Ертеде Жетісу елінде Қабанбай деген батыр өтіпті. Қабанбайдың отыз ұлы, отыз ауылы болыпты. Жер қайысқан малы бар екен. Жаз жайлауға шығарда мал, жан Тас-өткел арқылы судан тегіс өткенше бай өзінің нөкерлерімен биік төбенің басына шығып қарап тұратын әдеті екен. Сондай бір көшудің кезінде күні бойы тұрғаннан жалыққан батыр: «Не деген көп мал, бітер емес қой», — депті.
Сонда қасындағылардың біреуі:
— Батыр-еке, байлығыңызға өзіңіз таңданып тұрсыз, жасыңыз тоқсанға таяп қалды, отыз ұлыңыз анау, осы сізде де арман бар ма? — деп сұрапты.
Батыр қарт бұл сұраққа мырс етіп күліп алыпты да, сөз бастапты:
— Армансыз адам бар ма? Жас кезімде қалмақпен бір қырғын соғыста бірнеше жігітпен қолға түстім. Қалмақтың ханы бәрімізден жауап алды, көбісін өлтірді, кейбіреуін басыбайлы құл етуге бұйырды. Кезек маған келгенде хан:
— Сені босатып, еліңе жіберсем қайтер едің? — деді.
— Қалың қол жинап келіп, сендерді шабар едім.
— Қолға түскендердің ішінде бір атақты батыр барын естіп едім, сол сен екенсің ғой? Ендеше, жазаң басқа.
Нөкерлеріне өз тілінде былдырлаған ханға қызы да бір нәрселерді айтты. Сол-ақ екен, қол-аяғымды байлап, басымды ғана шығарып, қалған денемді өгіз терісіне тігіп, далаға тастады. Қимылдауға шамам жоқ, қатқан тері денемді бүрістіріп айдалада жатырмын. Өткен-кеткеннің бірі аяп, бірі мазақтап қарайды.
Бір күні нөкерлерін ертіп ханның қызы келді. Бәрі тамашалап, күлісіп жатыр. Хан сұлуы күлген жоқ, көз алмай ұзақ қарады маған. Сол түні малай қызынан қымыз беріп жіберіпті. Осыдан былай күн сайын түн қараңғысында қымыз келіп тұрды. Бірер жетіден кейін хан қызының өзі келіп, аузыма қымызын тосып:
— Ішіңіз, батырым, шөлдеген шығарсыз? — деді таза қазақ тілінде.
Әкесі қорлап отырғанда, оның мені асырауының сырын сұрағанымда ол:
— Сіздің атағыңызға бұрыннан қанық едім, «қолға түсті» дегенде, шынымды айтайын қуанып қалдым. Бірақ көп ішінен қалай танырымды білмей тұрғанымда, «мен мұндалап» шыға келдіңіз. Қас жауыңыздың алдында қаймықпай берген жауабыңыз мені бұрынғыдан да ынтықтыра түсті. Әкеме: «мынаны қорлап өлтіру керек» дегенді сылтауратып, өлімнен арашалап қалған да — мен. Егер мені бірге ала кетсеңіз, мына қорлықтан босатар едім, — деді. Мен бірден келісім бердім.
Келесі түні кетуге уәделестік. Хан қызы екі ерттеулі ат, киім-кешек, жол азығын дайындап, уәделі жерге жетті. Қолындағы қанжармен тұлыпты жарып жіберіп, мені босатып алды. Киініп алып, атқа мініп, тартып отырдық. Таң атқанша біраз жер жүріппіз, күн шыға бір қамысты көлге жеттік. Жас сұлудың қасында өзімнен өзім жиіркеніп, намысым қайнап келе жатқан көлді көріп, қуанып кеттім. Аттарды суытып, суға шомылып, киім ауыстыруға келістік. Қыз әдеп сақтап біраз жерге ұзап кеткен екен. Аздан соң: «өлдім, батыр, құтқар!» деген жан даусын естіп, қанжарымды ала тұра жүгірдім.
Келсем, өгіздей бір жолбарыс қызды алдыңғы аяғымен бүріп жатыр екен, маған қарай тұра ұмтылды. Сәл еңкейіп бұға бергенімде, жолбарыстың кеудесі басымнан аса белін екі қолыммен қысып жібердім, жолбарыс гүрс ете түсті. Талықсып кетті білем, осы сәтті пайдаланып, оң қолымды босатып, ішін қанжармен остым. Ішек-қарны ақтарылған жолбарыс бірте-бірте сырғып төмен түсті. Оны жерге тастай сала, жалма-жан қызға келсем, жолбарыстың тырнақтары екі өкпеден бүрген екен, жан тапсырыпты. Жас сұлуды таза арулап қойдым да, бір атқа мініп, біреуін жетелеп елге келдім. Өзімді өлімнен құтқарып, тіршілік сыйлаған сол арудың атын да білмей қалдым. Соны бүгінге дейін арман етемін, — деп батыр әңгімесін аяқтапты.
Оқуға кеңес береміз:
Қабанның Алтай өңірінде көзге түсуі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі