Өлең, жыр, ақындар

Саят

ПОВЕСТЬ

ТӘРБИЕ САҒАТЫ

— 1945 жылы Хиросимаға атом бомбасы түскен кезде Сасаки Садаки небәрi төрт жасар сәби едi. Ол ерекше сүйкiмдi нәзiк қыз болған. Сасаки сәуле ауруына ұшырап, көптеген жылдар бойы сұмдық азапты басынан кешедi. Ол күнi-түнi осы бiр ауыр дерттен жазылуды армандайды. Аурухананың терезесiнен жарығы кең дүниеге ет жүрегi елжiрей қарайды. өзi секiлдi жас қыздардың, балалардың елiктей асыр салып ойнаған қимылдарын ұзақты күн қызықтайды. Кейбiр кездерде өзiнiң солармен бiрге бола алмайтынын ойлаған кезде терiс қарай аунап түсiп, екi бетiн басып, үнсiз ғана егiле жылайды екен.

Кей шақта терезеден естiлген құстардың көңiлдi шиқылы мен сан алуан әуендерiн елiте тыңдап, жымыңдай күлiп жатады. Сонау алыс-алыс жерлерден көгiлдiрленiп, ерекше әсем болып көрiнген тауларға ұзақ телмiре қарап, көңiлiн жұбататын. Сондай бiр күндерi ол сонау тұнық көктiң күмбезiнен тырнаның сазды, сиқырлы үнiн естидi. Ол қуанғанынан орнынан тұрып:

— Ей, тырналар, ей, айналайын тырналар! Мен қашан жазыламын, айтыңдаршы! — деп айқайлағысы келiптi. Тырулаған тырналар Сасаки Садаки жатқан аурухананың төбесiнен үш рет айналып, мұңды бiр әуенмен сызылта ән салып, сонау алыста жұмбақтана көрiнген көгiлдiр тауларға қарай ұшып кете барыпты.

Бiр күнi әлгi жас қыз түс көрiптi. Түсiнде бiр адам қызға былай дейдi:

— Ей, сүйкiмдi кiшкене қыз! Сен ауыр дертiңнен жазылғың келсе, онда қағаздан өз қолыңмен мың тырна жаса! — дейдi де жоқ болады. Кiшкене Сасаки Садаки таңертең ерекше көңiлдi оянады. Келген дәрiгерлерге өзiнiң көрген түсiн айтады. Олар қызға қағаз, желiм, қайшы әкелiп бередi. Ол жанға батқан кеселмен алыса отырып, кiп-кiшкене, нәп-нәзiк саусақтары майысып, көк еркесi, пәк мiнез тырналардың бейнесiн бiрiнен соң бiрiн жасайды. Бiрақ меңдеткен дерттен әбден титықтаған Сасаки Садаки кейде жасай бастаған қағаз тырналарын аяқтай алмай, талықсып құлап қала бередi.

Зор жүректi, сезiмтал жанды дәрiгерлердiң бiрi газетке хат жазады. Жапон балаларынан Сасаки Садакиге көмек көрсетуiн сұрайды. Бұл өтiнiш хат әлемдегi көптеген газеттерге көшiрiлiп басылады.

Бұдан соң не болды дейсiңдер ғой, балалар? Мұны тiлмен айтып жеткiзу тiптен қиын.

Жапонияны былай қойғанда, әлемнiң барлық түкпiр-түкпiрiнен поездармен, самолеттермен, кемелермен осынау Хиросима қаласына өздерiңдей балалар жасаған қағаз тырналар жүздеп, мыңдап келiп жатты.

Әр қағаз тырнаның қанатының астында қамқор жүректердiң лүпiлi, адал сезiмдердiң тасқыны, пәк ниеттердiң толқыны жапон халқының сол бiр кiшкене қызына теңiздей ақтарылды. Олардың барлығы да Сасаки Садакидiң құлан таза жазылып, еш мұңсыз, қайғысыз күлкiсiмен өз қатарларына қайта қосылатынына кәмiл сендi. Балалардың барлығы күнделiктi жаңалықтарға құлақ тiгiп, өздерiнiң сонау алыстағы аяулы досының «жазылды!» деген хабарын тағатсыздана күтiп жүредi.

— Бiрақ… — дедi де Жаннұр апай iркiлiп тұрып қалды. Саят осы «бiрақ» сөзiн естiгенде селк еттi. Бөлекше әсермен, бар ынта-ықыласымен құлай тыңдап отырған балалардың бiразы қозғалақтап, ендi не айтар екен дегендей тыныс тарта қалды. Саят қатарындағы партада отырған Әсияның жүзiне қарады. Кiп-кiшкене жұдырығын иегiне сүйеп, шарасы кең көкшiл көздерi бұрынғыдан да үлкейiп, үрей аралас бiр күйге ауысқан. Көз кенерi жаспен шыланған ба, қалай? Иегi де дiр-дiр ететiн секiлдi.

«Сасаки Садаки он төрт жасына қараған шағында, қыршын шағында, он екiде бiр гүлi ашылмай мәңгiге көз жұмды». Жаннұр апай төмен қарап, терең күрсiндi. Көпке дейiн стол үстiнен көзiн алмай, бiр қағаздарды аударыстырып жатты.

Балалардың барлығы да үнсiз отырып қалды. Әр тұстан iш тарта тыныс алып, күрсiнген үндер құлаққа шалынады.

Саят төбесiнен мұздай су құйып жiбергендей сезiндi. Аз сәтке болса да көз алды тұмантып, бұлыңғыр тартты. Терезеден сыртқа көз тiктi. Сонау көгiлдiр аспаннан көп тырна төмен қарай құйылып келе жатқан тәрiздендi. Жаннұр апайдың даусы қайта естiлгенде барып, сол бiр елес әсерден айықты.

«Бұл жас қыздың мезгiлсiз өлiмi жапон халқын қатты күйзелттi. өздерi он жыл бұрын кешкен сол бiр сұмдық трагедияны қайда бастан өткергендей болған. Бүкiл жапон балалары қаржы жинап, сол қыздың мүрдесiнiң басына ғажайып ескерткiш жасады».

Жаннұр апай ескерткiштiң суретiн көрсеттi.

Көкке сүйiрленiп, әуелей орнатылған үш таған бомба тәрiздес күмбездiң үстiнде нәп-нәзiк тұлғалы, қос қолымен қағаз тырнаның мүсiнiн ұстаған жас қыз тұр. Сәлден соң қалықтап ұшып кеткелi тұрған секiлдi. Не деген ғажайып ескерткiш!

Саяттың құлағына тырулаған тырналардың үнi келдi. Көзiн тарс жұмып алды. Сасаки Садакидың қос қолын қанат қылып, сонау заңғар көкке қарай ұшып бара жатқан суретiн көз алдына келтiрдi. Бар дүниенi жаңғырықтырып:

— Мен тiрiмiн, мен өлген жоқпын! — деген қыздың үнi құлағына жеткендей болды.

Неге екенi белгiсiз, көңiлi жүдеу тартып, жабырқап қалды. Ойына шешесi оралды. Осыдан екi-үш күн бұрын ауруханаға түсiп қалған. Тағы да — сол баяғы жүрегi. Бұл жолы ауыр халде түскен. Ауырғандағы түрiн көз алдына елестетсе, тұла бойы түршiгедi. Қол-аяғы сiресiп, өңi қуарып сала бередi. Суық тер тұла денесiн жауып кетедi. Шешесi мұндай ауырған сәтте Саяттың кiшкене жүрегi шаншып, қақпанға түсiп, жанталаса қалған қоянның халiне ұқсас бiр күйде болатын. Дiр-дiр етiп, қолды-аяққа тұрмайды.

Е, шiркiн, апам жазылса ғой…

Сыртқа шыққанда, анадай жерде Әсия мұны күтiп тұр екен.

— Жүрсейшi, Саят, қайтайық. — Екеуi бiраз жерге дейiн үнсiз жүрдi. Әсия Саяттың өңiндегi көңiлсiздiк көлеңкесiн аңғарып келе жатқан. Ол осы үнсiздiктi бiрiншi болып бұзды.

— Шынында да жаңағы қыздың тағдыры қандай аянышты, ә? Саят ерiксiз тiл қатты.

— Айтпа, аянышты екен. Он жыл бойы ауыру деген де сұмдық қой.

— Мен алғашында жүрегiм лүпiлдеп, ой, алақай-ай, жазылатын болды-ау деп қуанып отырдым. Апай «Бiрақ» деген кезде не болғанымды бiлмей кеттiм. Бiздiң Жаннұр апай да айтқанда адамды елiктiрiп әкетедi ғой. Тiптi менiң көзiмнен жас шығып кете жаздады.

— Шынында да керемет қылып, тап сол қыздың қасында болып келгендей айтқан жоқ па?

— Иә, дәл солай. Ескерткiштi тiптен қатырып соққан,ә! Қандай әдемi!

— Өте әдемi екен. Қыз тiптi тырна болып көкке ұшқалы тұрған сияқты.

— Ой, шiркiн, сол ескерткiштiң дәл өзiн барып көрсең ғой! Нағыз тамаша сонда болар едi, ә!

— Бәрiнен де соны айтсаңшы! — Екеуi де бiр сәтке көздерiн алысқа қадап, қиялдап кеттi.

Содан кейiн:

— Саят десе, түстен кейiн мектептегi концерт дайындығына келесiң бе, мен сенi күтемiн, — дедi Әсия.

— Жоқ, бара алмайтын болып тұрмын. Апама тамақ апарамын.

— Е, — автобус орталыққа баяғыда кетiп қалған.

— Yйдегi Ақтайқарыммен барамын.

— Кешке шейiн үлгересiң бе?

— Е, үлгермей! Оның өзi өте жүйрiк қой. Анада Ақтөбе түбiнде, бәрiмiз жарысқанда бiрiншi болып келгенi есiңде жоқ па? — Саяттың үнiнде сәл мақтан бардай.

— Е, неге есiмде емес! Бiлемiн ғой. Балалардың нағыз тұлпар екен деп мақтағаны ойымда. Сонда да сегiз шақырым деген талай жер емес пе?

— Түк те емес. Әрi аурухана көшенiң бергi шетiнде. Ақтайқармен көздi ашып-жұмғанша барып келемiн.

— Онда жақсы! Апаңа менен сәлем айт.

ЕКI ЖЫЛ БҰРЫН…

— Саят! Саят!

Үй көлеңкесiнде кiтап оқып отырған Саят тосын үнге селк еттi. Таныс дауыс. Жаңылмаса Бақыттiкi.

Ол орнынан шапшаң көтерiлiп, аула жаққа мойнын бұрды.

— Ей, Бақыт, немене, жай ма? — Оның жүзiнде мазасыздық табы аңғарылып тұрғандай.

Бұған жалт қараған Бақыт қолын бұлғай белгi еттi.

— Жүр, кеттiк.

— Қайда?

 

— Шәрiп атайдiкiне.

— Жай ма?

— Неге жай болсын. Ақ қодықты өлтiрейiн деп жатыр дейдi.

— Рас па?

— Е, рас емей.

Саяттың денесi тiтiреп сала бердi. Әрi қарай сөйлеуге тiлi байланып қалған тәрiздендi. Қолындағы кiтабы топ етiп жерге түстi.

Ауладан оқша атылып, сыртқа шықты. Аңтарылып тұрып қалған Бақытты қағып кете жаздады.

Оның көз алдына сұр жыланның тiлiндей жалаң-жалаң етiп, жалт-жұлт еткен ақ кездiк елестедi. Түрi қандай суық! Осыдан он шақты күн бұрын туған сүп-сүйкiмдi, көзi тостағандай, тiп-тiк құйма тұяғын жеп-жеңiл, лыпи басып ойнаған қодықтың қан құйылар шұңқыр жанында төрт аяғы таңылып, өлiмге байланып жатқанын ойлағанда, тұла денесi саусағының көбесiне ине сұғып алғандағыдай түршiктi. — өтiрiк! Мүмкiн емес! өтiрiк! Жүгiрiп келе жатып дауыстап та жiбердi. Тұзаққа тұтылып, бұлдырық құстай бұлқынған жас жүрегi табан астында құлағы естiген сұмдыққа еш сенбей келедi.

Мұның соңынан, екi өкпесiн қолына ала жүгiрiп келе жатқан Бақыттың әлгiндегi айтқаны — қате айтылған, адасып айтылған сөз сияқты.

— Өтiрiк! Жалған!

Шәрiп атайдың қодықты ондай қиянатқа қиюы тiптi де қисынға келмейдi. Бақытқа басқа бiр балалар алдап айтқан болуы керек. Мен бiлсем, Бақытты алдаған сол. Солай! — Шәрiп атайдың үйiне жеткенше осы iспеттi сан тарау ойдың орманын шарлап үлгердi.

Шәрiп атай үйдiң күнес жағында, тал көлеңкесiнде қолын артына қайырып, сонау бөктер бетке көз салып тұр.

Әрiректе, қалың талдың қатарындағы терең сайда екi бала есектi қайырмалап жүр екен. Кiшкене қодық балалардан үрке қашып, енесiн айнала шауып жүр. Аппақ, ақша қардай денесi шуақты күнге шағылып, көздi қарықтыра жалтылдайды. Кей-кейде желдiң еркiнде жүрген ерке мiнездi ақша бұлтқа ұқсайды.

Елiре жүгiрiсiп, қасына келiп сәлем берген екеуне Шәрiп атай әрi таңдана, әрi күлiмсiрей қарайды.

— Ой, батырлар, жай ма? Жау қуғандай, неғып ереуiлдесiп жүрсiңдер? Бақыт ұяңдау үнмен:

— Жай, — дей салды.

Саят есектi қайырмалап айдап келе жатқан екi балаға түйiле қарап тұрып қалды. Бiреуiн айнытпай таныды. Құрардың нағыз өзi. өзiнен кiшiлеу балаға самбырлай сөйлеп келедi. Екi езуi екi құлағында.

— Құтыруын көрдiң бе қандай әдемi, ә!

— Ење-ње-ње! — Құрар мысқылмен мырс етiп күлiп қойды.

— Әдемi болмақ түгiл одан зоры болса да, бұл қасқаң қазiр баратын жерiне барады.

— Сонда қайда барады? — Кiшкене бала таңдана сұрады.

— Ей, мұрынбоқ-ай, қайда барушы едi, о дүниеге барады да!

— О дүниеге деген не? Құрар тұра қалды да:

— О дүние деген, мiне! — деп қол қырымен тамағын пышақпен бауыздағандай қиып көрсеттi.

— Сонда бауыздай ма?

— Ой, өзiң де бiр мылжың екенсiң. Бауыздамақ түгiл басын кесiп алады.

— Е, не үшiн? Есектiң етiн жей ме?

— Жейтiндер үшiн басын кеседi де.

— Кiм жейдi сонда?

— Кiм жейдi, кiм жейдi?! Сондай да сөз бола ма екен. Ит жейдi, құс жейдi. өлген соң бәрiбiр емес пе.

— Түу, обал ғой! Енесi iздесе ше?

— Е, не қылады дейсiң, екi-үш күн жоқтайды. Содан соң ұмытып кетедi.Адам дейсiң бе, еске алып жылай беретiн.

— Құрар десе!

— Әу?

— Өй, атама айтсайшы, бауыздамай-ақ қойсын деп.

— Өй, дегенiң-ай! Оған ол кiсi көне ме екен. өзiнiң зықысын шығарған соң бауыздайын деген де.

— Сонда не iстеген?

— Бiр жаққа барайын десе, жолда кесiр қылады дейдi. Есегi артына қайырылып, қодығына алаңдай бередi, жүрмей қояды.

— Бар жазығы сол ма?

— Е, одан артық ел шапсын ба.

— Түу, обал ғой!

— Ой, жаман мұрынбоқ, обалшылын мұның.

Кiшкене бала кiлт тұрып қалды.

— Ей, айдасайшы!

— Айдамаймын! — Құрар оған тап бердi. Кiшкене бала шегiншектей түстi. Құрар шапшаң қимылмен оны құйрығынан бiр тептi де, жүгiре басып, есектi берi айдады.

Шәрiп атай айқайлап:

— Берi, мына қораға қарай қайырмалай бер, — деп мырс етiп күлдi де: — Ана кiшкене қырсықты қарай көр.

Саят бағанадан үнсiз, тұнжырап тұрған. Шәрiп атай:

— Ой, сен өрт сөндiргендей болып, неғып тұнжырай қалғансың? — деген. Бiрақ Саят бұл жолы да үндемедi. Ақсақал аң-таң қалып, Бақытқа көз салды.

— Саятжан, анау есектi қайырмалап жiберiңдершi. — Ол қозғалмады.

Қарт күмiлжiңкiреп күлiп қойып:

— Ей, мына антұрған керең болғаннан сау ма? — дедi.

Құрар ереуiлдеп, қуана айқайлап:

— Әй, Бақыт, Саят! Мына пәленi қайыра берiңдершi. Тегi, әбден құтырған екен қасқаң, — дедi. өзi қарқ-қарқ күледi. Ақ есек қора аузына тақанбай, айнала қашты. Құрар қолды-аяққа тұрмай безiлдеп жүр.

Бiр кезде Шәрiп атай да қатарласа келiп қалған есек пен қодықты қақпалап қораға қамады.

Құрарда ес жоқ.

— Ә, бәлем, қолға түстiңдер ме. Ал, сауап, ендi қашаған батырлардың әуселесiн көрейiк.

Iшке тез енiп, ақ қодықты мойнынан сүйрей, дырылдатып, сыртқа шығара бердi. Кiшкене қодық төрт тағандап, сiресiп, есiк аузында тұрып алды. Енесi құлағын тiкiрейтiп, үрпиiп тұрып қалыпты. Екi-үш рет iш тартып, мекiренген дыбыс шығарды.

— Қарай көр, мынаның күштiсiн! Ох, пәле! Тумай жатып тыртысуын, — деп бүйiрiнен жұдырықпен бiр пердi. Ол шоршып түстi.

Құрар сақ-сақ күледi.

Тiстенiп тұрып қалған Саят тап осы мезетте бүйiрiнен бiреу өзiн солқ еткiзiп соғып өткендей сезiндi. Тұра ұмтылып, Құрардың жағасынан ала түскiсi келдi. Бақыт Құрардың қимылын қызықтап кеткен сықылды.

Шәрiп атай ала арқанды оңтайлап ұстап, кiшкене шұқанақтың басында тұр.

— Ә, нәлеттiң шатқаяқтауын!

Атай мысқыл еткендей кеңк-кеңк күледi. Саят ол кiсiнiң жүзiндегi жайбарақаттықты көргенде, тiптен ойланып қалды.

Соншама ақ көңiл, ақ жарқын мiнездi жан сияқты едi. Саятты көп еркелетiп, өзге балалардан артық көретiн.

Мұнысы қалай?

Атайдың тамыры бiлеуленген салалы қолы қара бешпенттiң жан қалтасына ақырын бара бердi. Қас қағым сәтте ұясына бұққан кездiк қынаптан алған қылыштай жарқ етiп ашылды.

Күнге шағылған ақ кездiк ақша бұлтқа ұқсаған ақ қодықтың ақ тамағына тақала бердi, тақала бердi. Ендi бiр сәтте!.. Иә, бiр-ақ сәт! Бiттi-ау, бәрi де! О, сорлы, қодық! Жазығың не едi сенiң?

Саят тынысының тарылып, демiнiң тоқтап қалғанын аңғарды. Суық тер маңдайына шып-шып шыққан екен. Ањ деп тыныс алып, бұлыңғыр тартып кеткен көзiн тарс жұмып, қайтып ашып алғанда, ақ қодықты Құрар мойынын қайырып, жерге ендi жыққан екен. Шәрiп атай қара шұбар жыланға ұқсас қара ала жiптi тыпыршып жатқан қодықтың шалғылап жатқан аяғына салмаққа оңтайланып келе берген.

— Ата — а-а-а!..

Шәрiп қарт жалт қарады. Ол Саятқа аңтарылып тұрып қалды. Оның көзiне көзi түскенде, қолындағы ала арқан сусып жерге түсiп кеттi. Құрар бiресе Шәрiп қартқа, бiресе Саятқа алақтап қарайды. Саяттың көз кенерiнде дiр-дiр етiп, қос тамшы, мөп-мөлдiр жас тұрды. Шоқтай ыстық от сезiмiн ұйтқытқан өткiр жанары қарттың өңменiнен өтiп барады. Шәрiп қалбалақтап қалды да, жеңiл қақырынып, былай ысырылып шыға бердi

— Мынау антұрған қайтедi-ей, а? Бұзылған ғой мынауың, ә? Көз қарасы қандай едi! — Сөзiн қатаң бастап, бәсең аяқтады. Саятқа тiктей қараудан кәдiмгiдей-ақ тайсақтағандай. Тағы да бас шайқап қойып:

— Бұзылғанын қара мұның? «Жуастан жуан шығады» деген осы, ә?! Құрар мен Бақытқа қарап күле сөйлеген болып жатыр. Бiрақ күлкiсi сүрiншек аттың жүрiсiндей ойқы-шойқы. Сенiмдi күлкi емес. Бәкiсiн жауып, қалтасына салмақ болды

Саят әудем жерде қаздиып, тас мүсiндей қатып қалған жас баланың тұлғасына көз салды.

Құрар қолынан босанған ақ қодық орнынан тұра бере, бiр сiлкiндi де, келген жағына қарай құйындатып шаба жөнелдi. Аң-таң болған ақ есек те болған жайдың мәнiсiн толық ұғып болмағандай халде. Сәл iркiлдi де, күнге шағыла құлдырап шауып бара жатқан ақ қодықтың соңынан бар даусымен ақилай шауып кеттi. Тас мүсiндей қатып қалған бейтаныс бала ендi аяғын тез-тез басып, берi жүрдi. Кластас құрдасы Әсияның iнiсi Жасұлан екенiн Саят ендi ажыратты...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз