Тоқтауыл батыр болған кісі. Ауылы бір қопаға қонғанда, қопаға қаптап жайылып кеткен түйелерді бір нәрсе аспанға лақтыра бергенін көрісіп, «дәу де болса жолбарыс шығар» деп жұрт көтеріле аттана шапқанда, Малайсары батырдың бала күні екен. Шұбар тайға мініп олай-бұлай шапқылай береді екен. Сол шұбар таймен жолбарысқа жұрттан бұрын барып қапты ғой. Жолбарыс шұбар тайды құйрығынан алып аспанға бір-ақ атқанда, түсіп қалған баланы Тоқтауыл батыр жолбарысқа ауыз салдырмай айырып алған екен.
Малайсары қалмаққа неше қабат қолға түскен. Бір түскен жолында өзінің баласы Тілеуқабылды қалмаққа «ақ үйліге» бермек боп, ақ мылтықтың аузын жаласып, бір-біріне жем болмасқа анттасып қайтқан екен.
Абылай хан жорыққа аттанып Малайсарыға келеді.
Ол:
— Сен қой, мен бармаймын. Жау болмасқа берген антым, сертім бар еді, — дегеніне Абылай қарамайды.
Жүруін қолқалап қоймаған соң Малайсары амалсыздың көтінен ереді. Бұлар барса, қалмақ берік қорғанға бекініп, қамалып беттетпес болыпты. Абылай төрт батырды жіберіпті: «Кірер жері бар ма екен, біліп қайтыңдар» деп.
Сонда нақ Сары Баян батыр жоғары ұмтылып, қорғанның ішіне үңіліп қарай бергенде дулығаның қақ маңдайынан оқ тиіпті. Дулығаның қайқайып қалғанын көріп, қалмақтың мергендері қорғанның үстіне шығып қалғанын көре сала қашқанда арт жағынан оқ жаудырыпты.
Сонда Абылай хан айтыпты:
— Бір қанды ауыз мылтықтың аузы Малайсарыға дөп келді-ау! Құдай-ай сақтай гөр! — дегенше болмай, Малайсарыға оқ тиген екен. Қалмақ жүремете үш рет атқанда, үшеуі де Малайсарыға дөп тиген екен.
Басқа батырлар аман-есен көмбеге келген соң, «аман келді ғой» деп өзгелері қуанғанда, Абылай хан:
— Малайсарының аты кішеңдеп қалды, аман емес, — депті.
Қараса, Малайсарының белін оқ қиратып кеткен екен. Сонан соң қасына әкеп түсіріпті, жатқызыпты. Жаралы болып жатып қалыпты.
— Енді бұған өзге тамақ бере беріңдер! Жалғыз-ақ ескі қатқан сүр ет бермеңдер, онда жазылып үйірге қайта қосыла алмайды, — депті.
Өзгесі жауға кетіп, қоста жалғыз бақыршымен қалғанда:
— Сүр етті сағындым, кішкене сүр ет тауып бер, — деп бақыршысын қысыпты.
— Егер сүр ет тауып бермесең, басыңды шабамын! — депті. Бақыршы жанынан қорқып, ала қоржынды ақтарып бір сүр қазыны алып беріпті.
Абылай хан келіп көрсе, бұзылып, келіспей қалған екен.
— Ұрған екенсіңдер ғой, сүр ет бердіңдер ме? — дегенде:
— Сүйемдей қазының ортасын беріп едік, — депті.
— Енді болмады, жалғыз-ақ ілініп тұрғаны ішектің бүтіндігі еді, ой, бәрекелді, келіспеді-ау! — депті.
Ақырында өлер болды ол. Сонда Малайсары батыр айтқан екен:
— Әзірейіл, шіркін, қайда жүр десем, өзі ала қоржынның түбінде жүреді екен ғой, — депті.
Сол жолы Малайсары өліпті. Сүйегін елге алып кеп қойыпты.
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі