XIX ғасырдың 30 жылдарында Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір өзінің хандық құрған салтанатына арнап үлкен той жасайды. Тойдың болатын мезгілін бір жыл бұрын хабарлайды. Дайындық жұмысы жан- жақты жүргізіледі. Бәйгіге қосылатын өрен жүйрік аттар жаратылады. Мергендер, палуандар алқа топ ортасында күш сынасуға әзірленеді. Бас бәйгі, орта бәйгі, соңғы бәйгілердің мөлшері белгіленеді. Сұлтандар, старшиналар, рубасшылары мен байлар Жәңгір ханға жағынып, тойдың шашуына ат-шапан, қалы кілем, қызыл нар дайындайды. Бірақ бұл тойдың дақпыртына Исатай батыр мен Махамбет онша еліге қоймайды.
Той дүрмегі жазда жайлауда өтеді. Оны Бекбенбет би басқарады, көмекшісі ноғайлар тайпасының ұлығы Шомбал би болады. Той салтанаты ат шабысынан басталады. Бәйгі жарысының қашықтығы жетпіс шақырым болып, билердің көптен жарытып баптаған сәйгүліктерімен бірге жалғыз атты кедейлердің кейбір саңлақкерлері де қосылады. Мәренің ұзақ болуына байланысты көптеген аттар жолда зорығып қалады. Ал жарысқа түскен аттардың ішінен Тәжі деген кедейдің «Қарақасқа» деп аталатын жүйрігі бірінші, Жәңгір ханның «Шыбық қарақасқа» аты екінші болып озып келеді.
Ханға жағынып қаламыз дейтіндер не істемейді. Олар жеке дара озып келген қара сирақ кедейдің сәйгүлігіне бірінші бәйгені бермеу үшін «Тәжінің аты жолдан қосылды» деп жанжал шығарады. Бірақ бәйгі аттарын жүргізген шабандоздар Тәжінің атының жолдан қосылмағандығын, жарыстың басынан бастап аяғына дейін оза шауып келгендігін дәлелдейді. Алайда, олардың сөздері ілтипатқа алынбайды. Бірінші бәйгіні ханның атына бергісі келген той басшылары — Бекбенбет пен Шомбал билер: «Тәжінің аты бәйгі аттарының тізімінде жоқ», — деп, оған сыйлық беруден бас тартады.
Сөйтіп, бәйгі сыйлығын алудан үміт үзген кедей Тәжі:
— Тілің жүйрік шешен едің, сөз жүйесін тауып, есемді алып бер, — деп Қадірбай ақынға шағым айтады. Қадірбай ақын:
— Бәйгі сыйлығын алып беруге менің шамам келмейді, хан алдында тілім қысқа. Мұны Исатай батырға төрелет, ол саған бәйгіңді «хан берсе қолынан, бермесе жолынан» дегенге басып алып береді, — деп ақыл қосады.
Тәжі Исатайды танымайды екен. Қадірбай ақын оған:
— Анау шетте тұрған ақ табан қара атты, боз шекпенді, мұртты кісі, — деп көрсетеді. Тәжі Исатайға келіп:
— Уа, батыр, мына той басшылары Бекбенбет пен Шомбал жарыста озып келген атымның бәйгісін зорлық жасап бермей тұр. Мұны ханға айтып, бәйгімді алып беруге жәрдем етіңіз? — деп өтінеді.
Исатай арыз айтқан Тәжіге ілтипатпен қарап:
— Ана атын жетелеп бара жатқан Жәңгір ханға барып өтінішіңді айт. Сенің артыңнан мен де жетемін, — дейді. Тәжі ханның алдына келіп, атынан домалап түсіп, екі тізесін бүгіп отыра қалып:
— Уа, алдияр хан, төрелігіңізге бас идік. Менің атымның бәйгіден бірінші болып келгенін бүкіл халық растап тұр. Бірақ той басшылары бәйгімді бермейді, — деп шағымын айта бастайды. Осы кезде Исатай да ханның алдын кес-кестеп, Ақтабан атын ойнақтатып келіп:
— Хан Жәңгір, «орамал тон емес, жол» деген халық сөзі қайда? Мына пақырдың алақанын жайдырмай, озып келген атының бәйгісін бергіз, — дейді.
Сонда хан:
— Исатай, орынды жерде де, орынсыз жерде де маған тиісе бересің-ау. Анау төбенің бауырында екі жүз нар тайлақ байлаулы жатыр. Солардан шағым иесінің бәйгісіне тиесілін шешіп бер, — дейді қыжырта сөйлеп. Исатай ханның қағытқан сөзіне іле жауап қатып:
— Жәңгір хан, маған сенің екі жүз нар тайлағыңның есебінің қажеті жоқ. Халық алдындағы сенің әділеттілігің қажет, — дейді.
Хан не айтарын білмей тосылып қалады. Сөйтіп, Исатай батыр халық алдында әділеттілікке Жәңгір ханның басын идірген екен.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі