Қыс. Қақаған аяз, қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауылдың маңын торып, оңай олжа аңдуға кірісті.
Ауыл шетіндегі қоралардан тауықтардың қыт-қыттаған дауысы оның құлағына келеді. Бірақ салпаң құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жортқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Мына қорадан тауық иісі ап-анық келіп тұр. Қора маңында ит те жоқ.
Тауық қораның есігі мен қабырғасы берік екен. Түлкі жалғас үйілген шөпке өрмелеп, қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қораның ішіне оп-оңай секіріп түсті.
Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырлаған тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Бойы жылынған түлкі бұл қорада қалудың қауіпті екенін ойлады. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған қабырға тырнағына болар емес.
Көп кешікпей таң да атып, Айша апа сиыр саууға шықты. Адам иісін сезген түлкі қимылсыз сұлап жата кетті. Айша апа тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқан. Алдында өліп жатқан түлкіні көріп, таңғалды. Түлкінің аяқтары серейіп, ағаш тәрізді қақшиып қатып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. «Төрт тауығымды жеген бұл түлкінің терісінен Болатжанға тымақ тігіп берермін», — деп ойлады Айша апа. Осы оймен ол немересін шақыруға кері бұрыла берген. Түлкі оның аяғының астынан зып беріп, қаша жөнелді. Айша апа тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі