Тіл – қоғаммен бірге дамиды, әсіресе, адамның ойлау, жалпы бейнелі ойлауы дамыған сайын тілдің әр түрлі қызмет аясы да, өрістеу ауқымы да, сөздердің мағына беру мүмкіндіктері мен тіркесу мүмкіндіктері де арта түсетіні белгілі. Көркем сөз шеберлерінің өзіндік мәнерін, даралық ерекшелігін анықтау, олардың өмір сүрген кезеңі мен заманның сұранысына қатысты ой өрбіту, қалам тарту машығын талдап-тарқату – стилистика ғылымы үшін қашан да қажетті тақырып болып қала бермек.
Белгілі бір авторға тән мәтін келесі бір қаламгердің жазу мәнерінен өзгеше болып тұрады. Мұндай әр қаламгерге тән ерекшелікті кезінде А.Байтұрсынов та қарастырған. Ол: «Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзгеше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, өз білуінше пікірлейді. Сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Сол сияқты сөз өнерпаздарының да шығарған сөздерін оқып, лұғатына үйір болғаннан кейін, оның бұрын оқылмаған, аты қойылмаған сөздерін де айтпай тануға болады. Сөздің өзін танытатын белгі – тіл, яғни лұғат белгісі болады» деп жазған болатын.
Стильді зерттеу барысында, оның ішінде, көркем әдебиет стилистикасы ауқымында сөз шеберлерінің ортақ стильдік ерекшеліктерін табу мен тануда нелерді негізге алу қажеттілігі айқындалуға тиіс деген сұраққа алдымен ол үшін лингвистикалық мағынадағы стиль өрісін анықтау қажет деп кесіп айтуға болады.
Жазушы стилін қалыптастыратын факторлар туралы бірқатар пікірлер бар. Солардың ішінде дүниетанымдық, яғни философиялық, психологиялық және эстетикалық факторлар – негізгілер деп танылады. Әр жазушы, не ақын – белгілі бір дүниетаным иесі. Оның сөз таңдауы, сөз қолданысы, солардың негізінде мәтін құрастыруы оның отбасы тәрбиесінен, білім ордасынан, адами талғамынан хабар береді. Бұл ақиқат нәрсеге тіл мен ойлаудың бірлігін қоссақ, көп жайдың шешімін табамыз.
Эстетикалық таным көркем шығармада бейнелілік тудыра отырып, сол автордың стильдік жүйесін де қалыптастырады. Міне, осы арада поэтика мен лингвистикадағы стилистиканың зерттеу аймағының шекарасы да өтеді. Таратып айтсақ, көркем мәтіндегі бейнелілікті поэтика қарастырса, бейнелікті қалыптастыратын тілдік факторларды тіл біліміндегі стилистика қарастыруы тиіс. Сонда шығармадағы бейнелілік – оның идеялық мағынасы көркем бейнелеу жолы болса, тілдік‑стильдік құрылымы мағынаны беруді іске асыру жолы болады да, стилистикада қашан да лингвистикалық стилистика бастапқы орында болады. Себебі сөз тіл аралығында бейнелілік көркем контексте айналады.
«Стилистика – тіл білімінің тілдік тәсілдер жүйесін синхрондық және диахрондық жағдайда зерттейтін тіл ғылымының саласы. Стилистиканың қарастыратын мәселелері әр түрлі деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, сондай‑ақ қарым‑қатынастың сан алуан аясы (сфера) мен жағдайларындағы сөздердің қолданылу заңдылықтары, әр аяға байланысты қолданылыс тілін пайдалану, ең бастысы тілдің қолданылуының коммуникативтік заңдылығы мәселелері болып табылады»
Стилистиканың кең ұғым екендігі көркем мәтіннің күрделілігі мен әрі оған тарихи ғылымдық көзқарастың қажет екендігінен түсіндіріледі. Әрбір тарихи дәуірдің тілдік ортасы көркем ойлау, түйсіну деңгейі, әр авторға тән тілдік қолданыста, сөз жоқ, көркем әдебиет стилистикасына өзгермелі сипат дарытады. Ал бұл өз кезегінде зерттеушіден сол алуандыққа сай білгірлікті қажет етеді.
Габдкаримова Г.С. Педагогика ғылымының магистрі
Утегулова Аружан ҚазҰУ Шетел филологиясы 2-курс студенты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі