Раманқұл мен оның отыз жігітін бейкүнә өлтірген Қарақұлды Әзберген мен Есет мақұл көрмеді. Бір ғана бұлар емес, тілеу-қабақ түгелімен теріс қарады. Тіпті Әзберген мен Есет Қарақұлды, оның рулас ағайындарын ел ішіне жуытпады. Мұның үстіне «жығылғанға жұдырық» дегендей, патша әскері бері қарай тілеу-қабақтың үстімен жүре бастаған еді. Осы кезде ел ығысып, бірін-бірі қысты. Әсіресе Қарақұлдың руы нағыз қыспақтың ортасында қалды. Не істеу керек? Ақыры бір тоқтамға келген Қарақұл ағайындарын жинап алып былай дейді:
— Біз жазықты болсақ Жанқожаға ғана жазықтымыз. Өйткені оның адамын өлтірдік. Ал Есет пен Әзбергеннің толысын төгіп, ортасын шайқаған жоқпыз. Олардың өкпесіне түсінбедім. Біз не де болса Жанқожаға барайық. Адам өлтіруге оның жаны қашаннан қас еді.
Сөйтіп қасына он жеті адам алып Қарақұл Жанқожаға жүріп кетеді. Келе жатып Қарақұл ағасына:
— Жанқожа қалай дегенмен ашулы адам ғой. Бізбен сөйлесе қояр дейсің бе? Егер көп кідіріп қалсақ, сен ағайынның татуласып кеткенін айтарсың, — дейді. Қарақұлдың адамдары екеу-екеуден бөлініп бірнеше күн жол жүріп батырдың ауылына жетеді. Бөтен кісілерді көрген батырдың адамы Жәкеңе келіп:
— Батыр аға, үйдің сыртындағы шұқырға он сегіз адам аттарын байлап, өздері осында келе жатыр. Меніңше тілеу-қабаққа ұқсайды. Түсі бөтен адамдар, — дейді.
— Кім де болса қонақ қой, — деп батыр төсек салдырады. Қарақұл бастаған топ сәлем беріп үйге кіреді. Жанқожа оларға назарын аудармайды, сәлемін де алмайды. Қонақтар батыр- дың түрін көріп қасына жақындай алмайды. Бәрі де тым-тырыс күйде ұзақ отырады. Бір кезде босағада отырған Қарақұл өз ағаларына тесіле қарап:
— Ау, сендерді не албасты басты? Он сегізіңнің де тілдерің неден байланып отыр. өздеріңнің іздеп келгендерің осы Жанқожа ағам емес пе? — дейді. Сонда Жанқожа мыналарға мойынын бұрып:
— Шырақтарым, амансыңдар ма? — деп бәрімен сәлемдеседі.
Содан соң:
— Мына бала қай бала? — деп Қарақұлды нұсқайды.
— Бұл бір ағаның баласы, аты — Қарақұл, — дейді біреуі тұрып. Сол кезде батыр төсегінің астында жатқан балтасын алып, оны бүлдіргесінен саусағына іліп былғап-былғап ысқырғанда көзі оттай жайнап қызарады. отырғандардан Жанқожа:
— Мырза Қарақұл, батыр Қарақұл, би Қарақұл, молда Қарақұл, — дейді жұрт. Сол айтылып жүрген Қарақұлдарың бір адам ба, әлде бөлек пе, — деп сұрайды. Сонда босағада отырған Қарақұл орнынан ұшып тұрып, екі қолын қусырып:
— Құдай берсе, жігіт бай болады, алмай берсе, мырза болады, әкесі молдаға берсе, молда болады, көп ішінде тауып сөйлесе, шешен болады, қорықпай шанышса, батыр болады. Сол атақтардың бәріне бірдей ие болып жүрген Қарақұл деген інің мен, — дейді.
Жанқожаның бір әдеті тайсалмай сөйлеген кісіні жақсы көретін және оның қандай күнәсі болса да кешіретін еді. Сол дағдысына басып Қарақұлдың батылдығын ұнатып қалған батыр оған:
— Мына жерге отыр, — деп оң қапталынан орын береді. Мұнда не жайлы келгенін сұрап, батыр шешімін сөйлейді. Қарақұл да ойындағысын бүкпесіз ашық айтады. Бір кезде батыр:
— Пәтуаларың дұрыс екен. Бірақ сендерге бір сұрақ бар. Раманқұл шын би туған адам ба еді, әлде би емес пе? — дейді Қарақұлға қарап.
Қонақтар да Раманқұлдың билігіне қазақ баласының таласы жоқ деп батырдың сөзін қуаттай сөйлейді.
— Ендеше Раманқұлдың басына бір құн, билігіне бір құн — екі құн берілуі керек емес пе еді? — дейді батыр.
Жанқожаның бұл шартына қонақтар да қуана келісіп, Қыр шектісі, Сыр шектісіне екі құн, ал Сыр шектісі Қыр шектісіне бір құн төлейтін болып тарасып, екі жағы да татуласып кеткен екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі