Өлең, жыр, ақындар

Кішіпейілділік

Мәлік аға Мұхаңа телефон соқты. Халық батырлары туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жазғысы келетінін айтты. Осы мәселе төңірегінде өзімен ақылдаспақ ойын білдірді.

Мұхаң қатты разы болып қалды.

— Мәлік інім, сен бір игі іске бел буған екенсің. Іздей білетін, тани білетін кісіге халық ауыз әдебиеті — мол сырлы, терең мағыналы алтын көмбе ғой. Жақсы зерттеуші сабырлы, зерделі еңбегімен сол көмбеден саф алтын әкеледі. Сабырсыз, ұшқалақ адам өзін жез етпей ме? Құптарлық талап, жақсы ізденіс бұл. Ертең ертерек үйге кел, — деді.

Ұлы жазушының қамқор сөзін естіп, Мәлік аға қатты қуанды әрі біртүрлі қысылды да. Мұхаңның жұмысы көп, ол кісі жоғары оқу орнында профессор, Ғылым академия-сында бөлім меңгерушісі болып істейтін. Оған қоса, Абай атамыз жөнінде үлкен шығарма жазып жүрген.

Мәлік Мұхаңа апаратын қағаздарын жинап, папкаға салды. Барған бетте Мұхаңның уақытын көп алмайын деп, өз ойын тез айтып, ақыл-кеңесін тыңдамақ болды. Сол себепті үйден ерте шықты.

Мұхаңның екі қабатты үйі Алатаудың етегіне таяу орналасқан. Мәлікке кел деп белгілеген уақыты — таңертеңгі сағат тоғыз жарым. Мәлік сағат тоғызда Мұхаңның үйінің ауласына жақындап, жарты сағат далада отыра тұрмақ болды.

Мәлік аллея ішіне қойылған орындыққа келіп отырды. Қағаздарын реттеді. Мұхаң үйінің ауласына қарады. Міне, ғажап! Үстінде қалың матадан тіккен костюмі, басында ақ шетен қалпағы бар, орта бойлы, толық, атжақтылау, дөңес қыр мұрынды кісі есік алдында, баспалдақ үстінде қолын күнге көлегейлеп, көше жаққа қарап тұр екен. Мұхаң үйіне келген кісіні, мейлі, жасы үлкен ақсақал болсын, яки оқушы болсын, далада тұрып қарсы алады деп еститін. Бұл Мұхаңа жарты сағат ерте келдім деп ойласа, ол кісі мұны одан да бұрын далада күтіп тұр екен-ау!..

Мұхаңа батыр аталар, елін сүйген ерлер туралы өз ойын айтып, кітап жазбақ болып келген Мәлік аға енді сондай адамдар бойынан және бір қасиет тапқандай болды. Оның аты — Мұхтар Әуезов секілді ұлы жазушының бойынан көрген кішіпейілділік еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз