Өлең, жыр, ақындар

Көктемнің адам денсаулығына әсері

     Табиғат оянып, айнала жасыл түске боялатын көктем – адам өміріндегі ерекше кезең. Көктем тек табиғатқа ғана емес, адамның денсаулығы мен көңіл-күйіне де ықпал етеді. Ұзаққа созылған қыс мезгілінен кейін адам ағзасы өзгерістерге бейімделе бастайды. Бұл кезеңде денсаулыққа ерекше мән беру маңызды. Көктемде күн ұзарып, ауа райы жылынған сайын адам бойында сергектік пен күш-қуат оянады. Көңіл-күй жақсарып, көптеген адамдарда еңбекке деген құлшыныс артады. Себебі ағзаға қажетті D дәрумені күн сәулесі арқылы түзіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегі бойынша, әлем халқының шамамен 1 миллиарды D дәруменінің тапшылығына ұшырайды. Ал көктемде күн сәулесінің молаюы осы тапшылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Бұл дәрумен адамның иммунитетін көтеріп, сүйек пен бұлшықеттің мықты болуына ықпал етеді. Сондықтан көктем адам денсаулығы үшін өте пайдалы кезең деп айтуға болады.

   Алайда көктем ағзаға оң әсерімен қатар, кейбір қиындықтар да алып келуі мүмкін. Қыстан әлсіреген ағза көктемде дәрумен тапшылығына ұшырайды. Бұл жағдай медицинада “көктемгі авитаминоз” деп аталады. Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, көктемде тұрғындардың 60%-ы дәрумен жетіспеушілігін сезінеді. Оның ішінде С, D және В тобы дәрумендерінің тапшылығы жиі кездеседі. Авитаминоздың әсерінен адам тез шаршап, ұйқышыл бола бастайды, кейде басы айналуы мүмкін. Сонымен қатар, иммунитет әлсірегендіктен тұмау сияқты жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі жоғарылайды.

    Көктемде аллергиясы бар адамдар үшін бұл кезең қиын өтеді. Әлем бойынша халықтың 20-30%-ы маусымдық аллергиядан зардап шегеді. Ағаштар мен гүлдер гүлдеген кезде ауаға тарайтын тозаң аллергиялық реакция тудырады. Мұрын бітелу, түшкіру, көздің қышуы сияқты белгілер жиі кездеседі. Сондай-ақ, көктемде ауа райының күрт құбылуы да адам денсаулығына әсер етеді. Қазақстан аумағында көктемде ауа температурасы бір тәуліктің ішінде 10-15°С-қа дейін өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайлар әсіресе жүрек-қан тамыр ауруы бар адамдарға ауыр тиеді.

   Көктем – адамның денсаулығына үлкен әсер ететін мезгіл. Бұл уақытта дұрыс тамақтанып, көбірек таза ауада серуендеп, ағзаны шынықтыру қажет. Сонда ғана көктемгі кезең адам денсаулығына мол пайдасын тигізеді.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Болат Аяжан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар