Жалбырдың шын аты — Байсал, жастай жалпылдап жауға шауып, топтан қалмаған соң «Жалбыр» атанып кетіпті. Жас кезімде көп көрдік, қолына су құйдық, қолынан ет асадық, орасан ірі кісі еді, саусағының саласы біздің бір қарысымыздай, құлағы бір қарыс, басы кішігірім қазандай, даусы орасан күшті, жай сөйлегенінің өзінде төрт-бес шақырым жерге баратын. Менің әкем айтатын еді «Бір жылы Бөрібайдың жылқысы қырға жайлауға кетті, арадан бір жетідей өткенде, Бөрібайдың қасиетті Шұбар айғыры сауырсында сау жері жоқ, найза тиген жарақат, даладай қан, ауыл тұсынан дариядан жүзіп өтіп, жайлаудағы ауылымыздың қотанын айнала шауып, кісінеп жүрді. Ауылдың көп кісілері Мәмбет батырды (Бөрібайдың Қоянбай деген баласының баласы Жалбырға немере іні) қалада уезд әкім шақырып соған кетіп еді, Жалбыр ауылда еді. Шұбар айғырдың жағдайын көрген Жалбыр бұрынғы бойынша шұбарды ұстатып, жүгендеп, беліне тоқым тастап жайдақ мініп, қару- жарақ алмастан жылқының соңынан жалғыз кетті. Жылқыға тиген Шу бойындағы тама деген елдің батырлары екен, бес-алты кісі жылқыға дақ салмай, жылқыны қуа жөнелгенде, Шұбар айғыр жылқыны қайыра берген соң, жау Шұбарды найзамен сауыр шаншып, найза батқан Шұбар сырға келіп көрініс беріпті. Жылқышылар жаумен сөзге келіп: «Сендер ұры болсаңдар, жылқыны алып жүре берің, батыр болсаңдар, бұл жылқы Кіші жүз жаппас Бөрібай батырдың жылқысы, Бөрібайдың Мәмбет, Жалбыр деген батыр балалары бар, кешегі Шұбар айғыр сырға кетті, сол батырларды алып келеді, күтіңдер», — десіпті.
Өздеріне сенген таманың батырлары: «Мұның батырын көріп кетелік», — деп шатырларын көк майсаға тігіп, тай сойып жеп, күтіп жатыпты.
Сол дегенше Шұбарға жайдақ мінген Жалбыр да келіп жетіп, сөзге келместен «әкей» деп жауға жалғыз тиеді.
Таманың қару-жарағы сай қырық батыры жайдақ аттағы Жалбырды айнала найзалап, аттан түсіреді. Жалбыр қартқа басқан семіз кісі еді, қарнының көкетін найза жырып, шарбы майы ақтарылып отырып қалады. Таманың батырлары соншалық ауыр жарақатты елестірмей, ақтарылған шарбысын екі қолымен кезек-кезек басып отырған батырдың түр сипатына таңдана қарасып: «Анық бүтін туған жан екен, бұлай тастап кетпейік», — десіп, аттарынан түсіп, қақ жыңғылдан ине жасап, жібек белбеудің суыртбағынан жіп жасап, Жалбырды тігуге кіріскенде, Жалбырдың шарбы майы қайтадан орнына сыймапты. Тамалар: «о, батыр қарныңның көкетін тігейік деп еді, шарбы майың сыймай жатыр, мұны қайтеміз?» — депті.
Жалбыр: «Сыртыма сыймаған май, ішіме сыяды, қылышпен кесіп беріңдер, жұтып қоям», — депті.
Тамалар сыймаған майын өзіне жұтқызып, Жалбырдың қарнын тігіп, киіз күйдіріп басып, қанын тыйып, былғары тоқым салып, белін мықтап байлап: «Ал, батыр біз жүреміз», — десіпті.
Жалбыр тамаларға: «Сендер жүрмеңдер, менің Мәмбет деген немере інім бар еді, ол қалада жүріп хабарсыз қалды, мен соны шақырайын, оны да көріп кетіңдер», — депті. Таманың батырлары «мақұл» десті. Жалбыр жайлап биік құмның басына шығып, екі қолымен қарнын басып тұрып, Сырға қарап: «Ә-й, Мәмбет!» деп үш рет айғайлайды, Жалбырдың даусынан жер сілкінгендей болып, жаудың аттары үркіп, дала жаңғырады.
Бұл дауысты Ақмешіт қаласының көшесінде жүрген Мәмбет естіп (екі арасы 50-60 шақырым) тездетіп жігіттерімен ауылға келсе, Жалбырдың кеткеніне екі күн болған екен. Мәмбет қару- жарақтанып, жүз қаралы жігітпен Жалбырға жетеді. Таманың батырлары көптен қорықпай соғысып, жеңіліс тауып, аттарынан түседі.
Екі жақ сол құба жонда бітісіп, Жалбырдың жаралы болған жерінен құдық қазып, сексеуілмен шегендеп, Жалбырдың шығып дауыстап Сырдағы Мәмбетті дауыстап шақырған биік құмының басынан сексеуіл мен шымнан байланыстырып, биік мұнара жасап, белгі орнатып тарқайды.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі