(О. Генридің новелласы, аударған Ерден Еркебекұлы Қарсыбеков)
Батыстың асқан алаяғы мен қаңғыбасы Монтегю Силвер маған Литл-Рокта жүргенде былай айтқан болатын:
— Егер бір күні, Билли, сен есіңнен адасып қалсаң, немесе есейген адамдарды алдауға шамаң жетіспей, өзіңнің тым қартайып қалғаныңды сезінсең, Нью-Йоркке аттан. Иә, Батыста минут сайын бір аңқылдақ туады, бірақ Нью-Йоркте ондайлар уылдырық шашылып кеткендей сансыз көп.
Екі жыл өткенде, мен орыс адмиралдарының есімдерін есіме түсіре алмағанымды байқап, сол құлағымның үстін қылау шалғанын көріп, Силвердің кеңесін жүзеге асыруға уақыты келіп қалғанын ұқтым.
Нью-Йоркке тал түсте жетіп, келісімен Бродвей[1] бойын аралаумен болдым. Қарасам, Силвердің өзі мұнда жүр, үстіне ұсақ-түйек тауарларды үймелеп іліп, әлдебір қонақ үйдің қабырғасына сүйеніп, тырнақтарын жібек қол орамалымен жылтыратып тұр екен.
— Гемипарез[2] ба, әлде қартайғаның ба, — деп сұрадым одан.
— Сәлем, Билли, — деді Силвер, — көріскенімізге қуаныштымын. Білесің ба, Батыста бәрі тым ақылды болып алыпты. Нью-Йоркты кейінге қалдырылған десерттей бұрыннан ойымда ұстадым. Әрине, жергілікті тұрғындардың меншігін ұрлау ешқайда жарамайтынын білемін. Олар әрі-бері жүгіріп, көз алдындағыны ғана көріп, айналған миларын анда-санда ғана іске қосады. Осындай миғұлаларды тонап жүргенімді менің анам білмей-ақ қойса ғой, мені ол үшін өсірген жоқ еді.
— Сонда шал дәрігеріміздің «уқалау» процедураларына үлкен кезек жиналған ба? — деп сұрадым мен.
— Жоқ, — деді Силвер, — бүгіндері «сылап сипаудың» қажетінсіз де ұтуға болады. Мұнда жүргеніме бір ай ғана болды. Бірақ мен істі бастауға дайынмын, және Вилли Манхэттен жексенбілік мектебінің мүшелері де бұл бастауыма сәйкесінше үлесін қосуға дайын. Мен күн сайын газеттерді зерттеп, қаланы аралап, оның жоралғы-дәстүрлерін жақсылап біліп алдым. Мұндағы адамдар қалталарынан ақшасын қағып алуға асықпасаң, жерге құлап, зарлап жылайды екен. Жүр, көтерілейік, бәрін де айтам. Бұл қаланы бірге өңдеп жүрейік, Билли, баяғы заманнан доспыз ғой.
Силвердің бөлмесіне кірдік, жан-жақта түрлі заттар үйіліп жатыр.
— Оңтүстік Каролинада күріш дайындаудың қанша түрі белгілі болса, бұл мегаполис аңқауларынан ақшаны тартып алудың сонша жолы бар. Жоқ, одан да көп, — деді Силвер. — Бұлардың көбісінің ақылдары кірмеген, кез келген жемге алдана салады. Өздерін неғұрлым парасатты деп жүрсе, соғұрлым ақылдары жетіспейді екен. Жақында ғана Дж.П.Морган[3] біреуден Андреа дель Сарто салған жас шақтағы әулие Иоанның суретін алмақшы болды да, орнына Кіші Рокфеллердің[4] портретін сатып алып, алданып қалыпты.
Ана бұрышта жатқан қағаздар бумасын көріп тұрсың ғой, Билли? Бұл алтын кендерінің құнды қағаздары. Оларды сатып жүріп, екі сағаттың ішінде сауданы тоқтатуға мәжбүр болдым. Неге десең, көшені бұғаттап тастағаным үшін полиция мені қамауға алған. Бұларды иелену үшін төбелес болды. Постқа жеткенше, оншақтысын полицейге сатып жібердім, сонымен бұл нарық жабылып қалды. Жұрт маған жай ғана ақшаны бере салғанын қаламаймын. Олай істер алдында, сәл болса да ойланып қалса, намысым таза болып сақталар еді. Олар ең кемінде Чик-го сөзінде қай әріптің жетіспей тұрғанын шешіп көрсін дегенім ғой.
Менде оп-оңай жүзеге асырылатын тағы бір ой болды, қарапайымдылығы сондай, одан да бас тарта салдым. Анау үстелде тұрған көк сия құтысын көрдің ғой? Осы сиямен қолыма зәкір белгісін салып, банкке кіріп, өзімді адмирал Дьюидің жиені деп таныстырып өттім. Оның атына жазылған чегімді олар растап, маған бір мың доллар бермекші болған, бірақ мен ағайымның толық есімін айта алмай қалдым. Қалай болса да, бұл осы қаладағы жұмыстың жеңілдігін көрсетеді. Мысалы, тонаушылар енді тонайтын үйлерінде оларға арнайы пісірілген ыстық тағамның қойылғанын қалайтын болды. Манхэттенде[5] олардан азап шекпеген үйлерді табу қиынға соғады, және жалпылап алғанда, бұл қала тұрғындарына қарсы басқыншылықтың ең жеңіл түрі ғана.
— Монти, — деп бастадым мен, Силвер бәсеңдеп қалғанда, — қала жайында айтып жүргенің шындыққа сай болуы мүмкін, бірақ оған күманданып тұрмын. Осында келгеніме екі сағат қана болды, және мен бұл қаланың табақшада әкеліп қойылған бәлішке ұқсамайтынын көріп тұрмын. Өзімді алсам, rus in urbe[6] жетіспейді дер едім. Тұрғындардың шашынан шөп талшықтары табылса, киген барқыт көйлектерінде ағаш түймелер салбырап тұрса, мен өзімді ыңғайлырақ сезінер едім. Олар маған тым қарапайым болып көрініп тұрған жоқ.
— Ие, сен эмигранттардың ауруына ұшырап қалдың ғой, — деді Силвер. — Әрине Нью-Йорк Литл-Роктан да, Еуропадан да үлкенірек болады, сондықтан сырттан келгендерге ол қорқынышты болып көрінеді. Бәрі жақсы болады, Билли. Айтып тұрмын ғой, бұл адамдарға сәл күш жұмсасаң, өздері саған жәшіктеп ақшаларын әкеле салады және үстін жәндікжойғымен сеуіп тастайды. Әйтпесе ол үшін көшеге шыққаным бір әбігер ғой. Осы қалада кім бриллиант тағып жүретінін білесің ба? Ұрының әйелдері мен арамзаның келіндері. Иә, Нью-Йорк тұрғындарын тонау гүлдерді сатқаннан әлдеқайда оңай. Мені жалғыз нәрсе алаңдатып тұр: барлық қалталарым ақшаға толғанда, сигараларды езілуден қалай сақтаймын.
— Сенікі дұрыс болып шықса ғой, Монти, — дедім мен. — Алайда мен Литл-Рокта жүргендегі тапқанымнан артық қалап тұрған жоқпын. Біздің фермерлердің қонақжайлығына әрдайым сүйенуге болады, жаңа пошта ғимаратын тұрғызу петициясына қолдарын қоя салады, ал банкіміз бұны көріп, 200 доллар болса да бере салады. Мұндағы адамдарға қарасаң, күдікшілдігі мен өзін сақтау түйсігі бар сияқты болып көрінеді. Бұл ойынды алып кетуге дайындығымыз жетпейді-ау деймін.
— Алаңдама, — деді Силвер, — мен бұл ашықауыз қаланы бес саусағымдай біліп қойдым. Солтүстік өзеннің Гудзон болғаны және Шығыс өзеннің[7] тіпті өзен емес екені рас болса, менікі дұрыс. Осы Бродвейден алыс кетпей, өмірінде көпқабатты зәулім үйлерден өзгеше ғимараттарды көрмеген адамдарға оп-оңай кездесе аласың! Батыстың әрекетшіл, екпінді адамы үш айдың ішінде мұндағы дегдарлармен әмпей-жәмпей болып, қаланың көрнекті тұлғасына айнала алады.
— Әсірелеп сөйлегенді қояйық. Одан да қоғамды бір-екі доллардан арылтудың жедел тәсілдері туралы айтып берші. Бірақ біреудің атынан қайыр сұрағанды және жесірлердің үйлерін тонағанды ұсынбасаң болады.
— Ондай ондаған тәсілім бар, Билли. Қалтаңдағы капиталың қанша?
— Бір мың, — дедім мен.
— Ал менде 1200, — деді Силвер. — Қара-жатымызды қоссақ, үлкен шаруаларды тындыра аламыз. Миллион жасауға мүмкіндіктер сонша көп, қайсысынан бастарымды білмей отырмын.
Келесі күні Силверге тағы кіріп шықсам, ол әлдебір қуанышты хабардан тәкаппарланып, құлпырып жүр екен.
— Бүгін Дж.П. Морганмен кездесе аламыз, — дейді ол. — Осы қонақ үйдегі бір танысым бізді онымен таныстырғысы келеді. Ол оның досы көрінеді. Оның айтуынша, ол Батыстың адамдарына жылы қарайды екен.
— Мынауың нақты бір іске ұқсайды, — деймін оған. — Мистер Морганмен танысуға мен құштармын.
— Біз үшін осындай қаржылық шонжарлармен қарым-қатынас құрған пайдалы болар, — дейді Силвер. — Нью-Йоркте сырттан келгендерге сондай мейірімділікпен қарайтынына мен ризамын.
Силвер танысып алған адамның аты Кляйн екен. Сағат үште Кляйн Силвердің бөлмесіне Уолл-стриттегі[8] досын ертіп әкелді. Мистер Морган өзінің портреттеріне ұқсап шықты, сол аяғында бір шүберек байланған еді және сүйенетін таяқшасы да бар.
— Бұл мистер Силвер, ал бұл мистер Пескад, — деді Кляйн. — Алдарыңызда заманымыздың ең атақты қаржыгері...
— Жарайды, Кляйн, жетер, — деді мистер Морган. — Сендерді көргеніме қуаныштымын. Мен Батысқа қатты қызығамын. Өздерің Литл-Роктан келгендеріңді маған Кляйн айтқан. Ол жақтарда менің бір-екі темір жол компаниям бар еді. Мүмкін покер ойынын ұнататын болсаңдар, біз...
— Пирпонт[9], — деп үзіп жіберді Кляйн, — сіз ұмытып алдыңыз ба!
— Кешірерсіңдер, — деді Морган, — құяң ауруы өршігеннен бері мен үйімде достарыммен карта ойнауға әдеттеніп алдым. Сендер осы біркөзді Питерді танисыңдар ма? Ол да Батыстан шыққан, Сиэтлде тұрған.
Біздің жауабымызды күтпей, мистер Морган таяқшасымен еденді бір тарсылдатып алып, бөлме бойымен әрі-бері қимылдап, қатты дауыспен біреуді жазғыра бастады.
— Бүгін акцияларыңыздың құнын қайтадан түсіруге тырысатын шығар, Пирпонт, — деді Кляйн жымиып.
— Қайдағы акциялар! — деп ақырды мистер Морган. — Анада алайын деп жүрген сурет есіме түсті ғой. Еуропаға жіберген адамым маған бүгін хабарлама жіберді, ол бүкіл Италияны аралап, оны таба алмапты. Мен оған қойылған бағамен келісуге нұсқау бергем, 50.000 доллар болсын, тіпті 75.000 доллар болсын. Менің түсінбейтінім, ол мұражайлардағы Де Винчиге неге соншама...
— Бірақ мистер Морган, — дейді Кляйн, — Де Винчидің сіз сатып алмаған суреттері қалған ба еді?
— Ол қандай сурет, мистер Морган? — деп сұрап қалды Силвер. — Үлкендігі Флэтайрон үйінің қабырғасымен тең шығар?
— Өнерден хабарың аздау екен, мистер Силвер, — дейді Морган. — Бұл суреттің көлемі 27 де 42 дюйм[10], «Махаббаттың бейқам кезі» деп аталады. Онда күлгін түсті өзеннің жағалауында арулардың билеп жүрген тұсы бейнеленген. Келген хабарламада бұл суреттің Америкаға шығарылып сатылғаны да болуы мүмкін делінеді. Онсыз менің коллекциям толық болмас-ау. Жарайды, джентльмендер, қайтайық, біз, қаржыгерлер, уақытқа ұқыптылықпен қараймыз.
Мистер Морган мен Кляйн екеуі кэбке отырып қайтты. Ал біз Силвермен ұлы адамдардың қандай ақкөңіл әрі сенгіш бола алатынын талқылап алғанбыз. Мистер Морган сияқты адамды алдаған бетсіздік болар, деп Силвер айтса, мен ондай қылық ағаттық болар деп шықтым.
Кешкі астан кейін Кляйн бізді серуендеп шығуға шақырды. Үшеуіміз Жетінші авенюге түсіп, жергілікті көріністерді көзбен шолып жүргенбіз. Бір ломбардтың шынысынан Кляйн өзіне қатты ұнап қалған галстукты көріп, оны алмақшы болып, ішіне кірді, артынан біз де ердік.
Қонақ үйге қайтып келіп, Кляйнды шығарып салысымен Силвер маған қарай секеңдеп, қолдарымен әрлі-берлі қимылдай бастады.
— Көрдің ба, Билли? — дейді ол. — Сен оны көріп алдың ба?
— Нені айтасың? — деп мен сұраймын.
— Әлгі Морган іздеген суретті айтам. Біз болған ломбардта ілулі тұр, иесі отырған жақта. Мен Кляйннің көзінше ештеңе айтпадым. Дәл сол суреттің өзі, рас айтам. Қыздар тура өмірдегідей салынған, көйлектерінсіз билеп жатыр, айтылған көк түсті өзені де бар. Мистер Морган ол үшін қанша төлеуге дайын деп айтқан болатын? Әлі түсінбей тұрсың ба? Ломбардтағылар қол астында қандай байлық жүргенін білмей отыр ғой.
Келесі күні ломбард ашылмай тұрып, біз Силвер екеуіміз оның алдына жетіп келдік. Дүниесін кепілге салып, түскен ақшасына ішімдік алғысы келетін жергілікті маскүнемдер сияқты тосып тұрмыз. Ашылысымен ішке кіріп, сағаттың бауларын қарай бастадық.
— Анау ілулі тұрған не шатпақ? — деп Силвер немқұрайлы түрмен ломбард иесінен сұрайды. — Епсіз салынған екен, бірақ қыздардың кейбірі жап-жақсы шығыпты. Бұл сурет үшін 2,25 доллар ұсынсам, оны шегеден түсіруге асығып тұрып, ештеңе сындырып алмайсыз ба?
Ломбардшы күлімсіреп, бізге сағат бауларын көрсетуді жалғастырды.
— Бұл суретті, — деп бастады ол, — маған бір жыл бұрын Италиядан келген джентльмен әкелді. Оған 500 долларды төлеп бердім. «Махаббаттың бейқам кезі» деп аталады, оны Леонардо Де Винчи салған. Кепілдік мерзімі екі күн бұрын өтіп қалды, сондықтан оны өтелмеген тауар ретінде сатып алуға болады. Сізге мынау сағат бауын ұсынамын, ондайды қазір көбісі тағады.
Жарты сағаттың ішінде біз суретті ұстап, дүкеннен шықтық, соңғы бағасы 2000 доллар болып шықты. Силвер қолтығының астындағы суретімен кэбке отыра салды да, Морган кеңсесіне жөнелді. Мен қонақ үйге оралып, оны күтумен болдым. Екі сағаттан кейін Силвер қайтып келді.
— Мистер Морганмен көрістің ба? — деп сұраймын одан. — Суреті үшін қанша беріпті?
Силвер орындыққа отырып, дастарқанның шетін жұлқылап жатыр.
— Мен мистер Морганды көрмеген екенмін, — дейді ол. — Себебі мистер Морганның Еуропаға кеткеніне бір ай болып қалыпты. Билли, мені алаңдатып тұрған нәрсені айтайыншы: тура осы суретті барлық дүкендер рамасымен 3,48 долларға сатады, ал жеке рамасы үшін 3,50 доллар алады. Сонда бұл қалай болғаны, мен түсінбей отырмын?
Түсініктемелер
1 - Нью-Йорктың ірі әрі көнеден келе жатқан атақты көшесі
2 - Жартылай паралич
3 - Джон Пирпонт Морган — ғасырлар тоғысындағы ең танымал банкир
4 - Кіші Джон Дэвисон Рокфеллер — өз заманының ең бай адамдарының бірі
5 - Нью-Йорктің іскерлік орталығы
6 - Латын тілінен аударғанда, қаладағы ауылдық белгілер
7 - Манхэттен мен Лонг-Айленд арасындағы бұғазды Шығыс өзені деп атайды
8 - Манхэттендегі көше, қаржылық мекемелер тоғысқан жер
9 - Яғни Джон Пирпонт Морган
10 - 1 дюйм 2,54 сантиметрге тең
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі