы қазақтың мәдени орындарының бірі болғанына ешкім шүбә келтірмейді. Міне, осындай тарихи, мәдени орындар Маңғыстау өңірінде де аз емес. Бірақ бұларға жеткілікті көңіл бөліп жатқан азаматтар саны аз. Мұндай тарихи және мәдени орындарға жеткілікті мәдениет бөлімдері көңіл бөлсе дұрыс болар еді. Осы оқу орнынан екі жүздей шәкірт білім нәрімен сусындалып өсті. Мұндай мешіт орны бұрын-соңды орын алмаған. Қазақ халқы бұрын-соңды мұндай кірпіштен салынған ғимаратта емес, киіз үйде тұрғаны баршамызға мәлім емес пе?
Байқұл медресесін бітіріп шыққандардың қатарында шежіреші халық ақыны, бүкіл Орта Азияға танымал – Ыбырайым Құлбайұлы өз жазбаларында жеті жасында осы медреседе оқып, сауатын ашқанын баяндайды. 1968 жылы Орта Азия діни басқармасына Ауғаныстаннан келген делигация құрамында болған - Мауғани Саиф Мұхаммед Қараш Ыбырайымға Қазақстандағы ең білімді Ахун(ахунд- оқымысты, ұстаз) деп баға берген көрінеді. Осы деректер Ахунның жоғары деңгейде оқығанын растайды. Әр ауылдың, әр рудың мешіті де болған осы – Байқұл қажы мешіті деп растайды. Осы оқиғаның куәсі, Бейнеу ауылының тұрғыны – Қалдыбек Кенжебеков. Бұл кісіден тараған ұрпақтары осы кешенді көруге асық екендігін мәлімдейді. Біздің қазақта қажылыққа барған адамдардың ішінде ең алғашқы құлды азат еткен адам. Бір құлды азат етіп, азаттық алып берген. Сондай діни, сауатты ғұламалардан қажылыққа барған екі адам болған. Олар: Қаныбекұлы Байқұл қажы және Дәнекер қажы. Бұл кісі де Қараш руынан шыққан, Көкжардың түрмесінде атылып, өлім жазасына кесілген. Байқұл қажымен тығыз қарым-қатынаста болған. Ыбырай ахун өз еңбегінде жеті жасында жетім қалып, Қараш Байқұл медресесінде оқып, сауатын ашқанын, тәлім-тәрбие алғанын сөз етеді. Ахун атамыздың артында қалған мол мұраларымыздың бірі – көркем жырмен өрнектелген шежіре, баяны себеп. Әрбір руға жеке тоқталып, заманында көптің ықыласына бөленген көрнекті тұлғаларды келер ұрпақ жадына қалдыруға әрекет еткен еңбектің құндылығы да осында. Тасқа басылып шықпаса да кәкелеріміз «Ыбекем былай деген»-, деп отырып, үзік-үзік жырларды тақпақтап жатқа айтатыны бала санамызда қалып қойыпты. «4-4,5-беттер).
Ел арасындағы белгілі қараш Тұрғанбай, шоңай Шайқы ахун, шегем Қайырмұханбет (Қайырша) т. б. Хиуада оқып, діни жоғары білім алғандар сол Байқұл қажының шәкірттері, соның медресесінде сауатын ашып, білім алғандар екендігінде Ыбырай ақұн атап көрсетеді. Шегем Қайырша ахун білімі жетілгесін Көлеңкелі Желтаудың «Ақкетік» деген жерінде медресе ашып, бала оқытқан. Қайырша ахун 5 жыл оқысаң басқа жерде 15 жыл оқығанға татиды деген сөз қалған. (1-5-бет)
Мұсылманның бес парызының бірі — қасиетті Мекке шаһарына барып, қажылық жасау XIX ғасырдан бастап қолданылды. Осылай балаларды оқытып жүргенде,әне-міне дегенше жас шамасы 40-45ке де жетіп қалады. Содан соң қажылыққа сапар шегеді. Қажылыққа барып, қажы атағын емденіп келеді. Тарих қойнауынан белгілі болғандарындай, 1876 жылы Құнанбай қажы бастаған 120 адам солардың алғашқылары еді. Бұл тарихи деректерде анық көрсетілген, ол жөнінде мағлұматтар баршылық. Солардың орта, ұлы жүзден отызы барған. Басқарып барған Абайдың әкесі - Құнанбай. Ал Кіші жүздің алты әлімі, жетіру, он екі ата байұлынан 90 адам барған. Кіші жүзді басқарып барған тобын Дошеке Хазірет, әлім Нүрпеке Хазірет екен деген жорамал бар. Бұның дұрыс та болуы да мүмкін. Өйткені бұл екі кісінің екеуі де халыққа белгілі адамдар. Енді тарихи деректерге жүгінейік. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты еңбегінен бірсыпыра дәлелдер келтірейік. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Ол кезде Мекке бастығын Шәріп, Мәдина бастығын Шайқы дейді екен. Олар бас қосып, сонда «сіздер қай ел болмасыз?»,- деп сұрады. Сонда бас қажы Құнанбай екен. Ол: - «Біз қазақ деген жұрт боламыз» –деп жауап берген. Олар қазақ деген жұрт болады екен – ау,- деп аң-таң қалыпты. Тарихты ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Бір бұрыл басты сөйлепті (Біздерше бұл әкім Нұрпеке Хасірет болуы ықтимал)
- «Бұл тарих табылса Бағдат Шәріпте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар. Жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса сонан табылады» - деген. Бағдат Шәріпке жолына мінгізіп кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан кіші жүз Досжан халифті жіберіпті. Барған кісілер:
- «Табылды, Қазақ деген жұрт Әнес сахабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» - деп нұсқа көшіріп алып келіпті. Бұдан соң бұл 120 кісі ортасынан қаржы шығарып «Қазақ тақиясы» деген үй салдырып, алғаш Құнанбай атына жаздырған. . . Бұл күнде ол үй Досжан халиф атына жазылыпты. Қазіргі таңда кейбір ел аузындағы аңыздарға қарағанда Байқұл қажы сол дәуірде көппен бірге қажыға барыпты. (2-11-12-беттер)
Досжан Қошақұлы тарихта болған. Жеті рудың табын тайпасынан шыққан. Ұлт тұтастығы мен дін тазалығы жолына бүкілғұмырын арнаған ұстаз, хазірет, шежіре жинаушы, құрылысшы, егінші Қошақұлы Досжан қажы – дін тарихында жарқын есімі қалған ардақты тұлғалардың бірі. Сүйегі Ақтөбе облысының Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылынан 5 шақырым оңтүстікте. Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіттің 6 бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандай тіреу жоқ. Терезесінде де бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнектермен әшекейленген, күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрады. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. 2015 жылы хазіреттің 200 жылдығы Ақтөбе облысында кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.
Байқұл қажыға екінші рет 22 жылдан соң, 1896 жыл барыпты. Анасын Маңғыстаудан ақ сүтін ақтаймын деп арқалап, Меккеге барған екен деген сөз бар. Сонда пірінен: Мен анамды сонау Маңғыстаудан арқалап әкелдім. Ол кісінің ақ сүтін ақтадым ба деп сұрағанда:
- «Ақтаған жоқсың, тек алғашқы туған күнгі сүтін ғана ақтадың, ана сүтін ақтау деген оңай емес. Тек қана «кештім» десе ғана ақталады»,-деп жауап берген екен.
Жалпы Бейнеу ауданы қасиетті, киелі орындардан кемде емес. Киелі Пір Бекет атаның жер асты мешітінен бастап, Сам құмының қойнауында, Жетіқақтың жерінде, Қайнардың аңғарында 40-тан астам мешіттер болған деседі. Солардың бірі-Байқұл қажы мешіті. Ағымдағы жылдың жаз айларында Бейнеуден 20 метр қашықтықтағы, халық қосып Ақшағыл-Қарабұлақ десе жергілікті халық мешіт-сай деп айтатын жерді зерттеуге көштік. Қарабұлақ- Ақшағыл жерінде қалың ел тұрмаған жерге барып зияраттап, зерттедік. Шамамен он бір үй болған деседі. Бұл жер тек діни кешен ретінде ғана танылған. Оның құрамында: ескі мешіт орны, Байқұл медресесі орны, ұстаздардың үй-жайы, зікіханалар болған дес-ті. Саз балшықтан соғылған құрылыстардың көпшілігі табиғаттың дүлей күштеріне төзбей құлап, іргетасы ғана сақталған. Медресенің қалпына келтіру жұмысына тікелей қатысы бар адамдардың бірі өлкеге танымал реставратор қырдың үстіндегі әдемі ескерткіштердің бірі – Омар Тұр күмбезін қайта қалпына келтірген шебер - Тұрлан Есқуатұлы, іске тікелей мұрындық болған - Ыбырайым Құлбайұлы, киелі Пір Бекет ата мешітін зерттеуде орасан зор үлес қосқан- Базарбай Есенбайұлы 3 айда жұмысты тәмәмдәйді. 80-жылдары осы жерден құлпытасы табылып зерттелген. Өзінің қара тасына қайта тіктелген ескерткіш, жәдігер қайта қалпына келді. [4]
Бұл үлкен еңбек пен табандылықты, қыруар қаржыны талап ететін дүние деп білемін. Осы ескерткішті қалпына келтіруге ат салысқан Тұрлан Есқуатұлы бір сөзінде: «Сүйдетбайұлы Ыбырайым ағамыз, Сәрсен қажы ұлы Исатай ініміз және де мен Есқуат ұлы Тұрлан осы жұмысты бірге бастадық. Шамасы, біз екінші мамырда осында келіп, баяғы аталардың жорығымен, малымызды шалдық. Алланың ризашылығы болсын деп осы атамыздың құрметіне осы жұмысты лезде бастап кеттік. Басында айтқан кезде бұл мешіт кейбір деректер бойынша 150 жыл, кейбір деректер бойынша 200 жыл шамасында Байқұл қажыға салдыртып, оқытып әрі қарай жіберген дейді. Содан осы үшеуіміз ақылдаса келе, біздің бастауымызбен жұмыс қарқынды дамыды. Екі қосшы, Бес қаладан бір топ бала шақырып, қолының ебі бар жігіттермен жұмысты бастадық. Осыны бастар алдында алдымен тазалау жұмыстары жүргізілді. Осы кезде күмбезі бар деген әңгіме шықты. Ыбырайым аға неше күмбез болуы керек дегенде Алла Тағала аузыма бес күмбез деген сөз салды. Күмбез тастан емес, саз балшықтан жасалған боп шықты. Ағам бастаушы, інім қаражатты төлеуші, мен басқарушы. Алла Тағаланың қалауымен құрылыс аяқталды. Құрылыс материалдарын әкеліп беруде Қайрат бауырым көмектесті»,-дейді. Бұл кісілер алдыға қойған мақсатын осы деп санап, міндеттері бойынша қиын болса да, өз тасын ашып алып, ғимараттың бұрынғы күйін қайта жаңғырту. Бұл қалпына келтіруде жұмысты дәл бұрынғыша тәмамдады. Топыраққа көмілген мешітті толықтай аршығанда белгілі болғаны: мешіт 3 бөлмеден тұрады, алдына жапсырылып ауыз үй салынған. Оң жақ бөлме және сол жақ бөлме ені 7 кез, көлденеңі 7 кез яғни, 7х7,432х432см. Ортада үлкен намаз оқитын бөлме ені 7 кез, ұзындығы 2х7 кез, яғни 432х864 см. Бөлмелердің биіктігі 4 кез, яғни 248 см. Сол жақтағы бөлме әйелдер намаз оқу үшін арналған. Ортадағы бөлмеде 3 күмбез, 2 жақтағы бөлмелерде бір-бірден күмбез болған. Әр күмбездің төменгі шеттерінен 4 жерінен ағаш діңгекпен тіреуіш берілген. Тіреуіштердің әр бірінің астына, еденге жалпақ тас төселген. Мешіттің төбесі, күмбездері толықтай саз балшықтан құйылған,кірпіштермен жабылған. Ауыз үйдің ені 3 кез, я,ни 186 см, ұзындығы 30 кез, яғни 1860 см. Мешіттің сыртқы өлшемі ұзындығы 33 кез, яғни 2046 см, ені 864 см. Көріп отырғандарыңыздай осы өлшемдер 4-төрт тарап, 7-қасиетті сан, 30-ораза, 33-тасбих болып келген. Мешіттің айналасына ұстаздар мен шәкірттерге арналып, тастан он үй салынған. Мешіттің кірер аузына есігін қаратып салынған үй Байқұл атамыздың үйі болса керек. Әр үйде 5-6 адамнан десек, 50-60 адам өмір сүрген, яғни 50 балаға дейін шәкірт оқыған, бұл қыс күндері. Үстірттің үстінде Балакеткеннің түлейін, Қаратүлейді, Шөлқұмды, Самның құмын, Матайдың құмын қыстаған көшпенді қалың Адай жазғытұры су жағалап, ну жағалап Биірсіжем, Сағыз өзендерін, арысы Қобда, Ойыл өзендерін жағалап, жайлауға шығатын болған. Жайлауға көшіп бара жатып, жол бойындағы Байқұлқажы атамыздың медресесіне әріп танысын, тілін сындырсын деп балаларын қалдыратын болған. Байқұлқажы атамыздың медресесі өз заманына сай, үлкен оқу орны болған. Медресе орналасқан жердің жалпы көлемі 3 гектардай. Өйткені бұрын деген сөз оның ішінде сіңген рухтары бар. Мәнісі кетпес үшін өзен-көлдің тасынан емес, өз тасынан көтердік десті. Бұл қалпына келтіруде көмектескен, Бекет Ата мешітін зерттеуде елеулі еңбек сіңірген – Базарбай ағай да қатысты. Зікір айтып, алғашқы қадір түнін осында өткізеді. Мешіт орны 2017 жылы қыркүйек айының 15-16 жұлдызында қайта қалпына келтіріліп, қараштар жиылып ас беріп, дұға бағышталып, жер-терме айтылды. Жергілікті азаматтардың арқасында 4 бөлмелі, төбесінде 5 күмбезі бар құнды жәдігер қалпына келді.
Ас берген түні ас әзірлейтін әйел ұйықтап қалған еді. Түсінен шошып оянады. Не болып қалды?-дегенімізде мына салынып жатқан мешіттің күмбезінен екі айдаһар, қанаты бар жылан тұр екен. Үлкені үстінде, кішісі астында дейді. Үлкені төбеге қарап ызылдайды. Ызғарлы сестен шошып ояндым дейді. Ол түсті жақсылыққа жорыған. Сопылықта бұл айдаһар - рухани белгі. Бұны былай жорыған – ең үлкен жол – Қаныбектің жолы. Өйткені оны мына жыралардан-ақ байқауға болады. Қаныбек те мешіт салдырған. Ол осы мешіттің төңірегінде.
Байқұлқажы несімен ерекшеленеді? Біріншіден, бала оқытқаны болса, екіншіден, Меккеге барып, қазақтың кім екенін танытқан. Осылай мешіт салуға жер бөлінеді. Меккеден де, Мединадан да жер бөлініп, Тақия дейтін мешіттер де салынған.
Сай бойы бұлақ суына мол қойнау екені көрініп тұр. Кезіне малына қолайлы дөңнің үсітнен Маңғыстау мен қыр үстіне аты шыққан құдықшы Бейнеубай Байқұлдың сұранысы бойынша шыңырау құдығы қазылып берген. Мешіт сайға барған сапарымызда Атырау, Құлсары беттен көптеген зиратшылар келіп, Байқұл қажы медресесінің құрылуына қол көмектерін көрсетіп және қажының рухына осы жерден ас берді.
Зерттеу кезінде ғимараттың ішінен балалардың асықтары, құрылыс құралдары шықты. Атырау өңірінен келген мұражай ісінің қызметкері табылған дүниелерді мұражайға қоямын деп айтқан. Өкінішке орай, уақытында хабар алыспағандықтан табылған жәдігерлерді жоғалып кетпес үшін мешіттің артқы жағына көмеді. Аумағының кеңдігінен көмген орнын таба алмай отыр. Болашақта ел азаматтары табылған құралдарды жәдігер ретінде мұражайға сақтаймыз деп отыр.
Байқұл Қаныбекұлы барлық өмір жолын имандыққа, ар тазалыққа сақтауға үндегендей. Біздің бабаларымыздың қадір-қасиеттерін бүгінге ұрпаққа үлкен өнеге еткен мұндай аталарымыз жоқтың қасы десек артық айтпағанымыз. Олардың артында қалған осы мешіт үйі сияқты мұраларды жөндеу, қалпына келтіру, сақтау- жауапты қызметтердің бірі және кез келген адам жасап кететін бірыңғай іс емес. Байқұлқажы несімен ерекшеленеді? Біріншіден, бала оқытқаны болса, екіншіден, Меккеге барып, қазақтың кім екенін танытқан. Осылай мешіт салуға жер бөлінеді. Меккеден де, Мединадан да жер бөлініп, Тақия дейтін мешіттер де салынған.
Байқұл қажы атаға Берекелі Бейнеуден көше атағы да берілді. Зерттеу барысында нысаннан тінеухана, шыңырау, бұлақ, тоғыз құмалақ, қайта қалпына келтірілген қорымы, мешіті, боялған асықтар мен құрылыс құралдарды табылды. Медресенің қасындағы жардың бауырында төрт бұлақ бар, бір бұлақтан су ағып тұр, үш бұлақ көміліп қалған. Аршыса бұлақтың көзін ашуға болады. Бұлақтардың суы ішуге жарамды. Онымен қоймай, шипалық қасиетке ие. Зираттау кезінде Атырау қаласының тұрғындары арнайы бұлақ суы үшін келгеніне куә болдық. Ең алғашқы тасқа қашалып жасалынған тоғызқұмалақтың алғашқы нұсқасын кезіктірдік.
«Қызыл тілім сөйлеп бақ,
Алла берген санадан
Арғы шегі сағадан
Ата мен бабадан
Тыңдаушылар табылса,
Іні менен ағадан
Көнеріп қалған шежіре
Біз өңдедік жаңадан»,-
деп өткен тарихи деректерді, мәдени мұраларды зерттеп білудің өте қажет екендігін еске саламыз.
Сайынова З.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі