«Қазақ ССР-індегі Тілдер туралы Заңының» қабылдануы – көпұлтты республикамыздағы тілдер проблемасын шешудің, сол арқылы бүгінгі таңның ең өткір проблемаларының бірі – ұлтаралық қатынас мәселесін реттеудің байыпты да салмақты қадамы деуге болады. Осы бір қуанышты оқиғаға орай журнал тілшісі Жарылқап Қалыбаев аталмыш Заң жобасын әзірлеуге белсене атсалысқан көрнекті ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровқа жолығып, жаңа заңның сыр-сипаты жайында және заңда бекітілген қағидаларды тезірек іс жүзіне асырудың жолдары жөнінде әңгіме қозғады.
– Әбдуәли Туғанбайұлы, сіз әу бастан қазақ тіліне мемлекеттік статус беруді жақтап, «Қазақ әдебиеті» газетінде сындарлы пікір айтқан ғалымсыз. Сол ойыңыз көпшіліктің қолдауына ие болып, бүгінде іс жүзіне асып отыр. Бұл үшін сіз қуанышты да бақытты боларсыз, әрине?..
– «Қазақ әдебиетіндегі» алғашқы интервьюге сенің де қатысың бар ғой. Сондықтан бұл менің де, сенің де, барша халқымыздың да ортақ қуанышы. Алайда мен о баста-ақ қазақ тілінің мемлекеттік статусқа ие болатынына кәміл сенгем. Өйткені, кез келген мемлекеттің мемлекет болуы үшін мынадай алты атрибуты (белгісі) болуы шарт: мемлекеттік шекара, мемлекеттік жалау, мемлекеттік герб, мемлекеттік гимн, мемлекеттік басқару аппараты және мемлекеттік тіл. Бізде белгілі себептерге байланысты осылардың соңғысы сақталмай келді. Праволық мемлекетке қол жеткізудің жолдары қарастырылып жатқан казіргі қайта құру заманында әрбір республиканың мемлекеттік тіл атрибутын қалыпқа келтіруі – заңды да табиғи нәрсе еді.
– Алайда, қазақ тіліне мемлекеттік статус беру мәселесі оңайлықпен шешіле салған жоқ қой?
– Ия, қазақ тілінің мемлекеттік статусы туралы мәселе, ғылыми түрғыдан дұрыс түсінбегендіктен, кейбіреулерді шошытқаны рас. Олардың ойынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл болса республикамыздағы басқа халықтардың тіліне нұқсан келеді-мыс, қарым-қатынас тәсілі қиындайды, ұлтаралық наразылық күшейеді. Бұл пікірдің түбірімен қате екендігіне Заң жобасын талқылау және қабылдау кезіндегі айтыстар толығымен көз жеткізген сияқты.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусына ие болуы бірде-бір тілді төмендетуге, шеттеуге емес, тек өзін-өзі көтеруге бағытталған.
Қазақстанда тұратын өзге ұлттың өкілдері де қазақ тіліне құрметпен қараудың қажеттігін түсінді. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он бірінші сессиясында қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын беруге қарсы болғандар аз болды.
– Бір қызығы, қарсы болғандар көбіне: «тілді күштеп үйретуге болмайды», «тілге әмірж үрмейді» – деп қарсы дay айта келіп, қазақ және орыс тілдерінің қатар мемлекеттік тіл болуын жақтады. Меніңше, мұндай пікір мемлекеттік құрылыстың теориясы мен практикасын жете білмеушіліктен немесе тіл үйренгісі келмеушіліктен туған.
– Дұрыс айтасың. Бұл мәселе туралы менің әріптесім, біздің Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі А. Н. Гаркавецтің сөзінде жеріне жеткізіліп айтылды. «Заң, – деді ол – орыс тілі сияқты, қазақ тілін оқып-үйренудің міндетті тәртібін белгілеген кезде кейбір жолдастар орыс тілінде сөйлейтін халықтың праволарына нұқсан келтіріліп отырғаны туралы неліктен сөз қозғай бастайды? Олар тең праволылықты емес, қайта бір тілділіктің артықшылықтарын, яғни іс жүзінде қалыптасқан теңсіздікті қорғайтынын олардың өздері де түсінеді деп ойлаймын».
Байқап қараған адамға біздің Заңда қазақ тілін күштеп үйретудің титімдей де нышаны жоқ. Екінші жағынан, өз өмірін Қазақстанмен байланыстырып отырған әрбір адам жергілікті халықтың тілін, тарихын білгені жөн. Өйткені, қазақтардың этникалық отаны – Қазақстан. Егер, қазақ тілінің аясы өз топырағымызда тарыла бастаса, басқа бір жерде шарықтап кетуі, дамуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік статус алуы – әділетті де заңды нәрсе.
– Сіз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Идеология бөлімінің жанынан құрылған Тіл статусы туралы комиссияның мүшесі болып, Tiл туралы Заңның жобасын әзірлеуге, оны талқылауга белсене қатыстыңыз. Сондықтан да «атының сыры иесіне мәлім» деген нақыл сөзді ескеріп қабылданған заңның сыр-сипатын сұрағым келеді. Біздің заңның басқа одақтас республикалардың заңдарынан өзіндік ерекшелігі қандай?
Бізге дейін 12 одақтас республикада Тіл туралы Заң қабылданды. Солармен салыстырып қарағанда, біздің заңның интернационалистік сипаты басым. «Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңы» негізінен үш топтағы тілдердің статусын белгіледі: қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас құралы ретіндегі статусқа ие болды, ал белгілі бір ұлт өкілдерінің топтары жинақы тұратын жерлерде олардың тіліне Халық депутаттары Советтерінің шешімімен белгіленген тәртіп бойынша жергілікті ресми тіл статусын беру мүмкіндігі атап көрсетілді.
– Жергілікті ресми тіл статусын беру Қазақстаннан басқа республикалардың заңдарында кездесе ме?
– Кейбір одақтас республикалардың заңдарында сол республика территориясында тұратын халықтардың тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалатыны айтылған. Алайда мұндай жалпылама сөздер еліміздің Конституциялары мен партия Программаларында айтылып келді ғой. Бірақ, іске аспағаны белгілі. Біздің заңымызда бұл мәселе нақтылана түсті. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы халықтың 70–80 проценті – ұйғырлар. Енді олар сол аудан көлеміндегі іс кағаздар мен жиын, мәжілістерді өз тілінде жүргізуге хақылы деген сөз. Міне, нақ осындай нақтылық басқа одақтас республикалардың заңдарында жоқ. Тіпті, Молдавия мен Прибалтика республикаларының Тіл туралы заңдарында орыс тіліне ұлтаралық қарым- қатынас құралы ретінде жеке-дара статус берілмеген.
– Заң жобасын талқылау кезінде «біздің республикада да қазақ және орыс тілдері ұлтаралық, қарым-қатынас құралы болып танылсын» деген пікірлер айтылды. Егер олай етпеген жағдайда онсыз да орыс тілі барлық жерде қазақ тілімен бірдей қолданылатыны баса көрсетілген бұл заңның мазмұны айналып келгенде баяғы екі тілдің мемлекеттік тіл статусына ие болуы болып шығады. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Ие, «аузы күйген үріп ішеді» дегендей-ақ біздің қазақ жұрты екі тілдің мемлекеттік тіл болуына үрке қарайтыны рас. Өйткені мұндай декрет біздің республикада 1923 жылы қабылданған. Одан кейінгі жылдары да мемлекеттік қостілділікті дамыту жөнінде қаулылар болған. Бірақ өкінішке орай, соның бәрі де іс жүзіне аспай қалды. Керісінше, қазақ тілі қоғамдық өмірден ысырылып, шын мәнінде ғылым, техника және өндіріс тілі болудан қала бастады. Ұрпақ арасындағы рухани байланыстың жалғастығы үзілуге айналды.
Ана тіліміздің қолдану аясының тарылуына, ең алдымен, Сталиннің болашақта барлық тілдердің бір тілге айналып кетуі туралы солақай тұжырымы кінәлі. Содан барып, халықта ұлттардың жақындасуы,тілдердің жақындасуы деген сыңаржақ түсінік орнықты. Бұл қоғамдық пікірді Хрущев өзінің Белоруссия мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде: «Біз неғұрлым орысша сөйлеуге тезірек көшсек, коммунизмге соғұрлым ертерек жетеміз» деп «жетілдіріп» толықтыра түсті. Оны әкімшіл-әміршілдік система қанын жерге тигізбей қағып алып, дереу сол бағытта жұмыс істеуге кірісіп кетті. Лениндік ұлт саясатының осылайша бұрмалануының нәтижесінде 1926 жылғы халық санағында көрсетілген елімізде өмір сүрген 194 үлкенді-кішілі ұлт пен ұлыс, этностық топтардың жарты ғасырдың ішінде 93-і «із-түзсіз» жоғалып кетті. Бұғанасы өсіп, буыны қатпаған қазақ тілін сол 20-жылдардың өзінде орыс тілімен қатар қою дұрыс емес еді. Өйткені, барлық жерде іс қағаздарын орыс тілінде жүргізу міндетті болды. Сөйтіп, орыс тілінің басымдығы қазақ тілінің дамуына кері әсер етті.
Қазақ тілінің қазіргі жағдайына қарасақ, тұлға жағынан бәрі бар сияқты. 12 томдық энциклопедия, 10 томдық түсіндірме сөздік жаздық, В.И.Лениннің 55 томдығы аударылды. Қаншама көркем кітаптар шықты. Бірақ, тіліміздің қолданылу аясы тар. Партия, совет, кәсіподақ, комсомол және ғылым қызметкерлері қазақ тілін біле бермейді. Өйткені, бұған дейін қазақ тілін білудің қажеттілігі шамалы деген теріс тұжырым бас бермей келді.
Ильясова Шапағат
Жетекші: ҚазҰУ аға оқытушысы Кантарбаева Ж.У
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі