Мамандық таңдау - адам өміріндегі ең маңызды және батыл қадамдардың бірі болып табылады. Әр адам өзінің қабілеттеріне қарай мамандық таңдауы қажет. Өміріміздің бұл кезеңдеріне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Ата-бабамыз өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан шатаспау керектігін тегін айтпаған екен. Болашақ мамандықты әр адам өзінің жүрегінің қалауы бойынша таңдағаны жөн. Себебі, келешекте мықты маман иесі болу үшін таңдаудан қателеспеу керек. Қадамын шалыс баспай, өзіне ұнайтын мамандықты таңдаған адам суда еркін жүзетін балық секілді. Әлбетте бұл өмірде барлығы оңай беріле бермейді. Сондықтан әр адам өз арманы үшін күресіп, алдыға қойған мақсаттарына жете білуі керек.
Менің бала арманым халық үшін сіңіретін еңбегі өте зор журналист болу. Журналист - мен үшін өте мәртебелі мамандық. Төртінші биліктің тізгіні дәл осы журналист мамандарында болғандықтан мен үшін бұл маңызды шешім. Бала кезден-ақ медиа саласына деген қызығушылығым мен көзқарасым ерекше. Журналистика - қызығы мен шыжығы қатар жүретін, біліктілікті талап ететін саланың бірі. Келешекте халқыма өз үлесімді тигізер мықты журналист маманы болғым келеді. Кез келген мәселенің анық-қанығына жетіп, халыққа тек ақиқатты айтуды алдыма мақсат қойдым. Заман ағымына ілесіп, халықпен бірге ауыр жүкті арқалау үшін терең білім мен жауапкершілік қатар жүруі тиіс. Нағыз журналист - шындық пен әділдіктің қажымас жақтаушысы, қайратты күрескері болуы керек. Мені журналист болуға шабыттандырған осы саланың үш нар тұлғасы Бейсен Құранбек, Дана Нұржігіт, Дина Төлепберген болды. Бала кезімде осы тұлғалардың жүргізген бағдарламаларын көріп, олардан үлгі-өнеге алып өстім. «Алынбайтын қамал, бұзылмайтын қорған жоқ» демекші барлық шегаралар тек біздің миымызда ғана. Сол шегараларды бұзып, өз арманымызға жету үшін алдымызға жан салмауымыз керек.
Арманға жету үлкен еңбекті талап етеді. Қазіргі ұйқысыз өтіп жатқан түндерім мен дайындықпен басталып жатқан әр күнімнің нәтижелі болуына үлкен үміт артамын. Ең әуелі ата-ана үмітін ақтау баршамыздың арманымыз. Сол арманға бізді тек қажырлы еңбек пен тынымсыз жұмыс жеткізері айдан анық. Осы орайда ұлы ақын Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға!» деген қанатты сөздері есіме түсіп отыр. Мен жасап отырған таңдау менің жарқын болашағыма нық қадам боларына сөзсіз сенімдімін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Балауса
Өте әдемі