15 қараша Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналымға енген күн.
Биыл теңгеге — 30 жыл.
1993 жылдың 12 қарашасында «ҚР ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлық шықты. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енді. 1997 жылдан бері Ұлттық валюта — теңге күні атап өтіледі.
Мемлекеттің ақша айналысының тарихы оның экономикалық және мәдени дамуының ерекшеліктерін ашады. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге салыстырмалы түрде жақында пайда болды. Дегенмен, бұл кезеңге дейінгі тарихи жол бірнеше мың жылдарға созылды.
Кез келген ақшадан әрбір елдің өткенін, бүгінгісін және болашағының бейнесін, яғни тарихын көруге болады. Бүгінгі таңда ақша тарихын зерттейтін арнайы ғылым саласы бар. Ол нумизматика деп аталады. Онда тиындар, құйма ақша кесектері, т.б. ескерткіштер арқылы тиын соғу тарихы кеңінен зерделенеді. Нумизматика ғылым ретінде ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болды, оның негізін салушы — Вена нумизматигі И.Х. Эккель болды.
Қазіргі Қазақстан аумағында пайда болған алғашқы ақша — қытайлық ақша болды. Бұл сол кездегі саудаға байланысты еді. Көне түркі көшпелілері жылқыларын жиі жібекке айырбастаған, бірақ көп ұзамай алғашқы металл теңгелерге қажеттілік туындады.
Ежелгі Қазақстанның оңтүстігінде біздің дәуіріміздің тоғысында ең ірі Кангюй (Қаңлы) мемлекеті орналасқан. Осы маңайда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бұл жерде біздің заманымыздың VІ ғасырына дейін ежелгі қытайдың ушу (ушуцянь) монеталарының қолданылғанын көрсетті.
Кейінірек Қытайдың басқа монеталары — кайюань тунбао қолданыла бастады. Қытайдың ақша монополиясын бұзу тек VІІІ ғасырда мүмкін болды. Ұлы Жібек жолы бойында саудамен айналысқан Соғды тайпасы алдымен қытай монеталарының көшірмелерін соқты, бірақ кейін оларға өздерінің таңбалары мен жазуларын қосты.
Көп ұзамай түріктер оларды негізге алып, әр қала өз теңгелерін шығара бастады. Бір жағында міндетті түрде қағанның рулық белгісі бейнеленді. Сонымен бірге VІІІ ғасырда Қазақстан аумағына шетелдік ақшалар — араб фельстері келді.
ІХ-ХІ ғасырларда күміс дирхемдер негізгі валютаға айналды. Кейде қорытпаға алтын қосылды. ХІ ғасырдағы күміс дағдарысына байланысты күмістің орнына мыс қосылып, тиындар қара түсті болды. Қара дирхемдер төрт ғасыр бойы соғылып, содан кейін олар басқа үлгідегі қола және мыс монеталармен ауыстырылды.
ХІІІ ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстан қалаларында монеталар көптеп жасала бастады. Шағатай мемлекетінде күміс ақша сұранысқа ие болды. Отырарда алтын динарлар шығарылды. Рас, алтын кеңінен қолданылмаған, өйткені мұндай монеталарды өндіру өте қымбатқа түсті. Олар салық төлеуге пайдаланылды немесе қазына ретінде сақталды.
Күміс теңгелер ресми түрде «данг» («данга», «денга») деп аталды. Бұл сөзден орыстың «деньги» деген ақшасы да, Қазақстанның қазіргі ақша бірлігі «теңге» атауы да шыққан.
Отырарда көптеген көне монеталар — мыс дирхемдер мен фельстер өз құнын сақтап қалды. Ақша бірлігінің шынайылығын дәлелдеу ретінде оларда Шыңғыс ханның есімі жиі ойылып жазылған. Отырардан басқа Кенжде және Тараз қаласы ірі теңге орталықтары болды.
Араб әрпімен жазуы бар Алтын Орданың Өзбек хан тұсындағы күміс монеталары («дәнгі») — мемлекеттегі ислам үстемдігінің белгісі. Нумизматикалық материалдарды қарайтын болсақ, ХІV ғасырдың соңына қарай және ХV ғасырдың басында Тоқтамыс, Темір-Құтлық, Бек-Кибал, Шәдібек пен Болат кезіндегі дирхемдерде дін символы қайта пайда болды.
1321 жылы Шағатай ханы Кебек тарихтағы бірінші ақша реформасын жүргізді. Салмағы сегіз грамнан асатын үлкен күміс монета күміс динар деп атала бастады, ал дирхемдер тек мыстан жасалды. Екі номиналдағы монеталар негізінен Самарқанд пен Бұхарада шығарылды.
Қазақстанның батысында Жошы әулетінің моңғол теңгелері сұранысқа ие болды. Бір қызығы, олардың көпшілігінде моңғолдар өздері құлатқан Бағдат халифы Насырдың есімі орын алған. Бұл ислам дәстүріне деген құрметтің белгісі болса керек.
ХІV ғасырдың аяғында Мәуереннахрда билік басына Әмір Темірдің келуімен теңге соғудың жаңа толқыны басталды. Осы уақытта күміс танга монеталары белсенді түрде шығарылды. Кейін Темірдің немересі Ұлықбек реформа жүргізіп, оған сәйкес мемлекет бірыңғай валютаға көшті. Ондаған жылдар бойы бір түрдегі монета қолданыста болды. Жаңа теңге соғудың жалғыз орталығы Бұхара қаласы болды.
ХVІ ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани ханның қамқорлығымен тағы бір ақша реформасы жүргізілді. Билеушінің аты мен лауазымдары жазылған жаңа танга айналымға енді. Мемлекет бірдей салмағы, дизайны және жазулары бар сәйкестендірілген біртұтас валютаға көшті. Бұл теңгелер Қазақ хандығына да тарады. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында алтын монеталар мен ресейлік ақшалар пайда болды.
Нумизматикалық материалдардың негізінде Қазақстан аумағындағы ортағасырлардағы халықаралық сауда мен қалалар арасындағы сауда қатынастары туралы көптеген мағлұматтар алуға болады. Әсіресе Отырар мен Түркістаннан табылған ақшалардың құндылығы жоғары. 1986 жылы қазба жұмыстарының нәтижесінде Отырар қалашығында 3000 жететін теңге табылды. Бұл мыс теңгелер Ясы, Сауран, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Андижан ақша сарайларында соғылған. Олардың негізгі бөлігі Ясы мен Сауранда шығарылған.
ХVІІ ғасырға жататын 118 күміс теңге 1972-1973 ж.ж. Отырардан табылды. Олар Ташкент, Ясы қалаларынан шығарылды. Бұл ақшалардың бір жағында аңның суреті, екінші жағында құстың суреті салынған. Кейбіреулерінде тек бір жағында ғана аңның суреті бар, ал екінші жағы теп-тегіс болып келген. Бұл ақшалардың арасында ешбір суреті жоқтары да болды. Ясы мен Ташкент ақша сарайларында жасалғандығы көрсетілген бақыр ақшалар біртекті типологиялық жинақ құрап, Түркістан мен Отырардағы ақша қазынасының негізін қалайды. Аталған теңге үлгілерінің кейбіреулерін қазақ хандары Ташкентте және Түркістанда соққызған деп санауға әбден болады.
1976-1977 ж. Отырардағы қазба жұмыстарының нәтижесінде орыстың 30 бақыр тиыны табылды. Онда Алексей Михайлович патшаныңаты ойылған және 1655-1663 жж. жатады. Ондай ақшалар Ясы мен Сауран, басқа да Сыр бойындағы қалалардан табылды. Бұл ақшалардың табылуы орыс елімен сауда-саттық байланыстың дамығандығының белгісі екендігі анық.
ХІХ ғасырға қарай барлық сауда операциялары орыс ақшасы арқылы жүзеге асырыла бастады.
Бұл кезеңдегі елдің ақша айналысы кеңестік ақша бірлігі — рубльге негізделді. Ол қазақша «сом» деген атаумен қолданылды. Қазақстан Республикасы өз валютасы теңгеге КСРО ыдырағаннан кейін және Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1993 жылы ие болды.
Үкімет мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз валютасын жасап, енгізуге мәжбүр болды. Осы мақсатта банкноттардың дизайнын жасаған суретшілер тобы құрылды. Алғашқы теңгенің суретшілері — Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін ізірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген.
Екі жылдан кейін дайындық жұмыстары аяқталған соң Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Міне, теңге осылайша айналымға енді.
Ұлттық валюта атауына «алтын», «ақша», «танга» нұсқалары ұсынылды. Қазақстандық валютаны тіпті «сом» деп атау жоспарланған. Көне күміс монета «танга» деп аталған. Орта ғасырларда Отырар қаласында «танга» атауымен басылып шыққан күміс монетаға ұқсастырып «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» — жаңа сөз. Жүз есе бөлігі «тиын» деп аталды.
Елімізде ақша басатын фабрика болмағандықтан алғашқы банкноттар Лондондағы Harrison&Sons фабрикасында шығарылды. Қазақстан ақшасы Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісіне ие болды. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға тең деп бекітілді.
Теңгенің дизайны осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгерді. «Әлем білетін қазақ болуға тиіс» деген оймен 1 теңгелік банкнотта Әбу-Насыр әл-Фарабидің портреті бейнеленді. 1993 жылғы банкноттарда Қазақстанның көрнекті тарихи тұлғалары: 3 теңгеде — Сүйінбайдың портреті, 5 теңгеде — Құрманғазының, 10 теңгеде — Шоқан Уәлихановтың, 20 теңгеде — Абай Құнанбаевтың, 50 теңгеде — Әбілқайыр ханның, «портреттер» айналымының бірінші сериясында ең құнды банкнот 100 теңгеде — Абылай ханның портреті бейнеленген.
Қазақстанның өз монета сарайы болмағандықтан бастапқыда қағаз тиындар басылды. 1994 жылы олардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, және 50 номиналды монеталар шықты. Қазір банкноттар Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
1993 жылдан бері теңгенің төрт сериясы басылды: «Портреттер», «әл-Фараби», «Бәйтерек» және «Самұрық». Қазір айналымдағы қағаз банкноттар — 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңге, тиындар — 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңге. 2007 жылы қазақ валютасы ₸ — бейнесіндегі өз символына ие болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі сызба жасау бойынша конкурс өткізіп, 30 мың өтініш берушінің арасынан үздікті таңдады.
Теңгенің қорғаныс дәрежесі әртүрлі. Аз ақша бірлігінде қорғаныс белгілері де аз. Соңғы шыққан банкноттарда суреттердің бедерлігі, сутаңба, бояулардың металл жылтырлығы, өлшемі әртүрлі сандар, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмерлер, сәйкес кескіндер секілді 18 қорғаныс дәрежесі бар.
Ұлттық валюта монеталары шартты түрде үш түрге бөлінеді: циркуляциялық, коллекциялық және инвестициялық. Қазақстан банкноттары Халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді. Мәселен, 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан қазақстандық банкноттар әлемдегі үздік банкнот деп танылды. 2014 жылы түркі жазуына арналған қазақстандық «КҮЛТЕГІН» естелік банкноты Халықаралық банкнот қауымдастығының (IBNS) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды. Ал Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды. 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот High Sekurity Printing Europe конференциясында марапат алды.
Сонымен, Теңғе — Қазақстан Республикасының қабылданған ақша бірлігі, Қазақстан Республикасының валютасы. Теңге — әлемдегі ең жас валюталардың бірі. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, оның терең тарихы бар. Оның тамыры орта ғасырлардан бастау алады, ал Қазақстандағы ақша айналымының бастаулары біздің дәуірімізге дейін пайда болды.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі