Өлең, жыр, ақындар

Қызыл сонар

Желтоқсанның қақ ортасы, бір отыз жас шамасы жан сонар қарды сықырлатып келе жатыр. Асылында бұ өңірде қыс бойы қар жоқ тұғын. Айналасында қардан көк шөп ұшы ғана шығып тұр. Теректер де көк жапырағын жапырайтып тұр. Киіміне қарасақ, қысқа дайын емес екені көрініп тұр-ақ. Аяқ киімі мен шалбарына қар жабысып, үсті басы су болды. Үстінде жеңіл-желпі жейдеден басқа түк жоқ. Бас киімі де жоқ болғасын құлағы қырмызыдай қызарып кеткен. Бұндай күнге үйренбеген де, тісі тісіне дір-дір қағып тықылдап барады. Кетіп бара жатқан бақтың іші тып-тыныш, ешкім жоқ еді, ар жағындағы жолдан бір жедел жәрдем көлігі гуіл-гуіл етіп зу өтті. Қар жоқта айналасы реңсіз еді, енді әк әппақ. Ақ бақта кетіп бара жатқан жалғыз жан еді. Асықпай, сыбылып кетіп бара жатқанына қарасақ, я мұңды я әлсіз. Әгәрәки жанында не барын біле алмаспыз. Сәл зер салып қарасақ, бақта көк пен ақ түстен басқа тағы бір түс бар. Жаңағы жанның саусағынан қан тамшылап тұр. Қолында жара жоқ, демек қансыраған әлденені ұстаған-мыс. Одан әрмен зер салсақ, қызыл түс қолында ғана емес, аяғына да шашырағанын байқаймыз.

Әлгінде көңілсіз, сызылып кетіп бара жатқан жан кірт тоқтап, қолын қарға мыжғылап алады. Аяқ киімін де қармен сүртіп, қызыл боп қалған қардың үстіне келіп қар үйіп қояды. Басқа біреу көріп қоймасын дегені-ау тегі. Енді қызыл қатарда үскен құлағы ғана.

Бақтың соңына таяп қалып еді, кенет гуілдеген көліктің дыбысы шыға бастады. Бақтан шыға бергенде көк пен қызыл түс жыпылықтап, пәлісей көлігі екенін көреміз. Жалғыз жан артқа бұрылып, жүгіре жөнеледі. Одан жаңағы пәлісей көліктен екі адам шығып, артынан «тоқта» деп айғайлап қуады. Әңгімеміз басталған жерге жете бергенде құлап түсіп, екі пәлісейдің қолына түседі. Ертең гәзетке бұрынғы әйелін пышақтап кеткен жан туралы жаңалық шықпақ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз