Қонақбай аңшылықпен де айналысатын өнері бар, өте мер-ген, сондай-ақ, ит жүгіртіп, құс салатын саяткер құсбегі кісі екен. Әйгілі «Ақиық» атты қыран бүркіті болған. Өзі көпшіл, сауыққой болғандықтан, көбіне жора-жолдастарымен бірге аңға шығып жүреді. Бірде жол-жөнекей қалың жыныстан қабан шошқа қарғып шығып, адамдарға состиып қарап тұрады да, қаймығып өз жөнімен кете беріпті. Еті жарамсыз, харам
болғандықтан, олар да қызықпайды. Ақиық құс қабанды көріп қанша ұмтылып талпынса да, иесі жібермеген. Онысы өзінен әлдеқайда үлкен жыртқыш қабан бір жазым ете ме деген қауіп болса керек. Қайта-қайта қанатын қағып, шаңқылдап болмаған соң, Қонақбай қолындағы қамшымен бүркіттің тұмсығынан нұқып «әй, тыныш» деген көрінеді. Бұрын мұндайды көрмеген өр мінез кекшіл қыран соған-ақ өкпелеп қайтып тым-тырыс болады. Және бір қыратты асқанда алдарынан сылаңдап бір түлкі қашып бара жатады. Енді түлкіге жібереді. Ақиық оған түспей, өзінше биіктеп ұшып алыс тауларға қарай бағыт алып тартып отырады. Ақыры көзден таса болған. Барлығы аң-таң болып, қасындағы қарап тұрғандарға Қонақбай:
«Не білдіңдер, Ақиық жаңағы тұмсығына түрткенімді кек санап, маған өкпелеп кетті. Қайтып оралмауы да мүмкін. Сонда да болса бүркітті күтейік. Кек қайыру үшін маған келіп түссе, онда жақсы болар еді», — дейді.
Қонақбай атынан түсіп, өзгелерден оқшау отырады. Бірталай уақыттан кейін айтқанындай-ақ Ақиық қайта оралып, зулаған бойда адамдарға қарай ағылады. Сол кезде Қонақбай ақ киізден жасалған кебентайды басына бүркеп отыра қалады. Шынында, бүркіт жалп етіп иесінің үстіне келіп қонған. Ызалы бүркітті бірден киізбен орап, қымтап ала қояды. Иесіне ашу шақырып қанша шаңқылдаса да, жібермей ұстап «Ақиығым, Ақиығым!» деп аймалап, жалынып жатып әзер жұбатады. Саятшылар аңға шыққанда өзімен бірге бүркітке де азық ала жүретін әдеті. Бір кесек ет беріп ол жей бастағанда, киізден сонда ғана босатыпты. Бұл айбынды қыранның ашуы қайтып, арыны басылды деген сөз. ол күні ештеңе ілдірместен ауылға құры қол қайтыпты.
Араға біраз уақыт өткізіп барып бір қар жауғанда қайта аңға шығады. Ана жолғы қабанды және жолықтырған. Бүркіт көріп тағы да талпынып болмайды. Қонақбайдың өзіне салса жібергісі жоқ, бірақ бүркіттің өткендегісін көргендер «Тәуекел, жібер енді, жібер, десін қайырма» дегенді айтады.
Ақиық аспанға біраз қалықтап жүріп, бір кезде шошқаның жон арқасына қонғанда әккі қабан алып қашып, қалың ағаш ну қарағай ішіне қарай заулайды. Ақиық болса қос қанатты жалпылдап орманға бірге кіреді. Артындағы аңшылар да айғайлап қуа шабады. Бір жерге келсе, Ақиықтың жұлынған бір аяғы қарағайға жабысып қалған, ақ қарға қаны сорғалап, буы бұрқырап тұр. Болат темір тұяқтар ағашқа дендеп кіріп қадалған күйде қалыпты. Бүркіт бір аяғымен арқадан бүріп, екінші аяғымен ағаштан ұстап тоқтатпақ болса керек. оған тоқтасын ба, қабан жойқын қара күшпен сүйрей тартқанда, бүркіттің бір аяғы түп санынан үзіліп қарағайда қалып қойған. өзі қабан үстінде бірге кетіпті. Қабанның ізін қуып бірталай жер тағы жүргенде барып әппақ қарда тыпырлап Ақиық қансырап жатыр екен. Мұны көрген Қонақбай аттан құлай түсіп, өлігін құшақтап үстіне төніп түседі. Қараса, айналасы түгел қып-қызыл қан...
Өзінен әлдеқайда үлкен қабанға қалай түсті десек, осыдан бірер жыл бұрын қасқырға түсіп бір саусағын шайнатса керек. Содан бері ызалы көрінеді, қасқыр-қабанға деген өшпенділігі есінде шығар. Алайда қыранға тән ерлік мінез танытып Ақиық осылайша қапияда мерт болыпты. Қонақбай өксіп жылап отырып алғанда, басқалары басу айтып: «Қайтесің, құс емес ажалы жетсе, адам да өледі, өзің аман бол!» деп жұбатқан екен. Осыдан кейін аңшылықты мүлде тастаған дейді.
Оқуға кеңес береміз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі