Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері
Индустрияландыру – бұл елдің экономикасын негізінен ауыл шаруашылығынан өнеркәсіпке, яғни өндірістік салаға көшіру процесі. Ол әдетте ауыр өнеркәсіпті дамытуды, өндірістің көлемін арттыруды, жаңа зауыттар мен фабрикаларды салуды қамтиды. 1920–1930 жылдары Кеңес Одағында жаңа экономикалық саясаттың орнына жоспарлы экономика енгізілді. Бұл саясаттың негізгі бағыты – жедел индустрияландыру, яғни ауыр өнеркәсіпті дамыту болды. Индустрияландыру Кеңес мемлекетінің экономикалық және әскери қуатын арттыруға бағытталды.
Қазақстанның индустрияландырудағы рөлі тек шикізат өндірумен ғана шектелген жоқ. Кеңес үкіметі Қазақстанның табиғи байлықтарын пайдалану арқылы ауыр өнеркәсіптің негізін қалады. Республикада жаңа зауыттар мен өндіріс орындары салынды, ал жергілікті халық ауыр еңбекке тартылды. Қазақстандағы көмір, мұнай, металдар мен басқа да ресурстар Одақтың өндірістік қуатын қамтамасыз етті. Бұл, өз кезегінде, республиканың экономикалық дамуын жеделдетіп, оны Одақтың маңызды өнеркәсіп орталығына айналдырды. Сонымен қатар, индустрияландыру барысында Қазақстанның көлік және инфрақұрылым жүйесі де дамыды. Жаңа теміржолдар мен тас жолдар салынды, өндірістік аймақтар мен қалалар арасында байланысты жақсартуға арналған көпірлер мен туннельдер тұрғызылды. Бұл еліміздің көлік жүйесінің жаңа сатыға көтерілуіне септігін тигізді.
Осылайша, Қазақстанның индустрияландыруы тек экономикалық өзгерістерді ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени өзгерістерді де әкелді. Мысалы, Қазақстанның түрлі аймақтарында жаңа зауыттар мен фабрикалар салынған соң, ауылдық тұрғындар қалаларға жұмыс іздеп келе бастады. Бұл құбылыс урбанизацияның жоғары деңгейде жүруіне себеп болды. Өндірістік орталықтардың дамуы Алматы, Қарағанды, Теміртау, Шымкент секілді қалалардың өсуіне әкелді. Қала халқының саны артты, бірақ бұл көшу мәселелері де туындатты: инфрақұрылымның жетіспеушілігі, жұмысшылардың төмен жалақысы, тұрғын үй тапшылығы сияқты қиындықтар пайда болды. Екіншіден, индустрияландырудың әсерінен мәдениет пен өнерде социалистік реализм бағыты басым болды. Кеңес үкіметі өнер мен әдебиетті өз идеологиясын насихаттау құралы ретінде пайдаланды. Бұл кезеңде көптеген шығармалар социалистік қоғамның жетістіктерін дәріптеу мақсатында жазылды, ал дәстүрлі қазақ әдебиеті мен өнері кейде елеусіз қалды. Мәдениет пқен өнерде жаңа тақырыптар мен көркемдік стильдер пайда болды, бірақ олар Кеңес Одағының идеологиясына сай болды.
Қазақстанның өнеркәсіптік салалары көбінесе табиғи ресурстарды – көмір, мыс, темір, мұнай және басқа да шикізаттарды – өндірумен шектелді. Бұл шикізат негізінен Кеңес Одағының басқа аймақтарына тасымалданып, дайын өнімдер сол жерлерде өндірілді. Ал Қазақстанда өндірістік қуаттардың көбеюі шикізат өндіруге ғана бағытталды, бірақ дайын өнім шығаруға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндіріс жүйелері қалыптастырылмады. Мысалы, Қарағандыдағы көмір шахталары мен Балқаштағы мыс қорыту зауыттары көбінесе түпкілікті өнімді шығарудан гөрі шикізат өндіруге бағытталған болатын. Бұл жағдай республиканың экономикалық тәуелділігін арттырды, өйткені Қазақстанның экономикасы тек шикізат экспорттаушы елге айналды.
Қазақстандағы индустрияландыру – бұл еліміздің экономикалық дамуы үшін маңызды кезең болды. Алайда, бұл үдеріс тек экономикалық өсіммен ғана шектелмей, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан да елеулі өзгерістерге алып келді. Өндірістік күштердің дамуы мен жаңа зауыттардың құрылуы экономиканың құрылымын өзгертті, бірақ сонымен бірге біржақты өндіріс үлгісі республиканың экономикалық тәуелділігін арттырды. Әлеуметтік тұрғыда халықтың қалаға көшуі мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуы өмір салтына өзгерістер енгізді. Индустрияландырудың теріс және оң жақтары қатар өрбіді, бұл кезең Қазақстанның болашағына зор әсерін тигізді.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі