Сахна тақырыпқа сай безендірілген.
Музыка жаймен ойналып тұрады. Жанға жайлы қобыз үні.
Ортаға аптаның барлық күндерін картон қағазға жазып, маңдайларына киіп алған балалар дабырласып шығып келе жатады. Олар бір-бірімен таласып жатады.
Сахнаға жүргізуші шығады.
Жүргізуші:
Жиналғанмен барлығы
Ұмытылып ас қамы.
Бір аптаның әр күні
Керілдесе бастады.
Белін буып, жең түріп,
Дүйсенбі тұр ортада.
Сөз бастады ентігіп,
Ойын айтпай қорқа ма?
Ортаға ДҮЙСЕНБІ шығады:
Тең түсетін кім, келгін,
Ермін, шіркін, ер десе.
Бәріңнен де үлкенмін.
Жол беріңдер, ендеше
Бірінші күн мен болам,
Қайда жүрсем алдамын.
Бек сенеді ел маған,
Ағайындар, аңдағын.
Сондықтан да қырағы,
Көреген – мен, білгіш – мен.
Дүйсенбіде шығады,
Жұрт жұмысқа тың күшпен.
Ортаға ЖЕКСЕНБІ шығып, қолын көтеріп, сөйлеп кетеді:
О, Дүйсенбім, тоқтаңыз,
Бізге кезек беріңіз.
Менің атым көпке аңыз,
Бәріңіз де сеніңіз.
Жүргізуші:
Деп жексенбі мақтанды,
Жүресінен отырып.
Барлық сырын ақтарды
Көзін жұмып, көпіріп.
ЖЕКСЕНБІ шығып, мақтанышпен жан – жағына қарап:
Қарап тұрар заман ба,
Ісім менің көп тегі.
Қуат берем адамға,
Дем алдырам, өйткені.
Сондықтан да өзіме,
Төрден орын сайлаңдар.
Құлақ қойғын сөзіме,
Менің сондай пайдам бар.
СЕЙСЕНБІ шығып сөз алады да, төсін соға сөйлейді:
Өсек айтпан күңкілдеп,
Мені қайда қойдыңдар?
Өзгелерді құр тілдеп,
Бос мақтанмен тойдыңдар,-
Мен де күннің бірімін,
Кім шақ келер күшіме?
Дүйсенбіге інімін,
Көңіл қояр ісіме.
Шындығында алаңмын,
Мәнсіз өткен күн үшін.
Толықтырам ағамның
Бітпей қалған жұмысын.
БЕЙСЕНБІ өктем сөйлейді:
Таныспын мен көпке бек,
Атым менің Бейсенбі.
Ағаларға өкпелеп,
Сөз бастадың Сейсенбі.
Енді СӘРСЕНБІ алға шығады:
Әуелден де бақтымын,
Таласатын кімің бар?
«Сәрсенбі – бұл сәтті күн»
Деген сөзді ұғыңдар!
ЖҰМА да алқынып сөз алды:
Таза сақтар тәніңді,
Рухани дәрі аз ба?!
Шақырамын бәріңді,
Келгін Жұма намазға!
Қуанышқа бөленгін,
Шықсын биік жұрт үні.
Мұсылманы көп елдің,
Демалады бұл күні!
Жүргізуші:
Сәрсенбі де, Жұма да
Айтысқа анық кірісті.
Босқа қарап тұра ма,
Қақтығысып, тұрысты.
Аптаның әр күні дабырласып, төстерін ұрып, шулап кетеді:
- Мен! Мен күштімін! Мен!
СЕНБІ шығады:
Құр мақтанмен лепіріп,
Біраз жерге бардыңдар.
Жала жауып өтірік,
Досты өсекке таңдыңдар.
Ағайындар, тірлікте
Тату өту – бұл парыз.
Өмір мәні бірлікте,
Сөзімді ұғып, тыңдаңыз.
Ортаға «Мезгіл» атты қарт шығады.
Мезгіл ата:
«Ау, балаларым! Сонша неге даурықтыңдар? Бөлісе алмай жатқандарың не?» деп сөзін бастап кетеді:
Келіп ортақ шешімге
Қашан тату тұрамыз?
Сақталыпты есімде
Біздер жайлы бір аңыз.
«Ерте, ерте...
Ертеде, Сақал жоқта серкеде.
Өркеш барда желкеде,
Заманда бір ең көне.
Бірлігі бар бір елде,
Ағайынды, көрікті.
Ер тұлғалы кілең де,
Жеті батыр болыпты.
Қылыш, найза қолға апты,
Елін жаудан қорғапты.
Әділдікті қолдапты,
Ешбір араз болмапты.
Ел ішінде бір жылы,
Жұқпалы ауру тарйды.
Жеті батыр қынжылып,
Өткізеді сан айды.
Оқтан жаман бораған,
Салады елге «оба» лаң.
Жұқпалы ауру дертінен
Қырылады көп адам.
Жеткізе алмас ақындар,
Басқа қайғы төніпті.
Жеті күнде батырлар
Кезек-кезек өліпті.
Бірде таңмен таласа,
Тұрып халық қапылды.
Көпті көрген дана шал
Бәрін оның шақырды.
Дана шал:
«Қайғырмаңдар ойланып,
Қолға кетпен алайық.
Егін егіп, қой бағып,
Жаңа әнге салайық.
Жанымызды жаңғырып,
Қалу үшін жатталып.
Батырларды мәңгілік,
Есімізді сақталық.
Ашып бақыт есігін,
Теңсіздікті жоялық.
Жеті батыр есімін
Жеті күнге қоялық!»
Жүргізуші:
Айтып сөздің төтесін,
Шал батасын береді.
Содан бері жеті есім
Елмен бірге келеді.
Демек, балалар, аптаның әр күні де маңызды екен.
Әр күн өз несібесін, ырзығын, жақсылығын ала келеді. Бәрімізге қымбат татулық пен бірлікті ту етейік!
Қане, бәріміз бірігіп И. Нүсіпбаевтің
«Дос болайық бәріміз!» атты әнін орындайық!
Сахна жабылады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі