Өлең, жыр, ақындар

Немере

Aқай әкесіне өкпелеп көрген жоқ еді. Өйткені әкесі оның сұрағанын беріп, тілегенін орындайтын.

Осыған орай Ақай да сабақты жақсы оқитын.

Бірақ ол мұны әкесіне айтып мақтанбайтын. Себебі әкесінің онымен сөйлесетін уақыты жоқ.

Ақай алған бағаларын көрсетейін деп дәптерін аша бастаса-ақ, ол: «Жарайды, жарайды, мамаңа көрсет!» — деп қолын бір-ақ сілтейтін.

Бір күні Ақайдікіне ауылдағы әжесі келді. Кешке үй іші тегіс үстел басына жиналған кезде әжесі:

— Ал, Ақайжан, қалай оқып жатырсың? — деп сұрады.

Ақай аузын ашып үлгергенше әкесі жауап берді.

— Не қалайы бар, «оқу» деген аты болмаса, бұлардікі әлі былжырақ қой, — деді ол қолындағы газеттен көз алмай.

Бұл жауап Ақайдың меселін қайтарып тастады. Өйтпегенде ше?! Ақай әжесіне дәптерлерін ашып, алып жүрген жақсы бағаларын көрсетейін деп отыр еді.

Ол аузы бұртиып, әкесіне қарап еді, — әкесі мұны елемегендей, әрі қарап кетіпті. Ақай ыза болып: «Өзі білмейді де…» деп күбірледі.

Осы кезде көзі күлімдеп анасы орнынан тұрды. Ол кітап сөресінен үлкен бір кітапты алды да ұлының алдына әкеліп қойды.

— Ақайжан, айналайын, әжеңе «Қобыландыны» оқып берші жақсылап, — деді анасы.

Ашуланып отырған Ақай алғашында көңілсіз бастағанмен, лезде-ақ дауысын түзеп алды. Нақышына келтіріп, мүдірместен заулата жөнелді.

Немересінің бұл өнеріне сүйсінгендіктен, нұры тайған көзі жасаурап кеткен әже:

— Адам болыпты ғой менің құлыным! — деп бауырына тартып, емірене сүйді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз