Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
4 курс студенті: Амантай Гүлбану Алмастайқызы
Қазіргі таңда ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің қазақ тіліне аударылу мәселесі қазақ аударматануындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Бір халықтың рухы, жан-дүниесі екінші бір халыққа аударма тілі арқылы жетеді. Бір халықтың екінші бір халықпен қарым-қатынас жасауы, өзге халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысудың басты құралы аударма екені баршамызға белгілі. Ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып жүрген көркем аудармада өз кезегін күтіп тұрған мәселелер көп. Солардың бірі – тұрақты сөз тіркетерін аудару болып табылады.
Фразеология саласы - тіл біліміндегі ең күрделі сала. Сондықтан аудармашы сөйлем ішінен фразеологиялық бірліктерді ажырата білуі өте маңызды және сөйлемде кездесетін фразеологизмдердің ұлттық-мәдени бояуларын ажырата алуы қажет.
Фразеологизмдерді ажырату және оны аудару, аудармашыға көп қиындықтар туғызады. Мысалы, фразеологиздердің көп компонентті мағыналарының құрамындағы сөздердің мағынасынан алшақ болуы, ең бастысы – сөйлем ішінде фразеологиздерді еркін сөз тіркестерінен бірден ажыратып алуға болмайтындығы. Осыдан барып түпнұсқа тілден аударылған фразеологизмдердің толыққанды мағынасы аудармада күңгірттеніп, мүлдем өзгеріп кетеді.
Фразеологиялық аударма деп - аударма тілі мен түпнұсқа тіліндегі фразеологизмдердің арасындағы мағыналық жақындықтарды іздеп, бір-біріне жақын фразеологилық эквивалент табуды айтамыз [1, 169 б.].
Салыстырмалы тіл білімінде алдыңғы қатарлы орыс ғалымдары Я.И Рецкер, А.В Федоров, В.Н Камиссаров, С. Влахов және т.б фразеологиздерді аудару мәселесі туралы ой пікірлер айтқан еді. Олардың пікірлеріне сүйеніп,
С. Влахов пен С. Флорин фразеологиздерді түпнұсқа тілінен аударма тіліне аударудың мынадай жолдары бар екендігін көрсетеді.
1. Фразеологиздердің аударма тілде кездескен эквивалентін беру арқылы аудару.
2. Аударма тілдегі вариантын беру арқылы.
3. Аударма тілде түпнұсқа тілдегі фразеологиялық тіркестің баламасы да, варианты да болмағандықтан, фразеологиялық емес тіл құралдарымен беру арқылы.
Жоғарыда аталған аттары аталған орыс ғалымдары сөз тіркестерінің өзіне тән белгілері мен қасиеттеріне байланысты бірнеше амал-тәсілдерді ұсынған болатын. Сондықтан аты аталған ғалымдардың фразеологизмдерді аударудың бірнеше жолдарына сүйене отырып, оларды мынадай түрлерге бөлеміз: фразеологиялық аударма және фразеологиялық емес аударма. Фразеологиялық аудармаға толығырақ тоқталайық. Фразеологиялық аударма өз ішінен толық фразеологиялық эквивалент, жартылай фразеологиялық эквивалент, қатыстыъқ фразеологиялық эквивалент және фразеологиялық аналог деп бөлінеді.
1. Толық фразеологиялық эквивалент барлық белгісі жағынан, яғни образдылығы толық сақталған, түнұсқа тілімен дәлме- дәл келетін, мағыналық жағынан да, стильдік,метафоралық, эмоцияналдық бояуы жағынан сәйкес, компонеттік құрамы мен лексика-грамматикалық көрсеткіштері бірдей, бірдей грамматикалық категорияға жататын фразеологизмдердің аударылуы. Түпнұсқа тіліндегі фразеологизмдерді аударма тіліндегі фразеологизмдермен аудару, яғни фразеологизмді фразеологизммен аударылуын айтамыз.
2. Жартылай фразеологиялық эквивалент дегеніміз – түпнұсқа тілден аударма тілге алмастырылатын фразеологиялық бірліктің бірнеше вариантының ұшырасуы, яғни яғни түпнүсқа тілдегі фразеологизмдердің компоненттері аз болса, онда олардың аударма тіліндегі компоненттері көп болады,немесе керісінше, компоненттері көп болатын жағдайда, аударма тілінде аз болады. Аударманың бұл түрі аудармада көп кездеседі.
3. Қатыстық фразеологиялық эквивалент- мағыналары сәйкес келгені мен, синтаксистік құрамы, синонимдік компоненттері, морфологиялық құрылысы өзгешелеу болады, бірақ мағынасы бірдей.
4. Фразеологиялық аналог- берілген мәтінде бастапқа тіліндегі өзіне баламасыз тұрақты тіркесінің мағынасына ие аударма мәтініндегі аударма тұрақты сөз тіркестері.
Соңғы кезеңдерде жалпы түркі тілдері фразеологизмдерін орыс, ағылшын, неміс, корей, түрік, қытай, т. б. тілдеріндегі фразеологизмдерін салғастыра зерттеу, сөздіктер жасаудың тәжірибесі жинақталып, оның ішінде қазақ тілі деректерін басқа тілдердегі фразеологизмдермен салғастыра зерттеу барысында көптеген еңбектер, ізденістер жарық көрді.
Фразеологияның жан-жақты теориялық негізін және сөздіктер материалдарын басшылыққа ала отырып, ағылшын және қазақ тілдерінің фразеологизмдерінің лексика-семантикалық сипатын ашу ғылымға енгізгелі жүрген біздің де жаңалық ізденісіміз.
Белгілі ғалым С.Аманжолов фразеологизмдерді зерттеуді қолға алудың керектігін алғашқылардың бірі болып атап көрсетіп, бағыт бағдар береді және фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшелеріне қатыстылығын сөз етеді [2,157 б.].
Түркі тілдес халықтар тіл білімінде фразеология мәселелерінің зерттелуіне I.Кеңесбаев (1946, 1968, 1977) еңбектері игі әсерін тигізсе, К.Аханов (1962), Р.Сәрсенбаев (1959), Ғ.Мұсабаев (1962), X.Қожахметова (1972), А.Байталиев (1974), фразеологизмдердің теориялық-практикалық мәселелері бойынша алғашқы тұжырым жасаушы-зерттеушілер болды. Зерттеушілердің кейінгі буындары С.Төлекова (1975), Р.Жайсақова (1980), А.Елешова (1989), Г.Смағұлова(1993), С.Сәтенова (1990,1997), т.б. фразеологизмдерді әр қырынан зерттейді. Зерттеулердің бағыты сан алуан. Оны шамамен былай топтастыруға болады:
- Фразеологизмдердің теориялық-практикалық мәселелері;
- Фразеологизмдердің салыстырма-типологиялық мәселелері;
- Фразеологизмдердің жергілікті тіл ерешеліктеріне қатысы;
- Фразеологизмдердің стильдік қызметі;
- Фразеологизмдерді семантикалық тұрғыдан топтастыру;
- Фразеологиятану ғылымында фразеологизмдердің басты белгілері, релеванттық қасиеттері ретінде үш ерекшелігі аталады:
1) мағына тұтастығы;
2) тіркес тұрақтылығы;
3) қолдану тиянақтылығы
Мағына тұтастығы – дегеніміз фразеологизм компоненттерінің бастапқы мағынасынан түгел не жартылай айырылып, тіркестің біртұтас мағына беруін айтамыз. Тіркес тұрақтылығы фразеологизм компоненттерінің өзара орын тәртібінің сақталуын, ал қолдану тиянақтылығы олардың қолдануға даяр тұруынан көрінеді. Осы аталып отырған релеванттық қасиеттер қазақ және ағылшын тілі фразеологизмдеріне де ортақ заңдылықтар. Мысалы, қазақ-ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестер:
Көзінің ағы мен қарасы – the apple of one’s eye;
Kill two birds with one stone - екі қоянды бір таяқпен ұрып өлтіру;
Cat and dog life — ит пен мысықтай өмір,т. б.
Бұл тіркестердің құрамындағы компоненттер бір-бірімен байлаулы, тұтасқан қалпында қолданылады. Олардың орнына басқа бір сөз қолдануға болмайды немесе басқа бір тілдік элементпен олардың бірін өзгерткен жағдайда жалпы мағынаға нұқсан келуі немесе фразеологизм табиғатына тән тәуелсіздік пен үйлесімділік бұзылуы мүмкін.
Жоғарыда аталып отырған тілдерде бейнелілігі және үйлесімділігінен, әуезділігі және терең мағыналылығымен ерекшеленетін сөз оралымдары жиі кездеседі. Олар кезінде еркін тіркес негізінде пайда болып, жылдар бойы өңделіп, халықтың жадында жатталып, бірте-бірте қолдануға даяр тілдік құралға, халықтық мұраға айналған. Фразеологизмдер – халықтың ғасырлар бойы көңілге түйіп, сұрыптап жеткізген, образдар дүниесінің тілдік элементтері. Адам, қоғам, табиғат, өмір немесе тағы да басқа құбылыстарды суреттеуде бейнелі фразеологизмдер сөз зергерлігі үшін таптырмас тілдік құрал болып табылады. Орайын тауып қолданылған фразеологизм ситуативтік, контекстік, стильдік қолданыс тұрғысынан ширатылып, сөздің мән-мазмұнының айқындала түсуіне ықпал етеді [3, 560 б.].
1 Исабеков С.Е. Картина Мира во фразеологических единицах неродственных языков // Актуальные проблемы межкультурной коммуникации и перевода. – Алматы, 2001.
2 Кунин А.В. Английская фразеология. Москва. 1970.
3 Лингвистический энциклопедический словарь. 560-б
Назар аудар:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Байбол
Жақсы жазылыпты
Гүлбану
Рахмет)