Зал іші мерекеге сай безендірілген. Күй күмбірлеп, ұлттық киім киген балалар билеп жүреді. Би аяқталған соң, олар ортаға жайылған кілемшеге жайғасады.
Жүргізуші:
Атты күліп таңымыз,
Қарсы алалық бәріміз.
Күн менен түн теңелген,
Жиырма екінші наурыз!
Гүлге оранды қаламыз,
Нұрға бөкті даламыз.
Осы күнді тойлапты,
Біздің ата – бабамыз.
Уа, жиналған халайық,
Жан дауасын табайық.
Мерекеде би билеп,
Әсем әнге салайық!
Әр көшеде шаттық үн,
Көңіл құшар бақ гүлін.
Наурыз көже ішелік,
Мереке ғой нақ бүгін.
Ұлттық киім киген ата – аналар ортаға шығып, балаларға наурыз көже ұсынады.
Бірінші ата-ана:Қане, бәріміз де наурыз көжеден дәм таталық.
Екінші ата-ана:
Жақсылықпен жыл өтсін,
Әр көңілді нұр өпсін.
Ақ армандар іске асып,
Орындалсын тілек шын.
Үшінші ата-ана:
Бір-бірімен танысып,
Наурыз көже-ақ ішіп.
Ренжіскен жандар да,
Қол берер, төс қағысып.
Жүргізуші: Ендеше, балалар, осындай береке, бірлік сыйлайтын, татулық пен достықты ту ететін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Енді осы мерекеге арнап, Наурыз туралы тақпақтар айтайық! Қане, кім шығар екен ортаға!
1 – бала:
Күнтізбенің парағын,
Бүгін аңдап қарадым.
Мерекелі күн кепті,
Жыртпаймын мен бұл бетті!
2 – бала:
Наурыз гүл көктем,
Сәнді ай арайлы.
Күлімдеп күн көктем
Нұр шашып қарайды.
3 – бала:
Бусанып жерім бай,
Төсінде қалқыр ән,
Наурыз – көңілді ай,
Шаттығы шалқыған.
4 – бала:
Ойнаймыз щаттана,
Ішеміз күнде айран.
Балаға, қартқа да
Ортақ қой бұл мейрам!
5 – бала:
Аламыз бата мың,
Дем бере ол да аса.
Тек Аяз атаның
Жоқтығы болмаса.
Жүргізуші: Жо-жо-жоқ, тоқта балақай! Аяз ата тек қыста ғана болады. Ол жасыл шыршаның жанына келіп, балалармен би билеп, ән салып, оларға сыйлық үлестіреді емес пе?
Осы кезде бір бала жүгіріп келіп: «Жеделхат!жеделхат!» – деп, жүргізушіге қолындағы қағазын ұсынады.
Балалар даурығыса бастайды:
– Жеделхат кімнен екен?
– Хат қайдан келіпті?
– Жеделхатты оқыңызшы!
Жүргізуші: Балалар! Алыстан аңыздағы кейіпкеріміз Саққұлақ келе жатыр екен. Бір ән шырқап жіберелік, көп кешікпей келіп те қалар.
Балалар ән шырқайды. Құлағы орасан үлкен Саққұлақ келеді.
Саққұлақ: Балалар, құрметті ата-аналар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Зор денсаулық, бақыт тілеймін! Аспандарыңыз ашық, дұшпандарыңыз қашық болсын! Мерейлеріңіз асып толсын!
Балалар: Сәлеметсіз бе, Саққұлақ аға!
Бәрі жамырап: Не көрдіңіз? Не білдіңііз, Саққұлақ аға?
Саққұлақ құлағын жерге төсеп, тың тыңдайды: Ә – ә ... естіп жатырмын сан түрлі хабарды. Бір жерлерде қатты су тасқыны болып жатыр екен. Адам шығыны да аз емес. Ал, мына бір мемлекетте қақтығыс болуда.
Тоқта! Тоқта! Бір елде шегіртке қаптап, бүкіл егістік алқаптың егінін жалмап жатыр екен! Ой, сұмдық-ай! Құдайға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш!
Сан түрлі ұлттар мен ұлыстар мекендеген қазақ елі наурыз тойын тойлауда.
Ойбай-ау, мынау кімдер кең даланы дүбірлетіп бізге асығып келе жатқан?
Иә, иә... Қыдыр ата да жақындап қалыпты бізге. Арқасында қапшығы, қолында таяғы... сақалы беліне түскен...
Алты қырдың ар жағында арқасы құныс, мұрны сорайған қып – қызыл, бір көзі соқыр Мыстан кемпір келеді екен. Ха! Ха! Ха!
Аттың орнына сыпырғыш мініп алыпты. Шаңына көлдер көміліп, таулар мұнартып, тұман қоюланып қалып жатыр екен. Бұл бәле тағы не былықтырар екен!?
Ал, мынау кім?Тоқта! Тоқта! Ау, бұл өзіміздің Алдар көсе ғой! Мерекеге асығып келе жатқан беті екен. Жолың жеңіл болсын Алдар-еке!
Саққұлақ орнынан тұрып, балалар жаққа басын иіп, ізет көрсетеді.
Жүргізуші: Балалар, ән салып, би билелік! Қыдыр ата да келіп қалар.
Балалар би билеп, ән шырқайды.
Саққұлақ саңқылдап: Міне, Қыдыр ата да келіп қалды, балалар! Сәлем, Қыдыр ата!
Балалар хормен:
– Қош келдіңіз, Қыдыр ата!
– Сәлем бердік, ата
Қыдыр ата:
Амансыңдар ма, балаларым!
Талай-талай таулардан,
Белес-белес белдерден,
Еңку-еңку жерлерден,
Сан алуан елдерден өтіп, сендерге жеттім. Жолда сан қиыншылықтарды да бастан кешірдім. Бір жерде ми қайнатар ыстық, бір жерде толассыз жаңбыр, енді бір жерде тас тұман түсіп, ештеңені көрсетпей тұр. Әйтеуір сендерге жетіп үлгердім. Ал, мереке құтты болсын, балалар!
Жүргізуші: Мерекемізге қош келдіңіз, Қыдыр ата!
Қыдыр ата: Менің негізгі есімім Қызыр Ілияс қой. Бірақ жұрт мені Қыдыр ата деп атайды. Ал, бәріңе шаттық, жақсылық, мерекелік көңіл күй тілеймін!
Жүргізуші: Қыдыр ата мына әніміз сізге арналады.
Ән орындалады.
Ән біткен соң бұрыштан қарлыққан дауыспен айқайлап Мыстан кемпір шыға келеді.
Мыстан кемпір: Ха! Ха! Ха! Хи! Хи! Хи! Бұл не жиналыс? Ән салсаңдар, дауыстарың қарлығады, би билесеңдер, аяқтарың ауырады, күлсеңдер көмекейлерің іседі.
Түйіңіздер санаға,
Ойнаңыздар далада.
Сыйлық берем көр де тұр,
Үйге қайтқан балаға.
Ата – аналар! Жарандар!
Жиналмаңдар Амалға әр,
Босқа уақыт өткізбей,
Қане, қане, тараңдар!
Жүргізуші: Ой, мыстан, не деп кеттіңіз! Бүгін күллі шығыс халықтары тойлайтын ұлы мереке ғой. Салтанатымыздың шырқын бұзбай, аулақ жүріңіз!
Балалар қолдарын көтеріп айқайлайды:
– Кетіңіз бұл жерден!
– Аулақ жүріңіз!
– Сізді ешкім шақырған жоқ!
Мыстан кемпір қарқылдап күліп, айнала жүгіріп:
Тамаша бұл таң ба ізгі,
Күй тартылып, ән қызды.
Бүгін тойлап жатсыңдар,
55-ші наурызды.
Қоржынынан екі «2» лік алып, теріс қаратып көрсетеді. Ол шындығында, 55 болып шығады. Балалар Мыстан кемпірдің қолынан әлгі сандарды тартып алады.
Мыстан кемпір:
Ырық бермей көнгенге,
Болып жүрем шерменде.
Енді маған тимеңдер,
Көндім, көндім сендерге! –
дейді де, кенет жуаси қалады, жылайды.
Жүргізуші: Мына Мыстан енді бізге тиіспес! Мерекемізді әрі қарай жалғастыра берелік!
Ән орындалады.
Жүргізуші: Балалар! Алдар көсе аталарың да жақын жерде жүрген сияқты. Қане, дауыстап шақыралықшы!
Балалар хормен:
Ал – дар кө – се!
Ал – дар кө – се!
Ал – дар кө – се!
Есегіне мініп Алдар көсе келеді.
Алдар көсе әндете:.
Бұл жерде көңілді екен келе аңғардым,
Ән салып жоғары мен төмен бардым.
Астымда көк есегім тепеңдеген,
Есімім жұртқа мәлім мен Алдармын.
Әрдайым күліп атар таңдарым да,
Сайрандадым әзілдің аңғарында.
Шайтан да өз бармағын тістеді ғой,
Сараңға қой сойдырдым алдадым да.
Қазақтың кең даласын араладым,
Бабамның дәстүр-салтын бағаладым.
Ұлыстың Ұлы күні басталды ғой,
Наурыз құтты болсын, балаларым!
Еу, балаларым!
Балалар:
– Ортақ мереке оң болсын!
– Рахмет, Алдар Ата!
– Ғұмырыңыз ұзақ болсын!
– Ал, енді Алдар атаға арнап ән салып берейік.
Ән орындалады.
Бір бала: Алдар ата, бүгін мейрам ғой. Қызық әзілмен көмкерілген бір күлдіргі әңгіме айтыңызшы!
Алдар көсе: Жарайды, ендеше. Сендерге бір әңгіме айтып берейін: Екінші сыныпта оқитын Жаманқұл деген бала болыпты. Тәртібі онша емес, оның сабағы да нашар екен. Бір күні әкесі: «Балам, сен екінші сыныптан үшінші сыныпқа көшсең, су жаңа велосипед сатып алып беремін,» –депті. Жаманқұл:
«Жарайды, папа!» деп жүгіре жөнеледі.
Бір ай өткен соң Жаманқұл әкесіне келіп: «Папа, қане, маған беретін велосипедің? Мен сыныптан сыныпқа көштім» дейді.
Әкесі теріс қарап: «Әй, балам – ай, ақшам да тапшылау ғой. Мен сені оқуға ынталансын деп өтірік айтқан едім», – дейді.
Сонда Жаманқұл: «Папа, мен де сені алдадым. Екінші сыныптан үшінші сыныпқа көшкен жоқпын», – депті.
Балалар: Қызық екен, Алдар ата!
Алдар көсе: Е, қызықтар көп қой, айта берсе! Ендеше мен сендерге өтірік өлең айтып берейін.
Тыңдады жұрт таңданып,
Түсімде айтқан сөзімді.
Тал түсте мен шам жағып,
Зорға таптым өзімді.
Орындаймын әртүрлі,
Мылқаулардың жүз әнін.
Әл бермейтін нән пілді
Бір тал шашпен тұсадым.
Күшіме таң қаламын,
Айлар бойы күйбеңмен.
Күнтізбенің парағын,
Зорға аудардым сүйменмен.
Құлақтанды шартарап,
Мен палуан атандым.
Бір құдықты арқалап,
Шөлейт жерге апардым.
Қатық батып тісіме,
Тоғыз ғасыр түнердім.
Аквариумның ішіне
Китті әкеліп жібердім.
Бес аяқты ат көрдім,
Аңы екен ол түздің.
Өзен, көлді дәптердің
Сорғышымен сорғыздым.
Түсімде аш боп түнімен,
Ойладым да ас қамын.
Шалбарымның қырымен
Ағаш жарып тастадым.
Балалар:
– Ой, көп рахмет, Алдар ата!
– Өнеріңіз тамаша екен!
– Әңгімеңіз қатты ұнады!
Бала: Алдар ата, сіз шайтанды да талай алдап, көлік қылып мініп, жұмысыңызды істетіп қойдыңыз. Біздің арамызда Мыстан кемпір жүр. Мақсаты – біздің мерекеміздің шырқын бұзу. Соны кетірудің амалын қарастырмайсыз ба?
Алдар көсе: Е, мыстанды кетірудің бір амалы бар. Мынадай дұғаны қайталап айтсаңдар, ол бұл маңнан лезде тайып тұрады.
Балалар жан-жақтан шулап:
– Айтыңызшы, Алдар ата!
– Айтыңызшы!
– Қандай дұға ол?
Алдар көсе:
Әттри, мәттри, кеттри шаш,
Мәкру, сәкру, аулақ қаш!
Қане, асықпай қайталап айтыңдар!
Балалар бірнеше рет қайталайды.
Мыстан кемпір жағымсыз дыбыс шығарып, есіктен шыға қашады. Балалар қол шапалақтап, қатты қуанып қалады.
Қыдыр ата:
Балаларым, мына қоржынымдағы дәмнен ауыз тиіңдер! Көп ұзамай кетуім керек. Бұл мереке қазақтың кең даласында дүбірлеп өтіп жатыр. Қазақтың ұлттық ойындарынан : көкпар, жамбы ату, бәйге, күрес, тоғызқұмалақ, т.б. сайыстар өтіп жатыр. Мен сол жаққа барайын. Бата берейін, балаларым, қолдарыңды жайыңдар!
Я, Аллаһ!
Өмірлерің мәнді болсын,
Үй – жайларың сәнді болсын!
Несібелерің ортаймасын!
Қариялар қартаймасын!
Көңілдерің шат болсын,
Бастарыңа бақ қонсын!
Ақ мол, дастарқан тоқ болсын!
Бастарыңда қайғы, мұң жоқ болсын!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Бірауызды ұлт пен ұлыс болсын!
Өнегелі тәрбие – тәлім болсын!
Оқыған батам қабыл болсын!
Әумин!
Балаларым, мен жолға шығамын. Ойын – сауықтарыңды жалғастыра беріңдер!
Балалар:
– Әрқашан жолыңыз болсын!
– Ғұмырыңыз ұзақ болсын!
– Бізге жиі келіп тұрыңыз!
Жүргізуші:
Қымбат әр ой, әр төбең,
Мақтанышпен айтамын.
Биік болсын мәртебең.
Қазақ елі – байтағым.
Барша ұлт пен бар ұлыс,
Тойлап жатыр мәз – майрам.
Құт әкелсін наурыз,
Құтты болсын әз – мейрам.
Қуанатын күн бүгін,
Алдыңда бас иемін.
Берік болып бірлігің,
Асулардан ас елім!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі