“Ұлттың болашағы – оның тілінде, ал тілдің тағдыры – оны қолданушы халықтың жауапкершілігінде.”
Бүгінгі ақпараттық қоғамда журналистің сөзі – жай ғана жаңалық тарату құралы емес, ұлттың ой-санасын қалыптастыратын күш. Әрбір жазған жазба, мақала, жолданған жаңалық – халықтың санасына сәуле не болмаса көлеңке түсіретін құрал бола алады. Сондықтан журналистиканың басты талабы – тілдің тазалығын сақтау, сауатты болу және сөздің құдіретін шеберлікпен пайдалану.
Қазіргі журналистиканың даму қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ақпарат ағыны секундына сансыз дерек таратады. Алайда, осы ақпараттың сапасы, жеткізілу мәдениеті, тілдік нормаларға сәйкестігі кейде екінші орынға ысырылып жатады. Бұл жағдай журналистің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Журналист – тек ақпарат жеткізуші емес, ол – халыққа бағыт-бағдар беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тұлға. Қазіргі заман – ақпарат ғасыры. Журналистика күн сайын дамып, жаңа технологиялармен, жаңа құралдармен толықса да, оның басты негізі – сөз өнері өзгеріссіз қалады. Журналистің тілі – оның ең басты қаруы. Сол қару қаншалықты өткір, таза және көркем болса, қоғамға соншалықты құнды ақпарат жетеді. Сондықтан бүгінгі журналистің тіл мәдениеті, сауаттылық әдебі және тіл шеберлігі – оның кәсібилігін анықтайтын ең негізгі көрсеткіштер.
Журналистиканың басты міндеті – халыққа дұрыс, түсінікті, шынайы ақпарат тарату болғандықтан, бұл ретте тіл мәдениеті ерекше маңызға ие.
Осы тұста, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов:
«Сөзі мірдің оғындай өткір, ойы терең, тілі шұрайлы болу – шынайы шеберліктің белгісі» деген. Журналист халыққа сөз арқылы ықпал етеді, сол себепті оның әрбір сөйлемі, әрбір ойы нақты әрі сауатты болуы тиіс. Тіл мәдениеті дегеніміз – сөзді дұрыс қолдану, әдеби нормаларды сақтау, ойды жүйелі жеткізу. Егер журналистің тілі шұбарланса, ол тек өзінің ғана емес, бүкіл ақпараттық кеңістіктің деңгейін төмендетеді.
Сауаттылық әдебі – журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші. Ақпаратты дұрыс беру, фактілерді бұрмаламау, сөзді орынды қолдану – бұның бәрі кәсіби журналистің айнымас қағидалары.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп келтіргендей, егер журналист сауатсыз болса, ол халықтың санасына дұрыс емес ақпарат сіңіріп, қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернет кеңістігінде сауатсыздық жиі байқалады. Дұрыс қойылмаған тыныс белгілері, грамматикалық қателер мен мағынасы түсініксіз сөйлемдер журналистиканың абыройын түсіреді. Сауаттылық әдебі – тек ережені білу емес, сонымен қатар ақпаратқа жауапкершілікпен қарау. Журналистикада тіл шеберлігі де ерекше орын алады. Тіл шеберлігі дегеніміз – оқырманды баурап алу, ақпаратты тартымды жеткізу. Журналистің мәтіні қызықты, әсерлі әрі мағыналы болуы керек. Кез келген ақпаратты қарапайым, бірақ тартымды тілмен жеткізе білу – шын шебердің қолынан келеді. Жалаң деректермен берілген материал оқырманды жалықтырады, ал тілі жатық, әсерлі мақала көпшілікке ой салып, санасына ықпал етеді.
Бүгінгі журналистикада тіл мәдениеті, сауаттылық және шеберлік – өзара тығыз байланысты үш қағида. Бұл қасиеттер журналистің беделін ғана емес, бүкіл ақпарат кеңістігінің деңгейін анықтайды.
Ұлы Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп бекер айтпаған. Егер журналист дұрыс сөйлемесе, сауатсыз жазса, қоғам да сондай деңгейде қалыптасады. Сондықтан журналист әр сөзіне мән беріп, тіл мәдениетін сақтап, сауатты, әрі шебер болуға ұмтылуы керек.
Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Түркістан уәлаяты» мен «Дала уәлаяты» газеттері тіл тазалығы мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлген. Бұл басылымдарда қазақ тілінің мәселелері жиі көтеріліп, оқырмандардың да осы тақырыпқа деген қызығушылығы байқалды. Мысалы, 1888 жылғы «Дала уәлаяты» газетінің 42-нөмірінде Б.Адықовтың редакцияға жолдаған хатында: «Қазанда һәм басқа шаһарларда басылған кітаптар түрікше, ноғайша аралас тілдермен жазылған. Бұл қазаққа түсінікті емес. Сондықтан таза қазақ тілінде кітаптар шығарса, қазаққа пайдалы болар еді», – деп жазылған. Бұл пікір сол кезеңнің өзінде тіл тазалығына деген ұмтылысты көрсетеді.
Бүгінгі таңда қазақ баспасөзінде аударма тілінің әсері айқын сезіледі. «Қамшы» порталында жарияланған мақалада мерзімді баспасөздегі аудармалардың тілімізге тигізетін ықпалы талқыланады. Мақалада: «Қазіргі қазақ тілінің дамуына аударма әдебиет, былайша айтқанда, аударма тілі елеулі әсерін тигізіп отыр. Бұл әсердің күші әсіресе мерзімді баспасөзден айқын көрінеді», – деп атап өтілген. Бұл жағдай баспасөздегі тіл тазалығын сақтау қажеттілігін көрсетеді.
Журналистің тіл мәдениеті мен сауаттылығы оның кәсіби деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Р. Д. Ашимбетованың «Журналистің тіл мәдениеті» атты оқу құралында бұл мәселе жан-жақты қарастырылған. Автор белгілі ғалым М.Балақаевтың «Қазақ тіл мәдениеті» еңбегіне сүйене отырып, қазіргі газет материалдарындағы тәжірибелік тапсырмалар мен жаттығуларды ұсынады. Бұл оқу құралы болашақ журналистердің тілдік сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейі мен тіл мәдениетіне тоқталар болсақ, ол да жазушылардың сөз қолданысына тікелей байланысты. Әсіресе, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестердің дұрыс әрі орынды қолданылуы шығарманың мазмұнын байытып, оқырманға терең әсер етеді. Алайда, қазіргі қазақ прозасында кейбір қаламгерлердің осы тілдік қазынаны өзгертіп немесе бұрмалап қолдануы жиі байқалады. Бұл құбылыс әдеби тіл нормалары мен сөз мәдениетіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Белгілі тілші ғалым Рәбиға Сыздықова өзінің «Сөз құдіреті» атты еңбегінде бұл мәселеге ерекше назар аударады. Ол қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаны мақал-мәтелдер мен дәстүрлі фразеологизмдерді бұзбай, дұрыс қолданудың үлгісі ретінде атап көрсетеді:
«Шерхан Мұртаза – үлгі тұтатын жазушы (мақал-мәтелдерді, дәстүрлі фразеологизмдерді бұзбай, дұрыс қолдану тұрғысынан). Мұны әдейі атап отырған себебіміз – қазіргі көптеген прозаиктер, солардың ішінде аса танымал, мықтылары да мақал-мәтелдерді уәжсіз (мотивсіз) өзгертіп қолданатын болып кетті, уәжсіз дейтін себебіміз – олар поэзияда, өлеңнің ұйқас, ырғақ, өлшем сияқты шарттарына орай сәл өзгертіліп қолданылуы мүмкін, ал мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі текстің мазмұндық-логикалық сүйегін бекіту болғандықтан және прозада өлшем, ұйқас сияқты сыртқы факторлар орын алмайтындықтан, олардың тіл тәжірибесінде әбден орныққан, дәстүрлі, көптеген аймаққа ортақ үлгілерін өзгертпей қолдану қажет. Өйткені бұлар – жалпыхалықтық қазына, ал ортақ қазынаны себепсіз бүлдіруге құқымыз жоқ.»
Бұл тұжырым мақал-мәтелдердің прозалық шығармаларда өзгертілмей, бастапқы қалпында қолданылуының маңыздылығын көрсетеді. Себебі, олар халықтың ғасырлар бойы жинақтаған даналығының көрінісі болып табылады және мәтіннің мазмұндық-логикалық құрылымын нығайтады. Сондықтан, жазушылардың осы тілдік бірліктерді дұрыс қолдануы әдеби тілдің дамуы мен сақталуына үлкен үлес қосады. Қазақ журналистикасында тіл мәдениеті мен сауаттылық мәселелері әрдайым өзекті болып келеді. Бұл тақырыпта көптеген зерттеулер жүргізіліп, журналистердің сөз қолдануындағы кейбір кемшіліктер мен жетістіктері талқылануда.
Қазақ тілінің мәдениетін арттыру мақсатында әдеби тілдің нормаларын сақтау маңызды. Дублет сөздер, яғни мағынасы бірдей, бірақ айтылуы әртүрлі сөздер, баспасөз тілінде жиі кездеседі. Мысалы, «маңдай», «маңлай», «жұмыс істедім» және «жұмыс жасадым» сияқты дублеттер бар. Мәулен Балақаевтың пікірінше, әдеби тіл көркем болуы үшін мұндай дублеттердің әдеби нұсқасын ғана қолдану қажет. Ол дублеттерді дұрыс пайдалану арқылы тіл мәдениетін жоғары сатыға көтеруге болатынын атап көрсетеді.
Газет мақалаларының тақырыптары оқырманның назарын аударуда маңызды рөл атқарады. Алайда, кейбір тақырыптарда орыс тілінен тікелей аударылған калькалар мен билингвизмдер кездеседі және бұл тіл мәдениетіне нұқсан келтіреді. Мысалы, «нәтиже шамалы» (мало вероятности), «жасыл сәуле» (зеленый свет) сияқты тіркестер қазақ тілінің табиғи құрылымына сәйкес келмейді. Сондықтан, тақырып қоюда ұлттық тіл ерекшеліктерін ескеру және тіл тазалығын сақтау маңызды.
Баспасөз тілі публицистикалық стиль жанрларының тіліне жатады және журналистер тарапынан тілге деген мұқияттылықты талап етеді. Қазіргі баспасөз тілінің жай-күйі туралы зерттеулерде журналистердің жалпыхалықтық және әдеби тілдің дамуына қосатын үлесі талқыланады. Мысалы, кейбір мақалаларда журналистердің сөз қолдануындағы кемшіліктер нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі, бұл баспасөз тілі тазалығының маңыздылығын көрсетеді.
Журналистердің сауатты болуы қоғамдағы жалпы сауаттылық деңгейіне тікелей әсер етеді. «БАҚ және тіл мәдениеті: тілдік нормалар» атты республикалық семинарда бұл мәселе кеңінен талқыланды. Семинар барысында медиа кеңістіктегі тіл мәдениеті, интернеттегі қазақ сөз мәдениеті, тілдік нормалар және олардың сақталуы туралы баяндамалар жасалды. Бұл іс-шаралар журналистердің тілдік сауаттылығын арттыруға және тіл мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
3.10.2024 жылы Қарағандыдағы «Қасым үйінде» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма «Медиа-мәдениет және тіл» атты семинар өткізген. Іс-шараға медиа саласының өкілдері, болашақ журналистер, тілге жанашыр азаматтар және жоғары оқу орындарының білім алушылары жиналған. Семинарда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов «Сөз (тіл) мәдениеті және журналистика» деген тақырыпта ақпарат ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі таңда елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны артқанымен, олардың сапасы айтарлықтай төмендеген.
«Тәуелсіздік жылдарында әр облыс, қала мен шағын кенттерде ашылған ақпарат көздерінде журналистикадан хабары жоқ басқа маман иелері жұмысқа қабылданды. Бұл мамандардың көпшілігі ұлттық тілдің уызына жарымаған, әдебиет пен өнерден мақұрым нағыз «асфальтта» өскен азаматтар еді. Сол мамандардың журналистикаға бойлары үйренгені соншалық, қазір кейбіреулері редакторлық, директорлық қызметке дейін көтеріліп алған. Міне, сапаның күрт төмендеуінің басты себептерінің бірі – осы. Кеңестік дәуірдің студенттері, ауылдан келген жастар жоғары оқу орындарына мол қазынамен келетін, қазақ әдебиетінен, яғни, көркем шығармалардан, ауыз әдебиеті үлгілерінен мол хабардар болатын. Біз қазір сол қазынадан айрылып қалдық. Тіл байлығының жұтаңдығы, сөздік қордың тұрмыстық деңгейден аса алмауы – болашақ журналистер үшін аса үлкен қауіп. Тіл тазалығы дегенде санаға түсер салмақ пен арға артар аманатты осы деңгейдегі жастарымыз болашақта қалай алып жүрмек?!.» деді ол.
Семинар барысында Қойлыбай Асанов бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетінің төмендеуіне алаңдаушылық білдірді.
Тіл байлығының жұтаңдауы мен сөздік қордың тұрмыстық деңгейден аса алмауы болашақ журналистер үшін үлкен қауіп төндіреді. Тіл тазалығы мен мәдениетін сақтау – әрбір журналистің басты міндеті болуы тиіс.
Семинарға қатысушылар да бұл мәселенің өзектілігін атап өтті. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында тіл мәдениетін дамыту, кәсіби мамандардың тәжірибесімен бөлісу және әдістемелік көмек көрсету қажеттілігін алға тартты. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетін көтеру – ұлттың рухани дамуы мен мәдениетінің айнасы. Сондықтан, әрбір журналист тіл тазалығы мен мәдениетін сақтауға, сөз құдіретін терең түсінуге және оны шебер қолдануға ұмтылуы қажет. Бұл бағытта білім беру мекемелері, медиа ұйымдары және тіл жанашырлары бірлесе жұмыс атқарғаны жөн.
Журналистің тіл мәдениеті, сауаттылық әдебі және тіл шеберлігі – оның кәсіби беделін ғана емес, ақпараттық кеңістіктің сапасын да анықтайтын маңызды көрсеткіштер. Қазақ журналистикасы дамыған сайын, ақпарат тарату жылдамдығы артып, жаңа технологиялар енгізілуде. Алайда, технология қанша жетілдірілсе де, журналистің басты құралы – сөз өнері өзгермейді. Сол себепті бүгінгі журналистика саласында ең алдымен тіл тазалығы, шеберлігі мен мәдениеті сақталуы керек.
Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Сөз өнері дертпен тең. Дертті болған адам ғана оның не екенін біледі» деген сөзі бар. Бұл журналистикаға да тікелей қатысты. Себебі журналист сөз арқылы қоғамға ой салады, бағыт-бағдар береді, пікір қалыптастырады. Егер оның сөзі әлсіз, мағынасыз, шұбарланған болса, онда ол халықтың санасына дұрыс емес ақпарат енгізіп, қоғамның мәдени деңгейіне кері әсерін тигізеді.
Қазіргі қазақ журналистикасында тіл нормаларының сақталмауы, сөздің орынды қолданылмауы, аударманың әсерінен жасанды тіркестердің көбеюі сияқты мәселелер жиі байқалады. Мұндай жағдайлар тіл шұбарлануына, әдеби нормалардың бұзылуына әкеледі. Сондықтан әрбір журналист өз сөзінің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі – мәңгілік ұстаным болуы қажет. Журналистің тілі – тек ақпарат құралы ғана емес, ол ұлттың рухани айнасы. Егер журналистика тілі жұтаңданса, бұл тұтас ұлттың ойлау жүйесіне әсер етеді. Сондықтан қазақ журналистикасы өзінің бай мұрасын сақтай отырып, сауатты, мәдениетті және шебер болуға ұмтылғаны дұрыс.
Бүгінгі қазақ журналистері өзінен кейінгі буынға сапалы сөз мәдениетін қалдыру үшін, тіл тазалығына мән беріп, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыру керек. Сөз мәдениеті – жай ғана сауаттылық емес, ол журналистің интеллектуалдық деңгейі мен адамгершілік ұстанымының көрсеткіші. Осы қағиданы сақтаған журналист қашан да қоғамда құрметке ие болады және ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға үлес қосады.
Журналистиканың дамуы – ұлттың ой-санасының дамуымен тығыз байланысты. Сөзге құрмет – ұлттық құндылықтарға құрмет. Ал ұлттық құндылықтарды сақтайтын, халыққа бағыт-бағдар беретін тұлға – журналист. Сондықтан бүгінгі журналист тек ақпарат таратушы емес, ұлттық сана мен тіл шеберлігін, әрі сауаттылық әдебін қалыптастырушы, мәдениеттің сақтаушысы ретінде де өз миссиясын терең түсінуі тиіс.
ХАНАТОВ ДИАС, СЕРІК ДАНИАЛ, ОРАШ ДИЯС
Журналистика факультетінің 3-курс студенттері
Жетекші: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі