Өлең, жыр, ақындар

Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттарының бүгінгі мәні

Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттарының бүгінгі мәні

Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки – ойдың алтын нұры, оның әр сөзі – адамзатқа бағытталған жарқын жарық секілді. Ол өз еңбектерінде адамгершіліктің негізі ретінде әділдік, ізгілік пен білімді жоғары қояды. Әрбір ұғым, әрбір идея – өз ішіне сан ғасырлық даналықты сіңірген, жүректі баурап алатын әсем әуенге ұқсайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алуымызға байланысты, ұлы тұлғаның атын дәріптеу, оның еңбектерін оқу бізге берілген үлкен мүмкіндік деп санаймыз. 
Әйгілі ғұлама бүгінгі қоғамның дамуына, өркендеп-өсуіне тек бір бағытта ғана емес, жан-жақты зерттеу арқасында өшпестей мұра қалдырды. Соның ішінде әлеуметтік-этикалық трактаттары аса мақтауға лайық деп тұжырымдаймыз. Себебі, дәл осы еңбектерді оқу арқылы адамның санасы, бүкіл болмысы, жан-дүниесі өзгереді. 
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттары – адамгершілік пен білімнің үйлесімділігін, қоғамның рухани кемелденуін бейнелейтін көркем шығармалар. Оның еңбектерінен біз тек ел арасында ғана емес, жүректен жүрекке жеткен терең ойларды оқимыз.
Әл-Фараби өмір сүрген дәуірде “эстетика” деген түсінік болмағанымен ғұлама ғалымның еңбектерінде көркемдік таным, әсемдік туралы, көркем шығармашылықтың жалпы заңдары және адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы философиялық көзқарастары болды. Оның бұл көзқарастары философиялық, этикалық және эстетикалық мәселелердің бірлігін қамтып көрсететін үйлесімді жүйесі болды. Адам мақсатының үш түрі болады: жағымды, пайдалы және тамаша түрдері. Пайдалы мақсат не ұнамды, не тамаша болып келеді. Жүріс-тұрысты сипаттайтын өнерлер және сауда жүргізуге қабілеттілікті көрсететін өнердің көздеген мақсатымен адам  білім алады және шынайы ақиқатқа жетеді. Барлық өнер атаулының мақсаты не тамаша, не пайдалы мақсат. Тек тамаша көркемдікке жетуді мақсат ететін өнер философия деп немесе абсолюттік мағынада айтқанда, даналық деп аталады. Даналық дегеніміз – қалған басқа заттардың болмысын айқындап беретін шалғай себептерді және себептері бар заттардың таяу себептерін білу. 
Осы орайда Әл-Фараби бабамыздың өмір сүрген шағындағы жазған еңбектеріне өте сапалы талдау мен зерттеу жүргізген белгілі магистр, аға-оқытушы Бекжігітова С.Б. және  Утеева К.Қ- ның “ӘЛ-ФАРАБИ ЕҢБЕКТЕРІ АҚЫЛ – ОЙ МЕН БІЛІМНІҢ БИІК МӘНІ” атты диссертациялық жұмыстарына тоқтала өтсек. Ғалымның этикалық және эстетикалық мәселелері жөніндегі көзқарастары оның «Китабат – танбих’ала сабил ас-са» («Бақыт жолын сілтеу»), «Фусул ал-мадани» («Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері»), «Китаб тахсил асса ада» («Бақытқа жету туралы»), «Музыка жөніндегі үлкен трактат», «Поэзия өнері жөнінде», «Риторика», «Поэзия өнерінің канондары жөніндегі трактат» және т.б. еңбектерінде орын алады. Бұл жерде Әл-Фарабидің қоғам, этика, эстетика жөніндегі пікірлері мен философиялық концепцияларының қалыптасуына себеп болған жағдайларды айтпай кетпеуге болмайды: Фарабидің философиялық әлеуметтік этикалық эстетикалық ой-пікіріне көне грек заманының ұлы ойнылдары ықпал етті. Ғұлама ғалым олардың ой-пікірлерін сын елегінен өткізе білді Фарабидің философиялық, әлеуметтік-утопиялық идеясының, адам бойындағы ең жоғарғы моральдік қадір-қасиет туралы, көркемдік, сұлулық туралы пікірлерінің қалыптасуына оның туған жері Қазақстан мен Орта Азияның бай ауыз әдебиеті, төл-тума мәдениеті, халықтарының азаттық жолындағы күресі, бостандық сүйгіш ой-пиғылы ықпал етті. Оның философиялық, әлеуметтік-этикалық, эстетикалық көзқарастарына Таяу Шығыс пен Орта-Шығыс халықтарының ілідеріндегі прогресшіл сарындар мен гуманистік идеялар да әсер етті. Оның тұжырымдары мен әлеуметтік этикалық, эстетикалық көзқарастары сол кезеңнің дәстүріне, үлгі-өнегесіне үйлес келді, сондықтан да ғалымның ғылыми мұралары ортағасырлық заманның жемісі болып табылады. Ең бастысы, Отырардан шыққан ғұлама ғалымның қоғам, этика, эстетика мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерін де Пифагорға тән цифрлік мистиканың да, Планонның «Заңдарындағы» діни мифологиялық наным-сенімдердің де әсері мүлде жоқ. Ол Платонның барлық азаматтарға ортақ мінсіз мемлекет құру, оның міндетті түрде діни болуы қажет деген идеясына қарсы шықты. Әл-Фараби эстетикасында негізгі мәселе – адамның дене және рухани сұлулығы. Оның пікірінше, көркемдік өмір шындығының өзіне тән қасиет. Көркемдік адамның денесі мен рухани жан дүниесінің адамгершілік қасиетінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды. Жақсылықты, рахатты о дүниеден ғана күту керек деп реалды өмірден аулақтауды насихаттайтын діни мистиктерге қарама-қарсы түрде ол адам бақытты, молшылықты, тыныштықты іздесе, шын мәнісіндегі көркемдікті сезіне, түсіне білгісі келсе, соның барлығын ол жасампаз еңбектен табады, қайырымды, мейірбан жандардың жәрдеміне сүйену арқылы соған жетеді деп санады. Сондықтан да ол адамдарды іске, қимылға, белсенділікке, қиыншылықты, өмір жолындағы әлеуметтік кедергілерді жеңуге шақырды. 
Әл-Фараби этиканы ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Оның этика жөніндегі көзқарастарында жақсылық, мейірбандық категориясы негізгі орын алады. Жақсылық материяның өзінде бітіп қайнап жатса, жамандық болмыс жоқ жерден пайда болады дейді. Ол адам баласын жан иесінің биік шоқтығы ретінде құрметтеу, қастерлеу керектігін атай отырып, терең ойларындағы гуманизмін көрсетеді. Ғалым, жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам өзінің ізгі мұрат-мақсатына жетеді дейді. Әл-Фарабидің бұл салада жасаған қортындыларының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде.
Отырарлық ғұлама ғалымның эстетикалық басты мақсаты – жарық дүниедегі өмірде адамзаттың тиетін жетілдіру, тамаша өмір салтына жету, сұлулықты және ең жоғарғы шаттықты иемдену. Түпкі мақсат – көркемдікке жету. Әлемдік үйлесімділік ілімін қарастырғанда ғалым бүкіл Әлем, тұрмыстың барлық сатылары тұтастықты, үйлесімділік пен өзін-өзі қамтамасыз етуді құрай отырып тығыз өзара байланыста болады деген қорытынды жасайды. “Бірінші тұлғаның болмысы әбден кемеліне келген, сондықтан оның сұлулығы да басқа сұлулық атаулыдан асып түседі. Әрбір сұлулық иесінің бойында Одан дарыған көрік пен әсемдік жайы да солай: оның бәрі Оның парқы мен субстанциясында. 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әр жыл сайын Әл-Фараби мұрасына ерекше құрмет көрсетіп, көңіл бөледі. Соның арқасында белгілі фарабитанушы Роллан Сейсенбаевтың одан бөлек бірнеше ұжымның бірігуімен жазылған “Фараби- Қайырымды қала және әлем ойшылдары” кітабы қолымызға тиді. Бұл туынды да адамның бойындағы қасиеттерін философиялық, психологиялық ретте саралайды. Шығыс мәдениеті мен ислам тарихына қызығушылық танытатын оқырмандардың оқуына кеңес береміз. 
Қазақстандық зерттеушілердің Әл-Фараби шығармашылығына деген қызығушылықтары мен идеяларының әмбебаптығын және бүгінгі қоғамдағы өзектілігін білу күллі түркі әлеміне жасалған сый-құрмет. Ақжан Машанов сияқты ғалымдардың еңбектері, сондай-ақ басқа да зерттеушілердің мақалалары мен монографиялары Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттарының маңызын қайтадан айқындап, оның ұлы мұрасын заманауи көзқараспен өңдеуге мүмкіндік береді. “Халық – мемлекеттің жүрегі саналғанымен адамдар арасындағы теңсіздік, артық-кемшілік байқалатынын айта отырып, оны жоюдың бірден-бір жолы ағартушылық, адамгершілік тәрбиесін күшейту” деп топшалайды Әл-Фараби. 
Қорытындылай келе, Әл-Фарабидің идеялары бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне жауап іздейтіндер үшін рухани және философиялық байлық көзі ретінде қызмет етеді. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары бүгінгі қоғамда әділеттілік, мораль және білімнің рөлін күшейту үшін өзекті болып қала бермек.

Жетекшісі ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар