Қанағат – қазақы этномәдени ортада қоғам мүшелері арасындағы әлеуметтік қатынасты реттеуде айырықша рөл атқаратын моральдық-этикалық категория.
Қанағат – араб сөзі «өзіңе тиген үлеске разы болу». Қазақ мәдениетіне бұл сөз ислам дінінің әсерімен келгенімен, мейлінше «қазақыланған» ұғымға айналды, яғни, этностену үрдісіне ұшырады. Қанағат – басқаның қолындағысынан дәметпеу, өзінде барды місе тұту, өз нәпақасына шүкірлік айту, өзгенің ризығына қол сұқпау, тойымсыздықтан бойын аулақ ұстау дегенді білдіретін діни мәнді де ұғым.
нысап, таупық, тойым, тойымдық, шүкір
Қанағат ұғымының моралдық категория ретіндегі дәстүрлі қазақы ортадағы әлеуметтік қатынасты реттеуші функциясы негізделген қағидалар:
- Өзгенің нәпақасына сұқтанбау (қара нан мен қара су ішсең де, басқаның еңбегін жеме; біреудің ризығы жұқпайды);
- Өз ризығын адал еңбектен табу («еңбекпен тапқан нан тәтті»; «еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей»);
- Жоққа бола сары уайымға салынбау (барға – қанағат, өткенге – салауат; бармен базар; көрпеңе қарай көсіл);
- Жалқаулықтан бойын аулақ ұстау (қайғысыз қара суға семірер; еңбек түбі зейнет; еңбек ер атандырар);
- Ынсаптылық таныту (қанағат – қарын тойдырар; қанағатсыздық – астындағы атын сойдырар);
- Қолда барға шүкіршілік ету (осы күніме мың шүкір, мың алғыс);
- Материалдық емес құндылықтарды қадірлеу (бірінші байлық – денсаулық; екінші байлық ақ жаулық);
- Үнемшіл болу (үнемшілдің қолы берекелі, үнемшіл жоқшылық көрмейді);
- Ашкөздіктен, тойымсыздықтан ада болу, ашкөз адамды айыптау, жек көру (қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң, болады бар да - арманда, жоқ та – арманда (Сүйінбай Аронұлы);
түйені түгімен, биені бүгімен; өлгеніңше - тою жоқ, түңілмей - ырза болу жоқ (Шортанбай Қанайұлы); өзі тойса да, көзі тоймас; адам топыраққа ғана тояды);
- Ысырапшылдықтан, малшашпақтықтан сақтану (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашапақ – бес дұшпаның, білсеңіз (Абай);
- Өзіне бұйыртқанды қадірлеу, барынша пайдалану; көлдің суын жамандап - Еділ қайдан табарсың, әкіміңді жамандап - әділ қайдан табарсың, өз барыңды жамандап - асыл қайдан табарсың (Асан қайғы);
- Нәпсісін тыю, нәпсіні ақылға жеңдіру (өзін басқара алған өзгені де басқарады);
- Көреалмаушылық, басқаның байлығын күндеуге жол бермеу (кең болсаң, кем болмайсың; көрсекызарлық іштарлықтың белгісі);
- Басқа түскен байлықты көтере білу, дарақылықтан сақтану (мал мен баққа есірсең - кез боларсың кесірге (билерден қалған сөз);
- Ризыққа берілгендердің өлшемін сақтау, тиесіліден артық тұтынбау мәдениетін игеру (судың да сұрауы бар; Ішер судың да шамасы бар: артық – зиян; шам маймен жанады: көп май құйсаң өшіп қалады;
- Материалдық дүние шектеулі, рухани дүние шексіз екенін ұғындыру (дүниенің құлы болма; қудым сені қу дүние, ұстатпадың; дүниенің қызығы сіз бен бізде (Бөлтірік шешен)
- Өзіндегіні ұқсату, шамасын білу (көрпеңе қарай көсіл; барымен базар болу);
- Қарақан қара бастың қамын ойламау, бауырмал, көпшіл болу (атаңның баласы болма, адамның баласы бол; адамның күні адаммен; бөлінгенді бөрі жейді; қолыңдағымен бөліс; өзгені өзіңдей сыйла, жат жаныңнан түңілсін).
Жоғарыда айтылғандай, қанағат, ең алдымен, моральдық-этикалық ұғым. Қанағат көшпелі ортада әдеттік құқықтың нормалары мен принциптері сияқты императивтік функция атқарған жоқ. Оның жоғарыда аталған негізгі қағидалары ұрпақ тәрбилеудің де, социумдағы әртүрлі әлеуметтік категорияларының арасындағы сан деңгейлі және сан салалы байланыстың үйлесімділігін қамтамасыз ететін де ұстанымдар болды.
Назар аудар:
Қолдағының қадірі қолдан кеткенде білінеді
Адамға осындай ғана жер жеткілікті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі