Өлең, жыр, ақындар

Этикет.Эстетика: адамгершілікке,ізгілікке,көркемдікке тәрбиелейтін ғибраттық тәмсіл

Этикет ұғымы сонау Египет заманында пайда болған.Этикет-қоғамдағы жоғары лауазымды адамдардың мінез-құлқын зерттейтін ғылым.
Эстетика сөзі біздің күнделікті қолданып,көзбен көріп,қолмен ұстап жүрген заттың бірі.Мысалы,киім эстетикасы,қойылым эстетикасы,фильм эстетикасы т.б.  Эстетика өнердің философиялық ғылымы болып табылады. «Эстетика» сөзін грек сөзінен aistheticos – сезімтал, сезімталдық қабілет мағынасына айналдырып, ғылымға енгізді.
Адамзат қоғамы ғасырлар бойы рухани құндылықтарды негізге алып, әдеп пен сұлулықты үйлесімділікке келтіру арқылы өркениетке қадам басты. Этикет пен эстетика – осы өркениеттің қос қанаты іспетті. Бірі – адами қарым-қатынасты реттейтін әдеп нормалары болса, екіншісі – сұлулық пен үйлесімділіктің өлшемі. Бұл екі ұғым адамның ішкі және сыртқы мәдениетінің көрсеткіші ғана емес, өмір сүру өнеріне айналған ғибраттық тәмсіл.
Этикет – адамгершілік айнасы. Ол адамның өзін-өзі ұстау мәнерінен бастап, өзгеге құрмет көрсетуіне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Сәлемдесу, алғыс айту, кешірім сұрау, дұрыс тыңдай білу – міне, осының бәрі адамның ішкі мәдениетінің айқын көрінісі. Халқымыз «Кісілік – кішілікте» деп бекер айтпаған. Шынайы кішіпейілділік – әдептіліктің, ал әдептілік – имандылықтың белгісі.
Ал эстетика – өмірді сұлулықпен сезіну. Табиғаттың әсемдігінен бастап, адам бойындағы рухани тазалық пен мінез көркемдігіне дейінгі барлық нәрсе эстетикаға жатады. Көркем сөйлеу, жарасымды киіну, өз ортасына лайық болу – тұлғаның талғамын айшықтайды. Халық арасында «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл бекерге айтылмаған. Әдемі ой, әдепті қылық, ізетті қарым-қатынас – бәрі адамның ішкі сұлулығын толықтырады.
Қазақтың кең сахарасында қарттар әдептілікті өнеге етіп, жастарға үлгі боларлық ғибратты сөздерін айтып, тәрбие негізін қалап отырған. Себебі әдеп – адамның кісілігін айқындайтын басты қасиет, ал эстетика – сол әдептің сұлулықпен ұштасқан көрінісі. Этикет пен эстетика – бір-бірін толықтыратын егіз ұғым. Бірі – адамзат баласының ішкі мәдениетінен хабар берсе, екіншісі – сол мәдениеттің сыртқы сипаты.
Адамның адамгершілік биігін анықтайтын өлшем – оның өзгелермен қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі, жасаған ісі. «Әдептілік – ардың айнасы». Адам қандай жағдайда болсын, өзін сабырлы, сыпайы, инабатты ұстаса, оның ішкі дүниесінің байлығы көрінеді. Ал мұның бәрі туа біткен қасиет емес, тәрбиемен, ортадан алған үлгімен, өмірден түйген тәжірибемен қалыптасады.
Өмірден алынған мысал:
Ерте заманда бір дана қария өмір сүріпті. Ол ауылындағы әрбір жанды әдептілікке, сыпайылыққа баулыған екен. Бір күні шәкірттері қариядан:
— Ұстаз, адамның адамгершілігі неден көрінеді? – деп сұрапты.
Сонда қария бір шыныаяқ су алып, оны шайқап, жерге төгіп жіберіпті.
— Су неге төгілді? – деп шәкірттеріне сұрақ қояды.
— Өйткені сіз ыдысты шайқадыңыз, — дейді бірі.
— Дәл солай! – деп жауап береді қария. — Адамды өмір шайқағанда, оның ішіндегі қасиеттер сыртқа төгіледі. Егер ол ізгілікке, мейірімге, сыпайылыққа толы болса, айналасына тек жақсылық шашады. Ал егер оның ішінде ашу, менмендік, дөрекілік болса, ол соны көрсетеді. Сондықтан адамның жүрегі қандай болатыны – оның әдептілігіне байланысты.
Бұл тәмсілдің мәні тереңде. Адам қанша білімді, бай, беделді болғанымен, оның шынайы болмысын әдеп көрсетеді. Адамның ішкі мәдениеті оның қарым-қатынасынан, сәлемінен, көзқарасынан, қимылынан байқалады. Бір ауыз жылы сөзбен көңілге шуақ шашып, бір күлімсіреу арқылы жанға жылу сыйлауға болады. Халқымыздың «Сөз сүйектен өтеді» деуі де бекер емес. Себебі әдеппен айтылған сөз жүректі жұмсартып, жан дүниені нұрландырады.
Белгілі ойшыл Гете: «Адамның әдеті – өз портретінің айнасы», - деп дәл айтқан.Адамның жүріс-тұрысы оның қандай жан екендігін аңғартады.
Эстетика тек сыртқы сұлулықпен шектелмейді. Ол – адамның ішкі жан дүниесінің көркемдігі. Біреумен сөйлескенде дөрекі сөйлемей, дауыс көтермей, ашуын тежей білу – нағыз мәдениеттіліктің белгісі. Ұлы Абай «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп, адамның сыртқы ғана емес, ішкі тазалығы да маңызды екенін меңзейді.
Адам көркем ойлағанда, оның сөзі де әдемі болады. Әсемдікке жаны жақын адам сұлулықты тек киімнен, заттардан емес, қарапайым дүниелерден де көре біледі. Табиғаттың көрінісінен, адамның жан жылуынан, рухани тазалықтан сұлулық табады. Сондықтан эстетика – өмірді қабылдау мәдениеті, көркемдікке деген құштарлық.
Этикет пен эстетика: журналистиканың жүрегі
Журналистика – қоғамның айнасы. Ол халыққа шындықты жеткізетін құрал ғана емес, адамгершілік пен сұлулықтың, әдеп пен мәдениеттің көрінісі болуы тиіс. Өйткені журналист – сөздің ғана емес, ойдың да сәулетшісі. Оның әрбір материалы тек ақпарат таратумен шектелмей, оқырманның санасын оятып, жүрегіне ізгілік ұялатуы керек.
Алайда бүгінгі ақпараттық тасқын заманында этика мен эстетика екінші қатарға ысырылып бара жатқандай. Әдеп сақталмаған жерде сенім жоғалады, ал көркемдік ұмытылғанда журналистика құрғақ деректердің жиынтығына айналады. Сондықтан қалам ұстаған жан үшін этикет пен эстетика – кәсіби шеберліктің ғана емес, адамдықтың да өлшемі.
Журналистикадағы әдеп: 
Журналистиканың басты ұстанымы – шындық. Бірақ сол шындықты жеткізу жолы да маңызды. Әдеп сақталмаса, шындықтың өзі жаралауы мүмкін. Бір ғана сөз адамның тағдырын өзгертіп, өміріне нұқсан келтіруі ғажап емес. Сондықтан журналист этиканы басты қағида ретінде ұстануы қажет.
Бірде белгілі бір газеттің жас тілшісі ауылдағы қарапайым отбасы туралы мақала жазды. Ол олардың тұрмысының ауырлығын, кедейшіліктің құрсауынан шыға алмай отырғанын ашық көрсетті. Бірақ бұл отбасы өз жағдайын жұртқа жария еткісі келмеген еді. Нәтижесінде мақала жарық көрген соң, олар өздерін қоғамнан оқшау сезіне бастады, тіпті балалары мектепте мазаққа ұшырады.
Кейін бұл журналист өзінің қателігін түсінді. Ол фактілерді ғана емес, адамдардың жан дүниесін де ойлау керектігін ұғынды. Өйткені ақпарат – қару секілді: оны қалай қолдансаң, солай әсер етеді. Әдеп сақталған жерде журналистиканың қадірі артады.
Журналистикадағы эстетика: 
Журналист тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол – сөз шебері. Оның материалдары оқырманның жүрегіне әсер ететіндей болуы тиіс. Құрғақ стильдегі ақпарат оқырманды жалықтырады, ал ойы көркем, тілі бай материал кез келген жаңалықты өнер туындысына айналдыра алады.
Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінде Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлер тек ақпарат беріп қоймай, оны эстетикалық талғаммен жеткізе білді. Олардың мақалалары әңгіме секілді өріліп, оқырманды баурап алатын.
Этикет пен эстетика – егіз ұғым
Мысалы, бір адам өз ортасында инабатты, сыпайы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білсе, оның жан дүниесінің тазалығы байқалады. Ал егер ол сыртқы келбетіне мән бермей, бейберекет киініп, мәнсіз сөйлеуге дағдыланса, оның әдептілігі толыққанды болмайды. Сол сияқты тек сыртқы келбетіне ғана мән беріп, ішкі мәдениеті мен адамгершілігін ұмыт қалдырған жан да толыққанды зиялы бола алмайды.
Қорытынды
Әдептілік – адамның ең асыл қасиеті, ал көркемдік – оның рухани әлемінің көрінісі. Бұл екеуі үйлесім тапқанда ғана адам баласы шын мәнінде ізгілікке, адамгершілікке, кемелдікке жетеді. Қарапайым қарым-қатынастан бастап, өмірдің кез келген саласында осы қағидаларды ұстансақ, айналамыз мейірім мен сұлулыққа толып, өміріміз мәнді болары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Р.С.Жақсылықбаева,- Журналист этикасы, Алматы «Қазақ университеті», 2013, 27-31 б.
https://egemen.kz/article/155392-kisilik%C2%A0pen-kishilik
https://massaget.kz/psihologiya/soz-suyekten-oted-41427/

Нұрғалиқызы Жібек,Туркаш Амина,Жунусов Алишер
 Журналистика факультетінің 3 курс студенттері
Жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар