Қазақ халқының жүрегінде «елім» деп соғатын сезім ешқашан өшкен емес. Алайда сол ұлттық рухты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – ұлы міндет. Бұл жолда көркем әдебиет пен өнер ғана емес, кино мен телехикаяның да рөлі зор. Соңғы жылдары қазақ телевизиясы мен киноиндустриясы елдік пен ерлік тақырыбына ерекше ден қойып келеді. Тарихи тұлғалар мен оқиғаларға негізделген туындылар көбейіп, көрерменнің рухын тербейтін кезең туғандай.
Мұрат Есжанның «Оян, қазақ!» деректі сериалы мен «Ұлт ұстазы» телехикаясы – Алаш арыстарының бейнесін бүгінгі ұрпаққа табыстаған көрнекті жобалар. Ахмет Байтұрсынұлы бастап, Міржақып Дулатұлы қостаған зиялылардың күресі экран арқылы қайта тіріліп, көрерменге еркіндіктің, рухтың, білімнің не екенін қайта еске салады. Тек бір адамның емес, тұтас Алаш ұрпағының тағдыры суреттелген бұл телехикаялар бүгінгі буынға рухани серпіліс сыйлай алды. Дархан Сәркенов сүйемелдеуімен жарық көрген «Мұқағали: Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясы – қазақ поэзиясының асқары, ақиық ақынның жан күйі мен қоғаммен қақтығысын шынайы жеткізген көркем туынды. Ал «Мағжан: Мен жастарға сенемін!» телехикаясы – Мағжан Жұмабаевтың жастыққа сенімі мен еркін ойға деген үмітін көркем тілмен жеткізген, рух пен арман үндескен туынды.
Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі – сақ дәуіріндегі тарихи тұлға, қаһарман патшайым Томиристің бейнесін сомдап, ел қорғау жолындағы ерлік пен көшбасшылықты насихаттаса, «Жаужүрек мың бала» фильмі – XVIII ғасырдағы ел тағдыры сынға түскен заманда отан үшін от кешкен бозбалалардың батырлығын суреттейтін әсерлі тарихи драма. Ал «Анаға апарар жол» фильмі – халық басынан өткен зұлмат замандар мен ананың балаға деген сарқылмас махаббатын, қайғы мен үміттің тоғысын жүрекке жетер көркем тілмен суреттейді. Бұл үш туынды – ұлттық болмысты, рухты және тарихты экран арқылы жаңғыртудағы Ақан Сатаев қолтаңбасының айқын көрінісі.
«Қазақ хандығы: Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Қаныш. Қазына», «Ұлы дала зары» сынды тарихи драмалар – қазақ халқының қилы кезеңдердегі күресі мен өр рухын, ұлт ретінде қалыптасу жолындағы сын сәттерін көркем шындықпен жеткізген терең туындылар. Бұл туындылар арқылы көрермен бабалар ерлігі мен даналығын қайта танып, тарихи жадымен байланыс орнатады. Әсіресе «Ұлы дала зары» фильмі – ұлт басына төнген нәубет жылдардағы қайғы мен үмітті тоғыстырған, жүрекке ауыр, бірақ қажет ақиқаттарды алға тартатын туынды.
Ұлттың жаны – тек тарихы мен тілі емес, сол тарихты көркем жеткізе алған туындыларда. Бүгінгі қазақ киносы – ұлттық жадыны жаңғыртатын жай жоба ғана емес, сонымен қатар ұрпақ санасына әсер ететін рухани күшке айналды. «Оян, қазақ!» деп тұрған әр туынды – ұйқыдағы ұлтты оятуға бағытталған шынайы үн. Кино – жай көрініс емес. Ол – ел жүрегіндегі үн. Бізге сол үнді еститін, еліне дем беретін, рух беретін шығармалар қажет. Себебі нағыз оянған ұлт – тарихын таныған, тамырын тереңнен түйсіне алған ұлт.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Жансая Қайратқызы
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі