Жиырма шақты түтінді шағын ауылдың бір пысығында қолтығының желі бар, бұт артар жалғыз қылқұйрығы болады екен. Күндердің күнінде бай мырзасының көзі соған түсіпті дейді. Мырза араға кісі салып, жіңішкертіп қана ат майын сұрайды. «Жазған құлда жазық бар ма», бейшара ойы онға, санасы санға бөлініп тыпыршиды кеп. Берейін десе, жүрегі күпті, бермейін десе, бай баласының айбыны мықты. Қойшы, сонымен бопсалауға шыдай алмай, ақыры дегеніне көнеді. Арада біраз күндер өткенде мал иесі шыдамы түгесіп, мырзаға шет жағалап сұрау салмай ма?! Сол-ақ екен қасқыр тартып кететін сырты түк, іші бірдеңе жабағыны сөз еткені үшін бай баласы тас-талқан болып ашуланады. Ақыры адал малының қолынан сусып шығып бара жатқан соң сорлы кедей мырзаның аяғына бас ұрып, зар илейді. Бірақ бұл төңіректе оның зарына құлақ асатын ешкім болмайды...
Бір қауым уақыт өткенде мырзаның иек қағуымен қызметшілері оны үйден шығарып жібереді. Әкесінің көлеңкеде шиге арқасын сүйеп отырып, әлдекімге шағынғандай: «Кісіден иман қашқан ғой. Бөтен емес, бөгде емес, өзіңнен қорлық көргенің сірә да естен кетер ме?» деп түңіле айтқан әңгімесін естігенде, Мәнжі іштен атып шығып, белдеудегі торысына ұмтылады. Ызаға булыққан жас өрен жайдақ атқа қарғып мініп, бай ауылына бір-ақ маңдай тірейді. Бұл кезде мырза бірнеше жандайшабымен әлдеқайда жүргелі тұр екен. Астында әлгі ағайынының дәмелі жүйрігі.
Бірді-екілі жиын-тойларда күреске түсіп, тапқан олжасы мен несібесін айырып жүрген Күржікейдің қарғадай баласының мына мінезі бәріне ұнамайды.
— Жау қуғандай немене сонша, атыңды ойнақтатып! Көзіңді аш! Пәле шақырма басыңа! — дейді осы кезде бірі көлденеңдеп қамшы үйіріп. Өзгелері де аттарын тебініп, омыраулай қалған екен. Бала жігіт тізгін тарта беріп, өрекпіген төртеуін қоғадай жапырып, үстіндегі бір киер шапанын «қызылдап» ат баурына түсіреді.
— Ұмытпа, бәле басы сен, — дейді енді мырзаның тізгініне жармасып.
— Түс аттан, әйтпесе осы жерде қан жұтқызамын!
Жігіттің қаһарлы үні мырзаны қатты ықтырады. Енді жаны қаншалық қорланса да, аттан түсіп, алды-артына қарамай жөнін табады...
Мына оқиға Күржікей ауылын қатты дүрліктіреді. Бірақ, қалай болғанда да, мырза қарсы қимыл жасамайды.
Осы кезден бастап қиянатшыл күштің қолын қағып, бетін қайтарған Мәнжі есімі елге тарай бастайды. Ауылдың дуалы ауыз қариялары: «Түбінде ел қорғайтын батырымыз осы болар!» — деп үлкен пәтуа жасап, шеберге торғай көз сауыт, қалқан мен дуылға, қылыш соқтырып, найза жасатып, оны мұздай ғып қаруландырады, өзіне жараулы ат мінгізеді...
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі