Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың әр қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған.
Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар. Бүгінде ойынды халық педагогикасының құрамды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы ойынның аталып жүруі де жайдан-жай емес.
Қазақ халқы – материалдық мұраларға қоса, мәдени қазыналарға да аса бай халықтардың бірі. Сондай қомақты дүниелер қатарына ұлттық ойындары да жатады. Бүгінгі замандастарымыз бен болашақ ұрпақтарымыздың оны оқып үйрене отырып, өздерінің кім екендіктеріне барлау жасауына, ата-бабаларының психологиялық болмысы мен ойлау жүйелеріне зер салуларына, көздеген мақсаттарын саралап, жете білулерін, дәстүрлер жалғасын өрістете отырып, өткен мен бүгінгіні байланыстыра білулеріне, сөйтіп «мәңгүрттік» атаулығы тосқауыл қоюларына септігін тигізбек.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, заманымыздың аса көрнекті жазушысы М. О. Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен – ұзақ жылдарында, өздері қызықтаған алуан ойын өнері бар ғой. Ойын деген, менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған»,-деп тегіннен айтпаса керек. Мұхтар Әуезовтың бұл пікірін теориялық қағидаларға ғана сүйеніп айтылмаған, өзі өмір сүрген ортасының шындығынан және Семей қалысында тұңғыш отау көтерген «Ярыш» атты футбол командасының құрамында ойнаған белсенді өмір тәжірибесінен шығарған қорытындысы деп білеміз.
Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, содан үлкен де мәнді-мағыналы істер туындап өрбитінің байқаймыз. Өйткені, ең алдымен ненің болсын бас алып, жол бастар қайнар көзі болатыны белгілі. Ойынды біз бар өнердің бастауы деп білеміз. Ал қай өнер болса да кең арналы, сулы шалқар дариядай болып кемеліне келгенше жолында кездескен сандаған үлкенді-кішілі арналардан бас құрайтын өзен сияқты ғой. Сол алып өзеннің орта тұсынан шыққан адам, оның басы әуелде жылжып аққан бұлақтан басталып еді дегенге онша иланы қоймас та еді.
Ұлттық ойындар біздің көз алдымызға тап осы суреттерді елестетеді. Өйткені бір кезде ол бар өнердің басы, олардың нәр алатын бастауы болғаны анық. Шынында да, көне мәдениет пен әдеби туындылар, ең алдымен, сол жинаған думанды-сауықта, ойын-той үстінде дүниеге келіп, көптің игілігіне айналған. Сөйтіп, бүгінгі және болашақ ұрпақ ұлттық ойындардың өзі адам еңбегінің жемісі, халықтың фантастикалық ой–құбылыстың көрінісі, дүниені танып, білуге талпынысының нышаны ретінде өмірге келгенін, оның бар өнердің бастамасы, халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірінің айнасы екенін білуге тиіс.
Ұлттық ойындар осылайша атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және хылықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі көрінісі де болған. Әрине, ойын өнер ретінде әдебиет пен мәдениеттің сан алуан түрлерімен қабысып, астасып келіп, бірін-бірі толықтырып, байыта түседі.
Өзінің өлең-жырларында халық ойынды тәрбие құралы деп танып, оның бойындағы жастарды ойландырып, толғандыратын қасиеттерін аша түседі. Ойын тек жас адамның дене күш-қуатын молайтып, оны шапшандыққа, дәлдікке, т.б. ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді. Манашыұлы Тұяқбай жырында:
«Балалармен ойнайды,
Ойнап жүріп ол бала
Кеудеге ақыл ойлайды»,- деп түйіндейді.
Қазақ халқы ұлттық ойындарыға бай халықтардың бірі. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауызекі таралып отырған да, сондықтан көпшілігі бүгінгі күнге жетпей ұмыт болып кеткен. Қазақтың ұлттық ойындары туралы қағаз бетіне түскен алғашқы деректер ХІІІ ғасырдан басталады. Оны алғаш жинап, Европа жұртшылығына таныстырған Италия саяхатшысы Плано Карпини болды. ХІІІ ғасырда Европа халқына Моңғол тарихын таныстыру мақсатымен саяхатқа шыққан. Карпини Жетісу мен Тарбағатайды басып өткен кезде, осы өңірді мекендеген ру-тайпалардың тұрмысы, әдет-ғұрыптары, ойын-сауықтары жайлы көптеген этнографиялық мәліметтер жинаған.
Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшандықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, т.б. мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдығын, білек күшін, дененің сомданып шынығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатынаспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қосылатын атты таңдап алады. Ол атты баптап бағып, күтуге тура келеді, оның жейтін жемі мен ішетін суына дейін белгілі мөлшерге келтіріледі. Атты белгіленген уақытта күн ілгері осы сынақтарға қатысады (атқы ауыр болмау үшін оған мініп шабантын баланың жасы 11-12-ден аспауы керек). Бәйге шарты мүлтіксіз орындалу үшін төреші тағайындалыды. Бәйгеге қосылатын аттардың шабатын жерінің алыстығына қарай кейде ат айдаушылар біреу емес, бірнешеу болуы да мүмкін. Ол ат шабатын қашықтықтың өн бойына орналастырылады. Бәйгеге әзірліктің басы-қасында болған бала, осы өнердің сырларын жете біліп, үлкен шаруашылық мектебінен өткендей әсер алады. Сондықтан қазақтың ұлттық ойындары тек ойын-сауықтық жағынан ғана маңызды емес, ол – спорт, ол - өнер, ол - шаруашылық, тәжірибелік маңызы бар жастардың белсенді өмір жағдайларын қалыптастыру құралы.
Қазақ халқының фольклорын, ұлттық ойындарын жинаушы этнограф Ә. Диваев өзінің «Қазақ балаларының ойыны» деген еңбегінде оның бала тәрбиелеудегі маңызын айта келіп, сол кездегі қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша жас ерекшелігіне қарай жасөспірімдерді негізінен үш топқа бөледі: бір жастан жетіге дейін – нәресте, жеті жастан он бес жасқа дейін – бозбала, он бес жастан отызға дейін – жігіт. Осының негізінде қазақ ойындарын да сәбилер ойыны, бозбалалар ойыны және жігіттер ойыны деп негізінен үш топқа бөледі.
Халық ойынның неше алуан түрлерін туғызып қана қойған жоқ, соны іс жүзінде қолданып, оның тәрбиелік, білімдік жақтарын да көре білді. Сондықтан олар «бала ойынмен өседі» деген өмірлік қорытынды жасап, осы тәжірибелік қорытындыны өздерінің бала тәрбиесі туралы көзқарастарының негізгі арқауы етті. Бала ойынды тоқтатса, одан қол үзіп үйде көбірек бола берсе, ол баланың денсаулығы ата-аналарын еңбек етуі қандай қажет болса, баланың ойыны да сондай қажет нәрсе ретінде қабылданған. Бала ойынының маңызына тоқтай келіп, Н. К. Крупская мынаны ескерткен болатын: «Егер бала ойнамаса, онда оның не ауырғаны немесе шамамен тыс педагогикалық ықпалға түскені».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі