Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ақын, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы өңірінде туып-өскен. Жасында ауыл молдасынан сабақ алады. 1870 жылдары Хамеретдин хазіреттің медресесінде, одан кейін Бұхарада оқиды. Ауыз әдебиеті нұсқаларымен ерте танысып, халықтық жыр-дастандарды жаттап өскен. 1875 жылдан бастап біраз уақыт оқытушы болады. «Дала уәлаяты» газетіне хат-хабар, мақала жіберіп, тілші болып, «мәшһүр» атанады. 1887-1890 жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болды. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысқан. Ол осы жылдары түрколог-ғалым В. Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастыру ісімен айналысты. Мәшһүр Жүсіптің әлеуметтік көзқарасына 1905 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы оқиғалар үлкен әсер етті.

Ол 1907 жылы Қазан қаласында Хұсайыновтар баспасында «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі?», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты кітаптарын бастырып шығарады. Ақын бұл шығармаларында қазақ халқына бостандық беру, елде мектеп-медреселер ашу, жер мәселесі, сөз бостандығы сияқты өзекті ойлар толғайды. Мәшһүр Жүсіп халық ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерін - дастандар мен хикаяларды, тарихи жырларды («Көрұғлы», «Ер Көкше», «Сайын батыр», т.б.) жинап, Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұрасын хатқа түсіріп қалдырды. Қазақ ауыз әдебиеті мен Шығыс дастандарының үлгісінде «Гүлшат - Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Баяннама», т.б. қисса-дастандар жазды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұрасы алдмен аса көлемділігімен, сан түрлі мазмұн алуандығымен назар аудартады. Атап айтқанда ақынның өлең, дастандар, тарихи мәтіндер, шежірелер, публицистика, педагогика, тіл, философия, табиғат сырлары, дін тарихы туралы т.с.с. құнды еңбектер қалдырғаны белгілі.

Назар аудар:

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектері

Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы, қой жылы, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау деген жерде дүниеге келген. Ақынның 3 жасында «Тауық жұты» деген жұт болып, бар малынан айрылып, бір ат, бір сиырмен ғана қалған әкесі Көпей: «Дүние жолдас емес, ғылым, білім жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқыту үшін Баянауылға көшіп келеді. Сол кезде аға сұлтан болған Мұса Шорманов Баянауылға медресе салдырып, онда сабақ беруге Омбы қаласында тұратын Қамар хазіретті көшіріп әкеледі. Ол кезінде Бұхара қаласында оқып, көп білім алған адам болса керек. Сабаққа зейінді бала Жүсіпке Қамар көп көңіл бөледі. Ақырында 8 жастан 9-ға аяқ басқанда, әдебиет пен тарихтан жатқа айтқан сөздеріне сүйсінген Мұса Шорманов(1818-1884) баланың әкесіне мынадай сөздер айтады: «Сопы, мұнан былай мына баланың бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - дейді. Содан былай қарай бұрынғы «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» - деген ат қосылып айтыла бастайды».

15 жасынан бастап өлең жаза бастаған ақынның «Мәшһүр» аты шығып, халыққа кең танымал болуына ең алдымен тұңғыш қазақ газеті - «Дала уәлаяты» беттерінде ХIХ ғасырдың соңғы он жылдығында жарияланған өлең, мақалаларымен қатар, 1905 жылғы халық наразылығы өсуінен сескенген Ресей патшасының сөз бостандығына жол ашқан Қазан манифесі әсерімен Қазан қаласында басылған: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарының әсері мол болды. Баспа бетіндегі уақытша берілген кеңшілікті пайдаланып, патшалық Ресейдің отарлау саясатының астарын, жер тартып алуын, сөз, пікір айтуға шектеу қоюын қазақ зиялылары ішінде ең алғашқылардың бірі болып әшкерелей бастаған Мәшһүр Жүсіп екені белгілі. Сол еңбегі үшін 1912 жылдан бастап ақынды қудалау басталғаны, біраз уақыт оның үйінен кетіп, қайда екенін айтпай, ел ішінде жасырын жүргені де мәлім.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Дәмір

Біз біздің тарихи тұлғаларымыздың қадірін біле бемейді екенбіз

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар