Қырғызда «манап» дейтін болады екен. Манап болатын себебі — қырық жігітке қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандандырады екен, сонан соң оны «манап» дейді екен. Сонда қырғызда Жаңғараш, Жантай екеуі де манап екен. Жаманқара да манап екен. Жаңғабыл, Тілеуғабыл екеуі де манап екен. Жаманқараны елшілікке келген кезінде Наурызбай өлтірген. Өздері қашпаймыз деп қолға түскен соң, Жаманқараны бодауына Кенесары ханды Жаңғараш алған екен. Жаңғабыл манапты соғыста тағы Наурызбай өлтірген екен. Соның бодауына деп Наурызбайды Жанғабылдың ағасы Тілеуқабыл алған екен.
Сол уақытта қырғызда Алатаудың күнгей бетінде Орман хан деген хан бар екен. Сонан қырғыздар манаптарын жіберіп ақыл сұраған екен. Сонда Орман хан айтты дейді: «Кенесары, Наурызбайға біздің барып соқтыққан жеріміз жоқ. Өздері келіп қолға түсті. Оны манаптар күшіміз асқандықтан болды демесін. Құдай мен әруаққа төрелердің өздері ұшырады, сонан болды деп білсін. Өздерін өлтірмесін бұрынғының сөзі бар еді: «Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды, үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды», — депті. Қайта өздері икемге келсе, ынтымаққа көнсе, күллі қырғызға хан көтеремін. Мен хандығымды соларға берейін соның тыйыш тұруы үшін. Болмаса біріміз күнгейде, біріміз теріскейде тату-тәтті болып тұра берейік. Егерде икемге келмесе, ынтымаққа көнбесе, күтіп-құрметтеп сақтасын. Өз ажалынан өлмесе, менен ақыл сұрағандары шын болса, өлтірмесін, оның қалған елін барып шаппасын, қатын-баласын олжаламасын, осы өздерінің қолға түсіп пенде болғанына қанағат қылсын да тұрсын», — депті дейді.
Сонан соң қырғыз Орман: «Өз басы аман болған соң, аузына не келсе соны айта береді, — деп, — біздің Жаманқарамыздан артық па?» — деп, Кенені өлтіріп тастаңдар дегенде, қылыш шабамын деп ең алғаш қол көтерген қырғыз қолын көтерген бойымен сіресіп қалды. Оның өзінен әл кетіп, шаба алмай қалғанын сезбей, жанында тұрған бір есерсоқ арсалаң қылышты жұлып алып, Кене ханның мойнына салып жібергенде, Кене ханның басы да жерге түседі, шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай кетеді. Қараса, табанда жаны шығып кетіпті. Үйіне көтеріп алып барған екен, өлтірушінің үй ішіндегі қатын-баласы жалп ете түсті. Сонан соң қырғыз халқы Кенесары ханды өлтіргеніне көп пұшайман болысты дейді. Сол өлтірушілердің тұқым-тұқымы бұл күнге шейін быт-шыт болып тозып кетті дейді. Жантай өлтірген кеңестің ішінде жоқ екен. Өлтіргендерін де оңды ұнатпаған екен. Бас терісін сойдырып, орыс жұртына жіберген екен. Сол үшін Шабдан Жантаев, Қарабековтер Руссияға құрметті кісі болып сүһрат тапты.
Кенесарының Ахмет дейтін баласы император ағзамның таққа отырыс мәжілісіне барғанда, Шабдан да һәм болған. Сонда Шабдан бір сөз сөйлегенде, Ахмет төре айтыпты: «Бұл мәжілісте қолынан да, тілінен де келетұғын ғаламнан озған алаяқтардың сөйлегені жарасады. Тілі жоқ сақау, қолы жоқ шолақ, аяғы жоқ мешел сықылды қырғыз, қазақтың баласы едік қой, екеуіміздің мінгесіп кісі болып жүргеніміз бір өлген өліктің денесі ғой», — депті. Сонда Шабдан дәнеме дей алмапты дейді.
Тілеуғабыл манап Наурызбайды інісінің бодауы үшін көп қырғыздың ортасынан жеке өзіне меншіктеп алды. Сонда қырғыздарға айтты дейді: «Мұны өлтірсем, неге өлтірдің демеңдер, өлтірмесем, неге өлтірмей қойдың демеңдер. Інім үшін маған бердіңдер ғой, ықтиярым өзімде болсын. Үйіне алып барған соң өлер төре, өлер інім өлді, сені өлтіргенмен ол тірілмейді, сені тайдай тал түсте жөнелтсем, тамам қырғыз соңыма түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды. Сенімен түнде жіберейін. Менің атымды мін де, киімімді ки де, түнде қаш. Сені ешкім қуып жетіп түсіріп ала алмайды. Мен риза, Құдай риза, маған сенің өлмегенің керек», — дейді. Сонда Наурызбай: «Кенесары, Наурызбай қолға түсіпті де, Кенесары өліп, Наурызбай қашып кетіпті деген сөз өлімнен гөрі, ол маған жаман атақ. Менің бұл атақпен тірі болып үйге барғаннан да, өлгенім артық. Жиырма беске жеткенім жоқ, бірақ жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім. Тіршілікпен бұл жалғанға менің арманым жоқ» депті дейді.
Өлтіруге көзі қимай Тілеуқабыл Наурызбайды үш ай тоқсан күн сақтапты. Қырық жігіттің отыз тоғызын өлтіруге ыңғайлапты да, манаптың өзі басы қатып, бір жігітті сол үшеуі ортасына алып жатып жүріпті. Ақырында Тілеуқабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген қырғыздар Наурызбайды өлтіріп тастапты. Наурызбайды өлтіргенде дәнемеге ұшыраған жоқ деседі.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі