«Құдай көз жасын қабыл алып, ағашқа жан бітіріп, бір сұлу қызға айналдырыпты. Сұлулығы сондай, бетіне қарасаң көзіңнің нұры таяды екен»... Әжесі айтқан көп ертегінің ішінен осы құлағына сіңіп қалыпты. Молда, ұста, тігінші туралы ғой. Ұста ағаштан адамның денесін айнытпай жасап шығарды, тігінші әдемі киім кигізді. Оны жаны жоқ демесең, адамнан айнымай қалады. Молда: «енді осы ағашқа жан бітірсең екен» деп Құдайға жалбарынатын ертегі ше... Мұндайда Темірлан әке-шешем қайтып тіріліп келсе ғой деп армандайтын. Сөйлесетін, сырласатын, мұңын айтатын, аяулы бейнелерді көз алдында ұзақ ұстап тұрғысы келіп тағы сөйлей бергенде ауаға сіңіп, белгісіз жаққа жұтылып, тұман ішінде болғандай ғайып болып кететін. Тоқташы, тоқтай тұршы деп ышқынып қалғанда, даусы да шығып кетеді: «Бисмилла, бисмилла» дейтін әжесі ондайда. Шырылдасаң да, шыр айналсаң да мұның оларға барар, олардың бұған келер жолының дауасы жұмыр басты пендеге жұмбақ еді. Семейдегі физика-математика мектебінің оқушылары Мирас пен Нұрбол домбырашы робот құрастырыпты дегенде елең ете түскен. Робот барлық пернені еркін басып, қос ішекті қалауынша қаға алады, кез келген шығарманы нота арқылы орындайды.
Темірлан бұл хабарға елең ете қалған. Бұрын қиялы жетпей жүрген жерден бір сәуле жақыннан сығалағандай ма... Көзге көрінбеген соң, тұңғиыққа батып жүре берген ғой. Өзі де көше сыпыратын, үй жинайтын робот құрастырып жүрген жоқ па. Енді өзіне ұқсайтын, өзінің қимыл-қозғалысын, мимикасын қайталайтын көшірме жасап көрсе қалай болар екен. Сөйлейтін, жүретін, көретін, күлетін, ұйықтайтын, тіптен дауласа алатындай болғаны жөн. Ол, әрине, күрделі. Технолог та, ғалым да өзі болуы керек. Биологиялық жолмен жасанды ағзалар салса ше... Шектеулімен шектеусізді қалай істемек? Құдай емес қой. Оқыс келген ой оны алды-артына қаратпай әжесі айтқан ертекке қарай жетелей жөнелді.
Темірлан өз көшірмесін — Темірлан — Роботты жасады. Темір манипульятор қол-аяқтың қимылын ауырлататын болғандықтан, қайта өңделген пластиктермен оны жетілдірді. Денесін жасанды терімен қаптады. Механикалық бас орнатты. Роботы жансыз машинадан гөрі, кез келген диалогқа бара алатын көрнекті, сымбатты жігіт болып шықты. Программалардан сәл ақау кетті ме, сөйлеп-сөйлеп келіп тұтығып қалады. Ондай әдет Темірланның өзінде де бар. Футбол ойнауға, лекция тыңдауға енді соны жіберетін болды. Ешкім оны машина деп ойламайды. Бір көшенің бойында тұратын Әлидің мінезі жас кезінен біртүрлі болатын. Темірлан — Роботпен бірге бара жатып, алғашында андроидке үрке қарап: «ой, сен біртүрлісің ғой» деп иығынан қағып, аяғынан шалды. Әлиге Темірланмен күресу, неге екенін қайдам, ләззаты мол, қуанышқа толы көңіл хоштығын сыйлайды. Қайсар, тәуекелшіл, жігер, қайраты мол болғанымен, күресе кетсең мінез-құлқы өзгеріп, психикасы бұзылып, өзін-өзі басқара алмай кетеді. Бақталастығы қозады. Темірлан ондай кезде қарсы шықпайтын.
Топас қажыр-қайраттан сескенетін.
— Машина сатып алғалы өзіңше болып кеттің ғой, — деп, тиісе бастады. Андроид түсінбеді ме, жауап бермеді.
— Неге үндемейтін болғансың? Әшейінде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеуші едің ғой, — Әли едіреңдей жөнелді.
Қасындағы адамның дауыс екпініне қарай роботтың бет-жүзінің мимикасы өзгерді. Дифференциалды реттегіш эмоционалды көңіл күйді қосып еді Әлиге таңырқай қарады.
— Салмақты бола қалыпсың ғой.
Әли қыжыртуын үдете түсті. Көзі шарасынан шығып, ашуға тола қалыпты. Әпербақан қылығын көрсеткісі келетіні байқалды.
— Долыдан пері қашыпты, — робот тұтыға жауап берді.
Жек көру тетіктері іске қосылды.
— Сенің ана сыныптас қызың жезөкше екен! — деп өзінің сұры мен тұрпатына қарамай, оспадарлықпен менменси, кеудесін керді. Әлидің тиісуге қара таппай, ұртын көптіріп, ащы сөзбен түйрегені роботты ызалы ренішпен булықтырды. Ашу қысты. Роботтар долданбайды, жаны жоқ болғандықтан ауырмайды, қайғырмайды деген өтірік екен. Шертіп қалсаң, жарылып кетуге шақ тұр. Әлидің айтып тұрған қызы өте ибалы, әдепті. Оған кінәсіз күйе жаққаны шымбайына қатты батты. Буын-буынына дейін сытырлады. Әли бетпе-бет келіп қалыпты. Салып қалды.
Соққысының қатты тигені сондай кескен теректей гүрс етіп құлады. Роботтар кекшіл емес, бірақ аямайды. Әлидің қабырғасынан қан жаудырып жіберді.
— Көзіме тиіспеші, — деді Әли есі бір кіргенде.
Робот көзін дәлдеп тұрып бір тепті. Айналадағы адамдардың бірде-біреуі бұларды ажыратуға жарамады. Анадай жерге барып, ошарлана тұрып, телефондарына түсіре бастады. Темірлан — Робот ашудан дірілдеп тұрды. Темірланның өзі бұл оқиғадан хабарсыз болатын. Ертесі зертханада отырған. Телефонына біреулер қоңырау шалып: «Сыртқа шық!» деді. Дөрекі сөйлеп тұр. «Мен күрделі зертханалық жұмыс үстіндемін. Шыға алмаймын» деген.
— Шық, әйтпесе өте жаман болады! — деді жаңағы дөрекі дауыс.
Темірлан қорыққандықтан емес, әкіреңдеген дауысты басынан асырғысы келмей сыртқа жүгіре шыққан. Сыртта қара көзілдірікті екеу талтиып, кинодағы бандиттердің образдары секілденіп, сауыт киіп, сайман асынғандай шікірейіп тұр.
— Не болды жігіттер? — деген Темірлан да сыздана.
Біреуі «оперуполномоченный горада Алматы» деп куәлігін бетіне тақағанда, тер бұрқ ете түсті. Өзі бас жарып, көз шығармағанын біледі. Темірлан — Робот бір нәрсенің шырқын бұзған ғой. Темірланды машинаға әкеп мінгізді. Ішінде Әли отыр екен.
— Не, брат, сабақтан шықтың ба? — дейді күліп.
— Иә, сен бұл жерде неге жүрсің? — Темірлан аужайды білмекке сұраулы кейіпте қарады.
— Мамам сенің үстіңнен арыз түсіріпті полицияға, — деді.
Өзі сондай көңілді. Қол-аяғында, бет-жүзінде ақау жоқ. Темірланды полицейлер тірек пунктіне апарды. Олар Темірланды кезекші қызметкерге тапсырып, кетіп қалды.
— Неге ұрғаныңды, айфоны мен планшетін неге тартып алғаныңды айт. Шыныңды айтсаң, жазаң жеңілдейді, — деп қамқорлықпен айтылғандай, адал көңілден шыққандай, жанашырлық танытқандай өзімсіне сөйлесті.
Ақтығыңды айтып, безектей жөнелсең күдікке ілінесің. Темірлан сабырлы қалпынан танбады. Тергеу қағазын толтыра бастады. Жазуларынша, бұл Әлиді ұрған-соққан, заттарын тартып алған. Темірлан айдың-күннің аманында торға түспек. Полицейлердің жаны ашыды ма, телефонын беріп:
— Ей, болған жайды әке-шешеңе хабарламай, күйіп кетейін деп тұрсың ғой, — дегені.
Темірлан әке-шешем жоқ дей алмады. Әжесі естісе, жүрегі тоқтап қалар. Қызметі бар жамағайынына телефон шалған. Бір кезде бәрі өзгерді. Жаңа ғана мен сені соттатып жіберемін деп әкіреңдеген полицейдің сұп-сұр жүзіне қан жүгіріп:
— Адал, ақ жүрек жігіт екенің көрініп тұр. Босқа күйіп кете жаздадың, — деп, жерде жатқан пальтосын алып беріп, арқасынан қақты. Мәліметтер базасына түспей тұрғанда анықталғаны дұрыс болды, — деп тағы қуанғансыды.
Сыртта Әли тұр екен.
— Футболға барайық, — дейді бет-аузы шімірікпестен. Әлимен бет ашысудың қажеті жоғын ұғып, жақтырмай бір қарады да, қасынан жылдам өтіп кетті. Темірлан — Робот үйде екен. Өзіне өзі риза, көңілді. Темірланның сіркесі су көтермей тұрғанымен, ішіндегісін айтқысы келіп барады. Темірлан бүгінгі қысымнан титықтап шаршап, сілесі қатып тұрса да:
— Не болды? — деп Темірлан — Роботтың бетіне қарады.
— Пранкерлардың быт-шытын шығардым, — өзі масаттанып тұр.
— Осы сенің бойыңды желік алып барады-ау, ненің буына семіріп жүрсің?
— Мына қоғамды сүйегі жасық, буыны бос жемқорлардан, ұры-қарыдан, жалпы былғаныш адамдардан арылтқым келеді.
— Қой, қой. Сендер адамға ұқсаған сайын, онсыз да қорқынышымыз үдеп келеді.
— Адамдардың көбі злой гений болып кетті ғой. Қызғанасыңдар, бақталассыңдар.
— Жарайды. Пранкерларға не істедің?
Темірлан қауіптене сұрады. Бүгінгі жағдайдан жүрегі шайлығып тұр.
— Арандату ойыны да. Көшеде келе жатсам, екі жігіт оңаша шақырып алып, біз абайсызда кісі өлтіріп алдық. Мәйітті ана сөмкеге салып қойдық, соны ешкімге көрсетпей көміп келсең, мың доллар береміз, — деді. Екеуін қаңбақтай дедектетіп, полицияға сүйредім. «Пранк, пранк!» деп қолдарын көтереді. Сөйтсем, елдің реакциясын білмекші болған түрлері екен, ойыны осылғырлардың. Темірлан — Роботтың көзі жыпылықтап кетті. Темірлан таңырқай қарады. Көзі жыпылықтаған сайын ми жұмыс істейді деген сөз. Жасанды ағзалар табиғилана алады екен-ау.
— Бәрі дұрыс, бірақ бұдан кейін ешкімге жұдырық ала жүгірмеші, — деп көшірмесінің басынан сипады.
— Өзің ғой, менің программама көп нәрсе жүктеген, осы өмір қандай болса, сондай бол деген, — деп тайталаса жөнелді.
Түсі ме, әлде өңі ме, әжесі ертегі айтып отыр: «Тобықбайдың әйелі өмірі бала көтермепті. Өзі момын, адал адам екен. Баласының жоқтығына зарланып күнде жылайды екен. Бір күні нан пісіру үшін илеген қамырдан бір баланың бейнесін жасайды да, сырттағы жер ошаққа от жағуға шығады. Үйге қайтып кірсе, әлгі бала ғып жасап кеткен қамыры жоқ. Оның орнында аппақ сазандай бір ұл екі өкшесімен жер тепкілеп жылап отырады. Әлгі қамыр балаға айналып кетіпті. Оған бесік той жасап, ел жинап Нанберген деп ат қояды?!» Темірлан ғарыш зерттеушісін шығаратын робот зауытын салмақшы болып жүрген. Адамдарды скафандр кигізіп, белгілі бір уақытқа ғарышқа жібергеннен гөрі, жарақтандырып роботты аттандыр.
Ондай аватарлар жермен өзі байланысқа шығады. Енді ол ойынан айныды. Баласы жоқтарға бала, анасы жоқтарға ана жасаса ше? Шер-шеменге толы кеуделер жібіп, қасірет азаяр, бәлкім. Ойымен шиелі түйінді шешкендей жеңілдеп қалды. Адамзаттың ойлау деңгейін ең жоғарғы OpenAL-ға жеткізсем деп жүрген. Илон Масктен несі кем? Ана мен әкеге көп бейнеттенді. Ғарыштағы рухтардың программасын жасау бастапқыда қол жетпеске ұмтылып, босқа далақтау секілді болып көрінді. Арғы-бергінің бәрін жинастыру деген айтуға ғана оңай екен. Тоғыз тұрып, тоқсан толғанасың. Өнері мол, икем-оралымы ерекше адамның өзін тығырыққа тірейтін жоба. Жасаған ата-анасы ауылда тұруы керек деп шешті. Сый-құрметі, бедел-мерейі, қадірі, бағасы қазақтың нағыз ақсақалдарындай болғаны жөн. Бұл іс сағымдай құбылып барып, тиянақталған.
* * *
Темірлан ауылға келген. Әке-шешесі осы жерге майлы қасықтай сіңісіп кетіпті. Балаларының кішігірім зауыты барын мақтан етіп, оны тіптен машық етіп алғанға ұқсайды. Өркөкіректеніп, өрмінезденіп, мендүрмін деген мінез сіңіріпті. Темірлан тамсана таңырқады. Программаға вирус қалай түсіп кеткен? Мұның келгенін естіген көршісі үйге бас сұққан:
— Айналайын, Теміржан. Қолың ұзын, дәулетті азаматсың ғой. Дәл қазір қиналып тұрған жайым бар.
— Не болды, аға? Айтыңыз, қысылмаңыз, — деді жүзіне жылы қарап.
— Біздің үйдегі жеңешеңнің төркіні — Арқа жақта. Еліне бармағына ширек ғасырға жуықтапты. Есептеп көрсек, жол шығыны мен сәлем-сауқатына 300 мың теңгедей қаражат кетеді екен. Қорамда бір тайыншам тұр. Соны ал да, бізге қолма-қол ақша тауып берші, — дейді.
— Үш жүз мың жете ме?
— Жетеді.
— Тайыншаңыз балаларыңызға көже-қатық болсын, алмаймын. Жеңешемнің бір жолғы төркіндеуін мен көтерейін, — деп қалтасынан ақша алып, айтқан ақшасын санап берді. Мұндайды күтпеді ме, дегбірі қашып, ебелектеп кетті.
— Ай, балам-ай! — деп, сарғыш тартқан тістерін көрсете күліп алды. Өңі қуқылданып, аузы жыбырлап отырған анасының жанына барып:
— Жеті ұрпағыңа дейін жаманшылық көрме. Қазір мұндай балалар бар ма? Көрдің бе, осындай азаматты?! — деп, анасының арқасынан қақты. Адамды қуанту деген қандай жақсы! Темірланның да ішкі дүниесі кеңіп, шат-шадыман болды. Анасы ғана үнсіз отыр. Баласының қылығын қостап, іштей шүкіршілік еткен кейіпте. Темірлан қалаға келіп, жұмыстарын ыңғайластырып, араға ай салып ауылға келген. Шай ішіліп болған соң, сыртқа салқындауға шықты. Қора-қопсыға көз салып, малдарын түгендеген. Араларында бөтен, мойны жуан, алабас тайынша жүр.
— Сатып алдыңыздар ма? — деп сұраған қасындағы әкесінен.
— Екі туып, бір қалғаны ма, уыстап ақша бере салатын деп, шешең көршінің тайыншасын әкеп алған, — деді. Әкесінің өзін қақпақылдап, қорадан тез шықса екен деп тұрғанының себебін білгісі келіп, айналасын ұзақ барлады. Бұрышта тұрған жәшікке көзі түсті. Үстін жаман-жұман шүберекпен бүркеп қойыпты. Ұрлап арақ ішіп жүрген ғой. Қоғамның дерті бұларды қайдан иектеп алған? Әке-шешесінің мына қылығына Темірланның аузы құрғап, таңдайы кепті. Өңешіне тас тұрып қалғандай болды. Өзіне өзінің жаны ашығандай, көзі жасаурады. Программаның қай жерінен қателік жіберді? Робот адам жасайтын жапондық Хироми Ишугурамен бәсекелес болам деп жүріп Жаратқанның жазасына ұшырап қалмас па екен? Сұрап алған емі жоқ уайымнан басы мең-зең болып үйге кірген. Үйге біраздан бері сыйласып жүрген жекжаты келіпті. Өзін күтіп отыр екен. — Кіші ұл бизнес бастасам деп, құлшынып отыр. Әуп деп жіберуге аздаған тиын-тебен жетпей тұр. Демеп, сүйемелдеп жіберер деп келіп отырмын. Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес, — деп, бетіне үміттене қараған.
— Жетпей тұрғаны қанша? — деді. — 5-6 мың доллар. Қайтарымы кезінде уақыттан қыспасаң болды.
— Жарайды. Екі күннен кейін ауылға қайта ораламын. Сонда ала келейін, сұраған ақшаңызды, — деді ер жігіттерше. Көңілінде ешқандай алаң болмады. Уәдесінде тұратын сенімді жан екенін біледі. Айтқан сөзінде тұрып, ақша алып ауылға келген. Алдымен үйге соққан. Шешесі алдын орап:
— Беріп жаманатты болғанша, бермей жаманатты бол. Қазір жұрттың бірі қашып, бірі қуған кез. Бергеніңді ала алмайсың. Олар қайбір уызына жарыған немелер дейсің, құл-құтандардың тұқымы.
Әңгіме ұзаққа созылды. Темірланның басының әңкі-тәңкісі шықты. Анасының уәжі де шындық, ақай жоқ, ноқай жоқ, өзінің сөзінен айнығаны да айыпқа жығылғандай қылық. Ақылы дал болып, әр ойдың соңынан жүгіріп, сан-саққа құбылды. Итжығыста анасының айтқанын дұрыс деп ойлап, ауылдан бөтен адамның көзіне түспей аттанып кеткен. Сол осалдығы үшін өзін «қазақ болғаныңа болайын» деп иттей жек көрген. «Неден қателестім?» деді. «Оқу оқып, өнер таптым. Дұрыс делік. Технология дамыды. Америкалықтар робот құрастырып, оны қоғамның бір бөлшегіне айналдырды. Орыстар робот-адамдарды дүкенге шығарып сата бастады.
Суретші керек пе, актер керек пе, дәрігер керек пе, қалауыңызды ала аласыз. Бәрінен жапондар озды. Лекция оқитын, жиналыста сөйлейтін робот-ғалым құрастырды. Қазақ осылардан қалмаса екен деді. Өз көшірмемді, Темірлан — Роботты жасадым. Ол Әлиді ұрып, басын біраз әуреге салды. Білекпен жеңем дегенді оған кім үйреткен. Бұл менің қателігім еді. Әке-шеше жасағым келді. Салт-дәстүрдің мәйегі болатынның бәрін жинап-тернеп программаға салдым. «Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді» дегендей, ол ісім де қырын кетті. Халыққа істеген ісім ұнасын, қылығым жақсын, көңілдеріне қонсын, риза болсын деп ойласам, зиянды мінездер туындапты. Құдайдың құлағын ұстағандай неге сонша масайрап, көкігем. Тәңір ісіне араласып, қайырын кімнен сұрағам». Темірланды қорқыныш биледі. Өксікті өкініш меңдеді. Жүйрік қиялдың жүрекке у құятыны неліктен екен? Кір өмір, былғаныш тұрмыс өңделген пластиктерді қалай өзгерткен. Құрастыру мен ғылыми жобада қателік қай жерден кетті? Мұндайда әжесінің әңгімелері ғана жанын тыныштандырады. «Жүзіктің көзінен өткендей жас жігіт жүрегінің тазалығымен мақтаныпты. Бір жерінде бір сызат жоқ, тап-таза екен. Көргендер де таңғалыпты.
Сонда бір қария:
— Ең әдемісі — менің жүрегім! — депті. Оның жүрегі айқыш-ұйқыш сызықтарға толы, жырым-жырым, өрім-өрім, түте-түте, сау тамтығы жоқ тілім-тілім екен. Шеттері жалбыраған, алау-далау. Бұл көріністі көрген жұрт мысқылдай күліпті.
Сонда қария:
— Жүрегімдегі әрбір әжім талшығынан жұлып алып елге берген махаббатым. Жамаулар — өзге адамдардың өз жүрегінен маған жұлып бергендері. Жыртық, жамаудың бәрін аялаймын. Себебі ол менің адамдармен бөліскен мейірімім. Жүрегімнің кейбір тұстары тесік болып тұрса — ізгіліктің жауапсыз қалған тұстары. Бір кездері оның да қайтарымы болар, болмаса ол да мен үшін сабақ. Онсыз өмір қызық болмас еді ғой» депті. Жиналғандар қарияның сөзін құптап, әрқайсысы өз жүректеріне үңіліпті. Темірлан өзінің де, өзгенің де махаббатқа толы жасанды жүрек жасау қолынан келмейтінін ұқты. Ізгі, адал, рахымшыл, жұмсақ, мейірімді жүрек — Алладан. Жүректері тас түйінге айналып бара жатқан қоғамда темір жүректі робот жасау неге керек, а?! Осы ой басына келісімен көңілі жайланып, жүрегі жай тапты. Толқуы басылып, сабасына түсті. Робот адамдарды балқытуға зауытқа жіберді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі