Міркемел Айнұр қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жамбыл Абай мен Шәкәрімнің кітаптарын зерделей келе, терең ойға батты. Оның санасын философиялық ойлар торлағанын аңғарған досы Сәкен мән-жайды сұрастыра бастады:
— Көк өрім шағыңнан ойшылдардың даналығынан сусындап жүр едің, бірақ осы білгендерің ерекше әсер еткендей.
— Сәкен сен бе едің? Табалдырықта тұрмай, отыра ғой. Диссертациялық жұмысымда Абай, Шәкәрім аталарымыздың «жан», «тән» мәселесін саралап жатқанмын. «Тумай жатып, толдым деме, толмай жатып, болдым деме», - дейді Мұхат Әуезов. Даналырымыздың маржандарының қыр-сырын түгел білемін дей алмаймын. «Тіліңмен жүгірме, біліміңмен жүгір» демекші, «білемін» дегенше, зерделеп, болашақ ұрпаққа насихаттау, дәріптеуді меңзеп отырмын, - деп Жамбыл көзілдірігін шешіп, Сәкенге жауап қатты.
Жастайынан әжесінің ертегілермен сусындаған Жамбыл тілге шешен еді, Жамбыл — даналарымыздың еңбектерін зерттеп, ғылыми тұрғыда дәріптеп жүрген жас ғалым. Оның еңбектерінің ерекшелігі — даналардың нақыл сөздерін өмірдегі оқиғалармен байланыстырып, қарапайым тілмен түсіндіре білуінде.
— Ақыл мен жан — мен өзім, тән - менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы — екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсеөлсін, оғанбекі — дейді Абай. Дөп басып
айтқан екен. Жақында Шәміл атты танысым сапарға аттанды. Кезінде жан сұлулығына мән бермей, түзу жолдан тайып, ақырғы сапарға аттанарда жалғыз кетті. Ақылы мен жанына мән берсе, тәннің құмарлығына салынбай, жанның құмарлығына құмартса жағдай басқаша болар ма еді?
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жаратпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, - дейді Абай.
Егер де барлығын ақыл-мизанға өлшетсе, жұбайын арқа еті арша, борбай еті борша болған жағдайға жеткізбей, жүрегіне сеніп, шын сүйсе, қайратына сенбей, өзгелерді күшімен емес, ақылымен бағындырса, Шәмілден асқан шын адам болар ма еді?
— Иә, Жамбыл, Шәміл танысымыз есімде. Абай атамыздың осы сөздерінен түйін жасап, әрбір істі үшеуін біріктіріп жасайтын болдым. Абай ақылды қалай суреттеген екен? Шәкәрім Құдайбердиев сау ақыл, таза ақыл, шын ақыл, азат ақыл, мас ақыл деп жырлағанын білемін, - деп Сәкен сұрақ қойды.
— Абайда «ақыл - өлшеуіш», «ақылға сынату», «анық ақыл», «ақылмен жеңу» секілді тіркестер көп кездеседі. Ақын өзінің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:
«Кім болса, мейлі, сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл — мизан, өлшеу қыл
Сонымен қатар, басқа да өлеңдерінде:
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген — білгенін.
Білдірер алыс, жақынға,
Солардың сөйле дегенін» деген
Абай дүниетанымында ақыл өлшеуіш құрал ретінде қызмет етеді. Оның пайымдауынша, ақыл ақ пен қараның айырмашылығын, жақсылық пен жамандықтың арақатынасын өлшеп, жан үшін не аяулы, жанға не азық бола алатынын нақты анықтайды. Қазақ дүниетамында «ақыл таразысына салу» деген тұрақты тіркес бар. Мағынасы — барлығын ой елегінен өткізу. Абай осы мағынаны жаңа қырынан танытқандай. Бейнелеу мақсатында алынатын таразының орнына арабтың «мизан» сөзін қолданды. Яғни, өлшеуіш. Осылайша жан иесіне қажетті қасиеттердің бірін сөз етті. Ойшыл «ақылға сынату» арқылы тек өзіне ғана емес, өзгелерге де көмектесуге болатынын ескерткен.
Абай дүниетанымында ақыл мен жан арасындағы, ақыл мен Алла арасындағы байланыс «сәуле» сөзі арқылы көрініс тапқан.
Ақылға сәуле қонбаса,
Айуанша жүріп күнелтпек
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл
Абайдың ақылды «сәуле, нұр» деп қарастырған философиялық байламы Шәкәрім шығармашылығында өз ізін қалдырмай қоймады:
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр
Бұл сөздің мағынасын ғалым Е.Жетібаев: «ақыл мен білімнің астында ерекше энергетиканың жатқаны баяндалып тұр» деп түсіндіреді, - деп Жамбыл ақылға толық сипаттама берді.
— Жақында мынадай жағдайға тап болдым. Жұмыста жақсы бір жобаны қолға алып едім. Асығым алшысынан түсіп, жобамды аяқтауға бір табан жақын едім. Сол жобамды досым менің рұқсатымсыз менің компьютерімнен жүктеп алыпты. Өзінің жобасы ретінде басшыға ұсыныпты. Өзінің жобасы секілді қызыл сөзден бал жағып, кеудесіне нан пісірді. Мәселенің жеме-жеміне келгенде, мен жобамнан айырылып қалдым, осы әрекеті жанымды жегідей жеп барады - деп Сәкен бармағын тістеді.
— Абай атамыз ақылға сынат, әділет пен ақылға сынат деген.
Сондықтан ақылмен жең. Бастығыңа жобаның өзіңдікі екенін түсіндір. Сен жобаңды бүге-шүгесіне дейін білесің. Алайда досыңды жұмыстан шығарамыз десе, кешірімді бол. Абай туындыларында «надан» сөзі «жарымес». «жарты адам», «пысық», «көзінен басқа ойы жоқ», «адам баласын қор қылушы», «қу мінез», «ақ көзді» деп суреттеледі. Көзінен басқа ойы болмаса да, қате басқан болар. Жүрегіңмен кешір, - деп Жамбыл кеңесін берді.
— Даналықпен жай ғана сусындамай, оны өмірлік тәжірибеңде қолдана алатын саған таңқаламын. «Жүрегіңмен кешір» дейсің, яғни Абай атамыз жүрекке ерекше мән берген бе? — деп Сәкен қызығушылық танытты.
— Абай өз шығармаларында «жүрек» ұғымын жақсы дамыта білген.
Оның туындыларында «жүрек» сөзі «жылы жүрек», «жүрек - теңіз», «жүрек - айна», «ауру жүрек», «асау жүрек», «адам денесінің патшасы», «ет жүрек», «жүректің ақыл суаты», «ызалы жүрек», «шын жүрек», «жүректің көзі», «жүректің түбі» деген тіркестер арқылы көрініс тапқан. Абайдың «жүрек» культін ғалым М.Мырзахметұлы өзінің «Абай және Шығыс» атты еңбегінде зерттеген болатын. Профессор «осы күнге дейін (өз зерттеуінің уақытына дейін) Абайдың жүрек туралы шығармалары көбінесе поэтикалық тұрғыдан ғана зерттелді» деп есептейді. Ол Абай жүректі эмоциялық сезімнің, адамгершілік негіздегі рахым, шафағаттың қайнар көзіретінде танитынын ескерткен.
Абай өзінің «Көзінен басқа ойы жоқ» деген өлеңінде жүрекке қатысты екі шешімге келеді:
Біріншісі:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет сәулесі
Екіншісі:
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
«Малда да бар жан мен тән» дегені тірлік, яғни тірі болу. Ақын айтатын қайраттың ең төменгі түсініге де осы, ал мағыналы мін мен қасиеті дүниені танып — білу мен жақсылық жасауға көмекші болуымен танылады.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Сондықтан жүрегіңнің көзі ашылса, хикмет сәулесі ашылады, өмірдің мәнін түсіне бастайсың. Жүректің айнасы дегеніміз әрбір ісіңе беретін бағаң, сараптамаң. Сен біреудің ала жібін аттасаң, жүректегі айнаң саған разы болады ма? — деп Жамбыл Сәкенге тосыннан сұрақ қойды.
— Жоқ. Біреудің ала жібін аттауға дәтім бармайды. Жақсы арына құл, жаман малына құл. Менің жаным - арымның құлы, - деп Сәкен ниетінің түзу екендігін айтты.
— Әрине, білемін ғой. Қан да, жан да жүректен тарайды деген. Содан болар өзге адамға ғашық болып, жүрегіміз қалағанда, дүрс-дүрс соғып, қанымыз бойымызға жылдам тарап, жаңа жан кіргендей болады. Кейде өз жұбайымды жүрегімнің айнасы деп білемін. Себебі менің әрбір істеген дұрыс ісім оған сондай қуаныш сыйлайды. Оны ренжітіп, бұрыс жолға түсе алмаймын, - деп Жамбыл жұбайына деген ыстық ілтипатын білдірді.
— Бұрыс жолға түскендерді де Абай суреттеген болар. Етпен қайнап, сүйекке сіңген «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде осы бес асыл іс пен бес дұшпанды атап өтіп еді, - деп Сәкен жауабын білгісі келді.
Жамбыл ойға батты. Өзінің бес дұшпанның құлы болып, қате басқан тұстары есіне түсті. Адамды екі нәрсе қартайтпайды: жақсы мінез бен жақсы сөз. Осы екі асылға талпынғалы өмірі өзгере түскен Жамбыл:
— Бәріміз- пендеміз, періште көкте ғана. Иә, бес дұшпан тұсауын бізге де салды ғой. Сол ұлылардың даналығының мәнін түсінгеннен кейін тұсауды бұзып, жүрек пен ақылды басшылыққа ала бастадық. Ол бес дұшпаны — нәпсі оттары. еріншек — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, шығармалары: 38 қара сөзі, «Сабырсыз, арсыз, еріншек», надандық — жарымес, шығармалары: «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», арамдық — пысықтық, шығармалары: «Сабырсыз, арсыз, еріншек», мақтаншақтық — бес дұшпанның бірі, шығармалары: «Ғылым таппай мақтанба», 21 қара сөз, дүниеқоңыздықты - адамның көз сүйегі, шығармасы: «Ескендір» поэмасы. Сондықтан осы бес дұшпаннан алшақ жүріп, адам боламын десең, үш сүюді меңгер.
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және Хақ жолы осы деп әділетті, - деп Жамбыл әңгіменің нүктесін қойды.
— «Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен», - деп ойшыл Әл-Фараби айтқандай, осы сенімен сырлассам рухани байып қаламын — деп Сәкен ыстық ілтипатын білдірді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі