2023 жылғы 9 қарашада Астанада Салтанат Нүкенованың қаза табуы Қазақстан қоғамында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қайтадан өткір күн тәртібіне шығарды. Қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға отбасындағы зорлық-зомбылықтың жеке адамдар арасындағы жанжал ғана емес, адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін әлеуметтік мәселе екенін көрсетті.
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойылды. Заңнамалық өзгерістер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызды қадам болғанымен, мәселенің түпкі себептері мен оның алдын алу тетіктерінеқатысты сұрақтар әлі де өзекті болып отыр.
Неліктен тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары қайталанады? Жәбірленушілердің құқық қорғау органдарына жүгінуіне қандай кедергілер бар? Қолданыстағы заңдар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты қабілетті?
Осы мәселелердің әлеуметтік, құқықтық және психологиялық себептері сараланып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, қоғамдағы қалыптасқан көзқарастар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының тиімділігін анықтайтын кез келіп жетті.
Заң қатайды, ал мәселе шешілді ме?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауқымын түсіну үшін ресми статистикаға назар аудару қажет. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы полицияға отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық хабарлама түскен. Осы жағдайларға байланысты 72 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, 16 мыңға жуық жағдайда сот шешімі қабылданған. Бұл сандар мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Алайда полицияға түскен хабарламалардың барлығы жеке қылмыстық іс болып саналмайтынын ескеру керек.
Сол жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған 69 дағдарыс орталығы жұмыс істеген. Оларға 5,5 мың әйел көмек сұрап жүгінген. Олардың 3,7 мыңы балаларымен бірге келген. Бұл көрсеткіш зорлық-зомбылықтың салдары тек бір адаммен шектелмейтінін аңғартады. Анасының қауіпсіздігіне төнген қауіп баланың да психологиялық жағдайына әсер етеді. Сондықтан мәселені тек құқық бұзушыны жазалау арқылы шешу мүмкін емес. Жәбірленуші мен оның балаларына баспана, психологиялық және құқықтық көмек көрсету де қажет.
2024 жылғы 15 сәуірде қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң осы бағыттағы маңызды өзгерістердің бірі болды. 16 маусымнан бастап ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді. Бұған дейін мұндай әрекеттер көбіне әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылатын. Сонымен бірге жәбірленушінің арызынсыз да құқық бұзушыны жауапкершілікке тарту мүмкіндігі кеңейді. Соттарға агрессорды психологиялық түзету бағдарламасына жіберу және жәбірленушімен байланысуына шектеу қою құқығы берілді.
Алайда заңның қабылдануы мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Оның тиімділігін нақты нәтижелер арқылы бағалау қажет. Мысалы, «Власть» басылымының 2026 жылғы 7 шілдедегі зерттеуінде Ішкі істер министрлігінің деректері негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша 2024 жылы 74 296, ал 2025 жылы 82 478 іс тіркелгені көрсетілген. Бірақ 2025 жылы олардың тек 34 059-ы бойынша әкімшілік жауапкершілік қолданылған. Басылым келтірген дерекке сәйкес, істердің 55 пайызы санкциясыз аяқталған. Бұл жерде тіркелген істер мен жазаға тартылған адамдар санының айырмашылығына назар аудару қажет. Құқық бұзушылықты тіркеу мен оған нақты құқықтық баға беру бірдей нәтиже емес.
Зорлық-зомбылықтың түпкі себептері қандай?
Мәселенің себептерін тек отбасындағы түсініспеушілікпен немесе мінез үйлеспеуімен түсіндіру дұрыс емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артында психологиялық қысым, экономикалық тәуелділік, билік жүргізуге ұмтылу және қоғамда қалыптасқан ескі көзқарастар тұруы мүмкін.
2023 жылы Informburo.kz басылымында жарияланған сараптамалық материалда заңгер әрі зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы зорлық-зомбылықты тек физикалық күш қолданумен шектеуге болмайтынын айтқан. Оның пікірінше, экономикалық және эмоционалдық қысым да әйелдің құқықтарын шектейтін маңызды мәселелердің бірі. Мәселен, адамның табысын бақылау, күнделікті қажеттілігіне ақша бермеу немесе жұмыс істеуіне кедергі жасау оның тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігін төмендетеді. Мұндай жағдайлар кейде сырт көзге байқалмайды. Бірақ олардың салдары физикалық зорлық-зомбылықтан кем болмауы мүмкін.
Осы мәселені өнертану докторы, профессор Молдияр Ергебеков әлеуметтік және мәдени тұрғыдан қарастырады. Оның пайымдауынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың қалыптасуына қоғамдағы патриархалдық түсініктер мен ер адамның үстемдігін қалыпты құбылыс ретінде қабылдау әсер етеді. Ол зорлық-зомбылықтың қайталануын белгілі бір психологиялық циклмен байланыстырады.Алдымен жанжал мен бақылау күшейеді, кейін күш қолдану орын алады. Соңында агрессор кешірім сұрап, өзгеруге уәде береді. Біраз уақыттан соң жағдай қайта қайталануы мүмкін. Демек, мәселені шешу үшін тек жәбірленушіні қорғау емес, зорлық көрсетушінің мінез-құлқымен де жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Бұл пікірлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір ғана себептен туындамайтынын көрсетеді. Экономикалық тәуелділік адамның қауіпті қарым-қатынастан шығуына кедергі келтірсе, қоғамдық қысым мен «отбасының ішкі мәселесін сыртқа шығармау» түсінігі көмек сұрауды қиындатады. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу құқықтық шаралармен қатар әлеуметтік сауаттылықты арттыруды да талап етеді.
Агрессормен жұмыс: жазалау жеткілікті ме?
Зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі — құқық бұзушының мінез-құлқын өзгерту. Себебі жәбірленушіні уақытша қорғау маңызды болғанымен, агрессордың әрекеті өзгермесе, зорлық-зомбылықтың қайталану қаупі сақталады.
2026 жылғы шілдеде «Власть» басылымында жарияланған зерттеуде Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақова психологиялық түзету бағдарламаларының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, агрессорлармен жұмыс істеу кемінде алты айға созылуы керек. Себебі қысқа мерзімді бағдарлама адамның қалыптасқан мінез-құлқын түбегейлі өзгертуге жеткіліксіз болуы мүмкін. Ол сондай-ақ мамандардың жетіспеушілігі мен бірыңғай жұмыс алгоритмінің болмауын жүйедегі негізгі мәселелердің бірі ретінде атаған.
Клиникалық психолог Константин Попандопулоның сол зерттеудегі түсіндіруінше, психологиялық түзету курсы әдетте үш айға созылып, шамамен 13 кездесуді қамтиды. Бірақ бағдарламаның нақты ұзақтығы әр адамның жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл жерде екі маманның пікірінен маңызды мәселе байқалады. Психологиялық түзету формалды түрде өткізілген сабақтар санымен емес, адамның мінез-құлқындағы нақты өзгеріспен бағалануы керек.
Талдықорғандағы өңірлік әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі Жанар Нұрмұханова да агрессорлармен жұмыс істеудің маңызын тәжірибе арқылы көрсеткен. Оның айтуынша, 2018–2023 жылдары орталыққа 38 ер адам өз еркімен психологиялық көмекке жүгінген. Бағдарламаға қатысушылар арасында зорлық-зомбылықтың қайталануы тіркелмеген. Дегенмен бұл нәтижені барлық агрессорға қатысты жалпылауға болмайды. Себебі орталыққа өз еркімен келген адамдардың өзгеруге деген ынтасы жоғары болуы мүмкін.
Гендер және маскулиндік мәселелері бойынша психолог әрі сарапшы Тынчтықбек Бақытов та ұзақ мерзімді жұмыстың қажеттілігіне назар аударады. Ол ондаған жыл бойы қалыптасқан мінез-құлықты қысқа мерзімде өзгерту қиын екенін айтады. Сарапшының пікірінше, психологиялық түзетумен қатар тұрақты бақылау мен кейінгі қолдау жүйесі де қажет. Бұл тұжырым Қазақстандағы бағдарламалардың тиімділігін бағалауда маңызды өлшем бола алады.
Аталған пікірлерді ресми деректермен салыстырсақ, мәселенің күрделілігі анық байқалады. «Власть» басылымының зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы соттар 987 адамды психологиялық түзету бағдарламасынан өту үшін денсаулық сақтау ұйымдарына жіберген. Бұл жүйенің іске қосылғанын көрсетеді. Алайда бағдарламадан өткен адамдар арасында зорлық-зомбылықтың қайталану деңгейі қаншалықты төмендегені туралы толық ұлттық статистика әлі қалыптаспаған. Демек, бағдарламаның бар болуы оның тиімділігін дәлелдемейді. Нәтижені бағалау үшін қатысушылардың кейінгі мінез-құлқын бақылап, қайталанған құқық бұзушылықтар туралы деректерді жүйелі жинау қажет.
Жәбірленушіні қорғау жүйесінің тиімділігі
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезекте тұруы керек. Бірақ іс жүзінде көмекке жүгіну әрдайым оңай емес. Кейбір әйелдер экономикалық тәуелділікке, балаларының болашағына алаңдауға немесе қоғамдық қысымға байланысты зорлық-зомбылық туралы айтуға батылы бармайды. Мұндай жағдайда дағдарыс орталықтары мен психологиялық қолдау қызметтерінің қолжетімділігі ерекше маңызға ие.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2025 жылы таныстырылған «Қазақстан Республикасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» ұлттық баяндамасында Отбасын қолдау орталықтарының саны заңнамалық өзгерістерден кейін 33-тен 131-ге дейін өскені көрсетілген. Бұл мемлекеттік қолдау инфрақұрылымының кеңейгенін білдіреді. Алайда орталықтардың санын көбейту ғана жеткіліксіз. Олардың мамандармен қамтамасыз етілуі, ауылдық жерлердегі қолжетімділігі және көмек сапасы да маңызды.
Мәселен, дағдарыс орталықтары зардап шеккен әйелдерге уақытша баспана, психологиялық және құқықтық көмек ұсынады. Бірақ жәбірленуші орталықтан шыққаннан кейін де қауіпсіз өмірін жалғастыра алуы қажет. Ол үшін тұрақты табыс, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, баспана және балаларға әлеуметтік қолдау керек. Әйтпесе, материалдық тәуелділік адамды бұрынғы қауіпті ортаға қайта оралуға мәжбүр етуі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек полиция мен соттың міндеті емес. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру ұйымдары және қоғамдық бірлестіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек. Мысалы, мектеп психологтары балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударып, қауіп белгілерін ерте анықтай алады. Ал әлеуметтік қызметкерлер қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек түрлерін ұсына алады.
Мәселені шешудің негізгі жолы қандай?
Жоғарыдағы деректер мен сарапшылардың пікірлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте кешенді тәсілдің қажет екенін көрсетеді. Біріншіден, құқық бұзушылық туралы әрбір хабарламаға уақытылы әрі сапалы әрекет ету қажет. Екіншіден, жәбірленушілерді қорғау шаралары бір реттік көмекпен шектелмеуі тиіс. Үшіншіден, агрессорларға арналған психологиялық түзету бағдарламаларының нәтижесі тәуелсіз бағалаудан өтуі керек.
Сонымен бірге зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын білім беру мен ақпараттық түсіндіру бағытында күшейткен жөн. Қоғамда күш көрсету, қорлау, экономикалық бақылау және психологиялық қысымның зорлық-зомбылық түрлері екені туралы түсінік қалыптасуы қажет. Әсіресе жастар арасында өзара құрмет, жеке шекара және отбасындағы тең жауапкершілік мәселелерін талқылау маңызды.
Мәселенің тағы бір шешуші тұсы — ресми статистиканың ашықтығы. Тіркелген хабарламалар, қозғалған істер, қабылданған сот шешімдері, нақты жазаға тартылған адамдар және қайталанған құқық бұзушылықтар туралы деректер бөлек көрсетілуі керек. Сонда ғана қабылданған заңдардың нәтижесін объективті бағалауға мүмкіндік туады.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық шаралардың күшеюі — маңызды қадам. Алайда ресми статистика мен сарапшылардың пікірлері мәселенің әлі де жүйелі шешімді қажет ететінін көрсетеді. Заң құқық бұзушыны жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бергенімен, зорлық-зомбылықтың әлеуметтік, экономикалық және психологиялық себептерін өздігінен жоя алмайды.
Талдау барысында анықталғандай, мәселенің күрделілігі тек құқық бұзушылықтың тіркелуінде емес, оның алдын алу мен қайталануына жол бермеу жүйесінде жатыр. Жәбірленушіні уақытша қорғау жеткіліксіз. Оған тұрақты баспана, қаржылық тәуелсіздік және психологиялық қолдау қажет. Ал зорлық көрсеткен адаммен жұмыс қысқа мерзімді шарамен шектелмей, мінез-құлқын өзгертуге бағытталуы тиіс.
Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің нәтижесін қабылданған заңдар мен тіркелген істердің санымен ғана бағалауға болмайды. Оның басты көрсеткіші — қайталанған зорлық-зомбылық жағдайларының азаюы, жәбірленушілердің қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі және көмекке жүгінген азаматтардың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуі.
Түптеп келгенде, тұрмыстық зорлық-зомбылық — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігін талап ететін мәселе. Оны шешу үшін мемлекет жазалау шараларымен шектелмей, алдын алу, қорғау және оңалту бағыттарын бір жүйеге біріктіруі қажет. Өйткені заңның шынайы тиімділігі оның қаншалықты қатаң екенімен емес, қанша адамның өмірі мен қауіпсіздігін сақтап қалғанымен өлшенеді.

- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі