Орта жүз, арғын, бес мейрамның біреуі қаракесек болады. Қаракесек деген кісі аты емес, шын аты — Болатқожа, Болатқожадан Ақша, Түйте туады. Түйтесінен Майқы, Танас. Майқыдан Әлтеке, Сарым. Сол Әлтекенің баласы — Дос батыр. Жетпіс сегіз жасында жалғыз баласы Қожаназармен қалмаққа қолға түседі. Қалмақ: «Қазақты өлтіріп тастайық» дегенде, кейбіреулері: «Әкелі-балалы екеуін бірдей өлтірмейік, тұқым құртпайық. Ежелден қазақ-қалмақ арасында соғыста бірін-бірі өлтіргені болмаса, қолға түскенді өлтіру жоқ еді ғой», — деседі. Қалмақтың сыбыр-сыбырынан сескеніп, жаны шошып, Дос батыр былай деп жырлапты:
— Сыбыр-сыбыр етеді,
Сыбыр құлақтан өтеді.
Сыбырласпаған жан шіркін,
Әлде нетіп кетеді.
өзім өлсем бұғым-ай!
Қожаназар құлыным-ай! —
деп жылай беретін болыпты. Қалмақ мұнысын көрген соң: «Әкелі-балалы өзді-өзі кеңессін, бірін бізге олжаға қалдырсын, бірін еліне баруға бастайық», — депті. Сонда бала ұшып тұра келіп: «Әкетай мен көк лағың болайын! Мені Құдай жолына құрбандық қылып, ел-жұртыңды тапсаң», — деп жылап қоя бергенде, Дос батыр айтыпты: «Қалмаққа шал зәру емес, жас ұлан зәру, жас ұланды өлтірмей, өздеріне бағындырып, ел- жұрт қылып алады. Мен елге тірі барғанда не бітіремін. Қаздың етін асадым, жетпіс сегіз жасадым. Сені қалдырып мен елге бар- сам, екінің бірі, егіздің сыңары айтады. Алысым былай тұрсын, жақыным айтады. Дұшпаным былай тұрсын, досым айтады. Мына жалмауыз таладың басын жалмаған жалмауыз емес пе? Жалғыз баласы Қожаназарды жалмап қойып, жылт-жылт етіп келуін қайтерсің», — дейді.
«Сен барсаң «Дос деген жоқ, міне, тірі» деп қуанады. Және қатын алып, балалы болсаң, сенен туған менің кегімді қалмақтан сол алады», — деп батасын беріп, баласын қайырып, өзі қалмақ қолында қала береді. Қожаназар ел-жұртына аман-есен келеді, қатын алады. Қатыны бір ұл туды, ұлдың атын Жидебай қойды.
Жидебай құрттай бала күнінде тапқан шешесі өліп, Қожаназар бір тоқал алады. Тоқалдың аты Апар еді. Апардан алты ұл туды. Апардың бойы бір қарыс деген өтірікші болмайды. Алты туып жүрген Апар бес қанат үйдің уығын байлауға бойы жетпей, Жидебайды аяғының астына жатқызып, уық байласа, сөйтіп байлайды екен.
Ол заманда жаугершілік, ел жалшы жалдауды білмейді. Біреуге біреу бұрылмайды. Апардың түрін танитындар, бір үйге қараған бейнет Жидебайда болмақ қой. Алты бала иттің күшігіндей, арасына жыл салмай туа берген немелер. Оның жалғызы Жидебайға бұрыла ма, тезек, су, от жағу — бәрі Жидебайдың мойнында болды. Ол кезде көшірушілік қандай көп, күнде көш, күнде көш. Көшкенде үй тігіп, уық буып байлайтын болса, аяқ астына төсеп, бой өсіруге Жидебай дап-даяр. Құрттай бала күнінде Жидебайдың аузынан шыққан бір ауыз сөз бұның бәрін қозғап, тербетіп, балалатып, жаздырып отырған. Қатын-қалаш: «Шырағым-ай, көзің ашылмады-ау, өзің шешең тірі болса, үйі құрғыр тігілмей қалса да, сүйтпес еді-ау!» — дегенде, Жидебай айтады екен: «Ол қылып жүргені маған қастық емес, достық қой. Жасынан пісіп-қатсын, көнтерілі, шыдамды болсын дегені».
Сүт пісіргенде, алтауының алдына алты аяқ, алтауының қолында алты қасық, бас-басына бөлек-бөлек көбік қалқып құйып береді де: «Мынаны жалай отырыңдар», — дейді екен. Ал Жидебайдың қолына тезек салған шанаш қапты беріп: «отты қарай отыр», — деп нұқып, түртіп қояды екен. Жидебайдың құлағы жеті-сегіз жасқа жеткенде еститін болыпты. Бір күні Жидебайды бабасы Дос батыр түсіне кіріп оятады: «Қаракерей Қабанбай батыр бүгін түнде Алмұртбайдікіне қонып жатыр. Балам, барып Қаракерей Қабанбайдан бата алып кел», — дейді. Түсінде сөйтіп Жидебай тұра келіп, үстінде жаға-жеңі далба-дұлба боз көйлек, Қабанбай батырды іздеп құстай ұшып келе жатса, Қабанбай батыр жаңа ғана аттанып кетіп бара жатыр екен. Әуелі алыстан немене екенін де айыра алмады. Еліктей ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, батыр тоқтап тұра қалды. Көп кісімен жорыққа кетіп барады екен. Бала жетіп келіп: «Ассалаумағалайкум!» деп сәлем берді.
«уағалайкумассалам, жолың болсын, сәлемші балам! Қайда барасың?» — деді батыр.
— Атыңыз шыққан атамыз едің, бата алып қалайын деп едім! — деді бала.
— Бата-сата не береді дейсің, төрт алма жайым бар еді, біреуін саған бердім, ал, балам! — деп жүре береді. Сөйтіп төрт алма жайының бірі — «қызыл түлкі» деген болады екен, батыр сонысын беріп кеткен екен.
Абылай үш жүздің бүкіл қазаққа хан болған күнінде Әлтеке, Сары, Жидебай атақты батыр аталып, Абылай ханға қолбасшы болған екен. Бір жаққа аттанарда, қосын жүргізерде үйсіннен алған шабдар атты алғызып, Әлтеке, Сарым, Жидебай батырға мінгізеді екен. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей, боран-судан ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай екен. Біреудің пышақ-шақпағы далада келе жатқанда, бір жерде қалып қойса, айсыз қараңғы түнде болса да, жауын-шашын, боран болса да, жүріп келе жатып найзасын тіреп тұрып қалып: «Ал, осы жерден түсіп қарай ғой», — дейді екен. Қалдырған адам жайлап тауып алады екен. «Сен осыны қалай табасын?» дегенде, ханға сырын айтпайды екен. Жалғыз-ақ Абылай хан айтып жүреді екен: «осының қызыл түлкісі бар» — деп. Сол адам аңдып жүріп, қарауылда жүрген жерінде, ұйықтап жатқан, ақырын басып барып қараса, өңірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріп қалады. Түлкі жалт қарағанда, үрейі ұшып қаша жөнеледі.
Ханға келіп көргенін айтады. Көргені бар болсын, көзінен ай- ырылады.
Жидебай батыр жеті қатын алған, жасы жүз беске келіп өлген. Алатау жақта, дәл қай жақта екені белгісіз. Адам таба алмайтын елеусіз жерде бір старшын ел жаудан, жұттан есен-аман жатады екен. Сол елді Жидебай тауып, шауып алыпты. Сол елде бір Сарықожа дейтін қожа бар екен. Бұл жерді ешкім көрмеген жер. Өмір бойы адам таба алмайтын-ақ жер еді. «Дәуде болса көзі ағарғыр Жидебай, қор болғыр Жидебай ғой!» — деген екен. Сол Сарықожаның аузынан шыққан лепесі қабыл болып, Жидебай көзден ерте айрылыпты. Барып қожаның аяғына жығылған екен, болмапты. «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтса — макроп» деген, ауыздан шыққан соң болмайды», — деген екен. Әлтеке, Сарым, Жидебай тамы Қарқаралы сыртындағы Қызылтау деген тауды басып ағатұғын Нұра өзенінің бойында, Мәшрүп күңнің моласының қасында. осы Мәшрүп өзі күң, көп ұлтқа мазар басы болып аты аталып қалған.
Оқуға кеңес береміз:
Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі