Абылай хан Қасым (Абылайдың қалмақ қызы әйелінен туған) деген баласын орнына хан сайлаймын деп Орта жүздің беделді билері мен батырларын ордасына жинайды. Сол жиынға Қанжығалы Айтбай батыр, Қаракерей Алдабек, Тәттімбек батырлар үш күн кешігіп келіпті. Сонда шалқасынан менменсіп жатқан Қасым Айтбай мен Алдабек батырға қарап:
— Мына келген қос соқыр кім? — депті (Батырлардың жаумен шайқасып жүргенде көз алдарына түскен тыртық болса керек). Сонда найман ішінде қаракерей Соқыр Абыздың баласы Алдабек батыр:
— Менің атым — Алдабек,
Айтар сөзім алда көп.
Жан-жағыңа қарашы,
Хан жалғыз, қараша көп.
Хан сайласа, Қасым-ау!
Орта жүздің ішінде
Сендей-сендей бала көп.
Шалқаңнан сен жатасың,
Көтерместен басыңды.
Әкең Абылай шақырды,
Хан сайла деп Қасымды.
Ал сайламаймын Қасымды,
Ол болмай жатып,
Ел қорғаны ерлерді басынды,
Әділ болып елді ұстай ма,
Көк долы адам ашулы.
Сонда әбден ашуына тиген Қасым:
— Саған садақтың бір оғы жалынсын, — дейді. Алдабек батырдың сөзінің соңын күтіп тұрған Қанжығалы Айтбай батыр:
— Өй, не дейсің бұл соқырға,
Соқыр білмей сөйлеп отыр ма?
Сөйлемей қалай отырамыз,
Үлкен жиын топырда.
Нағашың — қалмақ, атаң — сарт,
Ойбай, бәләм, құтырма!
Сонда Қасым:
—Басына темір киген мына таз кім? — деп Айтбай батырды сілтеп сұрағанда, Айтбай тағы да:
— Руым қанжығалы болғанда,
Әткелтірдің басы —
Айтбай деген батырмын.
Өз бетіммен келгем жоқ,
Хан сайла деп шақырдың.
Ел қыдырып жүргем жоқ,
Сайлауға келіп жатырмын.
Ел басшысы батырға
Болмай жатып сен ақырдың.
Жылқысын алып бес рет,
Қамалын бұзып неше рет,
Қалмаққа тізе батырдым.
Сен кегін іздеп алғың келді ме
Нағашың қалмақ кәпірдің?
Сонда Қасым:
—Бір жерде бір емес, екі рет сөктің. Садағымды әпер! — деп бұлқынғанда, Айтбай батыр:
— Біз үйде отырып төбелесетін қатын емеспіз, шық далаға жекпе-жекке! — дейді.
Сөйтіп, батырлар тұлпарларына мініп, желіктірме желіспен тұлпарларының бүйірлерін қыздырып, орданың шаңырағынан жылқының қу тезегін найзаның ұшымен қардай боратады. Белдеуде байлаулы тұрған Қасымның тұлпарының үстінен әрі-бері қарғып өтіп, қан майданға қаһарланған батырларды Абылай хан әзер тоқтатып:
— Уа, Айтбайым, не айтасың? — дейді. Сонда Айтбай:
— Уа! Абылай!
Сен Орта жүзге келген соң,
Жұлдызың туған оңыңнан.
Түйе баққан жаяулап,
Арылдың қалың сорыңнан.
Көкбесті тұлпар мінгенсің
Жәнібек ханның тобынан.
Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан.
Сегіз құлаш қорғанның,
Ар жағына түстің жарқ етіп,
Қалмақтың жайған торынан.
Көк бесті тұлпар күшімен,
Көк найзаның ұшымен,
Қақпада тұрған көп қалмақ
Қырғын тауып ол қашты.
Қайратыңның молынан
Қамалды бұзған батыр деп,
«Абылай» сонда атандың.
Риза болып ісіңе,
Қаһармандық күшіңе,
Жәнібек хан атамыз
Хандығын берген қолынан.
Бақытың зор адамсың,
Артық туған талантты.
Сайламаймын хан қылып
Қасым деген балаңды.
Хан болғанмен, айырмас
Жақсы менен жаманды.
Айырып төре бере алмас,
Адал менен арамды.
Содан кейін Абылай:
— Алдабегім, сен не дейсің? — деді. Алдабек:
— Хан соқыр болса, халқы қор болады,
Қара адам соқыр болса, тәубесі зор болады.
Кіші пейілді, рақымды әкім қойсаң,
Халқына әділшілігі мол болады.
Тәкаппар, кесір адамнан әкім қойсаң,
Халқына бірде ажал, бірде сор болады, —
деп, тәкаппар Қасым қалып, Абылайдың орнына Шоқанның бабасы Уәлиді хан сайлаған екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі