Бұл — тарих, шежіре. Ауыздан-ауыз алынған сөздерден жиналған. Он сан орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік.
Бұл Олжабай батырдың туысы орта жүз арғында он үш жасында «Айдабол би» аталған Айдабол-Күліктің Айдабол ұрпағынан шыққан. Айдабол бидің бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы. Ортаншы қатынынан: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы. Кенже тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Осының бәрі де өсіп-өніп, өзді ру ел атанған. Жалғыз-ақ бәйбішенің кенжесі Кенжеқозы қыршын жас күнінде өліп қалып, атастырып қойған қалыңдығы оң жақта жесір қалған. Қайыны — үйсін Қаратай батыр екен. Айдабол би Қаратай батырдың қызы тоқалынан туған «Тайкелтірге алып беремін» деген соң Жанқозы:
— Көттесім жесірін тоқал баласына алдырмаймын, — деп, — тетелес інім Малқозының баласы Толыбайға алып беремін, — деп, — берсе, қолынан, бермесе, жолынан аламын, — деп ту тігіп, қосын болып барған.
Қаратай батыр:
— Құдай дескен, құйрық-бауыр жескен құдамсың. «Құданы Құдай қосады» деген. Арғындығыңа кетіп, аңғалдық қылып, бұл келісің қай келіс? Жасанған қолыңнан, адасқан жолыңнан қорықпаймын. Жол-жобадан адаспаймын. Көп жолдасыңды қайырып жібер, қосшы-қолаңшыңмен өзің қал. Біржолата ұзатып, алып қайт! — деген соң, Қаратай батырдың «айтқанына көніп, айдауына жүріп», жаз барған жолаушы қысқа килігіп қалып, қыс ішінде ұзатып алып қайтқан.
Қаратай батыр түйесінің басын жетектетуге шаныш- қылыдан Бөктік деген бір қызды алдырып, қызына «жетім» қылып, қоса берген. Жолда келе осы екі қыздың екеуі де босанып, ер ұл [туған]. Шанышқылы қызы Бөктіктен туған баланың атын: «бұған ат болуға осы отырған қос та жетер» деп «Қосжетер» қойған. Аман-есен елге келген соң «еңбек қылып барған, жүрген-тұрған бізге олжа болуға олжабай жарар» деп Бөктікті онан Қосжетерді Айдабол бидің босағасына байлап, Жанқозы әкесі Айдабол биден бата алған. Айдабол бидің толып жатқан көп баласының өсімі-өнімі де бір төбе, Жанқозының жалғыз өзінің өсімі-өнімі — бір төбе. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» делінген сөз осындайдан айтылған.
Айдабол бидің Қожакелді, Тайкелтір екі баласы бірдей құба қалмақ ханы Қалдан Шерінге олжаға түсіп кетіп, қалмақ қолында қалған.
— Ол екі бала өлді ғой, не тірі жүрсің? — деп Айдабол мұнда қалған балаларына енші үлестіргенде, тоқал балаларына үлес-сыбаға қалдырмаған. «Болат пышақ қап түбінде жата ма?», Тайкелтір аман келіп, еншіден құр қалғанын білген соң, жылап қоя берген. Сонда Айдабол би сасқан, ұялған:
— Мұндағыларға шөп кіндікті малды бердім, саған ет кіндікті адам қойдым. Мына Бөктік, онан туған Қосжетер сенің еншің болсын. Қара бауыр қылып ал! Менің кісілігім, бақ-әруағым сенде қалады, — деп батасын берген.
Сондықтан Тайкелтір, Қосжетер (Қошетер) бір бауыр, бір ауыл болып, «Тайкелтір-Қосжетер (Қошетер)» атанған. Он сан орта жүзге ұран болған Олжабай батырдың әкесі Толыбайдың жұтта[н] қалған жалғыз құлашолақ биесі бар екен. Құлашолақ бие құлындап, арбаға байлап сауып отырғанда, жау алып кетті. Он жеті жасар күнінде Олжабай құлашолақ [ты] іздеуге екі екі қоржынның басын қақтаған жылан етіне лық толтырып алып:
— Құс ұшпас, құлан жортпас белдерден де асармын. Ұшқан құстың қанаты күйетұғын, жүрсе, аттың тұяғы күйетұғын шөлдерден де асармын. Құла биені жеті қабат жердің түбіне кіріп кетсе де, қоймаймын! — деп аттаныпты.
Өз үйінен шыққаннан соңғы көрген жарық сәулесі айдалада бір жалғыз лашық үйге кез болыпты. Аптығып, асығып үйге кіріп келсе, бір сары қарын қатын отыр. Бір күбі быжылдап, ашыған айран тұр. Бір нәрсеге құйып, ішуге қарамастан, күбі-мүбісімен басына бір-ақ көтеріпті. Қатын үрейі ұшып, қорқып, сүйсініп:
— Ішкенің ас болсын, бойыңа жұғымды болсын! Сұйық асты ішкеніңе мейірім қанды. Бұрын түзге шықпаған, жол жүрмеген бала екенсің. Қой-қозысы құрғыр жоқ болса да, ешкі-лақ бар еді. Сауыны болғанда, саудыруға өздері келеді. Лақ емес, кебенек келгірдің бір семізін сояйын. Боғы мен қанынан басқасын қазан толтырып асып, алдыңа қояйын. Сұйық асты ішкеніңе айызым қанды. Тамақ жеген жесіңді көрейін, — деп жалыныпты.
— Жоқ, бәйбіше, бір құлашолақ бие алдырып, соны іздеп таппай, көт басып отыруға мұршам жоқ, — депті.
Қатын сөйлепті:
— Осы үйдің есігінен анау көгеріп көрініп тұрған тау емес, «Қара үңгірдің қара жоны» аталған көлденең жатқан бел. Ол белдің ар жағы — «Қаражонның сеңгір көлі» атанған көл. Сол көлдің басында суатын жағалай қонған ел. Сол елде бір батыр сенің биеңді, құлынын арбаға байлап, сауып ішіп, бір биенің сүтімен бір тайпа елді асырап, биеңді бере қояр ма екен? Мал үшін талайдың желкесін қиып жүрген қу жалмауыз еді. Аузыңнан сүтің шығып тұрған уыз жас бала екенсің. Шырағым, жаным ашығандықпен айтамын. Осы жерден қайтып кетсең де жарар еді.
— Уай, шеше-ай, бұтыңнан ет кеткен соң ат желмейді, мал үшін жігіт адам қайда өлмейді. Мен де қатынмын деп атқа мінгенім жоқ, батырмын ғой деп атқа міндім, — деп атына мініп, жүре берді.
Масасын ызылдатып, сонасын қожылдатып, белден асып, сеңгірді айналып (айланып), тұпа-тура көлдің суатында отырған ауылға қасқиып барып, құла биенің құлыны байлаулы тұрған арбаға атын байлап, үйге кіріп барды. Қазағыңша сәлем-мәлемді білмейді. «Амансың бамен» жұмысы да жоқ:
— Мына құлынды арбаға байлап қойған[ы] несі? — дейді. Талай жауға ат ойнатып, талай шұңқырға қарыннан қазан қайнатып жүрген шонжар өз үйінің төрінде отыр екен. Олжабайдың кескін-түрін көрген соң:
— Балам, алдыңа шығып, қолыңды қағар кісі жоқ. Бие сенікі болса, ал да, жүре бер! — деп жақсы сөзін айтып, қала беріпті.
Олжабай батыр биесін алып жетектеп жүре беріпті. Үйден шыққалы ұйқы деген неменің қайда кеткенін де білмейді, кірпік қағып, көзі ілінген жоқ екен. «Түлкі жортпас тумадан, итқұс кезбес қолаттан» өтіп, осы жерден жанды қара жүре қалмас-ау дерлік, бедірейіп жатқан Бетпақдалаға шыққан соң бір жерге түсіп[т]і. Астындағы атының аунасын деп, ер-тоқымын алып қунасын деп, жүгенін алып, құла биенің ноқтасын сыпырып алып:
— Ұш, жануар, аяғың барғанша жүріп оттай бер, — деп қоя беріп, өзі шалқасынан түсіп жата қалыпты. Сілесі құрып ұйықтап, қата қалыпты. Шырт ұйқыда жатқанда жүрегі суылдап, құлағы шуылдап, өне бойы суынып, біреу буындырғандай буынып, ет пен терісінің арасы жыбырлап, тұла бойы шымырлап бара жатқанын сезіп, шо-шып басын көтермепті, көзін ашып қараса, күпшіктей сары шұбар жылан кеудесінің үстінде біресе, қойнына кіріп, біресе, мойнына оралып, біресе, екі бұтының арасына барып, қойын-қонышын тегіс аралап жүргенін көріп, аузын аңқитып ашып, қозғалмастан жата беріпті.
«Кіруге ін таба алмай жүрген енеңді ғана сі...ін-ау, егер ін екен деп, аузыма кіргендей болса, бәлемнің басын бір-ақ қыршып тастайын», — деп. Жылан аузына кірмепті. Онан басқа денесінің бәрін түгел аралап, тамағының астынан жерге сырғып түсіп кетіпті. «Әлгі ит менен не іздеді? Ашып жатқан аузыма кірмей, енесінің а... на кіремін» деп кетті ме? Бәлемді көрінсе, ұмар-жұмар қылайын», — деп басын көтеріп алса, басында ақ шалмалы бір қожа отыр.
— Үстімде тіккен үйім жоқ. Алдымда айдап жүрген қойым жоқ. Айдалада шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан кісінің басында қ...ямша қақиып қатқаныңның басын аламын деп отырмысың, қожа? Қожаның арсызы-ақ екенсің! — депті.
— Жоқ, шырағым, мен қожа емеспін. Өзіңнің бақ- талайың, қайып-піріңмін. Сені дию, перілер «алып кетеміз» деп, он бес жыл аңдып еді. Мен күзетші болып алдырмап едім. Бір бүгін емес, қашан да болсаң, жүрсең, қасында, жатсаң, басында болатұғын алмажайыңмын. Сені сынамақ үшін сары шұбар жылан болып, тұла бойыңды кездім, араладым. Кеудең дәнемеден шімірікпейтұғын деген байдың өзі, көк шолақтың көзі екенсің. Борбай жағың кішкене тітіркенейін деді. Артыңнан сен ұстаған туды ұстап бала туа қоймас. Ешкімнің әруағын керек қылма! Жауға шапсаң, өз әруағыңды көтеріп: «Олжабай! Олжабайлап» шаба бер! Сары шұбар жылан болып, оқ бойы алдыңда ұшып отырамын. Өзің түгіл, «Олжабай! Олжабай!» деп атыңды айтқанның алдынан жау беттеп тұра алмай, қаша берер, — деп ғайып [қайып] болды дейді.
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі