Өлең, жыр, ақындар

Ата

Менің атам — қызық адам. Тозығы жеткен қоңыр үйдің ық жағындағы сыры кеткен ұсқынсыз ағаш сәкіде күн ұзақ тапжылмай отырады да қояды. отырғанда да қарап отырмайды, көшеден әрі өткен-бері өткенге бірдеңе деп сөйлеп қалады. Ондайда өзі сияқты сенделіп жүрген біреу болса, бұрылып келіп, біраз уақыт оны-мұны айтысып отырады. Ал ешкім келмесе, алаңсыз, бейқам, маужырап отырғаны. Үйдегілердің бәрі бір қолды екеу ете алмай қарбаласта жүргенде атам бір шырпының басын сындырғанды білмейді. Мұндайда өз әкемнің мұңдылау болып жүретіндігін атамның осы бір жұмбақтау мінезінен көремін.

— Тіршілік жасайық, мына үйді бұзып, орнына жаңасын тұрғызайық. Бүкіл ауылда көзге шыққан сүйелдей біздің үй ғана. Тоқал там...

Әкем осы сөздің өзін атама жасқаншақтап, сөзінің аяғын жұтып қойғандай етіп айтады.

Оның сөзіне оң жауап қайтаратын атам жоқ.

— Ой, әкеңнің, баспанаң жоқ далада отыр ма едің? Әкемнің салған үйін бұзар жайым жоқ. Ханның сарайы керек болса, мен өлген соң соғып аларсың.

Әне, атамның сөзі ылғи да осы. Қырсық сөйлейді.

— Жұрттан ұялатын болдық. Көктем мен күзді  былай  қойғанда, қыстың күні жылт етсе төбеден су сорғалайды. Соны сезбей, көрмей жүрген жоқсыз ғой...

Әкем бұл жолы батылырақ сөйледі. Соның өзінде көзімен жер сүзіп, сөзінің аяғын әдеттегідей жұтып қояды.

— Ұялсаң, мені өлтір де, трактормен бір жарға итеріп көме сал. Онсыз да елдің әкесіне қызығып жүр екенсің ғой.

Мен мырс ете түстім. Әкемнің құрдасы — Жанай көкемнің әкесі — шаруашылықтағы құрылыс қоймасының қожасы. Сол өзін былай қойғанда бес баласының бәріне де бірінен бірі өткен бес үй тұрғызып берді. Кеше Жанай көке үйге келгенде әкем әзілдеп:

— Жанай, әкеңді бір-екі жылға прокатқа бере тұршы, Бір керемет үй тұрғызып алайын, содан кейін басы бүтін өзіңе қайтарамын, — деген. Атам соның шет жағасын естіген секілді.

Үй туралы әңгіме қозғала қалса, мен қатты қысыламын. Үйіміз — кіре беріс дәлізді қоса есептегенде үш-ақ бөлмелі қоржын там. Төргі бөлмеде әкем, шешем және мен жатамыз. Ауызғы бөлмеде атам мен әжем тұрады. Осы бөлмеге тамақ істеледі. Үй тар болған соң қоқыс-соқысымыз да осы үш бөлмеде шашылып жатады. Әкем айтқандай, жаңбыр жауғандағы әбігерді айтсаңыз. Әр-әр жерден тырс-тырс тамған тамшы тамса жақсы ғой. Кей кезде алақандай балшықтың былш етіп құлап түсетіні бар. Осылайша итшілеп жазға шығамыз, әжем мен шешем екеулеп әлгі сылағы түскен жерлерді сылап, үйдің төбесіне жырым-жырым қара қағазды жабыстырып әлекке түседі. Ал атам мұндайда әлгі сәкіде отырғаны отырған. Атам осының бәрін көріп-біліп жүрсе де мән бермейді, әлде бойындағы күш-қуаты таусылған соң мән бермегенси ме екен. Олай дейін десем, істеген тірліктері қызық, оны ауылдағылар үнемі әпенденің ісі деп айтып отырады. Кейде аяқ жағында жатқан етігін еңкейіп ала салудың орнына сыртта жүрген әжемді шақырып:

— Ана етігімді алып берші, — дейтіні бар.

Әжем сонша жерден бүкшеңдеп келіп атамның аяқ жағында жатқан етігін қолына ұстатады. Бірақ ренжімейді. Мен алғашында екеуі ұрсысып қалатын шығар деп ойлайтынмын. Себебі, атамдікі кесір. Істеп жатқан шаруасы жоқ. Сонысына қарамай, әжеме ананы істедің бе, мынаны істедің бе, — деп тапсырманы үйіп-төгіп беріп жатады.

Мұндайда әжем емес, шешем сөйлеп қалады.

— Ұсақ-түйектің бәріне өзіңіз жүгіріп, осы үйдегі еркектерді жаман үйреткенсіз. Қыл аяғы қораға дейін өзіңіз тазалайсыз. Сонда осы үйдің еркектерін бордақылаймыз ба? -дейді ол әжеме.

Әжем үндемейді. Шешем дұрыс айтқанмен, осындай кездері артықтау кететіні бар.

Ал атам келінінің сөзін естісе де естімеген болады. Содан тар үйдің төріне қалыңдап көрпе салып, шалқасынан түсіп жатады да, поштамен келген барлық газет-журналдарды қотарып шығады. Ара-арасында әжеме айқайлап тапсырмалар беріп қояды. Тапсырма әжеме берілгені болмаса, оның бәрін істейтін — шешем.

Атамның қырсықтау әдеті — өзінің сүйексіңді мінезі емес, бертін келе уақыт пен  жағдайдың әсерінен тапқан ермегі іспеттес. Атам бәрін біліп тұрып, кейде керісінше істейді.

Былтыр шаруашылыққа жылқы тұқымын асылдандыру үшін алыстағы жылқы зауытынан асыл текті айғыр әкелген болатын. Ерекше мал ерекше күтімге қойылады. Күзетшісі де шаруашылық басшысының сенімді адамы. Ауылға сол айғыр келгелі бері атамнан маза кетті. Ағаш сәкіге күнұзақ отыру жайына қалды.  Қолындағы жалғыз биесін сол айғырға салып, асыл тұқымды құлын алмақ. Соның жолын іздеп әлек. Бұрын-соңды атамның жеке басының шаруасы үшін осыншама толғатқанын көрмеппін. Күзетшіге беретін сый-сияпатын алып, қара биесін жетектеп, түс ауа айғыр тұрған қораға келдік. Қора деп аталатыны болмаса біздің үйден жақсы. Бірақ атам оны неғылсын, есіл-дерті — биесі мен асыл тұқымды айғырда. Күзетші де әр түрлі сылтауларды айтып, көнгісі келмеді. Атамның осыншама жалынғаны маған ұнап тұрған жоқ. “Періште алтын көрсе жолдан таяды” дегендей, сый-сияпаттың шетін көргеннен кейін, күзетші ымыраға келгендей болды. Биенің жүген-ноқтасын сыпырып, айғырдың жанына жіберді де, әңгімеге кірісті. Мен қараптан-қарап ыңғайсыз халге түстім. Атам мені бір ұятсыздау іске куәгер етіп тұрғандай.

Аяқ астынан шаруашылық басшысының келіп қалмасы бар емес пе? Әлденеден күдіктенген адамдай жан-жағына барлай қарап:

— Шал, мұнда неғып жүрсің, — деп, атамның жауабын күтпестен қораға кіріп кетті де, түтігіп қайта шықты. Дауыл соғып, жаңбыр жауар алдындағы ауа райы көз алдыма елестеп, қаққан қазықтай болып мен тұрмын, бір бұрышта. Айналаға меңіреу тыныштық орнағандай. Бастық атамның шаңын қағатын болды-ау деп ойлағанымша:

— Шал, мына тірлігің үшін айып төлейсің, қалтаңның түбін қағам, — деді. Мен ойлағандай аспанда найзай ойнай қойған жоқ.

Атам  жарайды деп жік-жапар болудың орнына бастықтың бетіне сығырая қарап:

— Әй, қарағым, өзің қонып кеткен үйіңнің төсегіне қаншадан айыппұл төлеп жүрсің? — дегені.

Бастық алғашында түсінбей барып, іле-шала қып-қызыл болып кетті. Іскер адам, жатпайды. Қайтсем шаруашылықты көркейтем деп ойға да, қырға да шапқылап жүргені. Содан ба, білмеймін, артынан сыбыр-сыбыр сөздер де айтылып қалады. Бірақ атамның мегзеп отырғаны өсек емес, өзі куә болған оқиға. Оны қанша бала болсам да мен де түсініп қойдым. Шаруашылықтың бұрынғы басшыларының бірі біздің көршіміз болатын. Мақтаулы, шаруақор адам еді. Аяқ астынан қайтыс болды да, артында кәрі шешесі, ажарлы жас келіншегі мен жас баласы қалды. мына кісі сол үйге көп барғыштайды. Жақында сол үйдегі апа менің атама келіп:

— Жалғыз бала өліп бір күйдірсе, артында ажарлы әйелі қалып екі күйдіріп отырған жоқ па? Мына бастық бала баламның жолдасы, инабатты-ақ секілді еді, біздің үйді төңіректеп кеткен секілді. Есігім жабық, туырлығым ашық деп келінге айтуға аузым бармайды, Құдайы көрші едің ғой, мен жоқта келін балаға сен де бас-көз боларсың, — деп іштегі шерін ақтарып кеткен.

Атам қоштағанын да, келіспегенін де білдірмей үнсіз қалған. Сол күні түнде мазасы кетіп сыртқа шықса, көршінің үйінің терезесінен осы бастық шығып бара жатыр екен. Бір-бірімен ойламаған жерден кездескен бірі жас, бірі кәрі екі адам да абдырап қалыпты. Атам сасқанымен тұрмай:

— Майлыаяқ, Майлыаяқ, бас, — деп итін айтақтаған ғой. Иесі күшейіп тұрған соң ит барып балаққа жармасқан. Талап тастайды деді ме екен, атам итінен араша сұрай жүріп, қолындағы таяғымен бастықты бір-екі мәрте түртіп жіберген көрінеді. Иттің шабалана үргені мен атамның “Аттан, аттанЮ үйге ұры түсті” деген ащы даусынан оянған бірді-екілі көршілер осы оқиғаға куә болыпты. Ертесі ауыл іші гуілдеп барып басыллы. Бастықтың іштей қанша буырқанғанымен, атамның алдында тілі байланған мылқаудай болып тұрғаны сол. Атам биесін жетектеп, үйге көңілді қайтты. Келе сала сыртта жүрген әкемді шақырып:

— Ал, балам, көшсек көшелік, мектептің жанынан сатып алам деген үйіңді ал. Көршінің келінін күзетіп, жаманатты болар жайым жоқ, ендігі жерде, — деп жантая кетті. Үйдегілердің бәрі жамырасып, бойларына жылы қан жүгіргендей болды. Бұл оқиғаға, әсіресе, мен қатты қуандым. Зәулім үй, жанында мектеп. Шаруашылық басшысына деген бойымдағы бұғып жатқан жеккөрініш қолмен жұлып алғандай жоғалыпты...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз