Адамның нағыз мәдениеті оның сөзі мен іс-әрекетінен ғана емес, айналасына деген көзқарасынан, ішкі талғамынан және әдептілік деңгейінен көрінеді. Осы тұрғыда этикет пен эстетика – жай ғана мінез-құлық ережелері емес, адам болмысын айқындайтын маңызды ұғымдар екенін түсінеміз. Этикет – қарым-қатынастағы сыпайылық пен құрметтің көрінісі, ал эстетика – адамның сұлулық пен үйлесімділікке деген ұмтылысын бейнелейді. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты: әдептілік пен талғам ұштасқанда ғана шынайы мәдениет қалыптасады.
Тарихты парақтасақ, кез келген өркениеттің дамуында этикалық және эстетикалық қағидалардың басты орын алғанын байқаймыз. Көне Грекияда философтар этиканы адам жанының тазалығы деп санаса, Қытай ойшылы Конфуций этикет ережелерін әлеуметтік тәртіптің негізі ретінде қарастырды. Ал ислам мәдениетінде әдеп пен көркем мінез жоғары құндылық саналған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің көркем мінезімен бүкіл адамзатқа үлгі болып: “Сендердің ең жақсыларың – мінезі ең көркем болғандарың” (Бұхари) деп, этиканың мұсылмандық құндылықтардағы ерекше орнын айқындаған. Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деп, этиканың интеллектуалдық дамумен бірге жүруі қажеттігін баса айтты. Ал Абайдың “Толық адам” тұжырымдамасында моральдық кемелдік пен эстетикалық үйлесімнің өзара байланысы көрініс табады.
Этикет пен эстетика адамзат қоғамында аса маңызды орын алады, себебі олар адамға дұрыс өмір сүрудің, басқалармен қарым-қатынас жасаудың ережелерін үйретеді. Этикет – адамдардың өзара қарым-қатынасына арналған ережелер жиынтығы болса, эстетика – сұлулық, көркемдік, өнер және адамдардың өмірі мен табиғаты арасындағы үйлесімділікке деген сүйіспеншілігі. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені адамгершілік қасиеттердің, ішкі мәдениеттің, ізгілік пен көркемдік сезімнің бірлігін қалыптастырады. Этикет адамдардың арасындағы қарым-қатынасты реттейтін маңызды ереже болып табылады. Ол жеке адамның әлеуметтік өміріндегі тәртіптілікті, басқаларды құрметтеуді және сыпайылықты білдіреді. Этикетке сәйкес, адам өзін тек өзі үшін емес, басқалар үшін де сыпайы, мәдениетті және әдепті түрде ұстауы керек. Этикет арқылы адамдар бір-біріне деген сыйластықты, түсіністік пен ынтымақтастықты білдіреді. Мысалы, біз күнделікті өмірде жиі қолданатын сөздер мен іс-әрекеттердің барлығы да этикеттің бір бөлігі болып табылады. Сыпайылық көрсету, өтініш айту, алғыс білдіру, адамның көңілін қалдырмауға тырысу — бұлар эталонды этикеттің негізі. Сонымен қатар, әр елдің немесе мәдениеттің өзіндік этикет ережелері бар. Мысалы, жапон мәдениетінде басқалармен сөйлескенде дене тілі өте маңызды. Мұнда қол алысу орнына иілу мен сыпайылықты көрсету басты рөл атқарады. Эстетика адамның ішкі әлемі мен сыртқы ортасын үйлестірудің тәсілі болып табылады. Ол тек өнермен ғана шектелмейді, ол адамның жалпы өміріне, оның ойлау, сезіну және іс-әрекетіне әсер етеді. Эстетика өмірдің әдемілігін, сұлулығын және үйлесімділігін түсінуге бағытталған ғылым. Эстетикалық құндылықтар адамның ішкі дүниесін жетілдіріп, жақсы мен жаманның арасындағы айырмашылықты ажыратуға көмектеседі. Этикет пен эстетика бір жерде бірігіп, адамның жалпы көркемдік мәдениетін қалыптастырады. Мысалы, бір адам жоғары мәдениетке, жақсы киімге, дұрыс сөйлеуге және басқаларды сыйлауға көңіл бөледі, ал бұл оның эстетикалық және этикеттік даму деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамның эстетикалық мәдениеті жоғары болған сайын, адамдардың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы да артады. Өмірдің әдемі болуын, таза әдепті болуын қалайтын адамдар үшін этикет пен эстетика — бұл өмірдің өзіне деген салауатты әрі дұрыс көзқарасты қалыптастыратын негізгі құралдар. Мысал ретінде, қазіргі заманда сән мен стильді жақсы білетін адамдарды қарастырайық. Олар тек сыртқы бейнесіне ғана емес, ішкі дүниесіне де мән береді. Мысалы, сәнді киім кию — тек осы заманның тенденциясын көрсету ғана емес, сонымен қатар адам баласының эстетикалық талғамын білдіреді. Егер адам тек өзін жақсы жағынан көрсетіп қана қоймай, адамдармен әдепті сөйлесіп, оларға деген құрметі мен мейірімділігін көрсетсе, онда ол адам өз этикеті мен эстетикасын бірдей деңгейде сақтап отыр деген сөз.
Этикет пен эстетика — бұл тек қоғамдық қатынастардың сыртқы көрінісі ғана емес, адамның ішкі әлеміне де тікелей әсер ететін құндылықтар. Этикет қоғамның ережелеріне, дұрыс қарым-қатынастар мен әрекеттерге негізделсе, эстетика оның ар жағында терең мән-мағына мен сұлу дүниенің негіздерін аңғартады. Өмірдегі адамгершілік, ізгілік және көркемдік – бұл қасиеттер әр адамның өз жүрегінде түйсінетін абзал сезімдерге айналады. Біз тек әрекетіміз бен сөйлеуіміз арқылы ғана емес, ішкі дүниеміздің тереңдігімен де көркем боламыз.
Сөз жоқ, әр адам өз қолынан келгенше, өзінің мәдениетін, рухани құндылықтарын өмірінде қалыптастырып, басқаға үлгі бола алады. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, ғибратты істі ғана насихаттап, қоғамда сұлулық пен ізгілік өркендесін деп ұмтылуымыз керек. Этикет пен эстетиканы біріктіріп, адам болмысының шыңына жетсек қана өзіміздің рухани байлығымызды жоғалтпай, кемел болашаққа жетеміз.
Атахан Дамира
Еламан Асылжан
Абдулла Сұлухан
Жетекші: Р.С.Жақсылықбаева
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі